Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
« Асыл дін – тәрбиенің рухани тірегі» ауқымды тәрбие сағаты
Тақырыбы: « Асыл дін – тәрбиенің рухани тірегі»
Мақсаты: Оқушыларды діни және теріс бағыттағы бірлестіктер туралы білімдерін кеңейту, рухани тазалығын сақтауға үйрету
Қойылымның міндеттері: Бүгінгі жас ұрпақты асыл дініміздің мәйегі ұлттық құндылықтарымызбен, тілімізбен, тарихымен таныстыру;
Діннің рухани бағыттармен байланысына назар аударту;
Оқушы санасына діни теріс ағымдардан аулақ болу идеясын сіңіру.
Өтілетін орны: мектептің алды, фойе, мәжіліс залы
Өтетін уақыты:
Жүргізушілер: 1. 10 «Б» - сынып оқушысы
2. 9 «А» - сынып оқушысы
І БӨЛІМ
( Мектептің алды.
1. Қонақтар жиналған соң, оркестрдің орындауында « ------------» күйі орындалады.
2. Күй ойналып болған соң, ФАНФАРА ойналады.
3. Жүргізушілер мектептің ішінен шығады.
4. Жүргізушілердің соңынан қазақша киінген 10 қыз шығып, екі қапталға бөлініп тұрады. Қолдарында шашу).
1-жүргізуші: - Ассалаумағалейкум, қадірменді қауым!
2- жүргізуші: - Армысыздар, ағайын!
1-жүргізуші: Ата салтты – ардақтар
Әрбір сөзді салмақтар!
Аманбысыз, Қазынам!
Ойы терең, Дариям!
2-жүргізуші: Көп жасаған
қариям
Ақылы теңіз – дариям!
Көп өнеге сөзі бар
Қош келіпсіз, Қазынам!
1– жүргізуші: Қазағымның данышпаны, данасы,
Ұлы тұлға Құнанбайдың баласы.
«Абай» атты бір періште келгенде
Тербеліпті ұлы қазақ даласы.!
2-жүргізуші: - Қазақ даласын терең ойымен тебіренткен ұлы Абай атындағы қаламыздың №1 орта мектеп-гиназиясына хош келдіңіздер!
1-жүргізуші: - Өздеріңіздің игі бастамаларыңызбен ұйымдастырылып отырған « Асыл дін – тәрбиенің рухани тірегі » атты әдеби-танымдық кешіміздің бастауға рұқсат етіңіздер!
( 1. Музыка ойнайды. 2. Қыздар шашу шашады. 3. “Томирис” биі орындалады.)
1-жүргізуші:
« Бірқұдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз алда-лап…
Оқу білген таниды,
Бір жаратқан құдайды.
Танымаған құдайды,
Неғылғанда ұнайды…» деп, қазақ баласын оқуға, білімге шақырған алғашқы қоңырау үні күні бүгінге дейін мәңгілік қазақ даласынан естіліп тұрады
2-жүргізуші:
- Қазақ халқы әлмисақтан мұсылман. Өзінің ғасырдан ғасырға жалғасқан Хақты тану дағдысы бар. Халқымыз осы қасиетінен айырылмай, діні мен дәстүрін үйлестіріп, Құдайға құлшылығын жасап, дархан мінезінен танбай келеді. Жақсылыққа жаны жақын жұрттың қашан да өмірі сәулелі болмақ. Иә, біздің салт-дәстүріміз тәрбие мен тағылымға, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарға тұнып тұр.
1 – жүргізуші: - Дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет. Осы бағытта ұйымдастырылып отырған әдеби танымдық кешімізге негізгі бөлімін тамашалауға шақырамыз!
(Жүргізушілер ішке кіреді. Қыздар екіге жарылып, қонақтарға ішке кіру ізетін көрсетеді.)
ІІ БӨЛІМ
(Қонақтар мектепке кіреді. Фойеде төрт кезеңнің көрінісі. Жүргізушілер оң жақтағы есіктің алдында тұрады)
1-жүргізуші: - «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп Абай атамыз айтқан, Алла - шындық пен мәңгілік.
2- жүргізуші: - Шындық және Мәңгіліктің мәні түп тамырымыздан қалай бастау алды? Құндылығы мен танымы қазақ даласында қалай тамыр жайды екен ? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында тарихымызға сан үңілдік, сараладық, сараптадық.
1-жүргізуші: - Назарларыңызға асыл дініміздің мәйегі ұлттық құндылықтарымызбен, тілімізбен, тарихымен таныстыратын, дініміздің рухани бағыттармен байланысына назар аудартатын және жастардың санасына діни теріс ағымдардан аулақ болуы үшін неге мән беру керектігін насихаттайтын тарихи танымдық , насихаттау жұмысымызды ұсынамыз.
(Бірінші көрініс. « Ежелгі дәуір» . Балбал тас, «Күлтегін » құлпытасының макеті. Қобыз үні баяу естіледі. Батырлар киімін киген оқушылар «Күлтегін» жырынан үзінді оқиды. Қолдарында найза, қалқан)
1- оқушы.
Екі қаған да
Емендей берік,
Бәйтеректей зор,
Төбені сүйреп әкетердей
Алып болған.
Сол екеуінің тұсында
Ел-жұрты
Молшылыққа малғытып жүзіп,
Ырыс пен құтқа
Кеңірдектерінен келіп
Қарық болған!
Сарбаздары
Қара жартастардан
Қамал қалап жатқан.
Ал екі қаған
Таулардың иығына шығып,
Бұлттарды бауырына басып
Соларға қарап жатқан.
2- оқушы.
Халқы
Үйірін іздеген,
Айғырлардай кісінеп,
Ботасын іздеген
Аруаналардай боздап –
Жыр толғаса! –
Көлдерді тасытып
Тауларды қозғаған екен;
Бірін-бірі тыңдаған,
Өздеріне ақырып сөйлемеген,
Ақырып сөйлесе де,
Арына тиетіндей етіп
Бақырып сөйлемеген,
Азып-тозбаған екен.
Аярлық пен
Опасыздықты көргенде –
Орай да борай –
Қабағына қар жауған!
Әділ жарғылары
Қара тастарды турап,
Қара қылды қақ жарған!
Түркілердің ұрпағымын!
3- оқушы.
Інім Күлтегін екеуіміз
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегін екеуіміз
Өліп-өшіп жүріп
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді – қайтадан! –
Ел еттік,
Жерді – қайтадан! –
Жер еттік.
Елімді
Суға батырмадым,
Отқа күйдірмедім.
Ешкімге
Бастарын идірмедім!
4 - оқушы.
Халқымды
Тойдырайын деп,
Жылап-сықтағанын
Қойдырайын деп...
Тәңірім жарылқап,
Таусылған құтым
Қайтадан құйылды.
Шашылған ырысым
Қайтадан жиылды.
Азды көп қылдым,
Кедейді бай еттім.
Көріксізін Күн,
Ажарсызын Ай еттім.
Төрт тарап түгелімен
Аяғыма келіп
Бас ұрып жатты.
Елімнің даңқын көтеріп,
Айбынын асырып жатты.
Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым баққа толды!
5- оқушы.
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Інім Күлтегінмен бірге,
Екі шадпен бірге
Өліп -тіріліп ұлғайттым, біраз ұлғайтып
Біріккен халықты от -су қылмадым.
(Жүргізушілер екі кезеңнің ортасында тұрады.)
1-жүргізуші. Өзге ұлттар мыңдаған жылдарда жеткен Мемлекеттік мәдениеттің басты ұстанымы да осы еді. Ұлтжандылық пен ғаламдық ойлардың белгісі іспеттес болған «Күлтегін» ескерткіші - біздің мәдениетіміз. Қиыр Шығыстан Қара теңізге дейін ұлан ғайыр жерді иемденген Түркілер «Түркі өркениетін» қалыптастырды. Олардың қалдырып кеткен жазба әдебиеті бүкіл түркі дүниесінің асқақ рухында, өр намысы, өлмес еркі, мұқалмас жігерінде еді.
2 — жүргізуші. Кең даланы асқан ерлікпен сақтап қалған Түркілердің от жүрегі мен айбынына имандылық пен ғылымның нұры түскен кезде «Алтын ғасыр» деген атпен әлем тарихында ерекше орын алған кезең басталып еді.
(Екінші көрініс. «АЛТЫН ҒАСЫР » әл- Фараби, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иассауи. Қолдарында қағаз бен қалам. Өзара сұқбаттасып тұрған бейне.)
1- оқушы. Араб жазушысы Захир ар Дин әл Байһақи Әбу Насыр әл Фараби туралы «Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ. Оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар : Аристотель, Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина» деген екен.
2- оқушы. Әл Фараби ислам руханиятындағы айтулы тұлға. Оның рухани толысуына Құранның игі әсері көп болған. Кеңес дәуірінде философтың мұрасын аударғандар ислам руханияты мен мәдениеті , антикалық мәдениетті синтездеу жағына мән бермеген. Ал әл Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Ал ол мәдениеттің қайнар көзі Отырар өркениеті екенін ұмытпауымыз керек.
3 - оқушы. Ахмед Иүгінекидің жастайынан ілім-білімге құмартып, түркі тілдері мен араб тілін жетік меңгерген. Шариғат қағидаларын жан-жақты зерттеп-танып, терең іліміне сай «Әдиб Ахмед» деген құрметті атқа ие болған.
4 - оқушы. Ақыл-ойы толысып, діни танымы әбден кемелденген шағында Ахмед Иүгінеки қысқаша тақырыптарға бөліп, ислам құндылықтарына негізделген өлең-жырларын өмірге келтіре бастайды. Кейін бұл жәдігерлердің басы біріктіріліп, «һибуат-улхақаиқ» , яғни («Ақиқат сыйы») деп аталатын өлеңдер жинағына айналған.
5 - оқушы. Ахмед дүниеге қызығушылық, жомарттық пен сараңдық, игі мінез бен жарамсыз қылық туралы да өз ойын білдірді Адамның даңқын асырып, құрметке бөлейтін әрекеті оның жомарттығы деп дәріптеді. Қайырымдылығымен қатар қатыгездігі заманда жомарт адамдардың қол созуы – игі әрекет деп тұжырымдады.
6 - оқушы. Жомарттықпен қатар жүретін сараңдық ешқашан жақсы абырой, атақ әкелмейтіндігін, оның жинаған байлығының берекесіздікке ұшырайтындығын ескерткен ойшылдың ойлары өз мәнін жоймақ емес.
Ахмед Иүгенеки.
Жинайды бақыл байлық талмай шіркін,
Қалып-ақ жаман атқа дүркін-дүркін.
Арам мал жұрт қолында таратылып,
Жөнелер өкінішпен сүйтіп бір күн»
7 - оқушы. ойшыл кішіпейілділік, тәкаппарлық туралы жазған. Кішіпейілділікті пайғамбардың «Алла кішіпейілдінің абыройын асырады, тәкаппардың құтын қашырады» деген сөзімен сабақтай отырып, ұрпағына арнап:
«Тағы бір керекті сөз – айтам дастан,
Ұғып ал құлақ салып мендей достан.
Болып ал кішіпейіл өзгерместей,
Аластап тәкаппарлық ойды бастан» (Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы, 2006: 39), –
Жүсіп Баласағұн
Не дер екен мейірімі
мол кісі:
Мейірбандық – кісіліктің үлгісі.
Есіңе ұстап мейірбанның нақылын –
Дәулет болар алсаң соның ақылын.
Мейірімнен шынайы леп еседі,
Соны бақсаң – дәреже, бақ өседі.
9 -
оқушы «Соған орай жаздым кітап,
ақыма:
Қаласаң – ал, қаламасаң – оқыма!
Әдиб сөзін кім түсініп, қаласа,
Ел ішінде сыйлы болар сол аса!»
дегені соның айғағы.
10- оқушы. Қожа Ахмет Яссауи Ислам дінінің әлсіреп, мұсылман қауымының саяси дағдарысқа түскен кезінде тарихи сахнаға шықты. Ол діннің негізгі тірегі ИМАН екенін анық түсінді. Алғашында Ислам дінін қабылдау тек дінін емес, бүкіл араб болмысын қабылдау деп түсінген түркілер арабтанып, парсыланып кеткен еді.
11 - оқушы Қожа Ахмет Яссауи Ислам дінінің басты талабы ИМАН екендігін түсіндіруі, иманы бар адамның мұсылман болып саналатынын сездіруі, арабтың салт - дәстүрін қабылдамай - ақ әрбір мұсылманның өз мәдениетін сақтауы мүмкін екендігіне көзін жеткізуі түркілердің өзінің дәстүрлі мәдениетіне қайтадан бет бұруына мүмкіндік берді.
Ахмет Яссауи
Жамағаттың жақсыға құрметі
жоқ,
Кішілердің үлкенге ізеті
жоқ,
Патшалардың әділдік міндеті
жоқ,
Бұл не деген заман болды,
достар?!
13 - оқушы
Айтылған сөз, уәденің байламы
жоқ,
Өтірікке шындықтың қайраны
жоқ,
Шындық айттым осылай
шырқыраған,
Құл Қожа-Ахмет сөзінің жалғаны
жоқ.
14 — оқушы. Әбу Насыр әл Фараби «Бақытқа жету жайында» атты еңбегінде « Зерттеу атаулыны екі түрлі нәрседен құралатынын айтты: біріншісі, зерттеп отырған нәрсені ұғыну, мағынасын көңілге тоқу жән пікір қорыту. Пікір екі түрлі жолмен: не анық дәлелдеме арқылы, не иландыру арқылы қорытылады. Егер дәлелдемелер арқылы пікір қалыптастырсақ, онда ол «ғылыми философия» болмақ, Ал иландыру арқылы пікір қалыптастырсақ, онда ол «дін немесе шариғат » деп атаған. Осылайша ғылым мен шариғаттың айырмашылығын ажыратып берген.
Әл Фараби. Жүрек сөзі араб тілінде «қалб» деп аталады. Мен осы «қалб» сөзін өз зерттеуімде қолданадым. Құран мәтінінде «қалб» (жүрек) ақыл мен ұжданды да қамтып жатқан жан-жақты терең ұғым ретінде қарастырылады. Сондай-ақ Құрандағы жүректің ойланатын ағза екендігін меңзейтін аяттар бар. Мысалы, «Хаж» сүресінің 46-аятында айтылған «қалб» (жүрек) ақылдың ісіне негізделген. Жүрек – терең ойлану, оқиғалардың бас-аяғын болжай білу, олардың себебі мен хикметін түйсіну объектісі бола алады.
15 — оқушы. Ал Қожа Ахмет Яссауи өзінің «Хикмет» атты еңбегінде адамның қарым-қатынасындағы «Қал» мен «Хал» ұғымына былай деп сипаттама береді. Хал – адамның ішкі жан дүниесінен хабар береді, ал қал – сыртқы жағдайынан хабардар етеді. Мысалы, күнделікті жағдайда біз «Қалың қалай ?» деп жағдай сұрасамыз, ал адам ауырып , ішкі күйзеліске түскенде «Халі нашар, халі төмендеп кетіпті» дейміз.
16 — оқушы. Ғұламалардың дәл осы Қал ілімін Мәшһүр Жүсір Көпейұлы «Ғылым екі түрлі болады: біріншісі «Ғылымқал», екіншісі «Ғылымхал». Ғылымқал – пендеден пенде көзбе көз алатын білім. Бұл білімнен мың жыл үйренсең де дұрыс нәтиже болмайды. Ал Ғылымхал – көңілден көңіл сабақ алғанда ғылым нұры пенденің көңіліне құйылады. Міне, сол ғылым адамзаттың пайдасына асады » деп саралады.
1- жүргізуші. «Алтын ғасыр» . Бүкiл түркi қауымын әлемге танытқан Әбу Насыр Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұни, Ахмед Жүгiнеки, Қожа Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғанилар өздерiнiң ғылыми және көркем туындыларында адамзаттың игілікті идеяларын, адамгершiлiк пен қайырымдылықты, адами қасиеттердi рухпен, дінмен, ғылыммен ұштастыра отырып, ізгі қоғамның басты ерекшелігін көрсете білді.
2- жүргізуші. Ал Абай атамыз дәл осы ғұламаларымыздың ойларын «Толық адам» идеясымен байланыстырады.
(Үшінші көрініс. Абай мен Мәшһүр Жүсіп. Сахналық көрініс. «Толық адам» )
(Сахнада Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнінің музыкасы ойнап тұрады. Жазу үстелінде өлең жазып отырған Абай бейнесі көрінеді. Қаламын сия сауытқа салып қойып, терең, үнсіз ойланған Абай. Осы кезде сахна сыртынан дауыс естіледі. )
Дауыс: Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
(Осы кезде сырттан тасырлатып келген Абайдың хабаршы жігіті келеді. Келе бірден қолына кеудесін қойып, иіліп сәлем береді. Мұны сезген Абай жазуын бірден қойып, тыңдай қалады.)
Хабаршы жігіт: - Абай аға, сізге Баянауылдан атағы мәлім Мәшһүр Жүсіп келіп тұр. Өзіңізге айтарым бар дейді.
Абай. (мойнын да бұрмастан) - Анық Мәшһүрдің өзі ме?
Хабаршы: - Ия, аға.
Абай. – Мәшһүрдің нақ өзі болса, осында түсіріңдер!
Хабаршы. – Жарайды, аға. (басын изеп, шығып кетеді)
(Сырттан сәлем беріп Мәшһүр Жүсіп кіреді. Тамағын кенеп қойып, бар даусымен.)
Мәшһүр. - Ассалаумағалейкум, Ибрагим мырза!
(Ақынның жауабын күтіп тұрады. Бұл кезде ақын мойнын да бұрмастан қаламын сия сауытқа малып, жаза береді.)
Абай. - Анық Мәшһүр болсаң, айтшы қане... Құдай қайда?
Мәшһүр. – Жүректе (оң қолымен жүрегін басып)
Абай. – Тозақ қайда?.. Жұмақ қайда?..
Мәшһүр. – Үйіңнің екі босағасында. Алғаның жақсы болса – жұмақ. Жаман болса – тозақ.
(Осы кезде ақын басын көтеріп, ұзақ қарап тұрады. )
Абай. – Кел, қасыма жайғас. Жақсы келдің. Құдайын таныған жан ол өзін де таниды меніңше...
Мәшһүр. – Иәәә... Мен құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін, осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге – «Құлақпен естіген - танық, көзбен көрген – анық. Көзім көрмей нанбаймын »
Абай. – Дұрыс айтасың. Құдай әркімнің өз жүрегінде. Яғни, жүрегін кірлетпей, таза ұстаған жан өз құдайын таниды.
Мәшһүр. – Хакім аға, сіздіңше жүрек қандай жағдайда таза болмақ?
Абай. - Жүрек таза болса, адам баласын алаламайсың: жақсылыққа елжіреп еріп, жаманшылықтан жиреніп тулап кетесің, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі жүректен шығады. Яғни, адамшылығың болса керек-ті.
Мәшһүр. – Ал адам баласының адамшылығын қайдан көреміз?
Абай. - Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. Бұл ғадаләт, махаббат, сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.
Мәшһүр. – Сонда сізше айтқанда махаббаты толық адам ғалым болмақ қой?
Абай. – Әрине, бойында махаббаты толық адам өзінің жүрегін тыңдайды. Өйткені, жүрек – адам денесінің патшасы. Қан жүректен тарайды, жан жүректе мекен қылады, адам баласының барлық әрекеті жүрекке бағынса, аяғын шалыс баспақ емес. Түбінде ғалым болатыны ақиқат.
Мәшһүр. – Яғни, ғалым болу үшін, ғылымның сырын жүрекпен қабылдау керек қой. Жүректен шыққан махаббатпен қабылдаса, нағыз ғалым болады десеңізші.
Абай. – Тек ғалым ғана емес, рухани жағынан жетілген «Толық адам» болмақ.
Мәшһүр. – Ендеше, аға, мына келер ұрпаққа «Толық адам» болмақтың дұрыс жолын көрсетейік.
Абай. – Әрине. Менің білгенімді өз замандастарым емес, жаңа ғасыр ұрпақтары түсініп, жалғастырып әкетеді. Үмітім үзілмек емес…
1- жүргізуші. Ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлер алдындағы айтқан болжамына сүйенсек, жақсы өзгерістер болатын көрінеді.
2- жүргізуші. Әулие Мәшһүр Жүсіп сөзін былай деп жалғайды: "Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады" деп болжаған екен.⠀ Сол құдайсыз күннен бір
ІV БӨЛІМ
(4-көрініс. Кеңес дәуірі. Көрініс. Қойдың макеті, ауыл өмірі . Екі бала макетті жұлмалап отыр. Бір бала «Неге?» деген түрмен үнсіз тұр. Ал әкесі «болмайды» деген түрмен балаға қарап тұр. Бала мен әкесінің диалогі )
Әкесі: - Ей, малды теппе!
Баласы: - Неге?
Әкесі:- Сол, теппе дедім , теппе!
Әкесі: - Есікті керме!
Баласы: - Неге?
Әкесі: - Айттым ғой, керме!
Әкесі: - Құмырсқаны өлтірме!
Баласы: - Неге?
Әкесі: - Айттым ғой, өлтірме! Обал болады.
Әкесі: - Тамақты оң қолмен же!
Баласы: - Неге, көке? Сол қолмен жесе не болады?
Әкесі: - Сол болмайды деген соң, болмайды! Не қыласың , неге болмайтынын? Айтқанды істесеңші...
(Әкесі баласын ұрмақшы болған сәтінде қатып қалады)
Дауыс. Осылайша ұлттық таным мен құндылықтан, бабалар сабақтастығынан қол үзген ұрпақ бала тәрбиесінде түсіндіре алмайтын тұстарында қара күшке ерік берді. Ұрпақтар сабақтастығынан БІЗ қалай ажырадық?
1- оқушы. 1925 жылы «Жауыққан атеизм» ұйымы құрылды. Сол ұйымның арқасында еліміз 1926 жылы діни мейрам деп Наурыз мейрамын тойлаудан қалса, Ислам дінін түп тамыр- тұқиянымен жою жобасы үш кезеңмен өтті.
Бірінші кезең. Орта Азия елдеріндегі әдебиеттерді жою;
Екінші кезең. Діни ғұламаларды, молда, ишандарды жазалау;
Үшінші кезең. Түркі мұсылмандарын пұтқа табынған жабайы ел есебінде көрсету жоспары болды.
2- оқушы. Жобаға қайшы келетін сан ғасырлық РУХАНИ кітаптарды өртеу, бас көтерген ҰЛТЖАНДЫ азаматтарын қудалау , Сібірге айдау, діни өкілдерді талқандау жұмыстары 1927-1937 жылдар арасында аса бір қатыгездікпен жүрді.
(Мұңлы әуен орындалады)
1- жүргізуші. « Асыл дін – тәрбиенің рухани тірегі» атты тақырыбымызға арналған бесінші кезеңді Мәжіліс залында тамашалауға шақырамыз
(Мәжіліс залы. Қонақтар орындарына отырғанша орындалып тұрады)
1- жүргізуші. - Құрметті қауым! Бүгін біздің ортамызда ардагерлер қоғамының құрметті қонақтары мен қала мектептерінің үздік ұстаздары келіп отыр.
2- жүргізуші. «Ата бабалар дәстүрі- ұрпаққа аманат» әдеби танымдық кешіміздің құрметті қонақтармен таныс болыңыздар:
-
___________________________________________________________
-
___________________________________________________________
3. ___________________________________________________________
https://youtu.be/GDe14kMUdKg 5 минут )
1- жүргізуші. - Осы бейнебаянның көтеріп отырған мәселесіне жауап табу үшін ортамызға арнайы шақырған қонақтарымызды шақырғымыз келеді.
2- жүргізуші. -
Имам ________________________________________________________________________
Ғалым________________________________________________________________________
(Ортаға имам мен ғалым шығады. Дайындалған орынға отырады.)
Сұрақтар: 1. Дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет деген талаптар қазіргі имамдар мен молдаларға қойыла ма?
2. Бабаларымыз айтып кеткен Иман мен Ғылымды қазір біздің қоғам қаншалықты ұштастырып отыр?
3. Жаңағы видеоматериалдағыдай жағдай қайталанбас үшін, біздерге Сіздер қандай кеңес бересіздер?
1- жүргізуші. - Рақмет. Сіздердің құрметтеріңізге «Жаңарған бағыт» әні. Қабыл алыңыздар!
«Жаңарған бағыт» әнін орындайды
(Баяу музыка ойнайды. Бір бірден ортаға жігіттер сөздерін айтып шығады)
1- оқушы. - Ғасырлар бойы ұлттық құндылығымыз бен тәрбиемізді, табиғи ортасы мен халқының салт-дәстүрі рухында тағлымымызды, елімізге қызмет ететін көкірегі ояу, тұлға болып өсу жолымызды асыл дінмен ұштастырған бабамыздың аманатына қалай қиянат жасаймыз?
2- оқушы. - Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді дәурен күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ, - деп Ғаламның сан қыры мен сырын құранмен, ғылыммен байланыстыра білген әл Фараби атамыздың , Ахмет Яссауи бабамыздың , Ахмет Иүгенеки, Жүсіп Баласағұн еңбектеріне қалай қиянат жасаймыз?
3- оқушы. - Махаббатпен жаратқан
адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті — деп
адамдықтың
басты критерийі мен борышын ұсынған Абай мен Шәкәрім, Мәшһүр
Жүсіптің ұстанымдарына қалай қиянат
жасаймыз?
4- оқушы. - Достарым, бауырларым! Күлтегін бабамнан бері келе жатқан жерім мен тілімнің, тарихым мен танымымның ғасырлар қойнауынан толып, толысқанына бүгін куә болып отырмыз. Егер біз бір болсақ, жарқын болашаққа сол баба аманаттарына қиянат жасамай бірге аттансақ, мына Тәуелсіз елде кім бізге қой дейді?!
«Біз біргеміз!» Әні орындалады. Осы кезде қолдарына көк туды ұстаған барлық қатысушылар сахнаға жиналады.
1 - жүргізуші: - Сөз кезегі, мектебіміздің директоры Долаев Самғат Садырбайұлына беріледі!
(Директор сөйлейді)
2- жүргізуші: - Сөз кезегі, қара қылды қақ жарар әділқазылар алқасына беріледі!
(Әділқазылар алқасы сөйлейді)
1- жүргізуші: - Оқушыларды дінді ғылымен, ұлттық дәстүрмен, қндылығымызбен , рухани тазалығымызбен сақтауға бағыттайтын « Асыл дін – тәрбиенің рухани тірегі» атты танымдық-әдеби кешімізді осымен өз мәресіне жетті.
2- жүргізуші: - Келесі кездескенше, хош сау болыңыздар!

