400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Асық ойындары

Материал туралы қысқаша түсінік
Жұмыс қазақ балаларына асық ойынының дене бітіміне, қан айналымына қимыл-қозғалыс әрекеттері анық айқындалып айтылады. Қорытынды бөлімінде асық ойындарын спорт жарыс ойындары қатарына енгізіліп бүкіл Қазақстанда қалалық, облыстық, республика көлемінде өткізілсе деген өзекті мәселелерге тіреледі.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Түркістан облысы

Мақтаарал ауданы

№40 С. Мұқанов атындағы жалпы орта мектебі











«Асық ойындары»



Ұлттық ойындар бағыты бойынша







Жұмысты орындаушы: №40 С. Мұқанов атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мырзалиев Қ.Қ.





















МАЗМҰНЫ


Аннотация.............................................................................................................. 3


КІРІСПЕ................................................................................................................. 4

  1. ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ

    1. Асық ойындарының тарихына шолу.............................................................. 6

1.2 Асық ойындарын спорттық жарыс ойындарының қатарына енгізу........... 7

1.3 Асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген

қимыл-тәсілдері ..................................................................................................... 9


  1. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

    1. Асық ойындарының түрлері .......................................................................... 15

    2. Үйде ойналатын асық ойындары ................................................................... 20

ҚОРЫТЫНДЫ....................................................................................................... 23

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ................................................................ 24




















DrawObject1

Аннотация


Асық ойындары — Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі.

Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған. Біз солардың ел есінде сақталған үлгілерін келтіріп отырмыз.

Осы бағыттаа келешек ұрпаққа асық ойындарының тәрбиелік мәнін зор екендігінің, мергендікке, шапшандыққа ептілікке және қырағылыққа жекелейтінін дәлелдеу мақсатында орындалған жұмыс.

Жұмыс қазақ балаларына асық ойынының дене бітіміне, қан айналымына қимыл-қозғалыс әрекеттері анық айқындалып айтылады. Қорытынды бөлімінде асық ойындарын спорт жарыс ойындары қатарына енгезіліп бүкіл Қазақстанда қалалық, облыстық, республика көлемінде өткізілсе деген өзекті мәселелерге тіреледі.






















КІРІСПЕ

Жұмыстың өзектілігі:

Асық ойыны, баланың күн ұзақ қыймылына тигізер әсері мол. – Ойын барысында: жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату т.б, жатады.

Асық қазақ халқының, ырымдарында қадірлі сүйектің бірі. Баласының ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған. Асық атаулары: Құлжа - арқардың аталығының асығы.

Сақа - арқардың асығы. Жабайт – еліктің асығы. Асық - қой мен ешкінің асық жілігінен. Шүкімайт - қозы мен лақтың асығы.

Келінінің аяғы ауырлап босануға тақағанда, енесі не атасы ырымдап асық жинап жүреді. Атаның құдай ұл берсе деп тілегені. Оны жасырып оңаша келінге сездірмеуі мүмкін. Ондағы ойлары көз тимесін, келін аман-есен, босанса екен деп тілек тілеуінің бір тәсілі. Ер баланың бесігіне қасқырдың асығын, тырнағын тағуы мүмкін, ауырмасын-көз тимесін және айбатты, қайтпас қайсар, болсын дегені. Қыз баланың бесігіне- еліктің асығын, әдемі сұлу ел қызығар көркі болсын дегені. Ерте кездегі табиғаттың қатал, аңдардың олжаға оңай ілікпейтіндігін, аңшының адал еңбегі, ер азаматтың қайраты мен жау жүректілігі екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да аңның асығы қадірлі болады. Жылы сөз бен мейірім. «Айналайын» деген құдіретті сөз. Биологиялық, психиологиялық және гендік энергия, күш-қуатқа бай екендігін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Қазіргі тәрбиедегі балаға дауыс көтеріп сөйлеу, ұрып жібу «қашықтықтан басқаратын роборт» секілді айтқанымды орындай қоймадың - деген дұрыс емес. Қабақпен басқарып отыр, тұр жылама деген бұйрықтар нәрестеге кері әсер етеді. Бұтына «памперске» зәрін жинақтауы ананың ластығы. Сәби шаңсорғышта, боқшық та емес. Жас аналарға айтарымыз- нәрестені омырау сүтімен қоректендір, тәнін таза ұста, ертегі айтып ұйықтат, ән айтып оят. Мейірленген ананың омырау сүті нәрестенің тәбетіне ерекше әсері болады. Ертеңгі азамат еліне, жеріне халқына, туған-туысына, досына деген ниеті ақ, көңілі таза болары даусыз.













Мақсаты:


Қазақтың ұмытыла бастаған ұлттық ойындарының бірі – асық ойынын қазақ балаларының арасында жандандыру. Осы мақсатқа жету барысында алдымызға мынадай міндеттер қойдық.

Міндетері:

  • Асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-тәсілдерімен таныстыру;

  • Асықпен ойналатын ұлттық ойын түрлерімен таныстыру ;

Зерттеу нысаны.

Асықпен ойналатын ұлттық ойын түрлері

Зерттеу әдістері.

Жұмысты жүргізу барысында зерттеудің кешенді әдістері: спорттық, тарихи, зоологиялық әдістері пайдаланылады.






















  1. Зерттеу бөлімі.

1.1 Асық ойындарының тарихына шолу.


Ертеде қазақ халқы асықты бала кезде қолына алып, жас кезінен бастап ойнай бастайды. Тіпті бала тумай жатып, жас нәрестеге арнап асық жинайтындар да болған. Асық ойынының ерекшелігі және оның сан қилылығы: асықпен үйде де, далада да ойнауға болады. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Сондай-ақ бұрынғы аға буын өкілдерінде асық ойнамай өскен бірде-бір адам жоқ.

Асық - қазақ балаларының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ауылдан шыққан қай-қайсымыздың да бала күнімізде құмартып асық ойнамағанымыз кемде-кем. Өкінішке қарай, бұл күнде асық ойнайтын бала азайып, қалалы жердегі балалар мұндай ұлттық ойын бар екенін де ұмытып барады.

Ал негізінде асық ойыны халқымыздың тұрмыс-салтының ажырамас бөлігі, ұрпақ тәрбиесінің бір құралы іспетті емес пе еді?!

Асықтың қазақ халқының өмірінде өзіндік орыны бар.

Халқымыз асықты қастерлеген. Мысалы, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді.

Асық тұла бойы құдiретке тұнған күш іспетті де. Сол себептен ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы болашаққа болжам жасаған.

Асық ойыны – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Жоғарыда жазғанымыздай, ертеде мұны қазақтың ұлы да, қызы да қызыға ойнаған. Өйткені асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Мысалы, асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді.

Балалар, түрлі-түсті түске боялған асықтармен ойнағанды ұнататын, 6-7 асықты алақанына алып, жоғары қарай лақтырып, қолының сыртымен қағып алып, қайтадан жерге түсіріп, қайтадан жерге түсіріп, қайтадан қағып алып сөйтіп түрлі-түсті, бағыттарда ойнайтын дейді, әртүрлі бағыттарда.

Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

Асық ойындарының кейбір түрлерінде сақа таңдап алу керек болады. Үйде ойналатын асық ойыны түрлерінде асықтың әдемісін сақа қылып алуға болады. Ал тақыр жерге шеңбер сызып, соның ортасына қаз-қатар тігілген асықтарды шеңберден атып шығару мақсат болып табылатын ойындарда асықтың мықтысын, салмақтысын сақа қылып алу керек. Сақа таңдаудың өзі – өнер. Алыстан атқан кезде асыққа тиген сақа орнында қалып, асықтардың бірнешеуін шеңбердің сыртына шығарып жібереді. Асық ойнауға әбден машықтанып алған зерек балалар, қажет болса, сақаны асықпен қоса шеңбердің сыртына шығарып та жібереді, кері де қайтара алады. Тіпті қажетті траекториямен сақасын шеңбердің ортасындағы (кондағы) асықтардың жанына жеткізеді-де. Бұл тұрғыда асық ойнау өнерінің кейбір сырлары (техникасы) бильярд ойынымен ұқсас та. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл – сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Негізі, мүмкін болса, дала тағысы арқардың асығын сақа ретінде пайдаланған дұрыс. Арқардың асығы қой-ешкінікіне қарағанда үлкендеу әрі шымыр болады.

Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшында түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мергендіктің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауынгерлері ешкімге дес бермеген.


1.2 Асық ойындарын спорттық жарыс ойындарының қатарына енгізу.


Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Яғни, асықтың алшы тұруы оның иесіне (балаға) сәттілік жолдас болып тұрғанын білдіреді. Сондықтан, аталарымыз белгілі бір оқиғаға, болмаса жағдайға байланысты мерейлі болғанын қалайтын адамына осындай тілек айтқан. Бұл сөз қандай да бір даулы мәселеде, айтыс-тартыста, бәс тігілген сәттерде мерейі үстем шыққан немесе бастаған ісі игі жалғасын тапқан азаматтарға қарата: «асығы алшысынан түсті» деп те қолданылады.

«Қой асығы демегін, қолыңа жақса, құлжа (сақа) ғой». Бұл нақыл да қазақтың болашағынан үмітті балаға қаратып айтылатын сөзі. Бала деп жасытпай, сеніммен қарасаң, тәжірибеңмен бөлісіп, тәліміңді берсең, ол да ертең елдің жүгін арқалар азаматың деген мағынадағы үмітті меңзейді.

Обьективті болу үшін асыққа қарсы мысалды да келтіргенді жөн көріп отырмыз. Қазақта «асық ойнаған -азар, доп ойнаған -тозар, бәрінен де оқу оқып, білім алған озар» (ертеректегі нұсқасында «қой бағып, құйрық-бауыр жеген озар») деген нақыл да бар. Оның балаларды білімге шақырған насихат тұрғысынан айтылғаны мәлім. Баланың асық ойынына құмартып, оқу-білімді естен шығармасы үшін айтылғандықтан, бұл сөздің де жаны бар. Бірақ біздің қоғамның қазіргі даму деңгейінде бұлай қауіптенуге ешқандай негіз жоқ деп ойлаймыз (қайта қазіргі қоғам балаларымызды компьютер ойындарына деген құмарлық дертінен қалай қорғау мәселесіне шындап бас қатыруы керек секілді).

Сонымен, бильярдты былай қойып, еуропа жұрттары мұз үстімен сырғаната лақтырған кеспек тасының алдын үйкелеп, нысанасына жеткенше ақ тер-көк тер болатын кёрлингі мен 20-30 қадам жерден домалатып жіберген добын ойлы -қырлы жазықпен діттеген жеріне дәл жеткізуді көздейтін, біздер үшін түсініксіз спорт түрлеріне тұтастай бір стадиондарды толтырып, тікелей эфирден таратып жатқанын көргенде, біздің асық оған қарағанда әлдеқайда қызықты ойын екен деген байламымыз беки түседі. Тек тиісінше көңіл бөліп, ұлттық ойынымыздың осы бір түрін ауыл баласының ғана еншісіне қалдырмай, республикалық дәрежедегі қызықты спорттың түріне айналдыру ісіне көп болып атсалысу керек. Бұл үшін асықты ұлттық ойынның түрі ретінде бір жүйеге келтіріп, ережелерін бекіту арқылы мектепішілік спорт ойындарының қатарында насихаттауды ұсынамыз. Өйткені асық - қимыл-қозғалыстың ойыны. Ендеше оны салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында да насихаттауға болады.

Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтындықтан, қатарынан озсам деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу аяқ-қолдың буын ауруларының алдын алады.

Егер оны мектептерде спорттық ойынның бір түрі ретінде ұйымдастырып, дамыта алсақ, балаларға патриоттық тәрбие беріп, ойынға қатысқан өзге ұлт балаларының құлағына қазақ тілін де шым-шымдап сіңіре беруге болады.

Бұл үшін асық ойынын мектеп ішінде ұлттық спорт түрі ретінде насихаттауға (Білім және ғылым министрлігінен, білім департаменттерінен) рұқсат етілуі тиіс. Осыдан кейін бастапқыда бір-екі мектепте дене тәрбиесімен айналысатын мұғалімдерге асық ойынының бірнеше түрінің ережесі мен өткізу тәртібі жазылған арнайы нұсқаулық кітапшалар таратып, семинар-тренинг өткізу керек. Сосын дене тәрбиесі сабағында балаларға асық ойынының ережелері үйретіліп, тоқсандық бағдарламаның 1-2 сағатын асық ойынына арнау қажет. Балалар ережені үйреніп, асық атудың әдіс-тәсілдерін меңгерген кезде Наурыз және ҚР Қарулы күштері мерекесі, сондай-ақ «Жігіт сұлтаны» секілді мектепішілік шаралардың бағдарламасына енгізілуі тиіс. Бұл оның қан қыздыратын жарыс түрі ретінде мектеп ішінде кеңінен танылуына септігін тигізеді. Келесі қадам - асық ойындары бойынша мектепішілік жарыс болуы тиіс.

Бұл жерде асық ойыны мектепішілік ауқымды спорттық шараға айналғанда, патриоттық тәрбие де оның ажырамас бөлігіне айналады. Мұндай іс-шараның міндетті түрде жүргізушісі (оқушылардың өз ішінен сөзге жүйрік бір-екеуі немесе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі) болады. Патриоттық насихаттың негізгі салмағы да осы жүргізушілерге түседі. Жүргізушілер ойын бағдарламасын халқымыздың салт-дәстүрімен байланыстырып, жарыстың көрігін түрлі мақал-мәтелдермен, шешендік сөздермен өрнектей отырып қыздыруы тиіс. Қандай мектеп болмасын, осындай іс-шараға икемді оқушылар міндетті түрде табылады.

Таяуда Президентіміз Қазақстан Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегиевке бұқаралық спорт түрлерін тарату туралы тапсырма берді. «Спорт кешендерін салуда Астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде қолға алынғанын. Жастардың спортпен шұғылданулары үшін көптеген аудандар мен ауылдарда қолайлы жағдай жасалған. Көптеген заманауи нысандар салынды. Олардың барлығы қазақстандықтардың игілігіне қызмет етуі маңызды. Адамдарды спорттың кең таралған түріне тарту керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әлемді таң қалдыратын ұлттық ойындарымызды жаңартар, жаңғыртар уақыт. Ата-ана, бала бақша тәрбиешілері және мұғалімдер мен зейнеткер ата-әжелер қолға алса жақсы болар еді. Ұлтым дейтін ұлттық дәстүрім дейтін, халқым жаппай бет алайық. Шенеуініктер мен әкімдер өздері ойнауға кірісетін кез де алыс емес. Асық ойынының - баланың күн ұзақ қыймылына, тәрбиесіне тигізер әсері мол.


    1. Асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-тәсілдері


Ертеде Атырау мен Алтайдың арасындағы ұшы-қиырсыз сардаланы мекендеген бабаларымыз кезекті жорыққа аттанар алдында соғыс тактикасын, стратегиясын тақта тастың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндірген екен. Соның әсері шығар, қазақтың баласы ес біліп, етегін жабар-жаппастан асық ойынына ден қояды. Әбден машықтанған соң, жерде тізіліп тұрған асықты көздемей-ақ атып түсіреді. Көпті көрген көнекөздердің айтуынша, қазақ баласын «көңіл мергендігі» ашылсын деп асық ойнатыпты. Себебі, дала заңы бойынша, атқа қонған аламан шауып келе жатып жауына жебесін дәл тигізе білуі тиіс еді. Ал бойыңда мұндай қасиетің болмаса ат үстінде қозғалып отырып көздеу мүмкін емес. Мүлт кетесің.


Асық өзінің формасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Ешкіден алынған асықты «кентай» деп атайды. Себебі, оның формасы симметриялы емес, бір жағына қарай қисықтау әрі кішкентай болып келеді. Ондай асықтар не сақаға, не «хан» болуға жарамайды. Ал асық құлағанда қандай жағымен түскенін анықтау үшін, төрт қырының да арнайы атауы бар.



АСЫҚ АТУ








Тәйкі



Алшы




Шік



Бүк



Асық иірудің өз атаулары бар.


Асықтың біз әзірге «Үш табан», «Шеңберден шығару», «Көтеріспек» (тигізбекіл) сынды атып ойнайтын түрлерін ғана қарастырып отырмыз. Оның себебі - асық ойынының осы түрлерін мектептің спорт залдарында, жаздыгүні спорт алаңқайында ойнауға мүмкіндік бар.

Үш табан, Шеңберден шығару, Тигізбекіл немесе көтеріспек ойындарындағы бірінші шарт - кезек анықтау. Кезекті төреші анықтайды.

Төреші - ойынның әділ жүруін қадағалаушы адам. Мектепте ол дене тәрбиесінің мұғалімі немесе асық ойынын жақсы білетін кез-келген адам болуы мүмкін.

Кезек анықтау былай жүзеге асады: Төреші ойынға қатысушылардың сақаларын бір қолға жинап, шиырып шашу арқылы анықтап алады. Кімнің сақасы бірінші болып алшысынан түссе, асықты сол бірінші, ал егер бір сақа -алшы, тағы бір сақа тәйкі түссе, тәйкі түскеннің иесі екінші болады. Мысалы, қатысушы 4 бала болса, сақаларды шиыра шашқанда бір алшы, бір тәйкі түссе, олар сәйкесінше бірінші, екінші кезекті алады да, қалған екі сақа тағы шиырылады. Қайсысы бірінші алшы не тәйкі түссе, сол үшінші болады.

Бір ескеретіні: сақаларды шиырып шашқанда, біреуі ғана тәйкі тұрып, қалғандары бүк не шік түссе, бірінші кезекті тәйкі тұрған сақаның иесі алады. Ал егер екі сақа бірдей тәйкі не алшы түссе, онда сол екі сақа жеке иіріледі. Қайсысы алшы не тәйкі тұрады, кезек соныкі, ал екеуі де тұрмаса, қалған сақаларға қосып, қайта иіріледі. Сақасы тұрмаған соңғы бала түпте қалады. Түп - атуға тізілген асықтардың (түбі) жаны деген сөз.

Үш табанды - 2 немесе 3-4 бала (мектеп залында төрттен көп болмағаны жөн) 1 (2) асықтан тізіп ойнайтын ойын.

Кімнен кейін кім екені жоғарыдағыдай амалмен анықталғасын, бірінші бала тізілген асықтардың бір жақ бетіне шығып, қашықтау (тізілген асықтан есептегенде 2,5 -3 метрден алыс болмауы керек) жерге сақасын иіреді. Сақасы алшы немесе тәйкі тұрса, тізілген асықтарды атады. Атқанда асыққа тигізіп қана қоймай, оны табанмен санағанда (адым емес) 3 табан қашықтықтан асыра ұшыруы тиіс. Сонда ғана ол ұшырған асығын алады және ойынды жалғастырып, сақасы тоқтаған жерден тағы атады. Егер тигізе алмай қалса, сақасы тоқтаған жерінде тұрады. Кезекті екінші бала алады. Ол біріншіге қарама-қарсы жаққа барып, сақасын иіреді, (сақасы тұрса, асықты атады) немесе түптен, яғни өкшесін асық тізілген сызықтан қойып тұрып, бірінші баланың сақасын көздеп атуына болады. Егер ол біріншінің сақасына тигізіп, 3 табан өлшемнен асыра ұшырса, бірінші бала ойыннан шығады да, ортаға тізілген асықтардың біреуі екінші балаға тиесілі болады. Ол да ойынды сақасы тоқтаған жерден жалғастырып, тізілген асықтарды атады. Тиген асығын тиісті қашықтыққа ұшырса, алады. Тигізе алмаса, бірінші сақаны «күйдірген» ақысына бір асығын алады. Үшінші бала да қаласа, екіншінің сақасын атады. Қаламаса, екіншінің сақасына қарама-қарсы, тізілген асықтардың екінші жағына 2,5-3 метр қашықтықта сақасын иіреді. Алшы не тәйкі тұрса, тізілген асықты атады. Сақасы тұрмаса, түскен жерінде тұрады. Енді алдыңғы екеудің бірінің сақасын ату құқығына түптегі бала ие болады. Бірақ оның таңдау құқы бар. Қаласа, түптен үш табан салып, санайды да сол жерден әлгі сақаны атады. Қаламаса, түпке сақасын иіреді. Егер алшы/тәйкі тұрса, түптегі асықтарды шертуге құқық алады. Бұл іс жүзінде ұтысты білдіреді. Өйткені, асық ойынында шерту ең оңай тәсіл саналады. Егер сақасы тәйкі не алшы тұрмаса, ойыннан шығып қалмаған балалар кезек ретімен асықты атады. Бұл кезде де жоғарыда айтылған тәртіп ереже-сақталады. Тек бірінші атқан бала асыққа тигізе алмай қалса, сақасы барған жақта тұрған екінші бала қаласа, әлгінің сақасын «күйдіреді», қаламаса ортадағы асықты атады. Ал түптегі бала екі жақтағы сақаның жақын түскенін өзіне сенсе, атуына болады, бірақ бұл жолы үш табан салмай, түптен тұрып атады. Ойын осылай тізілген асық біткенше жалғаса береді. Мұндайда бірінші не екінші бала мерген болса, ойын кейде 2-3 минутқа ғана жалғасады.

Шеңберден шығару. Ойын шарты бойынша диаметрі 1,5-2 метрлік, кейде одан да үлкен шеңбер сызылады. Қатысушы балалар шеңбердің дәл ортасына (5-6 бала болса, бір-бірден, 2-3 бала болса, екі асықтан) бір-бірден асық тізеді. Тағы да сақаларын бір қолға жинап, шиыра шашады. Шарт бірінші ойындағыдай. Ату кезегі сақаларының алшы/тәйкі тұруына қарай анықталады. Сосын шеңберден ортасында тізілген асықтан есептеп, екі жаққа қарай адыммен 4-5 қадам жасап, белгі сызады да, сол сызықтан тұрып кезегімен шеңбердің ортасында тізілген асықтарды атады.

Шарт бойынша ортадағы асықты шеңбер сыртына атып шығарған бала (бір атқанда екі асықты шығарса да мейлі) алады және ойынды сақасы түскен жерден жалғастырады. Бірінші атуында сақасы бір немесе 2-3 асықты құлатып кеткен болса, алдымен соның бірін атады. Атқан кезде шеңберден шықпай қалған мұндай асықтар «өлік» деп аталады. Олар ортаға қайта тізілмейді. Егер бірінші бала «өлікті» де шеңберден шығара алмай қалса, қалған балалар кезегімен шеңберден келіп атады. Онда да бірінші кезекте тізіліп тұрған асықтарды емес, «өлікті» атады. «Өлікті шығарғаны сақасы тоқтаған жерден тізіліп тұрған асықтарды атады. Сыртқа шығарса, асығын алады да тағы атады. Шығара алмаса, өзінен кейінгі бала шеңберден тұрып, «өлікті», ол жоқ болса, тізілген асықтарды атады. Ойын барысында «өлік» асық шеңберге тым жақын болып қалса, табан салып өлшейді. Егер шеңбер мен асықтың арасы бір табаннан жақын болса, ол асықты сол жерден шеңбердің тура қарсы бетіне қарай шертіп шығаруға болады. Егер шерте алмайтын болса, «өлікті» алып, тура шеңбер сызығына омпысынан қояды да, шеңбердің қарсы бетінен тұрып атады. Ойын осы ретпен жалғасады. Кім асықты көп ұтса, сол жеңеді.









2.НЕГІЗГІ БӨЛІМ


2.1. Асық ойындарының түрлері.





Алшы ойыны


Асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет.

«Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында, ойын жүргізуші, барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол бірінші, тәйке түссе екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді.


Тигізбекіл немесе көтеріспек.


Мұны екі-үш бала ғана ойнайды.

Ойынды екі бала бір қатарда тұрып бастайды. Алдымен біреуі сақасын алыстау қашықтыққа иіріп (бірақ екі метрден алысқа лақтырмауы тиіс) тастайды. Екіншісі әлгі сақаны көздеп атады. Мақсат - тигізу. Егер тигізсе, бірінші бала екіншісін сақасы түскен жерге дейін арқалап барады. Сосын өзі атады. Тигізер болса, арқалау кезегі екіншіге келеді. Ойынды осылай белгілі бір межеге дейін (шағын спорт залдың бір жағынан екінші жағына дейін) немесе уақыт белгілеп ойнауға болады.

Жоғарыда біз асық ойынының ең көп таралған үш түрін ғана мысалға алып, солардың қарапайым ережелерін ғана айттық. Әлбетте, бұл ойын кең өріс алып, дамып жатса, оның ережелері де жетілдіріле беретіні анық. Өйткені, далада ойнауға қолайлы бұл ойындарды спорттық залдарға бейімдеу кезінде артық-кем тұстары түзелуі тиіс. Көп болып кірісіп, жан-жақты қолдау көрсете алсақ, уақыт өте келе телекамералардың мүмкіндігін пайдаланып, республикалық деңгейге де көтеруге болар еді. Себебі бұл ойынының көрермені көп болатынына сенім мол.


Омпа


Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты — асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да біріншісіне төрт бұрыш жасайды (оның көлемі өзара келісіледі) дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады. Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектері бойынша, қолдарыңдағы сақаларымен «омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және оны төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимей, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын жалғаса береді.

Асық ойынында асықтың берекесі де, басшысы да «сақа». Асықтарды атқанда сақамен көздейді. Бас бармақпен сұқ саусаққа қысып ұстап жоғары сілкіп, салмақтап айландырады. Айландырып тұрған сақаны сағаттың тіліне қарсы иіріп атады. Ірі әрі салмақты иіріліп тиген сақа асықтарын бірнеше домалатады. Шебер иіріліп атылған сақа, асыққа тигенде 10 сантиметрден 150 сантиметрге жерге дейін ұшырып жібереді.

Асықты иіріп тастағандағы жатысы бес түрлі аталады. 1. Ең сәтті тұрғандағы атауы «алшы». /барлығын бірден ұтасың / 2. Төңкеріліп тұрғаны тәукі /тәуекел мағанасы/ (тәйкі) 3. Екбетінен жатқаны «бүк» /бүк түсіп жату/ 4. Шалқасынан түскені «ішік» /іші көрініп жатуы/ 5. Егер еңкейіп, тұмсығымен тік қадалса «омпа» /омақа аса құлаған/ 6. Таза тұрмай - алшы тұрғаны қисайып, не тәукі қисайып тұрса «қырта» дау туғызатын /қырынан жату/ деп аталады

Өріс ойыны 3, 5, 7 метр қашықтықтан (қашықтық балалардың жас ерекшелігіне байланысты). Түзу бойына алшы, тәукі кезектесіп тізіледі. Өріске ұзап барып атасың. Кімнің бірінші ататындығы сақаларын қосып, бір ойыншы басынан асыра (соғады) жерге тастайды. Алшы түскен сақа иесі бірінші, тәукі екінші, бүк үшінші, ішік төртінші болып атады.

Ойынындағы ұтыс ( жеңіс) тәртібі. Сақа асыққа тиіп «алшы» түссе - тізілген асықты түгел ұтып алады. Сақа асықттарды құлатып, сақа бүк түссе - ішік шатқан асықтарды ұтады. Сақа асықтарға тиіп, ішік түссе - бүк түсіп жатқан асықтарды ұтады

Бұзылған асықтарды түзу бойына қайтадан тізіп қояды. Келесі кезектегі ойыншы сақасы мен тізілген асықтарды көздеп атады. Атқанда сақа асықтарға тиіп, құлатып өзі омпа түссе, сақаны омпалатады. Тізеден төмен сақаны домалатып тастайды. Келісім бойынша үш рет қайталауға болады. Өрістен атылған сақалар, домалап түскен жерінде жатуға тиіс. Кімнің сақасы төрге озып кетсе, сол бірінші болып кері атады. Тимей кетсе келесі ойыншы кезек алады. Ойыншылар тигізе алмаса, алғашқы ойыншы қалған асықты сақамен қосып, басынан асыра жерге тастайды. Ұтқан асығыңды жинап отырасың. Шебер ойыншы қарсыласының асығын түгел ұтып алады.


Хан алшы


Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояңдар. Осы асық «хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алу керек. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «ханның» қалай түскенін байқап отырады. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып, біріне-бірін дәлдей отырып тигізеді. Тигізген асықтарды өзіне алады.


Сақа мынадай жағдайда асықты ұта алмайды


• Сақа бүк жатса- бүк жатқан асықты ұта алмайды

• Сақа ішік жатса- ішік жатқан асықты ұта алмайды

• Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатса- алшы тұрған асықты жеңе алмайды

• Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатқанда - тәукі тұрған асықты жеңе алмайды

• Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатқанда - омпа тұрған асықты жеңе алмайды.

Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді.


Асықты тігіп ойнау



Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Сонда 1—1,20 см немесе 1,5 метрге дейін болады. Мұны «көн» деп атайды. Сонда ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4—5 м. не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.

Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерден қайта атады. Сөйтіп көннен шығарғандарын ала береді. Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады. Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуға тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.


Тас қала

Асық ойынының ендігі бір түрі —«Тас қала» деп аталады. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Олар тегіс жерді таңдап алып шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды. Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7—8 метрден кем болмайды. Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады. Алшы бірінші, тәйке екінші, бүге үшінші, шіге төртінші.

Егер ойыншының асығы омпа түссе, онда ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады. Егер де екі не үш адамның асығы бірдей не алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда саңалар қайта иіріледі.

Атушы «Тас қалаға» саңасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, саңасы түскен жерден қайта атады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бүзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта түрғызады. Егер атушы тас қаланы бұзып бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмаганға дейін ата береді. Қалған ойыншыларды бүзылған «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады. Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.



Хан


Асықпен ойнайтын ойынның бір түрі—«Хан» ойыны. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойынға қатынасушылар көнге қаншадан асық шығаратынын алдын ала келісіп алады. Көнге жиналған асықтарды бір жерге басын қосып біріктіреді. Сонан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі асықты «хан» сайлайды. Екінші ойыншылар көнге жиналған (әр ойыншы не бес, не он асықтан қосуға тиіс) асықты иіретін ойын жүргізуші тағайындап алады. Ол жиналған асықты ортаға екі қолдап иіріп тастай береді. Барлық асықтарды иіріп болған кезде «хан» көп асықтың арасында көрінбей қалуы мүмкін, мұндай жағдайда ойнаушылардың барлығы асықты иірушінің «ханды қара басты» деген даусын естігеннен кейін бассалып асықтарды талап алады. Екінші жағдайда иірген асықтардың арасында «хан» ашық жатса, онда «ханмен» бүк жатқан асықты ату керек, ойын солай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша «Ханмен» асықты атқан кезде басқа асықтарды қозғауға болмайды. Сөйтіп, ойын шарты бұзылғанға дейін немесе барлың асық атылып болғанға дейін ойын жүре береді.

Бұл ойын ойыншыдан өте ептілікті талап етеді. Егерде ойыншы, қалай болса солай, дөрекілік көрсетсе, қимылында ептілік болмаса, онда ол ойыншы ұтылады. Сондықтан ойын қатынасушылардан байыптылық, ұстамдылықпен қоса өте ептілік қасиеттерді талап етеді. Бұл қасиет келе-келе ойыншының әдетіне айналып, жақсы дәстүрге тәрбиеленуге, өзін-өзі басқара білуге машықтандырады.



2.2. Үйде ойналатын асық ойындары.


Енді үй ішінде ойналатын ойындарға келейік. Олар «қақпақыл», «бес асық», «хан талапай» деп бірнеше түрге бөлінеді. Қақпақылдың ережесі мынадай: бір асықты алақанға салып алып, жоғарыға жәймен лақтырып, асық қайтып түскенше алақанды төңкеріп, қолдың сыртымен қағып алу керек. Содан соң қолдың сыртындағы асықты қайта лақтырып, төмен түсіп келе жатқанда алақанды ашып қалу керек. Осылайша, уысын бір ашып, қолдың сыртын бір тосып асықты қағып алуды «қақпақыл» деп атайды. Қол қимылдарын меңгерген бала кейін мал бағып, атқа мінгенде, асау үйретіп, жылқыға құрық лақтырғанда өте епті болады. Жылдам қимылдауға, шапшаң әрекет жасауға үйренеді.

Ал «ханталапай» ойыны бүкіл қазақ жеріне кең тараған. Ойынға екеуден 10 адамға дейін қатысады. Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінде біреуін қызыл түске бояйды. Сол асық «хан» деп аталады. Ойынды бастайтын бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «ханның» қалай түскенін бақылап отырады. Егер «хан» бүк, шік, не тәйке түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып бір-біріне дәл тигізуі қажет. Тигізген асықтарды ол өзіне алады. «Ханды» жатысы «хандыкіндей» ең соңғы асықпен ғана атып алады. Сондықтан асықтарды атқан кезде есепке, дәлдікке, мергендікке жүгінуге тура келеді.

Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тисе, сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал «хан» алшы түссе, балалар жарыса «хан талапай» деп дауыстап, «ханды» өз қолына түсіруге тырысады. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жеткен болып есептеледі. Онда ойынды сол бала қайта бастайды.


Хан талапай


Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі — «Хан талапай». Ойынды үлкендердің басшылығымен жас балалар ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «хан талапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты — балалардың жылдамдығын жеделдету, нерв жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда саңтау қабілеттерін жетілдіру.


Құмар


Асықпен ойнайтын ойынның тағы бір түрі — «Құмар». Бұл ойынды үлкен-кіші демей ойнай береді. Ойынға қатынасушылардың саны 5—6 адамнан аспауы керек. «Құмар»— үйде, аулада, таңыр, тегіс жерде отырып ойнайтын ойын. Ойынга төрт асық қажет. Олар мұқият тазартылып, түрлі-түсті бояуға боялады. Ойынды кімнің бірінші болып бастайтынын асық иіру арқылы шешеді. Алшы-бірінші, тәйке-екінші, бүге-үшінші, шіге-төртінші т. с. кезек алады. Асыңтың жоғарыда айтылған төрт түрлі түсетін, негізгі төрт қыры болады. Сондай-аң оларды мал атауымен де атайды. Алшыны— жылқы, тәйкені — түйе, бүгені — қой, шігені — ешкі деп атайды. «Құмар» деп сол төрт асықтың бір түрлі түсуін айтады. Мысалы төртеуі де алшы түссе — «Құмар» болады, ол төрт ұпай алады, тәйке-үш, бүге-екі, шіге-бір ұпайдан алады.

Ойыншы төрт асықты уысына алады да, қолын тұқыртып ішке қарай айландыра еденге шаша тастайды немесе алақанына салып, қолын сыртқа қарай серпіп, еденге тастай береді. Ұтылған адам ұпай төлейді. Келісім бойынша ән айтып, күй шертеді. Ертеде терме айтып, арты семьялың ойын-сауыққа айналған. [1]




























Қорытынды

Қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүлде ойналмайды. Ережелері де сол күйі сақталмаған. Себебі қазір ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік техникалары да сақталып келе жатқан жоқ. Қала балалары асықты иіріп, шиіріп атуды білмейді. Тас лақтырғандай атып жібереді. Ал бір аяғыңды жерге тіреп, иіліп, созылып тұрып, екінші аяғыңмен ауаны сілкіп қалып асық ату да сақаңның қандай қарқынды және пәрменді болатындығын қала балаларына түсіндіріп жатқан жан бар ма?

Асық атудың осы бір техникасы боулинг шарын дұрыс лақтыру тәсіліне ұқсастау. Осылай талдай берсек, асық ойынының, асық атудың көптеген спорт түрлерінің өзіндік техникасына сәйкес келетіндігін байқауға болады. Бұл асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-әрекеттерді қамтитындығын білдіреді. Өкінішке қарай, біз осындай ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлмей, ұмыт қалдырып барамыз.






























ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Сағындықов Е. С. / Қазақтың ұлттық ойындары. — Алматы: «Рауан», 1991.—176 бет. ISBN 5-625-01063-3

  2. ҚҰЭ. І том. 500 бет.

  3. ҚСЭ. І том. 538 бет.

  4. Қазақтың ұлттық ойындары.







































25


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
17 желтоқсан
562
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі