Материалдар / А. Көшімбаевтың ақын-жазушылар өмірбаянын оқып үйрену туралы әдістемелік ойлары
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

А. Көшімбаевтың ақын-жазушылар өмірбаянын оқып үйрену туралы әдістемелік ойлары

Материал туралы қысқаша түсінік
А. Көшімбаевтың ақын-жазушылар өмірбаянын оқып үйрену туралы әдістемелік ойлары
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
13 Маусым 2023
519
0 рет жүктелген
2500 ₸
Бүгін алсаңыз
+125 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +125 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

А. Көшімбаевтың ақын-жазушылар өмірбаянын оқып үйрену туралы әдістемелік ойлары

Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Сулейменова А.Ж.


Аннотация

Мақалада қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесін жетілдірген А.Көшімбаевтың ойлары талданады. Ақын-жазушы өмірбаянын оқытудың ерекшеліктері мен артықшылықтары талданады. Оқушы білімін жетілдірудің жолдары, пән мұғалімінің ескеретін тұстары талқыланады. Басқа да ғалымдардың әдіскер А.Көшімбаевтың ойымен ұштасатын пікірлері бірге қарастырылады.

Кілт сөздер: өмірбаян, шығармашылық қызмет, білімдік және тәрбиелік мақсат, автор тұлғасы.

Қазақ әдебиеті пәнін оқыту барысында ақын-жазушылардың өмірбаянын білім алушыларға үйретуге ерекше мән беріледі. Оқушылар үшін білімдік, тәрбиелік мәні жоғары монографиялық тақырыптар көркем сөйлеу дағдысын жетілдірумен қатар нақтылық пен дерек, дәйекті сұрыптай білуге үйретеді. Көркем сөз шеберлерінің өнегелі істері мен атқарған қызметтерін тереңінен оқу арқылы өз-өздерін тәрбиелейді. Отан қамы үшін, ел игілігі үшін адал қызмет етудің жолдарын игеріп, азамат ретінде өздерін қалыптастырады. Әрбір ақын-жазушы елге пайда келтіру үшін еңбектенген тұлға ретінде қарастырылады. Мектепте ел үшін адал қызмет еткен азаматтардың өмірі мен шығармашылық жолын оқыту пайдалы әрі қажетті. Жас буынға әдебиет классиктердің үлгілі, өнеге аларлық еліктеп үйренерлік пайдалы жақтары көп. Отанын шексіз сүю, еркіндік үшін күресу, әділеттілікті іздеу сияқты адамгершілік қасиеттер – көп ақын-жазушыларға тән белгілер. Осы аталмыш нәрселердің бәрі – қоғамға өз үлесін жақсы жағынан қосуға, дұрыс өмір сүруге білім алушыларға үлгі боларлық сапалар. Сол себепті де оқу бағдарламаларына жеке шығармамен қоса ақын-жазушы өмірбаяндары да өтіледі.

Өмірбаяндардың білімдік жағына келер болсақ, әр ақын-жазушының өмірбаяны оның жеке шығармаларына кіріспе ретінде қаралады. Өмірбаянды сөз еткенде әлеуметтік жағдай, тарихи оқиғалар, өзін қоршаған қоғамдық орта шындығы жан-жақты айтылады. Баланың жас ерекшелігіне қатысты лайықты мәліметтер беріледі.

Автордың өміріне қатысты материалдар білім алушылардың ақыл-ойының дамуына ықпал етеді. Шығарманың мазмұнын түсініп оқуға алдын ала бейімдейді. Кейбір ақын-жазушылар үстем тап ортасынан шықса да, өз қоғамына жирене қарап, әділдіктің жақтаушысы ретінде халқының мұңын жоқтайды. Мәселен, Абай ақын аға сұлтанның баласы бола тұра, әлеуметтік теңсіздіктің жілігін шағып, өлеңдеріне арқау етті әрі атаның баласы емес адамның баласы бола білді. Осы тұрғыдан келгенде оқушыларға жазушының өмірбаянын оның шығармашылық қызметімен байланыстыра әңгімелеу аса қажет болады.

Жазушы шығармасының мазмұнын жете түсіну үшін автордың өмір сүрген кезеңі туралы деректерді оқып-білу маңызды. Кластан тыс оқу жұмысын жандандыру үшін де өмірбаянмен толық танысудың қажеттілігі зор. Сабақ беруші пән мұғалімі автордың өмірбаянын жалаң күйде айтпай, шығармаларының шығу тарихымен байланыстыра отырып, қызықты ақпараттарды үйлестіріп айтса, кластан тыс кітап оқуға оқушы ынталанады. Өмірбаяндық материалдардың оқушылар үшін тек білімдік ғана емес тәрбиелік мәні де жоғары. Қазақ әдебиетінің классиктері Махамбет, Ыбырай, Абай, Сәкен, Ілияс, Мағжан т.б. ақын-жазушылардың жарқын бейнесі есімдері аталғаннан-ақ көз алдымыздан өтеді. Тарихымыздан ойып тұрып орын алған осындай тұлғалардың әдебиетімізді дамытуға сіңірген еңбектері түсіндіріледі. Кім болса да, атақ, бедел, даңқ сияқты қасиеттерге адал еңбек еткенде ғана қол жеткізе алатындығы, құрметке бөленетіндігі ұғындырылады.

Оқушылар ел құрметіне бөленген адамдардың еңбегіне сүйсініп, өмір жолынан үлгі алумен қатар олардың мінез-құлқына, әдет-салтына еліктей білулері керек. Ақын-жазушылардың басым көпшілігі кітаппен дос болып, білімге құмартып өскен. Өздері кітап жазумен ғана шектелмей, өзге де қаламгерлердің шығармаларын ұдайы оқып отырған, білімін жетілдірген. Бұл сияқты ізденімпаз жандардың тамаша қасиеттері оқушылардың білімге ұмтылуына септігін тигізеді.

А.Көшімбаев «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы» оқу құралында былай дейді: «Оқушыларға жазушыларды таныстырғанда, олардың өмірбаянын бірыңғай схематизм мен формализм жолымен түсіндірмей, әрбір жазушыны тарихи тұрғыдан қарап, бағалап, оқушылардың жасына, біліміне қарай әр жазушының өзіне тән ерекшелік жақтарын ашып көрсету қажет. Әрбір жазушы өзінің жасаған заманына, өмір сүрген, қызмет еткен кезіндегі саяси-әлеуметтік ортасына байланысты алып карастырылуға тиісті.» [1.50]

Ол үшін алдын ала сабаққа дайындалу барысында пән мұғалімдері өмірбаянына тікелей қатысы бар шығармаларын, көз көрген жандардың естеліктерін, сурет немесе бейнежазбаларды орынды қолдануы керек. Қызықтырып берілген материал оқушының қызығушылығын оятып, әрі қарай шығарма оқуға ынтасын жетелейді. Сонда ғана біз өткен тарих пен бүгінді шебер қиюластырып, оқушының функционалдық сауаттылығын арттыра отырып, өмір шындығын жан-жақты суреттеген жазушыларымыздың шығармаларын тереңінен балаға ұғындырамыз.

Өмірбаянды оқытудың білімдік, тәрбиелік қыры мына жағдайларда әлсіреп кетеді:

  • Пән мұғалімі ақын-жазушының өмірі туралы мәліметке немқұрайлы қараса;

  • Көрнекі құралдарды тиімді немесе мүлдем қолданбаса;

  • Тәрбиелік мәні жоқ сүреңсіз нәрселер айтылса;

  • Оқушы ұғымына ауыр тиетін ақпараттар көп берілсе;

  • Сабақ әдісі дәріске айналып кетсе.

А.Көшімбаев IV-VII кластарда ақын, жазушының өмірбаяны жөніндегі мәліметтерді баяндаудың төрт түрі бар екендігіне тоқталды. Біреуі – жазушының өмірбаянынан берілетін мәлімет, екіншісі - өмірбаяны арнаулы түрде өтілмейтін жазушылар жайында қысқаша анықтама беру, үшіншісі - өмірбаянымен қатар творчестволық жолы туралы мәлімет беру, төртіншісі - жазушының өмірі туралы құрастырылған әңгіме. [1.51]

Ақын-жазушылардың өмірі туралы әңгіме-очерктер балаларға лайықталып жазылғаны некен-саяқ. Өмірбаянды оқытудың білімдік, тәрбиелік мәнін дұрыс сақтау үшін баланың жас ерекшелігін ескеріп отыру керек. Көшімбаевтың айтар ойын Қоңыратбаев былайша сабақтайды: «Талдау сабақтарының формаларынан мұғалімдерде мынадай бір сыңар жақ ой тууы мүмкін: егер тек шығарманың жеке компоненттері ғана талдауға объект болатын болса, жазушының әдебиетке қосқан жаңалығы,қалыптастырған жанрлары, стилі, әдісі, идеялық бағыты талдауға объект болмайды екен, объект бола қалса, ол тек лекция, шолу әдісімен ғана беріледі екен деулері мүмкін. Дұрысында, жазушы мен оның творчествосы,әсіресе жанры мен стилі, ең алдымен нақтылы талдау сабақтарына ұйтқы, арқау, негіз болуға тиіс. Олардың әдеби-творчестволық жолын әуелі жалпылай шолсақ, өмірін де өзінше танытсақ, кейін олардың программаға енген, монографиялық түрде өтілсін деген шығармаларын ылғи ғана талдау әдісімен жеткіземіз. Бұл - жалпыны дәлелдеу, оригиналдылығын, орнын нақты шығармалар арқылы есте қалдыру, бекіту және оның стилін,әдісін, көркемдік тәсілдерін таныту. Оқушының әдеби даму, жеке авторлар жайындағы әсері, білімі сонда ғана орнықты, берік болады. Жазушыны шындап танымаған жерде одан әсер алу, еліктеу өз дәрежесіне жетпейді», -деп түсінік беріп өтті. [1.47]

Әдебиет пәнін оқытудың басты мақсаты – жас буынның функционалдық сауаттылығын арттыру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әдеби дамудың заңдылығы жайында білім бере отырып, олардың эстетикалық сезімін байыту, патриоттық тәрбие беру.

Жазушыны біз мектепте лекция әдісімен (заманы, өмірі, творчествосы), талдаумен (жанры, стилі, орны) және теориялық жинақтау жолдарымен танытамыз. Бұл желі олардың қоғамдық-мәдени қызметін, әсіресе әдебиетке қосқан үлесін, білдіруге байланысты. Тарихи желіде тек әдеби процесс қана емес, автор тұлғасы да көрінеді.

Ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын жете меңгертіп, шығармашылығын тереңінен танытатын – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Пән мұғалімдері әдіскер ғалымдардың ойлары мен пікірлерін ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнындағы бағдарламаны баланың танымына сай меңгерте алады. Ол үшін тарих пен бүгінгі күнді шынайы сабақтастырып, ізденіс жұмысын арттыру қажет. Еліне адал қызмет етер болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әдебиеттің алар орны ерекше. Автордың өмірбаянына да салғырттық танытпай, жауапкершілікпен қарай білуді оқушыларға міндеттеп, талап қоя білу керек.



Әдебиеттер тізімі:

  1. Атымтай Көшімбаев ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ (қазақ тілінде) Редактор М. Нұрғалиева, Техн. ред. А. Бабина, Корректор А. Қозыбаев.15/1-1969 ж. басылымға қол қойылды 22/VIII-1969 ж."Мектеп" Баспасы. Алматы қ.

  2. Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасы. А., Мектеп, 1985ж.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!