Ағылшын тілі сабақтарында оқушылардың жазылым
дағдыларын жақсарту жолдары
|
|
Ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде оқушылардың
жазылым дағдысын қолдануда қиналатындығы тәжірибеде мәлім. Мәселен
8-сынып оқушыларының оқу мақсаттарына жету кезіндегі яғни
формативті және жиынтық бағалау нәтижелері, сыншы дос ретінде
бір-біріміздің сабақтарымызға қатысу арқылы берілген кері байланыс
пен сабақ барысында жүргізген зерттеудің нәтижесінде көрінді.
Оқушылар сөйлемдерді дұрыс құрастырып, оларды бір-бірімен
байланыстыра алу дағдысы өмірде пайдалану үшін де, академиялық
жетістіктерге жету үшін ең қажетті дағды болмақ. Сол себепті
де мақаланың басты мақсаты — оқушылардың сөйлемдерді
бір-бірімен логикалық түрде байланыстырып, абзац, мәтін жазып,
жазылым дағдысын жақсарту жолындағы тиімді болған тәсілдермен
бөлісу.
Мақалада оқушылардың жазылымдағы негізгі
проблемалары мен грамматикалық инструкцияның жазылымды жақсартуға
әсерін анықтау және соның аясында қолданылған түрлі әдістерді
көрсету міндеттелмек.
Зерттеу әдістемесі
Оқу-үйрету әдістерінің ішіндегі жазу —
үйренушілердің және мамандардың баяндауы бойынша академиялық және
мансаптағы жетістікке жету жолындағы ең қажетті дағды. (Çavdar
and Doe, 2012, Hyland, 2013 and Lengelle et al., 2013).
Қазіргі таңдағы екінші тілде академиялық жазылымды үйрету туралы
әдебиеттерде жазылымның қоғамдық аспектісіне назар аударылады
(Spack). Алайда үйренушілер осы тақырыпта білімге
ие болғанымен, жазу үдерісінде сол білімдерін қолдануда
қиындыққа тап болады. (Hyland, 2013; Kellogg, 2008)
[1].
Жоғарыда көрсетілген әдебиеттердегі мәлімет
біздің жағдайымызға да қатысы бар. Аталмыш зерттеу жұмысын
жүргізу мақсатында ағылшын тілінен 8-сыныпқа сабақ беретін
4 мұғаліммен бірігіп пәндік топ құрылды. Зерттеу жұмысты
бастауға себеп болған проблемаларды нақты анықтау үшін тілді
меңгерудегі А, В және С-деңгейдегі оқушылардың жұмыстары негіз
болды, әсіресе жазудан қиналатын С-деңгейдегі оқушылар басты
назарда болды. Алдымен біздің пәндік топ жазылым дағдысы бойынша
сабақта бірізді абзац жазуды үйреткенде оқушылардың дұрыс сөйлем
құрудан қиналатындықтарын анықтады. Сонымен қатар Джон Пек және
Мартин Койльдің «Оқушының жазу нұсқаулығы» атты кітабында
оқушыларға бағалау кезінде ұпай жоғалтуға итермелейтін қарапайым
қателерден қалай арылуға болатындығын айтады, онда оқушыларға
жазылым дағдысын дамытуды үйрену үшін алдымен «дұрыс» сөйлем құрып
үйрену керектігі айтылады. [4]. Осыны негізге ала отырып, біз
жазуды үйретудің алғашқы қадамын ағылшын тілінде дұрыс сөйлем
құрудан бастадық.
Жазылымды үйретудегі тағы бір мәселе грамматика
болып табылады. Джеймс Д. Виллиамстің «Жазылымды үйретуге
дайындалу» деген еңбегінде Вайз (2001) интенсивті грамматиканы
үйретуде жұмысты орындауды жақсарту туралы дәлелдемелер жоқ екенін
жазып өтен [3]. Дегенмен, Джон Фостер ағылшын тілінде сөйлеуде
сөздер қалай бір-бірімен байланысатындығы және жазылым тілдің
құрылымы ретінде танылатыны туралы айтады. Құрылым мен ережелер
грамматика деп аталады. Сонымен қатар онда жазуды алдымен сөйлем
құрылымынынан бастауды және біртіндеп күрделі сөйлемдерге
т. б. көшуді ұсынады. Грамматиканы білетін ағылшын тілін
екінші шет тіл ретінде үйренушілерді бақылай келе, оларға жазуда
сенімділік беретінін және сөйлемдерді дұрыс құруда аса маңызды
екендігі туралы атап көрсетіледі [2].
8-сынып оқушыларының жазба жұмыстарын зерттей
келе жиі кездесетін қателердің келесі түрлері
анықталды:
1.
Сөйлем құрылымындағы қателіктер
2. Сөйлемдерді өзара байланыстыра білмеу
3. Абзацтарды дұрыс байланыстыра алмауы.
4. Ағылшын тіліндегі артикльдердің дұрыс
қолданылмауы.
Бұл
мәселені шешу үшін алдымен пәндік топ мұғалімдері екі аптада бір
рет кезекті кездесулер ұйымдастырып, оның алғашқы кездесуінде
оқушыларға арналған элективті және сабақтан тыс қосымша сағаттарда,
сабақтарда да грамматиканы қолдана алу дағдысын жақсартуға
бағытталған жоспар жасалды. Осы сағаттар оқушылардың грамматиканы
дұрыс қолданудың маңыздылығын түсінуіне ықпал етті. Жоспардың
жүзеге асырылуын қадағалау үшін пәндік топ мұғалімдерімен бірге
өзара сабақты бақылау жүргіздік және бақылаудан кейін бір-бірімізге
сындарлы кері байланыс бердік. Соның нәтижесінде сабақ жоспраларына
қажетті өзгерістер енгізіліп отырды. Осы мұғалімдердің бірігіп
жасаған орта мерзімді жоспарлауында тыңдалым және айтылымға
бағытталған сабақтардың орнына, екі сабақты сөйлем құрылымын
үйретуге арнадық. Сонымен қатар сол жоспарлау бойынша келесі аптада
оқушылар хат жазу керек болған. Осы өзгертілген екі сабақта
оқушылар жазған хаттары бойынша жақсырақ нәтижеге қол жеткізгенін
байқадық. Алайда сөйлем құрылымын үйрене бастағанымен, грамматика
жағынан әлі мәселенің шешілуі баяу жүргендігі байқалды. Оқушылар
ережелерді білгенімен, жазылым кезінде сол білімді жеткілікті
қолдана алмады. Ол үшін оқушылар жұмыстарының алғашқы нұсқасы
тексерілген соң, кері байланыс берілді. Содан кейін оқушылар сол
кері байланысты ескеріп, жұмысты қайта қарастырып және терең талдау
жүргізді. Ағылшын тілін үйренуде жазылым дағдысын дамыту үдерісі
бойынша жұмыстың екінші нұсқасы жазылуы керек. Оқушылар
өз жұмыстарын терең талдағаннан кейін қайта жазды, яғни екінші
нұсқасын жазды. Алайда мұнда біз әдісті өзгертіп, оқушылар қайта
жазарда жөнделген қателері және кері байланыс жазылған жұмыстың
нұсқасына қарауға тыйым салынды. Оқушыларға бұл сынақ қиын болып
көрінді. Нәтижесінде оқушылар өз қателерін қайта қайталамас
үшін кері байланысқа назар аудара бастады.
Джон Фостердің «Кел жазайық» атты кітабы
оқушыларға жазылым дағдысын дамыту жолында пайдалы құрал болды.
Үйретуде оқушылар қандай жазу жұмысын жазса да, жазу
үдерісінің бір екенін білдіру маңызды болып табылады. Онда жазудың
бес сатысын ұсынады және сол кеңесті біз шет елдік әріптес
мұғаліммен бірге сабақта қолдандық. Олар:
1.
Идеяларды жинау
2. Идеяларды таңдау және жұмыстың алғашқы нұсқасын жазу
3. Қайта жазу
4. Қарап шығу (тексеру)
5. Басып шығару
Ал жазуды үйретуде мынадай сатылар
қолданылды.
• Сөйлемнің құрылымын үйрену
• Абзац жазу (абзацтағы тақырыптық, дамытушы және қорытындылау
сөйлемдерін қамту)
• Абзацтарды байланыстырушы сөздермен байланыстыру
• Жұмысты қарап шығу
• Өңдеу
• Бірін-бірі тексеру
• Өзін-өзі тексеру
• Соңғы нұсқасын жазу
Тәжірибеден мысал
Сөйлемдерді абзацта бірізді етіп байланыстыруы
үшін «Гамбургер» әдісі қолданылды. Яғни абзацтағы алғашқы
сөйлем — тақырыптық сөйлем (Topic sentence), кейінгі сөйлемдер
сол сөйлемдегі идеяны баяндайтын және түсіндіретін сөйлемдер, онда
ғылыми фактілер және т. б. ақпараттар болады. Ал соңғы
сөйлем — сол идеяны қорытындылаушы сөйлем. Абзацтың көлемі
айтылған ойға және идеяға байланысты. Осы сөйлемедер бір-бірімен
бірізді байланыстқанда ғана жақсы абзац шығады. Осы дағды
әр сабақта қолданылып отырды.