ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ
БОЛАШАҒЫ
Ұрпақ тәрбиелеу – қай кезеңде
болмасын қазақ қоғамының бей-жай қарайтын мәселесі емес. Бұл
жағдайда тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірде қандай да ұлт
болмасын өзінен кейінгі өмір жалғастырар ұрпақ үшін ғұмыр кешіп,
саналы, тәрбиелі, сапалы білімді, ел тізгінін ұстар адамзат қалдыру
басты парыз. Осы ретте ықылым заманнан атаның қанымен, ананың
мейірімімен келген ата дәстүрімізге сай ұлттық құндылықтарымызды
насихаттай отырып, ұрпақ тәрбиелеу қазақ қоғамы үшін кезек
күттірмес мәселе. Дегенмен, қазіргі заманауи технологиялар қарыштап
дамыған, өркениетке бет бұрған біздің мемлекетте салт-дәстүріміз,
ұлттық құндылықтарымыз аса қатты насихатталмай, кенже қалып барады.
Мәселенің мәнісі де осы жағдайға келіп
тіреледі.
Қазақ даналығында «Ұлт болам
десең, бесігінді түзе» деген қанатты сөзді тілге тиек ете отырып,
біз бүгінгі күнде ұрпақ тәрбиесіндегі бірнеше өзекті мәселені
қозғап көрсек. Ең алдымен ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда ойға
оралатыны баланы жасынан бастап, бойына қазақи болмыстарды сіңіре
отырып, тәрбиелеу. Себебі, бала болмысынан бастап қазақ елін, жерін
танып, сүйіп, құрметтеп өскен әрбір қазақ баласы ертеңгі күні ат
жалынын тартып мінгенде халықтың қуатты елге айналуы үшін қызметтер
атқарары анық. Екінші кезекте қазақ баласының ата-ана мейіріміне
қанып өсуін қадағалау қажет. Ата-ана мейіріміне қанып өскен бала
қоғамға мейірімді, жүрегі жомарт, қайырымда болып ер жетеді.
Өкінішке орай, қазіргі нарық заманында көптеген отбасында бала
ата-ана мейірімінен, тәрбиесінен шет қалып жататыны ақиқат. Міне,
осы ретте айта кететін жайт, таң қылаң берген азаннан қара кешке
дейін, кеңседе қағазға көмілген ана, немесе, базарда жүріп жалпақ
жұртқа қызмет көрсеткен әке, үйдегі бала тәрбиесіне келгенде
қажырап қалатыны мәлім. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстан бас
алмаған ата-аналар баланың интернет иіріміне түсіп кеткенінен
бейхабар. Айтпақшы, интернет иірімі дегеннен шығады. Экраннан арғы
жағындағы беймәлім әлемге тұла бойымен еніп кеткен баланың ол
жақтан не көріп, нені оқып жатқанынан хабары жоқ көпшіліктің. Тұтас
әлемді алақандай экранға сыйдырған ғаламат дүние, қазір қазақ
баласының қолында емін-еркін қолданыста. Олай дейтініміз, елімізде
соңғы уақытта көп орын алған, бірнеше отбасын қара жамылтқан
«Терорризм» әрекеттерінің көрінісі мен бастауы осындай ғаламторлар
арқылы санамызға сіңіп, жүрек түкпірінен орын алып жатады. Осындай
бақылаусыз бала болғаннан кейін, одан «Дінінен адасқан тероррист»
шықты деп дабыл қағамыз. Біздің қазақ қоғамының ең алға қойған
басты мақсаты мен міндеті ұрпағымыз немен айналысып, кіммен дос
болып, қандай ортамен араласып жүргеніне жастайынан мән бермесек,
ержетіп, ес жиған соң кеш болып қалуы мүмкін... Ұрпақ тәрбиелеудің
үшінші кезегінде, баланы білімге құмарта тәрбиелеу құралы тұр. Бұл
ретте, бала тәрбиелеуде озық нәтижеге қол жеткізген Жапондық үлгіге
көз жүгіртсек. Бізде де баланы 3-4 жасынан бастап-ақ білімге,
оқытуға күш салуымыз қажет. Әлемдік ақпарат көздері көрсеткендей 2
жастан аса ес кірген бала зерек, қабілетті, тез қабылдағыш
болады-мыс. Сонымен қатар, бала 6 сыныпқа дейін тек қана қазақ
тілінде оқып, білім алуы тиіс. Баланы 6 сыныпқа дейін қазақ тілінде
оқытқан жағдайда қазақ тілін терең меңгеруі мен қатар ұлттық
құндылықтарды, салт-дәстүрді қатар оқыту қажет. Міне, осындай түрлі
танымдық, бағдарлы белестерден ғана өткеннен кейін, ұлт болашағы
болар ұрпақ тәрбиесі жолға қойылады деп ойлаймын... Ұлттың игілігі
үшін, халықтың қуатты дамуы жолында жұмыс жасайтын, ұлтжанды ұрпақ
қалыптасса құба құп болары сөзсіз...
Азиз
Дүкенбайұлы,
Қармақшы
аграрлы-техникалық
колледжінің өндірістік оқу
шебері,
техника ғылымдарының
магистрі