жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Авторлық бағдарлама. І.Жансүгіров "Күйші" поэмасын талдау
Түркістан облысы
Ордабасы ауданы
Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы
жалпы орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Кистауова Шынар Еркинбековна
Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасын талдау
Ілияс Жансүгіровтің 1935 жылы жеке кітапша болып басылып шыққан «Күйші» поэмасы тарихи оқиға негізінде құралған. «Күйші» - эпико – психологиялық поэма.
«Күйші» поэмасының оқиға арқауы Қарашаш образы арқылы бір–бірімен тығыз байланысқан екі түрлі сюжеттік байланыс (линия) құрайды. Оның бірі – Кенесары Қасымовтың қантөгіс жорықтарына байланысты
тарихи - оқиғалық жағы, ал екінші байланысы (линия) – күй, өнерпаз күйші жайы.
«Күйші» поэмасының кейіпкерлері: 1. Кене хан
2. Қарашаш – хан Кененің
қарындасы, негізгі кейіпкер
3. Күйші – негізгі кейіпкер
4. Сапақ – Әлімқұл Датқаның ұлы
«Күйші» поэмасы: «Қамаудың хан ауылы қыр жағында,
Аңқытып ақ орданың бір жағында.
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына », - деп
басталады.
Поэма Кенесары ханның Арқадан ауып, Жетісуға келген кезіндегі бір оқиғаны негізге ала жазылған. Ханның қарындасы Қарашаш бір жиында күй тартқан жігітті басыбайлы меншігіне сұрап алады. Күйші күй тартады, Қарашаш тыңдайды. Ханша күйге еліктеп, жігітке іштей құмарлық сезіміне бөленсе, жігіт те қызды күй сырымен арбап өзіне тартады. Біріне–бірі тең емес (хан қызы мен қарапайым қазақ) екі жақтың ішкі сезім арпалысы күй тілімен көркем суретке түседі. Ақын оны Қарашаш пен күйші арасындағы терең психологиялық тартысқа, адам сезімінің арпалысына айналдыра суреттейді. Кейін Қарашаштың Әлімқұл датқа баласын дөрекілікпен жазалаған қатыгездігін көрген күйші қызға деген құмарлықтан арылып, «Жек көру» күйін тартады. Күй сырын түсінген қыз да одан бойын аулақ салып, қалпына келеді.
Соңында қызға деген құмарлықтан арылған күйші басына бостандық сұрап, «Азат» деген күй тартады.
«Күйші» поэмасының композициялық құрылысы
1. Оқиғаның басталуы – Қарашаштың хан Кенеден күйші сұрап алуы.
2. Оқиғаның байланысы – Күй құдыретіне өрбіген сезім.
3. Оқиғаның дамуы – Күйші мен қыз арасындағы жұмбақ сезім.
4. Оқиғаның шиеленісуі – Бозбалашылықтың соңы дауға ұласады.
5. Оқиғаның шарықтау шегі – Сапақты жазаға тарту.
6. Оқиғаның шешілуі – Күйші сезімімен бірге күй әуенінің өзгеруі.
Қыз түйсігі. Дүниеге «Азат» күйінің келуі.
Ақын дастандағы оқиға желісін, адамдардың арақатынасын, образдар жүйесін қалыптастыруда өз шеберлігін таныта білген. Жалпы шығарма мазмұнының композициясы оның сыртқы түрінің симметриясы мен ішкі сырының гармониясына дара қиюластырып, бір арнаға салынған.
Өлең құрылысы
Буын – Бунақ – Тармақ – Шумақ (Ұйқас)
Өлең түрін белгілейтін – ырғақ. Поэзиялық шығарманың сырт пішіні – шумақ, әр шумақтың әр жолы – тармақ, әр тармақтағы дауыс толқынының соқпа-соқпасы – бунақ. Өйткені әр шумақ – аяқталған синтаксистік ой, жинақталған синтетикалық шындық.
Поэмада ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақышты сөздер тізбегі кездеседі.
Қамаудың хан ауылы қыр жағында, (І)
Аңқытып ақ домбыраны бір жағында. (ІІ)
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп, (ІІІ)
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына. (ІV)
1.Төрт тармақты шумақ
2.Үш бунақты тармақ
Бірінші тармақта «қыр жығында», екінші тармақта «бір жағында», ал төртінші тармақта «ырғағына» болып ұйқасып тұр. Яғни «Күйші» поэмасы 11 буынды қара өлең ұйқасы түрінде жазылған.
Поэма, негізінен, басы үш бунақты, ортасы және аяғы төрт бунақты он бір буында қара өлең үлгісімен жазылған.
3 4 4
Қалмақтың // қақты қара // жорғасына, 11 а
3 4 4
Айналды // ақ алмастар // қорғасынға. 11 а
3 5 4
Мәжіліс // міне осындай // болып жатты 12 б
3 4 4
Бір кеште // хан Кененің // ордасында. 11 а
І.Жансүгіровтің 2003 жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасында шыққан «Құлагер» өлеңдер мен поэмалар кітабында «Күйші» поэмасының 17 бөлімі, 444 шумағы берілген. Оның 440 шумағы қара өлең ұйқасы түрінде
жазылса, 4-і бір бунақты, ерікті ұйқас түрінде жазылған.
-
Алдияр! а
-
Не айтасың? б
-
Тілегімді беріңіз! в
-
Таң атсын ... г
Поэмада әрбір сөз адамның жан жүйесімен, көңіл күйімен, сезім толқындарымен өзекті байланысқан. Поэманың әрбір ырғағы мен бунағында көл – көсір сыр ұялағандай. Өйткені поэмадағы әрбір дыбыс мәні сөз мәнін әрі толықтырып, әрі ауыстырып тұрғандай.
Әдеби теория
Ойды көркем жеткізуде қолданылатын құрамы мен құрылымы тұрақты тілдік бірлік – фразеологизмдер І.Жансүгіров поэзиясында кеңінен көрініс тапқан. Ілияс поэзиясынан тіліміздегі «сары, ақ, қызыл, қара, т.б.» түр-түс атауларына қатысты тұрақты сөз тіркестерін кездестіреміз.
Сары сөзі – Ілияс поэзиясында жиі қолданылған лексикалардың бірі. Ол бірде өзінің түстік мағынасында берілсе, бірде образды, рәміздік мағыналарында жұмсалады. Мысалы:
Ханша өз қолымен құйып беріп,
Сапырып сары майға құрт ішкізді.
Ілияс өлеңдерінде жалпыхалықтық фразеологизмдердің тұлғалық құрылымын өзгертіп жұмсау тәсілі, тыңнан образды жаңа фразеологизмдер жасау, жалпыхалықтық фразеологизмдерді ықшамдау, арасында сөз енгізу молынан кездеседі.
Көкке күй өрт жалындай шалқып жатты,
Көк тасы Самарқанның балқып жатты.
Көк дауыл айдын көлді көкке шашып,
Оқ тиген аққу құсты қаңқылдатты.
Ақ қырау салбыратып қырды басқан,
Көк тұман қопарылды желтең ашқан.
Тымырсық бір сары аяз іштен тынды,
Томсарып мынау қыздай зәрін шашқан.
Мұнда Самарққанның көк тасы, тұман қопарылу, сары аяз іштен тыну, зәрін шашу тәрізді тұрақты сөз тіркестерін өңдеуден өткізе орынды қолдана алған.
Фигураның бір түрі – дамыту, градация. Қазақ поэзиясында қолдану сипаттарына қарап градацияны профессор Ысмайлов түйдектету және баяулату деп екіге бөлген. І.Жансүгіровтің «Күйші» поэмасында градацияның екі түрі де бар.
Соқ, жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт!
Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!
Безілдет! Сарнат! Зарлат! ... Үздіктірші!
Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!
Поэмада эпитеттің әр түрі орнымен қолданылған. Содан болар қолданылған эпитеттер жаңадан айқын мағына беріп, сөздегі суреттерді дәлелдеп, ойдың ықпалын күшейткендей.
Эпитет – заттың , құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз.
Екі ішек жүрек жарып, көңіл ашып,
Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,
Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің
Бәрін де лақылдатып төгіп, шашып.
«Зарлы,ащы, тәтті» деген қарапайым сөздерге соншалық терең мағына бітіріп, бір шумаққа бір құшақ мазмұн бере білгендігін байқаймыз.
Ақын поэма мазмұны мен пішінін ажарландыру үшін көркемдеу құралдарының бірі – теңдеуді құнарлы қолдана білді.
Теңеу – суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей- ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді.
Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,
Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп.
Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,
Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп.
Поэма мазмұнынан қай теңеуді алмайық, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырғандай.
Ақын поэмаға дыбыс қайталаулар арқылы да ерекше ажар бере білді.
Ассонанс – тармақ басында дауысты дыбыстардың қайталануы.
Құлпыртып бәйшешекті кетті шалқып,
Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып.
Ақтарып, лекілдетіп, лепілдетіп.
Талдырып, тамшылатып, соғып, сарқып.
Аллитерация – дауыссыз дыбыстардың қайталануы.
Тасытып көкірегін кек ашқандай,
Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай,
Нажағай ашуында жарқ-жұрқ ойнап,
Бұлтты бұрқыратып от шашқандай.
Бұл шумақтарда «а» әріпін қайталайтын ассонанс, «т» әріпін қайталайтын аллитерация кездеседі.
Қорытынды
Қазақ халқының аса көрнекті, дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы өзіндік шеберлігімен, әсем нақышты бояуларымен ерекшеленеді.Өлең-жырларында оның өз халқын, туған жерін, елін шексіз сүйген ең нәзік сезімі кестеленген. Ұлттық поэзияның өрнекті үлгісі «Күйші» поэмасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан айрықша орын алады.
Ілияс поэмасы көтеріңкі рух, романтикалық шалқу, шарықтау, кесек, ірі сөйлеудің үлгісі. Күмбірлеген домбыра, күңіренген қобыз үні естілгендей, күй тартып, ән салып отырған қазақ өнерпаздарының бейнесін оқырман көз алдына елестете аларлықтай шебер жеткізе білді.
Қорыта айтқанда, «Күйші» - өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген