Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"БАЛАНЫҢ ОЙЫНЫН ТЫЙМА, ОЙЫН ТЫЯСЫҢ" АВТОРЛЫҚ ЖҰМЫС.
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
А. К. Есениязова
БАЛАНЫҢ ОЙЫНЫН ТЫЙМА, ОЙЫН ТЫЯСЫҢ
Әдістемелік оқу құралы жалпы білім беретін мектеп білім алушыларына
және ересектерге арналған
Алматы, 2019 жыл
Автордан
Адам – табиғат перзенті. Табиғаттың құдіретіне тең келер ешнәрсе жоқ. Неше ықылым заманнан бері адам баласы талай құпияның сырын біле алмай келеді. Оның көзге көрінбейтін тіршілік иесінен бастап зорға дейін белгілі өлшеммен кесіп – пішіліп өлшеніп жасалған. Адам баласының өзі жұмбақ. Жұмбақтың кілтін адам баласы әу бастан білімнен іздеген. Халықтың ұлттық құндылығы осы жұмбақтың шешіміне жол көрсетеді.
Еліміздің білім беру мекемелерінің этнопедагогикалық білім мен тәрбие беру мәселесі зор сұранысқа ие болып отыр. «Өзіңді – өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демекші әр ұрпақтың өз тегін, дәстүрін, таза қанын, мәдениетін, тілін меңгеруінің маңызы өте жоғары. Жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы – руханилық. Көкірегіне сәуле тұнған ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың алдымызға қойған мұрат мақсатымыз болуы шарт. Тұлғаның руханилық санасы- өмірдің мәнін, өзінің өмірдегі орнын, өз тағдырының халықтың тағдырымен ортақ деп түсіну қабілетін дамыту, жақын адамдарының алдында жауапкершілігін сезіну, өзінің жеке басына тән адамдық парызын орындау. Халқымыздың рухани тәрбиесі ізгілік ұстанымдарға тәрбиелейді, халық даналығын түсінуге көзқарас қалыптастырады. Әрбір ата- ана өз баласының білімді, білікті, тапқыр да ойлы болғанын қалайды. Бірақ алдымен балаларымызға ұлттық нақыштағы құнды қасиеттерімізді сіңіргеніміз абзал. Сондықтан бұл әдістемелік құралда ұсынылып отырған тапсырмалар легі халықтық дәстүрмен сабақтастыра беріледі, оқушы үшін таптырмас құнды болмақшы. Өзімен – өзі үндестікте өмір сүру, табиғи болу, сөзі мен іс – әрекетінде шынайы болуға үндейді. Егер тәрбиеленушінің ойы дұрыс болса – сөзі дұрыс. Сөзі дұрыс болса- ісі дұрыс. Ісі дұрыс болса- нәтижесі дұрыс. Нәтиже дұрыс болса – тағдыры дұрыс болады. Адам дүниеге келген соң, өмірдегі барлық қажеттілігінің қанағаттандырылғанын қалайды. Заман ағымы алдымен тәрбие беруді, рухани жаны жадау тартқан ұрпақты қазақы тәрбиемен сусындатуды қажет етуде. Мейірімділік пен тектілік, шынайылық пен мәрттік біздің халқымыздың қанында бар қасиеттер. Қазақтың барлық сөзінің шегі, өлшемі болған. Айтылар сөз шекпен айтылып, сөзге тоқтау да текті ұлттың ділінде бар құбылыс. Адамдар әрбір өлшемнің өзіндік атқарар міндеті бар екенін білген. Сөйтіп оны рухани салмақтың сыртқы көрінісі деп қараған екен. Заттың тұрқы, биіктігі мен тереңдігі, қаттылығы мен жұмсақтығы – бәрі де түйсікке әсерін тигізетін құбылыстар. Өлшем бірлікті білдіретін көне сөздер, тіркестер қазақ тілінде көптеп кездеседі. Оқу құралындағы жұмыс мазмұны «Рухани жаңғыру» аясында білім алушылар мен ересектерге де қазақы көрнекі нақышта көп мағұлмат берері сөзсіз. Ертегілерге жалғасқан есептер, ұлттық ойындарға телінген өлшемдер, тұрмыстық ойлы есептер мазмұны беріле отырып, ауызекі сөйлеу арқылы қазақы өлшемдердің атауын білуге үйретеді. Тіл тамыту мен математикалық өлшемдер қазақы болмыста беріліп, ой жүйріктігі шыңдалып, қозғалысқа түсіп, белгілі бір дәрежеде ішкі даму сатысына көтерілері сөзсіз ақиқат. Әдістемелік құралды дайындап құрастыру барысында кейбір мәтіндер мен суреттер қолжетімді ресми интернет – сайттардан алынды. Әдістемелік құрал коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.
Кіріспе
Қазақ халқы рухани зор байлықтың мұрагері. Бұрындары қазақ отбасы үш буын өкілінен тұрған, ата-әже, ата- ана және бала. Бұлардың әрқайсысы отбасы жылуын, бірлігін, ұрпақ өрбуін, тектілікті сақтаудың жолында өзіндік қызмет атқарып отырған. Яғни, әдептілік, мейірім, тілалғыштық, адалдық пен шыншылдық, білгірлік, үлкенді сыйлау, кісілікті сақтау, қиянат жасамау тәрізді тәрбие нормалары «дала заңдарына» бағындырылып, ешбір нұсқаусыз-ақ орындалып отырған. Қазақ отбасындағы ұрпақ тәрбиесіндегі келеңсіздіктерді Бауыржан Момышұлы «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Біріншіден, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екіншіден, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан ата, әже жоқ» - деген екен. Осы айтылғанға ой жүгіртсеңіз, қалың ойға бататынымыз әбден ақиқат. Оқу құралында берілген көркем дүниелер үлкендер көмегімен бала жадына сіңуіне ықпал етеді деп ойлаймын. «Баланың ойынын тыйма, ойын тыясың!» деген екен аталарымыз. Ойната отырып ойландырған, ойландыра отырып ойнатқан бабамыз қандай дана еді. Баланың мәжбүрлі түрде білім алуы мүлдем мүмкін емес дүние. Білім көкірекке байланбаса одан не қарекет, не нәтиже күтуге болады?! Еш пенде өз баласының тәрбиесін «осал» деп танымайды. Баласына сүбелі білімді бар адам баласы сіңіргісі келеді. Ал оның бірден – бір жолы адамдықтан басталатыны даусыз. Адамдық пен адалдық еңбекпен келеді. Баласын шаруаға жұмсап ойнатқан, ойнаған баласын ойландырған, еңбекпен тәрбиелеп есін кіргізген, есті етіп есігінің тұтқасын ұстатқан дана халық өз қоржынында ғылымның қай саласының да негізін, ақиқатын ұстаған. Әдістемелік құрал ұлтымыздың ұмыт бола бастаған қилы жұмбақ есептері мен тілдік дамыту сабақтарының үлгілерімен ұштасады. Жұмыс мазмұны әр қилы болып, үлкендер әрі балаларға ертегі оқып, әрі жұмбақ шешіп, әрі тіл ұстартып және есептей отырып қазақы өлшемдерді құлаққа құйып түсіндіре алады. Сонымен бірге бұл өлшемдерді айта отырып,біздің қазіргі өлшемдерімізге шамамен ғана жуықтайтындығын ескерген жөн. Өйткені, бұрындары тұрмысқа қажетті өлшемдер қолда бар заттармен немесе адамның өз дене мүшелерінің шамалық өлшемдеріне сүйенгенін түсінеді. Қазір заман басқа, бұрын қандай еді ... деп өткен кезеңді аңсай бермей, балаларға, жастарға өкпелемей жанымызға жақын тартып, үлкендігімізді көрсетіп жол салатын кез келді- ау, сірә ... Қашанға дейін арқадағы жүкті арқалап жүрмекшіміз, жүк - жүріс ұзаған сайын ауырлай түседі. Сол себепті білгенімізді өзіміз арқалап әкетпей, барымызды балаларымызбен бөліскеніміз жөн деп есептеймін. Сонымен қатар бұл жұмысты танымдық этнографиялық дүние деп қарастырған жөн, өйткені үлкендер де, кішілер де ұмытылып бара жатқан құнды ұғымдарға бойлай алады.
Құс - ұшсам дейді.
Бала – өссем дейді.
Қыз – көрікті болсам дейді.
Жігіт – жүректі болсам дейді.
Қарт – жүзге келсем дейді.
Ұстаз- шәкіртіме үлгі болсам дейді.
Арманына адаспаған жетеді,
Ақымақ бұл өмірден бос өтеді.
Қолданылған шартты белгілер:
- Ойлы есептер
- Ертегі есептер
- Ойын есептер
- Қазақы өлшемдер әліппесі
«Көп баланың ортасында шал - бала болады,
Көп шалдың ортасында бала – дана болады»
Бұрындары баланы қарттар ертіп жүріп есті әңгіме тыңдатып, көрсетіп жүріп көп шаруаның басын қайыртып тәрбиелеген. Көненің асылы болған қарттарымыздың бауырында өскен қай бала жетесіз боп еді?! Ұлы Даланың көнекөздері ұлын қияға қаратып, қызын үкілеп, тәрбиесіне жете мән беріп, білімнің нәрін сіңіріп отырған. Халық өз нәтінде қай ғылымның да негізін жұмбақ, жаңылтпаш, есеп – қисап, ауыз әдебиеті үлгілерінен танытып отырған. Мұнда біз ұлттық сонылығымызды тани отырып, баланың ойлау машығы мен есептеу біліктерін дамытып көретін боламыз. Қазақ халқының ауызша тараған есеп-қисаптары, жұмбаққа толы ауыз әдебиеті үлгілері әлі де болса зерттеліп көрген емес. Байырғы халқымыздың тұрмыс- тіршілігінен көрініс тапқан ғылымның, жаратылыстың кереметтігі сонда, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетуінде, қалыбын бұзбай сақталуында. Бұл әдістемелік құралда берілген жұмыстарды математикадан және әдебиеттік оқудан қосымша жұмыс нұсқасы ретінде ұсынып, қызығушылықты арттырып, логикалық ойлау қабілетін мейлінше кеңінен дамытуға қолдануға болады. Көшпенді халық ішсе сусыны, жесе азығы, кисе киімі, басына баспана болған төрт- түлікке және тұрмыс тіршілікке байланысты сан қырлы жұмбақ есеп пен түйінді ойлар айтқан. Сонымен бірге есептердің бірнеше жауап нұсқасы айтуда түсірілген екпінге байланысты болатынын ескереміз. Бұл халықтың шешімді әр қилы қабылдауға болатындығын әу баста ұрпағының санасына құйып отырғандығын білдіреді. Қазақ халық педагогикасының математикалық ұғымдары әртүрлі боп келген. Олар қара жұмбақ, ертегі, өлең, қарасөз нұсқасында келеді. Мақсат біреу – ақ – баланың санасын дамыту, ақылдылық пен даналыққа тәрбиелеу болатын. Ғасырдан- ғасырға қаймағы бұзылмай жеткен халықтың мәдени мұрасы тәрбиенің қайнар көзі. Бұл жұмыста беріліп отырған ауыз әдебиеті үлгілері балаларды тыңдап отырып ойлануға үйретеді және тәрбиелейді. Терең мәнді ұлттық өлшемдердің мағынасын түсінетін болады.
ОЙЛЫ ЕСЕПТЕР
«Қанша бас?»
Төрт түлік – ішсең сусын, жесең азық, мінсең көлік
Түйе, бота маң басқан,
Шудаларын шаң басқан.
Төрт аяғын тең басқан.
Секектеген екі лақ,
Енелерін еміп ап.
Төрт қойменен үш қозы,
Болды қанша қарасы,
Нағашымның мал басы?
Шешімі: 1+1+2+2+4+3
13 бас немесе 11 бас мал, егер екі лақтың енелері есепке алынбаса.
Бұрындары «жасың қаншада?»- деп сұрап жатса, «пәленше қыстауға қалың қар жауып кетіп, жете алмай қалған жылы туғанмын» немесе «екі мүшел айналып кетті ғой», «қозы жасындамын» тағысын сол сияқты жауап берген екен.
«Жыл қайыру»
Он үште отау иесі
-Қанша жасқа кеп қалдыңыз, ақсақал?, - депті жігіт. Сонда ақсақал:
- 6 жылқы, 3 тоқты ғой,-депті. Сонда ақсақалдың неше жаста болғаны?
Шешімі:1 жылқы – бір мүшел. Ол - 13 жыл. Әрі қарай 12 жылдан саналады. Яғни, 13+12+12+12+12+12 және 1 тоқты дегені – 2 жыл. Сонда 2+2+2, барлығы – 79 жас.
Тышқан
Сиыр
Барыс
Қоян
Ұлу
Жылан
Жылқы
Қой
Мешін
Тауық
Ит
Доңыз
Ит
«Местегі қымыз қанша?»
Әжем меске қымыз құямын деп бірнеше торсыққа сусынды құйды. Егер әр торсыққа сегіз аяқ қымыз сыйса, торсық саны 2 және тағы жарты торсық болса, меске қанша аяқ қымыз сыяды?
Шешімі: 1 торсық 8 аяқ қымыз, жарты торсығы – 4 аяқ қымыз. Демек, 8+8+4=20 аяқ қымыз, яғни 20 литр. Бір аяқ қымыз – 1 литр шамасы делінген.
«Базардан базарлық»
Сауда – сақал сипағанша
Сәлім базаршылап кетіп барады. Алдына салған құнан өгізін пұлдаса үй- жайға керекті біршама дүниелер бар еді. Барды, өгізін сатты. Қолындағы пұлына 10 кез көйлектік мата, 7 қадақ шай, 2 пұт қант, 1 арқа ұн алып келді. Қалған сабан ақшаны қойнына тығып үйге қайтты. Сәлім жоғарыда сатып алған тауарларының салмағын анықтап бер.
Шешімі:
Бір кез – 50 см, сонда 10 кезіңіз – 5 метр болады.
Бір қадақ – 200 грамм, 7 қадақ шай – 1 кг 400 грамға тең болады.
-
пұт – 16 килограмм, 2 пұт қант – 32 кг болады
-
арқа жүк – 45-50 кг жүк, 45-50 кг ұн алып келген.
«Енші»
Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ
Бір шалдың 3 ұлы бар екен. Қартайғанда көзі тірісінде үш баласына еншілерін бөліп бергісі келіп жерге 9 қазық қағыпты да, әр қазыққа қорадағы қойларды шетінен көгендей беріпті. Бірінші қазыққа бір қой, екінші қазыққа екі қой, үшінші қазыққа үш қой ... тоғызыншы қазыққа тоғыз қой. Шал балаларына мына қойларды әр қайсысың үш қазықтан алып, бөліп алыңдар депті. Балалары қазықтардағы қойлардың саны бірдей емес қой десе, шал әр қайсың 3 қазықтан тең алсаңдар қой сандарың тең болып еншілерің бірдей болады депті. Балалар қалай бөліседі?
Шешімі: алдымен барлық қой санын біліп алайық. Қазық ретіне қарай қой саны болғандықтан 45 қой бар екен. Балалар 3 болғандықтан әр баласы 15 қойдан алу керек. 3 қазық +5 қазық+7 қазық – 15 қой, 2 қазық + 4 қазық + 9 қазық – 15 қой,
1 қазық + 6 қазық + 8 қазық – 15 қой.
«Жалған тиын»
Ақша тиыннан құралады
Барлығы төрт дөңгелек күміс тиын бар. Бірақ оның бірі жалған тиын, салмағы жеңілдеу боп келеді. Тек қана екі рет таразыға өлшеп тарту арқылы жалған тиынды қалай анықтаймыз?
Шешімі: таразыға 4 тиынды екеуден салып тартамыз. Қай жағы басым тұрса, ол шынайы тиындар болғаны. Ол тиындарды алып қоямыз. Енді жеңіл тартқан таразы басындағы екі тиынды екі басына салып тартамыз. Қай жағы көтеріліп жеңілдік көрсетсе, сол тиын жалған тиын болғаны.
«Судыр балықшы»
Қонағым жүре бара тоярсың ...
Балықшыдан неше балық ұстадың деп сұраса «отыздың үштен бірін, бассыз төртеуін, құйрықсыз жетеуін ұстадым» депті. Балықшы қанша балық ұстаған?
Шешімі: отыздың үштен бірі – 10, бассыз, құйрықсыз балық болмайды. Сондықтан балықшы 10 балық ұстаған, басқа айтқаны мақтанып өтірік айтқаны екен.
«Қанша жылға?»
Өзек жағалағанның өзегі талмайды
Отырықшы отырған ауыл егін егумен шаруасын күйттейтін. Қысқа азық, сатса пұл болады. Бала – шағаның несібесі. Жер – Ана күтсең, баптасаң барын аяған емес. Еккен егінге су керек, 6 тарам өзекті 7 жылғаға бөліп, бір өзекті 6-ға, екі өзекті 12- ге, үш өзекті 18-ге бөлеміз. Қалай тарамдасақ та 6-ға бөлінеді жылға саны. Есептеп көр, жылға саны қанша, 6-ға бөлінетінін түсіндір.
Шешімі: 6 өзектің өзі 6-ға бөлінеді, әр өзекті 7 жылғаға жырсақ, 42 саны да 6-ға бөлінеді, есеп шартына сүйеніп жүрсек жаңағы 7 жылғаның 6- уын 6-ға арттырған. 7- ші жылға өзі қалған. 36- саны да 6-ға бөлінеді. Енді бөлген жылғалар мен 7-ні қоссақ 13+13+13+13+13+7, 72 болады да ол да 6-ға бөлінеді. Сонымен егін суару үшін 72 жылға жасау керек болды.
«Қалыңмал»
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз ...
Қалыңдықтың қалыңмалы үшін бай баласы шектен шықпай бесжиырма мен бесжақсы берді. Бір жылқысы 25 сом тұрса, бай қалыңмалға қанша жылқы берген екен?
Шешімі: Бесжиырманың мағынасы 50 жылқы, жылқыны ішімен есептеп екеу деп 100 етеді. Бесжиырма – 100 бас болады. Ал бесжиырма күйеу жігіттің қалыңдықтың сәукелесіне арнайы берілетін кәдесі (сыйы). Бесжақсы сөзі 500 - 600 сом мөлшері. 25-30 жылқы мөлшері. Шектен шықпай дегеніміз тағы да 5 жылқы немесе 100 сом ақша. Сонда 50 жылқы+25 жылқы +5 жылқы. Барлығы 80 жылқы қалыңға берілген екен.
«Қауға шелек»
Су – тіршілік көзі, өмір нәрі
Атам астауға су құюды тапсырды. Астауды толтыру үшін бірнеше қауға шелек су құюым керек. Егер астаудың сыйымдылығы 13 местің сыйымдылығына тең болса, бір местің сыйымдылығы 3 торсыққа тең болса, қауғаның сыйымдылығы бір жарым торсыққа тең болса, мен қанша рет еңкейіп құдықтан су тартуым керек болады?
Шешімі: бір местің сыйымдылығы 21-24 литр ол – 3 торсық көлемі. Бір қауға 1,5 торсық болса оның сыйымдылығы 10,5-12 литр шамасы. Астауға 13 мес су құю шарты бар, ол 273 л немесе 312 л болу керек. Суды қауғамен құюым керек болғандықтан 273:10,5 немесе 312:12, 26 рет қауғамен су тартуым керек екен.
«Атамның қамшысы»
Аюға намаз үйреткен таяқ
Қазақ атасының сесі – қамшыда. Қамшыға байланысты қамшы бойы- қамшының сабы мен өрімінің ұзындығындай, қамшы болды – түрткі болды, қамшы жеді - таяқ жеді, қамшының сабындай – қысқа, шолтиған, қамшы ойнатты – қоқаңдады, қорқытты, қамшы салдырмады – тапсырылған істі тез әрі дұрыс орындады, қамшысынан қан тамған – қатігез, қатал, қамшы тастады – сөйлеуге рұқсат сұрады, қамшы үйірді – қорқытты деген тіркестер жетерлік. Осы қамшының ұзындық мөлшерін қазақы өлшеммен есептеп көрейік. Қамшының сабы төрт тұтам, ал өрімі бір жарым есе ұзын болады немесе саптың ұзындығын шынтақ пен шынашақ арасымен де өлшеп жасай берген. Сұрағымыз, қамшының өн бойының ұзындығы неше тұтам болады екен?
Шешімі: Тұтам дегеніміз - бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзындық. 4 тұтамыңыз - төрт көлденең төрт жұдырық. Ал өрімі бір жарым есе ұзын десе тұтас бір саптық және тағы жарты саптық «тұтам» ұзындығын қосамыз. Сонда 6 тұтам өрімнің ұзындығы, оған 4 тұтам саптың ұзындығын қоссақ 10 тұтам болады екен.
«Көк түтін»
Үйге от жағып пешті гүрілдеттік. Мұржадан шыққан түтін тіке ұшты. Бір кезде солтүстіктен, оңтүстіктен, батыстан да, шығыстан да қатты жел есті. Енді түтін қалай ұшады?
Шешімі: Төрт бағыттан жел еспейді.
«Шеше-шеше, неше кесе?»
Қара су көзкөрімге жеткізеді
Шешем «самауырға су құй» деді де қолыма бір кесе ұстата салды. Самауырға бір көнек су кетеді. Көнекпен әкеп бір құяйын десем, көнекті көрші әйел сұрап әкеткен. Амал жоқ, кесемен тасуға тура келеді. Егер кесемен самауырға су тасып құяр болсам неше мәрте барып – келуіме тура келеді?
Шешімі: көнек – 6,5 литрді береді, демек самауырға 6,5 л су керек. Бір кесе сыйымдылығы көнектің сыйымдылығының жетіден бір шамасына тең, яғни кесеге 1 л су сыяды. Демек, 7 рет барып – келуге тура келеді.
«Жағалық түлкі»
Заманың түлкі болса, тазы боп шал
Түсі жирен, сұрғылт сары. Құлағының сырты қара не қара қоңыр, құйрығы ұзын (ұзындығы үш қарыстай, қысқа сирақты. Жүні тығыз әрі жұмсақ. Реңі жыл маусымына қарай өзгеріп отырады (түлейді): жоны мен бүйірі көбінесе сарғыш жирен, бауыры мен құйрығының ұшы ақшыл тартады. Тұрқы үш жарым – төрт қарыстай, салмағы жарты пұт шамасында болады. Селдір орманды ашық жерлерді, өзен-көл жағалауларын, аңыз, тау баурайларын мекендейді. Күндіз інінде жатып, түнге қарай қорегін іздейді. Әдетте ұсақ жәндіктермен, көбінесе тышқандармен қоректенеді, қорегінің құрамында 300-ден астам жәндік пен ондаған өсімдік түрлері болады. Сонымен, жоғарыда аталған қазақы өлшемдерді еске түсіре отырып, түлкінің тұрқы мен салмағын қазіргі өлшеммен айтып көр.
Шешімі: қарыс – бармақ басы мен шынашақтың арасы. Ол 20 см – ге тең. Құйрығы 3 қарыс – 60 см болады. Тұрқы үш жарым - төрт қарыс десе – 70-80 см болғаны. Бір пұт – 16 кг, демек жартысы оның 8 кг болады.
«Қызыл асық»
Асығың алшысынан түссін
Қатындар шулап текемет басты, ою- өрнекті әсемдейміз деп жүнді бояуға салып қайнатты. Қайнатып бола келе біздің асықтарымызды бояп беретін. Бір қоржын асықты боятып алмақ болып, бар бала жапа - тармағай қаумалап, бұрқырап жатқан қазанға қарап ентелейміз. Әжем асықтарды санап ұзын саны жетпістің төртеуі деді де әр бояуға сала бастады. Бір жиырмасы көк болсын, оның екіден бірі сары болсын, сары жасылдың үштен екісі болсын, ал қалғаны қызыл бола қойсын деді де асықтарды томпылдатып бояуға салып жіберді. Қызыл асық қанша екен?
Шешімі: бір жиырмасы дегені – 20 көк асық, оның екіден бірі – сары 10 асық, сары жасыл асықтың үштен екісі болса – 15 жасыл асық, ал қалғаны 29 қызыл асық болады екен.
«Көш керуен»
Көш жүре бара түзеледі
Тар қыстаудан қымтырылып шыққан қалың жұрттың жазғытұрым жайлауға көшкендегі жазира көңілі мен сайын даланы думанға бөлеген шалқар шаттығы, жүгірген бала – шаға, әндеткен жастар, шүйіркелескен үлкендер, жамыраған мал басымен көрікті. Көш – керуен жүкті тиеп ырғала тізбектеле жылжыған түйе атаулы, арбаға жегілген өгіз бен жылқы баласымен сәнді. Көш жолға шығарда көліктерін сайлайды. Жүк артуға, мініске көлік керек. Ал есеп етейік. Көшбасы:- қоспағы мен маясы 20 болса, ашамайлы қара нары – 96, қара нар дегені болмаса, оларды ажыратуға болады. Қоспақ санын мая санына көбейтсек қара нармен теңеседі. Сонда көшке жүк артуға қанша бас қоспақ, қанша бас мая керек?
Шешімі: қоспақ пен мая саны 20 деді, демек екеуін қосқанда 20 шығуы тиіс. Сонымен қатар бұл екі санды көбейкенде 96 шығуы тиіс. Онда х+у=20 х*у=96
Қосындысы 20- ны беретін, көбейтіндісі 96-ны беретін 12 мен 8 саны. Демек көшке 12 қоспақ пен 8 мая немесе 8 қоспақ пен 12 мая қажет. Барлығы 8+12+96=116 бас күш- көлігі қажет екен.
Қоспақ Мая Нар
Керуен
Ертегі есептер
«Қасқыр мен ешкі және шөп»
Есі кеткен ешкі жинар,
Ешкі жинап есін жияр.
Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады.
Шаруа өзеннен қасқыр, ешкі
және шөпті алып өту керек. Қайыққа шаруаның өзі мінеді. Одан соң не
қасқырды, не ешкіні, не шөпті алуына болады. Егер шаруа жағаға ешкі
мен қасқырды қалдырып, шөпті алып кетсе, онда қасқыр ешкіні жеп
қояды. Ал егер қасқырды алып, ешкі мен шөпті қалдырса, онда ешкі
шөпті жеп қояды. Шаруа өз жүгін қалай өзеннен аман-сау алып өтеді?
Шаруа неше рет арғы бет пен бергі бетке қатынайды?
Шешімі: әуелі ешкіні алып келіп жағада қалдырып, қайтып келіп
қасқырды алып кетеді. Бірақ, қайтарында ешкіні қайта ала кетеді.
Енді шөпті тиеп, ешкіні қалдырып кетеді. Қайтып келіп, шаруа ешкіні
алып кетеді. Арғы бет пен бергі бетке 4 барып, 4
келеді.
«Екі дос»
Доссыз өмір, тұзсыз аспен тең
Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенеттен алдарынан бір аю шыға келеді. Сол кезде біреуі қаша жөнеледі де, талға өрмелеп жасырынып қалады. Екінші жігіт ортада қалып кетеді.
Алайда, не істерін білмей тұрғанда, ойына «Өлген адам сияқты жерге етбетіммен жата қалсам, бәлкім құтылып кетермін» деп жерге жата қалады.
Аю келіп оны иіскелей бастағанда демін жұтып, дем алмай жатады. Аю кеткен соң талға өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, досының қасына келіп, күліп: «Айтшы ал, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?» дейді.
Сонда досы: «Досына қауіп-қатер төніп тұрғанда қашып кеткен адамдардан сақтану керектігімді айтты» дейді.
Енді осы өсиетті әңгімедегі талдың биіктігін өлшеп көрелік.
Тал - бұталы және ағаш тектес өсімдік. Табиғатта талдың 170 түрі бар. Биіктігі - 10-15 қарыға тең, кейбір түрлерінің биіктігі 40 қарыға дейін жетеді.
Шешімі: Қары – оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп сол қолдың ортаңғы саусақ ұшына дейінгі аралық. Ол - 1 метрге тең болады. Талдың биіктігі 10,15,40 қары десе, демек оның 10 м, 15 м, 40 м болғаны.
«Түлкі мен ешкі»
Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде
Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.
- Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? – депті.
- Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп - тұнық суы бар екен, – депті түлкі.
Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», – деп ойлап, секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкі секіріп ешкінің үстіне мініп, онан екі қарыс мүйізіне табан тірепті де, сондай жерде ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.
«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген сөз осыдан қалыпты.
Енді ешкінің су ішем деп түскен апанның тереңдігін анықта.
Шешімі: қарыс – 20 см шамасы. Ешкінің мүйізі екі қарыс, ол – 40 см. Сондай жер дала дегені де – 40 см. Енді ешкінің тұрқы шамамен 70 см десек, апанның тереңдігі 40+40+70=150 см, яғни 1 м 50 см болғаны.
«Алтын сақа»
Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар
болыпты, зарыға жүріп перзентті болыпты. Бай бір күні жылқысын
суара көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп жүр екен.
Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп,
суға жуымайды. Әлгі жерде бай жылқыларын қанша айдаса да суға жаба
алмайды. Сол кезде бай тұрып, судағы жүзіп жүрген өкпені құрықпен
түртіп көреді. Өкпе суға батып кетіп, әлден уақыттан соң жалмауыз
кемпір болып судан шығады да байдың жағасынан ала кетеді. Бай көзі
алақандай болып, қорқып кетеді. Бай жалмауыз
кемпірге:
— Ат басындай алтын берейін, қоя бер, – дейді. Жалмауыз кемпір жібермейді.
— Осы жылқыларымның бәрін берейін, қоя бер, – дейді. Кемпір көнбейді. Кемпірден сасып:
— Енді не берейін? – дейді бай. Кемпір:
— Жалғыз балаңды бер, жіберейін,– дейді. Бай жалғыз баласын бермек болады, кемпір байды қоя береді. Кемпір байға:
— Балаңды қай жерде бересің? – дейді. Сонда бай:
— Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың, – дейді.
Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап, кетіп қалады. Ертеңінде көшеді, жалғыз баласының алтын сақасын ұмыттырып, жұртқа тастап кетеді. Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Асық ойнайын десе, сақасы жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, жылайды.
Сонда әкесі:
— Кеше көшіп жүргенде, жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой,– дейді.
Бала бармақшы болады да әкесінен:
— Әке, қандай тайға мініп барайын? – деп сұрайды.
— Жылқышыдан сұрап мін, – дейді бай. Жылқышы балаға:
— Құрығыңды құлдыратып, жүгеніңді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай бетіңе қараса, соны мін, – дейді. Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді. Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Бала кемпірге:
— Шеше, анау жатқан сақамды алып берші! – дейді.
Сонда кемпір:
— Шырағым, өзің түсіп ал. Кәріліктен отырсам -тұра алмаймын, тұрсам - отыра алмаймын, – дейді.
Сонда бала:
— Мен жастықтан түссем - міне алмаймын, мінсем - түсе алмаймын, – дейді.
Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң, кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде, тайдың бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады. Тай әлсірейін дейді. Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір бәйтеректің түбін кешке дейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де кемпірге:
— Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап демал, –дейді. Кемпір жатады. Түлкі тісті суға атады да қазған шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады. Кемпір тұра келсе, тісі де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып, бәйтеректі қаза береді. Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп:
— Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын, – дейді. Сонда жалмауыз кемпір:
— Сен кетпенімді алып қашып кетесің, – дейді.
Сонда түлкі:
— Ол қырдың қызыл түлкісі, мен сайдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі аң аулап жүргенде, мені қуып, соға жаздаған болатын. Сондықтан бұл балада менің кегім бар, – дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін суға лақтырып жібереді де шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ. «Алда, ойбай-ай, алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындайды. Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарға өтеді.
Бала қарғаға:
— Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, – дейді.
Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен әрлі-берлі ұшып жүреді де баланың төбесіне келіп қонады. Бала жылап тұрып, бұған да тапсырады. Бұрын бала қыстауындағы ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан бала қарлығашпен дос екен. Сонымен, қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырғанын айтып барады. «Осындай пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлатуға таяу тұр», – дейді, қарлығаш баланың төбеттеріне. Мұны естіген соң төбеттер шапқаннан шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге құлайды. Баланың төбеттері жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт қылып, жүн-жүнін шығарып, талап тастайды.
Бала төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне аман-сау жетеді. Бала жалмауыздан аман-сау құтылып келгеніне әке-шешесі қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады. Бұдан былай неше күндер өткен соң, баяғы жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің жүн-жүні шығып, өліп қалғанын көреді. Кім өлтіргенін білу үшін сол жерде қарап жүрсе, иттердің ізі көрінеді. Мұнан соң қыз иттердің ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. Енді ауыл жақын екенін біліп, ол жүріп келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың қотанына алып барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің қызының келгенін біліп, бес төбет жалма-жан тұра ұмтылады, қыз кемпірдей емес, өте-күшті екен, бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала садақпен атып, қыздың көзін шығарады, садақпен екінші атқанда, қызды өлтіреді.
Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі құтылады.
Есеп: Екі қарға бірі оңтүстікке, бірі солтүстікке «екі шоқып, бір қарап» отыр. Ол екеуі бір – біріне «Достым, мен сені көріп отырмын» дейді. Олар бір – бірін қалай көреді?
Шешімі: Қарғалар бір – біріне бетпе – бет қарсы қарап отыр.
«Алтын санаған аштан өледі»
Бар болса батып іш, жоқ болса сатып іш
Қай заманда өткені белгісіз, Сағат есімді үрерге иті, сығарға биті жоқ, сіңірі шыққан қу кедей болыпты. Ол бірде аштықтан көзі қарайып, басы ауған жаққа қаңғалақтап келе жатыпты. Әбден қалжырап, ұйқы мендеген байғұс сәл тынығып алайын деп бір құмайт жерге жантая кетіпті. Арқасына аяздай батқан жоқшылық ұйықтаса да қыр соңынан қалмаса керек. Түсінде де осы азаптан бас сауғалап, қашып келе жатса, алдынан сақалы белуарына түскен аппақ қудай қария шығады. Жарлының жолын кес-кестеп:
– Оян! – депті.
– Өзің жантайған құмайттың оң жағына қарай он қадам жүрсең, ескі жертөленің орны бар. Сол арадағы қираған ошақтың астын сынық сүйемдей қазсаң, Сүлеймен саудагердің былғары сақтияны табылар. Сақтияның аузын ашып-жапқан сайын ішінен бір теңгелік алтын ділдә аласың. Енді қалған өміріңе бұйырған несібе осы қанағат қылсаң, қарның тояды, - дейді де ғайып болады.
Жүрегі алып-ұшып, орнынан атып тұрған Сағат ұйықтаған жерінен оңға қарай он адым аттайды. Опырылған жертөленің оқпандай орнына кезігеді. Құлаған ошақтың орнын тырналап қазып жатып:
― Осыдан шалдың айтқандары расқа шығып, бір ділдә тапсам – тойынып тамақ ішермін. Екі ділдә тапсам, дүние – ай, бала шағамның жүрегін жалғар едім. Егер үш ділдәға жетсе, әйеліме арнап көйлек сатып алар едім, - деп қиялдайды.
Шалдың берген аяны айнымай келеді де, айтқан орыннан әмиян табылады. Бір ашса – бір ділдә, екі ашса – екі.... Әмиянды жүз ашқанда, үйіліп жатқан ділдәларды көзімен жей отырып, Қарақұмның қақ ортасынан хан сарайындай күмбезді үй салуды армандайды. Қарнының ашқанын да, балаларын да, бұл дүниеде әйелінің бар екенін де ұмытады. Көзіне қызылды-жасылды дүние елестеген Сағат мың, он мың, жүз мың, ..., миллион рет ашамын дегенше, арада екі апта уақыт өтіпті. Өстіп отырғанда дүниеқоңыз сорлының жүрегі үзіліп, бұл дүниемен қош айтысқан деседі.
Ойлан: қадам және сынық сүйем өлшемін қазақы өлшеммен негіздеп көр.
Жауап: Қадам- жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы
Сынық сүйем - бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық
«Сұрмерген»
Бұрынғы заманда атақты бір мерген болыпты. Аты Сұрмерген екен. Сұрмерген аң қарап келе жатса, жолда екі жылан төбелесіп жатады. Жыланның бірі қара да, бірі - ақ. Келіп қараса, қара жыланның түсі суық, өте ызғарлы екен. Мерген қара жыланды өлтіріп, ақ жыланға болысады. Сонан соң ақ жылан мергенге қарап қойып, бір тасты жалап алады. «Маған да жала деп тұр ма?» – деп, мерген де әлгі тасты жалап алады. Жалап алған сағатында мерген жер үстіндегі барлық хайуандардың тілін түгел түсінетін болады. Мерген бірінші жыланмен сөйлеседі. Жылан: «Екеуіміз енді дос болдық. Және тіл білдім деп кісіге айтпа!» – деп, ат басындай алтын берді. «Тіл білдім деп біреуге айтсаң, өлесің» – дейді. Жыланмен дос болып, мерген үйіне қайтады.
Алтынды үйіне апарып тастап, қайтадан аң қарап жүріп, бір байдың үйіне келіп қонады. Қонса, түнде боран болып, қой үркіп, қасқыр ұлиды. Қасқырға байдың төбеті де үріп, жауап береді. Олардың тілін қонақ түсініп отырады.
— Қой жеймін, болмаса қонағыңның атын жеймін, – дейді қасқыр.
— Мен саған қой да жегізбеймін, қонағымның атын да жегізбеймін, – дейді қара төбет. Қонақ итке іштей разы болып, алдына келген еттің жартысын итке бергізеді. Түнімен боран соғып, қойлар ығып кетеді, қоймен бірге ат та кетеді. Бай: «Малым қырылатын болды-ау, құтты қонақ болса, мұндай болмас еді!» – деп уайымдайды.
— Бай, жылама, малың аман, ыққаны табылады, – деп, мерген шешініп, алаңсыз ұйықтай береді. Таң атқан соң, бай мен қонақ екеуі мал мен атты іздеп келе жатса, қара төбет бәрін иіріп, айналып жүр екен. Қасқыр бір мал да ала алмай, малды төңіректеп жүр екен. Адамды көріп, қасқыр қаша жөнеледі. Бірақ төбет қайырмалап, қасқырды да жібермейді. Қасқыр қолға түседі. Қонақтың аты да, байдың қойлары да аман екен. Бай қуанып: «Қонақ, сен құтты қонақ болдың, қалағаныңды алып кет!» – дейді мергенге.
Сонда бір ұрғашы сары бас тоқты маңырап мергенге қарай береді.
Маңырағандағысы: «Бес жылда мың болам», – деген екен. Мұны мерген түсініп, тоқтыға ен салады және «бес жылдан кейін келіп аламын, ол уақытта осы тоқты мың болады» деді байға.
Бес жыл толғаннан кейін, мерген байдың үйіне келіп, уәделі қойымды бер десе, бай: «Қой беремін деп айтқан жоқпын», – деп уәдесінен танады. Екеуі бір биге келіп жүгініп, айтылған сөзді бастан-аяқ баяндайды. Сонда қазы: «Қойыңды екі айыр жолмен айда, мергеннің үйіне қарай жүрген қойды Мерген алсын, өз үйіңе қарай жүрген қойды сен ал!» – деп билік айтады. Бай бұл билікке көніп, қойды екі айыр жолмен айдайды. Мерген жаққа қарап сары бас тоқты бастап мың қой шығады. Мерген сол мың қойды алып үйіне қайтады.
Сұрмерген бір күні қатынымен еріп, әйелдің төркініне барады. Әйелге төркіні артынан тайы ерген буаз бие мінгізеді. Сөйтіп, мергеннің өзі, екіқабат қатыны, бесіктегі баласымен буаз биеге мініп қайтады. Қайтып бара жатқанда, тай енесін емейін десе, енесі тепкілеп, кісінеп тайын қасына жуытпайды. Кісінегенде: «Үстімде үшеу, ішімде біреу, өзім шаршап өлгелі келсем», – дейді бие. Оны мерген түсініп, күліп жібереді. «Сен неге күлдің?» – дейді қатыны. Түсінгенін айтса, өледі, айтпаса, қатыны өкпелейді, қысылғаннан мерген: «Үйге барғанда айтайын», – дейді. Үйіне келген соң: «Сен жолдағы сөзді айт!» – деп қатыны болмайды. Мерген бір мал сойып, жұртын жиып, жөнін айтпақ болады. Малын сойып, жұртқа, сыртқа шығарып қатынына айтайын деп отырғанда, үйге бір әтеш, бір шіби, екі тауық кіреді. Шіби әтештің алдындағы бір бидайын алып жей бергенде: «Мен Сұрмерген емеспін, қатынына сырын айтып өлгелі отырған», – деп, әтеш шібиін шоқып, талап тастайды. Осыны естіген мерген қатынына хайуанның тілін білетінін айтпай, бір ажалдан аман қалады.
Тағы бір күні мерген аң қарап жүріп, бір тауешкіні атып алады. Атып алып етін жеп отырғанда, құлағына бір дауыс келеді. Дауыс: «Жалғыз ешкімді атып алдың, жазаңды қасқыр берсін!» –дейді. Мерген оны тыңдамастан, үйіне қайтады. Кешке таман жолда бір керуен қонып жатыр екен, мерген сол керуенмен бірге далаға қонады. Қонып отырғанда, түнде қасқыр ұлиды. Қасқыр ұлығанда: «Сұрмергенді бүгін не қылсам да жеймін», – дейді. Мерген керуеншілерге: «Не білдіңдер?» – дейді. Керуеншілер: «Ештеңе білгеніміз жоқ», – дейді. Мерген: «Білмесеңдер, қасқыр мені жеймін деп тұр», – дейді. Керуеншілер жер қазып, Сұрмергенді жерге тығып, үстіне киіз төсеп жасырып тастайды.
«Қап бәлем, енді қайтер екенсің?» – деп жатып, ертеңіне керуеншілер тұрса, қасқыр бір жағынан інге келіп, мергенді жеп кетіпті.
Есеп: Мерген нысанаға 12 рет атып 100 ұпай жинады. Ол тоғыздыққа, сегіздікке, жетілікке тигізді. Мерген әр нысанаға нешеуден дәл тигізген?
Шешімі: Қорытынды ұпай 100 болу үшін 9+9+9+9+9+9+9, 8+8, 7+7+7 деп көрсек 12 мәрте көздеу мен 100 ұпайымыз шығады.
«Батпан құйрық»
Бұл неғылған батпан құйрық,
тегіннен - тегін айдалада жатқан құйрық?!
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.
- Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
- Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
- Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
- Ал, түке, ендеше баста, - дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
- Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойланған боп, қипақтай жауап қайырды:
- Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
- Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
- Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, - деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде:
- Тоқта, тоқта! - деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
- Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? - деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:
- Был-жыр-рра-ма...- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі.
Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:
- Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! - деп, күңкілдейді.
- Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! - деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады.
- Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! - деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.
Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, - деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
- Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, - дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі.
- Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! - дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.
Қасқырды теңкиткен батпан құйрықтың салмағы қанша екенін білейік.
Батпан – 100 килограммды береді. Ертегідегідей 100 кг құйрық еш қой баласында жоқ шығар, дегенмен батпан сөзінің үлкен салмақ мөлшерін білдіретінін біліп алдық.
«Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс»
Бұрынғы өткен заманда бір кедейдің үш ұлы болыпты. Бүкіл өмірі байлардың есігінде өткен кедей өлерінде үш ұлын қасына алып отырып өсиет айтады. "Үйдің шығыс жағында бір жалмауыз бай бар, соған өлсеңдер де, жалданбаңдар", — дейді.
Әкесі дүниеден қайтқан соң, үш баласы қызмет істеуге кіріседі.
Ең әуелі қызмет іздеп, ең үлкен ағасы үйінен кетеді. Ол көп уақыт жүріп, қызмет таба алмай, әкесі "барма" деген байға барады. Бай бұны көрген соң "хош келдің" деп қарсы алады. Бай бұған:
— Саған бір қызмет берем, соны орындасаң, жалшылыққа алам. Ал орындай алмасаң, басыңды алам, бәрібір басқа байларда жұмыс жоқ, — дейді. Кедейдің үлкен ұлы:
— Жарайды, жұмысыңды істеймін, — дейді. Бай жұмысының түрімен таныстырмақ болып кедей ұлына:
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді, осыны баға алсаң, қызметке аламын, егер бұны атқара алмасаң, басың алынады, — дейді. Жарлының үлкен ұлы жұмыстарды амалсыздан орындауға кіріседі. Алғашқы күннен кейін-ақ үлгере алмайды. Бай төрт-бес күннен кейін келіп көрсе, шөп те, су да жетіспей, қара нар арықтап қалған екен. Бай ашуланып, кедейдің үлкен ұлының басын алады.
Жұмыс сұрап келген адамдарға бай осындай қолдан келмейтін жұмыс тапсырып, өлтіре беретін болыпты. Бұдан соң ортаншы ұлы да осы жолмен қаза табады.
Ендігі үйде қалған кіші інісі ағаларын іздеп шығады. Оны жұрт "бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс" деп атайды екен. Бірқарыс ағаларын іздеп, көп қиындықтарды басынан өткізеді. Ақырында Бірқарыс зұлым байдың ауылына келеді. Бай бұны көріп қуанып, қарқылдап:
— Ал саған жұмыс әзір, — дейді.
— Қандай жұмыс? — дейді Бірқарыс.
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді. Соны күтуің керек, егер күте алмасаң, басың алынады, — дейді. Бірқарыс күлімдеп:
— Мақұл, нар деген мен ең көп баққан малым, бабын табармын, — дейді.
Бірқарыс нарды күтуге кіріседі. Бай үйіне барып: "Қолыма қалай түспей кетер екенсің, бәлекетім", — деп масаттанады.
Бірқарыс нарға барып, нарды пішен жейтін орнынан кейінірек, басын пішенге жетпестей етіп байлайды. Одан кейін төрт аяғын төрт қазыққа байлайды. Нар әрі ұмтылады, бері ұмтылады, шөп жеп, су іше алмайды.
Бай бір күні келіп көрсе, нар ашығып қалған сияқты көрінеді, бірақ алдында пішен, су дегендер толып тұрады. Бай Бірқарысқа:
— Бірқарыс, ана нарды отқа жібер, — дейді де, үйіне кетеді. Бірқарыс:
— Құп, қожа! — деп қала береді. Бай кетісімен Бірқарыс нарды пішенмен қосып, отқа жібереді.
Бай бұны көріп, ашуланып, Бірқарысқа келіп:
— Нарды өртегенің не? — дейді. Бірқарыс:
— Байеке, ана нарды отқа жібер, — деп өзіңіз бұйырған соң, сізге, асылы нардың керегі болмай қалған ғой деп отқа жібердім, — дейді. Бай Бірқарыстан жай құтыла алмайтынын сезіп, оны бір қиын жұмысқа жұмсағысы келеді.
Бай бір күні Бірқарысты шақырып, алыстағы Ақсақ Темір ханның жүйрік қара арғымағын қалайда әкеліп беруін талап етеді.
Бірқарыс разы болып, "Қара арғымақты әкелген соң, барлық мүлкіңнің тең жартысын бересің", — дейді байға. Бай ішінен: "Бәрібір қара арғымақты әкеле алмас", — деп ойлап, мүлкінің тең жартысын беруге келіседі.
Бірқарыс байдың бір жүйрік атын мініп, жолға шығады. Бірнеше күндер, апталар жүріп, Ақсақ Темірдің еліне де жетеді.
Келсе, Ақсақ Темір ханның елінде бір үлкен той болып, ат шабысына әзірленіп жатыр екен дейді. Көптеген жерлерден келген аттар мен Ақсақ Темірдің қара арғымағын бәйгеге қосады.
Бірқарыс та астына үлкен құс жастық салып, бұ да өз атымен бәйгеге қосылады. Аттылар бәйге төріне барып, аттарды қоя бергенде, Бірқарыс алдынан оза отырып, құс жастықты жарып жіберіп, жүнін бәйгеге қосылғандар алдына қарай бората береді. Бәйгешілер көздері бұлдырап, ештеңе көрмей, аттарының басын басқа жаққа бұра жөнеледі. Қалғандары лағып шығып кетеді.
Бәйгеден тек Бірқарыс бұрын келеді, одан соң Ақсақ Темірдің қара арғымағы келеді.
Ақсақ Темір бұны көріп, табанда ашуланып, қара арғымаққа мінген адамын табанда өлтіреді де, Бірқарысты шақырып алып:
— Қонақ! Мал ал, алтын ал, не алсаң да, атынды бер, — дейді. Бірқарыс:
— Хан тақсыр, алыңыз, бірақ маған қара арғымағыңызды беріңіз, елге мініп қайтайын, көлігім жоқ және де бір мың ділда алтын беріңіз, — дейді. Есінен танып қалған Ақсақ Темір:
— Ал… ал… ал! — деп Бірқарыстың атының басын ұстай береді.
Бірқарыс Ақсақ Темір елінде қонақ болып жатып, ханның қара арғымағын және бір мың ділда алтынын алып, еліне қайтады. Жолда бірнеше күндер жүріп, байдың еліне келеді. Байға қара арғымақты беріп, уәделі мүлкін сұрай бастайды. Бай Бірқарысқа:
— Мүлкімнің тең жартысын аласың ғой, бірақ менің үйімдегі барлық жұмысты істейтін боласың, — дейді. Бірқарыс оған да көнеді.
Бірқарыс байдың барлық жұмыстарын мүлтіксіз орындап, қайткенде айтқан уәдесін орындатуды ойлайды. Бай Бірқарыстан қорқып, қашпақшы болады. Бұны Бірқарыс сезеді де, байдың жол азық салған сандығының түбіне тығылып жатып алады.
Бір күні түнде бай әйелімен екеуі түн ортасында сандықты арбаға салып қашады. Жолға шығып, ұзаған соң бай: "Уһ, енді құтылмасақ, Бірқарыс бізге күн бермес", — деп қояды. Бірқарыс сандық ішінде жатып: "Я, құтылдың!" — дейді. Бай әйеліне:
— Апырай, даусының құлаққа естіліп тұрғанын-ай! — дейді. Тағы біраз уақыттар жүріп, елден әбден ұзаған соң: "Құтылдым, құтылдым!" — дейді бай. Бірқарыс қатты дауыстап: "Я, құтылдың", — дейді. Бай ашуланып:
— Құтылдым, құрғырдың даусы, қайдан естіліп тұрсың? — дейді. Бірқарыс тағы да:
— Құтылдың, бәсе құтылдың! — дейді. Бай мен әйел құрғырға не болды деп құлақтарын баса қояды.
Екінші күні кешке таман Бірқарыс сандықтың ішінен шыға келеді. Бай мен әйелде үрей қалмайды.
Кешке құдық басына қонады. Бірқарыс та баймен бірге отырып алады. Бай ішінен Бірқарысты түнде құдыққа тастап жіберуді ойлайды.
Түн ортасы ауғанда бай мен әйелі ұйқыға мас болып жатқанда, Бірқарыс байдың әйелін өз орнына салып, өзі байдың қасына жатып алады. Бай бір уақытта оянып, Бірқарыстың орнындағы өз әйелін сүйреп апарып құдыққа салып жіберіп, орнына келіп жата қояды.
Ертең ерте бай әйелін оятайын десе, қасында жатқан — Бірқарыс. Бай жалма-жан атын жегіп, қаша жөнеледі.
Бірқарыс артынан қуып береді. Бай қалың тоғайға тығылады. Бірқарыс тоғайға өрт жібереді. Бай тоғаймен өртеніп кетеді. Бірқарыс байдың ауылына барып, барлық малдарын айдап еліне келеді.
— Бір қара нарым бар, күніне қырық бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, қырық арба пішен жейді. Бұл ертегідегі қара нардың жеген қырық арба шөбі мен қырық бөшке суының мөлшерін білсек қайтеді.
Шешімі: бір арба мөлшері - 20 батпан, яғни біздіңше 2 тонна болады. Бір бөшке су – 20 шелек, ол шелек шамамен 10 литр десек 200 литр болмақ. Сонда нар күніге байдың айтуынша 800 батпан шөп, әрі 8000 литр су ішеді екен.
«Түлкі мен құмыра»
Бір әйел далаға егін ора келіп, құмыраны сүтімен шөптің арасына тығып қояды. Бұны түлкі көрді де, жасырынып келіп, құмыраның ішіне басын тығып, сүтті ішіп қояды. Енді түлкі құмырадан басын шығара алмай әлек болады.
Түлкі:
- Әу, құмыра! Біраз ойнадың, жетер, жібер менің басымды?- дейді.
Қалай жұлқынса да басын шығара алмайды. Түлкі ашуланып:
- Қап, бәлем, тұра тұр, жақсылықпен қаламасаң, сені суға батырармын, – деп жүгіріп келіп, өзенге қойып кетіпті. Сөйтіп, құмырамен бірге өзі де батып кетсе керек. Қомағай түлкі неше литр сүтті ішіп қойды екен?
Шешімі: бір құмыраға бір көнек сүт сыяды. Сондықтан 1 көнек мөлшері – 6,5-7 литр болғандықтан құмырадағы әрі кетсе 7 литр сүтті түкең ішіп қойған еді.
«Балықшы мен сиқыршы»
Баяғы ерте заманда кемпір мен шал өмір сүріпті. Олардың бір қызы бар екен. Шал балық аулап, кемпір ау жамап күндерін көріпті. Бір күні балық аулап отырған шал ағып келе жатқан бір сандықты көреді. Сандықты судан шығарып, үйіне апарады. Кемпір мен қызы екеуі жабылып сандықты аша алмайды. Осы кезде көмекке шал келіп, зорға дегенде сандықтың аузын бұзады. Қараса, ішінде жеті бүктеліп айдаһар жатыр екен. Ол басын көтеріп:
- Сен маған жақсылық жасадың. Мен бір ғасыр бойы осы сандықтың ішіне кептеліп жаттым, сендер мені босаттыңдар, сол замандағы бір сиқыршы маған өшігіп, айласын асырып осы сандыққа салып, аузын мықтап құлыптап тастады. Сандықтың іші тым тар болғандықтан бар қасиеттен, күштен айырылдым. Күн көзін көрмегендіктен соқыр бола жаздадым. Енді болмағанда аштан да өлер едім, — деп, үшеуіне де тиіспейді, керісінше:
- Осы жақсылығың үшін мен сені балығы көп жерге алып барайын, сол жаққа көш, — дейді де өзі бойын жазып, тынығып алған соң оларды ертіп балығы мол жайлы жерге көшіріп апармақ болады.
Кемпір мен шал:
- Жарайды, көшелік, — деп келіседі.
Бірнеше күн өткен соң, сәл де болса күш жинаған айдаһар арқасына үшеуін отырғызып, олардың жүктерін артып айтқан жеріне жеткізеді. Кемпір мен шал айдаһар көрсеткен жерге үйін тігеді, қыздары оларға тамақ әзірлейді. Бәрі бірге отырып жаңа қоныста тамақ ішіп болған соң айдаһар олармен қоштасып өз мекеніне ұшып кетеді. Енді шал балық аулауға судың жағасына барады.
Сәлден кейін қармағына ұзындығы қырық қарыс, басының тұрқы құйрығының ұзындығына тең үлкен балық түседі. Балықтың үлкендігі сондай, шалдың оны тартып шығаруға әлі келмейді. Күші жетпеген соң көмекке кемпірі мен қызын шақырады. Үшеуі жабылып жүріп, зорға дегенде сол балықты сыртқа алып шығады. Шал осылай тағы екі балық аулапты. Енді ол осы үлкен үш балықты алып, сол жердегі ханның үйіне барады. Хан балықтарды көріп, олардың үлкендігіне таң қалады. Шалға үш табақ алтын беріп, ғажайып балықтарды сатып алады. Ханның сыйлығына разы болған шал үйіне оралады. Хан болса кешке балық жегісі келіп, аспазшысына балықтың біреуін қақтатып әкелуін бұйырады. Аспазшы балықты алып тазалай бастағаны сол еді, кенет балыққа тіл бітіп:
- Мені жеме, үлкен қателік жасайсың, — дейді де, жоқ болып кетеді.
Аспазшы болған оқиғаны ханға келіп айтады. Сонан соң хан тағы біреуін пісіртпек болады. Ол да күл болып кетеді. Соңғы балықпен де осындай оқиға болады. «Бұл неткен ғажайып» деген оймен хан балықтарды әкеліп берген шалдың үйіне келіп, одан балықты қай жерден аулағанын сұрап біледі. Енді хан қылышын алып сол жерге барады. Суды жағалап келе жатып, басы – бас, арты –тас бір адамды кездестіреді. Хан:
- Сен кім боласың? Не қылып отырған адамсың? – деп сұрайды.
Басы бас, арты тас кісі:
- Сұрап не қыласың, тез арада бұл жерден кет, — деп жауап береді.
- Неге кетуім керек? – дейді түкке түсінбеген хан.
- Бұл ұзақ оқиға, жазықсыз сен де бір пәлеге душар боларсың, қазір әйелім келіп қалады, кет, — дейді.
Хан: «Айт, айт!» деп қоймаған соң, басы бас, арты тас кісі:
- Мен өзім үш рулы елім бар, соны билеп тұратын хан едім. Бір күні ел аралап, үйге келсем, малайларым жылап отыр.
- Ау, неге жылайсыңдар? – деп сұрадым. Олар:
- Ойбай, сіздің бәйбішеңіз осындағы бір сиқыршы дәумен тамыр болып, сиқыр оқуын үйреніп алды. Енді сізден құтылудың амалын ойластыруда. Бір күні сізді өлтіреді ғой деп, соған жылап отырмыз, — деді. – Түнде сіз ұйықтап жатқанда байлаулы тұрған тұлпардың біреуін мініп, мына жолмен барып, мына жолмен келеді.
- Осы айтқандарыңды дәлелдей аласыңдар ма? – деген едім:
- Күнде кешке жақын кетеді. Бүгін де барады, — деп малайларым сөзін жалғастырды.
Бұл әңгімені естіген соң, мен әйелімді түнде аңдыдым. Ол кеткен соң, киініп артынша шықтым. Барсам, әйелім қайтып кетіпті. Сол жерде малайларым айтқан дәуді кездестірдім. Ашумен барып оны қылышпен салып қалып, өлтірдім. Үйге қайтып келіп орныма жаттым. Ертеңіне тұрсам, әйелім жылап отыр екен.
- Неге жылайсың? Бостан-босқа адам жылай ма? – дегенім сол еді, әйелім бір табақ суды шашып жіберді.
Осыдан кейін өзің көріп тұрған басы – бас, арты – тас адамға айналдым. Мұнысымен қоймай елімді үш айыр су қылып, халқымды балық қылып жіберді. Өзі күніге мына жолмен өлген дәуге барып, мына жолмен қайтады. Оның сүйегін құшақтап жылайды. Келіп мені ұрып кетеді, — деп сөзін бітірді.
Әңгімені тыңдаған хан:
- Қане, сол жолмен мен де барып көрейін, — деп, дәудің сүйегі жатқан жерге келеді.
Келіп қараса, расында да, дәудің сүйектері жатыр екен. Енді хан басы – бас, арты тас адамға көмектескісі келеді. Осы оймен дәудің сүйектерін құртып, орнына жатады. Бірнеше уақыттан соң осы араға тасқа айналған ханның әйелі келеді. Бірақ дәудің орнында басқа адамның жатқанын байқамайды. Әйел келе дәуді құшақтай:
- Ойбай, сен тірілер күн бар ма екен? – деп еңіреп жылайды.
Осы кезде хан қозғалып:
- Мен «байыңды басын – бас, арты – тас қыл» деп пе едім. Бар, орнына келтір, — деп зіркілдейді.
Бұны күтпеген әйел сасып қалады. Сол кезде хан орнынан тұрып, әйелді күйеуінің қасына ертіп барады. Әйел тағы бір табақ суды шашып жібереді. Осы кезде бәрі бұрынғы қалпына қайта оралады. Әйел дәудің сиқырынан арылады. Хан тағына мініп, баяғы ханмен дос болып мұратына жетеді. Осының бәріне себепкер болған шал мен кемпірдің қызын басқа ханның ұлына қосып, үлкен той жасап берген екен дейді.
Есеп: Ертегідегі балықтың ұзындығы 40 қарыс, басы мен құйрығының ұзындығы тең мөлшерде. Балықтың басын 2 есе ұзартсақ және оған құйрығының ұзындығын қоссақ қара кесек етінің ұзындығына теңесер еді. Балықтың қара кесек етінің ұзындығын білейік? Оның өтеуіне сыйға берілген үш үлкен табақ алтынның салмағын өлшесек қанша болар екен? Шешімі: Балық 40 қарыс, алғашқы шарты бойынша 40-2х, ол- қара кесек еттің ұзындығы. Ал балықтың басын 2 есе ұзартсақ және оған құйрықтың ұзындығын қоссақ,
2х +х болады.
40-2х=2х+х
40-2х=3х
5х=40
Х=40:5
Х=8 Енді 8 санын орнына қойып есептеуімізге болады.
40-2*8=2*8+8
40-16=16+8
24=24 шығады екен. Балықтың басы мен құйрығының ұзындығы 8 қарыстан, ал қара кесек еті 24 қарыс болды.
Ендігі жерде үш үлкен табақ алтынның салмағын есептейік. Қазақы өлшеммен 1 үлкен табақ 11 кг 700 г немесе 12 кг. Сонда 3 табағыңыз 35 кг 100 г немесе 36 кг болады.
«Піскен қаз»
Сөз тапқанға қолқа жоқ
Қарашаш сұлу, жұртқа белгілі
данышпан болған соң, заманындағы хан күндеп, Жиреншемен қас болады.
Бір күні ханның көңілі шапқан соң аспаздар алдына бір қаз пісіріп
алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен. Хан оған
бұйырды:
- Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама және өзіңе, біріне артық, бірімізге кем жібермей бөліп бер. Егер біреуімізге бір мысқал артық-кем болса, өзіңді қатты жазалаймын, - деп. Хан қаһарынан сақтағай, бір алла өзің жәрдемші! Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Жиренше қолына пышақ алып, әуелі қаздың басын кесіп ханға береді.
- Тақсыр, сіз біздің басымыз ең, міне, сізге бас, - деді. Хан ханымсыз болмас, ханым хансыз болмас, құс мұрынсыз болмас, олай болса, ханым сіздің мойыныңыз деп, оған қаздың кеңірдегін кесіп алдына қойды. Мынау екі балаңыз - сіздің екі қанатыңыз, оларға міне қанат деп, қаздың екі қанатын екі баласына кесіп қойды. Мен өзім, тақсыр, бас та емес, аяқ та емес, орташа ғана адаммын, мынау құстың орта денесі маған лайық, - деп қаздың қалған денесін өз алдына қойды. Сөз тапқанға-қолқа жоқ. Жиреншенің бір мысқал да артық қылмай, бір мысқал да кем қылмай бөлгеніне келісетін шығарсыз... Сөз тапқанға қолқа жоқ.
Хан айтып отырған бір мысқал өлшемі – 4,31 граммға тең болып есептеледі. Ондай өлшемдерді аталарымыз алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттардың, дәрі ұнтақтардың, бояулардың өлшемі үшін қолданған.
Баянауыл жайлы аңыз
Баяғы өткен заманда байлығына сан жетпейтін Қарабай деген бай болыпты. Ол әлемдегі ең бай адам болады. Қарабайдың ай десе аузы, күн десе көзі бар, бүкіл дүниедегі ең сұлу қызы болады. Қызының аты Баян болған екен. Баянға құда түсу үшін-жақтан жігіттер ағылады. Алайда, Баян олардың ешқайсысын да ұнатпайды. Әкесі Қарабай да анау-мынау адамдармен қол алысып амандаса бермейтін бай болады.
Арада бірнеше жылдар өтеді. Қарабай қызының өзіне лайықты жігіт тауып тұрмысқа шықпай жүргеніне алаңдайды. Қарабайдың басына Баянды басқа жаққа көшіру туралы ой келеді. Соңынан, тек қана Баянды емес, оның ауылын да көшірмекке бел буады. Сөйтіп орта көшжерге қоныс аударып келіп қоныстанады.
Баянның сұлулығына тамсанып, құда түсуге келген жігіттердің саны өте көп болады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Баянның жаңа ауылын іздеп жүріп ”Баянның ауылы қайда?” деген сұрақтар ел арасында тарап кетеді. Сол кезден бастап Баянның жаңа ауылы ”Баянауыл” деп аталған екен. Аңыздағы орта көшжер дегені – 90 км шамасы.
«Кім күшті?»
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауылы қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.
Қырғауылы қырқылдап,
Жалтыр мұзға сыртылдап,
Алшая келіп қоныпты,
Шаты айырылып қалыпты.
Қисая жатып қырғауыл,
Сонда мұздан сұрапты:
-
Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
-
Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.
-
Жер, жер, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.
-
Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.
-
Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім.
-
Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.
-
Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
-
Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?
-
Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.
-
Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
-
Алты батпан ауырды арқалаған күштімін,
Жеті батпан ауырды желкелеген күштімін,- деген екен құмырсқа.
Құмырсқа өз салмағынан 150 есе артық жүкті көтереді екен. Ертегідегі айтылған алты батпан мен жеті батпан шындыққа қаншалықты саятынын өзің бағамда.
«Етікші»
Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңдағы етігің тар болса
Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп етік тігіпті.
Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес құнан шаптырым жердегі бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші биіктігі бес кез пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді.
Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің даусы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.
- Пеш үстінде жатқан қандай адам? – деп сұрайды дәу.
Етікші:
- Бұл – етікші, — деп жауап береді.
Дәу:
- Бізге керек шебер етікшімісің? — дейді.
Сонан соң дәу бұйырып:
- Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір. Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал, егер орындамасаң басыңды аламын, — дейді де, етікшіні ішке кіргізеді.
Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен:
- Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? – деп үрейленеді.
Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы – ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті – аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ ол дәудің оны оңай үйіне жібере қоймасын біліп:
- Бәрібір дәу қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, — деп, өткір пышағын алады.
Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып:
- Ер болсаң екі соқ, — дейді.
Етікші:
- Бір де жетер, — деп, дәудің үстінен ұшып өтеді.
Ал, дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді.
Етікші сырттан тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде ұзындығы сала құлаш, ені кере құлаш темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әзер дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші сандықтағы алтын мен күмістің бір пітірін ғана, яғни төрттен бірін алып, ғажайып етігін киіп үйіне ұшып келеді.
Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді. Осылай, етікші тұратын ауылдың тұрмыстары жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал, қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты. Етікшінің кәсіп ете барған ауылының қашықтығын, иесіз үйде мінген пешінің биіктігін, тапқан сандығының ауданын, ондағы алтын- күмістің салмағын, етікшінің өзіне және еліндегі жетім – жесірге таратып берген байлығының мөлшерін есептеңіз.
Шешімі: Құнан шаптырым – 8-10 шақырым, 5 кез – 2 м 50 см, сала құлаш – 3 кере құлашқа тең, кере құлаш – иық деңгейінде керіп тұрып созылған екі қол ұшының аралығы, демек ол 8 қарыс шамасы, бір қарыс – 19-20 см болады. Сандықтың ауданына келсек, 1 құлаш тең – 1 м 60 см, 3 құлаш – 4 метр 80 сантиметр болады. Кере құлашыңыз 1 м 60 см болса, сандықтың ауданы 7 м 68 см квадратқа тең. Бір пітір – 3 килограмм мөлшері, бұл етікшінің алған алтын- күмісі. Төрттен бірін алған болса, сандықта 4 пітір асыл зат болғаны және онда 9 кг қалған екен. Ел – жұртқа алғанының жартысын таратқан еді ғой, ол 1 пітірдің екіге бөлінгені болмақ. Сонда етікші 1 кг 500 г алтын- күмісті таратып беріп, бақуатты өмір сүріпті.
«Ғылманның өнері»
Ілім мен білім – жеті қазынаның бірі
Бұрынғы өткен заманда Бағдат шаһарында Ғылман деген бір ақылды адам болған екен. Бағдатта оның әр түрлі дәрігерлік өнерімен атағы шығады. Мұны естіген Бағдат патшасы Ғылманды өзіне шақырып алдырыпты. Патша күн сайын онымен бірге кеңесіп отырады екен. Ғылманның өнерлеріне таң қалып жүреді екен. Бір күні патша үлкен уәзірін шақырып алып:
- Бұл Ғылман өте ақылды және өнері де көп адам екен. Осыны уәзір етсек қайтеді? - дейді. Уәзір патшадан бұл сөзді есіткен соң: «Ғылман уәзір болса, бізді орнымыздан түсірер», - деген ойға келеді де:
- Ей, патшам! Бұл Ғылманнан мен қорқамын, өйткені басқа адамдар істей алмаған нәрселерді бұл істей алады. Сондықтан бір күні сізді де, бізді де өлтіріп, өзі патша болып алар деп қорқамын, - дейді. Патша кенет ойға қалады да қапа болып:
- Мұндай ақылды адам патшаларға зиянды болады екен ғой! Енді бұл Ғылманды не қыламыз, тез көзін жойып өлтіреміз бе? - дейді. Уәзір қуанып:
- Ей, патшам! Әуелі одан үш түрлі ғылым сұрап алып, сол ғылымды біліп алайық, сонан соң өлтіреміз, - дейді.
- Олай болса, Ғылманды не қылсаң да өзің біл, сенің қолыңа бердім, - дейді патша. Сол күннен бастап, Ғылманды патшаның алдына келгізбейтін болды. Ғылман уәзірден:
- Патша неге мені кіргізбейтін болды? - деп сұрағанда уәзір оған:
- Патшаның уақыты болмай жүр, - дейді. Ғылман ақылға салып, ойлайды да патшаның жаратпағандығын біледі. Уәзір:
- Ей, Ғылман! Патшамыздың сізден сұрайтын бір сауалдары бар, сол сауалдарға жауап беріңіз, - дейді.
- Мен әрқашан да қызметтеріңізге даярмын, - деп жауап береді Ғылман. Уәзір:
- Бірінші сауалы: қол астындағы дұшпанды ұстауға, өлтіруге жетік болу үшін қандай ғылымды оқу керек. Екінші сауалы: патша қол астындағы халқын қайтсе байыта алады. Осы екі түрлі істің амалын бізге жазып беріңіз, - дейді. Ғылман:
Мұндай ғылымдарды жазып беруге екі жыл уақыт беріңіздер, - дейді.
- Екі жыл тұрсын, екі ай бермейміз, екі жұмада жазып бітіресіз, - дейді уәзір. Ғылман екі жұмадан кейін өзін өлтіретінін біледі де:
- Менің бұл істер туралы бар ақылымды сарп қылып, неше жыл жазған кітабым бар, енді мен соны бір жұма қарап, қатесін түзетіп берейін, - дейді. Уәзір қуанып, шығып кетіпті. Бір жұмадан соң, Ғылман уәзірге келіп:
- Кітапты түзетіп болдым, бірақ патшаға өзім тапсырсам екен, - дейді. Уәзір Ғылманды патшаның алдына алып барған соң, Ғылман кітапты патшаға береді.
Патша уәзірге:
- Ғылманды сыйлаңыз, қазір бір кесе шарап құйып беріңіз, - дейді. Уәзір бір шымшым у салынған шараптан бір кесе құйып береді. Ғылман шарапта у барын сезеді де уәзір мен ханға сездірмей, қалтасынан бір шөкім түйіршік тұз секілді нәрсені кесеге салып жіберіп, біраздан кейін шарапты ішіп салады; аздан соң ол у ішкен адам секілденіп, қиналып тұрады да кесенің түбіне ұйыған уға саусағын малып уәзірге:
- Ай, уәзір, шырағым! Кітапты бердім, көп пайдалы кітап, әсіресе сіздерге керегі мына беттері, не істейтінін мынау арада жаздым, - деп, саусағындағы уды кітаптың беттеріне жағып жібереді де патшадан рұқсат сұрап, шығып кетеді. Уәзір мен патша Ғылман шыққан соң кітапты алып, жазуды қараса: «Кімде-кім осы кітаптың қағазын он ретке дейін жаласа, ол кісінің қуаты тіпті кемімейді», - депті. Патша мен уәзір бұған қуанып, кітаптың жазуындағы айтқан бетке шейін қағазды жалайды, сөйтіп, өз уынан өздері өледі. Сол кітапта: «Патша қол астындағы халық тыныш болсын десе, әркімді ақ көңіл, әдепті қылып үйретсін!». «Патша қол астындағы халық бай болсын десе, әркімді еңбекке тәрбиелейтін болсын!» «Патша қол астында зұлымдықты тыямын десе, әуелі өзі зұлымдықтан тыйылсын!» - деген екен. Ертегіде келтірілген бір шөкім мен бір шымшым мөлшерін біліп алайық.
Бір шөкім мөлшері - ұсақ түйіршік затты үш саусақпен қысып алғандағы өлшем, шамасы – 12,5 грамм болады. Бір шымшым – ұсақ затты бас бармақ және сұқ саусақпен қысып алғандағы мөлшер – 8,5 грамм шамасы.
«Үш жалқау»
Надандық, жалқаулық, ұйқышылдық- үш кесір
Ертеде бірінен – бірі өткен ағайынды үш жалқау болыпты. Бар бітіретіндері бас көтермей ұйықтай беру екен.
Бірде үшеуі жолға шығыпты. Тоғай арасына келгенде, биіктігі қырық аршын, жуандығы үш адамның құшағындай болатын мәуелі ағаш көлеңкесіне қисая кетіпті. Бірінші жалқау:
– Е... құдай, мына өріктер піссе, - депті.
Екіншісі:
–Ауызға келіп түссе, - депті.
Сонда үшіншісі оларды міней сөйлеп:
–Түу, соны айтуға қалай ерінбейсіңдер, - депті.
Жалқаулар жата кеткен жемісті мәуе ағаштың биіктігі 40 аршын екен. Аршын шынтақ пен саусақ басының аралығы. Ол 40-45 см тең болады. 40 аршыныңыз – 16 метр шамасы десек, бір құшақ – 150 см арасы болса, 3 құшақ 4 м 50 см шеңбер бойы болады екен.
«Сыншы бала»
Ер туған жеріне
Баяғыда бір баланы жат жұрттықтар тұтқындап, еліне алып кетіпті. Еліне әкелген соң, қой бақтырып қойыпты.
Ауылдан тай шаптырым жерде бала қой бағып жүріп, далада қалған қу бастың қасына келіп: «Сенің арғымақтың басы екенінді кім білсін, менің Тортай сыншының баласы екенімді кім білсін?» деп зарлайды екен.
Күндердің күнінде баланың қожасы үш арғымақ әкеліп балаға сынатыпты.
– Бала, мына арғымақтардың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты. Бала:
– Мен білмеймін, әкем білетін еді, - депті.
Мұнан соң бай сәйгүліктерді балаға бақтырып қойыпты. Бала ең тұлпарын танып, жарата беріпті. Бір күні бала тұлпарға мініп, еліне тайып отырыпты. Жат жұрттықтар көз ұшында туған жеріне қашып бара жатқан баланы байқап қалып, жабыла қуыпты. Бірақ бала оларға жеткізбей кетіпті. Сөйтіп аман – есен еліне жетіпті.
Ойлан: Тай шаптырым- 4-5 км, көз ұшында – 6-7 км.
«Ханның жұмбақ есебі»
Ханда қырық кісінің ақылы бар
Қара ханның алдына келіп бағыңыздан бір алма алуға рұқсат етіңізші деп сұрайды. Хан рұқсатын берген соң қара баққа келсе бақтың сырты үш айналдыра қоршалған екен. Бірінші қақпадағы жасауылға келіп ханнан бақ ішіне кіріп бір алма алуға рұқсат алғанын айтса, әлгі күзетші «Ал, бірақ шығарда алған алмаңның жартысын және бір алма бересің» депті. Қалған үш қақпаның күзетшілері де дәл осылай шарт қойыпты. Сонда қара рұқсат етілген бір ғана алманы алып шығу үшін қанша алманы теріп және күзетшілерге беруі тиіс?
*Қара деп отырғаны халық арасынан шыққан қарапайым адам.
Шешімі: Ойша кері жолмен есептеп көрелік. Бірінші жасауылға алманың жартысын және тағы бір алма, демек сыртқа шығарда қараның қолында 4 алма болуы керек. Ортадағы қақпадан шығарда бұрынғы 4 алма + 1 алма, 1 алма бұл күзетшіге берген 1 алмасы ғой және бес алма. Сонда екінші қақпада қараның 10 алмасы болған. Ішкері қақпада ол алманы теріп шыққан беті ғой, күзетшіге терген алмасының жартысын және 1 алма беру керекті. Ол қолында 22 алма ұстап тұрған, жартысын 11 алманы және 1 алманы беріп 10 алмасы қалған. Осы 10 алмамен екінші қақпаға барып 4 алмамен қаламыз, 4 алмамен бірінші қақпаға барып 1 алмамен қаламыз. 22 алма әу баста терген екен.
«Тазша бала»
Асыл – тастан, ақыл - жастан
Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, етінен кемпір мен шалға бір түйір де берместен, арқалап кетіпті. Келе жатса, бір өнерші байдікіне келеді. Бұл байға өнер үйренуге ол жігіт жалданыпты. Өнерші бай бек қатты жауыз адам екен. Ол жалданған жігітті бір сандыққа салып қойып, аштан өлтіріпті. Үйінде қалған ортаншы баласы, бұ да өнер үйренбекке талап етіп, о да ағасының кеткен жолымен кетіп, о да өнерші байға келіп жалданыпты. Өнерші бай оны да ағасынша аштан өлтіріпті. Үшінші ұлы — Тазша бала, о да ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, жарты етін әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, арқалап кетіпті.
Келе жатса, бір қора қойға ұшырапты. Бұл қора қойдың қойшысына жолығып сұраса, бұл қойлар өнерші байдікі екен. Ол Тазшадан сұрайды:
— Балам, қайда барасың? — деп.
Тазша бала жауап береді:
— Өнер үйренуге барамын, — деп.
Сонда шал тұрып айтады:
— Балам, бұл сөзіңді бөтен ешкімге айтпа, жатқа (бөтендерге) шыныңды айтпа деген, — деп.
Сонан соң, бала «шалдың бұл айтқаны рас екен» деп ойлап, өнерші байға барыпты. Байдың үйіне қонып, ертең жүрейін деп жатқанда, өнерші бай Тазшадан сұрайды:
— Балам, қайда барасың, жолың болсын? — деп.
Тазша бала жауап береді:
— Мен өзіңдей ер баласы жоққа еншілес бала боламын, — деп.
Сонда өнерші бай айтады:
— Балам, сен біздікіне қал, маған бала бол, біздің бір ақ құнан қойды сойып, той қылып, асық жілігін етімен өзің жеп той, мен өзім жолаушы барамын, — дейді де, өзі жолына кете береді.
Тазша бала:
— Хош әке, жақсы бол! — деп , үйінде қала беріпті.
Бұл өнерші байдың үйінде бір қызы бар екен. Бұл Тазша балаға айтады:
— Аға, сен асық жіліктен өзің жемей, керегенің басына іліп қой, сонда бір ақ тазы келіп, жілікке ұмтылар, сонда сен балтамен ол тазыны лақтырып өлтір, — деп.
Мұнан соң Тазша бала ақ құнан қойды сойып, той қылып, көршілерін шақырып, асық жілігін өзі жемей, қыздың айтқанын қылып, керегенің басына іліп қойғанда, айтканындай - ақ тазы келіп, етті жілікке ұмтылғанда, Тазша балтамен жіберіп қалыпты. Бірақ балтасы тазыға тимей, ит қашып құтылып кетіпті.
Өнерші бай үйіне келген соң, Тазша баланың мұндай істерді істегенін біліп, қатты ашу етіп, «бұл итті аштан өлтірейін» деп сандыққа салып қойыпты. Бұл байдың бағанағы қызы, әкесі жоқта, сандығының түбін тесіп, тамақ беріп, Тазшаны тойдырып тұрыпты.
Бірнеше күндер өткен соң, Тазшаның өз әкесі балаларын іздеп шығып, өнерші байдікіне келіп сұрады:
— Бір Тазша деген балам бар еді, соны көрдіңіз бе? —деп.
Өнерші бай:
— Көргенім жоқ — деп жауап береді.
Бұлардың сөйлесіп тұрған сөздерін Тазша үйде, сандықта жатып есітіп жатыр еді. Бай әлгідей дегенде, Тазша:
— Әке, мен мұндамын! — деп сандық ішінен айқайлапты.
Даусынан баласын танып, байдың сандығынан шығарып алып, Тазша мен әкесі үйіне қайтыпты.
Тазша жолай әкесіне айтады:
— Әке, мен бір қара құнан қой болайын, мойныма жіп тағып, жетектеп барып базарға жақсы бағаға сат, бірақ жібіңді алып қал, — дейді.
Баласы сол жерде айтқанынша қара құнан қой болады, әкесі мойнына жіп тағып, базарға апарып сатып, ақшасын алып үйіне қайтады.
Ертеңіне баласы өз қалпына түсіп, әкесіне айтады:
— Әке, мен бір қара жорға ат болайын, мені базарға апарып сат, пұлымды ал, бірақ шылбырымды алып қал, — депті.
Баласы айтқанынша ат болып, әкесі базарға апарып сатып, шылбырын алып, үйіне кайтты.
Ертеңіне баласы, Тазша, тағы өз қалпына түсіп, үйіне келіп әкесіне айтады:
— Әке, мен бір жез бұйдалы нартайлақ болайын, сен мені базарға апарып сат та, пұлымды алып, бірақ бұйдамды алып қалып, үйге қайта бер, — деді.
Тазша айтқанынша тайлақ болып, әкесі базарға сатайын деп жетектеп келе жатса, алдынан баяғы өнерші бай шығыпты. Ол айтады:
— Маған мынау тайлағынды сат, — деп.
Тазшаның әкесі айтыпты:
— Тайлағым басы жүз тілла, — деп.
Сонда өнерші бай бұлардың айласын біліп, жаман оймен, тайлақты жүз тіллаға сатып алыпты да, үйіне жетектеп келіп, баяғы қызын шақырып алып, «мынау тайлақты ұстай тұр» депті де, өзі үйден пышақ алып, тайлақты бауыздайын деп, үйіне жүгіріп кетіпті. Қыз әкесінің жаман ниетін біліп, үйден бұ да пышақ алып шыққан екен, әкесі үйге кірген кезінде, тайлақтың бұйдасын пышақпен қиып жіберіп, босатып қоя беріпті.
Өнерші бай тұра салып, үйінен шығып, қашып бара жатқан тайлақты көріп қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай тазы болып қуыпты, өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты. Біраздан соң, Тазша бала Торғай болып қашыпты, онда бай қырғи болып соңына түсіпті. Онан соң Тазша Торғай қалпында шаңыраққа ұшып келіп қонып отырғанда, бай — қырғи келіп таяна бергенде, Тазша қорқып, шүберек болып жерге түсіпті. Өнерші бай онда кісі болып, шүберекті қолына алайын дегенде, Тазша тары болып домалапты. Онда өнерші бай тауық болып шұқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да, өнерші байдың желкесіне мініп алып тістеп, тырнап, зорлықпен өнерші байды өлтіріпті. Сөйтіп, оның қызын өзі алып, барша мұратына жетіп, зор бай болып дәурен етіпті. Ертегі керемет қызық. Ал мұнда да тұрмысқа қажетті сөздер көрініс тапқан. Ешкінің жарты еті қанша кг? Бір қора қой қанша бас? Пұл деген ? Жүз тіллә ше?
Шешімі: Ешкінің салмағы үш жарым- төрт пұттай болады, бір қора деп 10 бастан асатын мал басын айтады (көп мағынасын береді), пұл – ақша, құн сөзінің мәнін береді, Жүз тіллә- таза алтын ақша дегенді білдіреді екен.
Ойын есептер
«Бестабан»
Бұл– кезінде үлкен бозбалалардың өзі ауыл-ауыл боп топаймен ойнаған ұлттық ойын. Асықтарын араларына сүйем, не қарыс жер қалдырып бір сызықтың бойына тізіп қою керек. Екі жағынан бес табан өлшеп, кеней тұрған орыннан параллель сызық сызылады. Екі жаққа бөлінген балалар бес қадам жерден тұрған асықтарды кезекпен атқылайды. Шарты– тигізіп құлату емес, бес табан жердегі сызықтан кенейді шығарып жіберу. Сол үшін қорғасынды ауыр сақалар қолданылады. Оларды судың бетіне тас жалақтай лақтырады. Бұл ойын үшін дәлдік, мергендік керек. Ұтқандар ұпай санын жиып, мәреге жетеді. Ойында келтірілген шамаларды түсіндіріп көр.
Шешімі: сүйем – бас бармақ пен ортаңғы саусақ аралығы 21-22 см, қарыс – бас бармақ пен шынашақ саусақ аралығы 21-22 см. Табан – аяқтың өкшесі мен екінші саусақ аралығы, қадам – адамның бір адымына тең ұзындық – 60-70 см шамасы.
«Арқан тартыс»
Арқан тартыс — ұлттық ойын. Ойынға ұзындығы 20 кездей жуан кендір арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан 3-4 кездей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10—12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта түрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»... деп сол жақ шетіне дейін санап шыгады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады.
Ойынға қажетті арқан ұзындығын қазіргі өлшеммен есепте.
Шешімі: 1 кез 50 см болса, 20 кез дегеніміз 10 метр болғаны.
-
кезі – 1 м 50 см немесе 2 м болады.
«Он құмалақ»
Он құмалақты суреттегідей басын төмен қараған үшкіл етіп орналастырайық. Үш құмалақты ғана орнынан қозғап, үшкілді жоғары қарату керек.
«Тоғыз құмалақ»
Бұл ойынды екі адам ойнайды. Әр адамда 9 кіші отауы, 1 үлкен отауы болған. Жүрісті бастаушы ойыншы өз отауындағы құмалақтың 8- ін алып, 1- еуін орнында қалдырады да, солдан оңға қарай бәріне бірдей етіп отауларға салады. Ең соңғы құмалақ түскен отауда жұп санды құмалақ болса, сол ұя босатылады. Бұл құмалақтарды жүруші жақ өз қазанына салады. Егер жүрушінің құмалағы өз отауына түссе, құмалақтарды алмайды. Қай ойыншы қазанына көп құмалақ жинаса, сол ойыншы жеңімпаз.
Қазақы өлшемдер әліппесі
Біз ертедегі салмақ атауларын біле бермейміз. Бір күні әжем маған балам ескіше салмақ өлшемдері қалай аталатынын білесің бе,-деген сұрақ қойды. Мен таң қалдым, әже неге ол өлшемдер ескіше немесе жаңаша болып бөлінуі керек,- дедім. Әжемнің сонда маған түсіндіргені, бұрын өлшеу құралдары барлық отбасында бола қоймаған, ал шелек барлық үйде бар, олар қазіргідей әртүрлі емес, үлкен бір шелекке он литр сүт сиятын болған,- деді. Және ертеде торсық болған, оған айран құйылады, оған шамамен алты, жеті литр сиятын болған, ал саба - қымыз құйылады- он, он бес литр шамасында. Ал, бір арқа деп бір 45-50 кг жүкті айтқан, бір қап 50-60 кг болған, найза қап немесе қанар деп 70-80 кг сиятын қаптарды айтқан. Ал, бір мысқал-1 гр, бір келі- 1 кг, бір пұт- 16 кг, бір қадақ 200 гр, болған екен.
Уақыт өлшемдері
Ең қымбаты - уақыт
Уақыт ғасырмен, жылмен, аймен және аптамен өлшенеді. Апта – «жеті» деген сөзді білдіреді. Жеті күнді санау
1. Бүгін
2. Ертең
3. Бүрсігүні
4. Арғы күні
5. Қасиетті күн
6. Соңғы күн
7. Азына
Түнеугүні – бірнеше күн бұрын.
Жыл мезгілдерінің атаулары
1. Жазғұтыры – наурыз, көкек, мамыр айлары
2. Жаз – маусым, шілде, тамыз айлары
3. Күз – қыркүйек, қазан, қараша айлары
4. Қыс – желтоқсан, қаңтар, ақпан айлары.
Ай аттары
1.Наурыз – хамал – март
2.Көкек – сәуір – апрель
3.Мамыр – зауза – май
4.Маусым – саратан – июнь
5.Шілде - әсет – июль
6.Тамыз –сүмбіле – август
7.Қырқүйек – мизан – сентябрь
8.Қазан – ақрап – октябрь
9.Қараша – қауыз – ноябрь
10. Желтоқсан – жәди – декабрь
11. Қаңтар – дәлу – январь
12. Ақпан – хұт – февраль
Сонымен қатар көшпенділік өмірде табиғаттың қыр – сырын танып, білуде аталарымыз оның қатты ысуы мен сууын да барлай білген екен.
Шілде
1.Жазғы шілде – 26 маусым мен 5 тамыз аралығы
2.Қысқы шілде – 27 желтоқсан мен 6 ақпан
Түйе – жылдан құр қалған жануар
12 жыл атауы
Тышқан ЖЫЛ БАСЫ |
1948 |
1960 |
1972 |
1984 |
1996 |
2008 |
|||
Сиыр |
1949 |
1961 |
1973 |
1985 |
1997 |
2009 |
|||
Барыс |
1950 |
1962 |
1974 |
1986 |
1998 |
2010 |
|||
Қоян |
1951 |
1963 |
1975 |
1987 |
1999 |
2011 |
|||
Ұлу |
1952 |
1964 |
1976 |
1988 |
2000 |
2012 |
|||
Жылан |
1953 |
1965 |
1977 |
1989 |
2001 |
2013 |
|||
Жылқы |
1954 |
1966 |
1978 |
1990 |
2002 |
2014 |
|||
Қой |
1955 |
1967 |
1979 |
1991 |
2003 |
2015 |
|||
Мешін |
1956 |
1968 |
1980 |
1992 |
2004 |
2016 |
|||
Тауық |
1957 |
1969 |
1981 |
1993 |
2005 |
2017 |
|||
Ит |
1958 |
1970 |
1982 |
1994 |
2006 |
2018 |
|||
Доңыз |
1959 |
1971 |
1983 |
1995 |
2007 |
2019 |
Жыл санау
1. Биыл – осы жылы
2. Былтырғы (өткен) жылы – 1 жыл бұрын
3. Бұрнағы (мұрнағы) жылы – 2 жыл бұрын
4. Одан арғы жылы – 3 жыл бұрын
5. Бұрынғы жылдары – 4 жылдан бұрынғы жылдары
Тәулік мезгілдерінің атаулары
1. Күн шығар алдыңдағы мезгіл атаулары – бұл мезгілді таң немесе таңертең деп атайды.
2. Алагеуім, алатөбе, алаң – ғұлан, алаң – елең – таңертеңгі мезгілде айналаның әлі жарықтанбай, сәл ғана бозғылт тартқан кезі.
3. Құланиек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бастаған кез.
4. Таң сәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.
Күн көкжиектен көтерілген мезгіл атаулары
Бұл мезгілді сәске деп атайды.
1. Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.
2. Сәске түс – түске жақындаған мезгіл, сағат 12 шамасы.
3. Ұлы сәске – тал түске жақыңдаған мезгіл.
Мүшел жас
1 – мүшел 13 жас (ер жете бастау)
2 – мүшел – 25 жас (жігіттік шақ)
3 – мүшел 37 жас (ақыл тоқтау)
4 – мүшел – 49 (орта жас)
5 – мүшел – 61 жас (орта жас)
6 – мүшел – 73 жас (қарттық)
7 – мүшел 85 жас (кәрілік)
8 – мүшел 97 жас (қалжырау)
9 – мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)
10 – мүшел 121 жас (немене сүю)
Астың пісуіне байланысты уақыт өлшемдері
Бұл өлшемдердің барлығы тұрмыстық – қолданыстық деңгейден пайда болған
1. Ас пісірім - 2-3 сағаттық мезгілді білдіретін өлшем.
2. Ет асым - 2-3 сағат шамасындағы мезгіл өлшемі.
3. Ет пісірім - асқан ет пісетіндей уақыт
4. Ет қайнатым - қазанға салған ет қайнатымдай мерзім
5. Қайнам: қазан қайнам - қазанның қайнау уақытының өлшемі
6. Сүт пісірім - өте қысқа мерзімді білдіретін өлшем
Салмақ (масса), сыйымдылық өлшеміне байланысты шамалар
1 көнек сүт шамамен 6-7
литр,
1 шелек шамамен 10-12 литр
1 қап шамамен 4 пұт 65-70 кг
Найза қап, қанар – 70-80
кг
1 мысқал шамамен 4, 46 г,
1 жамбы күміс шамамен 6 кг,
1 пітір шамамен 3 кг,
1 ширек шай шамамен 250г
1 әшімөңке шай шамамен 50г,
1 таймөңке шай шамамен 25 г,
1 шөкім тұз шамамен 12, 5 г
1 торсық – сегіз аяқ қымыз шамасы
1аяқ қымыз – 1 л шамасы
Мес – 21-24 л шамасы
1 саба қымыз – 10-15 литр
Бір құлақ су – 3-4 текше метр
Батпан – 100 кг, әр елдің өлшемі әртүрлі. Балуан Шолақ көтерген 51 пұттық таразының тасы да бір батпан болған.
Қадақ – 200г, 400г кейде 750 г айтады
1 пұт – 16 кг
1 арқа жүк – 45-50 кг
Ат басындай алтын – дәстүрлі өлшем атауы, өте үлкен қымбат зат мөлшері
Саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдері
Шымшым – Ұсақ затты бас бармақ және сұқ саусақпен қысып алғандағы өлшем
Шөкім – Ұсақ затты үш саусақтың ұшымен қысып алғандағы өлшем
Бір уыс – Қос саусақтарын жұмдастыра бүккендегі өлшем
Қос уыс – Қос қолдың саусақтарын бірге жымдастыра, бүккендегі өлшем
Ұзындық мөлшері ( саусақпен, қолмен өлшенетін ұзындықтар)
1 қазық бойы шамамен 3 м
1 көген шамамен 25, 5 м
1 бұршақ шамамен 3-4 сүйем
1 сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық, шамамен
17-20 см
Сынық сүйем – бас бармақ пен
сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық
Қарыс - бас бармақ пен шынашықтың керіп ұстаған арасы, 19-20 см
мөлшері
Кере қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты керіңкіреп созғандағы аралық, 21-22 см
Қарыс сүйем – бас бармақ пен ортан саусақтың арлығы , 21-22 см
Қары – оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, сол қолдың ортаңғы саусақ ұшына дейінгі аралық
Кез – 50 см
Тұтам – бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзындық, 4 еліге тең ұзындық
Аршын – шынтақ пен саусақ басының аралығы
Сере – сұқ саусақ пен шынашақтың арасы, ол 15 см-ге тең
Білем – ортан саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буынының арасындағы қашықтық
Кез – қолдың ұшы мен қолтық аралығы
Шынтақ – шамамен екі қарысқа тең мөлшер
Елі- сұқ саусақтың екінші
буынының еніне тең болатын өлшем, 2 см
1 құлаш – иық деңгейінде созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 8
қарыс
Кере құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 9 қарыс
Сала құлаш – үш құлаштың
шамасы
Көшжер-ұзындық өлшемі, ол әр түрлі мағына алады: қозы көшжер
шамамен 14, 5 км, күзгі көшжер шамамен 25, 5 км, орта көшжер
шамамен 90 км.
Ұзындық өлшемі болып есік пен төр аралығы, қамшы сабы, арқан, бір көйлектік мата, бір аяқ ас тағы сол сияқты өлшемдер де алынған. Бұдан басқа өлшемдік сөздер нақыл сөздерде де өріс алған.
Ел құлағы елу
Екі елі ауызға - төрт елі қақпақ
Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды
Көзбен көріп көңілге тоқимыз
Білем |
-ортан саусақтың ұшы мен қолдың бірінші буынының арасындағы қашықтық |
|
Бір уыс
|
-қол саусақтарын жұмдастыра бүккендегі ішкі шұқыр өлшем |
|
Шөкім |
– ұсақ затты үш саусақтың ұшымен қысып алғандағы өлшем |
|
1 құлаш |
– иық деңгейінде созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 8 қарыс |
|
Шынтақ Аршын
|
– шамамен екі қарысқа тең мөлшер – шынтақ пен саусақ басының аралығы |
|
Қарыс |
- бас бармақ пен шынашықтың керіп ұстаған арасы, 19-20 см мөлшері |
|
1 сүйем |
– бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық, шамамен 17-20 см |
|
Кез |
– қолдың ұшы мен қолтық аралығы |
|
Шымшым |
– ұсақ затты бас бармақ және сұқ саусақпен қысып алғандағы өлшем |
|
Кере қарыс |
– бас бармақ пен ортан саусақты керіңкіреп созғандағы аралық, 21-22 см |
|
Тұтам |
– бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзындық, 4 еліге тең ұзындық |
|
Сере |
– сұқ саусақ пен шынашақтың арасы, ол 15 см-ге тең |
|
Елі |
- сұқ саусақтың екінші буынының еніне тең болатын өлшем, 2 см |
|
Қарыс сүйем |
– бас бармақ пен ортан саусақтың аралығы , 21-22 см |
|
Сынық сүйем |
– бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық |
|
Қос уыс |
-қос қолдың саусақтарын бірге жымдастыра, бүккендегі ішкі шұқыр өлшем |
|
Кере құлаш |
-иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 9 қарыс |
|
Қары |
– оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, сол қолдың ортаңғы саусақ ұшына дейінгі аралық |
|
Қадам |
– жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы |
|
Аттам |
– екі аяқты кере созғаңдағы қашықтық |
|
Табан |
– аяқтың өкшесі мен башпайдың ұшының аралығы |
Азық-түлікке қатысты өлшемдер
1. Бір асым (ет)
2. Бір елі (қазы)
3. Бір жапырақ (ет, нан)
4. Бір жұтым (қымыз, сүт, су)
5. Бір тұтам (қазы)
6. Бір ұрттам (қымыз, ет)
7. Бір уыс (бидай, тары)
8. Бір үгім (тұз)
9. Бір үзім (нан)
10. Бір шөкім (тұз)
11. Бір шымшым (тұз)
12. Жұдырық (ет, қазы)
13. Қайнатым: бір қайнатым (шай)
14. Салым: бір салым (тұз, шай)
15. Турам (ет, нан)
Аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері
Табан – Аяқтың өкшесі мен башпайдың ұшының аралығы
Адым (қадам) – Жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы
Аттам – Екі аяқты кере созғаңдағы қашықтық
Қашықтық өлшемдері
Өте жақын деген мағынада айтылытын қашықтық өлшемдері
1. Аттам (бір аттам) жер
2. Бөрік тастам жер
3. Иек артпа жер
4. Қозы көген жер
5. Қол (құлаш) созым жер
6. Қырық қадам
7. Тас лақтырым жер
8. Таяқ тастам жер
9. Сідік шаптырым жер
Жақын деген мағынада айтылатын
қашықтық өлшемдері
1. Ат жетер жер
2. Ат шаптырым жер
3. Аяқ жетер жер
4. Әудем жер
5. Қозы көш жер
6. Құнан шаптырым жер
7. Тай шаптырым жер
8. Сәскелік жер
9. Талай жер
Өте алыс деген мағынада айтылатын
қашықтық өлшемдері
1. Айшылық жер
2. Ит өлген жер
3. Қырық күншілік жер
Адам бойына байланысты тереңдік өлшемдер
1. Тобыққа дейін
2. Тізе бойы
3. Белуар (белбуар) бойы
4. Кіндік бойы
5. Кісі бойы
Кәделік ұғым мөлшерлері
Бір көйлектік мата – 2-3 метр мата мөлшері
Бір тай мата – 100 м шамасы
Бір ілуі – 10-12 метр ауданды кілемді айтады
Бесжиырма – 50 жылқы (ішімен есептеледі де 100 бас болады)
Бесжақсы – өз дәуіріндегі 500-600 сом
Шектен шықпас – 5 жылқы немесе 100 сомдай ақша