Ашық тәрбие сағаты "Тәуелсіздік бастауы - желтоқсан"

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ашық тәрбие сағаты "Тәуелсіздік бастауы - желтоқсан"

Материал туралы қысқаша түсінік
Мұғалімдер үшін көмек
Материалдың қысқаша нұсқасы



Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан

Сабақтың тақырыбы: Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың өткен тарихымызға деген ұлттық көзқарастарын қалыптастыру. Оқушыларды елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне деген тағзым.

Сабақтың көрнекілігі: плакаттар, суреттер, буклеттер, нақыл сөздер, интерактивті тақта

Сабақтың барысы:

Мұғалімнің кіріспе сөзі:

Көк туым көтерілді бағым жанып,

Елтаңбам күллі әлемге танылды анық.

Шырқадым әнұранды бар дауыспен,

Арманым –Ата заңым қабылданып.


Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған және дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 31 жыл толып отыр.

«Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «алаш» деген атты аламын» - деп азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.

Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген тексіз» деген қазақтың ғажап сөзі осындайдан шықса керек. Себебі, тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар ар – намысынан туындап жатқан жоқ па? Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе?

Осы желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, орынымыздан тұрып бір минут еске алайық!

Бір минут үнсіздік.

1-жүргізуші:

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел , жел ұмытпас,

Ел үшін жанын қиып, жауды қуған

Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас


2-жүргізуші:

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтып,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас

Арқаның селі, желі, шөлі, белі, -

Ерлерді ұмытпаса ел ұмытпас, - деп Мағжан Жұмабаев ағамыз айтқандай дүниені дүр сілкіндіріп, қазақ елінің бостандық туын көтерген ерлеріміз мәңгі есте қалары сөзсіз.

1-жүргізуші:

Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығына арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 26 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.


2-жүргізуші
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

Бүгінгі «Ұлытаулар аласармайды,

Ұлы есімдер ұмытылмайды», деген рубрикамен өтілетін «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.





1-жүргізуші:

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді ағайын, көгінде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі - Әнұраны!- дей отырып әнұранды шырқаумен сабағымызды бастайық. 

Хор: Мемлекеттік Әнұран

1-жүргізуші:

Жағасына жауының жетіп қолы,

Тартып алған тәуелсіз күшпен өткен.

Тәуелсіздік елімнің ерлік жолы,

Олжа емес салбырап түскен көктен.

2-жүргізуші

Қуаныш аралас қасіретпен,

Ерлік жолда қаншама ғасыр өткен.

Еркіндік, ерлігін сақтау үшін,

Талай ердің бұл жолда басы кеткен.

1-жүргізуші

Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын.

1-оқушы:

Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,

Тарихы оның тым әріден басталған.

Бодандықтан құтқарам деп елімді,

Талай боздақ қара жерді жастанған.

2- оқушы:

Жазалаушы қара құрттай қаптады,

Қазағымды қырып – жойып таптады.

Сонда елімнің ұл – қыздары ардақты,

Қарсы шығып ел сенімін ақтады.

3- оқушы:

Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,

Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.

Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,

Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.

4 – оқушы:

Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,

Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.

Болашаққа даңғыл жол салып берген,

Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

5- оқушы:

Желтоқсан – тарихымда әйгілі күн,

Ерттеп мініп ар – ождан сәйгүлігін

Ерлерім елдік үшін атой салып,

Еншілер қайтарған бәйгелі күн.


1-жүргізуші: Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі. Тарихи оқиғаларға тоқталсақ.


1-оқушы. ХV ғасырдың ортасында көшпелі Өзбек мемлекетінің құрамынан, яғни Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Қазақ тайпалары Керей мен Жәнібек сұлтандардың басқаруымен дербес Қазақ хандығын құрды.

2-оқушы. Ұлан байтақ елімізге жан-жақтан көз тігіп ойран салушылар көбейді. Ең қатерлісі ХVI-XVIII ғасырлардағы жоңғарлардың шапқыншылығы болды.

3-оқушы. 1723 жылы қаннен-қаперсіз елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел үдере көшіп, дүние-мүлік, мал, жанына да қарай алмай босып кетті, тіпті, бесіктегі бала, қария кемпір-шалдарға дейін жұртта қалып қойған кездері де болды. Қазақ халқының бұл босуы тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Ақтабан шұбырындыда 1 миллион адам, яғни сол кездегі халықтың 40 пайызы қырылды.

4-оқушы. Әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Көкжал Барақ секілді көптеген батырлар Қазақ халқын қазақтың ханы – Абылай ханның ақ туының астына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан толық азат етті.

5-оқушы. XVIII ғасырда Қазақ хандығының тәуелсіздігіне қатер төндірген тек қана Жоңғар хандығы ғана болған жоқ. Оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары көз алартса, Батысы мен Солтүстігінде қалмақтар, башқұрттар, казак орыстар үнемі шапқыншылық жасаумен болды.




7-оқушы. Қазақ халқын аман алып қалу үшін осындай қысылтаяң кезде Әбілқайыр бастаған Қазақ сұлтандары, билері мен бір топ батырлары Ресей империясының құрамына кіре бастады. Сөйтіп, Қазақ халқы тәуелсіздігінен айырыла бастады.

8-оқушы. Ресей империясының отаршылдық және орыстандыру саясатына қарсы Қазақ халқы сан рет ұлт-азаттық көтеріліске шықты.

9-оқушы. XІХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Жанқожа батыр бастаған қазақтардың Хиуа, Қоқан хандардың езгісіне қарсы күресі.

10-оқушы. 1870 жылы Маңғыстау қазақтарының көтерілісі.

11-оқушы. 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы басқарған шаруалар көтерілісі.

12-оқушы. 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған шаруалар көтерілісі.

13-оқушы. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс.

14-оқушы. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы Ақпан және Қазан төңкерістері болды. Азамат соғысы жылдарында шаруашылық күйзеліске ұшырап, адамдардың ашаршылыққа душар болуынан 950 мың Қазақ, яғни халқымыздың 19 пайызы апат болды. 400 мың Қазақ отбасы елден кетуге мәжбүр болды.

15-оқушы. 1930-1932 жылдардағы ашаршылықта 2 млн. 100 мың Қазақ қырылды.

16-оқушы. 1937-1938 жылдардағы репрессияда Қазақ халқының қаншама аяулы азаматтары, бетке ұстар шамшырақтары қуғын-сүргінге ұшырап, халқым, елім деп жүріп «халық жауы» аталып айыпталды. Сол кезде абақтыға жабылғандардың саны 105 мыңға жетті. Олардың 27 мыңнан астамы атылды.

1-жүргізуші:

1986 жылғы 16 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10.00-да бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясының пленумында елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев орнынан алынып, шеттен келген Геннадий Колбин сайланды. Бұл, әрине, Қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасын туғызды.

2-жүргізуші:

Осыдан 31 жыл бұрынғы Алматы оқу орындарының бірінің жатақханасының алдындағы оқиға.
Енді осы кезеңнен қысқаша көрінісімізді  тамашалаңыздар

Көрініс. «Жастардың алаңға шығуы»


Дауыс: Естідіңдер ме?

Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сыйламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?


Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!


Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?


Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.


Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатаханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!

Әскери адамдар: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов» Первая рота за мной! Ура!

Алтынай: әй, туғандар! Жігіт болсаңдар бері қарай!

Қосылыңдар біздің қатарға!


1-жүргізуші:
Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді.
2-жүргізуші:
Иә, ізгілік атаулыдан күдер үзіп, ең соңғы үміті, бар сенімі күйреген, рухани езілген балаң жігіт Қайрат. Қайрат есіл ер көзі тірісінде жазған өлеңдері адам жүрегін тебірентеді.
Соның бірі «Менің тағдырым».
оқушы: 
Өмір бойы жолым болып көрмеді,
Жылап келем бұл дүниеге келгелі.
Қайғы шаңы басты менің денемді,
Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.
Жолдаған сәлемімді дос алмады,
Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.
Айта берем, айта берем қайбірін,
Ауыр менің, ауыр менің тағдырым.
Тағдыр мені аямады, қорлады,



Жалынсам да, жыласамда болмады.
Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,
Армандаған ақ сәулеге жетпедім.

1-жүргізуші

Осы өлең жолдары Қайраттың қатты қиналып Қазақстан  үшін жанын құрбан еткенін еске түсіруге болады.

2-жүргізуші

Қыршын кеткен боздақтарымызды есімізге алып ендігі кезекті әнге берсек.

Ән: хор Желтоқсан желі


Тәуелсіздік – тірегім

Көзіме бүгін жас келіп тұр, халайық,
Әрбір істі зердеге алып қарайық.
Тәуелсіздік жолына жан пида еткен,
Ерлерімізді есімізге алайық.


Жүрмейікші жүнжіп босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп.


Жиырмадағы жалындаған жасында,
Қаншама жас азап шекті расында.
Желтоқсанның ызғары өтіп кеудеден,
Қарсы тұрды Колбин қосқан қосынға.

Соны ойласам елжірейді жүрегім,
Өздері өліп, қорғап қалды Ұлы елін.
Желбіресін көк байрағы халқымның,
Тәуелсіздік болсын мәңгі тірегім.


1-жүргізуші:

Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,

Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын, жас қайраты жас өркені халқымның!

2-жүргізуші:

Желтоқсан оқиғасы ешқашан көмескіленбейді. Себебі, тарихтан алар орны ерекше оқиға

Көрініс


Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.

Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.

Қайраттың хаты: Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтығы отырғаныма сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастьарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.

Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш күнәсі жоқ.  Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!

Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың…


Тергеуші: Сен 18-і күні сағат 10-да қайда болдың?

Қайрат: Жолдастарыммен бірге.

Тергеуші: Жоқ, сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды! Сен кінәлісің оған!

Қайрат: Сөйлесем даусым жетпейтін

Кез болдың мынау заманға,

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жалғанға.

Елбең, елбең жүгірген

Ебелек отқа семірген.

Арғымақ мінген жаратып,

Ақсауыт киген темірден,



Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр.

Тергеуші: Сен өзің Савицкийді өлтіргеніңді мойындайсың ба? Жоқ па?

Қайрат: Жоқ, мен Савицкийді көргенім жоқ!

Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар! Орындарыңыздан тұрыңыздар сот келе жатыр!


Үкім: Қазақ КСР Жоғарғы сотының сот мәжілісі залындағы ашық сот отырысында 1987 жылдың 25 мамырынан 16 маусымына дейін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековтің айыптау ісін қарай келіп, Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 287,299 және 301 баптарына сәйкес сот алқасы Үкім етеді»: Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков кінәлі деп танылып мынадай қылмыстық жазаға тартылсын:

Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 60 бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан, 65 бабы бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 173-1 бабы бойынша ең жоғары өлім жазасына, атуға кесілсін.

Қайрат: Күнәдан таза басым бар,

21-де жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты құрбандық»

Атам десең атыңдар


2-жүргізуші

Қазақ халқының ең соңғы өліп, тірілуі – біздің халқымыздың қайғы-қасіретіне, сонымен бірге мақтанышына айналған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Осы оқиғаға қатысты деген жалған жаламен 99 адам сотталды. 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан, 52 адам коммунистік партия қатарынан шығарылды, әр түрлі жазалар берілді. Қазіргі күнде 16-17 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жазаланған азаматтар Президенттің жарлығымен ақталды.

1 - жүргізуші:
Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай, жанып - күйіп
Өмірдің сырын ашып жүрегіме
Музаның әміріне басымды иіп.

Күй: орындайтын


1-Жүргізуші:

Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!


2-Жүргізуші:

Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!

1986 жылдың желтоқсанындағы Қазақ жастарының төгілген қанымен бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұңғыш парағы жазылған еді.

1-оқушы. Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,

Бейуақытта бойға таққан тұмары.

Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,

Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.

2-оқушы. Тура келіп тарихи бір орайға

Тәуелсіздік түсті деме оңайға.

Бастан өткен «Шұбырынды ақтабан»,

Не көрмеді Қазақ елі соны ойла.

3-оқушы. Дербестігін аңсаған ел ақ, адал,

Қанын төкті қанша батыр бабалар.

Осы жолдар құрбан болды емес пе?

Халық жауы атанған көп ағалар.

4-оқушы. Тәуелсіздік үшін тігіп бастарын

Желтоқсанда шықты алаңға жастарым

Әр ұрпақтың құбандары жеткілік

Дербестікке кім сұрамақ басқа құн




1-Жүргізуші: Кеше көрсек қол жетпейтін армандай,

Арзандатып бүгіп сыйға алғандай,

Үлесіңе сенің тиді тер төгу,

Даңқың қалсын ұрпақ еске алғандай, - деп ақын жырлағандай қазір әрқайсымыз да тәуелсіздік бізге қандай қиыншылықпен келгенін біліп, сезінуіміз керек.

2-Жүргізуші:Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!– деп ақын Жұбан Молдағалиев атамыз жырлағандай,

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі аз уақытта еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Сол жетістіктерімізді атап өтейікші.

29-оқушы. 1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды.

30-оқушы. 1991 ж. 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.

31-оқушы. 1991 ж. 1 желтоқсанда тұңғыш Президент сайланды. Ал сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.

32-оқушы. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымына мүше болды.

33-оқушы. 1992 ж. 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Сол жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады.

34-оқушы. 1993 ж. 28 қаңтарда Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі Заңы – Конституция қабылданды.

35-оқушы. 1993 жылдың 15 қарашасы еліміздің тарихында ерекше күн болып қалды. Осы күннен бастап ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді.

36-оқушы. 1995 ж. 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Ал, 1996 ж. Алматы қаласында Тәуелсіздік монументі ашылды.

37-оқушы. 1997 ж. 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы ретінде жарияланды. 1998 ж. Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгертілді.


1-жүргізуші

«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 125 - дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
2-жүргізуші
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән: «Көк тудың желбірегені» 


Қазақстан – сан ғасырлық тарихы бар,

Қазақстан – бұл азат ел, танысыңдар.

Көк байрақты, елтаңбалы, әнұранды,

Қазақ елі – егеменді, сан ұлты бар.

Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі

Отан деген от басынан басталар,

Отбасыма от салмасын басқалар.

Отан деген қасиетті, киелі,

Отан десем оянады асқақ ар!


 Қуан, қазақ!

Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!

Ендіктерді аралап еркін дүбір,

Алаулатты керемет көркіңді нұр.

Алақайлап аспанға атып тұрып,

Берекелі бастағы бөркіңді бір...


Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,

Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат,

Бұдан нұрлы шақ бар ма?

Бұдан асар бақ бар ма?


Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Әдіптеді арманды әуелгі үміт,

Кекете алмас қазақты жау ел күліп...

Тәуелсіздік туындай биік еңсең,

Кетті бүгін келмеске тәуелділік...


Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Төрт түліктен майысып арқа, белдер,

Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер...

Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін


Танығысы келмейтін тарпаң елдер...

Отансыздар мына өмірде бос қалар,

Сүйеуі жоқ, тіреуі жоқ жасқанар.

Отанымды күзетеді адалдық,

Сәттерімде мүлт кетпестен қас қағар.

 

Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі,

Басқалардың тимесінші кесірі.

Елдің көшін өрге бастап барады,

Нұрағаңмен егіз болар есімі.

 Қазақстан – Тәуелсіздік бесігі,

Бесігімде тербеледі дос үні,

Ұлттардың ұйып тұрған ұясы,

Ұмытпайық, ұлықтайық осыны!


1-жүргізуші

Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз - өзінен жүрегім ән салады.
Ән: «Атамекен»


1-жүргізуші:

Қазақстан бүгінде егеменді ел болып дүние жүзіне танылуда. Біздің отанымыз егеменді тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Тарих бізге тәуелсіздікті тарту етті. Енді біздің парызымыз- ұлттық рәміздерді қастерлеу, тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елдер қатарына қосу, мәдениеттің биік шыңына көтерілу.

2-жүргізуші:

Тігілген соң Ақ Орда- шаңырағың

Тұғырыңа қонуда сан қыраның.

Отан деген оранып от құшаққа,

Кәусарыңа шөліңді қандырамын.

Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек  деп, біз бүгінгі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне арналған  «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан » атты іс-шарамызды аяқтаймыз

1-жүргізуші.

Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген Қазақ елі, құдай қаласа, гүлденіп мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалайық, қымбатымыздай құрметтей білейік.

Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола берсін!

Еліміздің, елдігіміздің белгісі – көгілдір туымыз, қасиетті көк байрағымыз көкте қалықтап, желбірей берсін!

2-жүргізуші

Сабағымыздың мәнді, мағыналы болып өтуіне бар білімі мен күш-жігерін салған оқушылар, сіздерге рахмет!

Көңіл қойып тыңдаған қонақтарымыз – аяулы ұстаздар, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін, ілтипат-ниеттеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіргім келеді!




Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
21.12.2017
1059
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі