жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Әлем таныған тұлға
Алдабекова Акжаркын Асанбаевна
М.Тынышбаев атындағы Қаз.ККА Шымкент көлік колледжі Қазақстан тарихы пәні оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі
Әлемнің екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге 1150 жыл
Түйін
Мақалада әлемнің екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңбектерінің танымдық, тәрбиелік көзқарастары қарастырылады.
Резюме
В статье рассматриваются познавательные и воспитательные взгляды на произведениях второго величайшего учителя мира Аль-Фараби
Abstract
The article considers the educational, cognitive and educational views of the works of Al-Farabi, the world s second greatest teacher.
Шығыстың ғұлама ойшылы,
математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші
ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фарабиге 1150 жыл толып отыр. Биыл
"Әлемнің екінші ұстазы" атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде
Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала) қаласында дүниеге келген. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби. Оның отбасы әулетті болған. Әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы - ғылым мен мәдениеттің ордасы болған еді. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Осының арқасында Әл-Фараби ондағы құнды қолжазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өткен. Ғұлама ғалым түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел оның толық аты-жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар "Барба-Фараб" деп атап кеткен. Сондықтан "әлемнің екінші ұстазы" атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өскен. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.
Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол Хамада қаласында араб тілін үйренген. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысқан, үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнаған. Ғұлама ойшыл медицина ғылымындарын меңгеруге де бар күшін салаған. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап, содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалған.
Әл-Фараби Дамаскіде "Қайырымды қала тұрғындары" атты атақты шығармасын жазған. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салып, 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарына жерленген.
Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі "екінші ұстаз" атанған. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырған. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеген. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген:
Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген.
Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" ("Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы"). Ғалым қала басшыларын "қайырымды және надан" деп екіге бөледі. Ол кезде қала-мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болауы, ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты екендігі туралы айтылған, яғни әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болатынына, керсінше қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болатыны жайлы айтып кеткен. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керектігін айтады.
Ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) әлеуметтік-этикалық мәселелерге арналған шығармаларының жинағы - "Әлеуметтік-этикалық трактаттар" болып табылады. Ол бұл еңбегінде қайырымдылық, ізгілік, ар-ождан, даналық, кішіпейілділік секілді қасиеттерге философиялық тұрғыдан өз көзқарасын білдірген. Бақыт және оған жету жолдары туралы айтып кеткен: "Адам өмірінің мақсаты бақытқа жету болғандықтан, ең алдымен оның не екенін ұғынуы және сол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін білуі қажет" –деген сөзі дәлел. Осымен қатар адамзат қоғамының дұрыс бағытта дамуы әлеуметтік тәртіпке, әлеуметтік құндылықтар жүйесіне тікелей байланысты екенін көрсетеді. Трактаттар орыс және қазақ тілдерінде алғаш рет 1975 жылы жарық көрді. Бұл жинакка әл-Фарабидің этика тақырыбына жазған "Ӏзгі қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат", "Бақытқа жету туралы", "Бақытқа жол сілтеу", "Азаматтық саясат", т.б. еңбектері енген.
Әл-Фарабидің "Музыка туралы үлкен трактат" деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ол философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген.
Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да "Кемеңгерлік меруерті", "Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы", "Мәселелердің түп мазмұны", "Ғалымдардың шығуы", "Бақытқа жету", "Азаматтық саясат", "Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері" сынды көптеген философиялық еңбектер жазып қалдырған. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндалады.
Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ және де Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды.
Фараби өмір сүрген дәуір терең тарихы, төлтума мәдениеті, озық дәстүрі бар түркі даласына ислам дінінің дендей еніп, түркі, араб, парсы мәдениетінің тоғысуы басталған күрделі кезең еді. Саналы ғұмырын ғылым-білім жолындағы ізденіске арнаған Фарабидің өмірлік ұстанымының қалыптасуына аталмыш факторлардың әсері үлкен болғаны анық. Мұсылман әлемінің сол кезеңдегі аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдат, Шам, Мысыр елдеріне сапар шеккен жас Фараби араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік меңгеріп, сан-сала ғылыммен айналысқан. Өз дәуірінің атақты ойшыл ғалымдарымен, өнер иелерімен, сөз зергерлерімен сұхбаттас болған Фараби сол кезең ғылымындағы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді тап басып танып, ізденісін осы арнаға бағыттаған. Философия, логика, психология, этика, математика, астрономия, тіл білімі, эстетика, социология, поэтика салаларына арналған 150-ге жуық трактат қалдырған энциклопедист-ғалымның өз зерттеулерінің үлкен бөлігін Аристотель еңбектерін түсіндіруге арнауы – дәуір сұранысынан туған ізденістер еді. Ғалым Аристотельдің “Категориялар”, “Герменевтика”, “Бірінші және екінші Аналитика”, “Топика”, “Риторика”, “Софистика”, “Поэтика” секілді еңбектеріне түсіндірме жасаған. Осы еңбектері әл-Фарабиді “Екінші ұстаз” атандырдырған. Сан-сала ғылымның түп қазығын философия мен логикадан тарата зерттеуде Фараби Аристотель бағытын жалғастырған.
Әл-Фарабидің “Мемлекет билеушісінің нақыл сөздері” трактатында поэтикалық шығармалардың түрлері талданады. “Барлық поэтикалық туындылар кез келген бір затты (немесе құбылысты) санада айқын елестету үшін жазылады” деген кіріспе сөзінен ғалымның поэтикалық шығармадағы образдылық мәселесін бірінші кезекке қойып отырғаны аңғарылады. Ғұламаның ұшан-теңіз шығармашылығының елеулі бір бөлігін оның өлеңдері құрайды. Ғұламаның ақындығы жайлы алғашқы мәліметтерді ортағасырлық араб тарихшылары қалдырған. Фараби жайында жазылған араб тіліндегі тарихи мәліметтердің едәуір бөлігін отандық ғылымға зерделі зерттеуші Ә.Дербісәлиев таныстырды.
Фарабидің біздің игілігімізге айналған шағын шығармашылығын саралар болсақ, ғұлама ғалымның ой мен сезімді қатар ұстай білген парасатты ақын да болғанын аңғарамыз. Фараби жырларында бірде нәзік сезім, бірде байсалды ой басым келсе, енді бірде екеуі қатар түсіп, тоғысып жатады:
Қашықтасың туған жер – қалың
елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің
Шаңыт жолға сарылып қарауменен – деген жолдарынан Фараби
өлеңдерінде насихат сарыны байқалады.
Ал мына өлең жолдары нәзік сезім мен сырға толы:
Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ.
Фараби поэзиясын жүгірте шолып шыққанның өзінде оның тұтастай
сопылық мазмұнмен көмкерілгені байқалады. Аударма жасау барысында
сопылық поэзияға тән жекелеген ұғымдардың басқа баламалармен
берілуі де мүмкін екендігін ескерсек, мазмұндық ерекшелікті ашуда
түпнұсқаға талдау жасау анағұрлым жемісті болар
еді.
Ендігі бірер сөз Фараби
шығармашылығының жаңа бір қыры – күйшілік өнері
туралы. Ғұламаның күйшілік дарыны ол дүниеге келген
қыпшақ даласында да, шығармашылық із қалдырған араб жерінде де
аңызға айналған. “Музыканың ұлы кітабын” жазған ғалымның әуен
әлеміне алғашқы қадамы да туған топырағынан басталғанына күмән жоқ.
“VІІ–Х ғасырларда оғыз-қыпшақ дәуірі әдебиет, музыка (күй),
философия, өнершіліктің өркендеген бір сәулетті кезі болса, Қорқыт,
әл-Фараби сияқты генийлер – соларды жасаушылардың ұлы басы” деп
жазады көрнекті әдебиет зерттеушісі Ә.Марғұлан . “Қобызымен ескі
дүниені күңіренткен Әбу Насыр әл-Фараби Қорқыттың ізін ала шыққан,
соның шәкірттерінің бірі болуға тиісті. Арун-Рашид (халиф Харун
ар-Рашид – А.Ә.) заманында әл-Фараби күйшіні Жанкенттен Бағдатқа
алдырып, Бағдат халқы Фарабидің сұлу күйін тыңдайды” дей келіп,
автор Фарабидің араб жұртына келуін осы оқиғамен байланыстырады
. Даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби
шығармашылығының өскен өлкесінің дәстүрімен табиғи тамырласып
жатқан кез келген қыры – ғылыми еңбектері, ақындық мұрасы мен
күйшілік өнері осы сабақтастық тұрғысынан тереңдете зерттелуге
тиіс.
Әлемдік мәдениет пен ғылымда терең із қалдырған дана ғалым, сирек
талант иесі Әбу Насыр әл-Фараби бейнесі қазақ әдебиетіндегі көркем
туындыларда да өз көрінісін тапты. Тарихи шындықты көркем шындыққа
айналдырып, шығармашылық қиялмен көмкеріп, оқырманға ой саларлық
образдар туындатқан жазушы Д.Досжановтың “Фараби” повесі (1967ж.),
драматург Ш.Құсайыновтың “Әбу Насыр әл-Фараби” пьесасы (1972ж),
ақындар Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Қ.Мырза Әли, М.Шаханов
туындылары, Ж.Қыдыровтың “Фараби тригонометриясы” (1972ж) мен
І.Есенберлиннің “Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби” атты поэмалары,
жазушы Ә.Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы” романы қазақ оқырманының
тарихи жадына, қазақ әдебиетінің алтын қорына қазына болып қосылды.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына қатысты
шағын мақаламызды қорыта келе айтарым: Рухани
жаңару кезеңінде
Фараби еңбектерінің әлі де ашылмаған қырлары
көп. Әлі де болса, келер
ұрпаққа терең мағлұматтар беру үшін көптеген зерттеулер, талдаулар
қажет деп ойлаймын. Біздің есімін мақтан тұтар даңқты жерлесіміз
Әбу Насыр әл-Фараби жайлы зерттеулердің арнасы келер күндерде де
ортаймақ емес.
Пайдаланылған әдебиеттір тізімі:
1. Бұлұтай М. Ата-баба діні. А., 2000ж.
2. Медетбаев Т. Әл-Фарабидің әдеби мұралары // Наследие аль-Фараби и мировая культура. А., 2001ж.
3.Қасымжанов А., Әлімов А. Әл-Фараби // Қазақ. А., 1994ж.
4.Машанов А. Әл-Фараби және Абай. А., 1994ж.
5.Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. А., 1995ж.
6.Нысаналин А. Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат. Өлеңдер // Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті.А., 1991ж.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген