«Алаш ардақтыларының
көтерген ұлттық идеялары және педагогикалық шығармаларын қайта
жаңғырту»
Мұстапа Әли
Өмірбекұлы
«Ы.Алтынсарин атындағы негізгі
білім беретін мектебі» ММ
Шардара
қаласы
Түркістан
облысы
E-mail:
Ali_98_best.boy@mail.ru
Бүгінгі Қазақстан ғасырлар
тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып,
егемендікке ие болған. Қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне
халықаралық қауымдастық ұйымдары құлақ асатын беделді мемлекет.
Мұндай бақытқа әрине оңай жеткен жоқпыз. Жер көлемі бойынша әлемде
9-орында тұратын еліміз осынау ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалу
үшін, егемен ел ретінде әлем аренасында өз орнын қалыптастыруға
қаншама тер төгіліп, еңбек етілді. Ұлттың тілін, дінін,
салт-дәстүрін, болашағын, ел болып қалыптасу мүддесін ойлаған
қаншама зиялы қауым осы жолда мерт болды. Осы орайда ХХ ғасырдың
басында елдің еркіндігі үшін күрескен Алаш ардақтыларының сіңірген
еңбегі мол. «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік. ХХ ғасырдың
басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті
сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат. Алаш
зиялыларының көтерген мәселелеріндегі негізгі мақсат, орасан міндет
ұлтымызды ұйыстыру десек, онда осы істің көшбасында Ана тілімізді
сақтап қалу мәселесі тұрды. Алаштықтардың қай-қайсы да тілдің саяси
, қоғамдық әрі үлкен күш ұлтты біріктірудің басты факторы екендігін
жақсы білді. Ұлт-азаттық күрес заманы қайраткерлерінің тіл
төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың тілдің маңызын терең
түсінгендігін аңғартады.
Қазақ тіл білімінің іргетасын
алғаш болып Алаш азаматтары қалағаны белгілі жай. Осы тұрғыда Ахмет
Байтұрсынұлының тіл саласындағы «Оқу құралы», «Тіл құралы»
еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын.
Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің, емлесінің қалыптасуындағы Алаш
зиялыларының орны ерекше.
Алаш қаламгерлері ХІХ ғасырдың
ортасында алғашқы белгілері байқалған жазба әдебиетімізді жанрлық
жағынан, стильдік тұрғысынан қалыптастырды. А.Байтұрсынұлы,
Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы
жазба реалистік дәстүр, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы
классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Сонымен қатар
А.Байтұрсынұлының мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа»,
«Әдебиет тарихына» ұласқан шығармалары «әдебиеттану» ғылымының
қалыптасуына негіз болды.
Ұлттық мазмұндағы қазақ
баспасөзінің қалыптасуы Алаш қозғалысы тұсында өрістеді. Әлихан
Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов,
Сұлтанмахмұд Торайғыров және тағы басқа Алаш қаламгерлерінің ХХ
ғасырдың басындағы публицистикалық еңбектері публицистикалық
стильдің қалыптасуына, әдеби тілдің қалыптасуына мол үлес қосты.
«Қазақ» газеті бетінде жарияланған алуан материялдар сол кезеңнің
тынысын, қозғалыстың барысын куәландырып отырды. Газет бетінде
әдеби тіл тармақтарының саралана көрінуі 1917 жылғы сандарынан
айрықша көрініс береді. М.Дулатовтың «Тарихи жыл» мақаласы,
Ә.Бөкейханның «Қазақ сиезі», «Алаштың талапты азаматына» тағы да
басқа публицистикалық туындыларда ұлт баспасөзінің деңгейінің
артқандығы, публицистикалық стильдің ширағандығы кеңінен сезіледі.
Алаш ардақтылары «Айқап» журналына журнал ғұмыр кешкен 5 жыл ішінде
халықтың көзі мен құлағы бола білді. Жер дауы, жесір дауы мен қатар
онда медресе, мешіт салу, халық сотын өзгерту туралы ұсынысқа толы
мақалалар да шығып жатты. Бұл алыптардың ұлттық мүдде жолындағы бір
алаңда тоқайласуы Алашорда өкіметінің құрылымдық бағытын
айқындаудың сара жолы осы «Айқап» журналы және «Қазақ» газеттері
арқылы көрініс тапты.
Алаш оқымыстыларының ғылыми
еңбектері, әр салаға арналған оқулықтары арқылы тіліміздің ғылыми
және ғылыми-көпшілік стильдерін қалыптастырды, Ә.Бөкейханның тарих,
әлеуматтану саласындағы шығармалары, А.Байтұрсынұлының 1912 жылдан
бастап, 1928-1929 жылдарға дейін жарияланған оқулықтары,
Х.Досмұхамедұлының медицина, биология, тілтану саласындағы
еңбектері, М.Тынышпаевтың тарихи зерттеулері, М.Дулатовтың тілтану,
әдебиеттану, математика саласындағы ғылыми шығармашылығы,
Ж.Аймауытовтың психология, әдебиеттану саласындағы ғылыми
ізденістері, М.Жұмабаевтың педагогика, әдебиеттану саласындағы
еңбектері ғылым тілінің, қазақтың ғылыми терминологиясының
қалыптасуында айрықша белес болды. А.Байтұрсынов «Жазу тәртібі»
атты мақаласында оқу құралын дайындау қажеттігін ескертіп, мынадай
пікір айтады: «Оқу құралының ең ұлылығы-бала оқытатұғын кітап; оның
жақсы болып, балалардың жанын қинамасына жазудың тәртібі болуы
шарт...!» - дейді [1,380] Демек А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының
ана тілінде сауаттандыруда әліпби мәселесін көтеріп, ғылыми
пайымдаулар жасап, тығырықтан шығатын жолды көрсетеді. «Оян қазақ»
деп ұрандатқан М.Дулатовтың «Тіл – ойдың кілті», «Ой қараңғылығы –
жан ауырлығы», «Үлкендердің үлгісі – тәрбие құралы» т.б.
М.Дулатовтың бастауыш мектепке арналған «қирағат» атты оқу – құралы
Орынборда тұңғыш басылып шығады. Кітаптың мұғалімдерге арнап жазған
алғы сөзінде бала тәрбиесінің маңызына ерекше тоқталады. «Оқудағы
мақсат – жалғыз құрғақ білім беру емес, біліммен бірге жақсы
тәрбиені қоса беру», - дейді [2,15]Алаш оқымыстылары бастаған осы
ғылыми дәстүр совет тұсында қанша масұқталғанымен, бәрібір қазақтың
ғылыми алқабына себілген дән болып көктеп шықты, өз жемісін берді
бүгінгі бізге де қуатты құнар болуда.
Қай уақытта болса да ұлтының
қамы үшін еңбек еткен Алаш азаматтарының еңбегі елеулі, бейнеті
бағалы болары сөзсіз. Бүгінгі біздің егемендігіміз, еркіндігіміз
Алаш қайраткерлерінің серпілісі деп
білеміз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Байтұрсынов
А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу ағартуға қатысты еңбектері) –
Алматы: «Ана тілі», 1992,448 б.
2. Дулатов М.
«Ағартушылық бағыттағы еңбектері мен оқу құралдары , алты томдық
шығармалар жинағы». – Алматы: Мектеп. – 2003. Т.4.400
б.