Материалдар / Ә.Кекілбаевтың шығармаларындағы "Мәртөбе" топонимінің ұлттық-мәдени сипаты
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ә.Кекілбаевтың шығармаларындағы "Мәртөбе" топонимінің ұлттық-мәдени сипаты

Материал туралы қысқаша түсінік
Географиялық атаулардың ұлттық-мәдени сипаты тек табиғат пен мал шаруашылығына тән ерекшеліктермен ғана аңғарылмайды – топонимдердің мәдени-тарихи мағынасының да мәні бар.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
11 Мамыр 2021
642
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ӘОЖ 811.512.122'373.2


Ә.Кекілбаев шығармаларындағы «Мәртөбе» топонимінің

ұлттық-мәдени сипаты


Оразбаева Э. Б. ф.ғ.к.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Шымкент қ.


Резюме

В статье рассматривается функция топонимов, используемых в сочинениях А. Кекилбаева, их национально-культурные особенности и национально-культурное свойства топонима «Мартобе».


Summary

The article deals with the function of toponyms used in the works of A. Kekilbaev, their national and cultural characteristics and national and cultural properties of the toponym of "Martobe".



Көркем мәтінде қолданылатын топонимдердің негізгі қызметтері әдеби шығармада өрбітілген сюжеттердің, оқиғалар желісінің адрестік, яғни мекендік межелерін, тұстарын көрсету, сонымен бірге баяндалған тақырыпқа сәйкес тарихи-географиялық ортаны, көріністі суреттеу болып табылады. Кез келген көркем шығармада, әсіресе, көлемді көркем мәтінді туындыда негізгі тақырыпқа арқау болған үлкенді-кішілі оқиғалар шығарманың сюжеті мен фабуласы кейіпкерлер бейнесі мен географиялық кеңістік арқылы көрсетіледі. Басқаша айтқанда, көркем мәтіннің бейнелік-суреттемелік әлемінде әдетте немесе көп жағдайда антропонимиялық (кейіпкерлерге қатысты) және топонимиялық (географиялық фонға қатысты) әлемдері біртұтас эстетикалық қызмет атқаратынын байқауымызға болады. Көркем мәтінде көрсетілген сюжеттің және оқиғалардың “қозғаушы күші” адамдар болса, сол сюжетпен баяндалған оқиғалар белгілі бір географиялық кеңістікте, ортада болатыны белгілі.

Көркем мәтінде қолданылатын топонимдердің негізгі қызметтерінің бірі – көркем мәтінде, шығармада ұлттық колорит жасау болып табылады. Қазақ топонимдерінің, әдетте, семантикасы айқын, жеңіл танылады және ұлттық-мәдени ерекшелікке ие. Осындай өзіндік ерекшелігі бар қазақ топонимдерін ұлттық таңбаланған сөздерге жатқызуға болады, мұндай сөздер көркем мәтінде шығарманы ұлттық-тарихи стильдеу (үлгілеу) мақсатында өзге де міндеттермен қатар қолданылады” [1, 19 б.].

Әбіш Кекілбаевтың “Елең-алаң” романында 160-тан астам географиялық есім – топонимдер автор көтерген тақырыпқа қатысты үлкен тарихи-әлеуметтік, географиялық кеңістікті өз бетінше деректеп суреттейді. Роман мәтінінде жиі кездесетін, яғни жиі қайталанатын топонимдерге жалқы географиялық атаулар Уфа, Ресей, Ор өзені, Жайық, Петербург, Самура, Еділ, Қазан, Астрахан, Орал тауы, Қайынды, Қаратау, т.б. жатады.

Ә.Кекілбаевтың “Елең-алаң” романының көркем мәтінінде қолданған топонимдерінің көбі көркем мәтіннен тыс жағдайда ұлттық-мәдени семантикаға ие. Ұлттық-мәдени не идиоэтникалық семантика жалқы географиялық атауларына тән, имплицитті немесе кодталған түрінде олардың лексикалық компоненттерінде кумулятивтік қасиетіне сәйкес сақталады. Топонимдердің идиоэтникалық мағынасы (семантикасы) белгілі топонимист-ғалым А.Әбдірахманов көрсеткен негізгі ерекшеліктерімен анықталады:

1) геоморфологиялық құрылым және қазақ шаруашылығының (мал шаруашылығы) жергілікті белгілерін дәл беру;

2) өсімдік әлеміне байланысты қойылған топонимдер (малшыға жайлау таңдауға тиімді атаулар);

3) жануарлар әлеміне қатысты аталған топонимдер (малға зиянды немесе жыртқыш аңдарға қатысты ақпаратты атаулар);

4) басқа нысандармен, заттармен ұқсастыру не салыстыру белгілеріне қарай аталған топонимдер, географиялық объектілердің сыртқы белгілерін, қасиетін көрсететін топонимдер [ 2, 51 б.].

Географиялық атаулардың ұлттық-мәдени сипаты тек табиғат пен мал шаруашылығына тән ерекшеліктермен ғана аңғарылмайды – топонимдердің мәдени-тарихи мағынасының да мәні бар. Мұндай кейбір топонимдердің мәдени-тарихи семантикасы тілде де (көркем мәтіннен тыс), көркем мәтін құрылымында да белгілі бір тарихи-мәдени стереотип құрады немесе сол стереотипке негізделеді. Жалқы есімнің сондай ұлттық-мәдени, ұлттық-тарихи стереотипке негізделген тарихи-мәдени семантикасы (коннотациясы) тіл иелерінің аялық білімінде (фоновые знания) сақталады.

Орыс ғалымы О.И.Фонякованың пікірінше, жалқы есімнің мағыналық құрылымына грамматикалық (категориялық), лексикалық, “психикалық” семантика, сонымен бірге түрлі тілдік коннотациялар (стилистикалық, эмоционалдық, экспрессивтік т.б. реңктері) енеді. Жалқы есімдердің осы мағыналық өрісіне және де мәдени-тарихи семантика кіреді, оның әлеуметтік және энциклопедиялық сипаты болады – басқа сөзбен айтқанда, жалқы есімнің семантикасының бұл түрін, О.И.Фонякованың пікірінше, аялық білім (фоновые знания) деп те атауға болады [3, 23 б.].

Мәдени-тарихи семантикаға ие, қазақ тілі иелеріне (сөйлеушілерге) танымал, яғни аялық білімінде бар топонимдер қатарына “Үркер”, “Елең-алаң” романдарында қолданылған Мәртөбе, Алатау, Қаратау, Сайрам, Түркістан, Сарыарқа, Ұлытау, Жиделі Байсын т.б. географиялық есімдер жатады.

Аталған топонимдерге қатысты қазақ ұлты өкілдерінің аялық білімінде тарихи-мәдени ақпараттар (әртүрлі деңгейде) бар деп айтуымызға болады. Осы географиялық атаулардың мәдени-тарихи семантикасына байланысты ақпараттар мен мәліметтерді Ә.Кекілбаев “Үркер”, “Елең-алаң” романдарының көркем мәтіндерінде де берген.

Мәселен, қазақ хандықтарының тарихында бүкіл қазақ еліне қатысты үлкен тарихи-мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдау үшін үш жүздің өкілдік-билері, батырлары, хандары т.б. әдетте Сайрам маңындағы Мәртөбеге, Түркістан тұсындағы Күлтөбеге жиналатын. Демек, Мәртөбе, Күлтөбе топонимдерінің мәдени-тарихи семантикасы осы дәстүрмен байланысты деп айтуымызға болады және олардың аталған семантикасы әр қазақтың аялық білімінде өткен тарихи кезеңдерде бар болған деп топшылауымызға негіз бар.

Мәртөбенің ұлттық-мәдени сипатын, мәдени-тарихи семантикасын Ә.Кекілбаев “Үркер” романында толығымен, кең әрі көркем күйінде аша білген. “Бұрын үш жүздің дастарқаны бірге жайылып, қамшысы қатар жатар мұндай жиындар Сайрам шаһарының көк желкесіндегі Мәртөбеде өтуші еді,”- деп баяндай бастаған Ә.Кекілбаев Мәртөбе басындағы үш жүз жиналыс-мәслихаты жайында жалпы Мәртөбеге қатысты тарихи-мәдени ақпараттарды романның жеті бетіне тарқатып, кең көлемде суреттейді. Мәртөбе топониміне қатысты мәдени-тарихи ақпараттардың бір шетін көрсету үшін “Үркер” романынан мына бір үзіндіні келтірейік: “Көк аспанға елу мың түтін сылаңдап жарыса көтерілген ызғындай шаһардың қыр арқасында шөккен нардай боп оқшау төбе тұрар-ды. Бұл құдірет осы жерге қолмен қондырғандай, терістікке сауырын, күнгейге маңдайын төсей жығылған, ұзындығы бес жүз қадам, ені отыз-қырық қадам бар биік төбенің басына шығып қараған кісінің көз алдына қазақ өлкесінің біраз торабы түгел сайрап келе қалар-ды.

Күн шығыста қысы-жазы барыстың жонындай шұбарытып Алатау бұлдырар-ды.

Одан күнгейге қарай сәл еңкейе сол бір алыстағы ала шабыр ұзын шұбақ көштің алдына түсіп, көші-қон барлап келе жатқан көсем көшбасшыдай болып оқшау қарауытқан оңаша тау Қазықұрт тұрар-ды.

Теріскей батыстан көк пен жердің арасын тұтастыра мұнартып ұланғайыр Қарату жатар-ды.

Бір-біріне тұмсық тірестіре жалғасып жатқан осы бір үш биік бір-біріне сонадайдан омырауын ашып, құшағын жайып, ентелей ұмтылысқан бір белден жаратылып, бір көкіректі емген үш бауыр жігіт секілді еді.

Осынау іргесі ажырамас үш бауыр таудың ту сырттарында үш бауыр ел жатар-ды.

Мәртөбедегі жиынға Алатаудың қойнау-қойнауынан саулай төгіліп, топан судай қаптап ұлан-асыр Ұлы жүз тобы келер-ді.

Қаратауды теріскей айналып, сонау Торғай мен Ертіс арасындағы салқын белдер мен саумал көлдерді сайрандай көшкен жойқын орда-ормандай қалың Орта жүздің қара құрым тобы қаптағайлар-ды.

Қаратауды күнгей айналып, жылқысы Жайық пен Жемге, түйесі Жойқындария мен Сойқандарияға, ақтылы қойы Елек пен Ырғызға қаптай жайылып, далиып жатқан киіздей тұтас Кіші жүздің өңмеңдеген өжет қолы батуға бет алған қып-қызыл күн астынан құйындатып құйғытып құлар-ды.

Шартараптан қызылды-жасыл көш көрінер-ді. Көштің бәрі Мәртөбе маңының майсасын баспай, бастарын алыстан іркер-ді. Бір жағы сонау Қошқар Ата бойы, бір жағы мынау Сайрам су, алды анау Қазықұрт, жағалай жазыққа алқадай тізіліп ақ жұмыртқа ауылдар қонар-ды. Сайрам маңындағы үш өзеннің бойында бір-біріне жалғастыра тартылған айқұш-ұйқыш желіден көз тұнар-ды. Бүйірі бұлтиған сол төскейдің бауыр-баурайы қылаң шатырларға, қыраң-қыраңның басы күмбірлеген ақ ордаларға толар-ды. Қақ ортада тұяқ тигізбей балауса ұстаған Сайрам мен Мәртөбені үш жақтан кимелеп қоршай қонған үш ұлыс ауылдардың ажары бірінен-бірі асар-ды” [ 4, 54-55 б.].

Мәртөбе топониміне қатысты ұлттық-мәдени, мәдени-тарихи танымдық ақпараттар жоғарыда келтірген және романда орын алған басқа да суреттеулерден жинақталып, оқырманға толық мағлұмат береді. Басқа тілді бөгде мәдениет өкілі оқырманға Мәртөбе топонимінің ұлттық-мәдени, тарихи семантикасы беймәлім болғанның өзінде, романды оқып шыққанда (аудармасы бар болған жағдайда) оқырманда Мәртөбе жайында аялық білім пайда болады.

Мәртөбенің қазақ танымындағы орны жайында Ә.Кекілбаев таратып жазған. Сондай мәліметтердің қатарындағы біреуін ғана қарастырайық: “Мәртөбенің жиыны бүкіл бір халықтың ақыл түгендесіп қана қоймай, қару түгендесер, айбын сынасар айтулы оқиғасытұғын. Қазақтың маңдайына біткен шешені мен батырының бәрі осында, палуаны мен жүйрігінің бәрі осында, ең азы, бәсекеге түсіп, қазан тауысып, саба сарқа алар тамақсауларына дейін түгел осында.

Қазақтың қазақ екенін білгің келсе, халық екенін білгің келсе мамыр өте Мәртөбеге кел дейтін сөз де содан қалған-ды ” [ 4, 58 б.].

Міне, көріп отырғанымыздай, топонимдердің ұлттық-мәдени, мәдени-тарихи сипаты тек тілде ғана емес, тілдік қолданыста, яғни көркем мәтінде де аңғарылады. Көркем мәтін “сыртындағы ” – халық тілінде – халық тағылымындағы этномәдени, этнотарихи мәліметтер мен ақпараттар жазушының қалауы мен құзыры арқылы мәтінге енгізіліп, топоним немесе жалқы есімнің басқа түрінің семантикасын бейнелеу арқылы көркем мәтінде көрсетіліп отырған заманның, дәуірдің, әлеуметтік ортаның ұлттық-мәдени, мәдени-тарихи ерекшеліктерін сипаттайды.

Көркем мәтінде кездесетін жер-су аттарының идиоэтникалық семантикасы, байқап отырғанымыздай, бір ғана сөйлем арқылы түсіндіріліп, берілмейді – топонимнің ұлттық-мәдени ерекшеліктері олардың мәтіндегі әр қолданыстың аясында деректеніп аңғарылады. Кез келген топонимнің көркем мәтіндегі қолданысы бірнеше мақсат пен міндеттерге сәйкес іске асады.

Көркем мәтінде қолданылатын қазақ жалқы географиялық атаулары – топонимдер мынадай негізгі қызметтерді атқарады:

1) болып жатқан оқиғаны мекендік тұрғыдан айғақтайтын кеңістік бағдарлау қызметі (немесе мекендік көрсеткіш қызмет);

2) этномәдени лексикалық элементі қызметі (ұлттық таңбаға ие), бұл қызмет ұлттық колорит пен дүниенің этнотарихи, образды-тілдік бейнесін жасайды;

3) эстетикалық қызмет – шығарма тақырыбын, идеясын, автордың дүниетанымдық көзқарасын және жеке стильдік ерекшеліктерін ашуға ықпал ететін стилистикалық құрал қызметі [1, 20 б.].

Жоғарыда талданған этномәдени ерекшеліктері бар топонимдер негізінен ұлттық-тарихи колорит жасауға қолданылғанын көріп отырмыз.

Жоғарыда көрсетілген топонимдердің ұлттық-мәдени, мәдени-тарихи, тарихи-әлеуметтік сипаттары бар және осы сияқты басқа топонимдер көркем мәтін құрылымында көптеген кешенді қызметтер атқарады. Көркем проза прагматикасын зерттеген Г.Әзімжанова жалқы есімдердің көркем мәтінде атқаратын қызметтері жайында былай дейді: “Жалқы есімдер белсенді функционалды мәнділікті таратушылар ретінде көптеген кешенді қызметтерді атқарады. Бейнелі сипаттамалық, жалпылама символдық, фондық, символды-ассоциативті, суреттемелі-қолданбалы, кумулятивтік. Лингвистикалық ғылымда жалқы есімдер категориясы көркемдік тұтастықтың ажырамайтын маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Жалқы есімдердің мәтіннің әмбебап, лексикалық категориясы ретінде көркем бейненің және оның мезгіл мен кеңістіктегі әрекетін эстетикалық іске асыруда үлесі үлкен. Сөздік эстетикалық тұтастықта жалқы есімдер белсенді орын алады” [ 5, 170 б.].

Қазақстанның кең даласы мен таулы аймақтарын бейнелейтін топонимдердің, әрине, ұлттық-мәдени, мәдени-тарихи мәні көркем мәтінде үлкен рөл атқарады. Әсіресе, ел көшкен көріністерде, жалпы қазақ жайлаған кеңістікті суреттеуде ұлттық-мәдени сипаты бар қазақ топонимдерінің “Елең-алаң”, “Үркер” романдарында қызметі ерекше.

Аталмыш міндетті орындау үшін көркем мәтіндегі жалқы есім, әрине, идиоэтникалық семантикаға, ұлттық-мәдени ерекшеліктерге ие болуы керек. Көркем мәтінде қолданылған топонимдердің ұлттық-мәдени немесе тарихи-мәдени сипаты әдеби шығарма мәтінінде кейде түсіндіріліп көрсетіліп берілсе, көп жағдайда олардың идиоэтникалық семантикасы кодталған, астарлы күйінде қала береді. Сондай жалқы есімдердің ұлттық-мәдени мәнін, мағынасын кейбір оқырман сезсе, таныса, кейбіреулері жалқы есімнің ту сыртында жатқан көптеген мән-мағыналарын, мәдени өрісін білмейді. Жалқы есімдердің соның ішінде топонимдердің мәдени-ұлттық коннотацияларын білу немесе білмеу – оқырманның аялық білім деңгейіне байланысты болып келеді

Жалқы есімдердің этномәдени сипатын немесе идиоэтникалық семантикасын бейтілдік немесе экстралингвистикалық факторлар қалыптастырады. Мәселен, қоршаған ортаға көзқарас көп жағдайда көшпелі мал шаруашылық мұқтаждықтарына қатысты қалыптасты, сол себепті табиғат ерекшеліктері мен жағдайларының басты белгілері халықтық географиялық терминологияда және жер-су аттарында бейнеленген.

Идиоэтникалық, яғни ұлттық-мәдени семантиканы білдіретін жалқы есімдер көркем мәтіннің онамастикалық кеңістігін, ғаламның халықтық (этникалық) ономастикалық моделін, жазушының шығармашылық контексінде дүниенің ономастикалық бейнесін құрайды.

Қазақ халқы өмірінің тарихи-мәдени болмысын бейнелейтін тілдік көркемдеу құралдарының бірі болып табылатын топонимдердің этномәдени, тарихи т.б. сипаттары көркем мәтінде елеулі рөл атқарады. Ұлттық-мәдени сипаты бар топонимдер арқылы жазушы қазақ жері мен елінің тарихи-мәдени колоритін бейнелейді, халқымыздың басынан өткерген дәурен мен дәуірлердің шынайы көріністерін жасай біледі.

Көркем мәтінде қолданылатын қазақ жалқы географиялық атаулар − топонимдер мынадай негізгі қызметтерді атқарады:

1) мәтінде баяндалған оқиға-эпизодтардың кеңістік-мекендік (адрестік) межесін көрсетеді;

2) мәтіннің ұлттық-мәдени, тарихи, саяси-экономикалық т.б. көріністерін жасайды;

3) лингвостилистикалық құрал ретінде эстетикалық қызмет атқарады;

4) мәтіннің лингвокогнитивтік деңгейінде концептілік лингвотанымдық бірлік ретінде пайдаланылады.


Әдебиеттер:

1 Арысбаев А. Қазақ топонимдерінің кумулятивтік қызметі: филол. ғыл. канд. ... автореф.: 10.02.02 – Алматы, 2005. – 26 б.

2 Абдрахманов А. Вопросы топонимики Казахстана // Топонимика Востока. – М.: Наука, 1962. – С. 46-53.

3 Фонякова О.И. Имя собственное в художественном тексте. – Л., 1990. – 103 с.

4 Кекілбаев Ә. Үркер: Роман – Алматы: Жазушы, 1981. – 584 б.

5 Әзімжанова Г. Көркем проза прагматикасы. – Алматы, 2005.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!