жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Абай - дана, Абай - дара қазақта
Дархан халықтың - дана Абайы
Бисенбаева Сайрагүл Таңатарқызы
Нұрлы – көш орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Абай – дана, Абай – дара қазақта»
Ия, қазақ о бастан Жаратқанның ықыласы мен мейірі ауған халық болатын. Ал Алланың о баста адамнан бұрын сөзді жаратқаны мәлім. Ал сол сөздің бірінші жаратылғанын түсініп, бар болмысымен сезінген – біздің хакім Абай еді. Ол өзінің бірінші қарасөзінде: «... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде – кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» сөздің құдіреті мен ұлылығын дәріптеп, асыл ойларын бізге азық қылып қалдырып кетті.
Демек, Абайдың қарасөздері – жай жазыла салған еріккеннің ермегі емес, өзінің өмір жолындағы көрген – білгенін, көкірекке түйгенін бүкіл болмысынан өткізе отырып жазған ғұмырбаяндық тағылымнамасы деп түйіндесек болады. Енді сол қарасөздеріндегі түйсінген кейбір ойларына тоқталып, Абай әлемінің құпия қатпарларына үңіліп көрейік.
Абайдың тұлға болып қалыптасуына, толысуына, шыңдалуына ең бірінші қазақ халқы, өзі өмір сүрген қоғамы бір кісідей атсалысты. Жақсысына сүйіне, жаманына күйіне отырып, содан кереметтей қорытынды шығарып, елеп- екшеді. Үшінші қарасөзінде қазақтың бойындағы өтірікшілік, малсақтық, билікқұмарлық, болыстыққа талас, әртүрлі қитұрқы әрекеттер арқылы билікке жету сияқты қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді сынай отырып, ел басқарарлық кісінің білімді, оқыған адам болуын, әділ іс жүргізуін қалады. Сондай – ақ қырық екінші қарасөзінде қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретіндігінің себебін – жұмысының жоқтығы деп санайды. Оны «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық – аздырар адам баласын» деп сегізаяғында да айтып кетеді. «Біздің қазақтың достығы, дұщпандығы, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрттануы – ешбір халыққа ұқсамайды» деп көреалмаушылықтың түбі бізді қайда апарып соқтырарына алаңдаса, жиырма алтыншы сөзінде қазақтың надандығына күйінеді. Сөйте отырып, тоғызыншы сөзінде халқын «жек көре де, жақсы көре де алмаймын» деп торығатыны қалай?! Адам өз қолын өзі кесе алмайтыны сияқты, қазағынан бас тарта алмады ма? Сөйткенде де тобықтыдан жегені таяқ болды емес пе?! «Мыңмен жалғыз алысқанда» да халқының қисық мінездерін түзей алмады. Бір қызығы заман ауысса да, дана Абай айтқан ой кеселдерінен, мақтанның түрлерінен, атаққұмарлықтан арыла алмай, тіпті атаққұмарлығымыз шатаққа ұласып, өз өтірігімізге өзіміз нанатын дәрежеге түскеніміз қалай? Осыдан кейін келіп Абайға қалайша бас ұрмаймыз, қалайша табынбаймыз? Тура осы ғасырдағы қазақты айтып кеткендей хал кешеміз. Сыры неде екен деп әрбіріміз бас қатырып көрдік пе? Жоқ. «Баяғы жартас – бір жартас». Қызық. Тағы да Абайға жүгіндік. Әлде көкіректегі иманымыз әлсіреді ме екен? Ия, ия, иманымыз әлсіреді. Тағы да хакім Абайға, қарасөздеріне қарай жол тартайықшы.
«Иман деген – Алланың жарлығына мойынсұну» деп бастапты он үшінші қарасөзін дана бабамыз: «Бірінші – иманның хақтығына сену, екінші – иманына берік болу. Ақиқаттан адасқан пенденің жүзі құрысын». Сонда иман дегеніміз – ақиқат болды ғой. Шындық – жүректе. Демек, иманды болу үшін – жүрек таза болып, ақыл, қайратты таза жүрекке бағындырсаң, хакім айтқан «үш иманигүл»- сенің өміріңді ғұмырға жалғастырмақ . Қайрат, ақыл, жүректі біріктіріп барып, ғылымға жүгіну керек (он жетінші сөз). Сонда ғана: « Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» (он сегізінші сөз). Осы жердегі біздің қателігіміз неде? Біз осылардың бәрін жинап келіп, ғылымға емес, білімге жүгініп кеттік. Тек білімді жинай бергендіктен, қоғам рухани кедейлікке ұшырап, М. Шаханов айтқан «компьютербасты жартыадамдарға» айналдық. Себеп – білімді ғылым деп шатастырғанымыз болды. Жауабын тағы да Абайдан іздейік: «Ақылды, ғылымды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Ол мінез бұзылмасын. Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып – үйреніп те пайда жоқ» (отыз екінші сөз). Міне, сол мінез бұзылды. Ар сауытын жаба тоқыған ұрпақ болып, өз тінімізден ажырап қалдық. Содан ұлдарымыз ұлықты, қыздармыз қылықты болмай, Мөңке би болжаған «бедірей» деген ұлға, «кежірей» деген қызға айналып, «кекірей» атты келінге тап болдық. Аталардың сөзінің дәмі кетті, «бесік жырын айтатын әжелер» (Б.Момышұлы) жоғалды. Міне, Абай атамыз сынаған, сынаса да сырт айнала алмаған «қазақ» деген ұлт рухани құлдырауға түсіп, құрудың аз-ақ алдында тұрмыз. Енді бізге не істемек керек? Өшкенімізді жандырып, құртқанымызды түгендейтін мезгіл жетті деп ойлаймын. Бабалар салған ізбенен жүріп, қазақ халқын әлем мойындайтын елге айналдыру қажет. Ол үшін Абай мен Шәкәрім аталарымыздың айтқанын ұғып, қылғанын қылсақ, ұтылғанымыздан ұтарымыз көп болмақ. Қазақтың салт- дәстүріне қайта оралып, тінімізді, ділімізді орнына келтірейік. Сонда ғана елдігімізді сақтап, еңселі ел боларымыз хақ.
Қорыта айтқанда, Абайды тану – өзіңді тану. Егер әрбір қазақ өзін танығысы келсе, хакімнің мұраларын ақтарып, Алланың өзі берген хикметтеріне жалғансын. Абайсыз қазақ – қазақ емес. Бабамыз армандаған «толық адам» боп өмір сүріп, «артымызда өлмейтұғын сөз» қалдыруға ұмтылайық, ағайын!
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген