жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
9 мамыр - Жеңіс күні.


Ілияс Есенберлин
Алтын аттар оянады
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
Біреу қызыл шұнақ үскірік қысты не сағыныштай сарғайған алтын күзді,
болмаса шат көңілдей жазды жақсы көреді. Ал кей кісі төрт мезгілдің басы,
тоқсан тілектің тоғысқан шағы хош иісті көктемді сүйеді.
Бұл бір қуаныш нұрына бөленген ғашық жүздер, махаббат көздер молая
түскен шақ. Əлем біткен қырмызыдай сəнді келеді. Дымқыл тартқан жер
бетінде көк балауса, бетеге, киік, марал, қаз оттары ду ете көтерілген.
Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, əйбатмия, сасыр, шетендердің
өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. Қыс
бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен
қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы
суреттердей жадырай қалған. Бастарына əнші құстар қонып, құлпырған
көктемді құттықтап, жаныңды жай тапқызатын шаттық үндеріне бөлеген.
Өткен күзде ұшып кеткен жыл құстары, қайта оралып, қиқу салып жер мен
көкті базар еткен. Күміс көлдер, көгілдір өзендер үстінде жыпырлай жүзген
аққу, қаз, үйрек. Олардың у - шуына, қоңырлата сыңси салған əндерінен
құлақ тұнады. Жанаргүл, қозыгүл, лала, меруерт гүлдер қауызын ашып
үлгірмесе де қызғалдақ, сарғалдақтар үкілі бастары сылаңдап көздің жауын
алады. Сай - салада, сылқ -сылқ күліп былдырлай аққан қар суы, мұз
бұлақтар. Дүние анасынан жаңа туғандай жасарған. Осы бір керемет сəнге
бөленген əлем, өзінің ғажайып əн - күйімен сенің жаныңды, қиялыңды
қуанышымен əлдилеп, құлашыңды көзің жетпес көкжиегіне серметеді.
Көзінде күн сəулесі тұтанып, билегің, əн шырқағың келеді. Өзіңді - өзің
бұл жалғандағы ең бақытты, ең қуанышты жан сезінесің! Кім мұндай
көктемді сүймес! Кім жақсы көрмес! Əсіресе Алматының көктемін
айтсаңдаршы! Қандай сұлу! Қандай көрікті!
Көк аспанмен құшақтаса біткен ақ сəлделі Алатаудың қарлы құздарының
аппақ сүйір бастарына мамық бұлттар қонған. Күншуақ баурайларына қою
тұман ұйысқан. Балағынан сонау түкті кеуде тұсына дейін, қыңыр жоталы,
ожар шыңды, шоқай шоқылы, күдір жартасты жақпар - жақпар тау
өңірлерін жасыл қарағай мен шырша тұтаса жапқан. Қошқыл
қойнауларында жас баланың көз жасындай мөлдір, қаңтар мұзындай суық,
гүрілдей бұрқасынған - бұрсанған тау өзендері. Осы ғажайып суреттердің
үстінен жоғары шырқаған қарлы биіктердің ұшар бастары көк аспанның
кеудесіне қадалған алып күміс найзалар тəрізді. Қарап тұрсаң көктемдегі

тау əлпеті теңеуі жоқ ғаламат бір сұлу көрініс! Сұсты жəне сəнді! Қиялың
тəрізді алыс, бүгінгідей жақын! Енді Алатаудың етегіне көз жіберсең,
Əбілхан Қастеевтің мың бояулы суреттерін көргендей таң қаласың! Екі
жағында бірдей зəулім биік үйлер тізілген, қыз бұрымындай дүп - дүзу боп
созылып жатқан ұзын көшелердің өн бойын жасыл шинель киген
жауынгерлердей, аспанменен тілдескен биік ағаштар күзеткен. Қала
ортасының кей жерлері мен шеттерінде қызғылт, сарғылт, аппақ гүлді, сан
түрлі түске бөленген алма, өрік, алмұрт бақтары. Көктөбеге шығып төмен
қарасаң, қала жатқан тау етегі, көгілдір торғын - түтінге оранған, қызылды,
жасылды гүлдермен əшекейленген бір алып сұлу кілем дерсің!
Міне, осы кілемнің бір бұрышында, шаһардың күнгей шетінде
көктемнің қуанышына бөленгендей, жасыл бақтың ортасында, биіктеу етіп
салынған, қорғасын түстес көгілдір қаңылтыр шатырлы, қызыл кірпіштен
қаланған бір əдемі үй тұр. Үйді қоршаған бау -бақшаның алдыңғы жағында
Медеуге қарай созылған ұзын асфальтты жол. Жолдың ар жағы тағы қала...
Бұл — қалың ағаш ішіндегі жалғыз үй — археология маманы, əйгілі
инженер Күнтуар Құдайбергеновтің үйі. Қазір күнгей жақ терезесі ашық.
Археологтың өзі төр жақтағы үлкен стол жанында бірдемені қарап отыр.
Бүгін сеңсең жапырақтары кешкі салқын желмен сыбдырлай ойнаған
осы бау - бақша да, ортасындағы əсем үй де, уылжыған тамаша тыныштық
та маужырай қалған. Ал осындай бүкіл əлем қуанышқа кенелген көктемде
біреудің көз жасы төгілер қайғы - қасірет болуы мүмкін бе? Мүмкін емес
сияқты. Бірақ өмір мың қырлы, əрқашанда — жұмбақты сырға толы, қай
жерден, қай бұрыштан кімді қуаныш, не өкініш күтіп тұрғаны беймəлім.
Бұл үйдің адамдарын да не күтіп тұрғаны белгісіз.
Күнтуар көне құмыраны тағы өзіне таяды. Жанында жатқан үлкейткіш
дөңгелек шыныны алып оған үңіле қарады. Құмыраның алқым тұсындағы
қашап салған суретке тоқтап, бұл заттың көне сақтар дүниесі екеніне шəк
келтірмеді. Археологтар «тағы аңдар стилі» деп атаған олардың
көркемөнер мұрасына жататыны бірден көрініп тұр. Барысқа ұқсаған
қанды тырнақты адуынды аң дала маралын алқымынан қысып жатыр...
Əрине, бұл сақтар мұрасы. Бірақ қай тайпасы, қай кезінікі? Жақсы көретін
оқушысының бірі, жас археолог бұны Есіл өзені басталатын Теңіз көлінің
тұсынан тауып əкелген. Археологтар экспедициясы осы сапарында басқа да
адамды ойға қалдыратын бірталай ескі дүние қалдықтарын тауып қайтқан.
Күнтуарды əсіресе бүтіндей табылған құмыра қызықтырған. Əрине,
кезіккен тұсына қарағанда, бұл осы күнгі қазақ жерінде сонау Геродот
заманынан да бұрын, Қара теңіз скифтерінен де ілгері кезде өмір сүрген
сақтардың бір бөлегі аргиппей тайпасына жатады. Оған дау жоқ, өйткені
көне заманда (тағы сол Геродот айтуы бойынша) Хазар
11
теңізінің солтүстік
алқабын саврамат қауымы жайлаған. Ал онымен шектесе, Атрау
22
теңізінің
күншығыс - оңтүстік жағасын, Жейхундария
33
өзенінің қойнауларын алып
массагет тайпасы жатқан. Содан кейін Сейхундария
44
орта шенінен бастап,

шығысындағы Памир мен Тянь-Шань тауларына, солтүстігіндегі Көкше
теңіздің
55
теріскей жағасына дейінгі ұшы - қиыры жоқ алып даланы қалың
сақ елдері қоныс еткен. Массагет, аргиппей, саврамат, бəрі де сақ халқына
жатқанмен де, тілдерінде, əдет -ғұрыптарында, шаруашылықтарында
айырмашылықтары да бар тəрізді. Демек, көркемөнері, салт - ғұрпы,
тұрмысы, жалпы тілдерінің негізі бəріне ортақ екені даусыз. Ал, бұл көне
замандағы қазақ жерінде өмір сүрген; археологтар Сырдария жəне Жетісу
сақтары деп атаған осы бір жауынгер елдің негізгі кəсібі мал бағып, аң
аулау болған. Əйгілі археолог Күнтуардың бар өмірін сарп еткен іздену
дүниесі, міне, осы көне халық əлемі еді. Бүгінде сол ұшан - теңіз зерттеу
жұмысының бір сұрағына жауап іздеп, біздің дəуірімізден мың жыл бұрын
өткен ежелгі жұрттың тастап кеткен мұрасы, осынау көне құмыраға əлсін -
əлсін үңіле түседі.
Бірақ Күнтуар дəл қазір əдеттегідей ғалымдарға тəн, алдындағы заттың
жұмбақты сырын ашсам деген ақыл - ойын мүлдем билеп əкететін
серпіннен аулақ. Көзі суретте болғанмен, көңілі əлдеқайда... Енді ол бір сəт
өзінің босқа отырғанын түсінгендей, қатты күрсінді де, үлкейткіш шыныны
стол үстіне тастай сап, түрегеліп кетті. Кең кабинетті ерсілі - қарсылы кезіп
жүре бастады. Алпысқа таяса да бурыл шашы əлі қоп - қою, ұйыға иығына
түсіп тұр. Орта бойлы, төртбақ денесі мып - мығым, жүрісі де қажырлы.
Тек үлкен ойлы қоңыр көздері ғана əбден шаршағанын көрсетеді. Жоқ,
оның бүгінгі түрі бір сұмдықтан жан дүниесі шошынған, пəк сезімі қара
албасты əлденеден түршіккен, үріккен адам екенін аңғартады.
Бүкіл ел - жұртына əйгілі, жан - жағындағы адамдарға үнемі кішіпейіл,
парасатты ғалымның кенет бұлай алабұртып жабырқана қалуына не себеп?
Себеп біреу - ақ. Ол — ескі досы Ерғазының жалғыз ауыз сөзі еді.
Басқа адам оған бəлендей мəн бермей, «жарайды, анығына жетерміз»
деп қоя салуы мүмкін, ал жаны жалғансыз таза, көңілі бұлтсыз мөлдір
инженерге бұл сөз сойылмен ұрғаннан кем тиген жоқ.
Ерғазымен екеуі бірін - бірі жігіт бола бастаған күннен білетін.
Университетте де бір кезде оқыған.
Жасөспірім шақтарында айта қаларлықтай жақындықтары болмағанмен,
жігіт жасына жеткен кездерінен қанды көйлек дос санасып кеткен. Күнтуар
университетті бітірісімен соғыс басталды да, майданға аттанды. Көп
кешікпей Ерғазы да əскерге алынды. Күнтуар майданның алдыңғы шебінде
аяғынан қатты жарақаттанып, елге келіп, Алматыдағы бір үлкен мекемеге
қызметке кірді. Осы тұста соғыстан Ерғазы да оралды. Бұл қолынан
жарақаттанған екен. Екеуі жылап көрісті. Күнтуар өз қатарындағы
жастардың көбінен оқуға алғыр, жан аяспас кешегі досының мүгедек түрін
көріп аяп кетті. Ерғазы соғыстан ғана жүдеп келген жоқ—майдан түгіл,
қолмен істейтін ауыр жұмысқа жарамайтын күйде қайтты. Ал бұның негізгі
мамандығы археологиялық істер соғыс кезі мүлдем тоқтатылған. Сонда

бүрісіп қалған саусақтарымен Ерғазы қандай жұмысқа бара алады?
Күнтуар ақылдаса келе оған:
— Боса да майданға əзір жібермейді екен, ал завод, лабораторияларға
кіре қоятын мамандығың жоқ, қара жұмысқа жарамайсың... онда... уақытша
біздің мекемеге кір... Жетілгеннен кейін өз мамандығыңа ауысарсың, —
деді.
Күнтуардың бұл ұсынысына Ерғазы қуанып кетті. Өзінің ойлағаны да
сол екен.
— Егер бастықтарыңды көндіре алсаң, оған не жетсін! Қазір дəрігерлер
мені алты айға майданнан босатып тұр. Сендердің мекемелеріңнің маңызы
зор ғой, броньмен əскерден де алып қалар...
Күнтуардың көңілі кенет елең етті. Бірақ «соғыс кімнің үрейін
ұшырмаған, əбден титығына жеткен соң айтып тұр - дағы» деп өзін - өзі
дереу басты.
Екі - үш күн өткеннен кейін ол Ерғазыны мекеме бастығының
орынбасары, қазақтың сол күндердегі саналы, алғыр қызметкерлерінің бірі
Ермағамбетке ертіп келді. О кісі соғыстан қайтқан жас инженер, коммунист
жігітті жұмысқа алуға бірден көнді. Бірақ ең алдыменен өзі жеке
əңгімелеспек болды.
Екеуі бір сағаттай сөйлесті.
Содан кейін Ермағамбет Күнтуарды шақыртып алған. Оңаша қалғаннан
кейін ол:
— Бұл жігітті сен көптен бері білесің бе?—деп сұраған Күнтуардан.
Анау дереу жауап берді.
— Білгенде қандай! Бала жасымнан десем де қателеспеспін... Бірер жас
үлкендігі бар. Біздердей қала баласы емес, ауылдан келгендіктен
университетке де менен екі жыл кейін түскен. Бірақ жақсы оқыды.
Адамгершілігі де мол, ұстамды, жолдастыққа да жақсы, ақ ниет ер жігіт...
— Ер жігіт? — Ермағамбет жалпы биязы, сабырлы кісі болатын. Тек
өзіне бірдеме ұнамаса, кенет бетінде ызғар ойнап сұстана қалатын. Бұл
жолы да сондай сес көрсетті. — Ер жігіт дейсің бе! — деді ол креслосына
шалқая түсіп. — Оң қолынан жараланыпты. Жəне үлкен саусағынан...
Байқап қалдым. Оқ алақанынан қадалған тəрізді. Сұқ саусағы да иілмей,
құр шошайып тұр. Сонда қалай, оқ əдейі іздеп келіп алақан жағынан тигені
ме?..— Күнтуардың жүрегі дір ете түсті. Ерғазыға жаны ашып кетті, кенет
екі бетінен қаны қашып, демін əзер - əзер алды. Егер Ермағамбет
жолдасының ар, намысына тиетіндей тағы бірдеме айтар болса, лап етіп

тұтана қалуға бар. «Жаралы Ерғазы соғыстан аз қиянат көргендей, жұмсақ
креслода шалқая отырып алып, аяулы майдангердің ерлігіне əлі нұқсан
келтірмекші!» Əйтсе де, Ермағамбет Күнтуардың ашудан жарылғалы
тұрғанын ұқты ма, əлде бөтен себебі болды ма, айтқалы келе жатқан үрейлі
сөзін іркіп қалды. Əдеттегі саябырлы мінезіне салып, жайбарақат:
— Қысқасы, — деді ол. — Бұл жігіттің бізге ыңғайы келмейді екен.
Жəне қолында əлі дипломы да жоқ... Əскери дəрігерлік комиссия соғыстан
алты айға босатыпты ғой, меніңше сол уақытын диплом алуға жұмсағаны
жөн болар... Сосын көре - жүре шешерміз... Егер алты айдан кейін
комиссия тағы майданнан босатса...
Күнтуардың өзі майданға кеткенінде Ерғазының университеттің ақырғы
курсында оқып жүргені есінде еді. Ал дипломы бар ма, жоқ па, оған көңіл
қоймаған. Өзі білмейтін жағдайға қарсы ештеңе дей алмай, үйден шығып
кеткен.
Ерғазыға ол Ермағамбеттің сөзін тегіс айтып беріпті. Тек қолының
жарасы жөніндегі оның күмəнді ойын жасырып қалған. Жолдасын
жамандыққа қимағандықтан, онсыз да жүдеп жүрген көңілін несіне қинай
түсем деп ойлаған.
Күнтуардың сөзін тыңдап болған Ерғазы:
— Ермағамбеттің айтқаны дұрыс. Менің қолымда қазір дипломымның
жоғы рас, — деді.
— Бірақ дəл қазір диплом қорғауға денсаулығым да, жағдайым да жоқ.
Ал қалай оқығаным да, қорғай алатыным да өзіне аян ғой деймін. Диплом
деген құр тілге тиек сөз. Университеттің теориялық курсын бітіргенімді
білесің. Алты ай соғыс, алты жыл бойы алған білімімді суалтып тастамаған
шығар...
— Оның бəрі солай ғой. Дегенмен, түбі, диплом алмай болмас, Ерекең
де соны тілеп отыр. О кісінікі жөн тəрізді.
Енді Ерғазы қиыла сөйлеген:
— Өзін көріп тұрған жоқсың ба, қазір диплом қорғайтын күйдемін бе?..
Менің қандай адам екенім бəріңе мəлім, бір азаматтық істеуің керек.
— Қандай азаматтық?
— Қазір соғыстан мүгедек боп қайтқан жандарға алуан - алуан жəрдем
беріліп жатыр ғой. Университет те маған көмек көрсетсін. Қолдарыңдағы
бітпей қалған жұмыстарыма қарап диплом берсін. Алда - жалда бұны
дұрыс емес дер болсаң, жұмысқа кіргеннен кейін алты -жеті айдың ішінде
дипломымды да жазып тапсырармын. Міне — қолым, міне — антым!

Күнтуар дəл осы сəтте бір үлкен қылмысты іске барғалы тұрмын деп
ойлаған жоқ, майдангер жолдасының өтінішін қимады. Оның үстіне,
Ерғазының университетте жақсы оқығаны, білімінің барлығы, жараланып
келгені, бəрі - бəрі себеп болды. Ертеңіне университеттің ғылым жөніндегі
директорының орынбасары Арташовты шақырып алып мəн - жайды
түсіндірді. Жасы келіп қалған профессор университеттің көңілшек ескі
мұғалімдерінің бірі болатын жəне екеуін де жақсы білетін. Əсіресе,
Ерғазының озық оқығанына қанық, түбі бұдан атаулы ғалым шығар деген
үміттен де аулақ емес еді. Оның алдыңғы шепте Отанын қорғап, жаралы
болып келгенін еске алып, диплом беруді оқымыстылар кеңесінде ерекше
мəселе етіп көтеріп, ақылдаспақ боп уəдесін берді. Көп кешікпей Ерғазы
диплом да алды. Бұ да уəдесінде тұрды, артынан, кандидаттық қорғар
алдында, сол материалдарынан диплом жазып университетке тапсырды.
Қарт профессор Арташовты ұятқа қалдырған жоқ.
Ерғазы дипломын алған күннің ертеңіне Күнтуар Ермағамбетті былай
қойып, мекеме бастығы Гудкин жолдастың өзіне барды. Майдангер жас
инженерді қызметке алуды өтінді. Бұл кезде соғыс мүгедегі Күнтуардың өзі
де жан - тəнін сала істеген қызметінің арқасында əріптес жолдастарының
көзіне түсіп, əжептəуір абыройлы болып қалған. Мүмкін, Күнтуардың
қиыла еткен өтініші себеп болды ма, əлде соғыстан қайтқан жас
инженердің өзі ұнады ма, Гудкин қаулы шығартып, Ерғазы жауапты
қызметке алынды.
Жұмысына ол ұқыпты болды. Соғыс та бітті. Ерғазы өз мамандығына
көшті. Осы кезде ол ері соғыста қайтыс болған, үш жасар Арман атты
баласымен қалған жесір əйел Ақгүлге қосылды. Бұл бір ойлы көзді, кербез,
ажарлы адам еді. Əсіресе, ақжарқын мінезі кімге болса да ұнайтын. Бота
көздері өзгеге үнемі сене қарайтын. Ренжу, ашулану дегеннен жат Ақгүл
ақылымен де, қылығымен де Ерғазының көңілін таба білді. Енді жатпай -
тұрмай кандидаттық диссертация жазуға кірісті. Бір жыл өтпей қорғап та
шықты. Өмірден тəжірибе алып қалған Ерғазы осы тұста өзіне қорған
болар адамдарды да тапты. Солардың арқасында оңтүстіктегі шідірісті
қалалардың біріне көшіп, ғылыми - зерттеу институтына директор болды.
Соңынан Алматыға қайта оралып, докторлық диссертация қорғады.
Профессор атағын алды. Қысқасы, Күнтуар оған өзінің адал құшағын босқа
жаймаған екен, соғыс біткеннен кейінгі жиырма - жиырма бес жылдың
ішінде Ерғазы өзінің қызмет дəрежесі арқылы стол басында отырып - ақ
өсіп, белгілі ғалым деген атқа жетті.
Ал Күнтуар қиын жағдайларға кездесті. Бағы жанып өсе бастаған
кезінде тағдыры кенет өзгерді. Ғашық болып қосылған жібек мінезді, көген
көзінде мұң мəңгі ұялағандай, қайғылы пішінді он тоғыз жасар Дəмелінің
əкесі бір кезде кінəланғаны қайта көтеріліп, Күнтyap қызметінен
босатылды. Көп мезгіл бос жүріп, əзер дегенде жай инженерлік жұмысқа
орналасты. Ерғазы мұндай күйге ұшыраған Күнтуарға бір - екі рет ақшадай
жəрдем де берді. Енді Күнтуарға өмірді қайтадан бастауға тура келді.

Соның өзінде де долы толқынды тағдыр деген асау теңіз оны сан жартасқа
соғумен болды. Рас, мұндай жағдайларда, бұ да пенде ғой, кейде шаршады,
адасты. Бірақ өмірдің темір тегеуіріні дер кезінде жөндеп отырды. Осы
тұста Күнтуар Ерғазыдан көз жазып қалды. Ал Күнтуарды Ерғазы өзі іздеп
келмеді. Ақыры бұ да көздеген мақсатына жетті, қазақтың əйгілі
археологтарының бірі танылды.
Міне, осындай күндерінде тіршілік атты ұлы мұхитта екі дос тағы
кездесті. Ашаршылықта татқан құйқаның дəмі ауыздан кетпейді. Қиын
шақта Ерғазының берген жəрдемі көкейіне алғыс болып қонып қалған
Күнтуар ескі досын бұрынғысындай құшағын жая қарсы алды. Ақтарыла
сырларын ашысты. Бір кездегі жомарт көңілдер қайтадан табысып, бір-
бірінен сый - сияпаттарын аямады.
Бірақ бұл мезгіл Ерғазының бақ тасы бұрынғысындай өрге домалап
тұрмаған кезі еді. Доктор, профессорлығына қарамастан, ғылыми зерттеу
институтының директорлығына бұл емес, басқа адам — бекітілді. Ерғазы
орынбасарлыққа ғана өтті. Ғылым академиясына сайлауға түсіп,
корреспондент - мүшелікке керек дауысты ала алмай қалды. Сөйтіп
жүргенінде директормен екеуінің арасы қым - қиғаш дау - жанжалға,
ренішке айналды да, кетті. Ерғазы өзінің осы тұстағы сəтсіздігінің бəрін
институттың біраз тағдыры қолында тұрған үлкең оқымысты академик
Вергинскийден көрді. Бір кезде Күнтуар да осы кісімен бір мектепте
оқыған, бертін келе қызмет бабында да байланысы болған, ал археология
ғылыми - зерттеу жұмысына ауысқаннан бері тікелей қарамағына көшкен.
Осындай академикпен арасы жақсы жолдасына Ерғазы бөтен ешкімді таба
алмағаннан кейін, өзінің күнəсіз екенін айтып, араша түсуін сұраған. «Мені
академик Вергинскийге біреулердің жамандап қойғаны даусыз. Тек сол
кісіге бір жолығып түсініссем екен, қолыңнан келсе, сөйлестір» деп
өтінген.
Əрине, Күнтуар көнген. Ол академиктің аяулы, парасатты адам екенін
білетін. Расында да, Алексей Максимович Вергинский ақылды, кімге болса
да қолынан келер көмегін аямайтын кеңпейіл жан еді. Күнтуарға да жүдеп
жүрген кезінде аз жəрдем бермеген. Тіпті қайтадан археологтар қатарына
келіп, өзінің дарынын көрсетуіне де себепкер болған. Күнтуар оны құр ескі
досым, үлкен ғалым деп қана сыйламайтын, өзінің тағдырына бола
жаратылған бір періштесі санайтын. Жəне Ерғазының қызмет дəрежесінің
қазіргі төмендеуіне оның əсері тиіп жүргенінен де хабардар еді. Бұл
жайында Вергинскийдің бір сөзі есінде қалған. Бұрын ғылыми - зерттеу
институтына кісі іздеп жүрген күндердің бірінде Күнтуар өз шаруасымен
академикке келген. Ол ананы - мынаны əңгіме етіп отырып кенет:
— Сенің досыңды институтқа директор етіп бекітпедік. Анкетіне
қарасақ доктор, профессор болғанмен, өндірісте бір күн жұмыс істемепті,
— деді Вергинский. — Ал бұл ғылыми - зерттеу институты, өндірістің мұң
- мұқтажына бейімделген институт ғой.

Академиктің кім туралы сөйлеп отырғанын Күнтуар түсінбей қалған.
— Менің қай досым туралы айтып отырсыз?—деген ол.
— Ерғазы ше? Екеуің бірге қызмет істедіңдер ғой жəне ескіден дос
екендерің есімде...
— Иə, əлі де доспыз. Бірақ бір кезде екеуміздің жолымыз екі айрылған.
«Ұлы Мурави» романында мынандай бір сөз бар...
— Қандай сөз?
— «Өмірдің сан түрлі жолы бар. Дұрысын тапқан — шыңының басына
шығады. Ал адасқан — құлап кетер шыңырауына келіп тіреледі».
— Дұрыс айтылған.
— Ерғазы болса, шу дегеннен дұрыс жолға түсе алды...
— Сен одан кем қалдың ба? Сəл адастың, бірақ даңғыл жолыңды тез
таптың. Атақ -бағың, беделің, құдайға шүкір, қазір ешкімнен кем емес.
— Əрине ғой, — деген Күнтуар. Кенет ол ойлана қалған, — мен мұны
Ерғазының дəрежесін, докторлырын, профессорлығын күндегеннен айтып
отырғам жоқ. Жалпы қызғану, көре алмастық деген неден туады? Өзгенің
жазғаны, істегені қолынан келетін адам, басқаның шыққан төбесін
күндемесе де, қызғанбаса да керек - ті.
— Дұрыс айтасың...
— Өз басым ондай мүшкіл сезімдерден аулақпын... Досым түгіл
қасымның да орынсыз құламағаның жақсы көрем...
Міне, осы адам Ерғазы жайындағы сөзді бір күні тағы өзі бастаған.
— Сенің досың, — деген ол тағы. — Жаңа бастыққа тіпті жұмыс
істетпей жүрген көрінеді. Бұнысы қалай?
Күнтуар шынын айтқан:
— Əрине, араларындағы тартыс - таласқа тек бастықты ғана кінəлі деу
қиын болар. Ерғазы да бəлендей жыл осындай институт басқарған адам.
Тəжірибесі де, білімі де ешкімнен кем емес. Өзінен атағы төмен адамның
айтқанына көне қоймауы да мүмкін. Мұндайда айып Ерғазы жағында болу
да табиғи зат...
— Ғылымда ғылымды басқару емес, оны ашу қымбат.
— Біреу арманына жылай жетеді, біреу жырлай жетеді. Өмірбақи

басқаруды ғана үйренсе не істейді?
— Бар бəленің өзі осында ғой! — Академик күлген. — Бəріміз де
басқаруға құмармыз.
— Өйткені арман əрқашанда адамның өз жанынан табылған, тек оған
жетуі — өзгеден.
— Дегенмен, таң қалам, — деген академик аздан кейін, — өндірісте бір
күн жұмыс істемеген адам бəлендей жыл сол өндіріспен байланысты
сондай үлкен институтты қалай басқарып отырды? Бөлім бастығы оны бұл
институтқа директор етіп қойған да жəне жұмысының мəрдімсіздігіне
қарамай ұстап келген де бəріміз сыйлайтын... бəленшекең дейді. Бөлім
бастығы жəне сенің Ерғазыңды со кісінің туысы деп жүр ғой. Бізді
құртатын осындай ілік - шатыстықтар екені белгілі. Əсіресе, ғылымда туыс
- туғандық болмауы керек. Ғылымға адамды жақындататын тек дарының,
еңбегің...
— Ерғазының оған туыс екені бекер, академиктің директор етіп
көтергені рас. Бірақ со да айып па? Тек адам көтергенді ақтай алса жарайды
ғой.
Күнтуар бұдан артық еш нəрсе айта алмаған, өйткені Ерғазының
оңтүстікте жұмысын қалай атқарғанын, тіпті, білмейтін. Бұл жағы
Күнтуардан көрі, Вергинскийдің өзіне көбірек белгілі еді.
Сөйтсе де, Күнтуар академикпен Ерғазы жайында тағы сөйлесті.
— Ерғазы сізге өкпелі, — деді ол Вергинскиймен бір кездескенінде, —
əнеукүні ғалымдардың мəжілісінде өзіңізге кездесіпті ғой, шақырып
сөйлесем деген екенсіз, содан бері бітеу жара боп «қашан қабылдайды» деп
күтіп жүрген көрінеді.
Академик үндеген жоқ. Күнтуар əлдеқалай Ерғазы жайында төртінші
рет сөйлеспекші болып еді, Вергинский сөйлескісі келмейтін сыңай
көрсетті.
Күнтуар бұдан кейін ол кісімен Ерғазы туралы əңгіме қозғаудың
ыңғайын таба алмаған. Тек ішінен «үлкен ғалым болғанменен, бұ да басы
жұмыр пенде ғой, бірдемеден көңілі қалған шығар Ерғазыдан, сол себептен
де сөйлескісі келмейтін болар» деді де, бұл мəселені тіпті аузына алмай
қойған.
Содан кейін Күнтуардың қолынан ештеңе келмейтінін білген Ерғазы да
бұнымен кездесуін кілт доғарған. Бірақ Ерғазымен ауруханада жатқан кей
кісілерден «академик жөнінде оның айтқан сөзінің бəрін Вергинскийге
жеткізіп жүретін көрінесің ғой» деген тəрізді сөздерін кейде құлағы шалып
қалса да, Күнтуар мəн бермеген. Өйткені академикті даттап, Ерғазы да

бұған ештеңе айтпаған. Айтылмағанды айтылды деп ешкімге тіс жарып,
сөз етіп көрмегендіктен, өзінің арын таза санап, кəкір - шүкір өсек - аяңға
көңіл қоймаған. Міне, сол Ерғазымен кеше ойламаған жерден ұшырасып
қалған.
Ерғазының соңғы жылдары бұнымен сөйлеспей кеткеніне іштей өкпелеп
жүрсе де, оны ойынан біржолата шығарып тастай алмаған, сондықтан
кездескен жерден - ақ:
— Саған не болған? Тіпті жөндеп амандасудан да қалыпсың ғой, —
деген.
Анау Күнтуарға нағыз бір қылмысты адамдай түксие жауап қайырған.
— Оған өзің айыптысың!
— Қалайша?
— Академик Вергинскиймен сөйлестім. Ол: «Сен жайындағы менің бар
теріс пікірім Күнтуардың сөзінен туған!—деді. Сені дос санап жүрсем,
барып тұрған əзəзіл екенсің ғой. Менің Вергинский жайындағы
айтқанымның бəрін оған жеткізіп жүріпсің!
Күнтуар досының сөзін алдыменен жөндеп түсінбеді. Түсініп еді, жүрегі
кенет қабынып, бетінің реңі қуқылдана, көзінің шұғыласы бұрынғысынан
да өртене, жарқырай қалды.
— Сенің есің дұрыс па? Өзің не айтып тұрсың? — деді ол аузына бөтен
сөз түспей.
— Естіп тұрған жоқсың ба?—деді Ерғазы шаян көзі шатынай, ерні
кезеріп кетіп, — Маған академиктің өзі айтты. «Сенің күнəң Күнтуардан!»
деп. Көр сөзіне сенбей!
Иə, Вергинскийдің өзі сүйдеген болса қалай сенбейді? Əрине, сенеді.
— Сонда мен не деппін? — деді Күнтуар тоңып кеткендей қалтырап. —
Бұл сұмдық екен!.. Аузыңнан шықпаған сөзді ол кісі саған қалай айтты?
Өзіңнің есің дұрыс па?
— Қайсыңның есіңнің ауысқанын қайдан білейін. Менің сөзімді өтірік
десең өзінен сұра!
— Сұрармын!
— Қайсыңның қара бет екеніңді сонда білерсің!
Ерғазы «бəлем, сазайыңды бердім бе» дегендей, орнынан түрегеліп, өз
жайына жылмия кете барды.

Күнтуар біреу дəл маңдайынан ұрып жібергендей орнында отырып
қалды. Көңілі айран -асыр мазасызданып, оқиғаның түбі неден шыққанын
түсінер емес. «Əрине, академиктің аузынан шықпаса оның атынан əлгідей
адамның жанын мертіктірер қауіпті сөзді Ерғазы айтты дей алар ма? Бірақ
сонда қалай болғаны? Расыменен Вергинский сондай құбыжық сөзге аузы
барғаны ма?» Жанындай жақсы көретін адамына деген өкпе енді
Күнтуардың жүрегіне біздің өткір ұшындай қадалды. Түні бойы ұйқы
көрмей дөңбекшіп шықты.
Ертеңіне академиктің хатшысына телефон соқты, Вергинскийдің дереу
қабылдауын өтінді. Хатшысы академиктің Шығыс Қазақстанға жүріп
кеткенін айтты. Күнтуар, амал жоқ, өз қайғысын өзі арқалап қала берді.
Міне, қазіргі толқу да осыдан еді. Вергинский сапар шегіп кеткеніне бір
жеті болған. Келуіне де əлі екі - үш күн бар. Ал осыдан бір апта бұрын
лаулай жүрегін алған өрт əлі бір сəт те баяулаған жоқ. Ақыл, ойын, миын
өртеп əкетіп барады. Ерғазының айтқаны есіне түсіп кетсе, түн ортасында
төсегінен атып тұрады. Өн бойы тулап, не істерін білмей, ерсілі - қарсылы
жүре бастайды. Нағыз адам деп ойлап жүрген кісілердің мұндай уақ мінез
көрсеткендері оған өте батады. Алғашқы күндері ол академикке қатты
өкпелеп, айтуға сөз таба алмай, əлсін - əлсін күрсіне берген. «Малдың
аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген, міне, осы екен ғой деп,
лүпілдеген жүрегін қолымен басып, қылдай сезімі жанына арқандай батып
ойға берілген. «Осы уақытқа дейін мен академикті қалай білмей келгенмін!
Əлде ол менің сөзімді дұрыс түсінбеді ме, түсінсе де бөтен біреулердің
айтқандарымен шатыстырып алды ма? Өзгелерден гөрі, мүмкін, мен есінде
көбірек қалған болармын? Бірақ айтпаған өсекті қалай айтты дейді? Бұл
пəк сезімді, адал ойлы оқымыстыға лайықты қасиет пе? Жарайды, мен
тіпті, солай деп шағыстырайын - ақ, сонда өз басы, өз пікірі, өз ақыл, ойы
қайда? Біреудің айтқанымен, егжей - тегжейіне жетпей, басқаға қаһар
төгуге бола ма? Бұл — үлкен адамды көгертетін қылық па? Жоқ, бұның
бəрі бұлай емес. Бұнда бір түсінбестік бар. Қайткенмен де, өзіне тез
жолығуым керек. Анығын білмей өкпелеу жөн емес. Тек тезірек келсе
екен». Ақылға сала келе, академикке деген ашуы, өкпесі - ызасы бірте -
бірте енді Ерғазыға ауған. «Жарайды, Вергинский солай десін - ақ, сонда
Ерғазы қалай осындай сөзге сенді? Қалай менің бетіме əнеугі балшықтан
да ауыр, лас сөздерін лақтырады? Мені сондай жамандыққа барады деп
қалай ойлады? Бəлен жылдан бері жолдас болып жүріп менің жүрегімнің
адал екенін білмегені ме? Біле тұрса да, Вергинскийдің үлкен адам екеніне
бас ұрып, маған сондай қиянатты, досыңды да жау ететін сөздерді айтуға
барғаны ма? Əрине, барғаны ғой. Олай болса, сондай жаман адам үшін неге
налисың, несіне жаныңды ауыртасың?»
Адамзат сыйласуының, мейірбандығының ең мөлдір көзі — достық. Ол
— еш уақытта да шөлдетпейтін, жаныңды рахаттандыратын бəлзем. Кісі
қартайғанда шын махаббаты адал достыққа айналады. Ал адал достығы
шын махаббатқа көшеді. Бұл қасиеттер — екі кісінің арасында тартылған
көзге көрінбес болат шынжыр. Оны ештеңе де үзе алмайды. Уақыт та,

қиындық та. Тек ажалдың ғана əлі жетеді. Бүкіл адам баласын, жер
шарының бар ұлттарын осындай ешкім бұза алмас күштер мəңгі сөнбес
бақытқа жеткізеді.
Күнтуар достықты осылай түсінген. Өзі достық үшін жан беруге бар.
Дос саналған адамға кір жұқтырмақ түгіл, оны өкпелетіп, ренжітіп
көрмеген. Ал Ерғазы болса, солардың ең аяулысы еді. Сол себептен де
оның сөзі жанына жаман батқан. Көңілін қалдырып ашуландырған.
«Жоқ, жоқ, — деді ол күйіне қайтадан — жетеді! Жетеді! Мен оны енді
тіпті көрмеймін! Көрмеймін! Атасына нəлет!»
Енді кенет Ерғазыға деген Күнтуардың ішінде бір ызалы қыжыл туып,
оны жек көре қалды. Бұнысы өзінің көңілінің ақ болғандығынан ба? Ақ
бола тұрып, Ерғазы секілді болмашы адамның жапқан қара бояуынан
шошынғаны ма? Əйтеуір, өн бойын күннен -күнге қусырып, бір жеркеніш
сезім билеп əкетіп барады. Ол сезім «сондай сөзге мені қалай қиды» деген
сұрақпен тұтасып, енді тек Ерғазыға ғана емес, өзі шын құрметтейтін
Ақгүлге де ауа түскендей. Адамның аузы бармайтын сөзге бұлар қалай
сенді? Ау, бұлар менің əзəзіл жан емес екенімді білмегендері ме? Əлде біле
тұрса да, жала жапқылары келгендері ме? Өзің қары болмай, қарының
сөзіне сенбейсің дейді жұрт, өздері сондай адам болғандықтан, мені де
жамандыққа қиғандары ма? Жоқ, жоқ, Ерғазы ез болғанменен, Ақгүл адал
жан! Бұл бір мен ұқпайтын сұмдық!»
Міне, Күнтуар қазір осындай күйде еді. Əсіресе, оған бататын тағы бір
жағдай бар. Ақгүлмен еріп келген Ерғазының Арман атты өгей ұлы биыл
Мəскеу университетін бітіріп, Күнтуардың қарамағына келген. Өзінің
жалғыз баласы Дəниел, əкесінің əйгілі археолог екеніне қарамай, оның
жолын қуудан бас тартқан. Жазушы болмақшы еді. Ал Арман өгей
əкесіндей археолог мамандығын қалаған. Жасынан өзіне таныс осы жігітті
Күнтуар неге ұнатып қалғанын өзі де білмейді. Рас, оның дарынының
қаншалық терең екені кəрі инженерге əлі мəлімсіз. Дегенмен, əке -
шешесінің жақсы адамдар екенін еске алып, түбі тəрбиелей алсам, осы
менің ісімді жалғастыратын ғылыми мұрагерім болып қалуға мүмкін ғой
деп ойлаған. Өйткені құс қанатсыз, жылқы тұяқсыз, ғалым оқушысыз
шарықтай алмайды ғой. Ал археологтың артында бұның ісін жалғастырар
мирасқор жақсы оқушысы, жас серігі жоқ еді. Сондықтан да Күнтуар оған
ықыласын өзгеше аударған. Ал қазір, Ерғазы деген инженердің өкпелі көңіл
зауқы, нала сезімі оның баласына қарай көшпесе нетсін... Жоқ, бала
жазықты емес қой. Бірақ бір көл суының үсті лайлы, асты таза болмайды.
Алма ағашының құрт түскенде бұтағында өсіп тұрған алмасы сау
қалмайды. Бұл — табиғи заң... Сөйтсе де, ғалым өн бойын билеп кеткен
өкпе - ашуға өзін біржолата құл еткізгісі келмеді. Ақылға салып, əкесіне
деген суық - салқынын баласына тигізбеуге тырысты. Осындай халдегі
Күнтуар столының қасына қайта отырды. Көңіл кірбің, ой шүбəлі: Тағы
тұңғиыққа бойлай жөнелді. Бұл жолы көңіл жамалын Дəниелі мен

Арманның арасына аударды. «Бұл екеуі сыбайлас - қатарлас болғанменен,
бəлендей жақсы емес тəрізді. Əрине, ондай араздық əкелерінің арасындағы
қырыс - теріс қабақты бəлелерден туған жоқ. Екеуінің қырғи қабақтығына
себеп — тек Жаннат. Бұлаудай боп өскен, ибалы осы қыз кеше ғана Дəниел
десе қоң етін кесіп беруге бар секілді еді. Ал, бүгін оған не болды?
Махаббат деген қызыл шүберек емес қой, тез оңбаса керек еді. Тек бояуы
осал асыра кеуек мата ғана бір жеті күннің көзінде тұрып, екі мəртебе
жаңбырмен жуылса, бозарып шыға келеді. Əлде қыз жүрегі аумалы -
төкпелі келеді ме? Əрине, менің Дəниеліме қарағанда Арман келбетті де,
сымбатты да. Бірақ дүниеде не көп, көрікті жігіт көп, соның кездескеніне
көңілі ауып, бұрынғы жақсы көрген адамынан теріс бұрылып кете берсе,
қыздың жүрегінен не қалады?.. Ол кімге жетеді? Беу, адамзат - ай! Қандай
сан қилы, сан сырлы болып жаратылғансың?! Өз бақытың үшін өзгені
аямайсың! Жаннат та сондай аяусыз жан болып шыққалы тұр ма?
Жалғызымның халі қандай болады? Шешесі ерте қайтты, əке деген ондай
азар іске олақ келеді. Ақыл айтып, қайғысын басар кімі бар? Ешкімі жоқ.
Не көрсе де өзі көреді. Ал жалғыз тартқан қайғы əрқашанда аяусыз.,
Шыдай алар ма? Əлі жас қой. Бұның жасында махаббат күйігінен ауыр
адамға күйік жоқ. Төзе алса жарар еді. Əй, білмеймін, тым жұмсақ мінезді,
ал махаббат азабы деген — өте тегеурінді, жас жігіт түгіл, көк темірден
берік қаһармандарды да саз балшықтай илей алған...».
Күнтуар ойын тұмандата жөнелген осы бір ауыр қайғыдан құтылайын
дегендей, кенет басын көтеріп алды. Стол үстіндегі құмыраны былай
сырғытып жіберіп, шеттеу жатқан жуан қолжазбаны өзіне қарай тартты.
Бұл оның көп жылғы күнделік дəптері ретінде сақтап келген еңбегі еді.
Баспаға дайындалған түрі. Ертең апарып тапсырмақ. Бұл, əрине,
археологиялық табыстары, көптен бергі еңбегінің құр қорытындылары ғана
емес, сол археология жөніндегі ізденулері, өмір, бақыт, ғылым жайындағы
ұзақ жылдар бойы жинап келген шабытты ойлары, жас ұрпаққа айтайын
деген қанатты өсиеттері. Өзінің ғылымнан, дүниеден күткен алтын
армандары, алдағы күнге деген уыз қиялдары, баласы, жолдастары, өзі
жайындағы тəлім - тəрбие пікірлері. Қысқасы, қара қылды қақ жарып
айтқан өмір шежіресі, қиялнамасы. Бұл еңбегін ол өмір бойы жазған. Əр
жолы, əр сөзі жүрегінен шығып, ақыл арнасынан туғандықтан, бұл
қолжазбасы оған өте қымбат еді. Егер əр сөз шалымы кең осы жазғандарым
кітап болып шықса, дүниедегі бір арманымның орындалғаны деп
ойлаймын. Кейбір көңілі жасып, ойын қасірет жүдеткен кезеңдерде
Күнтуар алдындағы қолжазбасын оқи бастаса, көктемде келген жыл құсын
алғашқы көргеніндей, көңіліндегі күздің қою бұлттары тарап, жаны
жадырап сала беретін. Ашық аспандай жайдарлы жұмыс сағаттары келіп,
өлшеусіз қызық ойларға көміліп, кілт өзгеретін.
Бірақ бұл жолы қолжазбасы да оның қамыққан көңілін аша алмады. Бір -
екі бетін оқып көріп еді, жаны селт етпеді. Ақыл - ойы желсіз күнгі қара
судай тұнған қалпынан қозғалмады.

Күнтуар түрегеліп, ашық терезенің алдына барды.
Ымырт үйіріліп келеді екен. Аспан мақпал қара тартып, жұлдыздар көк
төріне күміс теңгедей бадырайып шығып қалған. Сырттағы жұрт та азая
түскен. Қара көлеңкеленген көшелерде тек ағыл - тегіл тынбай аққан
машиналардың жарықтары жылтыр асфальт пен сұрғылт үй
қабырғаларында жарқырай ойнап, сырғи барып жоқ болып жатыр. Жаңа
ғана су сепкіш машина өткендей дымқыл тартқан түнгі ауаның көктемдегі
хош иісі мұрныңды жарады. Аспанда жаңа ғана туған ай сəулесіне
бөленген жасыл шаһар бейне бір күміс тор жамылғандай. Күндізгі ақ
сəлделі Алатау түнде қара барқын тартып, қалаға таяй түскендей...
Күнтуар «Дəниелдің келетін уақыты асып бара жатыр ғой, қайда жүр?»
деп ойланып үлгіргенше, (ол жиырмадан асқан баласы айтқан мерзімінен
көбірек кешіксе - ақ үнемі осылай апшысы қуырылып қобалжи қалатын)
кенет, қора жақтағы бау - бақшадан «құтқара көріңдер!», «ойбай, өлдім »
деген ащы дауыс шар - шар етті. Күнтуар селк ете қалды. Дауыс оған
Жаннаттың даусы секілденіп естілді. Жүрегінің қыспа ауруына қарамай,
Күнтуар аптыға есікке қарай ұмтылды. Бұл ентіге басып, қорадағы алаңға
келгенше, қарсыларындағы үлкен үйдің жас жігіттері де жетіпті.
Айқайлаған, шынында, Жаннат екен. Ол жүрегін қолымен басып əзер тұр.
Бұл Дəниелге жолықпақшы болып, Күнтуардың үйіне таяй берген кезінде,
сол жақтағы ағаштардың арасынан ербиіп екі жігіт шыға келіпті. Иығына
ілген сумкасын жұлып алып, өзін қараңғы ағаш арасына қарай жұлқи ала
жөнеліпті. Біреуі Жаннаттың аузын басып үлгіргенше, қыз жанталасып,
қарбанып «құтқарыңдар!» деп айқай салып үлгіріпті. Қарсы үйдегі жігіттер
жүгіріп шыққан кезде əлгі екі қарақшы қаша жөнелген. Жігіттер қуып жете
алмай қалған. Оқиғаның қалай болғанын естіген Күнтуар əлі де үріккен
еліктей үрпиіп тұрған болашақ келінін уатып, үйге алып кірді.
— Қазір Дəниел де келіп қалар, — деп Жаннатқа сөйлеп келе жатты да,
кілт тоқтай қалды. Жаннат оған таңдана қарады.
— Япырм - ау, жаңа ғана столдың үстінде жатқан еді ғой, — деді
абыржып археолог, — əлде тартпаға салдым ба? Кəрілік деген, міне,
осындай, қолыңдағыны қайда қойғаныңды ұмытып қала бересің...
Ол сасқалақтап біресе столдың тартпасын, біресе кітап шкафтарын
ашып жоғалтқанын іздей бастады.
— Япырм - ай, кімге керек болды екен, ə?.. Бұл неткен ғажап? Жаңа ғана
стол үстінде тұр еді ғой, — деп Күнтуар күйіне, ана жерді бір, мына жерді
бір шұқылай үйдің ішін кезіп жүр...
— Ата, не жоғалттыңыз?—деді қыз археологқа жаны ашып...
— Қолжазбамды, қарағым... Жаңа ғана осы жерде қарап отырғанмын.
Сырттан сенің даусыңды естіп шыға жөнелгенімде де дəл осы жерде

жатқан... Сірə, біреу терезеден əдейі түсіп алып кеткен тəрізді ғой... Кімге
керек болды екен басқаның ойлары, ə?.. Япырм - ай, бұл неткен сұмдық!..
Əлде асханаға апарып тастадым ба?..
Күнтуар аяғын сылбыр басып екінші бөлмеге қарай беттеді. Жаннат
əлденені ойланып тұрды да, дереу стол үстіндегі қағаз бен қарындашты
алып бірдемелерді жазды да, үйден асыға шығып кетті.
Əп - сəтте құп - қу боп жүдей қалған инженер бөлмеге қайта оралды. Ол
ауыр күрсініп, жан - жағына қарап сəл сұлық тұрды да, жұмсақ диванға
барып отыра кетті. Күнтуар жасып қалғандай төмен қарап, үн - түнсіз ұзақ
отырды. Дəл осы кезде үйге ашаң жүзді, талдырмаш денелі, үлкен қоңыр
көзді бала жігіт кірді. Бұл Дəниел еді. Баласы келгенде жүзі жаз шыққандай
жадырап қоя беретін əкесінің үн - түнсіз тапжылмай отырған түрін көріп,
жанына асыға жетіп барды.
— Көке, көке, бір жерің ауырып отыр ма?—деді ол əкесінің иығынан
құшақтай, бетіне еңкейе қарап.
Күнтуар басын көтерді.
— Жоқ, жүрегім сəл шаншып кетті. Жаңа ғана стол үстінде жатқан
қолжазбамнан айрылдым...
Дəниел ешнəрсеге түсіне қоймады.
— Қолжазбам дейсіз бе? Ол қайда кетті?..
— Жаңа Жаннат айқай салған шақта осы жерде жатқан еді. Далаға
жүгіріп шығып қайта келсем қолжазбам жоқ.
— Жаннат дейсің бе? Ол осында келіп пе еді?..
— Иə, жаңа осы арада тұр еді ғой. Қолжазбам ана жерде жатқан.
Дəниел əкесінің көрсеткен тұсына қарады. Стол үстіндегі бір жапырақ
қағазды көрді. Лып етіп барды да, қағазды алды. Асыға оқи бастады.
— Бұл не сұмдық?—деді даусы кенет дірілдеп кетіп.
— Ол не, қалқам?
— Жаннат хат жазып кетіпті. — Дəниел хат сөзін даусы дірілдей
қайтадан оқып шықты. «Дəниел, кешір мені. Өзіңмен сөйлесіп, бəрін
түсіндірмекші едім, жолым болмады. Қырсығым Күнтуар көкеме де тиген
секілді. Сені бұдан əрі күтуге дəтім шыдамады. Енді саған жоқпын.
Арманмен бірге экспедицияға жүріп бара жатырмын. Махаббат деген ұлы
күшке қарсы тұра алмадым. Сені аяймын, бірақ қолымнан ештеңе
келмеді...

Қош! Жаннатың».
Дəниел хатты оқып болды да, созыла барып стол жанындағы орындыққа
отырды. Қағаз жерге түсіп кетті.
Күнтуар енді өз жоғалтқанын ұмытты. Екі қолымен бетін басып, столға
сүйеніп қатып қалған Дəниелдің əлсін - əлсін иықтарының көтерілгенінен
жылап отырғанын түсінді. Жүрегі удай ашып, жанына барды.
— Қалқам, — деді ауыр күрсініп, — бүгінгі күн бізге бір бақытсыз күн
болды ғой... Сен Жаннатыңнан, мен ұзақ жыл жазған қолжазбамнан
айырылдым...
Баласы жауап бермеді. Тек оның иығы жиі - жиі көтеріле берді. Аялап
өсірген жалғыз ұлын Күнтуар жанынан да жақсы көретін. Тек осының
артында қалдыра көрме деп тілейтін. Қартая бастағаннан бері ол бұл
дүниеде өзіне деген екі - ақ қызық қалғанын сезінетін. Бірі — осы Дəниелі,
соның болашағы, табысы, жеңісі. Екіншісі — өз еңбегі, зерттеуі, ізденуі.
Сөйткен жалғызының қазір көкірегін қарс айырған қайғыға
шомылғанын көргенде, өңменінен шаншу қадалғандай бір орнында тұра
алмады. Оның көз жасынан өз жүрегі күңіреніп кетті. Дəниелін баяғы жас
күніндегісіндей, алдына алып əлдилей, аялап сүйіп, уатқысы, жұбатқысы
келіп кетті. Бірақ жігіт болып қалған баласын қалай уатады, қалай
жұбатады? Не деп тоқтау айтады? Ал жұбату да, тоқтау да айту керек.
Өйтпесе, жас адам қауызын жаңа жарған гүл тəрізді, өкініштің азынаған
үскірігіне шыдай алмай, мезгілсіз солып қалуы да мүмкін...
— Құлыным, — деді Күнтуар ширақы үнмен, — жаман ой, масыл ой
ақылыңды серпілтпейді. Жасыңды сүрт, басыңды көтер. Қайғы деген ауыр
дүние. Бірақ жас төккізетін қайғы бар да, жан ашуын шақыртатын қайғы
бар. Сенің жасыңда мен қыз үшін емес, халқым үшін жылағанмын. Қолына
мылтығын ұстап фашизмге қарсы шыққан өзіңдей өрен жастардың талайы
сүйген қызынан, адал жарынан айырылған. Сүйгендерінің опасыз
болғандары да бар... Майдангер достарына тағдыр жазбағандары да көп.
Бірақ сол жігіттердің бірде - бірі қайғыдан қабырғалары қайысса да, құт -
берекелерін қашырып, қайрат - жігерлерін құм етпеген. Оларға өз басының
қасіретінен Отанының қасіреті қатты батқан. Сол үшін жауымен аянбай
күрескен. Өз бастарының бақытсыздығын ұмытқан. Қапелімшіл қасіретті
емініп, бойрап, бүлініп қалмаған. Сенің алдыңда да, таудай міндет бар. Рас,
қазір соғыс жоқ. Бірақ, жан аямай ат салысар халқыңның арманы көп,
болашағы бар. Қыршын жас, ер жігіт өз басының тіршілігіне халқы
тұрғысынан қарауға тиісті. Тəуекел дариясына қайығыңды сал. Халқың
үшін өз қасіретіңді ұмыт. Қаламыңды өткір қайрап, Жаннаттың əлегімен
соңғы кезде тастап кеткен, жұртыңа керек кітəбіңе кіріс. Жаныңды
жабырқата беретін қандай беймаза қайғыны болса да еңбек жеңеді. Сен де
өзіңді еңбекке жеңгіз.

Дəниел тағы жауап бермеді. Тек жылауын тоқтатып, жасын сүртіп,
орнынан созыла барып түрегелді.
— Иə, көке, бəрі солай ғой, — деді ол күрсініп біраздан кейін. — Бірақ
махаббат кеселі табанына кірген теңге емес, жүрегіңе қадалған тікенек...
Оны бірден қалай жұлып тастарсың? Мезгілі жеткенде өзі де кеудеңнен
сары запыран боп шығып бітер. Ал қазір... бұлай күрт сынды деп ренжіме,
көке... Өзімді берік ұстап қалуға күшім жетпеді. Тым жақсы көретін едім
мек Жаннатты...
Күнтуар баласының басынан сипады.
— Көптен жаман, аздан жақсы шығады, қалқам... Жаннат төңкерілген
тоты құстай көрікті көрінгенмен, нашар қыз боп шықты ғой, қайтесің...
Ризық солай шығар.
Бұдан кейін екеуі де үн - түнсіз тұрып қалды.
Түн қараңғысы қоюлана түсті.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Қазақтың күнгейіндегі дархан дариясы, ұлы өзені, сұрғылт сулы,
толықси ирелене аққан Сырдария мен бірімен - бірі жалғасып кеткен
дөңкиген жоталы, еңіс, бөктерлі қарт Қаратауының арасы ежелден - ақ жаз
бойы қайнаған ыстық келетін. Күншығыс жағы — күлше сұрғылт
топырақты, безерген тақырлы, күйгелек желді елсіз құлазыған атырап.
Мұнда күздің сұрқай мерзіміне жетпей, кей дақылсыз жылдары тіпті жаз
ортасы аумай -ақ шаңдақ боп қуарып, сілемі шығып қалатын дермене,
бозаң, жусан, көкпек өседі. Тасбақадай тырбиған баялыш пен өзге малдан
гөрі түйеге шүйгін, кермек, шағыл, изен кездеседі. Қысы қарлы, көктемі
қара суықты, жаңбырлы жылдары осы құмайт, шөлең жерде бұл қара оттар
бітік шығып, күзге дейін тұрады. Ал қуаңшылық жаздарда олар жетік
бітпей, күн қыза бастағаннан - ақ күйіп, қуарып кетеді. Бұл атыраптың
күнгей тұстағы, құммен шектес, алыстан қарауытқан Қаратаудың сораң
даласын, жотасы мен қобасын, күнес қыры мен күңгірт беткейін бозғылт
көде мен күйреуік шеркез, түйе қарын, боз жапқан. Сырдарияның қамысты,
тораңғыл, жиде ағашты жағасы болмаса, бұл жадағай жалаңаш өңір аққу,
қазды Арқа жеріндей емес, құсқа да бəлендей бай келмейді. Көбіне, бұл
араны жаз көгілдір тартқан сарғыш дуадақ, қоңырқай безгелдек, қара бауыр
буылдырық, сидиған сирақты тарғақ, тышқан аулайтын ақсарыбас құс
тəрізді қыр құстары мекендейді. Бірақ осы құлазыған жапан түз аңға бай.
Құмға жақын жерлерінде шидей аяқты лақтары шешелерінен қалыспай
жарысқан топ - топ бөкен, байырғы заман тау текесі, тау бойларында
мүйіздері дағарадай ақтаңлақ арқар, жазық өңірінде мыңдап шұбырған қара
құйрық киік. Қара қылшықты сұрғылт қасқыр, қызғылт жүнді қыр түлкісі
де мол. Əлімсақтан бері қазақ елі жайлап келе жатқан осы өлке кенге де
бай. Тек зерттелгені — қорғасын, мырыш, жер оңдағыш фосфорлы

минералдар. Су келсе күлгін топырақты бұл далада сан түрлі пайдалы
өсімдіктердің шығуы да хақ. Əсіресе мақта мен күріш. Күні де ыстық, жері
де құнарлы. Тек керегі су.
Міне, осы Сыр мен Қаратаудың ортасындағы елсіз атырапқа қауырт көп
қабат үйлі жаңа қала салынған. Бұл шөлейт даланы игерудің алғашқы
бекіністерінің бірі. Осы қаладан Ташкент, Шымкент, Түркістан секілді
үлкен шаһарларға кеткен асфальтты қара жолдардан бөтен, кен зерттеп, су
іздеп, көне заман мұраларын қазып жатқан экспедицияларға жіңішке жадау,
таран сүрлеулер де барады. Осы қалаға үш күн бұрын ақырғы тəжірибе
жұмысына Алматы қыз - келіншектер институтының соңғы курсынан Өрік
атты қыз бен жақында диссертациясына айғақты материалдар іздеп жас
ғалым, тарихшы Пейілжан келген.
Күн бүгін тымырсыған ыстық еді. Күнгейден соққан орасан қапырық
жел көріктің жалынды лебіндей бет қаратпайды. Ақ сортаңды, бұта -
бұдыры сирек далада сəске көтерілмей жатып, селдір сағым көкжиектің
құбыла тұсын тегіс жауып алған. Алыстан көгілдір толқынды ғажайып бір
теңіз тулап жатқандай боп көрінеді. Күннің ыстығынан қалайыдай ағарып
кеткен жайшылықтағы түпсіз кең көк аспан, шыр айналып жерге құлап
түскелі тұрғандай. Жер бетінде қыбырлаған жəндік, аспанда қанат қаққан
құс жоқ. Күн көзі əлем біткенді қорғасындай балқытып, бүкіл жанды -
жансызды жалынды құшағымен қысып алып, тұншықтырып жатқандай.
Жоқ, бар дүние дəл осы сəтте ауа жетпей қысылып өліп кеткендей. Көк те,
жер де марту басқандай қыбыр етер емес, бəрі өлік... Осы тапырық өлі
əлемде тек бір - ақ адам тірі секілді. Ол — Пейілжан.
Шын ғашық жамандыққа бармайды. Махаббаты үшін күюге, жануға
дайын, үн - түнсіз жүректегі азап отына шыдай береді. Қолына түспес қиял
құсына құшағын жайып, тек үміттене қарайды. Бірақ қиянатты,
зұлымдықты ойламайды. Ал сонда Пейілжандікі не? Рac, Нұрəлі тетелес,
немере інісі. Бірақ əке - шешесі ерте өліп, Пейілжанның үйінде өсіп, туған
інісіндей болып кеткен жоқ па еді? Енді, міне, өзі жоқта оның махаббатын
тартып алмақ... Бұл не? Адамның кішкентайынан құлын - тайдай тебісіп
өскен інісі түгіл, жақын жолдасына да мұндай қиянат істеуге дəті
шыдамайды? Ал Пейілжан болса, бұны неге ойламайды? Жоқ, Пейілжан да
ойлаған, бірақ бұл жолы жылан боп жүрегіне оралып алған сұрқия сұм,
əулекі тілек адамгершілік, адалдық, туысқандық атты мейірбандық
қасиеттің бəрін жеңген. Бар ақылын, жан - тəнін қытықтай шымырлатып өн
бойыма у болып жайылған Өрік деген тəтті арман билеген де тұрған. Бұл
не, махаббат па еді? Иə, бұл да махаббат, бірақ, бұл арын, ұятын,
адалдығын бəрін тек нəпсіге бағындырған, адамгершілікке ырық бермес
дөрекі, қиқар, жарбағай - жаңғалақ сезім еді. Тек хайуан ғана нəпсі құлы.
Ал адам біреуді сүйер болса, оны кəусəр суындай таза, гауһартас
сəулесіндей мөлдір лəззатпен сүюге тиісті. Сөйтсе ғана ол өзінің де, жақсы
көрген адамының да арман - мүддесін адал сақтайды, кір жұққызбайды. Ал
Пейілжан ше? Сұмдықтан қап - қара қан құйып ар, ұятын өлшеусіз арам

етуге бар, тек өз нəпсісінің дегеніне жетсе болғаны. Мүмкін бұл тегеурінді
жан сезімнің күші шығар? Өн бойын қусырып бара жатқан құмарлық деген
көк айыл, əулекі кəрі жын, ақыл, ойын қырсығымен құртып, адамгершілік
парқын біржолата жеңіп кеткендіктен болар? Мүмкін... əрине, мұндай ырық
бермес күшті басу үшін адалдықты қалқан еткен, жан тазалығы көк
сүңгідей берік адам болуы керек. Ал Пейілжан кім? Сырты сыпайы, сөзі
құнарлы болғанменен, қасқыр тектес жан. Күші жетсе, ойындағысын
орындайды. Ол тек өз тілегінің шабарманы. Қолынан келсе, өзіне ұнамаған
ойдың жан алар жендеті. Бірақ, одан Пейілжанның беті түгіл құлағы да
қызармайды. Бойымды еріксіз əкетіп бара жатқан зор Махаббаттың əлегі,
жанымды жегідей жеген ғашықтық күйігі деп өзіне - өзі сылтау айтады.
Егер өзгеге деген жүрегінің түбінде көмескі аяушылық бар болса осылай
қуады, осылай құртады. Адамгершілікті өзінен өзі тартып алады.
Шіркін табиғат, дүниеге осындай қос аяқты сұмдарды да жаратқан
қандай қиянатшыл едің! Əлде бұған сен емес, парасатсыздық жүректеріне
запыран боп байланған сол қос аяқты сұмдардың өздері ғана айыпты ма?
Əрине, өздері! Табиғат адамды титтей қиянат білмейтін нəресте етіп
жаратады. Ал зұлымдықты адам өзі тауып алады. Бұған оның тек ауру сана
- сезімі, өзімшіл, қиянатшыл жаратылысы ғана кінəлі!
«Арық адамнан сақтан!» дейді Юлий Цезарь. Неге? Жамандық, сірə,
ондай кісінің табиғи жаратылысымен бірге бітсе керек. Пейілжан да солай
туған тəрізді. Өмір үйретті деуге ол əлі жас. Жəне өзгеге істеген қиянаты да
жоқтың қасы. Бірақ жасы өскен сайын, өзгеге деген жаманшылығың да өсе
түсетін шығар, кім біледі? Алтын боп жаратылғанды жез ету қиын. Ал жез
боп дүниеге келгенді алтын ету одан да ауыр. Тек сыртын ғана алтынмен
қаптауға болады. Бірақ сондай боп туған жанды алған білімі де, басына
қонған атақ, бағы да, өскен дəрежесі де өзгерте алмайды. Тек мұндай кісі
білімі, бағы өскен сайын өзінің қара пиғылын жасыра білуді үйренеді.
Оның күлім қаққан түрінен, май тамызған тілінен, ішінде не жатқанын
айыра алмайсың! Сосын, адам баласы өте ұмытшақ. Талай
қылмыстылардың сан ауыр күнəлəрін ұмытқан. Ұмытылатын қылмыс — ол
адамды қорқытпайтын қылмыс. Сондықтан да Пейілжандар қандай қиянат,
қандай жамандық болса да тайынбайды.
Міне, сол себептен де ол қазір немере інісі Нұрəлінің жас жанына
жазылмас жара салғалы тұрғанын ойлар емес. Бар ынтызары — көр
бедеудей бұлаңдаған Өрік. Қапелімшіл жүрегін, шыдамсыз жанын шоқтай
күйдірген оның ойнақы қарақат көздері, гүл қабыз нəр құмар еріндері... Сол
бір жанаргүлдей жаңбыр күтіп шөлдеген қыз, телміре қарап өзін шақырып
тұрғандай оған.
Əрине, Қайрақтыға Пейілжан Өрік үшін емес, өз шаруасымен келген.
Нұрəлінің осы бір өріктей тəтті, көктемдей көңілді қызды алайын деп
жүргенін бұрыннан да білетін. Пейілжан Қайрақтыға түскен күні, биыл
ғана институт бітірген Нұрəлінің, өзінен екі жеті бұрын су іздейтін

экспедицияға отряд бастығы боп жүріп кеткенін естіді. Інісінің қашан
қайтатынын білмек боп, оны күтіп жүрген, Қайрақтыға тəжірибе
жұмысына келген Өрікті іздеді. Оны қыздар жатақханасынан тауып алды.
Екеуінің осы кездесуі қалай əзіл -əңгімеден бастап кеткенін өзі де сезбей
қалды. Тек соңынан барып осы кездесу — жүрек сезімін күрт өзгерткен
лəззат өзекті өзгеше кездесу болғанын бір - ақ білді...
Пейілжан елең - алаңнан тұрған. Бұның сорына қарай бүгін демалыс
күні екен. Күн ұзақ не істерін білмей, бір жатып, бір тұрып, кешті
ғашығындай сағына күткен. Əйтеуір, өгіз аяңмен асықпай жылжып күткен
кеші де жетті - ау! Енді ол асыға киіне бастады. Кешегі бұлардың кездесуі
тек біріне - бірі қызыға қарап, қыздың дірілдеген ұзын саусақтарын сəл
батымсыздау қызумен біткен. Ал бүгін немен тынбақ? Пейілжан бұл жолы
да Нұрəліні есіне алмады. Асыға далаға шықты. Ымырт үйіріліп, қараңғы
түсіп бара жатыр екен. Күндізгі қапырық ыстық басылып, жанға жайлы
самал жел тұрыпты. Қара көк мақпал тартып бара жатқан аспанда ай туған.
Түн қараңғысы əлі əбден түсіп бітпегендіктен, күміс сəулесін жер бетіне
барынша төге алмай, ай аспанға қадап қойған алтын табақ тəрізді құр
жарқырап көрінеді. Дүние жүзі қара көлеңке. Тек, əр тұста, пайда болған
жарық жұлдыздар ғана Пейілжанға «жолың болсын!» дегендей жымың -
жымың етеді.
Жігіт кешегі уəделескен поселке шетіндегі бау - бақшаға жеткенше,
оңтүстікте жылдам түсетін қараңғылық жер бетін қара көрпедей жаба
берді... Пейілжан бау - бақшаның бергі шетінде тұрған ақ көйлекті
ағараңдаған Өрікті алыстан таныды. Жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді.
Ол жүгіріп кетпей, өзін - өзі əзер ұстап, енді асыға жүрді. Қыз да қарсы
келе жатыр. Көз көре алмасты жүрек көреді. Өріктің де бұны
шыдамсыздана күтіп тұрғанын енді жігіт анандайдан сезді. Енді бұдан əрі
бұрынғысынан да жылдам аяңдай түсті. Қыз өн бойын жалын балқытып
жібергендей, аяғын сылқ - сылқ басып, жүрегі алқына демалып, жігітке
таянып тоқтай қалды. Пейілжан асыға қасына келді. Өріктің қолынан
ұстап, бөтен сөз таба алмай:
— Мен сені келмейді ғой деп ойлап едім...—деді.
— Неге? — Қыздың даусы күміс қоңыраудың үніндей сылдырлай,
еркелей шықты. Пейілжан Өріктің даусынан өзін қызықтыра шақырғандай
бір үн естіді. Жүрегі тағы ойнап кетті.
— Білмеймін, — деді жігіт шынын жасырмай, — сенің келуің маған
мүмкін емес бір қиянат үлкен бақыт көрінді.
Қыз жауап берген жоқ. Тағы сылқылдай күлді.
— Бүгін жұлдыздар күндегісінен жарық секілді, — деді.
— Маған да солай көрінді... Əсіресе, менің жанымдағы жұлдыз аса

жарық тəрізді.
— Жұлдыздар көкте ғой...
— Ал менің жанымдағы кім?
— Жай, əшейін қыз.
— Əшейін қыз? Жоқ, бекер!—Жігіт кенет қызулана сөйледі. — Менің
жанымда жұлдыз бедерлі дүние жүзіндегі ең сұлу қыз! Жоқ, ай бедерлі!
Қыз тағы да жауап бермеді. Жігіттің жүрегін қытықтай түсейін дегендей
тек бұрынғысынан да сыңғырлай күлді. Пейілжан енді оның қолынан
қайтадан ұстады, Өрік тартып алмады.
Жігіт:
— Бетіңнен сүйейін бе? — деді...
— Ұят қой...
— Неге ұят?
— Күнəлі боласың...
— Күнəлі болсам нетеді?
— Дозаққа күйесің...
— Онсыз да күйіп тұрмын ғой, аясайшы!
— Сен де мені ая...
— Аяғанда не істеуім керек?
— Бетімнен сүй...
— Жігіт қыздың дуылдаған бетінен аймалай сүйді. Енді бұлар
құшақтаса қатарласа жүрді. Құшағындағы Өріктің бойын билеп кеткен
жастық сезімнен аяғын мас адамдай əзер басып келе жатқанын Пейілжан
тез аңғарды. Төбесіне кісі қолы жетпестей боп өскен топ асай - мұса
бұталарының түбіндегі жусанмен аралас көде шөптің қасына келгенде,
аяғына жем түскендей, əрмен қарай жүрмей, Өріктің белінен құшақтап өзін
қыса тартты. Қыз қарсылық еткен жоқ, екеуі бірдей исі мүңкіген сортаң
шөптің үстіне құлай берді...
Өрік не болғанын енді ұқты. Жүрегі удай ашып, қайтадан солқылдап қоя
берді.
— Оның бетіне қалай қараймын? Қалай қараймын? — деді ағыл-тегіл

жылап.
Пейілжан сəл қозғалды.
— Кімнің?
Қыз көз жасына тұншыға жауап берді.
— Кімнің екенін білмейсің бе? Нұрəлінің. Сенің інің, Нұрəлінің!..
Мұндай қара бет болармын ба!..
Мен сені Нұрəліден кем жақсы көрмеймін, — деді Пейілжан, сөйдеді де
Өріктің аш белінен ұстады.
— Тиме енді маған!
Қыз бірақ оның қолын белінен жұлып тастамады.
— Жақсы көрем! Нұрəліден де жақсы көрем!—деді Пейілжан, кенет
даусына жан бітіп.
«Бəсе, бұл мені шын жақсы көреді! Сондықтан менің обалыма
қарамады. Інісінің де обалына қарамады! Шын жақсы көрген адам отқа да,
суға да түседі деген, міне, осы! Бұның жазығы қанша? Жазығы сүйгені ме?
Жоқ, бұның бір күнəсін кешуге болады. Бəрібір Нұрəлі біліп жатқан жоқ!..»
Бірақ Нұрəлінің аты аузына түсіп еді, жүрегі тағы удай ашып жылап қоя
берді. Оның құлағына жігіттің өктем даусы бұл жолы қаттырақ жетті.
— Сені! Сені мен Нұрəліден де жақсы көрем! Сені енді оған бермеймін.
Пейілжан сол жатқан қалпында қызды белінен ұстап өзіне қарай қатты
тартты...
Үш күннен кейін бұлар тағы кездесті. Содан кейін кездесу жиілене түсті.
Үш ай етіп, Нұрəлі экспедициядан қайтқанда, бұлар ерлі - зайыпты
адамдардай əбден біріне - бірі етене болып қалған еді. Оның үстіне, Өрік
Пейілжаннан екі қабат екенін білген.
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Мұндайда бақытсыздықтың
ұшы - қиыры болмайды. Алты айдың ішінде Нұрəлінің экспедициясы
Қаратау етегінің құмға қарайтын жерінде екі терең скважина жүргізгенмен,
мардымды жер астындағы тұщы не минералды суға кездеспеді. Ауыр
бұрғылау станогын үшінші жерге орнатқанша күз де түсіп қалды.
Қаратаудың күнгей жағының күзі «Қарабас» атты суық желді болғанмен,
қар түскенше Нұрəлі экспедиция жұмысын тоқтатқысы келмеді.
Алматы мен Қайрақтыдағы треске əлсін - əлсін телеграмма беріп, қыс

бойы да бұрғылау жұмысын жүргізе беруге рұқсат алды. Міне, осы үшінші
скважинаны өздері тұрған «Қызылтас» лагерінің жанына орнатып
болысымен, Нұрəлі Қайрақтыға жүрмек болды. Нəтиже бермеген екі
скважина туралы техникалық кеңеске есеп - қисап тапсырумен қатар,
Өрікті көруге асықты. Жамандықтың мың аяғы, мың даусы бар, жетпейтін
бұрышы, естілмейтін жері жоқ. Осыдан екі жеті бұрын Пейілжан мен
Өріктің арасы жақын екен деген хабар бұған да жеткен. Өрікке деген
Нұрəлінің көңілінен бейхабар трестен келген жас техник жігіт қаннен -
қаперсіз: «Қайрақтыға Өрік деген бір сұлу қыз бен жас ғалымсымақ
Пейілжан атты жігіт келді. Сірə, күз түсе екеуінің тойы да болып қалар» —
деген. Өмірінде адам баласына қиянат істеп көрмеген ақ көңіл Нұрəлі
оларды мұндай жамандыққа тіпті қимаған. Қимақ түгіл, ондай жамандық
мүмкін - ау деп ойламаған. Осындай жаман сөзді екінші рет естігенінде де
тағы күлген де қойған. Осы сыбыстар түрткі болды ма, əйтеуір ол Өрікті
көруге асыға түсті. «Қызылтастағы» бұрғылау станогы жұмыс істей
бастаған күні Нұрəлі қалаға жүріп кетті. Қайрақтыға таянған сайын
əлденеге жүрегі лүпілдеп, қайдағы жоқ бір қобалжу пайда болды. Көңілі
бұрынғыдан да күптене түсті. Мейманхананың бір бөлмесіне келіп
орналасып, тез - тез жуынып, үстіне серуенге киетін костюмін киіп, енді
Өріктің жатақханасына бармақшы боп дайындалып жатқанда, біреу есік
қақты.
— Кіріңіз, — деді галстугын байлап болып қалған Нұрəлі. Жарқын екен.
Бұл — осындағы су зерттеу тресінің бас инженері. Нұрəлі оқыған
институтты үш жыл бұрын бітірген. Жас инженермен сырлас, оған жаны
ашитын адам. Жел, күн сүйіп қоңырқай тартқан аққұба жүзі сəл жүдеулеу
күлімсіреп, ол үйге кіріп келді. Екеуі құшақтасып амандасты.
— Машинасын гаражға қойып жатқан шоферыңнан сенің келгеніңді
естіп, жеткен бетім осы, — деді Жарқын.
— Келгенімізге бір сағаттай болды. Көшеге шыққан соң телефон
соқпақшы едім,—деді Нұрəлі.
Жарқын оған ойлана көз тастады:
— Өзің бір жаққа барғалы асығып жатырсың ғой?
Нұрəлі сəл езу тартты.
— Оның рас, сағынып қалыппын, Өріктің жатақханасына бармақшы
едім...
— Ə - ə!
Жарқын Өрік пен Нұрəлінің арасындағы құпияны жақсы білетін. Ол сəл
үндемей тұрды да, кенет ренжи қалды.

— Несіне асығасың, өзі келіп жолығар.
Нұрəлі Жарқынның сөзінен бір суық лебіз естігендей болды. Қабағы
қарс жабылып кетті.
— Неге үйдейсің? Əлде...
— Жоқ, жоқ, менікі жай, əшейін сөз ғой, — Жарқын Нұрəлінің кейбір
жолдастары хабардар бола бастаған жаман сөзді жас жігітке естірткісі
келмеді. Сол себептен:
— Жарайды, барсаң бар, — деді,— өзің түсініс...
— Нені?
— Нені дерің бар ма, қыз бен жігіттің арасында түсінісетін жағдайлар
қашан да болса табылады ғой... Тек сенен өтінерім: Өрікпен сөйлесіп
болғаннан кейін біздің үйге кел. Жолықпай экспедицияңа жүріп кетпе...
— Жүріп кетеді деп кім айтты? — Нұрəлінің түрі қуқылдана түсті. —
Өзіңмен ақылдасатын шаруам көп. Ертең есеп - қисапты тапсырғаннан
кейін жолықпақшы едім. — Кенет ол Жарқынға тесіле қарады. — Маған
айта алмай тұрған бір сырың бар секілді ғой, не болып қалды, жасырма,
айта бер...
Жарқын жерге қарады.
— Сен алыстан шаршап келгеніңде, жаман сөз айтып көңіліңді қалай
қалдырам? Оны менен емес, бөтеннен есті... — Ол есікке қарай жүрді. —
Жақсы, кешке кездеселік, жарай ма? Күтем!
Жарқын қоштаспай шығып кетті. Бір сұмдықтың болғанын Нұрəлі енді
ұқты. Қолы діріл қағып, галстугын қайта шешіп, сол көйлекшең қалпында
айна жанындағы жұмсақ креслоға барып отыра кетті. Үн - түнсіз ұзақ
отырды. Орнынан түрегелмекші болып еді, екі аяғына қорғасын құйып
қойғандай қозғала алмады. «Бұрын сенбей келген өсектің шынымен рас
болғаны ма?» деп ол өзінен өзі əлсін - əлсін сұрады. Бұндай оқиғаның
болуы, тіпті миына қонбады. Сөйтсе де, сезімтал жүрек құрғыр бұл
сұмдыққа сене бастады. Айыпты Өрік емес, дəл өзіндей, онымен барып
сөйлесуге енді бетінің ары шыдамайтындай көрінді. Дəл осы ауыр сəтте көз
алдына Өрік емес, өзі мен Пейілжанның балалық шағы елестеп кетті.
Өлген əкесінің ағасы, бұған өгей, ал Пейілжанның туған əкесі Сұрықбай,
бəлендей бай болмағанмен, əжептəуір ауқатты, пысық адам еді. Ол кездегі
қазақ ауылында, күнкөрісі мол үйлердің көбі ұл балаларды еркелетіп
өсіретін. Сол əдетпен Сұрықбай да балаларын ерке ұстаған. Бірақ жасынан
жетім қалған Нұрəлі еркеліктен, ойыннан гөрі, ертек құмар, əн - күйді
жақсы көрді. Ал мұрнынан боғы аққан, арық Пейілжан үйіне келген
қонақты əкесінен бері қарай, дымын қалдырмай боқтайтын бейбастақ,

сотқар боп өсті. Ақ көңіл Нұрəліні, күші одан кем бола тұрса да, ол талай
жылатқан. Əсіресе бір төбелестері Нұрəлінің əлі есінде, інісінің құлжа
сақасына Пейілжан таласа кеткен. Тетелес ағасының сан қылығынан əбден
қорланған Нұрəлі, ызаға шыдай алмай Пейілжанды алып ұрып сақасын
тартып алған. Мұрнынан боғы ағып, екі көзінен жасы парлап, бақырып
тұра келген Пейілжан, «əкеңнің аузы...» деп пеш алдында жатқан көсеуді
алып, Нұрəлінің басына періп - періп жіберген. Нұрəлінің кеше ғана
шашын алдырып тастаған тықыр басынан қан бұрқ ете қалған. Басқа бала
болса, қанды көріп шошып кетіп, өзінің ызамен ұрғанына өкінер еді. Інісін
аяп үстіне түсер еді. Ал Пейілжан «саған сол керек! Сол керек!» деп екі
қолын шапалақтап, қуана айқай салған.
Сөйткен немере ағасы, енді міне Нұрəлі ер жетіп, жігіт болғанда тағы
алдынан шықты. Пейілжанның кесіп алса қан шықпайтын, адамды аяуды
білмейтін қатыгез мінезін Нұрəлі енді ғана есіне түсірді. Жұрттың айтып
жүрген өсегінің шын екеніне шек келтірмеді. Бұл сұмдыққа сеніп еді, көзі
қарауытып, есінен тана жаздады. Бетінен шып - шып тер шықты, демін əзер
алып, күрсіне берді. Дəл осы мезгілде тағы біреу есік қақты.
— Кіре беріңіз, — деді Нұрəлі əзер сөйлеп.
Сопақ басы су жыланның басындай қақшаңдай, сұп - сұр боп үйге
Пейілжан кіріп келді.
— Нұрəлінің бойы дірілдеп кетті, жүрегі ойнай жөнелді. «Япырм - ай,
Өрікпен менің сөйлесуімді күтпей, болған істі өзі естірткелі келгені ме?
Қандай тас жүректік!»
— Аман - есен келдің бе?—деді Пейілжан Нұрəлінің қарсы алдындағы
креслоға отырып жатып.
Нұрəлі əзер дегенде жауап қатты.
— Келдік қой...
— Естіп жатырмыз, экспедицияң əзірге пəлендей табысты емес тəрізді
ғой. Оқасы жоқ, жұмысты қысты күні де жүргізбекші көрінесің. Жер
астында су болса, бəрібір, сенен қашып құтылмайды...
Нұрəлі есін жиып алды.
— Соны айтуға келдің бе?
Інісінің ызғарлы түрінен қорқып кеткен Пейілжан сəл сескеніп қалды.
— Жоқ, — деді ол даусына шамасы келгенше қайрат - қажыр беріп.
Дегенмен, оның үні қаймыға шықты. — Нұрəлі, — деді ол қайтадан, кінəлі
адамдай төмен қарап, шабан сөйлеп. — Бір үйде өскенмен, інілі - апалы екі
адамға бір үйде өлмек жоқ. Бауыр жас кездерінде бауыр. Ер жеткеннен

кейін əрқайсысы өз бетімен кетеді. Əрқайсысы өз жүрегінің қалауымен
əмір жүруге тырысады... Сен ренжіме, менде де жүрек бір, сені қанша
аясам да, махаббат деген бір ерік берген: асау тұлпар екен, тізгіндеп
жібермеуге күшім жеткізді. Біз, Өрік екеуміз, көңіл қостық... Жақында
тойымыз болмақ... — Ол Нұрəлінің бетіне қарады, оның үн - түнсіз
отырғанын көріп, сөзін жалғай түсті, — қиын екенін білемін, бірақ амалым
болмады.
Нұрəлі тұншығып бара жатқандай қырылдай сөйледі.
— Басқа айтарың бар ма?
— Жоқ, — деді Пейілжан орнынан қозғала беріп жайма - шуақ үнменен,
— дегенмен, тағы бір өтінерім, ерікке жолықпай - ақ қой, қайтесің бетін
қызартып...
Нұрəлі орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды. Кетіп бара
жатқан Пейілжанның жанына адымдай аттап жетті де, оң қолымен
желкесінен бүре ұстап, сол қолымен есікті шалқайта ашып, сыртқа қарай
бір - ақ ытқытты.
— Кет, лағынат!—деп есікті тарс жапты. Пейілжан баспалдақтан
омақата құлай, сүріне -қабына астыңғы алаңға бір - ақ түсті. Менің бұл
қалпымды біреу - міреу көріп қалмады ма дегендей, жан - жағына үрейлене
алақ - жұлақ қарады. Маңында ешкімнің жоқ екеніне көзі жетіп, тез есін
жинап, үн - түнсіз, таяқтан қорқып, құйрығын қысып алып, маймия қашқан
бұралқы ит тəрізді, сыртқа шыға жөнелді.
Нұрəлі сұп - сұр боп бөлмесінің ортасында теңселіп сəл тұрды да, аяғын
сүйрей басып жұмсақ креслоға тағы əлсіз отыра кетті. Қандай ауыр қайғыға
ұшырағаны сана - сезіміне енді жетіп, жүрегі күйіп - жанып, екі қолымен
бетін басып ұзақ қозғалмады. Жоқ, бұл осалдықтан қажығаны, қайғырғаны
емес еді. Мұны осыншама жермен - жексен етіп жіберген — жоғалтқан
махаббатының өкпе, ызаның, қор болған ар - ұятының, таза сезімнің, бірге
өскен ағасының қиянатының, барлық, барлық жамандығына, опасыздығына
қарсы тулай жөнелген адамгершілік қасиетінің өкініші, күйігі еді. Əлден
уақытта барып есін жиды. Енді ол талмаусырап кеткендей көзін жұмып,
креслода шалқалай отырып ойға шомды.
Нұрəлі ауыр күрсінді. Ол енді тек махаббатынан ғана емес, ең жақын
бауырынан да айырылғалы тұрғанын түсінді. Ұрыссын, талассын,
төбелессін, жастай құлын - тайдай тебісіп өскен, бір құрсақтан шықпаса да,
бір құрсақтан шыққандай болған жалғыз ағасынан айырылудың да оңай
емес екенін ұқты. Жүрегі бұрынғыдан да жаман өртеніп кетті. «Жоқ, жоқ,
сұлу қыз, мүмкін, оны адал жолдан адастырған болар. Бұл қайғыға, мүмкін
ол емес, Өрік себепкер шығар. Онда.., онда ең болмаса Пейілжанға бүйтіп
ашуланбас па едім, о да болса жаныма жеңіл тиер ме еді, қайтер еді?..»

Бір сағаттан кейін, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, Нұрəлі Өріктің
жатақханасына келді. Өрік бұның келе жатқанын терезеден көріп тұр екен,
далаға өзі шықты.
Түрінде ешбір қайғының ізі жоқ, жайраң - жайран етеді. Тек сəл жүдеген
бе, қалай. Сөйтсе де өз айыбын мойындағандай, Нұрəлінің бетіне тік қарай
алмай тұр.
— Амансың ба, Нұрəлі?—деді даусы сəл дірілдеп, қара торы беті ду етіп
қызарып кетіп, — жүр, былайырақ барып сөйлесейік.
Бұлар үн - түнсіз қатарласа, сылбыр аяңдап жатақхананың сол
тұсындағы кішкентай баудың шетіндегі орындыққа келіп отырды. Екеуінде
де əлі үн жоқ...
— Болған оқиғаны Пейілжан айтқан шығар, — деді əлден уақытта Өрік,
даусы енді сəл күмілжіп.
— Айтты, бірақ, өз аузыңнан естігім келіп еді...
Өрік үндемей қалды. Əлден уақытта:
— Мен бақытымды жаңа таптым, — деді ол. Бұл жолы оның даусы
ширақтау шықты.
— Сонда... Маған айтқан сөздерің жалған ба еді?
— Жалған ба, жалған емес пе, енді оның қандай қажеті бар? Біраз уақыт
ойнап - күлдік...
Екеуміз де енді соған риза болуымыз керек...
— Ойнап - күлдік! — Нұрəлі өзін - өзі ұстай алмай қызына сөйлеп кетті.
— Мұндай азабыңа қалдырарың бap, ойнап - күлмеуің керек еді! Адам
бірін - бірі жақсы көргенде, бір күндік деп жақсы көре ме? Онда
махаббаттың қандай құны бар? Мен сені сүйгенде мəңгілік деп сүйгем... Ал
сен...
— Опасыздық істедің демексің бе? — Өріктің даусы кенет булыға
шықты. — Иə, опасыздық істедім. Ал қайт дейсің?! Иə, иə, мен қара бетпін!
Сені жақсы көре тұрып шайтан азғырды, ағаңның дегеніне көндім. Бар
айып менде! Менде! Естиін дегенің осы ма еді! Есті! — Енді оның даусы
шаңқ - шаңқ етті. — Иə, иə, қара бетпін! — Кенет Өрік бетін жауып
солқылдап жылап қоя берді. — Күйдірме... Онсыз да күйіп жүрген
жанымды енді күйдірме, — деді ол көзінің ыстық жасын парлай ағызып.
Нұрəлінің бетіне тағы қарай алмай:
— Кет... Кет... Осымен қош бол!.. — дей берді.

Нұрəлі үн - түнсіз орнынан түрегелді. Кетейін десе, аяғы осы жерге
шегеленіп қалғандай орнынан қозғала алар емес. Қайтадан отырды. Кенет
екі бетін қолымен жауып, бүк түсіп солқылдап отырған Өрікті аяп кетті.
Қазір оған Өрік қорғансыз бір бишара жандай көрінді. Дəл осы сəтте қарсы
алдарындағы жапырағы қызара түскен қанды ағаштың басында отырған
боз торғайды тал арасынан пайда болған жұдырықтай күйкентай шыр
еткізіп, желкесінен бүре, жерге құлап түсті... Құлаған бозторғайды
күйкентайдан құтқармақ боп Нұрəлі орнынан тұрғанша, қанішер құс
олжасын тастай салып, тал арасына кіріп жоқ болды. Бір қанаты
топшысынан сынған бозторғай, екінші қанатын талпына қағып, ұшуға
дəрмені жоқ, бір орнында шыр - шыр етіп, шыр көбелек айналды да қалды.
Нұрəлі боз торғайды қолына алып, таяу жерде тұтаса біткен бүрген
талдарының арасына апарып тастап, қайта отырды. Оған əлденеге мынау
жылап отырған Өрік сонау қанаты сынған бозторғай, ал Пейілжан жаңағы
қанды тырнақ күйкентай құс тəрізді боп көрініп кетті. «Шіркін - ай, жаңағы
күйкентайдан алып қалған бозторғайдай, Пейілжаннан Өрікті құтқара
алсайшы, қандай тамаша болар еді!»
Ол өкіне ауыр күрсінді.
Өрік жауап қайырмады, сол солқылдаған қалпында əлі жылап отыр.
Тал бастарында ақырғы шапағының қызғылт нұры ойнап, күн батып
бара жатты. Нұрəлі осынау сөнуге айналған күн сəулесіндей, өзінің де
бүгінгі кешін ақырғы кеші тəрізді сезінді. Қазір күн батады. Сосын ымырт
жабылып, түн келеді. Нұрəлінің де қалған өмірі осы түнге ұқсайды ма?
Жоқ, жоқ, түн біткеннің бəрі бірдей тастай қараңғы болмаса керек.
Жұлдыздар жарқырап, ай да шықпай ма? Нұрəлі тағы ауыр күрсінді. «Ай
күн емес қой. Өрік менің күнім еді... Енді, міне, ол маған мəңгі сөнді.
Маған арнап қандай ай туса да, осынау сөнген күнімді жүрегімді өртеп,
жанымды жалындата алар ма?»
Əрине, дəл осы мезетте Нұрəлі білген жоқ, келе жатқан түннің де өтерін,
əлі ертең - ақ өзін шаттандырар жарқырап күн шығарын.
Қазіргі қайғысы мынау келе жатқан қара түндей, тым үрейлі ауыр еді.
Ол орнынан əзер түрегелді.
— Жақсы, мен кеттім. Бақытты бол.
Қыз өксігін əзер басып, тағы булыға сөйледі.
— Бақыттымын дедім ғой. Қош!
Нұрəлі теңселе басып жүре берді. Түн қараңғысы қоюлана түсті. Көше
бойларында жарқырап электр шамдары жанды. Көкте күміс оттай
жұлдыздар да тұтанды. Нұрəлі əлі келе жатыр. Бір өткен көшесін аз дегенде

екі - үш рет өтті. Бірақ оны аңғарған жоқ. Бар ойында, миында, көз алдында
— тек Өрік! Өрік! Өрік! Тіпті еш нəрсе де ойлап келе жатқан жоқ. Бар
дүние оның көз алдынан мүлде жоғалып кеткен секілді. Біреу миына
шегемен тек Өрікті ғана қағып қойғандай! Ойын бөлер көз алдында да,
қиялында да ештеңе жоқ. Жүрегі де Өрік деп күйеді, жаны да Өрік деп
ауырады, көңілі де Өрік деп күңіренеді, тілі де Өрік деп күрмеледі!..
Бұл не? Расымен Өрікпен қоштастым деп ақылынан адасуға айналғаны
ма? Нұрəлі кілт тоқтады. Жан азабынан есеңгіреп қалғанын енді ұқты.
Осыншама неге күйінді? Əлде Өрік өліп пе еді? Иə, иə, ол өлген! Нұрəліге
жоқ болу үшін Өрік өзін - өзі өлтірген. Бағанағы батқан күндей бұған
мүлдем сенген! Бірақ ол Пейілжанға күн боп туған жоқ па? Иə, сөйтті!
Сөйтті! О, опасыз! Опасыз! Опасыз! Сондай опасыз жан үшін өзіңді - өзің
осыншама неге қинайсың? Неге ыстық жазда құрғап қалған сай суындай
таусыласың? Нұрəлі енді жан - жағына қарады. Қаланың шетіне шығып
кеткен екен. Жанынан өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, ол енді
үйіне қайтты. Есігін ашып, бөлмесіне кірді. Шамын жақпай біраз тұрды.
Сағатына қарады. Фосфор санды сағат тілі он екіні көрсетті. Əлі де
ұйқысынан оянып болмаған жан тəрізді... Өзін қанша берік ұстаймын деп
тырысса да, жүрегі удай ашып барады. Жанын қоярға жер тапқызар емес.
Ол енді өмірінде істемеген əдетін істеді. Шамды жағып мұздатқыштан бір
бөтелке коньякті алды. Тығынын ашып жіберіп, үлкен қырлы стаканды
толтыра құйды.. Бірақ ішпеді. Арақтан махаббат ауруы жазылатын ба еді
дегендей, стаканды стол ортасына итере салды. Енді ол шамды да
сөндірмей, шешінбестен, төрдегі диванға келіп қисайды. Алыстан машина
соғып шаршап келгеніне қарамастан, күні бойы жанын жегідей жеген азап,
өкпе, ашу бəрі бірдей, соңынан абалап үріп шыққан иттердей, мазалап,
көзін іліктірмеді. Нұрəлі орнынан қайта тұрды. Енді ол ерсілі - қарсылы
жүре бастады.
Ертеңіне кеңсесіне де бармады. Бір күнде сең соққандай боп жүдеп
шыққан түрімен ешкімге көрінгісі келмеді. Əрине, Нұрəлінің қандай күйге
ұшырағанын жұрттың бəрі біледі. Бірақ бұның қайғысы кімге керек?
Жұмысқа барады екенсің, қайғы - қасіретіңді үйіңе таста...
Міне, осындай уақытында, түс бола Жарқын тағы келді. Досының
қандай халде екенін көріп, шошып кетті. Бірақ үндеген жоқ. Креслоға кеп,
қалтасынан папиросын ап, уқалап ұзақ отырды.
— Саған ауыр екені белгілі, — деді ол бір кезде басын көтермей, —
бірақ қайғыны қапаланумен жеңуге болмайды.
Нұрəлі оған зілдене қарады. Кенет оны ашу қысып кетті.
— Сонда, ғафу ет, махаббаттың не екенін өзің білесің бе?
— Қандай махаббатты айтасың? Адам бірін - бірі өмір бақи ардақтайтын
таза махаббат бар. Ол үшін шер тартпақ түгіл, адам жанын қияр болса, о да
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген