Университет қабырғасындағы
отбасы мәселелері
туралы
зерттеулер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті –
Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны, білім, ғылым және инновация
салаларындағы ірі ғылыми орталықтардың бірі. Университет ел
тарихында ғана емес, Орталық Азия өңірінде де ғылыми және
академиялық көшбасшы ретінде ерекше орын алады. Бүгінгі таңда ҚазҰУ
халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны мәртебесіне ие болып,
әлемнің үздік университеттерінің қатарына кіреді. Университет
әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен, халықаралық ғылыми-зерттеу
орталықтарымен, ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. ҚазҰУ
қызметі тек білім беруге ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және
ғылыми прогреске, қоғамның дамуындағы өзекті мәселелерді шешуге
бағытталған.
ҚазҰУ-дың психология факультеті психология
саласындағы терең зерттеулер мен ғылыми ізденістерді қолдай отырып,
еліміздегі отбасылық психологияның дамуына үлкен үлес қосуда. Мұнда
оқытушылар, ғалымдар мен студенттер адам психикасының құпияларын
зерттеуге, адамзат үшін маңызды сұрақтарға жауап іздеуге ұмтылады.
Факультетте жүргізілетін ғылыми зерттеулер қоғамның әлеуметтік
мәселелерін шешуге, психологиялық әл-ауқатты арттыруға және
отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Психология
факультетінің негізгі зерттеу бағыттарының бірі – бауыр басу
стильдерінің ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастарға әсерін
зерттеу.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
психология саласындағы зерттеулері заманауи ғылымның алдыңғы
қатарында. Ғалымдар бауыр басу стильдерінің жұбайлар арасындағы
қарым-қатынас сапасына қалай әсер ететінін терең зерттеп келеді.
Джон Боулби ұсынған бауыр басу теориясы бойынша, адамның алғашқы
қарым-қатынастары (әдетте ата-анасымен немесе жақын қамқоршысымен)
оның болашақта жақын қарым-қатынастардағы мінез-құлқына айтарлықтай
әсер етеді. Бұл теорияға сәйкес, әр адамда бауыр басу стилінің
белгілі бір түрі қалыптасады: сенімді, мазасыз, қашқақтайтын немесе
дезорганизацияланған.
Ғалымдар осы теорияны қазақ қоғамына бейімдей
отырып, әрбір бауыр басу стилінің ерлі-зайыптылар арасындағы өзара
әрекетке қалай әсер ететінін зерттеуде. Мәселен, сенімді бауыр басу
стиліне ие адамдардың қарым-қатынасы ашықтық пен қолдауға
негізделеді, олар өз сезімдерін еркін білдіріп, қиындықтарды бірге
еңсеруге тырысады. Мұндай қатынастар көбіне тұрақты және үйлесімді
болады. Ал мазасыз бауыр басу стиліне ие адамдар тұрақты растауды
қажет етеді, бұл олардың серіктестеріне қиындық туғызуы мүмкін.
Қашқақтайтын бауыр басу стиліне ие адамдар жақындыққа барудан
қашып, эмоционалдық байланыс орнатуда қиындықтар сезінуі
мүмкін.
Ғалымдар сенімді бауыр басу стилі
ерлі-зайыптылардың эмоционалдық жақындығын нығайтып, неке
қанағаттанушылығын арттыратынын анықтады. Керісінше, мазасыз және
қашқақтайтын бауыр басу стильдері қақтығыстарға, сенімсіздікке және
серіктестер арасында түсініспеушіліктерге әкелуі мүмкін. ҚазҰУ-дың
психология факультеті осындай ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы
қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға бағытталған практикалық
ұсыныстар әзірлеуде. Бұл тақырып жөнінде жалпы және қолданбалы
психология кафедрасынын профессоры, психология ғылымдарының
кандидаты Кабакова М. П. үлкен еңбектер атқаруда. Мұндай зерттеулер
отбасылық кеңес беру бағдарламаларын дамытуға, жұбайлар арасындағы
қарым-қатынасты жақсартуға және ерлі-зайыптылардың психологиялық
әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Бауыр басу стильдері біздің некедегі күтуіміз
бен мінез-құлқымызға едәуір әсер етеді. Ол біз қолдауды және
сенімділікті қалай қабылдайтынымызды, қақтығыстарды қалай
шешетінімізді және ымыраға келуге қаншалықты дайын екенімізді
анықтайды. Мысалы, сенімді бауыр басу стиліндегі серіктес ашық және
қолдаушы қарым-қатынастарға ұмтылады, эмпатия мен қамқорлықты
көрсетеді. Ал мазасыз бауыр басу стиліндегі серіктес үнемі өз
сезімдерінің расталуын іздеуі мүмкін, бұл екінші серіктес жиі
сүйіспеншілік пен жақындықты көрсетуге дайын болмаса, шиеленіске
әкелуі ықтимал.
Қашқақтайтын бауыр басу стилі сенімді
қарым-қатынас орнатуды қиындатуы мүмкін, өйткені мұндай стильдегі
адам терең талқылаулар мен проблемаларды бірлесіп шешуден
қашқақтайды. Серіктесі өзін қажетсіз сезінуі мүмкін, бұл
қарым-қатынаста шиеленіс туғызуы мүмкін. Дегенмен, бұл стильді
түсініп, онымен жұмыс жасау ерлі-зайыптыларға екеуі де өздерін
жайлы сезінетін үйлесімділікке жетуге көмектеседі.
Тленчиева Н.С.
Психология ғылымдарының кандидаты
Кенеспаева Д.
Психология
мамандығының студенті
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті