Тақырып бойынша 11 материал табылды

Баяндама. Жетісу өлкесінің жер- су атауларының тарихы. Топонимика ,ономастика...

Материал туралы қысқаша түсінік
Жетісу өлкесінің жер- су атауларының тарихы. Топонимика ,ономастика...
Материалдың қысқаша нұсқасы

І. Кіріспе

Ономастика тіл білімінің бір саласы

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғырынан көрінген тұста халқымыздың асыл қазыналарына жаңа жол ашылды. Осы жолда бұрын белгісіз, зерттелмей келген мұраларымыз қайта жарық көріп, халыққа орала бастады.

Қ.Жұбанов: «Тіл – адамзат тарихының қоймасы тәрізді. Жердің тарихын білем дегендерге белгілі бір тәртіппен бірінің үстіне бірі орналасқан қатарлар арқылы із қалдырып, жердің геологиялық дамуының кезеңдерін көрсететін жер қабаттары тәрізді тілдің де әрбір кезеңі даму тәртібіне сай тілде қаланып, қалыптасып сақталады», – деген болатын [1,170-б]. Профессор Ж.Манкеева: «Тіл халықтың материалдық қана емес, рухани байлығының көрсеткіші, тіл – халықтың рухы. Ия, бір заттың атауы – ұлттық сана мен ұлттық талғам сабақтастығының нәтижесінде пайда болып қалыптасатын туындының тілдік бейнесі. Демек, тілдік атау белгілі бір затты ғана білдіріп қоймай, ұлттың өзіне тән дүниетанымдық ерекшелігіне сай туындаған тұрмыстық бұйымды атайды» [2, 28-б] деп жазады. Ономастика, негізінен, – тіл білімінің кез келген жалқы есімін зерттейтін ілім. Кез келген тілдің лексикалық қорының негізгі қабатын жалқы есімдер құрайды.

Бүгінгі күні ономастика ғылымының өзекті мәселелері қандай деген сауалға келсек, ономастика ғылымы – қоғамның ажырамас бөлігі. Өйткені адам дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, оның есімі, оның туған жері, ата-анасы, тәрбиеленген балабақшасы, білім алған мектебі, оқыған кітаптары, тұрған көшесі, т.т. барлығы да онимдер арқылы анықталып отырады. Ономастиканың антропонимика, топонимика, этнонимимка, зоонимимка, космонимика, гидронимика, оронимика, урбаноним, идеоним, дромоним, комоним, астионим, ойконим, т.б. салалары бар.

Бүгінгі таңда менің іздену жұмысымда ономастиканың үлкен бір саласы –топанимика жайлы сөз қозғамақпын.

Топонимика — ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Бұл гректің «топос» — орын, жер, «онома» — атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз. Топонимдер, яғни жер-су аттары, негізінен үш бағытта зерттеледі:

1. семантикасы (мағынасы);

2. жасалу жолдары;

3. этимологиясы.

Топонимика география, тарих, тіл білімі, этнология ғылымдарының деректеріне сүйеніп, өзара байланыста дамиды. Кез келген аумақтың географиялық атауларының жиынтығы сол жердің топонимиясын құрайды. Топоним дер зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне не мөлшеріне қарай макротопонимдерге (тау жоталары, үлкен ойпаттар, мұхиттар, т.б.), мезотопонимдерге (жеке таулар, теңіздер, т.б.), микротопонимдерге (көл, бұлақ, құдық, қоныс, т.б.) бөлінеді. Топонимика тіл тарихын зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады. Өйткені кейбір топонимдер (әсіресе, эндооронимдер мен эндогидронимдер) архаизмдер мен диалектизмдерді тұрақты сақтайды, көбінесе олар сол аумақты мекендеген халықтың субстрат тілдерінен бай мағлұмат береді. Топонимдердің халық берген дұрыс нұсқасын барлық жағдайда және басқа тілдерде дұрыс жазылуының маңызы зор. Қазақ тілінің топонимикасын Ғ.Қоңқашбаев, Н.Баяндин, А.Әбдірахманов, т.б. ғалымдар зерттеген.

Бүнгі жұмысымда мен өзімнің туған өлкемнің жер-су атауларының қойылуына назар аударамын. Мен «Жер жәннаты Жетісу» атанған өлкеде дүниеге келдім. Бұл өлкенің табиғаты көркем, тарихы бай өлке. Сол бай өлкенің бір бөлшегі Ақсу ауданындағы жер-су атауларының қойылуына, сол жерлердің тарихына, сөздердің шығу төркінініе және мағынасына қарай талдау жүргіземін.

ІІ. Негізгі бөлім.

2.1. Жердің аты-тарихтың хаты

Туған жер, жерұйығым-Жетісуым,

Аралап Асан атам тіккен туын.
Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ
Қазақтар қоныс қылған қанша буын.

Қазақ даласындағы жер-су атаулары біздің тарихымыз, ұлттық жадымыз екені белгілі. Атаулар кез-келген елдің тарихынан сыр шертіп, болмыс-бітімінен, халықтың тыныс-тіршілігімен шаруашылығынан, салт-дәс­тү­рінен, тілі мен дінінен хабар береді. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Біздің қазақ жер атын, тау атын әменде сол ортаның сыр-сипатына қоя білген. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, құпия-сыр жатады» деп айтуы тегін емес. Бүгінгі сөз еткелі отырған Жетісу аймағы киелі жер. «Жер жәннаты Жетісу» атанған өлкенің тарихына шолу жасайық. Бұл аймақтың «жер жәннаты – Жетісу» аталатыны неліктен? Ал «Жетісу» атауы нені білдіреді? Ғалымдар өңірдің Жетісу аталуын жеті түрлі өзенмен байланыстырады. Алайда нақты қай өзендер дегенде олардың пікірлері сан тарапқа бөлінеді. Мысалы, А.К. Гейнс жеті өзенге: Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. Ал кейбір географтар өңірдің шығу тарихы нақты өзендермен емес жалпылама алғанда өзенге бай өңір болғасын және қазақта жеті санын киелі санауымен байланыстырады.Жетісу аумағы Солтүстіктен Оңтүстікке дейін 900 шақырым және Шығыстан Батысқа дейін 800 шақырымды алып жатыр. Осындай ұлан-ғайыр алқаптың табиғаты да әртүрлі.  Таудың етегі ауасы ылғалды, салқын болса, енді бір жерлерде көк майсаға бай, өзендер мен тау бұлақтары көп, егін егіп, мал жаюға өте қолайлы жерлер кездеседі. Осы жанға жайлы өлкенің бір бөлігі Ақсу ауданында мен өмірге келіп, қазіргі таңда осы ауданның тұрғынымын. Енді Ақсу өлкесіндегі жер су атауларының қойылуына тоқтала кетейін.


2.2 Ақсу ауданнының елді мекендері және жер атаулары

Жетісу облысының бір бөлігі Ақсу ауданы. Ақсу ауданы Балқаш–Алакөл ойысы мен  Жетісу Алатауы аралығын алып жатыр. Шығысы Қытай мемлекетімен, қалған бөлігі облыстың облыстың Сарқан,  АлакөлҚаратал аудандарымен шектеседі.

Енді Жетісу Алатауындағы жер су атауларының шығу тарихына тоқталайын. «Қарасырық» - Жетісу Алатауының аумағында орналасқан жайлау аты. Кілең биікте , түзу қарағай көп өсетін болғандықтан Қарасырық деп атаған.

«Солдат қырған» сайы- 1928тжылдардағы болған бай-манаптардың мал –мүлкін кәмпескелеу кезінде барынан айрылған ауқатты байлар мен болыстар өз жұртын ертіп , түн жамыла арғы бетке, Қытайға үдере қашқаны белгілі. Ол үрдіске Ақсу жерінің де талай адамдары қосылған. Сондай бір көшу кезінде, 2-3 ауылдан қозғалған адамдардың үлкен бір тобы , жоғарыда айтылған «Қарасырық» жайлауындағы арғы бетке өтер терең сайды бойлай жүреді. Алайда оны алдын ала біліп қойған қызыл әскерлер отряды оларды тосып алып, тау биігінен көштегі 100 ге тарта отбасын бала–шағасына дейін қалдырмай қырып атып тастағанын үлкендер жақсы біледі және айтылып келеді де. Сол жайлауға келген малшылардың да адам сүйектерін көргендігі айтылатын. Сол тау ел арасында «Солдат қырған» деп аталып кетті.

«Ыбырайым сайы»- жоғарыда айтылған кәмпескелеу уақытында қазіргі Арасан ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында тұрған, есімі бүткіл Жетісу өңіріне белгілі Қапал Суықсай, Арасан елдерінің талай дау –дамайын шешкен Ыбырайым би-қажы 80 жасқа толған шағында «итжеккенге айдалғанша деп, арғыбетке қашуға бел буады. Әйелі-Дәмеш, зор денелі кісі екен, «соңымыздан қуғыншы түссе сен қаша алмайсың , бір немереңмен қал» дейді де, 4 жасар Қанымбике қызымен тастап өздері түн қараңғысында аттанып ентеді. Тауға келгенде ол туыстарын басқа жолға салып, өзі аталарыңың жайлауы жолымен кетеді. Оның қашқанын сезген Курносов деген милиционер соңына түсіп, алдымен атын атып, ал өзін қылышпен турап тастайды. Сол жерді жұрт содан былай «Ыбырайым сайы деп атап кеткен.

«Тілеукенің қонысы» - Суықсай ауылдық округне қарасты Баласаз ауылы маңындағы Матайдың Еменелі руынан шыққан Тілеуке қажының ата-қонысы осыай аталады. Тілеуке -елдің көрген түсін дәл болжайтын және өзінің көрген түсі қате кетпейтін қасиетті адам болған. Ол өзінің өлетінін де алдын ала болжаған.

«Ақтөбе»-Суықсай ауылына қарасты елді мекеннің атауы ауыл маңындағы екі төбеге байланысты қойылған екен. Қыста түскен қар көктемде жандарын бойлап кетеді де , төбесінде ақ қар шөкімдей болып ерімей жатады екен. Осыған байланысты атау берілген екен.

Шежіреге толы Қапал өңірінің атауына байланысты екі нұсқаны келтіре аламыз. Бірі қалмақтың батыры Қапал қолбасшының есімімен байланыстырса, бірі Қапал өңірінен ағатын қопалы өзенінің атауымен байланыстырады. Комакашинев дегеннің зерттеуі бойынша 1847 жылы Рессей патшалығының солдаттары осы жерге бекініс салғанда , оны «Копальское укрепление», қысқаша «Копальское» деп атаған. 1918 жылға дейінгі құжаттарда да ол «Копалы» болып жазылып келді.Алайда кейінгі орыс Кеңес шенеуліктері осы сөзді естіп айтуларына ыңғайлап, «Копал-Капал» деп кетеді. М.Тынышбаев та бекініс атауы «Копал» емес, орыс тілінің грамматикасына сай «Копалинское» болуфы тиіс еді деп» , оның Қопалы сөзінен шыққанын дәлелдейді. Яғни, бұл тұжырым бойынша «Қапал» сөзіне батырдың есімінің еш қатысы жоқ, оның түп тарих атауы- «Қопалы».

Табиғаттың ерекше сыйы –Тамшыбұлақ. Бұл сөздің атауы айтып тұрғандай тамшылап аққан бұлаққа қойылған.

Баянжүрек-Ақсу ауданы аумағындағы Жетісу Алатауының Қаратау сілеміндегі оқшау тау. Баянжүрек тауының атауы туралы түрлі деректер айтылады. Біріншісінде , «қозы Көрпеш-баян сұлу» эпосындағы Қарабай осы жерді мекендеген, содан Баян қызын алып қашып, қазіргі Шығыс қазақстан облысының Аягөз ауданына қарасты Таңсық деген жерге көшіп кеткен деседі.

Екіншісінде, осы өңірді қалмақтар жайлаған уақытта Қоңтажы деген хан мен Баян атты ерекше сұлу қызы болыпты. Ханның мықты батыры Сайынбөлекпен қызы бір –біріне ғашық болыпты. Өзара кездесіп жүріп, қосылуға келіседі. Әкесі қарсылық танытқаннан кейін қыз Баян Ақадыр тауының жақпар биігінен құлап өледі. Содан Баян қыздың өзі жүрекке ұқсас тауға, көз жасы «Тамшыбұлаққа айналыпты. Басқа таулардан бөлек жатқан Сайынбөлек тауы құсаланып өлген батырдың денесі делінген.

Ендігі бір деректер бойынша , моңғолдың «баян» сөзі-бай, ал «зугар» сөзі сурет дегенді, яғни суретті жазуға бай тау» дегенді білдіреді.Шындығында да, Жоңғар тауының басқа сілемдерінен бөлектеніп тұратын бұл таудың жақпар тастарында сыры ашылмаған Орхон-Енисей жазулары көптеп кездеседі.

«Ешкіөлмес»-Ақсу ауданының Көшкентал ауылының оңтүстік-батысында орналасқан тау аты. Ел аузындағы аңыз бойынша Маман –Тұрысбек байдың бір топ ешкісі қысты күні боранда адасып, Күреңбел тауының күнгейін қыстап, қорек тауып, көктемде тірі, лақтарын ертіп жүргенде табылған. Бұны көрген халық қандай қақаған аяз, жұттан ешкі өлмей қыстап шығатын «Ешкіөлмес жер» деп атап кеткен екен.

Көшкентал- Ешкіөлмес тауының баурайында орналасқан ауыл. Бұл таудың оң жақ етегінде алаң, ырғай ағаштары өте қалың өскендіктен «Ырғайлы қосы» деп атаған. Бұл жерде ағаштың басқа да түрлері көп болған.

Ұлы Отан соғысы жылдары осы жерге ауып келген басқа ұлт өкілдері , отынның тапшылығынан сол ағаштарды тып-типыл еткен. Орнында тұрған ағаштар қоныс аударғандай теп-тегіс жазық далаға айналған. Сондықтан да бұл жер «Көшкентал» атанып кеткен.

Көлтабан-Көшкентал ауылына қарасты елді мекен. Жерасты суларының тым таязда болуына байланысты осылай аталған.

Кеңжыра- Ақсу ауданындағы Қарасу ауылдық округіндегі жердің және орталығы саналатын ауылдың атауы. Ауылға кіреберіс жанында , бірнеше шақырымға созылған , табанында өзен жатқан кең жыра бар. Ауыл атауы осыған байланысты қойылған.

«Тарас» атауы тарихи оқиғамен байланысты қойылған. 1695 жылы қалмақтың қапал батыры 50 мың қолмен бір кездері өзінің ата бабалары қоныс еткен осы өңірді тартып алуға келеді. Оған Бөрібай батыр 40 мың қолмен қарсы шығады. Алдымен батырлар жекпе-жекке шығады, Бөрібай қалмақтың қолбасшысын өлтіреді. Басшысыз қалғакан қалың қалмақтарды қазақтар қыруға кіріскенде, олар Бөрібайдан өздерін тірі жіберулаерін өтініп, бұл жерді сұрамауға ант береді. Сөйтіп, бәтуаға келген екі жақ үлкен қантөгіссіз тарасады да, ол жер «Тарас» аталып кеткен делінеді.

Діңгек-Ақсу ауданының Есеболатов ауылдық округінің орталығы саналатын ауылдың бұрынғы атауы. Ол жерде шамамен 15 ғасырда өмір сүрген қытай ханының қызы жерленген, академик Ә. Марғұлан зертеулерінде айтылады.

Ел аңыздары бойынша оны хан өз қызының мазары ретінде, адамдарды қайракөл тауынан ауылға дейін қатар тұрғызып, қолдан қолға беру арқылы жеткізген тастардан, қырық құлаш етіп қалатқан. Мұндай мұнаралы және нобайы «қазақ үй» тәрізді, ортасы қуыс келетін құрлысты қазақтар «дың» деп атаған. «Тек» -тас дегнді білдіреді. Демек, «Діңгек» сөзі –кесене тас, үй тас дегенге келіп саяды .

Сатан сайы. Өткен ғасырдың басындағы Ресей патшасының отарлау саясатының күшейіп тұрған кезеңінде, олардың Тасбекеттегі (қазіргі Ақсу ауданының орталығы–Жансүгіров ауылы) әскері өз қажеттеріне деп, жергілікті ауылдардан жылына күш–көлікке 10 жылқы , тамақатры үшін 20 сиырдан талап етеді екен. Оған ешкім ашық қарсы тұра алмайды, амалсыздан наразылық–ызаларын іштерінде сақтап жүреді.

Сол кезде «Діңгек» ауылында Жаншабайұлы Еңсебек деген батыр болады. Ол сойылға мықты, ұзын бойлы, кең иықты қара сұр кісі болса керек және батырлығын да ауыл адамдары мойындап санасатын болған. Сол Есенбектің өзінен басқаға ұстатпайтын жүйрік те, есті сары аты болады. Оны жайдақ мініп келіп, жүгенін сыпырып алып, Ақсу өзенініен өткізіп жібереді де, өзі кейін қайтып, жарты жолдан тосып отырады. Сары ат түн қараңғылығында солдаттардың жайылып жүрген жылқысының бір үйірін алдына салып айдап келеді. Оларды ауылдың Еңсебек дайындаған жігіттері Балқаш көлінің бойындағы ауылдарға қуып алып, басқа жылқыларға айырбастап қайтады екен. Осылайша, сары ат елдің малын талай рет орнына қояды. Бірде оны біліп қойған орыс солдаттары ат соңынан түсіп қуғанда , ол қашқаннан қашыпарғы берке Қытай жеріне асып кетеді. Содан 3 жылдан соң, 1912 жылғы жұттан малы қырылған ауылға бір үйір моңғол тұқымдас жылқымен оралады. Сол жылқы қартайып, ақырғы демі үзілгенде , бүткіл ауыл елі оны қазіргі Есеболатов ауылдық округіне қарасты тау бөктеріндегі беткейге, «адамша» арулап жерлейді.

Өздеріне еш ұстатпай сан соқтырып кеткен орыс солдаттары Еңсебектің сары атын «Сатана» (яғни , «шайтан» деген мағынада) деп атап кеткен. Орыстың сөзін түсінбеген жергілікті қазақтар , оны өздерінше «Сатан» деп бұрып алады. Содан ақылды да асыл жануардың талай шарлаған ауыл маңындағы тау шатқалы «Сатан сайы» деп аталып кетеді.

Шадай жазығы- Жансүгіров ауылының батыс жақ іргесінде орналасқан Көкөзек ауылының маңында сырт көзге көріне бермейтін ойпаңдағы сулы, жанжағы қалың бұталы, кең жазық жерде жаугершілік замандарда әскерлер бұқпаланатын, дамылдайтын болған. Қалмақтың « шадай» сөзі –«тоспа, жол айрығы» деген мағынаны білдіреді екен. Сондықтан да болар, ол жер «Шадай» жазығы аталып кеткен делінген.

Үштөбе–Шадай жазығы солтүстікке қарай, қолдан көтерілген ескі ғасырлық бірнеше еңселі төбелермен жалғасады, олар орналасқан жерлер «Үш төбе « жері деп аталады.

Алтынарық-ауданның Жансүгіров ауылдық округіне қарайтын, Қаратау сілемдерінің теріскей жағына таяу орналасқан ауылдың атауы.

Оны осы жерде зираты, кесенесі бар көріпкел Көтен Тәуіп әулиемен байланыстырады. Елдің айтуынша, осы өңірде жайласқан «ақшора –шапа» руының басқалқасы болған Көтен Тәуіп, 17-ғасырдың аяғында Ақсу өзенінен өзі шыбықпен із салып, ауыл адамдарына 12 шақырым жерге арық қаздырған деп айтылады. Соның арқасында, егін егіп, күн көрістерін амалдаған ел адамдары оны «Алтын арығымыз» деп атап кеткен. Бүгіндері де ауыл халқы арықтан егін суарып, жағасында малын өсіріп отыр.

Қарағаш мекені. Жетісуға әйгілі бай болған Маман –Тұрысбектердің әулеті «ақшора-шаппалар» елі мекендеген, жоғарыдағы Алтынарық өңірінен жер сатып алып, оған атақты «Мамания» медресесін салдыртады. Онда байлар мен бірге кедейлердің ұл қыздарын бірге оқытқан мектеп –пансионат ашады. Сонымен бірге , оның жанына қалың қарағаштар бағын отырғызады. Олар жақсы өсіп, бұл орын шағын қалашыққа айналады. Кейін заман ағымына қарай ол тозып жойылып кетеді. Алайда ол жер «қарағаш» аталып, тарихи мекен ретінде ұзаққа есте қалды. Ағаштар ол жерде әлі де бар, Жансүгіров –Ақсу жолының батыс бойынан мен мұндалап тұарады.

Ежен жотасы. Жансүгіров ауылына қарасты Көкөзек елді мекенінен Ақсу ауылына барар жолдың шыға берісінде «Ежен» аталатын жота жатыр. Оның ерекшелігі , ауа райы бірден басқаша өзегеретін климаттық белдеу болып табылады. Халық арасында айтылып жүрген аңыздарға сүйенсек Жошы ханның Батудан кейінгі баласы Ежен хан ордасын тіккен орын деліненді. Келесі айтылып жүрген сөзге қарасақ, Ежен- Матай ішіндегі Қара руынан батырдың осы жерге жерленуіне байланысты қойылған деген әңгіме де бар.

Жолбарыссоққан.

Ертеде Балхан көлінің соңғы жолбарысы Ойтоған елді мекені жеріндегі қамысқа кіріп алып, мал жанға маза бермейді. Зәресі ұшқан халық жиналып алып, орталарынан Саурық батырға жүрегі мықты деген 4 жігіт қосып береді. Саурық қасына баласы Дауылбайды ертіп алады. «Балам, мен жыртқышпен алысқанда астында қалсам, аударып жібер» дейді. Қамысқа жақындағанда өн бойын қыл арқанмен оратып, қолына селебе пышақ пен келдек ағаш ұстаған ол, серіктерімен межелі орынға жақындағанда, алдында бір өгізді жайратып, тояттаған жолбарыс күншуаққа арқасын бере ұйықтап жатады. Сыбдырдан ояна кеткен ол, келе жатқан батырға атылады. Екеуі апыр-топыр алыса түседі. Саурық жолбарыстың аузына келдекті тістетіп, екінші қолымен жүрек тұсынан селебені ұрып үлгереді де, айқасқан күйі жанындағы қара судың қата бастаған қабыршық мұзын жара құлайды. Мұны көрген жігіттер шегіншектеп кетеді, дауылбай ғана қызыл қанға боялған суға түсіп, жолбарысты аударып, әкесін тұншықтырмай аман алып қалады.

Саурық жағаға шығып, есін жиып алған соң баласына :»Бұл жер енді «Жолбарыс соққан» аталады. Мен болған жайды жазып, осы жерге көміп кетемін. Ол туралы тіс жарып ешкімге айтпа, кейін балаларыңа айтарсың» дейді. Екеуі ауылға барып қонып, ертеңінде келіп, жолбарысты сойып, терісін алып, барлық болған жайды жазып, құмараға салып, көміп кетеді.

Үлгілі-қазіргі Ойтоған ауылына қарасты, айналасы құм, егіндігі жоқ бұл жерге сталиндік қуғын-сүргін кезінде қылмысы дәлелденбесе де, «осы күдікті-ау» деген адамдар жер аударылады. Солар жинала келе , шағын ұжымшарға бірігіп, мал өсіріп, ауданда үлгілі ауылға айналады да, шаруашылық «Үлгілі» аталған екен.

Қызылту-1929 жылы Ақсу ауданының Бүйен өзененінң орта мғысы маңында ауылшаруашылық артельдері құрыла бастайды. 1932 жылы Сүттіген , Қарасу, тб ұсақ ауылдар бірігіп, 3-ауыл атанады. 1949 жылдары сондай ауылдар тағы да іріленіп, 3 ұжымшарға бірігеді. Сол кезде , жазғы науқандық жұмыстардың бітуіне орай, облыста үлкен мереке слет өткізіледі. Онда ауыл бригадасы еңбек табыстары үшін облыстық ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алдады. Осы табысқа орай , ауылда үлкен жиналыс өтіп, шаруашылық ұжымы ресми түрде «Қызылту» деп атанады. Қазір бұл ауыл осы жердің түлегі , белгілі қоғам қайраткері Б.Сыртанов аталады.

Молалы-Ақсу ауданына қарасты жер өңірі мен ауылдың атауы. Ертеректе жалайырлар мен найман руларының ауылдары іргелес қоныстанып, Ақтілес руының жігіттері арамызда белгі болып тұрсын деген ниетпен оншақты түйме мұнара тұрғызыпты. Оларды алыстан көргендер молалар екен деп, «Молалы жерде ел болады» деп , бұрылатын болған. Содан бері осы «Молалы» атауы қалыптасып кеткен екен.

Рай- Құрақсу жеріндегі қызыл құмның ортасында , табиғат сыйлаған көл. Атауы Рай атты әйел атымен байланыстырылады. Ақсу ауданында батырлығымен ел аузында қалған Бабеке батыр жаугершілік кезінде қолға түсірген Рай есімді қалмақтың қызын күң етеді. Талай жылдар бойы өзіне адал қызмет еткен еңбегі үшін және бойындағы үлкен қасиетін білген ол Райды күңдіктен босатып, еншісін бөліп беріп, қыстауын тұрақты мекен етуге сыйлап, «Елге менің атым емес, сенің атың шықсын» деп батысын беріп бөлек шығарады. Батасы қабыл болып, Рай ана сол қыстау жанындағы көлден қаратікен тұзын тауып, , оның емдік қасиеті көпшілікке таныла бастайды. Содан ол көл «Рай» көлі атанып, жаз айларында көлге шомылушылар көбейе бастайды. Көлдің өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Оған түскен адамның табаны жерге жетпейтін, су бетінде қалқып тұрады екен. Көл қазіргі күнге дейін емдік мақсатта пайдаланылады.


2.3. Туған өлке сырлары

Менің туып өсіп келе жатқан өлкем-Қаракөз ауылы. Кеңестік дәуірдің 30 –жылдары ұжымдастыру басталғанда , ауыл белсенділерінің бірі болған Жұмағұл Шолпанбаев 20 орақ әкеліп, ұжымшардың алғашқы астық жинау науқанының салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізіледі. Соған орай әлі аты қойылмаған ұжымға «Қызылорақ» атауы беріледі. Кейіннен мектеп атауы да осы атпен аталады.

Қазіргі таңда «Қаракөз» аталатын елді мекеннің қойылуы халық арасындағы аңызға сүйенсек осы елді мекенде өмір сүрген байдың қызының аты Қаракөз болыпты-мыс. Қаракөз сулу, батыр, ержүрек болып өскен екен. Ертеректе ел арасындағы барымта кезінде Қаракөз сұлу әкесінің жылқысын қорғап қалмақ болып, барымташылардың артынан қуғанда, астындағы атының аяғы інге кіріп, қыз ат үстінен құлап, өлген екен. Ат аяғы кірген жерден бұлақ шығып, бұлаққа Қаракөз есімі беріліп, кейінен ауыл атауы да Қаракөз атанған екен.

Ауыл маңынан ағып жатқан Басқан өзені Сарқан және Ақсу ауданы арқылы өтетін Жетісудың бір өзені болып табылады. Ұзындығы 137 шақырым, су жиналатын алабы 2.7 мың шақырым. Бастауын теңіз деңгейінен 4000 метр биіктегі Жетісу Алатауының Басқан мұздығынан алады. Бұл өзеннің атауы аталардың айтуы бойынша Алатаудан бастау алатын бөлігі өткел бермес, ағыны қатты, адам өтуге мүмкіндік бермейтін болғандықтан «Басқан» аталған дейді. Сонымен қатар халық арасында «Қандысу» аталатын өзенде адам шығыны көп болған. Бастауы қанға боялған, бұл өзеннің атауы сондықтан да «Басқан» деп аталған деген сөқздер де бар.

Ауыл маңында орналасқан «Бес кемпір» атты тұманың атауы, сол тұманың басында бес кемпір өмір сүргендігін және сол тұмаға біреуі батып бара жатқанда бесеуі де бір-біріне көмектесеміз деп, сол тұмаға батып өлген деген аңыз да бар.



ІІІ. Қорытынды.

Туған жер атауы-тұнған тарих.

Сөзімді қорыта келе, қазақтар әрбір даладағы, қыраттағы, таудағы, өздері мекен еткен жерлердің әрбір иірімдерін жетік білген және барлығын ұмытпау үшін сөзбенен белгі салып отырғанын түсіндім. Осы жер-су атауларының мағынасын білу – өзіміздің туған өлкені білу, өлкенің тарихын білу және өз ұлтыңның, ата-бабаларыңның тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін, дүние танымын білу деген сөз деп ойлаймын

Әрбір атау - тарихтың табы сіңген нысаналы белгісі. Мұндай ұлттық және рухани байлығымыз саналатын топонимдерді зерттеу бүгінгі күн талабынан туындап отыр. Кез келген аймақтың жер-су атаулары өзінің бойына көптеген тарихи деректерді, этнографиялық мәліметтерді, географиялық сыр-сипаттарды сақтап отырады. Топонимдегі деректер белгілі белгілі бір географиялық ұғым атаулары болғандықтан, олар арнайы сұрыпталған лексикалық қабаттардан тұрады. Көне дәуір куәсі болып табылатын аймақ топонимдері халықтың этнографиялық, қоғамдық, әлеуметтік жай-күйінен, өткендегі өмір-тіршілігінен әр қилы мәлімет береді. Мұның өзі топонимдерді зерттеудің өте күрделі құбылыс екендігін, ол істе белгілі бір ғылыми әдіспен ғана мақсат-мұратқа жету мүмкін еместігін көрсетеді. Топонимдердің қалыптасуы, сол тілде сөйлеуші этностың (халықтың) дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық менталитетіне байланысты да айқындауға болады. Сондықтан белгілі бір аймақтың топонимиясын зерттеуді қолға алмас бұрын сол жердің тарихына, саяси-әлеуметтік жағдайына және оны мекендеуші халық өмірінің этникалық мәдени тарихына ерекше көңіл бөлу керек..

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Ономастикалық атаулар беруде жалпы ұлттың тарихи жады на байланысты маңызды мәселелер қозғалатыны белгілі. Сон­дықтан жер-­су атауларына байланысты атаулардың генезисі, мәні, мазмұны және олардың тәуелсіздік мұраттарымен сабақ тастығы мәселелері күн тәртібінде тұрғанда бұл салада атқарылмақ жұмыстардың ауқымды екені өзінен өзі түсінікті.
























Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Манкеева Ж.А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы, 1997. 272-б.

2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 1999.

3.https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A2%D0%BE%D0%BF%D0%BE%D0%BD%D0%B8%D0%BC%D0%B8%D0%BA%D0%B0

4. «Арайлы өлкем-Ақсуым». С.Серпербаев, 2021 жыл

5. https://7-su.kz/news/cat-4/12464/

6. https://surak.baribar.kz/554653/

















6


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
17.05.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12