Материалдар / «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерді оқыту арқылы рухани жаңғыруға үн қосу
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

«Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерді оқыту арқылы рухани жаңғыруға үн қосу

Материал туралы қысқаша түсінік
«Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерді оқыту арқылы рухани жаңғыруға үн қосу
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
02 Наурыз 2023
331
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерді оқыту арқылы рухани жаңғыруға үн қосу

Ебелекова Э.Е.

Қызылорда облысы Қазалы ауданы

225 орта мектеп


Бұрынғы оқу бағдарламасында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман- эпопеясынан 5-сыныпта «Ақын қонақтар», 6-сыныпта «Біржан сал Абай аулында » тақырыптарымен үзінді әңгімелер берілген болатын. Алайда жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұнына өзгеріс енгізілген. Сондықтан факультатив курстар арқылы болса да осы үзінді әңгімелерді оқыту өскелең ұрпақтың мүддесіне пайдалы болар еді деп есептеймін. Өйткені «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығында «Эпопея- эпостық шығарманың бір түрі; белгілі бір немесе бірнеше тарихи дәуірдің типтік оқиғаларын кең көлемде суреттейтін , бірнеше ұрпақ өкілдерінің іс-әрекеттерін ортақ идея мен тақырыптың арнасында, көркемдің тұтастықта баяндайтын поэзиялық не прозалық кесек туынды» деп берілсе, «Абай жолы» роман- эпопеясы туралы «Абай» энциклопедиясында былай деп жазады: «Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді-өз отандастарына, керек десеңіз тіпті-қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын- оның өткен өмірін- тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін» білмей қалған.Сондықтан да бүгінде Л.Н. Толстойды оқымай орысты, О.Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын».

Сондықтан бұл үзінділерді бір-бірімен сабақтастықта оқыта отырып, жұмыс түрлерін пәндік құзыреттілік тұрғысынан шығармашылықпен ұйымдастырсақ, әрбір оқушының тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын ұлттық кодты түсініп, елдің ұлттық –рухани тамырынан нәр алуына жағдай жасай алар едік. 5-6-сыныптарда оқушының жас ерекшелігіне байланысты нақты «эпопея» жанры туралы түсініктеме берудің қажеті болмас, алайда үзінді әңгімелердегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, мәдениеті туралы сипатталатын эпизодтарды, детальдарды шығармашылық тапсырмалар барысында жеке бөліп қарастыру арқылы оқушыларды жоғары сыныпқа барғанда «эпопея» ұғымының жанрлық ерекшілігін түсінуге дайындай аламыз.

«Ақын қонақтар» әңгімесінде қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, халықтық болмыс- бітімі кеңінен суреттелген. Мұндай детальдарға 5-сынып оқушыларының назарын аудару үшін оқушыларға тақырып ұсынып, «Ойтүйме» жұмысын жаздыруға болады. Ойтүйме жаздыруда мұғалім оқушыларға тақырып ұсынғаннан кейін оқушыларға үлгі ретінде 1 тақырып бойынша дайын жұмысты ұсынса, оқушылар үлгіге сүйене отырып,берілген басқа тақырыптар бойынша өз беттерінше ой қорытып жазуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқушылар ойтүймесін оқып болғаннан кейін басқа тақырыптар бойынша да мұғалім өз ойтүймелерін ұсынуға болады. Бұл оқушылардың тіл байлығын дамытып, ойын түйіндеп бере білуге дағдыландырады. Осы орайда өз тәжірибемде төмендегідей жұмыс үлгілерін ұсындым.

1.Өнердің адамға рухани әсері

М.Әуезовтің «Ақын қонақтар тақырыбындағы 13 жасар науқас Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның, Барлас пен Байкөкшенің ән-жырын тыңдап, сауығып кеткендігі шебер суреттелген. Біз осы арқылы бай ауыз әдебиетінің,ән-жырдың, бір сөзбен айтқанда өнердің қасиетін, құдіретін, адамға рухани әсерін ұғындық.

Сонымен бірге дана Абайдың бойына тәрбие арқылы егілген рухани нәрдің негізін көріп сезіндік.

2. Бала Абайдың білімге құштарлығы

Абай сүле аурудан біршама айығып, атқа мініп жүруге жарағанымен, үйінен көп шықпай, өзге баладан гөрі басқа бір ермек , бөлек бір дос тауып, яғни әжесі мен анасын айналдырып, әңгіме сұрайтындығы , сонымен бірге сол күндердің бірінде үйге келген қонақтар Барлас пен Байкөкшенің жырларын да ерекше құнығып тыңдап, оларға да бауыр басып қалғандығы шебер суреттелген. Абайдың сырқат кезіндегі осындай мінез-машығы оның білімге деген құштарлығын көрсетеді.

3.Қазақ халқының қонақ болу және қонақ күту мәдениеті.

Біздің дана халқымыздың қонақ болу және қонақ күту мәдениеті ерекше дамыған. Біз әңгімеден екі ақынның ас піскенге дейінгі уақытта

« Қобыланды батыр» жырын, одан кейінгі уақыттарда да бебеу қаққан қоңыр майда домбырамен небір дастан,жырларды жырлап берген өнерін оқып, білдік. Ел аралап жүретін өнерлі адамдардың негізгі мақсаты-қыдыру емес, халқымыздың асыл мұра- жыр-маржандарын кейінгі ұрпаққа үйрету,насихаттау екендігін түсіндік. Сонымен бірге Ұлжан ананың қонақтарды аттандырар сәтінен «қонақтардың келген сапарларына ырым байлау», яғни сый-сыяпат беріп ,қайтару дәстүрін білдік.

4. Зере мен Ұлжан ананың көрегендігі.

Бұл әңгімеден Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің зерек, зерделі кісілер болғандығын, халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері арқылы Абайды жас кезінен даналыққа тәрбиелегендін білдік. Олардың бейнесі қонақ күту, сыйлау дағдыларымен де қазақ әйелдерінің инабаттылығының, көрегендігінің дәлелі болып табылады. Ең бастысы Абай даналығының бастау бұлағы осы екі ана болғандығын сезіндік.

5.Бата беру дәстүрі

Біздің дана халқымыз «Жауынменен жер көгереді, Батаменен ер көгереді »- деп, бата беру дәстүрін ерекше құрметтеген. Бойында өнер-білімге, ізгіліккке деген құштарлығы бар балалар, жастар «Аузы дуалы, көзі қарақты» үлкен кісілерден бата алуға тырысса, үлкендер жағы да әрдайым өсіп келе жатқан жас балаларды сынай отырып, талабын өсіру ниетімен бата беріп, киелі, қасиетті, құнды дүниелерін сыйға беріп отырған. Біз бұл әңгімеден халқымыздың осындай даналыққа негізделген бата беру дәстүрінің жарқын көрінісін көрдік және бала Абайдан болашақтағы «Дана Абайды тани білген Барлас ақынның көрегендігін түйсіндік.

Оқу бағдарламасында 6-сыныпта «Біржан сал Абай аулында» үзіндісінен кейін «Типтік образ» ұғымы туралы түсінік беру көзделген. Оқушылардың типтік образ туралы білімдерін бекіту үшін, сондай-ақ әңгімедегі Әуезов кейіпкерлеріне шоғырланған қазақ қоғамының өткен ғасырдағы бір алуан ұнамды қасиеттерін, болмыс-бітімін шығармашылық жолмен түсіндіру үшін төмендегідей «Жинақтау- даралау» кестесі арқылы топтық жұмыс жүргізуге болады:

1-топ: Абай -халықтың ұнамды қасиеттерінің типтік үлгісі

Р/С

Жинақтау- халықтың ұнамды қасиеттері.

(Мұғалім тарапынан ұсынылады.)

Даралау- мәтіннен Абай бейнесінен мысалдар келтіру.

(Оқушылар орындайды.)

1

Қөзі ашық,көкірегі ояу, ән-жырды сүйіп тыңдайды.

Әншінің «Біржан сал» атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы қоңыр сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі-Абай.

2

Өнерді құрмет тұтады.

--Ел ақтаған бір әнші болушы еді. Тілін безеп.жанын жалдап. Тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді.

Үн түзеген бір әнші болушы еді.Кім көрінгеннің қосшысы. Ән қадірін түсіріп. Бір атым насыбайдан арзан ететін еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам

3

Отбасылық туыстық құндылықтарды құрметтейді.

Құдайберді өлерде, Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар» деп, «жетімдік көрсетпеспін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін.

4

Байлық, мал-мүліктен өнерді, бай-бағыланнан жарлы өнерпазды биік қойған.

«Өнерпаз болсаң, өр бол» дейді, Біржан аға. Жарлы бол, жалқы бол, ол-кемшілік емес. Өнерлі ақын,асқақ әнші болсаң- ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті.

5

Ән өнерін, сөз өнерін тәрбие құралы деп санап, жастарды өнер құдіреті арқылы тәрбиелеген.

«Бар,көр. Шын өнерлі, қызықты болса,елге әкел.Жас буын өнер үйренсін,үлгі алсын. Мен де көмекші болармын» деген.





ІІ-топ: Біржан сал – сал-серілердің типтік үлгісі

Р/С

Жинақтау -- сал -серілер бейнесі

(Мұғалім тарапынан ұсынылады.)

Даралау – Біржан сал бейнесі бойынша.

(Оқушылар орындайды.)

1






Олар елдің еркесі, әрқашан сыйлы қонағы болған.

Бұлар қазір төрдің тап ортасында, жағалай көрпе үстінде, ақ жастықтарды шынтақтаған сал-серілер. Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі- мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең маңдайлы,

нұрлы жігіт. Ол- Біржан сал.

2

Сегіз қырлы, бір сырлы, суырып салма ақын,әнші. сазгер болған.

Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері- Біржан.

3

Байлық, мал-мүлік жинауды мақсат етпеген. Басты байлық- рухани өнер деп бағалап, көп жағдайда кедейшілікте, үстем тап өкілдерінің зорлығын көре жүріп, өмір сүрген.

Ол-Біржанды жаңа Абай айтқан «бай,бағлан» дегендердің бірі сабап күйдіргенін ашық айтқан ән болатын.

4

Әсем,сән-салтанатпен киінеді.

Үстінде қара мақпал, кең ,жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, «сері жаға» ақ көйлектің сыртынан киген сұрғылт түсті, қытайы жібек кемзалы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі.

5

Өнерлі жастарды іздеріне ерте жүріп, өнерге баулыған рухани ұстаз.

Жұрт көзі тегіс Әмірге қараған еді. Ол ақырын тыңқылдатып, өзі домбырасына Біржан үйреткен «Жиырма бес» әнін салып отырған.

... Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұқққан әнін айттты.


ІІІ топ: Әңгімедегі қазақ қызы бейнесінің типтік үлгісі

Жинақтау

Кейіпкер

Даралау

(Оқушылар орындайды.)

(Мұғалім ұсынады)

Қазақ қыздары сұлулыққа, тазалыққа ерекше мән берген. Әсем киініп, әшекей бұйымдарын тағынып жүрген. Әрбір ата-ана «қыз бала-қонақ» деп, үй ішінде еркелетіп, еркін өсірген. Домбырамен ән салу, айтысқа түсу сияқты дәстүрлі өнерлерді меңгерген. Қыз балалардың көпшілік алдындағы , сондай-ақ өз үйінен ұзатылып, жас келін болған кезінде ұстанатын өзіндік әдеб- иба дағдылары қалыптасқан

Керімбала

Шошақтау боп біткен үлкен қой көзді, ақ-қызыл жүзді,қалың шашты Керімбалада саналы қайрат бар,ұстамды,сырлы салмақ бар. Сонысымен ол әрі сәнді, әрі өзгеше біткен сұлу.

... Көп сақиналы,үлкен білезікті аппақ қолын көтере түсіп, жігітке сыпайы тілек етті.

Балбала

Аппақ , кесек сұлу ақ тістерін сұлу қызыл еріндері аша түсіп, қайта жасырып, Балбала езу тартады.

Үмітей

Ақша маңдайлы, кең сұлу жүзді Үмітей ашық үнмен сыңқ-сыңқ етіп, үй ішіне естірте күледі.Ән,домбыра кезегі жағалап, осы Үмітейдің өзіне келгенде, о да іркілмей «Баянауылына» бастады.

Соны кәмшат бөрік,алтын сырғалы, ең сәнді киімді сұлу қыз айтты да, жүзіндегі әншейіндегі жұқалау қызылынан айрылып, аппақ тартты. Оң жақ бетіндегі әдем қап-қара меңі айқындап барып тоқтады.

Әйгерім.

Бұның жас сәулелі жүзінде кішілеу қара көзі, әсіресе естен кетпестей. Аса сыпайы қарайтын ойлы,нұрлы көзінде бөлек бір шұғыла бар. Жаңа жеткен жастық, тазалық шағында, ақ жүзді, сұр жүзді қара көз әйелдерде оқта-текте кездесетін осы шұғыла, кейде қоңырқай көлеңке реңденіп, көзінің астына ұялап тұрады.


Бұл жұмыс орта буын сыныптардың білім дағдысына қарай мұғалім мен оқушылардың бірлескен әрекеті ретінде жүргізіледі, яғни мұғалім оқушыларға кейіпкердің типтік бейнесін ұсынады. Оқушылар мәтін бойынша кейіпкердің даралық бейнесін ашады және осы арқылы жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға көшу білімі қалыптасады.

Оқушылар мен мұғалімнің бірлескен әрекеті ретінде жүргізілетін мұндай жұмыстарды, оқушыларға ұсынылатын нұсқау-көмектерді сындарлы оқыту теориясындағы «Көпіршелер» метафорасымен сипатталатын интерактивті мүмкіндіктер ретінде қарастыруға болады, яғни «Көпіршелер оқушыға ЖАДА аясында қолдау көрсетіп, біреудің көмегінсіз орындай алмайтын тапсырманы орындауға мүмкіндік беру үшін мұғалімдер ұсынатын интербелсенді мүмкіндіктерді сипаттау үшін қолданылатын метафора. ...Оқушының аса епті және хабары мол адаммен интерактивті вербалды алмасуы нәтижесінде біртіндеп сыртқы, әлеуметтік-жанама диалог орнатуы , күнделікті міндеттерді шешуге қатысуы әлеуметтік тәжірибе ретінде бала бойына сіңіп, оның өз бетімен ойлануына қатысты ішкі жеке қоры ретінде қалыптасады. Басында мұғалім міндеттерді өз бетінше және сәтті орындау үшін қажетті тілдік және танымдық құралдарды береді.Тәртіп пен тілді модельдеу, оқушыны өздері қатысатын үдерістер және рәсімдермен таныстыру арқылы мұғалім оқушының біліктілік, сенімділік және өз бетінше әрекет ету қабілеттілігін дамытады».

Мен мектеп мұғалімі ретінде осындай жұмыстарды жүргізу арқылы Елбасымыз ескерткен «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген қауіптің алдын алуға үн қостым деп есептеймін. Өйткені бүгінгі жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақты ұлттық болмысмыздан, салт-дәстүрімізден ажыратпау,адастырмау , жат ағымдардың шырмауына түсірмеу – біздің мұғалім ретіндегі міндетіміз.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!