Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Ардагерлерді ардақтайық!" шығарма
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Шығарма
Ардагерлерді ардақтайық!
“Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты тозаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден ала білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.”
Н.Ә. Назарбаев
Тыныш түн. Ашық аспан. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман еді. Бейбітшілік пен тыныштықты бұзып, 1941 жылы 22 маусымда Германия әскерлері Кеңес Одағына басып кірді. Ашық аспанды қара бұлт үйіріп, көптеген елдерге ортақ шаңырақты шайқап, сол балаларды жетім қалдырып, ананың көзіне жас, әкенің төсіне тас қойған қасіретті де қайғылы сұрапыл соғыс басталды.
Соғыс... Жүрегім дүрсілдеп соғып қоя берді. Ата-бабамның Қытай мен Жоңғардан найзаның ұшымен, білектің күшімен, өткір де шешен тілдің ұшымен қорғап қалған жерімізге енді неміс көз салды ма? Жо-жоқ, бұл жауыздыққа қазақ жұрты жай қараған жоқ. Жасы он сегізден асқан жігіттен, жетпістегі шалға дейін азаматтар елін, жерін, отбасын қорғауға майданға аттанды. Алаш елінің батылдығы соншалық зұлым соғысқа, аппақ қардай үлпілдеген қанына зілдей автоматты асынып, қайсарлықпен қазақ қыздары да аттанды. Бұл арулардың ішінен Әлия мен Мәншүкті атап өтпеуге болмас.
Осы сұрапыл соғысты ойласақ, көзімізге еріксіз жас келеді. Қаншама жанның өмірін жалмаған бұл соғыс қайсібірімізді болмасын алаңдатпай қоймады. Елі, жері үшін, болашақ өскелең ұрпақ бейбіт елде өмір сүрсін деп қаншама ерлеріміз жауға қарсы ерлікпен айқасты. Сол жылдың маусым айынан бастап КСРО-ның миллиондаған әскермен бірге қазақ жауынгерлері де Ұлы Отан соғысына аттанып, өзінің батылдығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан еді. Солардың жанымен, қанымен, еңіреп жүріп жауды жеңіп тарихқа таңба басқан күн – Жеңіс күні. Осы күнге халқымызды жеткізсем деген, тарихта сөнбес ерлік жолын қалдырған, Ұлы жеңіске елеулі үлес қосқан қазақтың ержүрек ұлдарының ерең еңбектеріне қысқаша шолу жасасам деймін.
Бауыржан, Қасым, Сағадат, Талғат аталарымыздан бастап, қазақ еліне Жеңіс туын сыйлаған, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан сынды атамыздың ерлігі ел есінде мәңгіге қалып, олар жайлы мақтанышпен ауыз толтырып айтамыз. Олардың сол кездегі қажымас қайсарлықтары, өжеттілігі, төзімділігі, Отанымызға деген шексіз махабаты қазіргі жастарға үлгі. Жоғарыда аталып өткен батырларымызбен қоса, өзіміздің шырайлы Шығыс жерінен шыққан Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов сынды аталарымыздың есімдері ауылдар мен көшелерге берілді. Қала көшелерінен өтіп бара жатып, осы аталардың есімін көрген кезде, бойыңды ерлік рухы билеп алатыны сөзсіз.
Мәскеу, Ленинград, Сталинградты азат етуде ержүрек жауынгерлеріміздің айрықша батырлық қасиеттерін жан-жақты көрсеткені тарих пәнінен де өте жақсы білеміз. Тарих беттеріне үңілетін болсақ, Бородино селосында Төлеген Тоқтаров неміс бөлімінің штабына басып кіріп, бес неміс офицерінің көзін жойған. Ұшқыш Талғат Бигелдинов әуеге бірнеше рет көтеріліп, жау танкілерін қиратып, ойсырата жеңгендігін оқи отырып, бойыңа күш-қайрат жинайсың.
Бауыржан Момышұлының: «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп жіберіді»,- деп айтқан жалынды сөздері арқылы Отанға деген сүйіспеншілігін, нағыз ерге тән патриоттық сезімінің көрінісін байқаймыз. Сонымен қатар, Мәлік Ғабдуллин майданда И.В. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияда шайқасқан және Ізғұтты Айтықов Сталинград пен Курск шайқасында қасық қаны қалғанша жан аямай күрескен.
Қазақ елінен Нұркен Әбдіров, Ғани Софиуллин, Жәнібек Елеусізов тағы да басқа азаматтар ерлікпен елі үшін шайқасты. Міне, осындай аталарымыздың ерлік істерімен келген Тәуелсіздік жолын біздер қалай ұмытпақпыз. Керісінше, олардың ерлігін мақтан тұтып, рухтарына тағзым етіп бас ию біздің міндетіміз деп білемін.
Тылдағы ақ жаулықты аналар мен кіп-кішкентай балалары соғыс қасіреті үшін таң атысымен күн батысына дейін жұмыс жасады. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев балалық шағын ойынмен емес, соғыспен елестетеді. Бір жазбасында былай дейді: «Менің балалық шағым болған жоқ. Оны сұрапыл соғыс ұрлады. Мен ес білгелі Майдан қажеті үшін жұмыс жасадым...». Иә,шынымен де бұл соғыс талай жанның әкесін, анасын, ұлын, қызын жұтты. Менің білуімше, соғыс уақытында өлген адамдардан ауылдарға: «қара қағаз» келетін болған. Күніне кем дегенде бір ауылға 4-5 қара қағаз келіп үлгеретін. Жүректері қан жылаған адамдар пошташы келгенінен қорқатын. Себебі, пошташы күніне бірнеше адамның қара қағазын алып келетін.
Соғыстың алғашқы айларында ауыр жеңіліске ұшырағанымыздың себебі көп еді. Біріншіден, 12 мемлекет болып алған және 14 одақтан болған жаудың күші басым еді. Бірақ, Абылай хан айтқандай: “Қазіргі біздің кезімізде білектің күшімен жерімізді қорғап қалсақ,оған қоса ұрпағымыз білімді болса бізден асқан ұлт болмас ” қазақ елі елдікпен, ерлікпен шайқасып жерімізді, елімізді аман алып қалды.
Соғыс кезеңінде майдандағы әскерлерді рухани жігерлендіру үшін Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды әншілер арнаулы әндерімен әскердің жүрегіне аз да болса сенім, арман, үміт ұялатуға тырысты.
«Адамзат бүгін адам, ертен топырақ...» деп ұлы ақын Абай айтқандай Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы кезінде адами болмыста қалып, қаhармандық көрсетті.
Қара жер... Майдан мен қып-қызыл қан. Ыза мен кекке толы кеуде. Бұның барлығы текке кеткен жоқ. Арманы мен жігері көкке таласқан әскерлердің әрекеттері жемісін берді.
Міне, содан бері 73 жыл өтті. 73 жыл күллі тарихқа айналғандай. Бізге бұл күнді сыйлау жолында құрбан болған батырларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды, және ұмытылмақ емес. Күн мен түнге созылған сұрапыл соғысты біздің сан мыңдаған бауырларымыз Отан үшін отқа түсіп, қаншама боздақтарымыз сұм соғыстың құрбаны болғаны - ащы шындық. Осындай ардагерлерімізге мың алғыс.
Жасалған жақсылықтарға біздердің, жастардың жақсылықпен қайтарымы болуы керек. Бос сандалыс, жүріс пен “дайын асқа тік қасық” тіршіліктен гөрі, ел болашағы - біздер екенін толыққанды ұғуымыз керек.
Ес жияр, еңсені көтерер шақ туды. Туған жерді шын сүйетін азамат болсақ, ата-баба аманатына кір келтірмей, оның намысын ту қып көтерер кезең келді. Олай болса, атамекен, туған жерге деген зор сүйіспеншілікке толы салтымызды жандандырып, жадымызға сіңіруіміз қажет.
Бұл шығарманы жеңіс туралы мына өлеңмен аяқтағанды жөн деп таптым:
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді қалама,
Жеңіс келді әке боп,
Елдей көп балаға...
Иә, жеңіс келді біреуге қуанышпен, біреуге қасіретпен... Майданда болған әрбір атамыз бен апамыз үлкен құрмет пен сыйға лайық. “Ер есімі ел есінде” әрбір жылдың 9-мамыры Ұлы Отан соғысының құрбандарын еске алу күні. “Ұлына ұлы тұлға құт болар”-деп, Жүсіп Баласағұни айтқандай, жастар және өскелең ұрпақ өкілі бізге осындай жарық күнді сыйлаған ата-бабаларымызды үлгі тұтып, есімізде әрқашан құт болғай.
Сол жылдағы халықтың бірлігі мен ынтымағы - Ұлы Жеңістің келуіне басты себептердің бірі еді. Сол сияқты қазіргі таңда да, болашақта да, бірлігіміз жараса берсін! Елімізге тыныштық, әрбір отбасына амандық тілеймін! Әр адамзаттың жүрегінен орын алған бұл Жеңіс баянды, әрі ұзағынан болсын!