400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ықылас Ожайұлы өлеңдерінің көркемдік қуаты

Материал туралы қысқаша түсінік
оқушылар мен студенттерге Ы. Ожайұлының өмірдерегі мен шығармашылығы туралы мәлімет береді
Материалдың қысқаша нұсқасы

Ықылас Ожайұлы өлеңдерінің көркемдік қуаты


Ықылас Ожайұлы – ақын, сазгер, оқытушы, әнші, бірнеше дүркін лауреат, Алаштанушы, Абайтанушы. Ол 1981 жылы Моңғол Халық Республикасының Баян - Өлгей аймағында дүниеге келді. 1993 жылы тарихи Отанына қоныс аударып, 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының «Көгедай» орта мектебін, 1999-2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітірді. Республикалық «Жас Алаш», «Нұр Астана» газеттерінде тілші, республикалық «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған.

Ақынның 200-ге тарта танымдық, діни, ғылыми-сараптамалық мақалалар мен психологиялық этюдтары бар. 2008 жылы «Адырна» жыр жинағы Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. 2010 жылы «Абай» журналына арналған «Алаш көсемсөзі» сегізінші томының, 2018 жылы «Қалам ұшына тұнған сыр» кітаптарының авторы атанды.

2004 жылы өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «поэзия», 2016 жылы «журналистика номинациясы» бойынша лауреаты атанды. Жас та болса көптеген дәстүрлі ән байқауларының жеңімпазы Ықылас Ожайұлы 2018 жылғы І Халықаралық «Рух» әдеби байқауының Гран -при иегері атанды.

Ол бүгінгі күні Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Спортты дамыту дирекциясының кеңесшісі болып қызмет атқарады.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей Ықылас Ожайұлының тырнақалды туындылары мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап-ақ жарыққа шыға бастады. Ұйқас құрылған алғашқы өлеңдері көпті көрген, Н. Крупская атындағы төсбелгі иегері Бибікен Смағұлқызының назарына бірден түседі. Ұстаз тәлімі, бойдағы талант, мақсатпен оқушы ақын суырыпсалма ақындар сайысына да қатысады. Көгедайлық ардагер ақын Базаров Сіләмғали атаның «Сауыр-Сайқан саясында» жинағының бастауы «Кім десем?» деген оқушы Ықыластың өлеңімен басталуы мектеп қабырғасындағы бала ақын үшін зор мәртебе еді.

Ақын шығармашылығы сан қырлы. Ықылас әншінің қоңыр, жұмсақ даусын, елімізге танымал әншілер орындап жүрген патриоттық әндердің авторы екенін біреу білсе, біреу білмес. Аллажар Қайбар орындап жүрген әні Рүстем Бейсенұлы жазған «Мен қазақпын», Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Аманат» әндерінің авторы деп мақтана айта аламыз. Ал таным мен талғам таразысынан өткен, үлкен-үлкен зертеу жұмыстарына жүк болатын мақалалар, психологиялық этюдтер және поэзиясы бір төбе.



Ықылас Ожайұлы өлеңдерінің көркемдік қуаты

Қаламы қарымды, ойы ұшқыр ақын шығармашылығы қазір республика көлемінде танылып келеді. Оның туындыларын бір деммен түсініп оқып кету өте қиын. Ол өзге ақындардай нәзік сезімге бой алдырмайды, қиял әлемінің заңдылығына бағынбайды. Ақын өлеңдерінің кейіпкерлері өзіне ынтық қылған сұлу қыз емес, тамырын идірген, түнімен бесік тербетіп әлди айтқан ана жоқ, мұнда туған жерге деген сағыныш пен тебіреніс те көрінбейді, ит жүгіртіп, құс атқан, жүйрік жарыстырған қазақ бейнесі де жоқ.

Ақын сөз өрнегін ерекше талғампаздықпен қолданады.

Метонимия –бір- бірімен өзара, іштен байланысты екі құбылыстың, бұйымның, нәрсенің атын бірінің орнына бірін ауыстырып қойып жұмсайтын троп түрі болса, оның қазақ әдебиетінде сан түрін асқан шеберлікпен пайдаланып қазақ поэзиясын өркендеткен Абай Құнанбаев еді. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деп сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатымен «күшік» деп іс- әрекеті жауыздыққа ұласқан жалмауыз, қанішер, қатігез жанды бейнелейді. Ал Ықылас өлеңінде кездесетін метонимиялар: ақсөңке сүйектер сөйлейді, не ұқтық аруақтар зарынан? Асандар қасіретіңді қайдан ұқсын, Үсен болып тағдырды кешпегесін?

Метафора - троптың ерекше түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы болса, мұндай символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар тіркестерді Мағжан Жұмабаев тапқырлықпен қолданған:

«Ақын -жел, есер, гулер жүйрік желдей,

Ақын- от лаулап жанар аспанға өрлей»,- деп ақынды желмен, отпен жай салыстырып қоя салмай, оған балайды.

Көркемдік қуаты мықты Ықылас өлеңдері де метафоралық сөз қолданыстарына өте бай. Ақынның ой- өрісін, дүниетанымын, ақындық шабытын, шеберлігін, көркемдік қуатын көрсететін сөз қолданыстары ерекше шеберлікпен өріледі. Ер Махамбетше жырлап өр рухын жоғалтпаған ақын өзін ақиқат, аспаннан түскен қаламға, қағазға тұнған сырға, Құдайдың самалына, Құранның сиясына, Тұранның топырағына баласа, енді бірде қазақтың ҚАРАКӨГІНЕ балайды:

Мен, мен едім, мен едім,

Мен дегенім кім еді...

Жаным бір жарық нұр еді,

Жаратқан әмір еткесін

Жарқ етіп ол да бір күні

Жатырға келіп түнеді.

Мен ақын деген ақиқат,

Аспаннан түскен қаламмын,

Қағазға тұнған сырымын

Он сегіз мың ғаламның.

Самалымын Құдайдың

Сиясымын Құранның,

Тамшыдан тәнім дүреген,

Топырағымын Тұранның.

... «Көл шайқаған жалғыздың»...

Көзге бір басар сынығы,

Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН!

Заттың, құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөздер- эпитеттер әр ақынның өзіндік қолтаңбасын көрсетеді. Ақсөңке сүйек, киік күн, қобыз тіл, қария ғасыр, үр жалған, уыз ұйқы, төсекжады ұл, қабылан бабалар, шүңет теңіз, көк теңге сияқты сәтті шыққан эпитеттермен қатар түз жүрек, тау мінез түркі, арқар күйіс қоңыр дала, қыз емшек тау тұлғалы өлең, марал маңдай тағдыр, жалбыз иісті жаңбыр, киік қол қария, бұғы мүйіз қара түн, ай төбел дидар, үкі түн үрпісі, күміс жиек кірпік, көк қасқа бұлт, ай маңдай ұл деп күрделі эпитеттер жасау арқылы қазақы қоңыр күйді, сайын даламызды қаймағы бұзылмаған ежелгі қалпында көз алдымызға елестете қояды.

Теңеу де автордың тіл байлығын, шұрайлылығын, тапқырлығын көрсетеді:

...құлжадай қыздары

Тобықтан төгілген шаштарын

Семсердің жүзімен тараған...

немесе Алтайдың шыңындай рух, тұлпардың тостақтай көзі, кәуірдің мөңіреген көсіктей жебесі, есіктей кеуде деген де теңеулерден көне түркінің рухы, қазақтың болмысы анық көрінеді, сезіледі.

Ықылас қарама қарсы – қою - контраст әдісінде де біршама жетістікке жеткен:

Бір тамшыдан пайда болсам басында,

Қайда барам, қайдан келдім расында.

Келген жерім аяғымның үстінде,

Кетер тұсым табанымның астында, -

деп пенденің бес күндік жалғанның уақытша ғана қонағы екенін де ұмытпайды. Дүиеге келу мен өмірден өту, өмір сүру мен о дүниелік болу құбылыстарын қарама қарсы қойып көрсетеді.

Ақын дауыссыз дыбыстарды қайталап аллитерацияны қолдану арқылы тілді ажарлап, оқырманына соны ой ұсынады:

Тарихым мың үзік,

Тағдырым мың батпан,

Тағдырға не дейін

Тарихым жылатқан.

Шыңғырған шындығым

Шығады қай жақтан?

Шырылдап шыққан жан,

Шашырап аққан қан.

Біріңғай дауысты дыбыстарды қайталау арқылы жазылған сәтті ассонанс та ақын тілінің шұрайлылығын, байлығын көрсетіп тұр:

Арту -арту белдердің

Аттап өтіп үстінен,

Ай нұрына ат жуған,

Алты құлаш жетпеген.

Ақ қағазға көктеткен,

Абыройың үшін мен,

Атақ, даңқпен ауырған,

Адамдарды түсінем.

Ақын шығармашылығына жыраулық поэзия үлгілерінің үлкен әсерін байқауға болады. Жырауларша төгілдіріп, қиыннан қиыстырып, төкпе жырға ерік береді, айтар ойды екілене, екпіндете жеткізеді:

Аққуда құстың қанымын,

Кертолғау жырдың зарымын.

Қара өлеңіме қададым,

Қарашығымның мамығын.

Аспани қанат қиялдан,

Тәңірісі жебеп сый алған.

Құс мүсін өлең дүр еткен,

Көмейіңдегі ұядан,

Мен ақын деген шерлі едім....

Оқырман ойын санға бөліп, санасына едәуір салмақ түсіретін, әр тармағы жымдасып, қиюласып кететін төкпе жырлар кейіпкерлері де өзгеше. Аузынан Алласы түспейтін ақын образдары: Абай, Алаш, Ахмет, Азаттық, Жалпақ ғалам, Рух, Көк Байрақ, Ар, Ұят пен Ұждан, Жүрек, Қара Өлең, Жалбыз бен Жусан, Көбелек пен Гүл, Өмір мен Өлім, Ойсыздық, Түрме, Өлі Сана, Мүгедек ми, Өтірік пен Өңеш.

Ақын әлемі тым өзгеше. Ақынның өлең өрнегі де өзгеше. Түйдек- түйдегімен төгіліп жатқан тылсым шумақтардың тақырыптары да өзгеше. Жас қаламгердің қаламынан төгілген жыр шумақтары талай жанның рухани азығына айналары сөзсіз.


Кабиолдина Гүлім Ерланбекқызы

«Көгедай орта мектебі» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Шайсолтанова Камила

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ филология факультетінің ІІ курс студенті



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
24 желтоқсан
589
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі