Материалдар / АБАЙ МҰРАСЫ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

АБАЙ МҰРАСЫ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбайұлынан кейін де талай дүлділ жарып шығып, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, хакім Абайдың жұлдызы биік тұратындығы неліктен? Ол ең алдымен Абай шығармашылығың әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
21 Ақпан 2024
185
0 рет жүктелген
1300 ₸
Бүгін алсаңыз
+65 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +65 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

АБАЙ МҰРАСЫ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ


Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық. Дана Абай туылғанына 179 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармалығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар.

Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбайұлынан кейін де талай дүлділ жарып шығып, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, хакім  Абайдың жұлдызы биік тұратындығы неліктен?  Ол ең алдымен Абай шығармашылығың әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.

Бүгінгі қазақ қоғамы – дана Абай айтқан дерттерден толық арылып кетті ме? Абай заманындағы күрделі саяси-әлеуметтік ахуал, жаңа Қазақстанның басынан толықтай тәркі етілді ме?

Әрине, Абай заманынан бері, қазақ елі өте үлкен ғаламдық өзгерістерді басынан өткерді. Патшалық Ресей билігінен кейін, Кеңестер Одағы тұсы халқымыз үшін тәлкекті, нәубетті болса да, ауыртпалықтарды қайыспай көтере білген ел дамудың даңғыл жолына бет алған кезеңдер болды. Қазақ жері формацияларды алмастырды, индустриализацияны, ғылыми-техникалық прогресті,  ғылым мен білімді игерді,   кешегі заманнан елдің тұрмыс-тіршілігі мен санасы елеулі өзгерді. Тәуелсіздігін алған қазақ елі жаһандық ықпалдасу көшінен кейін қалмай, шекарасы айқын, әлемнің барлық елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатқан, өз алдына серпінді мақсаттар қойған, даму сатысынына жаңа белесіне қадам басқан мызғымас ел. Алайда, Абай шығармашылығына өзек болған мәселелер олар – мәңгілік тақырыптар. Жан мен тәнмен жаратылған адам баласының рухани өмірінде мәңгілік болатын діңгекті мәселелер. Материалдық, техникалық тұрғыдан адамзат қоғамы қаншалықты дамып, өмір сүру тым қолайлы әрі жеңіл, ыңғайлы болғанымен, адамның жан мен тәннің қосындысы екендігі, оның санасы, ақыл-ойы,  ішкі жан дүниесі, руханияты мен ділі қатпарлы болатындығы белгілі.   Абай заманынан бері, адамзат ақыл ойы, әсіресе, әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті елдерінде жаңа деңгейге көтерілді. Ол елдерде дамыған азаматтық қоғам мен құқықтық сана, құқықтық мәдениет адам баласының бақытты өмір сүруіне мол мүмкіндіктер беруде. Қазақ қоғамы – адами қасиеттер, менталдық, руханияттық тұрғыда қаншалықты ілгері дами алды? Абай сынды ұлы қаламгерлердің ойларының құдіреті әрбір жеке адамның жеке қасиеттерін қозғаумен қатар, тұтас бір ұлттың, мемлекеттің адамгершілік келбетін таразылайды, тіпті ол шеңберден де шығып, тұтас адамзат баласының адамдық қасиеттерінің сапасын анықтайды. Ақынның этикалық мөлшерлерінің адамзат баласына ортақ мәңгілік құндылықтарға негізделгендігі себебінен  оның көтерген мәселелері қазақ баласы үшін ғана емес, барлық адамзат баласы үшін өте өзекті болып қала бермек.

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей.

Абай бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.

«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…» [2, 25], — деген тұжырым ұсынады.

Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз…»[2, 32] — деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын беc нәрсе не?» деген сұраққа Абай:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…» [ 2,32]— деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар.

«Бес дұшпан» — Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық-әдеп нормалары. Абай «Бес асыл» ісінде нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанында»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз…» [2,33] — деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жаман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық т.б. толып жатыр. Президентіміз Қ.Тоқаевтың таяуда жарық көрген мақаласы соңында: «Абай бізге нені аманаттады? ...Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба?» [3, 5] дейтіні сол.

Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан сақтандырмақ болды. Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі қызметіне айрықша мән береді. Туған халқын барынша сүйгендіктен, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, соны жоюға күш салды. Өз мінін көре алмаған халықтың прогреске ұмтылмайтынын түсінді. Сондықтан ол кертартпа патриархалдық-феодалдық дәстүрлерге қатал да батыл қарсы күресті, әлеуметтік өмірдің жаңа да озық өлшемдерін уағыздады. Өз шығармаларында прогресшіл әлеуметтік күштердің мүддесін қорғады. Кемеңгер Абайдың әлеуметтік ойлары – әлеуметтік іліміне қосылған үлес.

Енді ойшыл айтқан адамның үш феномен қасиетіне келер болсақ, олар: қайрат, ақыл, жүрек. Осы үш қасиетті бірдей ұстаған кісі – кемел (толық) адам, яғни кісінің әулиесі сол, – деп ұқтырады Абай. «Толық адам» идеалы ұстаздың әлденеше пәлсапалық жырларын көктей өтетіні белгілі. Мысалға «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде ақын:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек [2, 46]–десе, ал «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деп басталатын өлеңі соңында былайша түйін түйеді:

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [ 2, 37].

Осымен, енді «бес асыл іс» пен «үш қасиет» байланысын барлауға ауысайық. Бір қарағанда екі таным арасы алшақ, өзара байланыс бары көрнеу емес. Бірақ, тереңге, ішкі сырға үңілсек, оларға «адам бол!» идеясы ортақ. Демек, бес асыл іс (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) және үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) арасы осы «көпір» идеясы бойынша ажырамастай өзара кіріге өрілуге тиіс. Сонда Абай «Бес нәрседен қашық бол» және «Бес нәрсеге асық бол» деуімен өмір сүрудің моделін анықтап берген. Ол бойынша жан тәнді (яки сана тұрмысты) билеуі шарт. Абай діттеген табиғи модельге  құлақ аспасақ, сөз жоқ, рухсыздық пен құдайсыздық ауадай жайылып, төмен қарай құлдырау жалғаса бермекші. «Бес асыл іс» философиясынан алар ғибрат, түйер түйін осы. 

Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның өз мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат пен бек көп нәрсе… бұл қуаттың ішінде артық қуат бар… ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты». Ақын: «… ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» — деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана көмектесетінін еске салады. Адамның бірқатар жағымды да, жағымсыз қасиеттерін көрсете келіп, олардың табиғатын түсіндіруге тырысады.

«Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,

Не түсер қу түлкіден жыртың-жыртың…»[2,57] , — деп тиянақтылық пен ұстам-дылықты адам мінезінің жақсы қасиет-теріне жатқызады.

Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғаған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға…», «Абиыр қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?…», «Достық, қастық, бар қызық жүрек ісі, Ар ұяттың бір ақыл-күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі»[ 2,65 ], — дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен…», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», — деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары алдында жасалған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндайларға Абай төмендегідей теріс бата береді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілімен қулық салған заңы құрсын». [2, 47]

Адам болудың бір шарты – Ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз – адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. Абай ұяттыларға мейірленсе, ұятсыздардан жиіркенеді де: «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде», «Жігерлен сілкін, Қайраттан беркін!» [2,24] деп насихат бергенде; «Ұятсыз, арсыз салтынан Қалғып кетер артынан» [ 2,42] деп, ұятсыздарды сөгіп, «осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да, ол істен, мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» — дейді. Ар, ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым – Намыс. Ақын бұл ұғымға да ерекше мән береді. «Бұрынғы ата-бабаларымыздан артық екі мінезі бар: соның екіншісі – намысқор келеді екен». Ар ұяттан айырылған, намыс дегенді білмейтін, білгісі де келмейтін болыстарды Абай мысқылдай кекетіп, өткір сатиралық тілмен түйреп:

«Сүйегім жасық, буын бос,

Біраз ғана айлам бар,

Айлам құрсын білемін –

Болыстықтың жолы тар

Қайтіп көмек болады,

Антұрған өңкей ұры-қар?

Көргенім әлгі ойлашы,

Ұят, намыс, қалды ма ар?…» [2,26] - деп налиды. Не құдайшылыққа, не адамшылыққа жатпайтын, ардан бездіруге итермейлейтін «жарлы болсаң, арлы болма ма», жалқаулыққа, сұрампаздыққа, жылпостыққа шақыратын «Қалауын тапсаң қар жанады, Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», ұрлыққа, мейірімсіздікке бағыттайтын «Алтын көрсе періште жолдан таяр», «Ата-анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті» дейтін, ата-анасын малға сатуға бейім тұрған опасыздардан, сатқындардан «бек сақ болу керектігін» қатты ескертеді.

Ақын адамгершілік, мораль мәселесін сөз еткенде жақсылыққа: адамшы-лық, адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік, еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық, қайраттылық, кісілік, қанағатшылдық, рахымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық, сабырлық, сертке беріктік, табандылық, татулық, тәуекелшілдік, шүкіршілік т.б. қасиеттерді, жамандыққа: арамдық, азғындық, айлакерлік, парақорлық, арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық, алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық, әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық, паңдық, әсемпаздық, бақастық, борышқорлық, өсекшілдік, на-дандық, менмендік, әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік, жалақорлық, мақтаншақтық, жарамсақтық, залымдық, жылпостық, қияңқылық т.б. жиіркенішті мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі этика, адамгершілік, түсініктері әділдік пен әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақаты-настарын түсінуге арналған.

Ақын білімді деген ұғымға өзінше ерекше мән береді. Абайдың түсінігіндегі білімді адам – адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды (әкелі-балалы, алыс-жақын, туыс-тума, үлкен-кіші, ерлі-байлы, жолдастық, достық) дұрыс түсіне білетін адам. Мектептен алған білімін адамгершілікпен ұштастыра білмейтіндерді Абай адамсымақтардың ең үлкен наданы, арамы екенін айта келіп:

«Осы жасқа келгенше

Өршеленіп өлгенше,

Таба алмадық еш адам

Біздің сөзге ергенді,

Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып,

Шықтық міне белге енді…»[2,51]—деп тоғыршылықтан адамдыққа, білімсіздіктен білімділікке қарай күрес жолында өткен өмірін баяндайды. Абайдың бұл ойлары «жақсылық ақиқатпен бірге болады, жамандық білімсіздіктің салдары», сондықтан да «өзіңді-өзің таны, өзіңді-өзің біл» деген этикалық принциптермен ұштасып жатыр.

Абайдың адамгершілік туралы, Адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайхамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай 19 ғасырдың ортасында дүниеге келіп, 20 ғасырдың басында бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек.[4,113].

Ұлы Абай ақын: “Жастық шақ – өмірдің асыл шағы, осы бағалы уақытты бос жібермеу керек. Әдемілік пен күш бәрі жастық шақта болмақ. Ал, адамды әдемі де күшті ететін оның ақылы мен білімі ары қарай еңбегі!”, – деп өнеге еткендей, тәрбиелеп оқытып отырған жастарымызға дұрыс бағыт пен бағдар беру – біздің ұстаздық міндетіміз. Абай мұрасы арқылы әр студенттің білімге деген құштарлығын, ғылымға деген сүйіспеншілігін оятуымыз қажет. Жарқын болашақта өмір сүріп, дамыған елдермен иық тіресе қатар тұру үшін ең алдымен, терең білім мен рухани тың серпіліс қажет. Сол себепті Абай шығармашылығын осы заман келбетімен зерделеп, қазынасы тереңде жатқан ұлттық құндылықтарымызбен жастарды жете танытуымыз керек!



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


1. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.

2. Абай. Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ: өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: «Білім», 2010.

3. Қасым-Жомарт Тоқаев. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан». // Егемен Қазақстан. 2020, №5.

4. Ғарифолла Есім. Хакім Абай. «Қазақ философиясы мен өркениетінің мәселелері» жинақ. Алматы «Қазақ университеті», 2011.





Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!