Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ашық сабақ "Бауыржан Момышұлы"
Ашық тәрбие сағатының тақырыбы:
БАУЫРЖАН АТА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Ашық тәрбие сағатының мақсаты:
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік істерін қастерлеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге тұту; нақыл сөздерінің тәрбиелік мәніне көңіл бөлу; аты аңызға айналған батыр атаның рухына тағзым ету. Оқушыларды өз Отанын, туған елін қорғай білетін, адамгершілік қасиеттері мол нағыз тұлға етіп тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, кітап көрмесі.
Әдіс-тәсілдері: баяндау, мәнерлеп оқу, сахналық көріністер, дөңгелек үстел.
Барысы.
Ұйымдастыру кезеңі: амандасу; оқушы назарын тәрбие сағатының тақырыбына аудару.
Мұғалімнің кіріспе сөзі.
1-жүргізуші: - Б.Момышұлы өзіне арнап 1947 жылы 6 желтоқсанда жазған бір шумақ өлеңінде былай дейді: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде»,-
Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
2-жүргізуші: - Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған ұлы тұлға – Бауыржан ата Момышұлы туралы не білеміз? 1-жүргізуші: - Рас, жаужүрек батыр, даңқты қолбасшы, қарымды қаламгер. Әрине, қазақ тарихында батыр да, қолбасшы да, қаламгер де аз болған жоқ. Бірақ олардың ешбірінің даңқы алты алаштан әріге асып көрген емес. 2-жүргізуші: - Ал, Бауыржанды төрткүл дүние халқы түгел таниды, оның қаһармандық қайсар тұлғасы мен адамзат баласында сирек кездесетін озық ақыл-ойы, қарағайға қарсы біткен бұтақтай алабөтен ірі мінезі естіген жұртты тегіс тәнті етті.
1-жүргізуші: - Ендеше, оның осынау бірегей болмысының құпиясы неде? Бауыржанды «Бауыржан» еткен өмір мектебі несімен ерекше?.. Бұл сауалдарға жауапты бірегей тұлғаның тағылымды тағдырына зер сала отырып, іздестіргенді жөн көрдік.
2-жүргізуші: - Бүгінгі 6 «Д» сыныбы ұйымдастырып отырған «Бауыржан ата рухына тағзым» атты дөңгелек үстеліміз аты аңызға айналған батырдың ерлігі мен өнегелі істеріне арналады.
1-жүргізуші: - І. Бауыржан Момышұлы өмірінің тарихи тізбесі
1-оқушы: 1910 жылдың 24-желтоқсанда Жамбыл облысы,Жуалы ауданы,Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген
2-оқушы: 1921 жылы Әулиетадағы Аса интернетына оқуға келеді
3-оқушы: 1924 жылы үшінші сыныпта Шымкенттің жетіжылдық мектебіне ауыстырылады.
4-оқушы: 1928 жылы мектепті үздік бағамен бітіріп,Орынборға келеді. Бірақ әлеуметтік жағдайына байланысты кері қайтады.
5-оқушы: 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте мұғалім болады.
6-оқушы: 1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақыртылады. Қызметін өтеп қайтқан соң, Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде жұмыс істейді.
7-оқушы: 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты бітіреді.
8-оқушы: 1936 жылы Қызыл Армияф қатарына қайта алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
9-оқушы: 1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.
10-оқушы: 1941жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады.
11-оқушы: 1941 жылы соғыс
басталғанда 316-атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене
атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Осы жылы Мәскеу
түбінде ұрыстар жүргізіп ерлігімен көзге түседі.
12-оқушы: 1941 жылы 26 қарашадан маршал Роскоссовский полк
командирі етіп тағайындайды.
13-оқушы: 1941-1945-Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон,полк командирі болады. Соғыстың соңғы жылдары осы дивизияны басқарады.
14-оқушы: 1942 жылы Бауыржан Момышұлының жауынгерлері мамыр айында Калинин майданында жауға ойсырата соққы береді.
15-оқушы: 1942 жылы 6 маусымда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
16-оқушы: 1944 жылы ауырғанына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.
17-оқушы: 1945-16 қаңтарда Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекциясын тыңдауға шақыртып,кездесу өткізеді.
18-оқушы: 1946-1948-Ворошилов атындағы әскери акедемияның тыңдаушысы болады.
19-оқушы: 1948-1950-49-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарады.
20-оқушы: 1952-Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери акедемияны бітіреді.
21-оқушы: 1953-академик Ван-Чон-Худың басқаруымен келген Қытай делегациясымен кездеседі.
22-оқушы: 1950-1955-әскери академияда сабақ беріп, тұрақты әскери қызметін атқарады.
23-оқушы: 1955 жылы әскери қызметінен босатылады.
24-оқушы: 1952-1956-«Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы» , «Біздің семья» деген алғашқы кітаптары жарық көреді.
25-оқушы: 1962-Фидель Кастро батырды Куба жерінде көргісі келіп, арнайы шақырту жібереді.
26-оқушы: 1963-күзде Куба үкіметінен қайта-қайта шақырту келе бергендіктен, 10 күндік сапармен барып қайтады.
27-оқушы: 1959-1666- « Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Гекнерал Панфилов» , «Төлеген Тоқтаров» , «Куба әсерлері» сияқты кітаптары жарыққа шығады.
28-оқушы: 1970-1975 жылы «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя» кітаптары жарық көреді.
29-оқушы: 1981 жылы «Адам қайраты» еңбегі дүниеге келеді.
30-оқушы: 1982 жылы 10-маусымда Алматыда дүниеден өтті.
31-оқушы: 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ беріледі.
2-жүргізуші: - «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп дана қазақ халқым бекер айтпаған ғой. Бауыржан атаның ата-анасы жайында не білеміз?
Оқушы: - Бауыржанның әкесі Момыш туралы:
Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашып,өле-өлгенше оқып-тоқыған, тіпті, орыс алфавитін де ежіктеп оқи алған.Сонысымен де бүкіл аймаққа әйгілі, сыйлы болыпты.Тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген.Ел ішінде одан өткен ұста болмаған. Зергерлік өнерін қартайғанда да тастамаған.
Оқушы: - Анасы Рәзия ерте қайтыс болғандықтан, Бауыржан үш жасынан әжесі Қызтумастың тәрбиесінде өсіп-жетіледі. Көптеген қызықты ертегі-аңыздарды әжесінен естиді. Осы орайда, ол ертексіз өскен баланы рухани мүгедек адамға балайды, қазіргі балалардың Қызтумас апа тәрізді ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қабырғасы қайысады.
1-жүргізуші: - Бауыржанның нақыл сөздерді қалай шығарған? Нақыл сөздері – өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерден қалай құтылатыныңды оймен өрнектеп, сөзбен кестелегенде ғана нақылға айналмақ. 2-жүргізуші: -Ендеше, аты аңызға айналған батыр-жазушы Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан қанатты сөздерін тыңдасақ...
- Өз ұлтын сыйламау,оны мақтаныш етпеу-сатқындықтың белгісі.
- Ел дегенде еміреніп,жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!
- Отан үшін отқа түс-күймейсің.
- Опасызда Отан жоқ.
- Елсіз ер болмайды,жұртсыз жігіт болмайды.
- Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше,
- Шындықтың уын ішіп өлген артық!
- Ерлік - табиғат сыйы емес,саналы әскери тәрбиенің жемісі.Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
- Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр.
- Ақылды кісінің сөзі де, өзі де сүйкімді.
- Соғыстың заңы – өте қатал заң.
- Біреудің қатесін орынсыз кешіруге болмайды.
- Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл.
- Орынды іске, пайдалы қаталдыққа ешкім өкпелемейді.
- Адамның көзқарасы мен түрі – жан дүниесінің рентгені.
- Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ.
- Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
- Айғаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен басқар.
- Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,
-Тәртіпке бас иген құл болмайды,
-Жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін.
-Ұрыста тәуекел ету де – ерлік.
-Әрқашан әскери ар-намысыңды сақта,
-Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.
-Ашуыңа ақылыңды жеңдірме, өз сабаңнан шығып кетпе.
-Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба.
-Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
-Кішіпейілділік – адамгершілік көркі.
-Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық.
-Қырағының өзі де, көзі де батыр.
Бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – жігіттілігіңе сын.
Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе.
-Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз.
-Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды,
ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас.
-Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық.
1-жүргізуші: - Б.Момышұлының қаламынан шыққан туындылар көп. Солардың бірегейін атап өтсек...
2-жүргізуші: - «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Менің отбасым», «Майдандас достарым», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Адам қайраты», «Артымызда Москва»,
1-жүргізуші: - Б.Момышұлы орыс және қазақ тілдерінде бірдей жазады. Оның «Біздің отбасы», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер» сияқты кітаптары бірнеше шетелдік тілдерге аударылып басылған.
2-жүргізуші: -Бауыржан атамыз сегіз қырлы, бір сырлы нағыз ер азамат, ерекше тұлға болған. 1-жүргізуші: -Бауыржан атамыздың игерген өнерлері де аз болмаған екен. Ол туралы біз білеміз бе?
1.Құралайды көзге атқан мерген.
2.Турникке тартылу және басқа спорт түрлерінен де озық жетістіктерге жеткен.
3.Ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен және атбегілігімен аты шыққан.Мәскеу түбіндегі шайқастағы атақты ақбоз аты туралы аңыз әңгіме көп.
4.Әсіресе,қарамағындағы жауынгерлерді соғысқа тәрбиелеуде өте озық нәтиже көрсеткен.Нағыз қаһармандарды тәрбиелеген және жауынгерлерінің «Батька», «Ақсақал» дегендей қошеметіне ие болған.
5.Әскери қолбасшылығы өз алдына бөлек әңгіме.Генералдарға сабақ берген ұстаздығы да-бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген оқу пәні Израиль еліндегі әскери оқу орындарында оқытылады және студенттер ол пәннен емтихан тапсырады.Кубаның әскери мектептерінде де Баукеңнің соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі.Осыны ескерсек,Баукеңді әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады.
6.Кітабы әлемге тараған жазушы,ақын.Шығармаларын орыс және қазақ тілдерінде жазған.
7.Көпшілікке белгісіздеу өнері - суретшілігі.
8.Бильярд ойынының шебері.Сегіз шарды тоқтатпай торға тоғытқан сәттерін ескерсек,бүгінгі ең мықты бильярдшылармен бәйгеге түсетіндей қабілет иесі.
9.Сөзге шешен және тапқыр.
2-жүргізуші: - Бауыржанның достары кімдер болған еді? Ол жайлы не білеміз?
Оқушы: -Достары санаулы болатын. Дмитрий Снегинмен қатты дос болды. Қысым көргенде қазақтар емес, сол Снегин қорғады. Кәрім Мыңбаевпен, Ілияс Омаровпен де жақсы жолдас еді. Қатты берілетін адамдары санаулы ғана болатын. Кез келгеніне сын көзбен қарайтын. Баукеңнің достары нағыз халқын сүйген, соған басын тіккен адамдар еді.
1-жүргізуші: - Нар тұлға Бауыржан атамыздың бүкіл ғұмыры бізге үлгі-өнеге. Батырдың соғыс кезіндегі сабырлығы мен шыдамдылығынан бір үзік сыр. «Омыртқадағы оқ» атты шағын көріністі көріп, тамашалайық.
2-жүргізуші: - Бауыржан Ұлы Отан соғысы кезінде 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған. Бірақ екеуінде де саптан шыққан жоқ. 1942 жылы полк командирі кезінде омыртқасына оқ тиді.Санбатқа жеткізгенше ес-түсін білген жоқ. Санбатта есін бір-ақ жиды.
1-жүргізуші: - Сахналық көрініс. «Омыртқадағы оқ».
Дәрігер: - Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек!
Бауыржан: - Сонша не боп қапты?
Дәрігер: - Омыртқаңызда оқ қадалып тұр, жолдас капитан.
-Сізді дереу госпитальға жөнелтуіміз керек.
(Тістеніп, әрең дегенде қолын жеткізіп,арқасын сипайды).
Бауыржан: - Шынында, арқамда оқ бар екен.
Скальпелің бар ма?
Дәрігер: -Жоқ.
Бауыржан: -Өткір бәкің бар ма?
Дәрігер: -Жоқ.
Бауыржан: -Ұстараның жүзі бар ма?
Дәрігер: -Бар.
Бауыржан: -Ендеше соны спиртпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!
Дәрігер: -Олай етуге болмайды, жолдас капитан!!!
Бауыржан: -Болады! Бұйырамын! Орындамасаң, сені атамын!
(Епеттен жатқан күйімде оң жақ жамбасымдағы кабураның аузын ағыта бастайды. Батырға да жан керек деген емес пе, дәрігер дереу айтқанымды істеуге кірісті.Ол арқасын кескілей бастағанда пистолеттің сабын сындырардай қысып,тісі шықырлап Бауыржан жатты). Дәрігер: - Мінеки, жолдас капитан,оғыңыз! (Дәрігер әлден уақытта омыртқаға тіркелген оқты алып, алақанына салады.Жараны таңдырып алып,арқасынан алынған оқты қолына ұстаады). Бауыржан: - Жаумен ауыр жұмыс жүргізіп жатқан полкке қайтадан жеттім. Бірнеше күн қатарынан жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып,бірде қара қотырланып, бірде қыши бастап, өзінен-өзі жазылып та бітті. Жарама қарауға менде ешқандай уақыт та, мүмкіндік те болмады.
2-жүргізуші: - Монолог. «Бауыржан Калинин қаласында». Бауыржан: - Калинин қаласында тұрған кезімде жатын бөлмемнің кішігірім терезедей форточкасы болатын. Қыстың қақаған аязында оны ашып тастап ұйықтаймын.
Бір күні сол суық бөлмеге жауынгер серіктерімнің бірі кіріп: «Мынау қазақ жататын орын емес, қасқыр жататын жер ғой»,- деп екінші бөлмеге қарай қаша жөнелді... Мен ояу жатқан едім. Ол жігітке іштей күлдім.
1-жүргізуші: - Сахналық көрініс.
«Бауыржан Момышұлының жас оқырмандармен кездесуі».
Бауыржан – Нұржан, жас оқырман – Аман.
Жас оқырман: - Сіз он алты жасыңыздан бастап өлең жазыпсыз ғой. Алғашында ақын болсам деп талап қылған жоқсыз ба? Бауыржан: - Қайда, қандай қызметте жүрсем де, жүректегі ұраным қазақтың «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды. Ел намысы – ер намысы деп білдім. Арманым халқымның намысына дақ түсірмеу болды. Ақындыққа, шенге, атаққа ешқашан да қызыққан емеспін. Олардың өздері келді. Генерал болсам, маршал болсам, герой болсам деген емеспін.
Адамгершілік турасында, талабы бар жасты құрметтеймін. Маңғазсынған ағаны ұнатпаймын. Маған қарап тұрып: «Сіз данышпансыз»,- деп көзге мақтап көлгерситіндерді жек көремін.
Жас оқырман: -Бауыржан аға, сізді оқырмандар атынан кездесуге шақырайын деген едік. Сіз оған қалай қарайсыз?
Бауыржан ата: - Маған сыйлық-мыйлық деген болмасын, сыйлық дайындаймыз десеңдер мен бармаймын! Кездесуге барған жерлерімнен жиырма бес ат мініппін. Соның бірін де алған жоқпын. Олардың маған қажеті жоқ.
Мен қарапайым адаммын. Қарапайым өмір сүргенді ұнатамын. Дүние жинауға еш қызығушылығым жоқ. Қазір Отаныма жаудан қауіп төнсе, алдыңғы шепке барып соғысамын.
Бауыржан – Нұржан, екі жазушы – Марат, Нұрсұлтан
2-жүргізуші: - «Мен – жауынгермін, өлімнен де қорықпай, Ел намысы, ер намысы үшін өлгім келеді», - деп жырлаған Бауыржан Момышұлы ең алдымен ақын болды. Ол соғыста жүргенде де көптеген өлеңдер жазды.
1-жүргізуші: -Келесі кезекте, назарларыңызға Бауыржан Момышұлының қаламынан шыққан өлеңдерді оқушылардың мәнерлеп оқуында тыңдаңыздар.
«Баукеңнің поэзиясы», «Осылай болғым келеді», «Бауыржанның батасы», т.б.
2-жүргізуші: - «Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықов». Сахналық көрініс. Әзілхан: -«Жұлдыз» журналы редакциясының тапсырмасымен, Баукеңнің 60 жасқа толуына байланысты батыр туралы бес бет мақала жазуым керек. Азар да безер болдым. «Мен ол кісімен сөйлесе алмаймын. Баукең жұртты маңына жолатпайды екен. Мені де қуып шығады»,- деп қарсылық білдірдім. «Мені Баукеңе жібергенше, хайуанаттар бағына барып, тордың ішіндегі арыстанның жалынан сипап қайт деңдер», - деп әзілдедім. Басшылар: «Сенен басқамыз соғыста болғанымыз жоқ. Сенен басқа баратын адам жоқ»,- деген соң, баруға бел байладым. Алдын ала 40 сұрақ дайындап, Баукеңе хабарласып, келесі күні бардым. Қолым дірілдеп, есікті қақтым. «Қуып шықпас па екен» деген қорқынышым бар. Әзілхан: - Здравия желаю, товарищ полковник! Бауыржан: - Неге келдің? Әзілхан: - «Жұлдыз» журналы сіз туралы мақала жазып кел деп еді. Сіз ерлігіңіз туралы өзіңіз жаздыңыз, сіз жайлы басқалар да жазды. Бірақ та айтылмай қалған жақтары да бар сияқты. Не жазу керек екендігі жайында сізбен ақылдасуға келдім.
Бауыржан (ашуланып): - Немене, ол мақаланы саған мен жазып беруім керек пе? Кругом!
Әзілхан: - Дат, Бауке! (Баукең күліп жіберді). Бауыржан: - Датың болса, айт! Әзілхан: - Бауке, теріс қарап тұрмын ғой, өзіңізге қарауға рұқсат етіңіз. Бауыржан: - Бұрыл! Әзілхан: - Бауке, менсізге жазып беріңіз деп келгенім жоқ, сізге қоятын сұрақтарым бар, соларға жауап берсеңіз, мен өзім жазып шығамын. Бауыржан: - Әкел.
Бауыржан рөлінде - Нұржан, Әзілхан – Жалғас
(Баукенің қолына төрт бет қағазды ұсындым. Мұқият оқып шығады).
Бауыржан: - Да, это серезно. (Сұқ саусағымен нұсқайды). Садись.
Әзілхан: - Осылай таныстығымыздың нәтижесінде Баукең туралы «Ақиқат пен аңыз» деген 160 беттік роман жазып шықтым.
1-жүргізуші: -«Бауыржанның ұлы Бақытжанменмен сырласуы».
Бауыржан: -Ұлым, Бақытжан, мен Отанымызды қорғадым. Мен сол жолда көп қан төктім. Қазақта «зауал» деген бар. «Жасаған күнәлар ұрпаққа қайтып айналып келеді» деген бар. 1941 жылы маған қарай атылған оқ саған келіп тиген болуы керек. Сол жылы сәби кезіңде үстелден құлап жамбасың шығып кетті де, енді өмір бақи соның азабын шегіп келесің.
Бақытжан (көпшілікке қарап): - Расында да, осы аяғымның әлегімен тоғыз рет отаға түсіп, күні бүгінге дейін зардабын тартып келемін.
Бауыржан: - Енді тым болмаса, Ержаныма зауалым тимесе екен деп Құдайдан тілеймін.
Бақытжан: - Әкем қайтыс болған соң, ойламаған жерден Ержанымның көзінің қарашығы тайып, ол да төрт рет отаға түсіп, әрең дегенде аман қалды.
Бауыржан: - Ұлым Бақытжан, менің басыма қойылатын құлпытас та, ескерткіш те аласа болсын.
Бақытжан: - Неге, әке!
Бауыржан: - Мәскеудегі менмін деген мықтылардың да зиратында қарапайым, аласа ғана ескерткіш қойылған. Ескерткіш тым биік болса, онда басына құс қонып, саңғиды. Мыстан жасалған болса, құстың саңғырығынан ескерткіштің басы көгеріп кетеді. Сонда ел : «Анау әкелеріңнің басы көгеріп жатыр. Неге тазаламайсыңдар?» - деп сендерді мазалайтын болады. Әсіресе, оны біреу-міреу ұрлауы да мүмкін.
Бақытжан: - Әкемнің айтқаны келді. Теледидар мен радиода әкелерің туралы сөйлегенде бәледейсіңдер, оның көгерген басын қашан тазартасыңдар! – деген сөздерді қанша естідік. Ескерткішті бір күні ұрланып та кетті.
2-жүргізуші: «Бауыржанның қарттық туралы толғанысы»
Қарт Бауыржан:
- Қарттық аяғымды тұсап,үйден шығармай,отбасында көгендеп қойды.Қолым қалтырап,түрегелсем тізем дірілдеп,буыннан әл кеткенімен,көкірегім сайрандай ашық,ақылым тетік,көзім әлі де қырағы,Ойдың жүйріктігін кісі қартайып,бөстекке тұтқын болғанда ғана біледі екен...
...Қартайған сайын жан тәтті бола ма деймін.Ақырғы күніңде ешкімді ренжіткің келмейді,біреудің көңілі қалмасын деген пікір ойыңнан кетпей,жастардың бәріне «қарағым,шырағымды» алдап,айлалау үшін емес,шын ниетіңмен-ақ жақсы көргендіктен айтасың.Өзіңнен кішілердің барлығы көзіңе әртүрлі құлпырған гүл сияқтанып көрінеді.Бәріне Алладан жақсылық тілейсің.
Мен Бауыржан Момышұлымын-я-знаменитый полковник. Я признан как полководец-как воин,не только в Казахстане,не только в Советском Союзе,а во всем мире. Я писатель, я ученый-философ,психолог. Я-поэт, я-инженер...Все это говорится без ложной скромности,на все эти перечисленные вещи у меня имеются документы.
Со мной шутить можно, но баловаться нельзя.
Служу Советскому Союзу.
Қарт Бауыржан рөлінде - Нұрсұлтан
1-жүргізуші: - «Жас оқырмандардың майдангер-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен кездесуінде»
Жас оқырман: - Қасым аға, өзіңіздің батырлығыңызды Бауыржан Момышұлының батырлығымен қалай салыстырар едіңіз?
Қасым Қайсенов: - Мені Баукең сияқты алып тұлға батырмен салыстыруға бола ма? Мен шағын төбемін, ол заңғар биік тау секілді ғой. Баукеңнің бойы жақсы қасиеттерге толы. Ол - табиғаттың ерекше жаратқан адамы. Ол – ақын. Ол – жазушы. Ол – философ. Ол – екі тілде бірдей шешен. Ол – қас батыр. Ол – полководец. Осындай қасиеттердің бәрін менің ойым мен бойымнан таба аласыңдар ба? (Отырған жұрт ду қол соқты).
Қасым Қайсенов рөлінде – Бекарыс және жас оқырман Есен
2-жүргізуші: -Ал, ендігі кезекте Бауыржан атамыздың ұлы Бақытжанның әкесі туралы естеліктерінен:
Оқушы: - Бала кезімде жазғы демалыс басталған сайын әкем мені ауылға жіберетін. Қазір ойлап қарасам, ол кісі «Елге жат болып,түпкі тамырынан ажырап қалмасын» деген ниетпен жібере берген екен. Ал ауылға барған соң амалсыздан қазақша сөйлеуіңе тура келеді.Өйткені ондағы бірге ойнайтын балалар да,туысқандар да түгелдей қазақ тілінде сөйлейді.Сонда мені пойызға билет әперіп салып жібереді де, туыстарымыз күтіп алады. Пойызға отырған мен ауылға жеткенше әке-шешеме өкпелеп баратынмын. Өйткені,Ә.Тәжібаев,Ғ.Мүсірепов,Ғ.Мұстафин,С.Мұқанов сынды әдебиет майталмандарының балаларымен бірге оқыдым. Сыныптастарым Қара теңізге,Балтық жағалауына,Мәскеуге,Киевке барып демалатын. Ол кезде ондай демалыс орындары мен үлкен қалаларға барып қайту біздің орта үшін үлкен мәртебе болатын.Ал мен болсам, әкем өскен шағын ауылға барып, қошқар мініп,қозы-лақ қуып, демалысымды өткізетінмін.
Оқушы: - Әкем туралы үш кітап жаздым, біріншісі - «Восхождение к отцу». Екінші кітабым - «Во имя отца».Үшінші кітабым - «Сыновья великого волка» деп аталады.Оқырмандар жақсы қабылдағанымен,өзім: «Әлі де әкемді толық тани алмаппын», - деген қорытындыға келіп,ғалымдар «Бауыржан Момышұлы-ХХІ ғасыр көгінде» деген зерттеу отралығын құрып, бауыржантануды қолға алса, мен әкетану жолына қайта көштім.
1-жүргізуші: - Бақытжан Момышұлының қарындасы Елена жайлы естеліктерінен.
Оқушы: - Ұлдан жалғызбын. Бірақ Мәскеуде Елена деген қарындасым бар. Оның шешесін бір-ақ рет көрдім. Әкем мені Мәскеуге апарғанда сол үйге кіргенбіз. Әкем қызын көргісі келіп еді, шешесі қарсы болды. Анасы дүниеден өткеннен кейін қарындасым бізді іздей бастапты.Мәскеудегі Панфиловшылар клубына барып,солар арқылы қазақ диаспорасына шығады. Солар бізге хабар берісімен табыстық. Осыдан төрт жыл бұрын Алматыға шақырып,кішігірім көзайым той өткізіп, шама-шарқымыз келгенше сый-сияпат жасадық. Кеңсайдағы әкемнің зиратына алып барып Құран бағыштадық.Қарындасымнан: «Мәскеуде кімің бар?» - деп сұрап едім,- «Жалғызбын»,-деді.Мен оған: «Енді өзіңді жалғызбын деме.Мен бармын.Қазақ деген ел бар, жеңешең бар, Ержан бар, ауылың бар»,-дедім.Қазір электронды почта арқылы күнара хабарласып тұрамыз.Тойға шақыртып едік: «Аға,ренжімеңіз,мен тойға келе алмаймын.Көпшілікті көтере алмаушы едім»,-деді.Көңілі пәк,құдды сәби сияқты. Кәсібі-филолог,өзі ғалым көрінеді.Орыс ақыны Марина Цветаеваның шығармашылығын зерттеп жүрген екен,үш кітабы жарық көріпті. Мәскеуде жап-жақсы абыройы бар.
Оқушы: - Тойға қатыса алмайтынын айтқанымен, «Әкемнің туған жерін көрсетіңіздерші!» - деп өтінген болатын. Мамыр айында оны екінші рет қонаққа шақырып, елге алып бардық,Асада әкеміздің көзі тірі нағашысы бар.Сол кісі ауылындағы ағайындарына той жасап,шашу шашты.Елена кетерінде: «Туысқандықтың не екенін енді біліп жатырмын», - деп көзіне жас алды. Жуалыға, Мыңбұлаққа, Момыш бұлағына,бабаларымыз жатқан қорымдарға дейін апарып аралаттық. Елге көшіріп әкелгіміз келіп еді, «Отаным сонда,дінім бөлек» деп көнбеді. Жасы 63-тен 64-ке қарады. Жалғыз тұрады екен. Оны әрі аяйтын, әрі қатты сағынатын болдым.
Бауыржан Момышұлына арналған арнау өлеңдер:
Қасым Аманжолов «Бауыржан». (Назерке, Ж. Назерке). Мұқағали Мақатаев «Бауыржан Момышұлына» (Ботакөз, Гүлдана). Ғали Орманов «Полковник» (Айгерім). Әбділда Тәжібаев «Келем қалың қара орманмен...». (Арайлым). 1-жүргізуші:
- «Бауыржан батыр өзінің әділ бағасын алды ма?» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің бірнеше сұрақтарына жауап бере отырып, өз ойларыңды айтуларыңды сұраймыз.
2-жүргізуші: - Бауыржан Момышұлының соғыс өнеріне қосқан еңбегі, шебер қолбасшылығы әділ бағасын алды деп ойлайсың ба?
1-жүргізуші: - Баукең жазбаларында: «өткен істер өтті, кеткен кісілер кетті. Қазбалаудың кімге пайдасы бар?» - деген екен. Баукеңнің атақтан құр қалуына кінәлілерді іздеу, өткен істердің ақ-қарасын анықтау қажет пе?
2-жүргізуші: - Көзі тірісінде әділетсіздікті көп көрген батырды бүгінде лайықты дәрежеде дәріптей алып отырмыз ба?
1-жүргізуші: - Белгілі қаламгерлер алып тұлғаны қалай бағалайды?
Оқушы: - Ең жақын досы, жауынгер-жазушы - Дмитрий Снегин: «Мен қазақтардың арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін. Бәлкім, таппайтын да шығармын».
Оқушы: - Ақын Олжас Сүлейменов: «Адамгершілік, азаматтық, парасаттылық, ерлік сұлулық жағынан Баукең – менің ұлы ұстазым. Мені Баукең тәрбиеледі. Қалыптасуыма тікелей өзі көмектесті».
Оқушы: - Жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Баукең – табиғаттың перзенті... Ол кітаптарымен отаншыл үзеңгі жолдастарын, қатардағы жауынгерлерді дәріптесе, жұрт оның өзін аңызға айналдырған».
2-жүргізуші: - Сынып оқушыларының орындауында «Алға, қазақ жігіттері» әні.
Қорытынды.
Фотосуретте Ұлы Отан соғысының ардагері – Нұрқожа Ақтаев
Мұғалімнің сөзі: - Бүгінгі тәрбие сабағымызда біз, Бауыржан Момышұлын жан –жақты тануға тырыстық деп айта аламыз. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», - деп Бауыржан Момышұлы өзі нақыл сөздерінің бірінде айтып кеткеніндей, даңқты қолбасшы, батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының есімі біздің, сендердің, өмірдің болашағы – жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады.
Фотосуреттерде оқушылар мен ата-аналар Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқожа Ақтаевпен бірге.

