Материалдар / АБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕР
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

АБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕР

Материал туралы қысқаша түсінік
Абай Құнанбаев шығармаларындағы ойлар мен идеяларды түсінуге көмектесетін жұмыс
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
24 Маусым 2021
267
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

АБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ

ОЙ-ПІКІРЛЕР



Ұлы ойшыл, хакім Абайдың шығармаларында ұлт болмысы, дүниетанымы, сана-сезімі, рухы көрініс тапқан. Оның шығармашылық мұрасы – халқымыздың сан ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани байлық болып саналады. Заман ағымы өзгеріп, қоғамдық санада жаңғырулар орын алған сайын, Абай мұрасы өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түседі. Ұлттық болмысымызды жаңа заман талабына сай жаңғыртуды көздесек, асыл сөзден нәр, ақиқатты жол іздесек ұлы ойшылдың мұрасынан рухани нәр, бағыт-бағдар аларымыз анық. «Қазақ елінің киесі мен арына» балаған ұлы ақын сөзі мен өнегесін ұлықтау, халқымыздың рухани өзегіне айналдыру бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі саналады. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында "Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі" деп атап өткен еді. [8.]

Ұлы ойшыл арнайы философиялық еңбектер жазбаса да оның шығармалары философиялық терең толғаныстарға, өзекті идеяларға, бастамаларға толы болып келеді. Ұлы ойшылдың дүниетанымы мен шығармашылығының қалыптасуына үш идеялық қайнар көз айрықша ықпал жасады:

1.Қазақтың ауыз әдєбиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштері;

2.Ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;

3.Орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті және Батыс Еуропа ойшылдарының еңбектері;

Ойшыл ақын ежелгі заман философтары: Сократ, Платон, Аристотель, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды, Батыс Еуропа және орыс философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декрат, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л. Фейербах т.б. еңбектерін оқыды. Батыс және шығыс философиясы, ғылымы мен мәдениеті үлы ойшылдың рухани жетілуіне елеулі рөл атқарып, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін өз дүниетанымында тамаша ұштастырды.

Абай сынды әлемдік ауқымдағы ақыл-ой алыбының тарих сахнасына шығуының өзі XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында болып жатқан түбірлі өзгерістермен тікелей байланысты болды. Ол қазақ даласына белсенді түрде ене бастаған капиталистік қоғамдық қатынастардың ықпалын пайымдады.. Соның арқасында ұлы ақын рухани қазыналардың жаңа жүйесін түзіп, елдікке апарар жолда етектен тартар ескілікпен күресе жүріп, өмір мен адамның, мәдениет пен қоғамның парқы мен мәнін ұғындыратын философиялық жаңа ұғымдар мен ұстындарды қалыптастырады. Абайдың рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы: ол Шығыс философиясының негізгі мәні болып табылатын «толық адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасын шын мәнісінде қазақ халқының зерделі ойы мен өмірінің энциклопедиясы деп санауға болады.

Адамның биік тұлға болып қалыптасуы барысындағы барлық адамгершіліктік, әлеуметтік, философиялық, дүниетанымдық, саяси, этикалық-эстетикалық қасиеттері танымдық, теориялық деңгейде ғана емес, практикалық, тәжірибелік тұрғыдан да жүзеге асуы керек. Толық адам қоғамға, халқына, мемлекетке, жалпы адамзатқа игі бастамаларымен пайдасын тигізетін әлеуметтік тұлға. Абайдың бұл идеялары бүгінгі күнгі"Мәңгілік Ел" идеясының қағидаларымен үндес келеді. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Абайдың рухани әлемі – ерекше бір тылсым дүние, ал оның негізгі зерттеу объектісі – адам. Адамның эстетикалық, этикалық бет-пернесі, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, болмысы, ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылды терең тебіреністерге түсірген. Олардың негізінде адам және кісілік философиясы жатыр. Абай былай дейді: «...Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес...». Өйткені, адам мәселесі, оның дүниемен қатынасы, адамның өмірі мен тұрмысының мәні философияның негізгі өзегін, басты мәселесін құрайды. Шығыстың өзге ұлы ойшылдары сияқты Абай да қоғамның жақсарып, жаңғыруына адамдардың ар-ұжданын жетілдіру жолымен қол жеткізуге болады деп қатты сеніп, халқын сол жолға салсам, оған барынша мол пайда келтірсем деп есептеген. Оған өзінің үздіксіз идеялық-мәдени ізденуі толық кепіл.

Абай шығармалары мен дүниетанымындағы басты идея - ағартушылық идеясы, білім мәселесі. Абай қазақ халқына білім және ғылымды ерекше құндылық ретінде ұсынды. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы. Ол өзінің «Екінші сөзінде», «Жетінші сөзінде», «Сегізінші сөзінде», «Оныншы сөзінде», «Он сегізінші сөзінде», «Он жетінші сөзінде», «Жиырма бесінші сөзінде», «Қырық үшінші сөзінде» ағартушылық, білім, ғылым, өнер мәселесін көбірек қозғайды. Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім – білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық, мінездерді шенеуге арналады. «Отыз сегізінші сөзінде» Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық», дейді. Абай өзінің Жетінші сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары ... Біреуі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп тұрады. Бұл – жанның құмары ... Адамның рухани тұлға ретінде жетілуі үшін жан құмарлығының, білімнің, ғылымның маңызын айрықша бағалайды.

Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әр қайсысы өзін бірінші орынға қойып, таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке –жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғалым. Демек Абай жүректі, яғни адам-адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды.

Абай қазақты өнер үйренуге, кәсіпті дамытуға, еңбекке, тіпті сауданың да мәнісін білуге шақырды. «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлан, мал тап», дейді. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуға шақырды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», - деп түйіндеді. "Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық", – деген сөзінде пайымды философиялық тұжырым, ой жатыр. Сондай-ақ, Абай бос даурыға, бекер мал шашуға, өтірік айтуға, жалқау болуға қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз» - деп Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз»- деген өсиет айтты. Аянбай еңбек етудің арқасында ғана адам дұрыс тұрмыс құра алады, ағайын-туысқа шапағаты тиіп, құрметке бөленеді деп тұжырымдайды. Абайша сену үшін алдымен түсіну қажет. Оның бұл ойлары Пьер Абеляр, әл-Фарабиге жақын. Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының аясында қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкінділігінің шексіздігі туралы идея туады. Ал Адам – өз тағдырының қожасы және құрушысы. Адам тіршілігінің бірегейлігі, жердегі тіршілігінің құндылығы әр адам жанының қайталанбас сонылығы идеялары – Абай тұжырымдамасындағы негізгі идеялар. Ойшыл ақынның әдеби мұрасының идеялық мазмұны мен ішкі логикасын тұтастай қорытындылайтын болсақ, Абай рационализм мен демократизм бағытын ұстады деп толық айтуымызға болады.

Абай табиғаттың объективті шындығын, әлемнің адамдар еркінен, қалауынан және санасынан тыс өмір сүретінін мойындайды. Ойшылдың пікірінше, табиғатта бәрі объективті түрде өмір сүреді, барлығы да белгілі бір заңдылыққа сай және соған бағынады. Табиғат құбылыстары қозғалыста және даму үстінде, өзара байланысты. Сонымен бірге адамның өмірі өзгеріссіз тұрмайды деп тұжырымдады. Мысалы,

«Дүние-үлкен көл,

Заман-соққан жел,

Алдыңғы толқын-ағалар,

Артқы толқын-інілер,

Кезекпенен өлілер,

Баяғыдай көрінер».

Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салып, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды. Оған 1886 жылы жазған өлеңіндегі: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. жақсы менен жаманды айырмадың. Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», - деген сөздері дәлел болады.

Абайдың дүниетанымында Құдай мен табиғат, адам мен құдірет, жан мен тән, өмір мен өлім көп орын алды. Осылардың бәріне прогресшілдік тұрғыдан жауап іздеді. Абай, бір жағынан, Құдай бар деп, түсінсе, екінші жағынан, дүниенің, әлемнің объективтік заңдылығы бар екенін мойындайды. Сондықтан ғылымды меңгеруге, дүниені түсінуге шақырды. «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз» дегені немесе «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілімен кеш сермедім» дегені осының айғағы. Абайдың ойынша адамның ақылдылығы, саналылығы дүниені зерттеумен, оның ішкі сырын білумен тығыз байланысты.

Таным тұрғысынан Абай сананың, ақылдың рөлін жоғары бағылады. Дүниені тану, ақиқатты білу, ғылымды меңгеру Абайдың пікірінше, адамға тән қасиет болуға тиіс. «Дүниенің көрінген сырын түгелдеп, ең болмаса біртіндеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуаның жаны болады», - деп жазды. Абай шығармаларында, оның дүниеге көзқарасында стихиялық диалектиканың да орын алғанын байқауға болады. Айналадағы дүниенің мәңгі қозғалыста, дамуда екенін былай түсіндіреді: «Дүние бірқалыпта тұрмайды, адамның қуаты, өмірі бір қалыпта тұрмақты берген жоқ». Немесе «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел», - дейді Абай «Отыз жетінші сөзінде». Оның ойынша, дүниеде өзгермейтін, құбылмайтын мәңгілік ешнәрсе жоқ. Табиғатқа да, адамға да осы заң ортақ екенін айтады. Мәселен, «Отыз жетінші сөзінде» Абай: «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», - деп жазды. Олай болса адамды тәрбиелейтін оның әлеуметтік ортасы, достары болмақ. Былайша айтқанда, адамның жаман, не жақсы болуы құдайдан емес, тәрбиеден екенін мойындайды. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - дейді Абай. «Ұялмас нәрседен ұялу – ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.

Абайдың дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірбиесінің нәтижесінен туындайтын табиғи құбылыс. Сондықтан да Абай «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», - деп атап көрсетеді.

Абайдың «Толық адам» формуласын көтерді. Бұл – өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Яғни, философиялық антропологиясында адамды дүниенің ең маңызды бөлігіне жатқызады, оның бойындағы асыл қасиеттерді сипаттайды, адамның қасиеті; ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Өз шығармаларында ол адамға мейірбандық көрсету, сұлулыққа ұмтылу – жоғары имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп санады. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы. Абайдың «толық адам» тұжырымы терең зерделеуді қажет етеді. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек.

Қорыта келгенде, ұлы ойшылдың рухани мұрасы қазақтың қоғамдық - философиялық ойы мен мәдениетінің дамуын жаңа белеске көтерді, «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», - деп Елбасы Н.Назарбаев айтып өткендей ұлы ойшылдың дүниетанымы, философиясы – қазақ халқы рухани байлығының жинақталған біртұтас көрінісі. Абайдың «Адам бол!» "Толық адам"идеясы, шығармашылық мұрасы – бұл халық даналығының, шығыс және батыс мәдениетінің синтезі, адамзат құндылығы.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Есімов Ғ. Хакім Абай (даналық дүниетанымы). – Алматы, Атамұра-Қазақстан, 1994. 28. Есім Ғ. Абай туралы философиялық трактат. – Алматы, Қазақ университеті, 2004.

2. Абайдың дүниетанымы мен философиясы. – Алматы: Ғылым, 1995.

3. Абай. Қара сөз. Поэмалар. – Алматы: Ел, 1993.

4. Ғарифолла Есім. Абай хәкім // Абай Құнанбайұлы. Ұлы Дала Тұлғалары сериясы. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013.

5. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999.

6. Сыдықов Е.Б. Шәкәрім: ғылыми-танымдық басылым. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013.

7. Назарбаев Н.Ә. Абай туралы сөз. Кіріспе // Абай Құнанбайұлы. Ұлы Дала Тұлғалары сериясы. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013.

8. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы

Қазақстан» атты мақаласы. 9 қаңтар 2020.







Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!