Ашық сабақ. Туризмдегі этикет түсінігі

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ашық сабақ. Туризмдегі этикет түсінігі

Материал туралы қысқаша түсінік
Білім алушыларға этикет түсінігінің мәнін ашу, туризмдегі этикеттің ерекшеліктерін түсіндіру мақсатындағы "Туризмдегі этикет түсінігі, оның мәні" ашық сабақ жоспары
Материалдың қысқаша нұсқасы

АШЫҚ САБАҚ ЖОСПАРЫ


Сабақ тақырыбы:. Туризмдегі этикет түсінігі, оның мәні

Модуль /пән атауы: Кәсіптік әдеп

Дайындаған педагог: Қаниева Ғазиза Абайқызы

Сабақ типі: Теориялык сабақ

Мақсаты: Этикет түсінігінің мәнін ашу, туризмдегі этикеттің ерекшеліктерін түсіндіру.

Міндеттері: Іскерлік әлемдегі этикет талаптарын талдау, білім алушыларды топпен жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа баулу, ұжымдық ойлауын қалыптастыру, тыңдай білуге, сыни пікір айтуға үйрету, кәсіби қызығушылығын ояту, сала бойынша нақты әдебиеттер мен ақпарат көздерін зерттеуге, салыстыруға, ойын түйіндеуге, пікір айтуға, еркін сөйлеуге, тәжірибеде қолдануға, өз саласында кездесетін жағдайларды оңтайлы шешуге бағытталған шешімдер қабылдауға дағдыландыру.

Сабақты жабдықтау

3.1 Оқу-әдістемелік құрал-жабдықтар, анықтамалық әдебиеттер:

-ҚР Туристік қызмет туралы Заңы, 2001 жыл, 13 маусым

-В. Н. Скворцова. Профессиональная этика. – Томск, 2006,

-Туризмдегі психологиялық іс-әрекет негіздері, Алматы, 2012

-Ж.Молдабеков. Кәсіби этика. Астана, 2012

-Лавриненко В.Н. Іскерлік қатынас психологиясы және этикасы "ЮНИТИ" 2007 М. Біріккен Баспасы.

-Ғабитов Т.Х. Мүтәліпов Ж.М., Құлсариева А.Т. Мәдениеттану. – Алматы: Раритет, 2004

-Нағымұлы, Ш. Мәдениеттану: оқулық / Шахман Нағымұлы.- Астана: Фолиант, 2007.- 310, [2] б.- (Кәсіптік білім).

-ОЮЛ «Казахстанская туристская ассоциация». Модульные учебные программы технического и профессионального образования, основанные на компетенциях, по специальностям: 0507000 «Организация обслуживания гостиничных хозяйств» и 0511000 «Туризм»//По заказу Колледжа индустрии туризма и гостеприимства управления образования г.Алматы. – Алматы, 2014.

-[Электрондық ресурс]: http://window.edu.ru/catalog/pdf2txt/023/41023/18328 / Солоницина А.А. Профессиональная этика и этикет

-[Электрондық ресурс]: www.massaget.kz / «Елдер мен ұлттар ерекшелігі»

3.2 Техникалық құралдар, материалдар

Компьютер, интерактивтік тақта, тақта, таратпа материалдар.


Сабақтың барысы


Оқу іс-әрекетін ұйымдастыру, сабаққа деген қызығушылығын ояту – 5 минут.


А. Сәлемдесу. Оқытушының кіріспе сөзі.


В. Білім алушыларды сабаққа дайындау (оқу аудиториясының, құралдардың дайындығын тексеру, оқушыларды түгелдеу).


С. Сергіту сәті. Білім алушылардың зейіндерін шоғырландыру, ойларын жинақтау, сабаққа бағыттау мақсатында сандарды рет-ретімен табуға арналған «Сандарды табыңыз» карточкаларын тарату.


Үй тапсырмасын сұрау (өткен тақырып бойынша шолу) – 20 минут


А. Өткен тақырып бойынша Kahoot бағдарламалық қосымшасы арқылы дәріске шолу жасау, қайталау сұрақтарына жауап беру:

1) Пиар (PR) сөзі қандай мағына береді?

2) Қоғаммен байланыс қызметінің мақсаты қандай?

3) Этикалық пиар дегеніміз не?

4) Қоғаммен байланыс жасаудың қандай әдістері бар?

5) Қоғаммен байланыс маманының қызметтеріне не кіреді?

6) Туристік мекеменің қоғаммен байланыс жасауының мақсаты қандай?


В. «Әлемдегі ең ерекше қонақ үйлер», «Әлемдегі ең ерекше мейрамханалар», «Әлемдегі ең танымал туристік орындар» тақырыбында Prezi-презентация қорғау. Бағалау критерийлері: мазмұны, сауаттылығы, рәсімделуі, пиар-менеджер ретінде туристік нысандардың оң имиджін қалыптастыруға ұсыныстарының болуы..


Жаңа материалды меңгерту – «Education Scrum» әдісі арқылы жаңа материалды беру (48 минут)


Тақырыбы: Туризмдегі этикет түсінігі, оның мәні

Жоспары:

  1. «Этикет» түсінігінің мәні.

  2. Туристік мекеме қызметкерінің этикалық қағидалары.

  3. Әлем елдеріндегі этикет талаптарының ерекшеліктері.


А. «Ой қозғау стратегиясы» арқылы сұрақтар қою, тақырыпқа қызығушылықтарын ояту:

1. Сізге сабак беретін оқытушылардың, тобыңыздағы студенттердің киім үлгісіне мән бересіз бе? Олар қалай киініп келуі керек?

2. Туристік фирмаға саяхат туралы мәлімет алып, тур сатып алуға барғанда сізбен сөйлесетін менеджерден қандай қатынас күтесіз?





В. «Этикет» түсінігінің мәні

Этикет сөзі француз тілінен аударғанда рәсімдікті реттеуші нұсқау-қағаз, этикетка, рәсім өткізу тәртібі деген мағынаға ие. Мысалы, XVIII ғ. этикет деп монархтардың сарайларында өзін-өзі ұстау ережелерінің жиынтығын айтатын болған, бірақ қоғамның дамуы бұл терминнің одан да кең мағынада қолданылуын қажет етті.

Этикет хан сарайларындағы өмірді қатаң түрде реттеп отырды: қашан кімнің тұру керектігі, монархты кімнің, қашан қалай киіндіретіндігі, аудиенциялар, балдардың өту тәртібі және т.б. Этикет хан сарайларында рәсімділік сақтау тәртібі ретінде пайда болған. Жоғарғы билік жүргізушілер арасындағы қарым-қатынастардың өз алдына бөлініп, қарапайым халықтан ерекшеленуінің нәтижесінде этикетке көп мән берілгендігін тарих дәлелдейді. Этикеттің нормалары ұсақ-түйек ережелерден тұрса да, кейде сол қатынастағы ұсақ-түйектердің дұрыс орындалмауынан қақтығыстар мен жанжалдар туып, тіпті мемлекеттер арасы шиеленісетін болған.

«Этикет» терминінің қазіргі заманауи мағынасындағы түсінігін ең алғаш рет Людовик қолданған: ол сарай қызметкерлеріне сарайда өзін қалай ұстау керектігі жазылған ережелер мен нормалар жазылған «этикетка» деп аталатын карточкаларды таратқан. Этикет нормалары дербес қасиетке ие. Адамдардың нені жағымды, нені жағымсыз деп тануы әрбір тарихи кезеңге, әрбір этностың өзіндік менталитетіне сай анықталады. Мысалы, кейбір халықтарда қонақ тың тамақты жеп, риза болғанының куәсі ретінде кекіргенін естігенге мәз болады, ал ол басқа халықтарда мәдениетсіздіктің нағыз көрінісі болып табылады. Кавказ халықтарында амандасу барысында алғашқы болып үлкен кісі қол ұсынса, қазақ халқында жасы кішіден ізет күтеді. Этикет және этиканы шатастыруға болмайды. Дыбыстық ұқсастықтарына карамастан ол екеуі – екі дүние. Этикет нақты бір мезетте, нақты бір жағдайға байланысты адамдардың өзін-өзі белгілі бір ортада ұстау әдебін танытса, этика одан анағұрлым кең ауқымды қамтитын үғым. Өйткені этика – жалпыадамзаттық деңгейде адамгершілік мінез-құлықтың тарихын, адамгершілік категорияларын философиялық талдаудан өткізетін ғылым.

Конфуций «Барлық жақсы істің негізгі көзі – этикет» деп айтқан. Этикеттің барлық «өсиеттері» іскерлік әлемнің барлық аспектілеріне қатысты. Этикеттің тәжірибелік мағынасындағы мәні адамдарға қоғамда қалыптасқан қарым-қатынас жасау сыпайылықтарын пайдалануға бағытталған. Мұндағы өзін ұстау мәдениеті әлеуметтік қажеттіліктегі сапасы ретінде сипатталады.

Этикеттің үш негізгі түрін бөліп көрсетеді:

-күнделікті (адамдардың үйде, қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау тәртібі);

-іскерлік (іскер адамдар арасындағы қатынас, субординация, т.б. ережелері)

-қызметтік (белгілі бір салада қалыптасқан этикет ережелері).

Этикеттің негізін тәртіп мәдениетінен тұратын қағидалар құрайды. Олардың ішінде ерекше 4-ін бөліп көрсетуге болады:

  • гуманизм (сыпайылық, қарапайымдылық, мән берушілік, әдептілік, т.б.);

  • іс-әрекеттің мақсаттылығы (сізді қоршаған адамдарға кедергі, қолайсыздық келтірмеу, нақты мақсат бойынша әрекет ету);

  • іс-әрекеттің эстетикалық тартымдылығы (арнайы сервировка жасалған үстелде отырып тамақтану мен газдың қасында тікелей қазаннан тамақтануды салыстырыңыз);

  • ұлттық салт-дәстүрлерді есепке алу (мамандар өздері жұмыс жасайтын адамдардың мәдени ерекшеліктерін ескеруі керек).



С.Бекіту тапсырмасы:

QR-кодпен шифрленген сұрақтарға жауап беру, жауабын Скрам-тақтасына ілу:

  1. «Этикет» сөзінің мағынасы қандай?

  2. Этикет тарихы туралы не түсіндіңіз?

  3. Людовик патша этикет ұғымын тәжірибеге қалай енгізген?

  4. Этикеттің қандай түрлері бар?

  5. Этикет тәртібін құрайтын қағидалар қалай жіктеледі?


D. Туристік мекеме қызметкерінің этикалық қағидалары


Туризм саласындағы мамандардың іскерлік әрекеті үшін этикет үлкен маңызға ие болып табылады. Тұтынушылармен, ұжымдастармен, серіктестермен тиімді, конструктивті қарым-қатынасты дамыту үшін арнайы этикет нормалары қолданылады. Еңбек ұжымында этикеттің сақталуы шығармашылық атмосфераның қалыптасуына септігін тигізеді. Туризм менеджерінің сыртқы келбеті, өзін ұстауы, сөйлеуі этикет ережелеріне сәйкес болуына байланысты оған деген сенімділік, жұмыс тиімділігі тәуелді болып, жалпы туризм мамандарына деген қоғамдық көзқарас қалыптасады. Туристік бизнес қызметкерлерінің этикалық қағидалары өзара персоналдың қатынасына, турфирманың серіктестермен және тұтынушылармен қарым-қатынасына байланысты болады.

Турфирма персоналының іскерлік қарым-қатынасының жеті негізгі принциптері ерекшеленеді:

1.Пунктуалдық. Жұмысқа жиі кешігіп келу, турды уақытылы брондамау, тұтынушы келгенге дейін құжаттардың толық дайын болмауы – пунктуалды емес менеджерлердің әдеттері. Кешігулер жұмыс ырғағын бұзады және қызметкерге сенуге болмайды дегенді білдіреді. Уақытылы брондау мен құжаттарды рәсімдеу имиджік жағынан да, экономикалық жағынан да маңызды. Жұмыс уақытына сәйкес ұйымдастыру мен басқару қағидаттары межеленген уақыттан 25 пайыз бұрын жұмысты бітіру қажеттігін талап етеді.

2.Құпиялық. Баға саясатына, серіктестермен қарым-қатынасқа, өндіріске байланысты турфирма құпияларына өте қатты берік болу керек. Директордың немес ұжымдастардың айтқан сөздерін өзгелермен бірге талқыға салуға болмайды. Бірақ, турфирма жұмысының нәтижелерінің барлығы да коммерциялық құпия емес.

3.Тұтынушыға бағытталу – саяхаттарды ұйымдастырушының ең жақсы қасиеті. Ол турды сатып алуға келген адамды тануға, оның қызығушылықтарын, мәселелерін түсінуге, саяхат пен демалыстың ең тиімді нұсқасын біріге отырып табуға мүмкіндік береді.

4.Сыпайылық. Қызметкерлермен, тұтынушылармен сөйлескен кез келген жағдайда, әсіресе, клиенттің көңілі толмай отырғанда, менеджер өзін салқынқанды, даусын көтермей, ренжімей ұстауы керек. Қолы бос болмаса да, бос сияқты, өзін түгел сол клиентке арнайтындай көрсетуі керек.

5.Қызметкерлерге көңіл бөлу. Басқалардың пікірін сыйлау, түсінуге тырысу – турфирма ұжымында өзінің әлеуметтік бейімделу дәрежесін көтереді. Ұжымдастардың, басшының, тіпті бағыныштылардың сын-пікірлерін тыңдау, орындау психологиялық тұрғыдан қиын болса да, қажет.

6.Сыртқы келбет. Турфирма қызметкерінің сыртқы атрибуттары – киім, аяқ киім, шаш үлгісі, макияж, т.б. – іскерлік адамның жалпы қабылданған стандарттарына сай болуы керек. Қызметкердің сыртқы келбеті мен сәтті жұмысының арасында тікелей байланыс бар: кәсіби киім үлгісі адамды өзін кәсіби тұрғыда ұстауға үйретеді.

Қатаң іскерлік киім турфирма қызметкерінің имиджіне қызмет етеді. Директордың және бас менеджерлердің гардеробында (жынысына қарамастан) костюмдердің бірнеше үлгісі болуы керек. Тіпті, аптаның соңғы жұмыс күндерінде де жұмысқа тиісті киім үлгісіз келуге болмайды. Киім денеге қатты жабыспауы керек, шаш үлгісі қарапайым, жинақы, бұйымдар мейлінше аз (әйел адамдарда екі жүзіктен артық емес) болуы керек. Бояу заттарын тым көп қолдануға рұқсат жоқ.

Іскерлік костюм іскерлік өмірдің ажырамас атрибуты болып табылады. Киім имидж компоненті ретінде адамның материалдық дәрежесін көрсету функциясын көрсетеді. Міндетті емес, бірақ кеңес берілетін нұсқа – кеңсе киім үлгісінің біркелкі үлгісі. Ол бірдей униформа болып бекітілуі немесе бірдей түстес киімдер киюмен ерекшеленуі мүмкін.

Келушілермен жұмыс жасайтын турфирма менеджері ашық коңыр, сұр түстес киім таңдағаны дұрыс. Бұл түс реңктері клиенттерді психологиялық тұрғыда басады, достық қатынасқа бағыттайды.

Аяқ киім міндетті түрде жабық болуы керек. Спорттық, замша материалды аяқ киім киюге болмайды. Іскерлік әлемде қабылданған стандарттарға сәйкес мүмкіндігінше, тырнақты түссіз немесе «француз үлгісіндегі» бояумен ғана бояған дұрыс.

Іскерлік стиль клиенттерге өте қымбат бұйымдарды көрсетуге қарсы. Аса ірі емес, жинақы, табиғи материалдан жасалған бұйымдар да жеткілікті.

Кейде сыртқы келбетті өте сәтті таңдап, өте жақсы әсер қалдырып, бірақ қонақ алдында отырып, байқамай, шашты ұстау, қолдағы қаламды шашқа тигізу сияқты болмашы әрекеттер барлық әсерді жоққа шығаруы мүмкін екендігін ұмытпаған жөн.

7.Сауаттылық. Туристік фирманың сыртына жіберілетін құжаттар мен хаттар өте сауатты жазылуы керек. Әріптерден қате жіберуге, тым әдеби сөздерді қолдануға мүлдем болмайды. Барлығы іскерлік хат жазу тәртібіне сәйкес орындалуы керек.


E. Бекіту тапсырмасы

Студенттерге әр түрлі киім түрлері мен бұйымдар суреттері берілген карточкалар таратылады. Солардың ішінен іскерлік әлемге сай келетін үлгілерді таңдау, жасалған жұмысты Скрам-тақтасына ілу.


F. Бейнеролик көрсету.

«Этикет делового телефонного общения». Телефонмен сөйлесу этикеті туралы ой-пікір алмасу.


G. Әлем елдеріндегі этикет талаптарының ерекшеліктері


Америка. Америкалықтар кез келген ортада отбасылық құндылықтар туралы айтқанды ұнатады. Материалдық құндылықтардан көлікті өте маңызды санайды. Бұл елдерде ресми бекітілген дін жоқ, сондықтан, бұл тақырып бойынша еркін әңгімелесуге, кез келген діни ағымды насихаттауға, тіпті жаңадан бір діннің түрін ойлап табуға болады. Американдықтарда ойды тікелей айту қалыптасқан, олар өздеріне айтылған сөздің ауыспалы мағынасын іздеп жатпайды, барлығын айтылған кейпінде қабылдайды. Американдық бизнесмендер әлемдегі ең қатал іскер адамдар ретінде танымал, соған қарамастан, олармен жұмыс істеу өте оңай. Олардың іскерлік әлемдегі негізгі мақсаты – барынша көп және тез пайда табу. Іскерлік кездесулерде американдықтарға келесідей сипаттамалар тән:

- әзілдескенді ұнатады, тіпті әзілі сәтсіз болса да, барлығының көңілі көтерілгенін байқағанды ұнатады;

- олар басшылықтан тыс өз беттерінше әрекет еткенді ұнатады;

- кез келген жағдайда достық қарым-қатынасты көрсетеді, ортаға тез бейімделеді;

- қабылдаушы тараптың тіліне икемделгенді ұнатпайды, сондықтан көбінесе кездесулер ағылшын тілінде жүргізіледі;

- олар тәуекелге жиі баратын кәсіпкерлер ретінде танымал, соған қарамастан, әр кезде қосымша қаржылық жоспары болады;

- іскерлік ұсыныстың барлығын инвестиция-табыс-уақыт көлемі деген формулаға салып қарастырады;

- американдық іскерлердің негізгі қағидасы – «уақыт-ақша»;

- іскерлік келісімдер кезіндегі үнсіздік паузаларын (үзілістерін) ұнатпайды.

Канада. Канаданың ерекшелігі көлемдік ауқымдылығы мен ресурстарының көптігінде ғана емес, ұлттық этникалық құрылымының әртүрлігінде. Қазіргі таңда бұл елде 100 нақты этникалық топ бар, олардың ішінде басымы француздар, ағылшындар және канадалық «үндістер». Соған сәйкес бұл елде екі ресми тіл бар: француз және ағылшын. Америкаға қарағанда іскерлік мәдениет қатаң қалыптасқан, еуропалық стиль мен дағдылар басымдық танытады. Әр түрлі ситуацияларда сәлемдесу кезіндегі қол алысуға мән береді. Коммуникацияларға консервативтік көзқараспен қарайды. Шақырусыз келген адамдарды ұнатпайды, кездесулер жөнінде алдын ала келісу керек.

Канадада шылым тартатындар өте аз. Сондықтан ғимарат ішінде шылым шегерден бұрын қасындағылардан рұқсат сұрайды. Барлығының өз уақытында орындалғанын қалайды, кешігулерді ұнатпайды. Іскерлік кездесуге 10-15 минуттан аса кешіккен адамдарды күтпейді. Канадалықтарда патриоттық сезім өте жақсы дамыған, сондықтан іскерлік кездесулерде елінің жетістіктері, ерекшеліктері туралы айтқанды, мақтан тұтқанды ұнатады.

Ұлыбритания. Ағылшындықтар қызығушылықтары ортақ адамдар тобымен араласқанды ұнатады. Өзіндік қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлердің орындалуына мән береді. Бұл ұлт өкілдері де пунктуалдықтарымен ерекшеленіп, уақытты үнемдейді. Ағылшындықтар өзге біреуге дене мүшесінің тигенін ұнатпайды, сондықтан да қолмен жылдам сәлемдесуге тырысады. «Өтінемін», «рахмет» – бұл халықтың лексиконындағы жиі қолданылатын сөздер. Іскерлік әлемде де, тұрмыста да бір-бірінің есімін айтып шақырады. Мерекелік күндері, туған күнге ашық құттықтау хат алғанды ұнатады. Ағылшындық іскерлік ортада сыйлыққа беруге болатын тауар түрлері қалыптасқан: күнтізбелер, блокноттар, фирмалық авторучкалар, т.б. Егер сыйлық тым қымбат көрінсе, одан бас тартуға болады.

Іскерлік келісімдер кезінде анықтамалық, статистикалық мәліметтерге сүйеніп талқылау міндетті болып саналады. Тек алғашқы кездесуде ғана қол беріп, қалған кездерде ауызша сәлемдесу қалыптасқан. Әңгіме дәстүрлі түрде ауа райын, спорт жаңалықтарын айтудан басталады. Шешімдерді өте баяу қабылдайды, бірақ айтқан сөздерінде тұратын халық ретінде танымал.

Швеция. Барлық мәдениеттердің ішінде шведтік мәдениет ең «нәзік» деп есептелінеді. Себебі, басымдық танытатын құндылықтары – тұлғааралық қатынастар, өмір сапасы, мейірімді орта, қызмет көрсете алу және қамқор болу мүмкіндігі, адалдық, әділдік, қарапайымдылық және табиғатқа деген сүйіспеншілік. 1996 жылға дейін дін мәселесі бойынша еркіндік болмаған: осы елде туылған әрбір азамат лютеран бағытын ұстануға мнідетті еді. Қазір бұл мәселе жеңілдетілген, әркім өзі қалаған дінді ұстана алады. Әрбір швед кемінде үш тілді біледі.

Іскерлік келісімдерге 15 минут ерте келіп, дәл уақытында кездесуге кіреді. Бірден «сен» деп бейресми қатынасқа көшуі мүмкін. Жынысына қарамастан қолмен сәлемдесу қалыптасқан. Дәрежесіне қарамай, барлығымен теңдей сөйлеседі. Киім стилі еркін. Бұл елдегі іскерлік қатынастар «Шведтік модель» деген атауға ие болған. Себебі ерекше біркелкілік, төзімділік, компромисс және серіктестік орнату принциптеріне сүйенеді. Дау-дамайлардан қашқақтайды, соның есебінен проблемалар ұзақ шешілуі мүмкін. Барлық шешімдер ұжыммен ақылдасу арқылы ғана қабылданады. Жұмысты пайдаға емес, іске қарай бағыттайды. Ұжым ішінде биліктің, басшылықтық белгісін көрсету абыройды төмендетудің белгісі болып саналады, сондықтан менеджерлер жұмсақ психологиялық тәсілдерді қолдануға тырысады.

Италия. Италиялықтар өте коммуникабельді халықтың бірі болып саналады. Кез келген форматтағы кездесулерде олар отбасы туралы, жеке өмірі туралы арман-мақсаттары, саяси және діни көзқарастары туралы әңгімелескенді ұнатады. Критиканы (сыни пікірді) жақсы қабылдайды. 20 минуттан 45 минутқа дейінгі кешігулер қалыпты болып саналады. Ағылшындықтар қарым-қатынасқа түскен адаммен кемі 1,2 метр қашықтықты сақтайтын болса, италиялықтар үшін бұл сан 80 см-ді құрайды. Егер кездесу сәтті болса, сізді құшақтап алуы да ғажап емес. Бизнес жүргізуде тұрақсыздықпен ерекшеленеді. Ережелерді, келісімдерді жылдам әрі бірнеше рет өзгертуі мүмкін. Іскерлік кездесулерде күн тәртібін қатаң ұстанбайды, жиналыстың пунктерін өзгертіп жіберулері мүмкін. Әңгімелесу барысында 5 секундтан артық үзіліс орнамауы керек. Сату-сатып алу келісімдерінде алғашқы баға тым жоғары болғанымен, келісім барысында төмендетуге мүмкіндік болады.

Грекия. Гректердің табиғаты қарама-қайшылықтарға толы деп есептелінеді. Мысалы, олар өзгелерге сын айтқанды ұната отырып, өздеріне айтылған сынды қабылдамайды. Жеке абырой мен бедел – гректер үшін ең басты құндылықтар. Гректермен сәлемдескенде алақанды көтеріп, қолды бұлғауға болмайды. Себебі, бұл елде мұндай әрекет дау-дамайлар кезінде қолданылатын намысқа тиетін белгі болып саналады. «Өтінемін», «рахмет» сөздерін жиі қолданбайды. Халықаралық зерттеулерге сәйкес гректерде отбасылық қарым-қатынас өте берік болады. Бір үйде үш-төрт туыс отбасылар бірге тұратын шаңырақтар жиі кездеседі екен. Шетелге барғанда сол елдің этикасына бой ұсынып, бейімделеді. Елде жоғары дәрежедегі қызметтерде көптеген әйел адамдар қызмет етеді. Сондықтан бұл елде ер адам мен әйел адамның құқығы тең саналады. Іскерлік әлемде ресмиліктер қатаң сақталынбайды. Тіпті, мемлекеттік секторда да еркін киіну орын алып тұрады.

Қытай. Қытай – халқы жөнінен ғана емес, өркениет тарихы бойынша да ең көп уақытқа ие ел. Бұл елдің өмірлік құндылықтарына даосизм, буддизм, Тай-цзы, т.б. сияқты спецификалық мәдени факторлар әсер етеді. Қытай халқының құндылықтары – қарапайымдылық, төзімділік, үлкендерді құрметтеу, салт-дәстүрлерді құрметтеу, патриоттық, білім, т.б. Конфуциандық қатаң қағидалар заманауи Қытайда әлі күнге дейін сақталған:

- билік пен халық арасындағы ара қашықтық;

- билігі жоғары адамдар төмен адамдардан бірнеше саты биік болуы керек;

- ата-ана, мұғалім, басшылыққа бағыну керек;

- қызметкерлер жеке қызығушылық, мақсатқа сәйкес емес, жалпы мүддеге, басшы тапсырған міндеттемелерге сәйкес қана жұмыс істеуі керек;

- Ұзақ уақыттық мақсаттарға бағытталуы керек.

Қытайлықтарда іскерлік кездесудің алғашқы міндетті бөлігі шай беру рәсімі болып табылады. Ресми шенеуніктермен кездесуді алдын ала екі апта бұрын жоспарлап, хабарлау керек болса, кәсіпкерлермен кемінде 1-2 күн бұрын келіссе жеткілікті. Қытайлықтарда адамдар арасындағы ара қашықтық – 1,2 м. Көзге тіке қарап отырғанды ұнатпайды. Сөйлеп отырған адамның мойнына қарап отырса, өзі сөйлегенде аяқ киіміне қарап отырады. Кез келген сыйлық келісім аяқталғаннан кейін берілу керек. Сағат сыйлауға мүлдем болмайды, жаман ырым саналады. Сонымен қатар, хризантема гүлі қайғыны білдіреді.

Корея. Кәріс халқының қалыптасуы тарихи кәріс, қытай-конфуциандық, жапон және американдық-еуропалық мәдениеттің бірігуімен байланысты. Бұл елде буддизм, конфуцийлік және христиандық дін өкілдері кең таралған. Ұлттық тілдің де көп бөлігі қытай тілі сөздерінің араласуымен қалыптасқан. Американдық әсерден «мисс», «миссис», «мистер» сөздері тұрмысқа еніп кеткен. Кореяда іскерлік серіктестерге консервілердің, өсімдік майының, ет тағамдарының, жеміс-жидектердің ерекше түрлерін сыйлау қалыпты жағдай болып саналады. Алғашқы таныстықта бір-бірінен отбасылық жағдайы, оқыған оқу орны, жұмыс орны мен лауазымы, жасы туралы сұрақтарды қояды. Бұл әңгімелесушінің әлеуметтік жағдайын анықтап, соған сәйкес қатынас құру үшін қажетті деп есептейді. Кәрістер іскерлік әлем адамдары көп сөйлемейтін, баяу қимылдайтын, сезімдерін білдірмейтін тұлғалар ретінде белгілі. Көп сөйлеп, ойын ашық айтуды жұмысқа жеңіл көзқарас деп біледі. Сонымен қатар, жасы үлкен адамның көзіне қарауға болмайтын дәстүр қалыптасқан.

Араб елдері. Батыс пен араб әлемінің әр түрлі тақырыптар бойынша айырмашылықтары үлкен. Мысалы, батыста шіркеулер мемлекеттен алыстатылса, көптеген араб елдерінде дін қоғамның тәртібіне, саясатқа, тіпті бизнеске ықпалын тигізеді, сонымен қатар, батыста адамдар жетістіктері бойынша бағаланса, араб әлемінде тегіне қарай бағаланады. Араб халқы сын-пікірді қиын қабылдайды. Уақыт мәселесі де қатаң тәртіпке бағынбайды: кездесулерге бір сағатқа кешігіп келуі де мүмкін. Араб еліне кез келген мақсатпен келген адам серіктестің өзіне, отбасы мүшелеріне сыйлық әкелу міндетті. Тамақтану барысында оң қолмен жеу керек. Елге келген шетелдік әйел адамдар қарапайым, мейлінше жабық киінуі тиіс. Әңгімелесу барысында ауру-сырқау, сәтсіздік, апаттар тақырыптары бойынша сөз қозғамаған дұрыс. Қатты дауыс ырғағы – арабтар үшін әңгімелеушінің шынайылығының белгісі. Қарым-қатынас барысында көз байланысы маңызды: сондықтан, күннен қорғайтын көзілдірікті шешіп, тіке қарап отырып сөйлесу керек. Іскерлік кездесу сәтті өту үшін барынша сын-пікір айтпай, мадақтау-мақтаудың ретін тауып, дініне, мәдениетіне құрметпен қарайтындығын сездіру керек.


H. Бекіту жұмысы. «Қай ел?» ойыны. Дәріс барысында түсіндірілген әлем елдеріндегі этикет ерекшеліктеріне сәйкес фотосұрақтарға жауап беріп, елдердің атауын тауып, Google Earth саяси картаcынан көрсету:

1. Бұл ел халқымен сәлемдескенде алақанды көтеріп, қолды бұлғауға болмайды (Грекия)

2. Бұл ел халқында хризантема гүлі мен сағат сыйлау жаман ырым саналады (Қытай)

3. Бұл ел халқы «Өтінемін», «рахмет» сөздерін өте сирек қолданады. Ежелгі Эллада мекені (Грекия)

4. 20 минуттан 45 минутқа дейінгі кешігулер қалыпты болып саналатын еуропалық ел (Италия)

5. Бұл елде француз және ағылшын тілдері ресми болып саналады, 100 этникалық топ тіркелген (Канада)

6. 1996 жылға дейін осы елде туылған әрбір азамат лютеран бағытын ұстануға мнідетті болған (Швеция)

7. Іскерлік кездесудің алғашқы міндетті бөлігі шай беру рәсімімен басталатын ел (Қытай)

8. Бұл халықтың мәдениеті тарихи кәріс, қытай-конфуциандық, жапон және американдық-еуропалық мәдениеттің бірігуінен қалыптасқан (Корея)

9.Бұл елде іскерлік ұсыныстың барлығы «инвестиция-табыс-уақыт көлемі» деген формулаға салып қарастырылады (Америка).

10. «Өтінемін», «рахмет» – бұл халықтың лексиконында жиі қолданылатын сөздер (Ұлыбритания).



Сабақ бойынша рефлексия – 5 минут


А. Кері байланыс сұрақтарын ұсыну, ойларын стикерге жазып, Скрам-тақтасына ілу.

1. Тақырып бойынша толық мәлімет алдым деп ойлайсың ба?

2. Негізгі ұғымдарды түсіндің бе?

3. Бүгінгі сабақта алған білімдеріңізді туристік салада қолданасыз ба?

4. Сабақ сізге ұнады ма?


В. Бағалау

Студенттің аты-жөні

Үй тапсырмасы

Топтық жұмыс

Сабаққа қатысу белсенділігі

1





2







Үй тапсырмасын беру – 2 минут


1. Теориялық материалды өзіндік оқу, түсіну, пікір айтуға дайындалу.

2. «Саяхат барысындағы этикет ерекшеліктері» тақырыбында эссе жазу. Қарастырылатын мәселелер:

- Саяхатқа тапсырыс беру және ұйымдастыру кезіндегі менеджер мен турист арасындағы қарым-қатынас;

- Саяхат кезіндегі туристің өзін ұстау этикеті;

- Саяхат аяқталғаннан кейінгі турист пен менеджер арасындағы этикалық байланыстар.

3. «Алфавит» әдісі бойынша бүгінгі тақырыпқа байланысты кемінде 30 түсінік жазу. Мысалы:

А – Адамгершілік құндылықтар

Ә – Әдемілік

Б – Бизнес этикасы

В – Визитка этикеті, т.б.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
22.01.2025
131
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі