Витаминдердің маңызы. Витаминдер (латынша «vіta» – тіршілік, өмір) тағамдық заттардың құрамында болатын ерекше органикалық қосылыстар. Олар ағзада ферменттердің түзілуіне қатысады. Витаминдер тағамның құрамында аз мөлшерде болғанымен ағза үшін өте қажетті заттар. Витаминсіз ағзаның өсуі, дамуы және тіршілігін жалғастыруы мүмкін емес. Сондықтан да витамин сөзінің латынша тіршілік (өмір) үшін қажетті зат деп аталуының мәні зор (84-сурет).
Витаминдердің көпшілігі тағамдық заттардың құрамында болады, ал аздаған түрлері адам ағзасында түзіледі.
Витаминдерді 1880 жылы орыс дәрігері Николай Иванович Лунин (1853–1937) тапты.
Витаминдер ағзадағы зат алмасу процесіне қарқынды әсер етеді. Қазіргі кезде витаминдердің 30-ға жуық түрі белгілі. Витаминдер, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дұрыс өсуі, дамуы үшін өте қажет. Ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.
Витаминдер өсімдіктекті және жануартекті тағамдардың құрамында кездеседі. Адамға тәулігіне қажетті барлық витаминдердің мөлшері 180–200 мг.
Витаминдердің адам ағзасында жетіспеуінен болатын ауруды – авитаминоз дейді. Авитаминоз кезінде ағзада зат алмасу бұзылады. Витаминдерді шектен тыс көп мөлшерде пайдалану да зиянды. Бұл кезде ағзаның улануы (гипервитаминоз) байқалады.
Витаминдердің түрлерін латынның бас әрпімен белгілейді. Мысалы, A, B, C, D және т.б. Кейде осы әріптердің жанына сандар жазылады. Бұл сандар сол топқа жататын витаминдердің табылу ретін көрсетеді. Мысалы, B1, B2, B6, B12 .
Витаминдердің топтары мен түрлері. Барлық витаминдер майда және суда еритіндер деп екі топқа бөлінеді. Майда еритіндерге A, D, E, K витаминдері жатады.
Суда еритін витаминдерге C, PP және B тобындағы барлық витаминдер жатады.
Майда еритін витаминдер. A витамині (ретинол) ағзаның өсуіне, дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Іңірде, түнде көруді жақсартады. A витамині шаштың, тырнақтың өсуі мен терідегі жасушалардың мүйізденуіне әсер етеді. Ол жетіспегенде тері құрғап жарылып, түсі күңгірттенеді. Май бездерінің құрамы өзгереді, көздің қасаң қабығы бұзылады. Адам іңірде, түнде нашар көреді. Бұл ауруды ақшам соқыр (куриная слепота) деп атайды.
А витамині бауырда, сүтте, жұмыртқаның сарысында көп болады. Өсімдіктердің қызыл, сары жемістерінде, сәбізде, қызанақта, өрікте, асқабақта кездеседі. А витаминінің ағзаға қажет тәуліктік мөлшері 2,5–10,5 мг.
D витамині (кальциферол) адамның терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзіледі. Ол кальций мен фосфордың ішектен бөлінуін жылдамдатып, сүйек ұлпасының мықтылығына әсер етеді. Адам ағзасы D витаминін тағамның құрамынан да қабылдайды.
Жас сәбилерде D витаминінің жетіспеуінен болатын ауру мешел (рахит) деп аталады (85-сурет). Мешел ауруына шалдыққан балалардың қаңқасы дұрыс қалыптаспайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен көп ауырады. Сондықтан жас сәбилердің мешел ауруына шалдықпауы үшін күн сәулесіне шығарып шынықтырады. D витамині балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол. D витаминінің қажетті тәуліктік мөлшері 2,5 мг.
Е витамині (токоферол) ағзаның зат алмасу процесіне және көбеюіне әсер етеді. Бұл витамин жетіспеген жағдайда әйел бедеулікке ұшырауы мүмкін, кейде қаңқаның бұлшықеттері қатая (жансыздана) бастайды. E витамині көкөністерде, астық тұқымдастардың дәнінде, өсімдік майында және жұмыртқада кездеседі. Адам ағзасы үшін қажетті тәуліктік мөлшері 10–20 мг.
К витамині (филлохинон) қанның ұюына әсер етеді. Витамин жетіспегенде жарақаттанған жердегі қанның ұюы баяулайды да, қан аға түседі. К витамині көкөністерден жасалған салаттарда, томатта, бауырда кездеседі. Сонымен бірге К витамині ішекте болатын кейбір микроорганизмдердің әсерінен де түзіледі. Адам ағзасы үшін К витаминінің қажетті тәуліктік мөлшері 0,2–0,3 мг.
Суда еритін витаминдер. С витамині (аскорбин қышқылы). Ағзаның жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Сүйекке және тіске беріктік қасиет береді. С витамині биологиялық тотығу кезінде зиянды заттардың түзілуін тежейді. Ол қарсы денелерді түзетін ферменттердің құрамына кіреді. Терідегі қантамырлардың қабырғасының бүлінуіне де кедергі жасайды. С витамині жетіспеген жағдайда ағза тез шаршайды, кілегейлі қабықшалар қабынады, қызылиек қанталайды. Бұл витамин ұзақ уақыт жетіспесе адам қауіпті құрқұлақ (цинга) ауруына шалдығады. Адам ағзасы С витаминін түзбейтіндіктен, тамақпен бірге қабылдануы керек. С витамині ағзаға қыс пен көктем айларында көбірек қажет. Жаңа піскен көкөністер, жемістер және тұздалған қырыққабатта көбірек кездеседі. Әсіресе итмұрынның, қарақаттың құрамында мол болады. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 60–100 мг.
В1 витамині (тиамин) зат алмасуға, асқазан және жүректің, жүйке жүйесінің қызметтеріне әсер етеді. Жетіспегенде жүйке жүйесінің жұмысы бұзылып, адамның қозғалысы өзгереді. Бас ауырады, жүректің соғуы жиілейді және аяқ-қол дірілдейді. В1 витамині ұзақ уақыт жетіспеген жағдайда, адам бери-бери кісенделген ауруына ұшырайды. Жүйке жүйесінің қызметі бұзылады, жүруі ауырлайды, тіпті аяғы сал (паралич) болып қалады. В1 витамині түрлі жармалардың қалдығында, сүт өнімдерінде, жұмыртқада, жемістерде мол болады. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 2,3 мг.
В2 витамині (рибофлавин) зат алмасуға, көзге, қан жасалу мүшелерінің қызметіне әсер етеді. Жетіспеген жағдайда баланың өсуі баяулайды, тері мен ішкі мүшелердің кілегейлі қабықшаларында ауру пайда болады. Көздің қасаң қабығы қабынып, көзден жас ағады. В2 витамині жармалардың құрамында, ашытқыда, көкөністерде, етте, сүтте мол болады. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 3–4 мг.
В6 витамині (пиридоксин) негізінен ағзадағы нәруыздың алмасуына әсер етеді. Эритроциттердің жетілуіне, темірдің дұрыс пайдаланылуына әсер етеді. В6 витамині майдың алмасуына әсер етіп, бауыр мен терідегі зат алмасудың дұрыс жүруін қамтамасыз етеді. В6 витамині адам ішегіндегі микроорганизмдердің әсерінен де түзіледі. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 2,3 мг (86-сурет).
В12 витамині (цианкобаламин) қанның түзілуі үшін қажет. Жүйке ұлпасының өсуін реттеуге қатысады. Оның жетіспеуі қаназдық (анемия) ауруына шалдықтырады. Бұл кезде ағзаға оттегі жетіспейді. В12 витамині ағзада ұзақ уақыт жетіспесе, адам өліп кетуі де мүмкін. Бұл витамин бауырдың, бүйректің, балықтың, жұмыртқаның құрамында кездеседі. Ішектегі кейбір микроорганизмдердің әсерінен де түзіледі. Ағзаға қажетті мөлшері 2–3 мг.
РР витамині (никотин қышқылы) ішек-қарын (асқазан) қызметіне әсер етеді. Жетіспеген жағдайда адам өзін дәрменсіз сезінеді, көңіл күйі өзгереді. Теріде күлдіреген көпіршіктер мен дақтар пайда болады. Адам пеллагра ауруына шалдығады. РР витамині еттің, бауырдың, жұмыртқаның, қара нанның, жер жаңғақтың құрамында кездеседі. Ағзаға қажетті тәуліктік мөлшері 15–25 мг.
Ауыз қуысына түскен тағам алдымен тістердің көмегі арқылы шайналып ұсақталады да, сілекеймен араласады. Ауызда толық шайналған, әрі сілекеймен шыланған тағам ағзада жеңіл қорытылып, тез сіңеді. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың «апыл-ғұпыл ішкен ас, асқазанға түскен тас» деген нақылынан өздерің қорытынды шығарыңдар.
Адамның да тістері басқа сүтқоректі жануарларға ұқсас жеке топтарға бөлінген. Тістер күрек, сойдақ, кіші және үлкен азу тістер деп бөлінеді.
Ересек адамдарда 28–32 тұрақты тіс болады. Олар үстіңгі және астыңғы жақ сүйектеріндегі арнайы тіс ұяшықтарында орналасқан. Әрбір жақ сүйектерінде 16 тіс бар. Тістердің пішіні де әр түрлі. Жақ сүйектерінің алдыңғы жағында орналасқан жалпақ тістерді күрек тістер деп атайды. Кейде оларды халық арасында маңдай тістер немесе қасқа тістер деп те атай береді. Жалпы күрек тістердің саны 8. Күрек тістердің екі шетіндегі пішіні үшкірлеу келген сойдақ тістер. Олардың саны 4. Адам күрек және сойдақ тістері арқылы тағамды жұлып алып жейді. Бұл тістерден кейін кіші азу тістер орналасқан. Олардың саны 8. Кіші азу тістерден кейін үлкен азу тістер бар. Олардың саны 12. Азу тістердің үстіңгі беті кедір-бұдырлы болады. Азу тістердің көмегімен тағамды ұсақтап шайнайды.
Сәби дүниеге тіссіз келеді. Сәбидің 6–9 айлығында алғаш рет күрек тістер шыға бастайды. Сәбиде 2 жасқа дейін барлығы 20 тіс шығады. Бұл тістер сүт тістер деп аталады. 6–7 жастан бастап сүт тістер түсіп, орнына тұрақты тістер шығады. «Баланың жетіде тісі түседі» деген нақыл соны аңғартады. Өйткені балалардың жақ сүйектерінің мөлшері мен пішіні ересек адамдардан өзгеше болады. Тұрақты тістердің бастапқы нышаны сүт тістердің түбірінің астында орналасқан. Олар бірте-бірте сүт тістерін ығыстыра бастайды да, сүт тістеріне қоректің келуіне кедергі жасайды. Қорек келмеген сүт тістер бірте-бірте түседі, оның орнына астыңғы жағынан тұрақты тістер шығады. 12–14 жаста толық тұрақты тістер шығып бітеді. Ең соңғы үлкен азу тістер 18–20 (одан да кешірек) жаста шығады. Оларды кеш шығатындықтан «ақыл тістер» деп атайды. Шын мәнінде олардың ақылға ешбір қатысы болмайды.
Асқорыту бездері. Асқорыту бездеріне үш жұп сілекей бездері, бауыр және ұйқы безі жатады.
Асқорыту бездерінен бөлінетін сұйықтықты сөл (секрет) деп атайды. Асқорыту бездері сыртқы секреция бездеріне жатады. Олар өздерінен бөлетін сөлді арнайы өзектері арқылы асқорыту мүшелеріне бөледі. Әрбір асқорыту безінің бөлетін сөлінің өз атаулары бар. Мысалы, бауырдан бөлінетін сөл – өт, сілекей бездерінен бөлінетін сөл – сілекей және т. б.
Асқорыту бездерінің қызметін фистула әдісі арқылы зерттеуде көрнекті орыс ғалымы И.П. Павловтың еңбегі зор. Ғалымның бұл саладағы еңбегіне физиология ғылымындағы іргелі жаңалық ретінде Нобель сыйлығы берілген. Қазіргі кезде асқорыту мүшелерінің ішкі кілегейлі қабығындағы өзгерістерді зерттеуде эндоскопия әдісі қолданылады. Онда жарықты арнайы оптикалық құралдар арқылы асқорыту мүшелерінің ішкі құрылысын көруге және суретке түсіріп алуға болады.
Асқорыту бездерінен бөлінетін сөлдің құрамында күрделі органикалық заттарды қарапайым заттарға дейін ыдырататын ерекше заттар болады. Оларды ферменттер деп атайды.
Асқорыту ферменттері. Ферменттер химиялық құрамы жөнінен нәруызтектес органикалық заттарға жатады. Ферменттер тірі жасушалардың барлығында кездеседі. Олар жасушада жүретін реакциялардың белсенділігін арттырады. Сондықтан да ферменттерді кейде биологиялық өршіткі – катализаторлар деп те атайды. Ферменттердің белсенді әсер етуіне қолайлы температура +37, 38°С.
Ферменттердің өздеріне тән қасиеттері бар. Біріншіден, әрбір фермент белгілі бір органикалық затты ғана ыдырата алады. Екіншіден, әрбір фермент белгілі бір химиялық ортада белсенді әсер етеді. Мысалы, қарын сөлінің құрамындағы ферменті қышқылды, ұйқы безінің сөліндегі ферменті – сілтілі ортада әсер етеді.
Көптеген ұсақ және ірі үш жұп сілекей бездерінің өзектері ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездерінің ең ірісі – жұп шықшыт безі. Ол құлақ қалқанының астында орналасқан. Оның өзегі ұртқа ашылады, салмағы 20–30 г. Астыңғы жақасты сілекей бездерінің салмағы 14–15 г. Оның өзегі тілдің астына ашылады. Сілекей бездерінің ең кішісі – тіласты бездері. Оның салмағы 5 г, өзегі тілдің астына ашылады. Тағамның құрамына байланысты сілекей бездерінен тәулігіне шамамен 1,5–2 литрге дейін сілекей бөлінеді (82-сурет).
Сілекей – тұтқыр, түссіз сұйықтық. Оның құрамында 99–99,5% су, 0,5–1% органикалық және бейорганикалық заттар болады. Бейорганикалық заттардың мөлшері органикалық заттарға қарағанда 2–3 есе аз. Сілекейдің реакциясы әлсіз сілтілі. Сілекейдің құрамында көмірсуларды ыдырататын фермент – амилаза болады. Сілекейдің құрамында бактерияларды жоятын лизоцим болады.
Сілекейдің бөлінуі рефлекторлық жолмен реттеледі. Сілекей бөліну орталығы сопақша мида орналасқан. Тамақ ауызға түскенде ондағы жүйке талшықтарының ұштары (рецепторлар) тітіркенеді де, сілекей бөлінеді. Бұл сілекей бөлінудің шартсыз рефлексіне жатады. Ал сілекейдің тамақтың иісіне, көрінісіне, тамақ туралы айтылған сөздерге байланысты бөлінуі – шартты рефлекске жатады.
Шықшыт сілекей бездері қабынған кезде ісініп, жақпен тұтасып айқын байқалады. Ондай ауру паротит (свинка) деп аталады.

Көптеген ұсақ және ірі үш жұп сілекей бездерінің өзектері ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездерінің ең ірісі – жұп шықшыт безі. Ол құлақ қалқанының астында орналасқан. Оның өзегі ұртқа ашылады, салмағы 20–30 г. Астыңғы жақасты сілекей бездерінің салмағы 14–15 г. Оның өзегі тілдің астына ашылады. Сілекей бездерінің ең кішісі – тіласты бездері. Оның салмағы 5 г, өзегі тілдің астына ашылады. Тағамның құрамына байланысты сілекей бездерінен тәулігіне шамамен 1,5–2 литрге дейін сілекей бөлінеді.
Сілекей – тұтқыр, түссіз сұйықтық. Оның құрамында 99–99,5% су, 0,5–1% органикалық және бейорганикалық заттар болады. Бейорганикалық заттардың мөлшері органикалық заттарға қарағанда 2–3 есе аз. Сілекейдің реакциясы әлсіз сілтілі. Сілекейдің құрамында көмірсуларды ыдырататын фермент – амилаза болады. Сілекейдің құрамында бактерияларды жоятын лизоцим болады. Сілекейдің бөлінуі рефлекторлық жолмен реттеледі. Сілекей бөліну орталығы сопақша мида орналасқан. Тамақ ауызға түскенде ондағы жүйке талшықтарының ұштары (рецепторлар) тітіркенеді де, сілекей бөлінеді. Бұл сілекей бөлінудің шартсыз рефлексіне жатады. Ал сілекейдің тамақтың иісіне, көрінісіне, тамақ туралы айтылған сөздерге байланысты бөлінуі – шартты рефлекске жатады.
Шықшыт сілекей бездері қабынған кезде ісініп, жақпен тұтасып айқын байқалады. Ондай ауру паротит (свинка) деп аталады. Асқорыту мүшелерінің қабырғасы негізінен үш қабаттан тұрады: сыртқы қабаты – дәнекер ұлпадан тұратын сірқабат. Ортаңғысы – бұлшықет қабаты, ішкі қабаты – эпителий ұлпасынан тұрады.
Ауыз қуысы. Ауыз қуысын кіреберіс (ұрт) және нағыз ауыз қуысы деп екі бөлімге бөледі. Ұрттың сыртын бұлшықеттер мен еріндер жауып тұрады. Оның ішкі жағында үстіңгі, астыңғы жақ сүйектері, қызылиек және тістер орналасқан. Нағыз ауыз қуысы алдыңғы жағынан жақ сүйектерімен, тістермен, ал артқы жағынан аңқамен (зев) көмкерілген.
Ауыз қуысының үстіңгі жағындағы қатты таңдай мен жұмсақ таңдай, оны мұрын қуысынан бөліп тұрады. Жұмсақ таңдайдың артқы бөлімі жіңішкеріп әрі ұзарып бөбешікпен (тілшік) аяқталады. Ауыз қуысына сілекей бездерінің өзектері ашылады. Тағам алдымен ауыз қуысында шайналып ұсақталады әрі сілекеймен араласып жұтылады. Тамақты жұту күрделі физиологиялық процесс (75-сурет).
Ауыз қуысында тіл орналасқан. Ол көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Тілдегі бұлшықет талшықтарының кейбір тобы – ұзына бойы, екінші тобы – көлденең, үшіншісі – тік бағытта жатады. Осыған байланысты тіл өте қозғалмалы мүше. Тілдің түбі, денесі және ұшы болады. Тіл кілегейлі (шырышты) қабықшамен қапталған. Тілдің кілегейлі қабықшасының үстіңгі бетінде түрлі пішінді көптеген дәм сезу емізікшелері бар. Тілдің ұшы – тәттіні, екі бүйірі – қышқыл мен тұзды, ал түбі – ащыны сезеді. Сондықтан тіл дәм сезу мүшесіне де жатады. Сонымен бірге тіл сөйлеуге және тамақты жұтуға да қатысады. Ауыз қуысы тікелей аңқа (зев) арқылы жұтқыншақпен байланысады.
Жұтқыншақ – түтік пішінді қуыс, бұлшықетті мүше, көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Жұтқыншақ мойын омыртқалардың алдыңғы жағында орналасқан. Ересек адамда оның ұзындығы, шамамен 11–13 см. Жұтқыншақтың төменгі бөлігі әрі өңешпен, әрі көмекеймен байланысады. Жұтылған тамақ жұтқыншақ арқылы өңешке түседі (75-сурет). Тыныс алғанда ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ арқылы тамақ та, ауа да өтеді. Сондықтан ол әрі асқорыту, әрі тыныс алу мүшелер жүйесіне жатады.
Жұтқыншақ екі бүйіріндегі тесіктер арқылы ортаңғы құлақ қуысымен байланысқан. Жұтқыншақтың ауыз қуысына жалғасқан жерінде бозғылт-қызыл түсті бадамшалар (миндалина) орналасқан. Олар ірі лимфа түйіндерінен түзіліп, қорғаныштық қызмет атқарады. Бадамшалардың іші лейкоциттерге толы болады. Олар тағам немесе ауамен түскен микробтарды жояды. Егер бадамша қабынса, қызметі дереу бұзылады. Бадамшалар лимфа жүйесіне жатады.
Өңеш – ұзындығы 25 сантиметрдей іші қуыс бұлшықетті мүше. Оның жоғарғы бөлімі жұтқыншақпен, төменгі бөлімі асқазанмен жалғасады. Өңешті астарлап жатқан кілегейлі қабықшасы көп қабатты эпителиймен қапталған. Эпителийлердің ұзын қатпарлары тамақ өткен кезде өңешті кеңейтеді. Өңештің ортаңғы бұлшықетті қабықшасының көп бөлігі бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан тұрады. Осы бұлшықеттердің толқын тәрізді оқтын-оқтын жиырылуы нәтижесінде тағам асқазанға түседі. Өңеш көкеттің ортасындағы тесіктен өтіп, құрсақ қуысындағы асқазанмен (қарынмен) жалғасады.
Асқазан (қарын) – құрсақ қуысының жоғары бөлімінің сол жағында көкеттің астында орналасқан асқорыту жолының кеңейген мүшесі (76-сурет). Асқазан іші қуыс қалың бұлшықетті мүше. Асқазан жоғарғы жағынан өңешпен төменгі жағынан аш ішектің басталар жері ұлтабармен жалғасады. Асқазанның ішкі жағын астарлап жатқан қатпарлы кілегейлі (шырышты) қабықшасы оның көлемін үлкейтеді. Асқазанның қабырғасындағы бірыңғай салалы бұлшықет талшықтары үш түрлі бағытта орналасқан. Ішкі қабаты – қиғаш, ортаңғысы – сақина тәрізді, ал сыртқысы – ұзыннан орналасқан. Асқазанның қатпарлы кілегейлі (шырышты) қабықшасында өте көп ұсақ бездер бар. Бұл бездерден қарын сөлі бөлінеді. Асқазанның өңешпен және ұлтабармен (он екі елі ішек) байланысқан жерінде сақина тәрізді бұлшықеттер болады.
Аш ішек – асқазан мен тоқ ішекті жалғастыратын түтік пішінді бұлшықетті мүше. Оның ұзындығы ересек адамдарда 5,5–6 метрдей. Аш ішектің асқазаннан басталған 25–30 сантиметрдей бөлімі – ұлтабар (он екі елі ішек) деп аталады. Ұлтабарға бауырдан келетін өт қабының өзегі және ұйқы безінің де өзегі ашылады (77-сурет).
Аш ішек ирелеңдеп орналасқан. Оның ішкі қабырғасында көптеген сақина пішінді қатпарлар бар. Сонымен бірге аш ішектің кілегейлі қабықшасында тұйық өскін түріндегі бүрлер өте көп. Мұндай бүрлер тек аш ішекке ғана тән. Бұл бүрлер ішектің ішкі сіңіру бетін ұлғайтады. Аш ішектің бұлшықет қабықшасындағы ішкі бұлшықет талшықтары сақина тәрізді, сыртқысы ұзына бойы орналасқан. Аш ішек қабырғасындағы бұлшықет талшықтары, оқтын-оқтын толқын тәрізді жиырылып-босаңсып тұрады. Осының нәтижесінде жеген тамақ ішектің ішімен алға қарай жылжып отырады.
Тоқ ішектің ұзындығы 1,5–2 метрдей (78-сурет), аш ішектен екі еседей жуан. Тоқ ішектің аш ішектен басталған жері – соқыр ішек деп аталады. Ол оң жақтағы мықын тұсында орналасқан. Соқыр ішектің төменгі шетінде ұзындығы 7–8 см-дей құрт пішінді тұйық өскін болады. Оны аппендикс (латынша «appendіx» – қосалқы) деп атайды. Ол лимфа жүйесіне жататын мүше. Оның қабынуынан болатын ауру – соқырішек (аппендицит) деп аталады. Тоқ ішектің соңғы бөлімі – тік ішек. Тоқ ішектің сыртында май қабаты қалың болады, оның кілегейлі қабықшасында жарты ай пішінді ірі әрі жалпақ қатпарлар көптеп кездеседі. Тоқ ішекте су қайтадан денеге сіңіріледі де, нәжіс қалыптасады. Тоқ ішекте өте көп бактериялар (әсіресе ішек таяқшалары) болады, олар ағзаға пайдалы. Бұл бактериялар өсімдік жасунықтарын (клетчатка) ыдыратады, кейбір витаминдерді синтездейді. Зиянды микробтардан қорғап, тамақтың дұрыс қорытылуын қамтамасыз етеді. Дәріні қалай болса солай пайдалану ішектегі пайдалы бактерияларға зиянды әсер етуі мүмкін. Сондықтан да дәрі-дәрмектерді (антибиотиктерді) тек дәрігердің кеңесі бойынша пайдалану керек.
Тынысалу деп мүшелер мен қоршаған ортаның арасындағы газ алмасуды айтады. Жер бетіндегі тіршілік ететін тірі ағзалардың барлығы тынысалу кезінде оттекті қабылдап, көмірқышқыл газын бөледі. Ағзаның әрбір жасушасының жұмысы (бұлшықеттердің жиырылуы, тердің, сілекейдің бөлінуі, қозудың берілуі) энергияны жұмсаумен байланысты. Тынысалу тірі ағзаларға тән қасиет.
Энергия органикалық заттардың тотығуы мен ыдырауынан босап шығады. Тотығуға оттек жұмсалады. Ағзада оттектің қоры болмайды. Ағза тыныс алғанда оттекті қабылдайды, ыдырау өнімдері (көмірқышқыл газы мен су буы) ағзадан сыртқа шығарылады. Тынысалу мүшелері, қанайналым жүйесі, ағза мен қоршаған орта арасында газ алмасуды қамтамасыз етеді. Органикалық заттардан энергия босау үшін оттек қажет. Тірі ағза үздіксіз тыныс алады. Адам оттексіз 1 минут та тіршілік ете алмайды.
Тынысалу мүшелерінің құрылысы. Тынысалу жүйесіне – мұрын қуысы (кеңсірік), жұтқыншақ, көмекей (көмей), кеңірдек, бронхылар, өкпелер жатады. Өкпелерден басқасын ауа өтетін жолдар деп атайды.
Мұрын қуысының (кеңсіріктің) құрылысы. Ауа танау тесіктері арқылы кеңсірікке барады. Кеңсірікті сүйекті-шеміршекті перде оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Кеңсіріктің қабырғаларын эпителий ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар кілегейлі қабықша қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер болады. Безді жасушалардан бөлінген шырыш шаң мен тозаңдарды ұстап қалады. Әрі ауа ылғалданады. Кілегейлі қабықша қантамырларына бай. Мұрын қуысындағы ұсақ көптеген қантамырлардың әсерінен ауа біршама жылынып ары қарай өтеді. Қан жасушалары – лейкоциттер мұрын қуысына енген микробтарды жояды.
Кеңсіріктегі ауаны кілегейлі қабықшадан бөлінген заттар ылғалдандырады; капилляр қантамырлары ауаны жылытады; лейкоциттер микробтарды жояды.
Кеңсіріктің жоғарғы жағында түрлі иістерді қабылдайтын иіс сезу жүйкелерінің ұштары орналасады. Мұрын қуысы ішкі танау тесігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақта асқорыту және тынысалу жүйелерінің жолы түйіседі. Тамақ жұтқыншақтан өңешке, ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі тынысалу мүшелер жүйесіне жатады. (Асқорыту мүшелерін естеріңе түсіріңдер).
Көмекей (көмей) – мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші қуыс шеміршекті мүше. Оның ішкі бетін кілегейлі қабықша астарлап жатады. Қабырғасы 3 сыңар, 3 жұп шеміршектерден түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы жатады. Көмекейдің артқы жағында 3 жұп майда шеміршектер болады. Шеміршектер бір-бірімен жартылай қозғалмалы байланысқан. Шеміршектерге бұлшықеттер бекінеді. Шеміршектердің арасында – 2 дыбыс сіңірлері болады, олар да шеміршекке бекінеді. Дыбыс сіңірлері бір-біріне қатарлас жатқан иілгіш, серпімді талшықтардан түзілген. Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді.
Адам дем шығарғанда дыбыс саңылауы тарылып дыбыс шығады. Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерін тербелтуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның тербелісінен жуан дыбыс шығады. Ер адамдардың көмекейі үлкен, дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан. Мойынның алдыңғы жағындағы ең ірі қалқанша шеміршегінің үлкен үшкір түйіні – бидайық (кадык) деп аталады. Ол жұтынғанда, сөйлегенде жоғары, төмен қозғалады. Сонымен көмекей дыбыс шығару мүшесінің де қызметін атқарады. «Көмекейі бүлкілдеген әнші екен», «күміс көмей» деген ұғымдар соны білдіреді. Ер адамда көмекейінің орташа ұзындығы 44 мм. Әйелдердің көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке болады, оның орташа ұзындығы 36 мм. Ауыз қуысында дыбыс шығаруға тіл, ерін, жақ сүйектері қатысады.
Әдетте барлық адамның дауысы бірдей емес. Дыбыстың құбылып, түрліше болып шығуы: көмекейдің пішіні мен мөлшеріне, дыбыс саңылауына, мұрын, ауыз қуыстарына, тіл, ерін, тістеріне байланысты. Көмекей – ауаны өткізуге, дыбыс шығаруға көмектеседі. Көмекейдің төменгі бөлімі кеңірдекке жалғасады.
Кеңірдек – көмекейдің жалғасы, іші қуыс түтік пішінді шеміршекті мүше. Ол өңештің алдыңғы жағында орналасады, ұзындығы шамамен 9–12 см, диаметрі 15–18 мм. Кеңірдектің алдыңғы қабырғасы бір-бірімен сіңірлер арқылы өзара байланысқан жартылай шеміршекті сақиналардан тұрады. Жартылай сақиналы шеміршектер кеңірдектің бір-біріне қабысып қалмай ауаның еркін өтуін қамтамасыз етеді. Кеңірдектің өңешпен жанасқан артқы жағы жұмсақ, тығыз талшықты дәнекер ұлпасынан түзілген. Кеңірдектің бұл жағы өңештен тамақ өтуіне ешбір кедергі жасамайды.
Кеңірдек 5-інші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ өкпеге баратын 2 бронхыға тармақталады. Бронхы (грекше «bronchus» – тыныс алқымы) кеңірдектің жалғасы. Ішкі беті кілегейлі қабықшамен қапталған. Бронхылар өкпеде өте көп тармақтарға бөлінген. Ең жіңішке тармақтары бронхиолдар (грекше «bronchіolі» – кішірею) деп аталады. Бронхиолдардың ұштары шоғырланып, іші ауаға толы өкпе көпіршіктерімен (альвеолалармен) аяқталады. Альвеоланың (латынша «alveolus» – ұяшық, көпіршік, қуыс) диаметрі 0,2–0,3 мм, қабырғалары бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады. Өкпе көпіршіктерінің сыртын тұтас капилляр қантамырлары торлап жатады. Капиллярлар мен өкпе көпіршіктері қабырғаларының арасында газ алмасады. Көпіршіктердің ішіндегі ауа құрамынан оттегі қанға өтеді. Капиллярлардағы қанның құрамындағы көмірқышқыл газы өкпе көпіршігіне өтеді.
Лимфа жүйесі – жүрек-қантамырлар жүйесінің бір бөлігі (65-сурет). Лимфа жүйесі арқылы ұлпалардан қантамырларға су, нәруыз, май, зат алмасу өнімдері қайта өтеді. Бұл жүйемен мөлдір, түссіз сұйықтық – лимфа ағады. Лимфа қанға ұқсас болғанмен құрамында нәруыз өте аз және эритроциттер болмайды. Лимфа тамырларының қантамырлардан айырмашылығы – лимфа тамырларымен сұйықтық тек жүрекке қарай ағады. Лимфа жүйесінде артерияларға ұқсас тамырлар болмайды, тек лимфа капиллярлары болады. Лимфа капиллярларының қантамыр капиллярларынан айырмашылығы – лимфа капиллярларының бір ұшы тұйық. Олар ұлпа жасушаларының арасынан басталады. Капилляр қантамырларына қарағанда лимфа капиллярларының қабырғасы өте жұқа. Қантамыр капиллярларының екі ұшы да ашық. Лимфа капиллярлары ми, жұлын, шеміршек, қағанақ, көз бұршағынан басқа мүшелердің бәрін торлап жатады.
Лимфа тамырлары. Лимфа капиллярлары лимфа тамырларына бірігеді, оның ішкі бетінде қақпақшалары бар. Ол қақпақшалар лимфа сұйықтығының бір бағытқа (жүрекке) қарай ағуын қамтамасыз етеді. Екі ірі лимфа тамырлары жүректің қасындағы үлкен қанайналым шеңберінің ірі вена қантамырларына қосылады. Лимфа сұйықтығы вена қанымен араласып, жүректің оң жақ жүрекшесіне құйылады.
Лимфа түйіндері лимфа тамырларының қосылған жерінде шоғырланған жасушалардан түзіледі. Олар қантамырлардың айналасында орналасады. Лимфа түйіндерінің пішіні – домалақ, сопақша, үрмебұршақ тәрізді (иммунды жүйені естеріңе түсіріңдер). Лимфа түйінінің бір жағы ішке қарай кіріңкі, ойыстау болады. Осы ойыстау жерінде артерия қантамырлары мен жүйкелер орналасқан. Лимфа түйіндерінің сыртын дәнекер ұлпасынан түзілген тығыз қапшықша (капсула) қаптайды. Лимфа түйіндерінің орналасқан жері: қолтық, шап, мойын, құрсақ қуысы, шынтақ пен тізенің бүгілісі, астыңғы жақ және т. б. (66-сурет). Кейде лимфа түйіндері жиналған бактериялардың әсерінен қабынып, ісіп кетеді. Мысалы, баспамен (ангина) ауырғанда мойындағы түйіндер іседі (без шошиды). Лимфа түйіндері қан түзілу процесіне, ағзаның қорғаныш реакциясына қатысып, лимфа ағынын реттейді. Лимфа түйіндері әр түрлі жұқпалы ауруларды туғызатын бактерияларды қанға жібермей, жояды. Олардың уларын зиянсыз етеді. «Қарсыдене» деп аталатын ерекше жасушалар түзіледі. Сонымен лимфа жүйесіне – лимфа капиллярлары, лимфа тамырлары, лимфа түйіндері және лимфа өзектері жатады.
Лимфа жүйесінің қызметі: а) ұлпа сұйықтығының қанайналым жүйесіне қосылуына көмектеседі; ә) лейкоциттерді түзеді; б) ағзаға түскен бөгде денелер мен бактерияларды ұстап биологиялық сүзгі қызметін атқарады; в) аш ішек бүрлеріндегі майларды сіңіруге қатысады.
Лимфаның ағуы. Адамда лимфаның қозғалуына 3 жағдай әсер етеді: 1) лимфа тамырларына жақын орналасқан қаңқа бұлшықеттерінің жиырылуына байланысты; 2) кеуде қуысының тынысалу қозғалыстарының әсерінен; 3) ішек бүрлерінің жиырылуы мен босаңсуына сәйкес ағады. Қаңқа бұлшықеттері жиырылып, лимфа тамырларын қысқанда лимфа бір бағыт бойымен қозғалады. Лимфа қанға қарағанда баяу қозғалады.
Үлкен және кіші қанайналым шеңберлері. Адам денесінде қантамырлар үлкен және кіші қанайналым шеңберін түзеді (63-сурет).
1. Үлкен қанайналым шеңбері – жүректің сол жақ қарыншасынан қолқа артерия қантамырынан басталады. Оттегіне қаныққан қан алдымен қолқаға, одан ірі және ұсақ артерия қантамырларына жеткізіледі. Қан ұсақ артерия қантамырларымен ішкі мүшелерге, жүректің өзіне, бұлшықеттерге, сүйектерге барады. Мүшелерде артерия қантамырлары тарамдалып, капиллярларға бөлінеді. Капилляр қантамырларының жұқа қабырғалары арқылы қан дене жасушаларына қоректік заттар мен оттегін таратады. Жасушалардан көмірқышқыл газы мен қажетсіз өнімдерді жинап, вена қанына айналады. Вена қаны вена қантамырлармен жүректің оң жақ жүрекшесіне құяды.
Үлкен қанайналым шеңбері → жүректің сол жақ қарыншасынан басталып → дене жасушаларына → жүректің оң жақ жүрекшесімен аяқталады. Үлкен қанайналым шеңбері деп аталу себебі – қан бүкіл денеге таралып, қайтадан жүрекке келеді.
2. Кіші қанайналым шеңбері – жүректің оң жақ қарыншасынан өкпе артерия қантамырынан басталады. Ондағы вена қаны өкпе артерия қантамыры арқылы өкпеге келеді. Өкпеде артерия қантамырларынан түзілген капиллярлар торында газ алмасады. Қан оттекке қанығып, көмірқышқыл газынан тазартылады да, вена қаны артерия қанына айналады. Одан төрт өкпе вена қантамырлары арқылы артерия қаны жүректің сол жақ жүрекшесіне құйылады. Қан сол жақ жүрекшеден сол жақ қарыншаға өтіп, қайтадан үлкен қанайналым шеңберінің қантамырларына бағытталады.
Кіші қанайналым шеңбері → жүректің оң жақ қарыншасынан басталып → өкпеге → жүректің сол жақ жүрекшесімен аяқталады.
Кіші қанайналым шеңбері деп аталу себебі – қан тек өкпеге барып оттекпен байытылады да қайтадан жүрекке келеді. Бұл қанайналым шеңберін кейде өкпелік шеңбер деп те атайды. Оттекке қаныққан қан – артерия қаны (алқызыл түсті таза қан), көмірқышқыл газына қаныққан қан – вена қаны (қоңырқай қызыл түсті қан).
Жүрек қанды қолқа артерия қантамырынан бөлінетін қантамырлардан алады. Жүрекке қан басқа мүшелермен салыстырғанда көбірек келеді, өйткені ол өмір бойы жұмыс атқарып тұрады. Жүрек жұмысының ерекшелігін анықтау үшін электрокардиография әдісі қолданылады. Жүрек бұлшықеттерінің жұмысын қисық сызық арқылы жазып алатын аспапты электрокардиограф деп атайды. Электрокардиограф арқылы жүректің бұлшықеттерінің жұмысы жазылған қисық сызық электрокардиограмма (ЭКГ) деп аталады. Жүректің бұлшықеттері қанмен қамтамасыз етілмегенде (қан ұйып қалғанда) жүрек бұлшықеті өлі еттенуіне (инфаркт миокарда) шалдығуы мүмкін. Қанның үлкен және кіші шеңберінде айналу уақыты 23–27 секунд.Үлкен қанайналым шеңберінде қан барлық мүшелерге оттек пен қоректік заттарды тасиды. Кіші қанайналым шеңберінде – қан оттегіне қанығып, көмірқышқыл газынан тазартылады.
Қан қысымы. Қан қантамырлардың бойымен ағуы кезінде қантамырларына және жүректің қуыстарына қысым түсіреді. Қан қысымы қантамырлардың әр түрлі бөлімдерінде біркелкі болмайды. Ең жоғары қан қысымы жүректен қанды алып шығатын ең ірі артерия қантамыры – қолқада болады. Жүректен алшақтаған сайын қантамырларда қан қысымы төмендей береді. Ең төменгі қан қысымы жүрекке қан әкелетін жоғары және төменгі қуысты вена қантамырларында болады. Қолқада қан қысымы сынап бағанасымен өлшегенде 150 мм. Қол-аяқтың ірі артерияларында қан қысымы 105–120 мм. Ұсақ артериялар мен капиллярларда 20–25 мм. Қан қысымын өлшейтін құралды тонометр дейді. Қанның жалпы вена қантамырлар бойымен қозғалуына бірнеше жағдайлар әсер етеді: а) жүректің ырғақты жұмысына сәйкес қантамырлардың әрбір бөліктерінде қан қысымының түрліше болуы;
ә) демалған және дем шығарғанда кеуде қуысында қысымның үнемі өзгеруі; б) веналық қантамырлардың ішінде болатын қақпақшалар қанның кері бағытта ағуына кедергі болуы;
в) веналық қантамырлардың айналасындағы бұлшықеттер жиырылған кезде қанның жүрекке қарай қозғалуына мүмкіндік туады.
Қан қысымын тоқпан жіліктің артерия қантамырларынан (қолдың қарынан) өлшейді. Жас, дені сау адамдарда қан қысымы үнемі тұрақты, өзгермейді. Жүректің сол жақ қарыншасының жиырылуы (жоғары қысым) сынап бағанасымен 120 мм болса, босаңсуы кезіндегі көрсеткіші (төменгі қысым) 70–80 мм. Қан қысымы жоғарылаған кезде болатын ауруларды гипертония (грекше «hyper» – үсті, жоғары), ал қан қысымы төмен ауруларды гипотония («hupo» – асты, төмен) дейді. Қанның қантамырлардың бойымен қозғалуы вегетативті жүйке жүйесі арқылы реттеледі. Оның орталығы сопақша мида орналасқан.
Қантамырлар ағзаны түгелдей торлап жатады. Қантамырлар: артериялар (салатамырлар), веналар (көктамырлар) және капиллярлар (қылтамырлар) деп 3 топқа бөлінеді.
Артерия қантамырлары (грекше «arterіa» – қантамыр) – қанды жүректен мүшелер мен ұлпаларға тарататын қантамырлар тобы. Жүректен шығатын екі ірі артерия қантамыры бар. Оң жақ қарыншадан басталатын – өкпе артериясының ішінде вена қаны болады. Сол жақ қарыншадан басталатын – қолқа (аорта) тамырының ішінде артерия қаны. Артериялардың қабырғасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы қабаты – дәнекер ұлпасынан, ортаңғы қабаты – бұлшықет ұлпасынан, ішкі қабаты – жалпақ эпителий жасушаларынан түзілген. Артерия қантамырларының қабырғасы қалың, серпінді. Олардың сыртқы қабаты мықтылық, серпінділік қасиет беріп, қантамырлардың кеңейіп, тарылуына әсер етеді. Ортаңғы қабаты серпінді талшықтар мен бірыңғай салалы бұлшықеттерден тұрады. Бұлшықеттер жиырылып, босаңсу арқылы қантамырлар қуысының диаметрін реттейді. Ішкі қабаты қантамырлардың қабырғасына қосымша мықтылық қасиет береді. Артерия қантамырларымен ағатын қанның қысымы өте жоғары болады. Сондықтан қысымға төзіп, созылуына қабырғасының тығыз, мықты, серпінді болуының маңызы өте зор. Артерия қантамырлары бұлшықеттердің астында терең орналасады, сондықтан олар көрінбейді. Ең ірі артерия қантамыры – қолқа (аорта) деп аталады. Жүректен алыстаған сайын артерия қантамырлары тармақтанып, жіңішке капиллярларға айналады.
Қорыта айтқанда, көпшілік артерия қантамырларының бойымен артерия қаны ағады. Тек өкпе артерия қантамырының ішімен вена қаны ағады.
Ерекше ескертетін жағдай-барлық артериялық қантамырлармен тек артерия қаны, барлық веналық қантамырлармен тек вена қаны ағады деген түсінік қалыптаспауы тиіс.
Вена қантамырлары (латынша «vena» – қантамыр, сіңір) – мүшелер мен ұлпалардан көмірқышқыл газына, зат алмасу өнімдеріне, гормондарға және т. б. қаныққан қанды жүрекке тасымалдайды. Артерия қантамырларына ұқсас веналардың да қабырғасы 3 қабаттан тұрады. Артерияларға қарағанда веналардың бұлшықет қабаты нашар жетілгендіктен қабырғасы жұқа, жұмсақ, серпінділігі аз болады. Вена тамырларының бір тобы терінің астына жақын орналасқандықтан, тарамдалған көк түсті тамырлар жай көзге айқын байқалады. Әсіресе қарт адамдарда бадырайып анық көрінеді. Артерияларға қарағанда веналарда қан қозғалысы баяу.
Вена қантамырлары орналасқан орнына байланысты теріге жақын жатқан және тереңде жатқан деп екі топқа бөлінеді. Веналық қантамырларымен қанның ағуына сол қантамырлардың жанындағы бұлшықеттердің жиырылуы да көмектеседі. Денеден жиналатын вена қаны алдымен ұсақ вена қантамырларына жиналады. Ұсақ вена қантамырлары өзара қосылып, ірі вена қантамырларын түзеді. Ең соңында бүкіл денеден жиналатын вена қантамырлар жоғары және төменгі қуысты вена қантамырларына айналады. Бұл екі вена қантамырлары вена қанын оң жақ жүрекшеге әкеледі.
Өкпеден келетін 4 өкпе вена қантамырлары сол жақ жүрекшеге артерия қанын тасиды. Вена тамырларының ерекшелігі – ішінде жарты ай тәрізді қақпақшалары болады. Ол қақпақшалар қанның жүрекке қарай қозғалуына әсер етпейді, тек кері ағуына кедергі жасайды.
Капилляр қантамырлары (қылтамырлар) – латынша «capіllarіs» – шаш тәрізді қылдай) адам шашынан 50 есе жіңішке. Олар дененің барлық мүшелері мен ұлпаларын торлайды. Капиллярлардың қабырғасы өте жұқа, эпителий жасушаларынан түзілген бір қабаттан тұрады. Капиллярлармен қан өте баяу қозғалады. Олардың жұқа қабырғалары арқылы қан мен ұлпаның арасында газ алмасады. Сондықтан қан еріген оттегінің көбін ұлпаға беріп, көмірқышқыл газымен қанығып, вена қанына айналады. Қандағы қорек заттар капиллярлардың қабырғасымен ұлпаларға өтіп, ұлпадан зат алмасу өнімдері қанға беріледі. Капиллярлардан қан веналарға жиналады. Капиллярлардың қабырғалары өте жұқа болғандықтан еріген қоректік заттар, оттек, көмірқышқыл газы, алмасу өнімдері оңай өтеді. Химиялық және жүйке тітіркендірулерінің әсерінен капиллярлар бірде кеңейіп, бірде тарылады. Капиллярларда қан қысымы артерия тамырларынан төмен болады.
Қорыта келгенде, адам ағзасында қан – артериялар, веналар, капилляр қантамырларының бойымен ғана ағады.
Қанайналым мүшелері. Қан адам ағзасында ұдайы қозғалыста болады. Қанның қозғалуы – ағза мен сыртқы ортаның арасында газ бен зат алмасуды қамтамасыз етеді. Дененің барлық мүшелері мен ұлпалары қоректік заттар мен оттекті қабылдап, зиянды заттардан тазартылады. Ағзада қанның үздіксіз қантамырлардың бойымен ағуын (қозғалысын) қанайналым дейді. Қанайналым жүйесіне – жүрек және қантамырлар жатады. Қанның қантамырлардың бойымен тұйық түрде, яғни қанайналым шеңберімен ағатынын XVІІ ғасырда ағылшын ғалымы У. Гарвей ашты.
Жүректің құрылысы. Жүрек – қанайналым жүйесінің орталық мүшесі. Оның жиырылуы мен босаңсуының нәтижесінде қан қантамырлардың бойымен үздіксіз ағады. Ересек адамдарда жүрегінің салмағы 250–300 г. Жүрек – кеуде қуысында, екі өкпенің аралығында орналасқан іші қуыс бұлшықетті мүше. Жүрек көлденең жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады, адам еркінен тыс жиырылады. Жүректің жалпақ бөлігі – негізі, сүйірлеу бөлігі – ұшы деп аталады. Жүректің сыртын дәнекер ұлпадан тұратын жұқа үлпершек (жүрек қабы) – перикард қаптап тұрады. Жүрек пен үлпершектің арасындағы кеңістікте аздаған сұйықтық болады. Ол жүректің еркін жиырылуына жағдай жасап, үйкелісті азайтады. Жүрек 4 қуысты: 2 жүрекшеден (предсердие) және 2 қарыншадан (желудочек) тұрады. Жүрекшелердің сыртында қосымша құлақшалар (ушко) болады. Жүректің сыртындағы көлденең сайша жүрекшелер мен қарыншаларды бөліп тұратын шекара болып саналады. Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады. Сыртқы қабаты – эпикард (грекше «epі» – сыртқы, «cor» – жүрек), өте жұқа, жүректі қоршап тұрады. Ортаңғы қалың бұлшықетті қабаты – миокард (грекше «mіos» – бұлшықет). Ішкі қабаты жұқа – эндокард (грекше «endo» – ішкі) жүректің ішкі қуыстары мен қақпақшаларын астарлап жатады. Жүректің миокард қабаты қарыншаларға қарағанда жүрекшелерде жұқа. Ондағы бұлшықет талшықтары екі түрлі бағытта орналасқан. Қарыншалардағы миокард қабаты (әсіресе, сол жақ қарыншада) қалың.
Жүрек негізінен ұшына қарай созылып жатқан қалың бұлшықет қабаты арқылы 2 бөлікке бөлінген. Жүректің әрбір бөлігінде бір жүрекше, бір қарынша болады. Әр бөліктегі жүрекше мен қарынша өзара тесіктер арқылы байланысады. Сол тесіктерде жүрекшелерден қарыншаларға қарай ашылып-жабылып тұратын жақтаулы қақпақшалар (створчатые клапаны) болады. Оң жақ жүрекше мен оң жақ қарыншаның арасында үш жақтаулы, сол жағында қос жақтаулы қақпақшалар орналасқан
Қарыншалар мен олардан басталатын артерия қантамырларының арасында жарты ай тәрізді қақпақшалар (полулунные клапаны) бар. Бұл қақпақшалар қантамырлардың ішіне қарай ашылады.
Жүректегі қақпақшалар қанды тек бір бағытқа қарай өткізеді. Жақтаулы қақпақшалар арқылы қан жүрекшелерден қарыншаларға қарай өтеді. Жарты ай тәрізді қақпақшалардан қан артерия қантамырларына қарай ағады. Қақпақшалар тығыз жабылып, қанның кері бағытқа қарай өтуіне кедергі жасайды. Жүректегі қақпақшалар эндокард қабатынан түзілген.
Жүрек қуыстарымен қанның ағу бағыты:
Қан жүрекшеден → қарыншаға → қарыншадан → артерия қантамырларына қарай ағады.
Жүректің жұмысы – бірін-бірі ырғақты түрде алмастырып отыратын жүрек циклынан тұрады. Әр соғуы 3 кезеңнен тұрады: 1) жүрекшенің жиырылуы (0,1 сек); 2) қарыншаның жиырылуы (0,3 сек); 3) жүректің босаңсуы (жүрекше мен қарыншаның бір мезгілде тынығуы) (0,4 сек). Жүректің бір рет соғуына барлығы 0,8 сек уақыт кетеді. Ересек адамда жүрек қалыпты жағдайда минутына 70–75 рет соғады. Жүрекке күш түскенде соғуы жиілейді. Қарыншалар әрбір жиырылғанда қантамырларға 70–80 мл, яғни бір минутта 5–5,5 л қан өтеді. Жүректің өмір бойы тынбай жұмыс істесе де, шаршамауы тынығу кезеңінің болуына байланысты. Жүрек қабырғасындағы бұлшықеттердің қаңқа бұлшықеттерінен айырмашылығы: а) ет талшықтары шоқтанып орналаспай, бір-бірімен тор тәрізді жалғасып жатады; ә) жүрек бұлшықеттерінің жиырылуы бірыңғай салалы бұлшықеттердікі сияқты сыртқы тітіркендіргіштерге тәуелді емес (өздігінен еріксіз жиырылады); б) жүрек бұлшықеттерінің жасушалары 2 түрлі: 1) жиырылатын жасушалар; 2) жүректің өткізгіш жүйесін құрайтын жасушалар:
1) жиырылатын жасушаларда көлденең жолақты бұлшықет талшықтарына қарағанда митохондрийлері көп болады. Сондықтан олар тотығу деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Керісінше эндоплазмалық тор қаңқа бұлшықет талшықтарымен салыстырғанда нашар дамыған. Жүрек бұлшықеті жасушаларында ядросы дәл ортасында, миофибриллалары шет жағында қатарласа орналасады.
2) жүректің өткізгіш жүйесін құрайтын жасушалар импульстерді жүректің өз ішіне өткізеді. Бұл жасушалар өте ірі, түйіршікті эндоплазмалық торлары өте көп. Миофибриллалары мен митохондриялары аздау әрі ядролары ірі.
Жүректің ішкі бетіндегі ерекше жалпақ жасушалар қантамырлары мен лимфа тамырларының ішкі бетін астарлап жатады. Бұл жасушалар қанның қантамырлардың ішінде ұюына кедергі жасайды. Жүрек бұлшықетінің тағы бір қасиеті сыртқы тітіркендіруге тәуелді емес. Жүректе болатын импульстерге жауап ретінде ырғақты жиырылуға қабілетті. Бұл құбылысты жүрек автоматиясы (жүректің өздігінен жиырылуы) дейді. Жүректің өздігінен жиырылуын жүректің бұлшықетінде болатын ерекше бұлшықет жасушалары реттейді. Осының нәтижесінде ағзадан бөлініп алынған жүректе қозу ырғағы пайда болады. Электрокардиограмманың көрсеткіші жүрек бұлшықеттерінің жұмысын аңғартады. Мұның жүрек ауруларын анықтауда маңызы зор.
Жүрек жұмысының реттелуі үнемі жүйкелік және гуморальдық жолмен жүзеге асады. Жүректің жиырылу жиілігінің жүйкелік реттелуі – сопақша мида орналасқан «жүрек ырғағының орталығына» байланысты. Бұл орталықтан жүрекке қозғағыш жүйкелердің 2 тобы әсер етеді. Оның парасимпатикалық бөлімі жүрек жұмысын бәсеңдетсе, симпатикалық бөлімі жүректің жиырылу жиілігін күшейтеді.
Гуморальдық реттелу гормондардың әсерінен болады. Бүйрекүсті бездерінен бөлінетін адреналин гормоны жүректің жиырылу ырғағын үдетеді. Тек адреналин гормоны ғана емес, қалқанша без гормоны тироксиннің де әсері күшті. Жүйкелік және гуморальдық реттелу бұлшықеттердің жұмысы кезінде айқын байқалады. Жүректің қалыпты жұмыс істеуіне қанның құрамындағы кальций, калий тұздарының да әсері бар. Калий жүрек жұмысын баяулатса, кальций күшейтеді.Адам ағзасының микробтарға, түрлі ауруларға қарсы тұруы иммундық жүйе арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазіргі кезде иммундық жүйенің атқаратын қызметіне ерекше көңіл бөлінуде. Дүние жүзінде соңғы уақыттарда кеңінен таралған ЖИТС (жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы) ауру белгісі де иммундық жүйемен байланысты. Бұл ауру көпшілікке СПИД (синдром приобретенного иммунодефицита) деген атпен белгілі. Иммундық жүйе адам ағзасында негізінен қорғаныштық қызмет атқарады. Иммундық жүйеде орталық және шеткі мүшелер болады. Орталық мүшелеріне – сүйек кемігінде болатын кемік майы және айырша без (тимус) жатады.
Кемік майы қабырғаларда, омыртқаларда, жіліктердің шеміршекті ұштарында және т. б. сүйектерде кездеседі. Ол ағзада өмір бойы сақталады да, одан үнемі қан жасушалары түзіліп отырады. Ересек адамның сүйектерінде кемік майының мөлшері шамамен 2,5–3 кг. Кемік майы екі түрлі. Оның біріншісі-қысқа және жалпақ сүйектердің кемікті қуыстарындағы қызыл түсті кемік майы. Екіншісі – түтік пішінді сүйектердің (жіліктердің) ішкі қуысындағы сары түсті жілік майы.
Айырша без (тимус) төссүйектің ішкі бетінде, қолқа доғасына жақын орналасқан. Айырша без-екі бөліктен тұратын сыңар мүше. Ол безден гормондар бөлінетіндіктен эндокриндік мүшелер жүйесіне де жатады. Иммундық жүйенің шеткі мүшелеріне-бадамша бездер, лимфа түйіндері, көкбауыр, аппендикс өскіні (соқырішек) және т. б. жатады. Жұтқыншақтың кілегейлі қабығында 6 бадамша без шоғырланған. Оларды жұтқыншақ лимфа сақинасы деп те атайды. Ол арада таңдай, жұтқыншақ және тіл бездері орналасқан. Бұл бадамша бездер ағзаға тамақпен түскен зиянды микробтарды жоюға қатысады.
Лимфа түйіндері көбіне ірі қантамырлардың маңында болады. Адам ағзасында 460-қа жуық лимфа түйіндері бар. Олар шоғырланып жатады да, әрі биологиялық, әрі механикалық сүзгінің қызметін атқарады. Лимфа түйіндері қызғылт-сұр түсті.
Көкбауыр-құрсақ қуысының жоғары бөлігінің сол жағындағы 9–11 қабырғалардың тұсында орналасқан сыңар мүше. Оның ұзындығы шамамен 10–14 см, ені 6–10 см, қалыңдығы 3–4 см, салмағы 150–200 г. Көкбауырда қан жасушалары түзіледі, әрі уақытша сақталады. Сонымен бірге көкбауырда тіршілігін жойған эритроциттер жиналады. Иммундық мүшелер ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығын және генетикалық тұтастығын қамтамасыз етеді. Иммундық мүшелерде түзілген лимфоцит жасушаларының ағза үшін маңызы өте зор. Лимфоцит жасушаларын атқаратын қызметіне байланысты 2 топқа бөледі. Олардың біріншісі Т-лимфоциттер, екіншісі – В-лимфоциттер деп аталады. Лимфоциттердің бұл екі тобы да негізінен кемік майында түзіледі. Т-лимфоциттер айырша безде, В-лимфоциттер лимфа ұлпаларында толық жетіліп, лимфа арқылы таралады. Олар ағзада иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді.Ағзаға түскен зиянды микробтарды, олар бөліп шығарған улы заттар – қарсыгендер (антигендер) деп аталады. Антигендерге қарсы ағзада түзілген заттарды – қарсыденелер дейді. Антигендерге қарсы ағзада түзілген әрбір қарсыдене өзі әсер ететін антигенді ажырата алады. Т- және В-лимфоцит жасушаларының иммунитеттерді қалыптастырудағы әсерін кесте түрінде жоғарыдағыдай көрсетуге болады:
Адам ағзасы басқа тірі ағзалар сияқты жасушалардан құралатындығы сендерге белгілі болды. Жасушалар адам денесінде ретсіз орналаспай, бір-бірімен жасушааралық зат арқылы байланысып топтанады. Ұлпа – шығу тегі, құрылысы, атқаратын қызметі бірдей жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығы. Ұлпалар 4 топқа бөлінеді: эпителий, дәнекер, бұлшықет және жүйке ұлпалары.
1. Эпителий ұлпасы (грекше «epі» – үстіңгі, беткі) жабын (тері жабыны) ұлпа мүшелердің сыртқы жағын жауып, ішкі мүшелерді (асқазан, ішектер, несепағар, мұрын қуысы, ішкі секреция бездері және т. б.) астарлап жатады. Жасушалары бір-бірімен өте тығыз жанасқан мұндай орналасудың қорғаныштық қызмет атқаруда мәні зор. Жасушаларының пішіндері – жалпақ, төрт бұрышты, цилиндр және т. б.
Эпителий ұлпасы құрылысына қарай бір қабатты, көп қабатты болады. Егер жасушалары бірнеше қабат түзіп орналасса – көп қабатты деп аталады. Мысалы, терінің сыртқы қабатының жасушалары көп қабатты болғандықтан, қасаңданып түлеп түседі. Оның орнын терең қабатындағы жасушалар толықтырады.
Жасушаларының пішіні мен атқаратын қызметіне қарай эпителий ұлпалары 6 топқа бөлінеді:
1) жалпақ эпителий (көп қабатты) жасушалары көп қырлы, терінің үстіңгі қабаты мен ауыз қуысы, өңештің ішкі жағын астарлайды
2) текшелі (кубический) эпителий бүйректің өзекшелерін іш жағынан астарлап тұрады;
3) бағана тәрізді эпителийдің жасушалары ұзынша, асқазан мен ішектердің ішкі қабатында орналасқан;
4) кірпікшелі эпителий бағана тәрізді жасушаларының бетінде цитоплазмадан түзілген кірпікше тәрізді өсінділері болады
Әсіресе тыныс жолдарындағы кірпікшелі эпителийлер шаң-тозаң бөлшектерін және т. б. бөгде заттарды ұстап қалады;
5) сезгіш эпителий (3, б-сурет) тітіркенуді қабылдайды, иіс сезу эпителийлері мұрын қуысында орналасқан;
6) безді эпителий жасушалары сүт, тер, жас, сілекей, құлық бөледі, жасушаларының пішіндері бағана және төрт бұрышты.
Эпителий ұлпасының қызметі: а) қорғаныштық; ә) денеде су мөлшерінің бір қалыпты болуын реттейді; б) зат алмасудың бастапқы және соңғы кезеңдері эпителий ұлпалары арқылы орындалады; в) ағза мен сыртқы орта арасындағы зат алмасуды реттейді.
2. Дәнекер ұлпасы. Өзінің атына сәйкес барлық ұлпалар тобын біріктіріп, дәнекерлеп тұрады. Дәнекер ұлпасына – сүйек, шеміршек, сіңір, майлар, қан, лимфа жатады. Дәнекер ұлпасы: тығыз талшықты дәнекер ұлпасы, шеміршекті, сүйекті, борпылдақ талшықты, қан ұлпасы деп бөлінеді.
1) Тығыз талшықты дәнекер ұлпасының жасушалары бір-бірімен тығыз тор тәрізді жанасқан. Жасушааралық заттары аз, талшықтары көп болады. Теріде, сіңірде, артериялық қантамырларының қабырғасында орналасқан. Жасушалары бір-бірімен тығыз орналасып, ұлпаның біркелкі мықтылығын қамтамасыз етеді.
2) Шеміршекті дәнекер ұлпа жасушалары домалақ пішінді, әр жерде топтанып тұрады. Жасушааралық заттары мөлдір болады. Омыртқалардың бір-бірімен байланысқан жері, көмекей қақпақшасы, кеңірдек пен құлақ қалқаны шеміршекті дәнекер ұлпасынан түзіледі. Мұрынның, жіліктердің, қабырғалардың ұштары да шеміршекті ұлпа. Шеміршектер қатты болғанымен серпінділік қасиеті бар.
3) Сүйекті дәнекер ұлпа құрамында кальций тұзы бар, бір-бірімен байланысқан сүйек тақташаларынан (пластинка) түзілген. Сүйекті дәнекер ұлпасының жасушалары тірі, қантамырлар мен жүйкелер торлап жатады. Қаңқа сүйектері түгелдей осы ұлпадан тұрады. Құрамындағы кальций тұзы сүйекке мықтылық қасиет беретіндіктен ағзада сүйектер тірек қызметін атқарады.
4) Борпылдақ талшықты дәнекер ұлпасының (рыхлая) талшықтары бір-бірімен өріліп, жасушалары тығыз орналасқан. Қантамырларын, жүйкелерді қоршап, мүшелердің арасындағы кеңістікті толтырып тұрады. Теріні бұлшықеттермен байланыстырып, терінің астында борпылдақ қабат түзеді.
5) Қан – сұйық дәнекер ұлпа. Қан мен дәнекер ұлпаларының жасушалары ұқсас болғандықтан қанды дәнекер ұлпасына жатқызады.
Қызметі: а) ұлпаларға мықтылық қасиет береді (тығыз талшықты ұлпа);
ә) сіңірлер мен терінің негізін түзеді (тығыз талшықты ұлпа);
б) тірек қызметін атқарады (шеміршекті және сүйекті ұлпа);
в) оттек, қоректік заттармен қамтамасыз етеді (қан ұлпасы).
Ми бассүйектің ми сауытының ішінде жатады. Мидың орташа салмағы шамамен 1300–1400 г. Салмағы бұл көрсетілгеннен көбірек болатын адамдар да кездеседі. Адамның дарындылығы мен ақылдылығы мидың салмағына байланысты емес. Жұлындағыдай ми да ақ зат пен сұр заттан құралған. Жұлыннан айырмашылығы – мидың ақ заты ішкі жағында, сұр заты сыртында болады. Мидың бөлімдеріне байланысты сұр заты тұтас немесе ақ затының әр жерінде топтанып жатады, оны «ядро» дейді. Мидың ақ затынан өткізгіш жолдар түзіліп, миды жұлынмен байланыстырады. Ми бөлімдерінің өзара байланысы өткізгіш жолдар арқылы қамтамасыз етіледі.
Мидың ішінде ми сұйықтығымен толтырылған қуыстар болады. Оларды ми қарыншалары дейді, себебі ішінде мөлдір әрі тұтқыр сұйықтық болады. Ол қорғаныштық ыдырау өнімдерін шығару және ми ішіндегі қысымды реттеу қызметін атқарады.
Ми бөлімдері. Ми ұрықтың даму ерекшелігіне байланысты 5 бөлімнен тұрады: 1) сопақша ми; 2) мишық (артқы ми); 3) ортаңғы ми; 4) аралық ми; 5) алдыңғы ми сыңарлары.
1. Сопақша ми – жұлынның жоғарғы шетінің жалғасы. Сопақша мидың төменгі шеті жіңішкелеу, жоғарғы шеті жуандау. Жұлындағы сияқты, сопақша мидың ақ заты сыртында, сұр заты ішкі жағында орналасады. Жұлыннан айырмашылығы – сұр заты ақ затында ядро тәрізді әр жерінде шоғырланып жатады. Сопақша мидың ұзындығы 2,5–3 см. Сопақша мида бір ми қарыншасы орналасқан. Онда ему, жұту, жөтелу, түшкіру, көзді жыпылықтату рефлекстерінің орталығы бар. Сұр затында тыныс алу, қан тамырларын, асқорытуды реттейтін орталықтар орналасқан. Жұлынға қарағанда сопақша мидың рефлекстік қызметі күрделі.
Сопақша ми арқылы жүзеге асатын рефлекстер: 1) қорғану (жөтелу, құсу, түшкіру, жас бөлу, көзді жыпылықтату); 2) тамақ (ему, жұту, сөл бөлу, асқорыту бездері); 3) жүрек, қантамырлар (жүрек пен қантамырлар жұмысын реттеу); 4) автоматты түрде жұмыс істейтін тынысалу орталығы өкпе жұмысын жақсартады; 5) есту ақпараттарын басқарады.
Жұлын сияқты сопақша ми қозуды жұлыннан мидың бөлімдеріне өткізеді. Егер сопақша ми зақымданса тыныс алу мен жүректің тоқтауынан адам тез өліп кетеді.
2. Артқы миға – мишық пен ми көпірі жатады. Ми көпірі ортаңғы ми мен сопақша мидың аралығына орналасқан. Сопақша ми мен ортаңғы миды байланыстырып тұратындықтан ми көпірі дейді. Ми көпір арқылы төменірек орналасқан бөлімдерден қозу келеді.
Ми көпірдің өткізгіш доғасы үлкен ми сыңарларының қыртысын жұлынмен және мишықтың қыртысымен жалғастырады. Ми көпірінің жүйке жасушалары (нейрондары) беттің терісінен, тілден, ауыз қуысының кілегейлі қабықшасынан (дәм сезгіштік) келетін хабарларды қабылдайды. Есту, тепе-теңдікті сақтау мүшелерінен келетін ақпараттар (информация) ми көпіріне хабарланады. Ми көпірінде сілекей, жас бездері мен шайнау, ымдау бұлшықеттерінің жұмысын реттейтін жүйке орталықтары да орналасқан.
Мишық – сопақша ми мен көпірдің артқы жағында жатады. Мишықтың сыртында сұр заттан түзілген қыртыстары және өте көп иірімдері болады. Сұр заттың астында ақ заты орналасады.
Нейрондардың мишықтан шығатын өсінділері оны орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдерімен байланыстырады. Мишық дене бұлшықеттерінің үйлесімді жиырылуын реттейді. Әсіресе мойын, тұлға, аяқ-қол бұлшықеттерінің қозғалысын, дененің тепе-теңдігін сақтайды. Егер мишық жарақаттанса, адамның қол-аяғы тез шаршайды, қозғалысы, тепе-теңдігі, сөзі бұзылады.
3. Ортаңғы ми – артқы ми мен аралық мидың арасына орналасқан. Ол алдыңғы ми мен артқы миды бір-бірімен жалғастырып тұрады. Мидың бұл бөлімі арқылы жоғары және төмен қарай өткізгіш жүйке жолдары өтеді. Теріде пигменттің түзілуін реттейді. Кенеттен шыққан дыбыс, жарық тітіркендіргіштерін тез бағдарлауды реттейді.
4. Аралық ми – ортаңғы мидың алдыңғы жағында жатады. Көру төмпешіктері мен төмпешік асты аймақтан (гипоталамус) тұрады. Аралық мида да бір ми қарыншасы бар. Көру, дәм сезу, есту және т. б. рецепторлардан келетін қозу аралық ми арқылы үлкен ми сыңарларының қыртысына өтеді. Аралық ми зат алмасу, жүрек-қантамырлары жүйесі, ішкі секреция бездері, зәр шығару, ұйқы жұмысын реттейді. Ағзаның ішкі ортасы, дене температурасы, тынысалу, қан қысымының тұрақты болуы аралық миға байланысты.
Адам қаңқасының бөлімдері. Адам қаңқасы бір-бірімен өзара буын қалталары арқылы байланысқан жеке сүйектерден тұрады. Қаңқада 200-ден астам сүйектер бар. Ағзада болатын барлық сүйектер пішіні, мөлшері жағынан ұзын сүйектер, қысқа сүйектер, жалпақ сүйектер деп бөлінеді.
Ұзын сүйектерге қол-аяқты құрайтын жіліктер жатады. Ұзын сүйектердің жілік майы толтырып тұратын ортаңғы бөлігі қуыс болғандықтан түтікті сүйектер деп те атайды.
Қысқа сүйектерге – омыртқа, алақан, табан, саусақ сүйектері жатады.
Жалпақ сүйектердің ұзындығы мен ені әр түрлі. Жауырын, бас сүйектері, қабырға, төс, жамбас сүйектері – жалпақ сүйектер.
Қаңқа – тұлға, бас сүйегі, иық белдеулері мен қол сүйектері және жамбас белдеулері мен аяқ сүйектері деп бөлінеді
Тұлға қаңқасы – омыртқа жотасы мен қабырғалар және төс сүйегінен тұрады.
Омыртқа жотасы тұлғаның негізгі тірегі. Адамда омыртқалардың саны 33–34, олар: 7 мойын омыртқа; 12 арқа омыртқа; 5 бел омыртқа; 5 сегізкөз омыртқа; 4–5 құйымшақ омыртқалар
Омыртқаның құрылысы – әр омыртқаның денесі мен доғасы болады. Омыртқа доғасында көптеген қанаттары (бір арқа, екі бүйір, екі үстіңгі және екі астыңғы буындық) бар. Омыртқа доғасы иіліп, денемен тұтасқан. Омыртқалардың дәл ортасындағы кең қуыста жұлын орналасады. Мойын омыртқалардың (7) пішіні жағынан басқа омыртқалардан біршама айырмашылықтары бар: омыртқа денесі кішілеу, бірінші мойын омыртқасының (ауыз омыртқа) денесі болмайды, ортасындағы қуысы үшбұрышты. Мойын омыртқаларының біріншісі бас сүйегімен байланысып, басты бұруға қатысады. Денеге күш түсуіне байланысты 3-мойын омыртқадан бастап 7-омыртқаға дейін пішіндері сәл өзгереді. Омыртқа денесі ұлғайып, арқа өсіндісінің ұшы (7-омыртқадан басқасы) екіге ажырап ашаланады.
Арқа омыртқалары (12) мойын омыртқаларынан ірілеу, арқа өсіндісі көлбеу орналасқан. Бүйір өсінділерінде және омыртқа денесінде қабырғалар бекінетін шеміршекті буын ойықтары болады. Арқа омыртқалар қабырғалармен байланысады.
Бел омыртқалары (5) басқа бөлімнің омыртқаларымен салыстырғанда денесі жалпақ әрі үлкен. Арқа қанаттары да жуан, бұл бел бөлімінің көбірек қозғалуына әсер етеді. Бел омыртқаларына дене салмағының күші көбірек түседі
Сегізкөз омыртқалары (5) бір-бірімен қозғалмастай тұтасып кеткен. Пішіні үшбұрышты, ішке қараған беті сәл иіліңкіреп ойықтау болып келеді. Ойыс жағынан сегізкөз омыртқаларының тұтасып кеткен іздері 4 көлденең бұдыр сызық болып анық көрініп тұрады. Сегізкөз омыртқаларында 4 жұп тесіктерінен жұлын жүйкелерінің тарамдалған ұштары шығады.
Құйымшақ омыртқалар (4–5) қалдық ретінде тұтасып кеткен. Тек бірінші омыртқада омыртқаның кейбір белгілері ғана сақталған. Қалғандары біртіндеп кішірейген.
Барлық омыртқалар бір-бірімен шеміршектер, бұлшықеттер, сіңірлер арқылы байланысып, омыртқа жотасын құрайды. Омыртқа жотасы – тұлғаны алға, артқа, бүйіріне қарай иіп-қозғалту арқылы түрлі қимылға келтіреді.
Омыртқа жотасы төрт жерінен алға және артқа қарай иіледі. Мойын мен бел омыртқалардың тұсында екі иілім алға қарай иілген. Арқа мен сегізкөз омыртқаларының тұсында екі иілім артқа қарай иілген. Жаңа туған нәрестенің омыртқа жотасы түзу, иілімдері болмайды. Нәрестенің мойны қатқанда мойын, отыра бастағанда арқа иілімі білінеді. Қаз тұрып жүре бастағанда бел мен сегізкөз омыртқаларының тұсындағы иілімдер байқалады. Иілімдер 18–20 жаста толық қалыптасады. Омыртқа жотасының иілімдері кеуде, жамбас қуыстарының мөлшерін кеңейтеді. Бұл иілімдер дененің тепе-теңдігін жеңілдетіп, жүгіріп, секіргенде серпімділікті күшейтеді. Бұл омыртқалардың бір-бірімен жалғасқан жеріндегі шеміршектердің созылғыштық қасиетіне де байланысты. Омыртқа жотасының алға және артқа қарай иілімдері адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан. Бұл қалыпты құбылыс. Ал омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай иілуі (қисаюы) – сколиоз ауруына әкеп соқтырады
Омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюының негізгі себептері:
а) орындықта түзу отырмау; ә) жазу столы мен орындықтың биіктігінің сәйкессіздігі; б) көбіне бір қолымен ауыр жүк көтеру;
в) сүйектер мен бұлшықеттердің нашар дамуы және т. б. Сондықтан да жүргенде, тұрғанда, отырғанда омыртқа жотасын түзу ұстауға тырысу керек. Ауыр жүк көтермеу, жүйелі түрде спортпен шұғылдану керек.
Кеуде қуысының қанқасын 12 арқа омыртқа, 12 жұп қабырғалар, алдыңғы жағын жалғыз төссүйек құрайды. Қабырғаның алдыңғы шеті шеміршекті болады. Жоғарғы 7 жұп қабырғалар шеміршек арқылы төссүйекпен байланысқан. Келесі шеміршек шеттері қабырғалардың жұптарымен өзара қосылып доға түзеді. Қабырғалар омыртқалармен буын арқылы қозғалмалы, төссүйекпен шеміршек арқылы жартылай қозғалмалы байланысады. Қабырғалардың 11, 12-жұптарында шеміршек болмағандықтан алдыңғы шеттері бұлшықеттердің арасында бос жатады. Қабырғалар тыныс алу мен тыныс шығарғанда кеуде қуысы көлемінің ұлғайып, кішіреюіне әсер етеді. Кеуде қуысында орналасқан мүшелер: жүрек, өкпе, ірі қантамырлар, кеңірдек, бронхылар, өңеш және жүйкелер. Кеуде қуысының пішіні жынысына, жас ерекшеліктеріне, дене бітіміне, дамуына байланысты. Кеуде қуысының жоғарғы және төменгі тесігі болады. Жоғарғы тесігі артқы жағынан бірінші арқа омыртқасының денесімен шектеледі. Бүйірі бірінші жұп қабырғалармен, алдыңғы жағы төссүйектің жалпақ бетімен бітеді. Жоғарғы тесік арқылы өңеш, кеңірдек ірі қантамырлар мен жүйкелер өтеді. Жануарлармен салыстырғанда денесін тік ұстап, тік жүруіне байланысты адамның кеуде қуысы екі жағына керіліп, кеңейген
Иіс сезу – заттың иісін қабылдау. Иісті қабылдайтын иіс сезу жасушалары мен рецепторлар мұрын қуысының кілегейлі қабықшасының жоғарғы жағында орналасады. Рецептор жасушалары шеткі қысқа (15–20 мкм) өсінділер мен ұзын орталық өсінділерден тұрады. Жасушаның денесі кілегейлі қабықшаға тереңірек еніп жатады. Иіс сезу жасушаларының шеткі өсінділерінің ұшы кеңейіп, жуандап, онда 10–12 үшкір түктер орналасады. Бұл түктер иісті заттардың молекулаларымен өзара әрекеттеседі. Иісті заттардың молекулалары мұрын қуысының кілегейлі қабығының беткі жағында болады Дәм сезу ауыз қуысына түскен заттың дәмін қабылдайды. Дәм сезу рецепторлары тілдің ұшында, артқы бөлігінде, жиегінде, жұмсақ таңдайда, жұтқыншақтың артқы жағында орналасады. Дәм сезу рецепторлары тағамның химиялық құрамын жақсы сезеді. Әсіресе тәтті, ащы, тұзды, қышқылдың әсерін сезеді. Тілдің кілегейлі қабықшасында дәм сезу емізікшелері мен бүртіктері болады. Бүртік жасушаларының ұшында 40–50-дей жіңішке түтікшелер орналасқан. Тамақ заттары дәм сезу жасушаларының түтікшелерін тітіркендіреді. Қозу дәм сезу рецепторларынан тілге келетін жүйке талшығы арқылы сопақша миға, ортаңғы мидағы көру төмпешіктері мен ми қыртысына беріледі. Тілде сезімтал рецепторлар біркелкі орналаспайды. Мысалы, тілдің ұшы тәттіні, артқы бөлігі ащыны, жиегі қышқылды, ұшы мен жиегі тұздыны сезеді.
Сипап сезу арқылы заттың пішінін, қаттылығы мен жұмсақтығын, тегістігін, жылы-суықтығын анықтайды. Терінің сыртқы және нағыз тері қабатында орналасқан рецепторлардың пішіндері мен қызметі әр түрлі. Біреуі жанасуды, екіншісі жылуды, үшіншісі суықты, төртіншісі ауырғанды қабылдайды. Жанасуды қабылдайтын рецепторлар терінің сыртқы қабатында, алақан мен саусақ ұшында болады. Тері арқылы суықты, жылуды, жанасуды, ауырғанды сеземіз. Затты ұстап саусақпен сипағанда тері рецепторларындағы қозу миға беріледі.
Құрылысы: есту мүшесі – құлақ. Құлақ 3 бөлімнен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ.
1. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Құлақ қалқаны ауадағы дыбыс тербелістерін құлақтың ішіне бағыттайды. Сыртқы дыбыс жолдарының ұшы жұқа, тығыз, керілген дабыл жарғағымен бітеді. Сыртқы дыбыс жолдары арқылы дыбыс толқындары дабыл жарғағына, содан соң ортаңғы құлаққа өтеді. Дабыл жарғағы сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады.
2. Ортаңғы құлақ дабыл жарғағынан кейін басталады, самай сүйегінің ішінде орналасқан. Ортаңғы құлақтың ішінде ауа болады. Ортаңғы құлақ қуысы түтік арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Адам есінегенде, жұтынғанда түтіктің өзегі жұтқыншаққа ашылады. Жай уақытта жабық болады. Ортаңғы құлақтың қуысында бір-бірімен буын арқылы байланысқан 3 дыбыс сүйекшелері (балғашық, төс, үзеңгі) орналасқан. Үшеуін қосқандағы салмағы шамамен 0,05 г. Сүйекшелердің сырты кілегейлі қабықшамен қапталған. Балғашық, төс, үзеңгі деген атаулар пішіндері осы заттарға ұқсайтындықтан қойылған. Балғашық сүйегінің жіңішке шеті дабыл жарғағымен бітісіп кеткен. Жуандау шеті буын арқылы төс сүйекшесімен, ол үзеңгі сүйекшесімен қозғалмалы байланысады. Бұл сүйекшелер ортаңғы құлақтың қуысы арқылы дыбыс толқынын өткізеді. Дабыл жарғағының тербелісі алдымен үш сүйекке, содан соң ішкі құлаққа беріледі. Ортаңғы құлақ қуысындағы қысым атмосфера қысымымен бірдей. Қысым кенеттен төмендеп немесе жоғарылап кетсе, құлақ бітеліп уақытша естімей қалады (әсіресе бұл ұшқанда байқалады). Мұндай жағдайда жиі-жиі жұтыну керек. Адам жұтынғанда ортаңғы құлақ қуысындағы қысым теңестіріледі.
3. Ішкі құлақтағы қуыстар мен иірім өзекшелерден тұратын күрделі жүйені шытырман (лабиринт) деп атайды. Мұндағы шытырманның сыртқысы – сүйекті, ал ішкісі – жарғақты шытырман деп аталады. Шытырмандар – есту мен тепе-теңдік мүшелері. Сүйекті шытырманның ішінде жарғақты шытырман орналасады. Жарғақты шытырманның қабырғалары жалпақ эпителиймен қапталған жұқа дәнекер тақташадан (пластинка) түзілген. Жарғақты шытырманның ішінде лимфа сұйықтығы болады. Оралма тәрізді ширатылған ұлулы дене – есту мүшесі. Бұл ұлулы дененің қуысы сұйықтыққа толы болады. Ұлулы денедегі сезімтал жасушалар дыбыс толқынын қабылдап, қозуды есту жүйкесіне өткізеді. Қозу есту жүйкесі арқылы ми қыртысының самай бөлігіндегі есту орталығына жеткізіліп, талданып жинақталады.
Дыбыс толқынының таралу жолы:
Дыбыс толқыны → дабыл жарғағының тербелісі → есту сүйекшелерінің тербелісі → ұлулы денедегі сұйықтықтың тербелісі → есту рецепторының тітіркенуі → жүйке импульстарының пайда болуы.
Адамның тіршілігі сыртқы ортамен тығыз байланысты. Қоршаған ортада болып жатқан ақпараттар ағынын жүйкелер сезімтал ұштары арқылы (рецепторлар) қабылдайды.
Тітіркендіргіш (түршіктіргіш, қоздырғыш) әр түрлі заттардың (ине, ыстық, суық, қатты дыбыс және т. б.) денеге (ағзаға) әсері. Рецептор сезім мүшелерінің (анализаторлардың) шеткі бөлімдері, ол сыртқы және ішкі деп 2-ге бөлінеді. Сыртқы рецептор (жүйке ұштары) терінің үстіңгі (беткі) қабатында болады, тітіркендіргіштерді сыртқы ортадан қабылдайды. Мысалы, қолдағы теріге инемен әсер етсе адам дереу қолын тартып алады. Ішкі рецепторлар ағзаның ішінде, ішкі мүшелерде (жүрек, ішек-асқазан, қантамырлары және т .б.) болатын құбылыстарды хабарлайды.
Адамда 5 түрлі сезім мүшелері бар, олар: көру мүшесі – көз; есту мүшесі – құлақ; иіс сезу мүшесі – мұрын; сипап сезу мүшесі – тері; дәм сезу мүшесі – тіл. Сезім мүшелері қоршаған ортаның белгілі бір тітіркендіргіштерін ғана қабылдайды. Мысалы, құлақ – тек дыбысты, көз – тек жарықты және т. б.
Сезім мүшелері мимен және өзара бір-бірімен тығыз байланысып, бірін-бірі толықтырып тұрады.
Сыртқы және ішкі тітіркенуді қабылдап талдайтын сезімтал жүйкелер жиынтығын физиолог ғалым И.П.Павлов анализатор деп атады. Сезім мүшелерін кейде сенсорлық жүйе деп те атайды (латынша «sensus» – сезу, түйсіну).
Анализатор. Анализаторда 3 бөлік болады: 1) тітіркендіруді қабылдайтын шеткі бөлігі – рецепторлық; 2) қозуды (тірі жасушалардың тітіркенуге жауабы) рецептордан орталық жүйке жүйесіне өткізетін – өткізгіш бөлігі; 3) ми қыртысында қозуды талдайтын – орталық бөлігі. Сонымен анализатордың бөліктері – шеткі, өткізгіш, орталық деп аталады. Анализаторлардың барлық бөлігі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер анализатордың бір бөлігі зақымданса басқа бөліктеріне әсер етіп, тітіркенуді ажырату қабілеті жоғалады (жойылады).
Көздің құрылысы. Адам сыртқы ортада болып жатқан түрлі ақпараттардың 80–90% астамын көзбен көріп біледі. Көру мүшесі көз алмасы мен қосымша аппараттардан тұрады. Көз алмасы 3 түрлі қабықшадан тұратын шар тәрізді мүше.
Сыртқы қабықшасы – қалың, тығыз, дәнекер ұлпасынан тұратын ақ қабықша. Бұл қабықша көз алмасының артқы бөлігін қаптап тұрады. Ақ қабықшаның алдыңғы жағы мөлдір әрі дөңес қасаң қабықшаға айналады. Ақ қабықша көз алмасына пішін береді, қасаң қабықша жарық сәулесін өткізеді.
Ортаңғы қабықшасы – қантамырларына бай тамырлы қабықша. Бұл қабықшада қантамырлары көп болғандықтан көзді қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Тамырлы қабықшаның алдыңғы жағы нұрлы (бояулары түрлі түсті) қабықшаға айналған. Нұрлы қабықшаның дәл ортасындағы тесік – көз қарашығы деп аталады. Қарашық арқылы көздің ішіне жарық өтеді. Көз қарашығы бірде ұлғайып, бірде кішірейіп көзге жарықтың өтуін реттейді. Жарық мол түссе қарашық кішірейеді, аз түскенде ұлғаяды. Қарашықтың кішірейіп немесе ұлғаюы нұрлы қабықшада болатын бұлшықеттердің жиырылып босаңсуына байланысты (Қасаң қабықша мен нұрлы қабықшасының арасында көздің алдыңғы қуысы орналасқан. Нұрлы қабықша мен көз бұршағының арасында көздің артқы қуысы бар. Көз қуыстарындағы сұйықтық көздің ішкі қысымын реттейді.
Нұрлы қабықша пигментке (бояғыш зат) бай. Пигменті аздау көз – көк немесе боз түсті. Қара көз бен қой көзде (қоңырқай) пигменттер жеткілікті болады. Пигментсіз болса, қызыл, тағы басқадай түсті болады. Қара пигментті жасушалар жарық сәулесін жақсы сіңіреді
Қарашықтың артқы жағында пішіні екі жағы да дөңес линзаға ұқсаған мөлдір дене – көз бұршағы (хрусталик) жатады. Ол күн сәулесін торлы қабықшаға шоғырландырады (жинайды). Көз алмасының ішін мөлдір шыны тәрізді іркілдек дене толтырып тұрады.
Көздің ішкі қабықшасы – торлы қабықшаның құрылысы күрделірек. Көз алмасының түп жағында шар тәрізді ақ дақ (соқыр дақ), оның жанында сары дақ болады. Торлы қабықшада жарықты сезетін жасушалар өте тығыз орналасқан. Бұл жасушалардың пішіндері таяқша, колба тәрізді (химиялық ыдыс) болып келеді.
Сары дақ колба тәрізді жасушалардың жиынтығынан түзілген, жарықты жақсы сезеді. Соқыр дақта жарықты сезетін жасушалар болмайды, жарық сәулесін қабылдамайды. Сондықтан оны соқыр дақ дейді, соқыр дақ – көру жүйкесінің көз алмасынан шығатын жері.
Таяқша тәрізді жасушалар арқылы адам түнде, ымырт жабылған кезде жақсы көреді. Колба тәрізді жасушалар тек жарық жақсы түскенде ғана тітіркеніп, заттың түсін ажыратады. Жарық сәулесімен тітіркендіргенде жасушаларда қозу пайда болады. Қозу көру жүйкесі арқылы ми қыртысының шүйде бөлігіндегі көру орталығына беріледі. Сонымен, көз алмасы – ақ қабықша, тамырлы қабықша, торлы қабықшадан тұрады.
Көздің қосымша (қорғаныш) аппараттарына – қабақ, кірпік, көз алмасын қозғалтатын бұлшықеттер, жас бездері, қас жатады. Қабақ пен кірпік – көзді шаң-тозаңнан, жарқыраған жарықтан қорғайды. Бұлшықеттер – көз алмасын жоғары, төмен, ішке, сыртқа қарай қозғалтады. Жас бездері сыртқы секреция бездеріне жатады. Жас бездері ұдайы жас бөледі. Жас – көзді ылғалдап жылытады. Көзге түскен бөгде заттар жаспен бірге сыртқа шығарылады. Жас зиянды микробтарды жояды. Қас – аққан терді көздің ішіне жібермей ұстап, қорғап қалады
Алыстан және жақыннан көргіштік. Көз гигиенасы. Адамның көру қабілеті жасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, 10 жаста затты 7 см қашықтықтан жақсы көрсе, 45–50 жаста – 33 см-ден жақсы көреді. Ал, 70-те жақын тұрған заттар бұлдырап анық көрінбейді, көзілдіріктің көмегімен, әр түрлі линзалар (ойыс, дөңес) арқылы реттеледі. Бұл жағдай көз бұршағының өз пішінін өзгерту қабілетінің төмендеуінен болады. Мұндайда алыстан көргіштік қалыптасады. Алыстан көргіштік көбінесе қарт адамдарда кездеседі.
Әсіресе, жастарда (мектеп оқушыларында) жақыннан көргіштік жиі кездеседі. Жақыннан көретін адамдарға алыстағы заттар бұлыңғырланып көрінеді, оның қандай зат екенін ажырата алмайды.
Жақыннан көргіштік көбінесе жарық аз түскен жерде оқу, жатып оқу, көлікте жүріп оқудан болады.
Көз ауруларының ішінде көбірек таралған жұқпалы ауруға – көз қарығуы (конъюнктивит) жатады. Бұл кезде көздің кілегейлі қабығы қабынады. Аурудың болуына көбіне бактериялар, вирустар және т. б. ағзалар әсер етеді. Кейде гүл тозаңдары, химиялық заттар, дәрі-дәрмектер де әсер етуі мүмкін.
Көз ауруларын емдейтін дәрігерді – офтальмолог (грекше «ophthalmos» – көз), кейде окулист (латынша «oculus» – көз) деп атайды.
Көз гигиенасы. Көз адамның маңдайдағы жұлдызы болғандықтан, оны қорғай білу абзал.
1. Көзді бөгде заттардың түсуінен қорғай білу; 2. Жұмыс орнындағы жарықты реттеп отыру; ол тым шаңқиған жарық немесе тым көмескі, әлсіз болмауы керек.
3. Үстелге қоятын шамның жарығын сол жақтан түсіру. 4. Кітапты оқығанда, іс тіккенде көзден 30–35 см қашықтықта ұстау.
5. Теледидарды ұзақ қарамау, 2,5–3 м қашықтықтан көру. 6. Витаминді (әсіресе «А») тамақ ішу.
7. Ой еңбегі мен дене еңбегін алмастырып отыру. 8. Темекі шекпеу, ішімдік ішпеу.
9. Кітапты көлікте, жатып оқымау. 10. Серуендегенде, орман-тоғай аралағанда көзді бұтақ тиюден сақтау.
11. Көзге бөгде заттардың тиюі өте зиян, мұндайда көзге ақ түседі.
Көз зақымданғанда көрсетілетін алғашқы жәрдем: егер көзге бөгде зат түссе, дереу қайнатылған жылы сумен көзді сыртынан ішіне қарай жуу; көзге қышқыл, сілті сияқты сұйықтықтар тисе, суды ағызып қойып жуу; көзді еш уақытта қолмен уқалауға, сүртуге болмайды; тек таза, жұмсақ шүберекпен сүртеді.
Вегетативті жүйке жүйесінің жұмысы адамның еркіне бағынбайды (26-сурет). Сондықтан оны кейде автономиялы (грекше «autos» – өз алдына, «nomos» – заң) жүйке жүйесі деп те атайды. Вегетативті жүйке жүйесі ішкі мүшелердің қызметінің бір-бірімен үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Ағзадағы зат алмасуды, ішкі ортаның тұрақтылығын реттеп отырады. Ағзадағы түрлі бездердің, қантамырларының және лимфа тамырларының қызметтері де вегетативті жүйке жүйесі арқылы реттеледі. Сонымен бірге вегетативті жүйке жүйесі қаңқа бұлшықеттерінің қызметін реттеуге де қатысады. Вегетативті жүйке жүйесінде рефлекстік доға үш нейрондық (сезгіш, байланыстырғыш, қозғалтқыш) байланыстан тұрады. Вегетативті жүйке жүйесінде қозу баяу жүреді, өйткені оның жүйке талшықтарында майлы қабығы болмайды. Вегетативті жүйке жүйесінің қызметін ми қыртысының маңдай бөлігі реттеп отырады. Вегетативті жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық деп 2 бөлікке бөлінеді. Симпатикалық (грекше «sympathes» – сезгіш, қабылдағыш), парасимпатикалық (грекше «para» – жанында, қасында). Вегетативті жүйке жүйесі де орталық және шеткі бөлімдерге бөлінеді. Орталық бөлімдері ми мен жұлында болады. Шеткі бөлімдері ми мен жұлыннан тыс жерлердегі жүйке бағанасында, жүйке түйіндерінде, өрімдерінде орналасады.
Симпатикалық бөліктің орталығы жұлынның арқа сегменттерінде жүйке жасушалары шоғырланып орналасады. Шеткі бөліктеріне омыртқа жотасының екі бүйірінде орналасқан бір жұп симпатикалық бағана жатады. Симпатикалық бағанада 20–25 жүйке түйіндері бар. Жүйке түсіндері жүйке жасушаларының шоғырынан тұрады. Олардан құрсақ және жамбас қуысында орналасқан мүшелерге, ірі симпатикалық өрімдерге жүйелер тарайды. Құрсақ қуысындағы ең ірі өрімнің жүйке түйіндерінен құрсақ қуысындағы барлық мүшелерге жүйкелер таралады.
Парасимпатикалық бөліктің орталығы ортаңғы және сопақша мида жұлынның сегізкөз сегменттерінде орналасқан. Шеткі бөлімі ішкі мүшелердің маңында не тікелей өзінде жүйке өрімдері түрінде кездеседі.
Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйелерінің қызметтері бір-біріне қарама-қарсы түрде байқалады
Құрылысы: адамда алдыңғы мидың үлкен ми сыңарлары басқа бөлімдерінен әлдеқайда жақсы дамыған. Алдыңғы миды кейде соңғы ми деп те атайды. Үлкен ми сыңарлары оң жақ және сол жақ сыңарлардан тұрады. Әрбір ми сыңары сұр және ақ заттан құралады. Сыртындағы сұр заты ми қыртысын түзеді. Қыртыста 14 миллиардтан астам нейрондар болады. Қыртыс ми сыңарларының сыртын тұтас жауып тұрады. Ми қыртысының қалыңдығы шамамен 2–3 мм, ондағы жүйке жасушаларының пішіндері мен мөлшері әр түрлі. Ми қыртысында мүшелерден қозуды қабылдайтын, қимылды реттейтін сезгіш және қозғалтқыш жасушалар болады. Көптеген жасушалар ми қыртысының бөлімдерін өзара және жүйке жүйесінің басқа бөлімдерін бір-бірімен байланыстырады. Ми қыртысы орталық жүйке жүйесінің ең жоғары бөлімі.
Үлкен ми сыңарлары сопақша мидың аз ғана бөлігі мен мишықтан басқа мидың барлық бөлімдерін жауып тұрады. Ми сыңарларының ақ заты ішкі жағында қыртыстың астында болады. Ақ заты жүйке талшықтарынан түзіледі. Ми сыңарларының беті тегіс болмай, сайлы, қатпарлы болады. Әсіресе, терең сайшалары ми сыңарларын бөліктерге бөледі. Сайшаларының арасы иірімге толы болады. Әрбір ми сыңарында 4 бөлік бар: маңдай, төбе, самай, шүйде. Ми сыңарларында іші ми сұйықтығына толы 2 қуыс (ми қарыншалары) болады. Ол сұйықтық ұсақ қантамырларымен қосылып, жүйке жүйесіндегі зат алмасуды қамтамасыз етеді, жүйке жасушаларын қорғайды.
Үлкен ми сыңарларының аймақтары. Үлкен ми сыңарларының қатпарлы иірімдері ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сезу-қимыл аймағы маңдай, төбе бөліктерінде орналасқан. Мұнда аяқ, тұлға, қол, мойын, тіл, бет, ерінді қозғалту және сөйлеу орталығы болады. Көру аймағы – шүйде бөлігінде, одан көру жүйкелері арқылы қозу өтеді. Есту аймағы – самай бөлігінде; дәм сезу, иіс сезу аймағы – маңдай бөлігінің ішкі жағында. Артқы орталық иірімде – тері, буын-бұлшықет, сезу аймағы бар. Денеге ыстық, суықпен әсер еткенде қайтаратын жауабы (қолды тартып алу) осы аймаққа байланысты. Адамдағы психикалық әрекеттер (есте сақтау, сөйлеу, ойлау және т. б.) ми сыңарларының барлық аймақтарымен байланысы бар. Жүйке ауруларын емдейтін дәрігерді невропатолог (невролог) дейді.
Мидан 12 жұп жүйке тарайды. Оның алдыңғы екеуі үлкен ми сыңарларынан, қалған 10 жұбы мидың басқа бөлімдерінің сұр затынан басталады. Ол жүйкелер – иіс сезу, көру, есту, көзді қозғалту және т. б. деп аталады.
Қазіргі кезде медициналық зерттеу жұмыстарында мидың жұмыс істеу белсенділігін анықтау үшін электроэнцефалография әдісі қолданылады. Мидың жұмысын және ондағы өзгерістердің ырғағын жазып алуды электроэнцефалограмма (ЭЭГ) деп атайды. Оны электроэнцефалограф аспабы арқылы жазып алады. Электроэнцефалограмма жүйке жасушаларының белсенділігін және аурудың болу себептерін анықтауға көмектеседі.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Анатомия. ҰБТ-ге көмекші құрал. 11-сынып

шағым қалдыра аласыз