жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ЗАР ЗАМАН АҒЫМЫ – ШОРТАНБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА
ЗАР ЗАМАН АҒЫМЫ – ШОРТАНБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА
Уалиева Асемгуль Мухамедигалиевна
«Балқаш қаласы С.Сейфуллин атындағы
№7 мектеп-гимназиясы» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Иә, біз кешегі Қаз дауысты Қазыбек жырлаған «мал баққан елдің, ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің», байтақ даламызды білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ұлан-ғайыр жерімізді көзінің қарашығындай сақтап қалған кешегі Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайдың, үш жүздің басын қосқан хан Абылай мен сөзі де, өзі де қынабынан суырылған қылыштай өткір, елінің мұңы мен зарын жырлап өткен Шортанбайдай ақынның ұрпағымыз. Осындай ұлтының ұлылығын ұлықтаған осынау бабалар салған сара жолдан таймай, дарқан даланың дарынды ұл-қыздары, ата-бабамыздың қайталанбас өнегесін, бойындағы асыл қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа үлгі ретінде дарытып келе жатқан рухани жаңғыру жолындағы өр халықтың ұрпағымыз. «Өткеніңді білмей, болашақты болжау қиын» екенін ескерсек, кешегі ата-бабаларымыз жүріп өткен сүрлеуді көз алдымызға елестетіп көрейік.
Мына заман қай заман?
Азулыға бар заман.
Азусызға тар заман,
Мұның өзі – зар заман...
деп өз заманының зарын Асанша толғап, қазақ жеріндегі замана көшінің бағыт-бағдарын бағамдай біліп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды көксеген Шортанбай ақынның шығармашылық жолы күрделі сүрлеулерден өткенін біреу білсе, біреу білмес. Себебі оның бізге жеткен әр сөздері басына ауыртпалық пен қиын-қыстау күндер түскен халықтың ащы зары мен арман-мұратынан нәр алған еді.Яғни ел басына түскен небір аласапырандарда өзінің жалынды жырларымен қалың қазақтың жігерін жанып, намысын оятып, бірлік пен татулықты ту етіп, елге төнген қауіптің бетін қайтаруға халқын үндеп отырды. Сондай-ақ елдің іргесіне тиетін жауды да алдын ала болжап, бағамдап, елден бұрын аңғарып отырған екен. Осы жерде тарихқа жүгінетін болсақ, ХҮІІІ ғасырдан бастап Ресей патшалығы қазақ жерінде отаршыл, озбыр саясатын жүргізе бастаған кез болатын. Атап айтсақ, халықты қисыны жоқ салықтармен, ретсіз алымдармен қанап, берекесін қашырған сәтте тарих сахнасына Шортандай сынды «зар заман ақындары » шықты. Ол өзінің бүкіл снслы ғұмырын туған халқының отаршылдық езгісіндегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағының мән-жайын жырлауға арнады және өзі куә болып отырған заманның кеселдерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге атсалысты. Сол арқылы «қамсыз жүріп қамалған» ел-жұрттың сана-сезімін оятпақ болды және ұлттық рухтан ажырап қалмауы үшін отты жырларын алға тартып отырды. Сол арқылы халықты ел басына төніп келе жатқан қасіреттен сақтандырып отырды. Осы заманның келбетін «зар заман» деп атап, айдар тақты. Өйткені бұл заман – паиша өкіметі отаршылдығының әбден күшіне кіріп, қазақ өлкесін емін-еркін билей бастаған уақыт болатын. Ел билеу ісіне де өзгерістер енгізіліп, хандық билік жойылып, аға сұлтандық, болыстық жүйелер пайда бола бастады. Олардың басына қол бастаған көсем емес, сөз бастаған шешен емес, патша өкіметіне жағынуды ғана көздеген кілең жағымпаздар келді. Олар елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жоқ, олар тек өз құлқы үшін ғана қызмет етті. Тіпті даланың байлығын пайдалану мақсатымен сауда-саттық күшейіп, қазақ елі тұтастай патша өкіметінің қол астына ене бастады. Сауда, ақша дегенді көрмеген қазақ енді есепке құрылған өмірді кездестірді. Осының салдарынан байлар байып, кедейлер кедейленіп, қазақтың ескі өмір салтын ыдырата бастады.Заман ағымының беталысынан ел-жұртын сақтандырып отырды.
Мынау ақыр заманда,
Алуан-алуан жан шықты, - деп қайырымсыз қоғамда қазақтың қанында жоқ жат қылықтардың етек жайып келе жатқандығын ашына жырлады. Тіпті оның ақыры қазақ халқы үшін «ақырзаманға» ұласады деген ойды меңзеп, одан құтылудың жолын іздей бастайды. Осылайша халықты аздырып, тоздырып, тұқыртып тастағанын ашына жырлай отырып,
Əуелгі қорлар зор болды,
Сондағы зорлар қор болды.
Əуелгі барлар жоқ болды,
Сондағыжоқтартоқболды.
Жан білмейтінжамандар,
Жөнбілмейтіннадандар
Ел билеген бек болды,- деп
рухани келбетінен айырыла бастаған қазақ халқының XIX ғасырдағы шынайы қалпын Шортанбай осылайша жырлады.
Сонымен қатар Шортанбай қазақ халқы тəуелсіздігінен айырылғанын, билік патша үкіметінің қолында қалғанын, патшаның əкімдері халықты талаушы екендігін жырлай отырып, ақыр заман төнгендей тітіркеніп, ащы сөзді былайша аямай төгеді.:
Заман қайтіп оңалсын,
Адам қайтіп қуансын —
Жандарал болды ұлығың,
Майыр болды құлығың!..
Кəпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің дүріңдей.
Абақты тұр қасыңда
Қазылған қара көріңдей!
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей.
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріндей.
Заманның түрі бұзылды
Текеметтің түріндей.
Осындай кеселді қырсыққа қарсы тұрарлық ешбір шара табылмаған соң, ақын амалсыздан бір Құдайға бас иіп, содан пана іздеуді жөн санайды.
Арқадан дəурен өткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Тіпті амал жоқ қазулы
Түспеске енді торына...
Кім мұсылман, кім кəпір —
Бір Аллаға аян-ды,- деп діннен айрылмауға, ар-ұжданды жоғары ұстауға, ата салтты ардақтап, ұлттық дəстүрді ұмытпауға үндеген. Ақын өз заманының зарын айтып, тығырықтан шығар жол іздеп қана қоймай, «Келер заман сипатын» да көрегендікпен болжай білген.
Міне, осылайша Шортанбай ақын сол дәуірде болып жатқан келелі мəселелерге ерекше көңіл бөліп, оларға өз шығармаларынан мол орын берді; заманасының көлеңке жақтарын көре де, тани да біліп, қатты сынға алды. Сондай-ақ өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дəл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды. Өзінің болмыс-бітіміндегі көрегендік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген əулиелік қасиетімен ерекшеленді. Өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген, мазмұн мен маңызды ұштастыра білген шебер ақын болды.Шындығына келсек, Шортанбай Қанайұлының ұлылығы — оның өлеңдерінің заманнан заманға ұласып жатуында болып табылады. Жыраудың сонау XIX ғасырда жазғандары бүгінгі жəне келер уақытқа дөп келеді. Осы өлеңдері арқылы ақын болашақты сақтандырып отырады. Шортанбайдың азаматтық, ақындық ғұмыры ел, қоғам тарихындағы отаршылдық әбден өршіп, орныққан қилы кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ол өзі көріп куә болған, көңілі түңілген шындықты – жаңа қоғамдық қарым-қатынастарды «заманның азғаны» деп жаны күзеле, зарлана жырлады және соны шеней суреттеді. Қазақ қоғамына еніп бара жатқан түрлі ұнамсыз әлеуметтік өзгерістер мен құбылыстарды халықтың елдігінен, діннен, имандылықтан айырылып, ұлттың азып-тозуының себепшісі зар заман сиқы деп түсінді. Ол осы тығырықтан шығатын жолды таба алмай зарланды, келешектің не боларын айта алмай күйінді, торықты. Оны «Зар заман» толғаулары арқылы жеткізді. Қазақ еліне еріксіз таңған осындай жат өзгерістерді бар жанымен сезініп, олардан өздері ғана жиреніп қалған жоқ, халықты да жирендіре білді. Ақын өзі өмір сүрген осынау заманды өткен күнмен салыстыра отырып, қайыры жоқ байлардан да, ақша деген малдан да түңіліп, өлеңдеріне өрнек етеді.Сонымен қатар, ата-анасын сыйламау, құрметтемеу сияқты дәстүрімізге жат қылықтарды да баса жырлады. Тіпті елде етек ұрлық пен парақорлықтың да көбеюінің себебін ақын патша өкіметінің отарлау саясатынан іздедіАқынның осындай жанайқайы отаршыл Ресей патшасының саясатына қарсы үні болды. Тіпті халықтың мұң мен зарын, тарта бастаған азабын, көріп отырған теперішін, алдағы күнін ойлаған ақын өз дәуірінде ұлт қайраткері дәрежесінде танылды. Өз заманының тамыр соғысын елден бұрын сезетін, өмір ағысының беталысын алдын ала біліп отыратын көріпкелдей сұңғыла ақынбылайша күрсіне тіл қатты:
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды.
Көтере алмай билігін,
Ұласқан жаман кек болды.
Осылайша ұлтқа қауіп-қатер жақындай түскенін естірте отырып, елді ата-баба дәстүрін қаймағы бұзылмаған күйінде сақтауға, ұлттық болмыстан ажырап қалмауға әрқашан да үндеп отырды. Бір сөзбен айтқанда, Шортанбайды заманның тамыр соғысын дөп басып танитын, мезгіл мұғдарын алдын-ала болжап, күн ілгері көре білетін өз заманының да, одан бергі заманның жаршысы болған кемеңгер де көреген ақын деп бағалауға болады.
Бойындағы адами қадір-қасиетінің молдығына, дарынды білім иесі болуына, елі мен жерін қастерлей білуіне байланысты Шортанбай ақынды ел бүгінге дейін әулие деп есептейді.
Отаршылдықтан азап шеккен,
әкімшіліктің әділетсіздігінен торыққан, екіжақты қанау астында
таланған, зорлық көрген халық трагедиясын ол көзімен көрген ақын
солардың сөзін сөйледі, арман-мұңын жырлады. Сондықтан Шортанбай
өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады, оны заманның зары есебінде
ұқты. Олардың, қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келе жатқаны да
сондықтан. Бұл Шортанбай шығармаларының халықтығын танытады. Халық
ежелден-ақ жақсы тұрмысты, әділетті өмірді аңсаған. Шортанбай оған
жетудің жолын білмегенмен, бұлай өмір сүруге болмайтынын жақсы
көрсете білген ақын.
Міне, осылайша халқының басына
түскен ауыртпалықтарды көкірегі қарсы айырылғанша жырлаған ақынның
есімі халқымен бірге мәңгі жасап келеді. Менің ойымша, сол заманда
еліне отты жырларымен қорған болған осындай Шортанбай сынды ақындар
болмағанда қазақ халқы әлдеқашан құрдымға кетер ме еді, кім білсін?
«Қарағай басын шортан салған» заманда ақын адамгершілікті те жоғары
қойып, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға және оны бұзбауға әрекет
жасады. Қазақ даласына енген жаңалықтарды өз көзімен көре отырып,
қазақ халқының мақсат-мүддесін қорғай білді және ел іргесінің
сөгілмей, татулығын көздеген көкірегі шерге толы ақынның жанайқайы
бүгінгі ұрпаққа қашан да сабақ болары
сөзсіз.
Қорыта айтқанда, ел басына күн туған заманда «етігімен су кешкен» осындай жау жүрек батыр тұлғалы ақындарымыздың есімі тарих бетінен ешқашан да өшпейді. Ақынның «зар заманын» оқи отырып, бүгінгі «бар заманның» балалары өткеннен үлгі алатыны белгілі. Өйткені бүгінгі тәуелсіздік – кешегі Шортанбайлардың жанайқайының көрінісі деп білемін.
Дер кезінде дабыл қағып, қоғамдағы өзгерістерге уытты жырларымен тойтарыс беріп отырды. Ал біз, жасынның жарқылындай жалындаған жігерлі ұрпақ ғасыр өтсе де, өз мәнін жоймаған осы бір отты сөздерді жанымызға жалау етіп, кемел келешекке нық қадам басып келеміз. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған ағымы, кезең тынысы болады десек, мен үшін ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған бақыт деп ойлаймын. Шортанбай сынды елінің ертеңгі атар таңы үшін ақтық демі қалғанша күресіп, тәуелсіздік тұтқасын бізге берік аманат етіп, жарқын болашақтың есігін айқара ашып берді.Ұлтын тереңнен сүйген ақынның болашаққа арнаған осындай жалынды жырлары тек өз заманы үшін ғана емес, жаңа ғасырдың , мына біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақ үшін де өз мәнін жоймаған өршіл рухты өлең болып қала бермек.
3

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген