АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК
МҮДДЕСІ
Қазақ халқының сан ғасырлық
тарихында және қазақ мемлекеттілігінің тарихында Алаш үкіметінің
алар орны ерекше. Өткен жүзжылдықтардың өзі қазақ тарихындағы
мемлекет құру мен тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру жолындағы
ғасырлар бойы жүрілген күрес десек, «Алаш» партиясы құрылып, «Алаш
Орда» үкіметінің өмірге келіп, аз уақыт болса да тарих сахнасына
шығуы – бүгінгі Тәуелсіз мемлекет болу жолындағы үлкен белес
екендігі анық. «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте
өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни
модернизация бағытымызға да сай келеді.
«Алаш арыстары бізге
мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы
құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл
арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай
сақтауымыз керек!» [1], – деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
атап көрсеткен болатын. Яғни, Алаш арыстары құрған Алаш үкіметінің
ХХ ғасырдың басындағы идеялары – бүгінгі Қазақстанның қарыштап
дамуы барысында жүзеге асып жатқаны үлкен қуаныш әрі ұрпақтар
арасындағы идеялық сабақтастық деп
білеміз.
«Біз қазақ – мал баққан елміз,
ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...», – деп Қаз дауысты Қазыбек
би айтқанындай, ұлан байтақ даласының шетін жау баспасын деп,
найзасына үкі таққан қазақ халқы сан ғасырлық күрес нәтижесінде
көшпелі жоңғардан құтылғанымен, Ресейдің бодандығына түсіп, бірнеше
ғасыр бойы шұрайлы жерден айырылып, болыстықтан биік билікке қол
жеткізе алмай күн кешті. ХХ ғасырдың басындағы осындай күйдегі
қазақ ұлтының ауыр халіне жаны ашыған ұлт зиялылары «Алаш»
партиясын құрып, оның бағдарламалық негізін қазақ ұлтының әлемдік
өркениетпен үндесе дамуына жол ашатын қағидаттар арқылы қалаған
болатын. «Алаш Орда» үкіметі осы негізге
сүйенді.
Алаш Орда үкіметі 1917 жылға
дейінгі өзінің басты қимыл-әрекетіне дейін ұзақ даму, пісіп-жетілу
кезеңінен өткен болатын. Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов
және басқа да ұлт зиялылары өз заманында қазақ халқының
бағыныштылық халін білім мен ғылым үйренбей артта қалудан көрді.
Сондықтан да осы буын өздерінен кейін еуропалық мәдениет пен ұлттық
дәстүрді қатар игерген заманауи өркениетке бейім буын қалыптасуын
аңсады. Міне, «Алаш» партиясын құрып, Алаш Орда үкіметін
жасақтаушылар жан жақты білімдік-тәжірибелік дайындықта болды. Бұл
жөнінде ғалым Мұхтар Құл Мұхаммед былай деп атап көрсетеді:
«Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы ХХ ғасырдың
алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі деп
айтуға әбден болады». Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің
аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі
Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар,
экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ
зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі
ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авторитаризмге
негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне
шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының
мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды.
Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы
– «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш
автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады»
[2].
Ресейдегі екі төңкеріс кезіндегі дүрбелеңде
тезірек пісіп-жетілген Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып
келді. Осы арқылы қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған,
мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт
зиялыларының басын біріктіруге мүмкіндік туды.
Алаш автономиясын жаңа
тұрпатты Ресей мемлекеті құрамында құруды көздеген Әлихан
Бөкейханов бастаған Алаш зиялылары ұлттық мүддені батылдықпен алғаш
шығарып, нақты мақсаттар белгілеп, осы жолда қаржы көздерін тауып,
іс-шаралар жүргізгендігі белгілі. Бұл қандай іс-шаралар және ұлттық
мүдде тұрғысында не мәселелер көтерілді деген сұрақтарға жауап
іздеп көрелік, олар: ұлттық мемлекеттілік, президенттік басқару,
құқықты-демократиялық қоғам құру, дінді мемлекеттен бөлу, ұлтаралық
келісім мәселелері болатын.
Бұл жөніндегі жұмыс бағытын
біз 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш»
партиясы бағдарламасы жобасынан анық көре аламыз. Мұнда Алаш
автономиялық үкіметінің атқаратын негізгі 10 жұмысы анық
көрсетілген. Олар мыналар: «Мемлекет қалпы», «Жергілікті
бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел
қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым-білім үйрету», «Жер
мәселесі».