Материалдар / Әбдіжамал Нұрпейісов "Қан мен тер" трилогиясы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Әбдіжамал Нұрпейісов "Қан мен тер" трилогиясы

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақала Қан мен тер трилогиясының кейіпкері туралы жазылған. Оның қиын тағдырын ақын өте керемет жеткізген.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
05 Мамыр 2020
3641
7 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Үшкөз ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан өмірін болашақ көркем дүниелеріне оқиға өзегі етіп алды.

Ә.Нұрпейісов 1956 жылы Москвадағы М.Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдап, шығармашылық жолға түседі. 1962-1964 жылдары “Жұлдыз” журналының редакторы болды. Содан беріде таза жазу жұмысымен айналысып келді де, соңғы уақытта ПЕН-Клубтың қазақ бөлімшесін, “Таң-Шолпан” журналын басқарып жүр.

Тұңғыш романы “Курляндия” 1950 жылы жарияланып, кейіннен “Күткен күн” деген атпен (1958) өңделіп, екшеліп жарық көрді. Ол – “Сең”, “Соңғы парыз” роман-дилогиясының, “Толғау” атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы – «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деп аталатын үш кітаптан тұратын, ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы, әлеуметтік-психологиялық типті шығарма. «Қан мен тер» трилогиясының бір ерекшелігі – романның сюжет желісі, оқиғаларының барысы характерге байланған, романының қозғаушы күші – характер. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» өршіл мінезді, намыскер Еламан – қарапайым балықшы. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған Еламан өмірі кездейсоқ оқиғадан кілт өзгереді. Промселдің қожайыны «тентек Шодыр» балықшыларды әлі қата қоймаған теңізге айдап салады. Іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды емес, ауын сұрастырған Шодырды сүйменмен салып өтеді. Трилогияның екінші кітабы «Сергелдең» қазақ даласындағы Патша құлап, Қос үкімет орнаған кездегі әлеуметтік қайшылықтардың өршуін көрсетеді. Түрмеге қамалған, соғысқа қатысқан, кейін Шалқарға келіп теміржолға жұмысқа орналасқан Еламан біраз дүниені түйсінген. Сюжет пен композиция Еламан характерінің осынысынан туындайды. Майданда төбелес үстінде арашалап, Шалқарда жұмысқа орналастыруға көмектескен Мюлгаузенмен жұдырықтасып қалады. Осыдан соң ауылға оралған Еламан бастапқы кезде іштен тынып жүреді. Қайын атасы Сүйеудің үйіндегі баласын қолына алады. Көп ұзамай, теңізді иемденіп, ау салдыртпайтын Темірке мен Тәңірбергенге қарсы тұрады. «Қан мен тердегі» бітімі бөлек кейіпкер – Тәңірберген. Бұл бейне адамгершілік тұрғыдан әшкереленген – кісі еңбегін жегіш. Оның үстіне ұры ұстайды. Ел ішіне іріткі салушы Тәңірберген балықшылар ауылын екіге жарып, бір-бірімен өштестіріп қояды. Ақбалаға көрсеткен қиянаты, оның қатыгез келбетін толықтыра түседі. Трилогия тұтастайын ішкі монологтен тұратын Тәңірберген тағдырының соңғы күндерін суреттейтін тараумен аяқталады. Генерал Черновтың әскерін құм арасымен бастап жүрген Тәңірберген дүниеден баз кешіп, өмірден түңіледі. Ақылдымын, айла-амалым мен қулығымды бәрінен асырамын деп жүрген жігіт өзін аяусыз кіналап сөгеді. Романда бұдан басқа кескінделетін характерлер - Кәлен, Сүйеу, Ақбала, Айғаным, Мюлгаузен, Федоров, Қарақатын, Судыр Ахмет, т.б. Кәлен – тумысынан батыр, жаужүрек, дара тұлға. Еламанның, Тәңірбергеннің бейнесі Кәленсіз жүдеп қалар еді. Тағы бір келістіре жасалған образ – Судыр Ахмет, мылжың, қуыскеуде пәруайсыз жан тәлкекке ұшырайды да жүреді. Еңбекке қыры жоқтығы жағынан Қалау мен Төлеуге ұқсас. Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологке құрылған бұл роман нағыз замана эпосы.

Басты туындысы – “Қан мен тер” трилогиясы (1-кітап – “Ымырт”, 1961; 2-кітап – “Сергелдең”, 1964; 3-кітап – “Күйреу”, 1970). Ә.Нұрпейісов – халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.

Ә.Нұрпейісовтің бас қаһарманы Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана адам ретінде сараптағанда кінәлауға да болмайтын дағдылар Еламан жан дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс.

Фамилиясы да аталмайтын (әкесі – Науан) “қараңғы” Еламанның семьялық арнадағы тіршілік-тынысы – оның бүкіл адамдық тағдырын анықтаудағы, ар-ождандық ізденістерін, ашудағы негізгі тетіктердің бірі. “Қан мен тердің” тағы бір ерекшелігі халық бейнесін сомдауда елдің наным, сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілуі, жекелеген жандардың қоғамдық аренадағы орны мен тұрмыстық қалпын желілес суреттеу. Трилогиядағы психологиялық арна автордың әр от басындағы тіршілік дағдыларын кейіпкерлердің рухани өміріне тереңдеп бейнелеуден байқалады. Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штабс-капитан Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет ошағына дейін жіті назар сала, арнайы тоқталуды көреміз. Бұл әдіс роман қаһармандарына тиесілі әлеуметтік іс-әрекеттердің психологиялық түп-тамырын табуға, образдардың толыққанды сипатын ашуға тікелей жол бастаған.

Бір реттен М.Шолоховтың “Тынық Донын” еске түсіретіндей хал “Қан мен терде” Еламан – Ақбала – Тәңірберген жүлгесімен көрініс береді. Еламан басындағы сергелдең мен Ақбала кешкен адасу соқпағы, Тәңірбергеннің азап пен ар талқысында талықсуы – күрделі көркемдік-эстетикалық шешім.

Трилогияның сюжеттік-композициялық желілері де бір бағытта өрістегенімен, авторлық, лирикалық шегіністер роман оқиғаларын жаңа сапалармен толықтырады, қаһарманның есею үдерісін (процесс) ашатын, белгілі әрекеттердің психологиялық дәлелдемесін дайындаушы мәнді детальдар қызметінде жүреді. Бұл орайда “Қан мен тер”, “Ботакөз”, “Тоқаш Бокиндегі” тәрізді алма-кезектесіп отыратын фабулалық жүлгелерден гөрі “Ақ Жайықтағы” үзіліп, жалғасып отыратын, бір тартыстық арнаны екінші қақтығыстар арқауымен күрмей байлап, ілестіре дамытып отыратын күрделі композицияға құрылғаны аңғарылады.

Негізгі қаһармандардың қиын тағдырлардың тоғыстыратын жер-теңіз жағалауындағы кедей балықшылар ауылы. Мұндағы тіршілік қамымен орыс байы – Федоров (Тентек Шодыр) ауына жалданып, асымдық талға жау тауып, күн кешіп жүрген Мөңке, Дос, Еламан, Рай - әр кездері ағайынды Алдаберген софы, Құдайберген болыс (Қаратаз), Тәңірберген мырзалардың малын, жылқысын бағып, кейін намысқа тырысқанда, бөлек шыққан өркеуде кедейлердің ұйтқысы.

Еламанның ыза-кегін оятқан тек Федоров қысымы емес. Бала жасынан тартқан жетімдік тақсіреті. Тәңірберген әкесінің қиянаты, жас мырзаның өз өктемдігі, жеке басынан асып, аз ғана қуанышы – жанұя бақытына түскен шіркеу – осының бәрін ерте есейген зерделі жігіт тағдырдың әділетсіздіген санайды. Еламанды ешкім күтпеген оқыс қадамға (Тентек Шодырды өлтіру) жетелеген себептер авторлық баяндауда кедеспейді. Ә.Нұрпейісов кесек әрекеттердің психологиялық астарын жанама синтетикалық жолмен суреттеген.

Сібірге жер аударылған Еламанның ісін ел ішінде өр мінезді Кәлен жалғастырады. Бай ауылдың барымта-қарымтасымен жүрген дара бітім, оқшау істің адамы – Кәлен мен Абыралы әулетінің мүддесі де қайшылыққа келіп тіреледі.

Тәңірберген – жазушы сомдап түйген характер. Оған М.Әуезов эпопеясындағы Құнанбай, Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлкесіндегі” Игілік бейнелерінің әсер-ықпалы көп. Тәңірбергенде дала көкжалы – Құнанбайдың ірілі болмағанмен, айлакерлігі, Игіліктің дәуір, қоғам барысын топшылап, тез бейімделгіш елшілігі бар. Уақыт, орта, жағдай, мінез сипатына байланысты М.Әуезов қаһарманындағыдай асқақтығынан жымысқылығы басым, ал Ғ.Мүсірепов кейіпкеріне залымдығымен ұқсас. Олармен теңесетін – Тәңірбергеннің озбырлығы, менмендігі. Тәңірберген көзге сыпайы, кішіпейіл; ал іс-әрекеті, жасырын жоспраларымен, өктем, бұза жарып өтетін жанкештілігімен өзіндік характер ерекшелігін жасайды. Ә.Нұрпейісов күрделі жан, ой, ұғым иесін терең сарабдалдықпен, әр қырынан, байыпты арналарда суреттейді. Осынау жауыздыққа бейіл, қатары көп адамның романдағы мәңгілік философиялық ақиқатты жария қылатын мағыналы тұлғаға айналуы – қаламгердің жаңашыл шығармашылық тұғырнамасына дәлел.

Ботакөзде” Итбайды Кенжебай көтерілісшілермен бірге жазаласа, Кәлен мейманасы тасқан Құдаймендені жалғыз өзі тұншықтырады. Ақ көңіл, өнерлі, байыр жігіттің көп жағдайда Еламанға жетіспейтін қасиеттер: ерлік, шешімталдық, қызуқандылығы мен ақкөз ерлігі халықты соңынан ерте білетін көсемдікке лайық. Еламанмен бірге бастаған 1916-жылғы Арал өңірі кедейлерінің көтірілісі кезінде де Кәлен –соңғы айласы қалғанша ел алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қасындағы сарбасы үшін туған перзентін жау қолына тастап кететін дархан жаратылысы, оқшау жүректілігімен ерекшеленетін кесек тұлға.

Кәлен де, Еламан да заман талқысы қысқан шақта еркіндік іздеген жарлы қауымға көшбасшылық ететін халге жеке көңіл қалауымен емес, көпшілік тілегі, объективті заңдылықтар жасымен жетеді. Сарбаздардың өзін хан сайлау туралы ұсынысына қайырған жауабында Кәленнің таң қаларлық қарапайымдығы мен халықтың тарихи, адамгершілік наным, сенімі арқылы әбден сіңісті болған сергек даналығы айқын көрініс береді. Еламан алғашқы сойқан қылығынан басқа жерде әрбір қадамын есепке алып, көп толғанып барып, бір амалға келетін сақ та байсалды. Кәлен – бар істі ашу-ыза үстінде тындырып салатын, кейінгіні ойлап, сары уайымға түспейтін, наркескендей өткір.

Жазушы штабс-капитан Рошаль, генерал Черновтың ой-толғаныс, тіршілік характері арқылы іштей іріп-шіріген Колчак армиясын қызыға суреттеп кететін тарауларда негізгі тартыс арнасын Еламан, Тәңірбергеннің олармен кездесу оқиғалары нәтижесінде қоюланта түседі.

Бас кейіпкердің түрік шекарасындағы соғыстан алған әсері қиын-қыстау кезеңдерде рухани күш, моралбдық жігер беретін елестер түрінде еске алынып отырады. “Тар жол, тайғақ кешудегі” Петров, “Ақ Жайықтағы” Яковлевтің прообразы іспетті Мюльгаузеннің дарашыл психологиясы, авантюристік әрекеттері де өмір шындығын әр түсті бояулармен нанымды өрнектеу өнеріне кепілдік берсе керек.

Әр түрлі алдамшы типтердің, арамза одақтастардың шылауында кеткен жігерсіз Колчак армиясы халықтың ғасырлар бойы қанында тулаған ыза-кек толқынына бере алмайды. Ақтық шамасы қалғанша тістесіп өткен ақ гвардияшылардың қазақ даласында істеген қиянат-зорлығы елдің қатерлі жауға қарсы ынтымағын арттыра түседі.

Еламан үшін дәуір сапырылысы айқын нәрсе болса, Тәңірбергенге ол жұмбақ. Қорқыныш, үрей ассоциациялары таңданып, күдіктенуден, үміттенуден әлдеқайда басым. Тәңірберген тарихи-қоғамдық құбылысты діни-нанымдық фанатизм, сахара стихиясына ғана тән өмірлік қайшылықтар көлемінде бағалайды. Алайда әшейінде әдісқой, астыртын күрестің палуаны Тәңірбергеннің уақыт қаһарына қарсы шығар шарасы жоқ.

Трилогияда кескіндік анықтамалар мен пейзаж көріністерінің рөлі зор. Портреттің психологиялық айтарлары мол. Мысалы, романда Ақбала өңі, оның киім киісі, әдемі көзі, қалың шашы тәрізді негізгі сұлулық нышандары әлденеше рет қайталану арқылы соны жағдайлар табиғатына үйлес өзгерістерімен қамтылады.

Жазушы мезгілдік құбылыстарды көп жағдайда адамдардың ішкі сарайындағы толқындармен, тұрмыстық, мұраттық әуендермен желілес бейнелейді. “Қан мен тер” трилогиясымен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті үшін бұрын жан-жақты бейнелеу өрнегінен өтпеген Арал өңірі табиғатын өзіндік топографиялық ерекшеліктерін ашып кестеледі. Үлкен эпикалық полотнода теңіз стихиясы барша қатал сұлулығымен адамдар тағдырын, олардың кәсіп-тіршілігінің сипатын, арман-мұратын, сол жолдағы іс-әрекетін бедерлейтін көркемдік-эстетикалық фон ретінде шебер көрініс берді. Ә.Нұрпейісов шығармасындағы ландшафт реңі кездейсоқ алына салмайды, олар әр кездегі қаһармандар ғұмыр кешетін ортаның тарихи-әлеуметтік болмысын танытатындай кейіпте, жан толқынымен бірлікте суреттеліп, жазушының заман, қоғам, өмір қайшылықтары жайлы астарлы философиялық ой-сезімдеріне рухани тірек болады.

Уақыт тағы өзгерді екен деп романды түзетуге салудың қажеті болмас еді. Бұл уақыт - өткен мен бүгінді екшей бағалайтын, әр нәрсені байыбына қарап бағалайтын уақыт. Көп мәселе тарихи туындыларды парасатпен зерделеуге байланысты. Саналы көзбен қараған жанға “Қан мен терде” мол шынайылық, суреткерге тән машық бар.




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!