Баяндама "МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ".

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Баяндама "МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ".

Материал туралы қысқаша түсінік
Осы ұсынылып отырған ойын түрлері қазақ тілін меңгеруде балалардың тілге деген қызығушылығын арттырып, оқу-тәрбие үрдісін іске асыратын ұтымды бір жолы. Сонымен қатар ойын балалардың еркін, өзін ұстауға байланысты этика дағдыларын, сондай-ақ балаларды еңбекке, ұжымдық қызметке дайындайды. Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма- жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді., таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл- ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді. Кез келген ойын элементі сабақта екі түрлі мақсатқа бағытталады. Оның біріншісі – оқушының сабаққа қызығушылығын, ынтасын арттыру, тілін дамыту, екіншісі – оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейініне, ойлау қабілетін арттыру.
Материалдың қысқаша нұсқасы

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ.

Курманкулова Асем Араповна

қазақ тілі мұғалімі

МКҚК «Петушок» бөбекжай-бақшасы

Петропавл қаласы

«Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе»

                                                                                                      М. Жұмабаев

Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек деді.

Егеменді еліміздің талабына сай мемлекеттік тілді меңгеру, оқыту, қазіргі заманға сай білімді де, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу педагогтар еншісінде.
Тіл – адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді.
Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз.
«Өнер алды – қызыл тіл» деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді. Әр бір балабақшадағы мұғалімдер, тәрбиешілер мен ата-аналар көңіл бөлетін міндеттің бірі – мектепке дейінгі балаларға тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұйымдастыруда баланың ақыл-ойын дамыту, сөйлеу, тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру, сөздік қорының молаюына баса көңіл бөлген жөн.

Балабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан-жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Сондықтан да, балалардың ой-өрісін үздіксіз дамыту үшін сабақты ойын арқылы өткізу маңызды. Білім беруде мақсатқа жетудің жолы – баланың іс-әрекетін ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттыру болып келеді. Ойын – баланың тек қазақ тіліне ғана емес, кез келген пәнге қызығушылығын оятып, болжау қабілетін дамытады.

Еңбек, ойын және оқу ерте кезден-ақ адам тіршілігінің негізгі үш тірегі болып есептелінген. Ойын технологиясы балалардың айналасын тану қызметіндегі белсенділігі мен шығармашылығының қалыптасуына жолды кең ашатын табиғи құбылыс. Атақты педагогтар В.А.Сухомлинский, Н.К.Крупская, К.Д.Ушинский ойынның балалардың ой өрісін дамытуда, дүние танымын қалыптастыруда практикалық маңызы зор екенін атап көрсеткен.  Ойын арқылы оқыту технологиясы мектеп жасына дейінгі мекемеде кеңінен қолданылады. Әр мұғалім технологияның нәтижесін дұрыс болуы үшін мынандай жағдайларды ескеруі қажет:

  1. Әр ойынның тәрбиелік, білімділік, дамытушылық маңызын алдын-ала жете түсініп, оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін  анықтау;

  2. Ойын жүргізетін орынның мүмкіндігін, ойын жабдықтарының эстетикалық талаптарға сай болуын алдын – ала әзірлеу;

  3. Топтағы балалардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне, сөздік қорына сәйкес келуі;

  4. Ойын кезіндегі қозғалыс, техникалық қауіпсіздіктен қамтамасыз ету;

  5. Сабақтағы ойын элементтерінің балалардың ынтасын тартып, пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталуы.

Басты мақсат – ойын әрекеттері арқылы тілдік материалдарды меңгертіп, сөздік қорды молайтып, тілдесім әрекетіне жетелеу. Баланың ой-өрісі ойын арқылы дамиды. Ойын барысында баланың адамгершілік қасиеттері, өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы қалыптасады. Ойын арқылы топтағы тіл үйренуге деген ынтасы жоқ баланы да баулап алуға болады. Мектепке дейінгі тәрбиеленушілерде ойын жаттығулар арқылы білімділік дағдыларын күнделікті іс-әрекетте қолдана білу мүмкіндіктері қалыптасады. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді», «Ойында озган, өмірде де озады» деген аталы сөздер сырына жүгінсек, мектепке дейінгі жастағы баланың ойынға деген құлқы, қарым- қатынасы, мінез- құлық көріністері олар өсіп- есейгенде де жалғаса береді.

Ойындардың негізгі мақсаты балалардың ықылас зейінін, сөздік қорын, байқампаздығын, есте сақтау, қабылдауын дамытуғы, икемділікті арттыруға, өзінің жеке құрбыларының іс- әрекетін бағалай, құрметтей, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей білуін анықтау, қалыптастыру.
Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде қазақ тілі мұғалімінің басты міндеті:
-балалардың сөздік қорларын дамыту;
-жаңа сөздерді меңгерту;
-үйреген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру.

Осы аталған міндеттерді мұғалім үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын молайтуда ойынның орны ерекше. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Бала сөйлеуден еш жалықпайды. Бұл олардың ерекше бір қасиеттері. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. «Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл- ойдың қалыптасуы мүмкін емес» - деп В.А. Сухомлинский айтқан.

Демек, ойын – баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады. Ойын баланың бойында сенімсіздік комплекстерін жоюға, өзін-өзі тануына, дарындылыққа, салауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеудің негізгі құралы. Ойындарды дұрыс таңдап, орынды қолдану, қазақ тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, қазақ тілінде ауызекі сөйлесе білуді меңгерту болашақ жеке тұлғаны дайындау деп есептеледі. Ойындардың ұлттық ойындар, дидактикалық ойындар, желілі-рөлді ойындар, қимыл-қозғалысты ойындар , т.б. сан алуан түрлері бар. Белгілі педагог А.С.Макаренко баланың ойын үстінде түрлі таным түсініктері, қасиеттері дамып, қабілеті мен белсенділігі артатынын атап көрсеткен. Сабақтарымда дидактикалық ойындарды жиі пайдаланамын, әр сабағымда деп айтуға болады. Және ойналатын ойындардың бала пайдасы өте зор. Ол ойындарды тақырып бойынша өзгертіп тұруға ыңғайлы болады. Ойынның мақсаты, шарты балаларға түсіндіріледі. Ұсынылып отырған дидактикалық ойындардағы тапсырмалар: сөйлеудің екі түрі – монологтық және диалогтық сөйлеуге арналған. Мысалы: «Телефон» ойынында диалогтық сөйлеудегі әңгіменің мақсаты, бір нәрсе жайында сұралып, оған жауап беруге, белгілі бір әрекетке түрткі болуға үйретуге болып табылады.

Жалпы және жеке ұғым туралы түсініктерін тереңдету үшін «Жалпы қалай аталады?», «Жалпы атауын бер», «Жеке-жеке атын ата» деген сияқты дидактикалық ойындарды ұйымдастыруға болады. Мысалы «Жалпы атауын ата» ойынының мақсаты: балаларға заттарды жеке-жеке таныта келе, ең соңында заттардың жалпы атауын бір сөзбен ойлана отырып шешуде тапқырлыққа, шапшаңдыққа баулу. Көрнекілік ретінде жемістер, ойыншықтар, оқу құралдары, үй жиһаздарын алуға болады. Ойын шарты: балаларға конверт ішіне салынған жемістер, ойыншықтар, оқу құралдары суреттері бар бірнеше сериялы дидактикалық материалдарды жалпы атауына сәйкес топтастыру қажет. Сонан соң, өзінің топтағанын балалар дәлелдеп айтуы тиіс. Сонымен қатар, «Бұл киімдерді қай мезгілде киеді?», «Заттарды топта», «Мамандықтың бәрі жақсы», «Гүл», «Көктем», «Қарама-қарсы сөздер» , т.б. ойындар тақырыпқа байланысты жүргізіледі.

Тағы да балалар қызығып ойнайтын ойын «Бұл қай кезде болады?» ойыны.

Мақсаты: балалардың жыл мезгілдеріне байланысты білімдерін анықтау және әрі қарай дамыту.

Ойынның шарты: жауап берген балаға сақина беріледі. Жүргізушінің сұрағына қарай жыл мезгілдерінің ерекшеліктері ататқызылады.

Ойынның барысы: Жүргізушінің қойған сұрақтарына балалар ойланып, дұрыс жауап береді.

1. Балалар, қай кезде қызыл, сары жапырақтар көп болады? /балалардың жауабы/.

2. Қай кезде жеміс-жидектер жиналады? /балалардың жауабы/.

Балалардың жауаптарына қарап, табиғат құбылыстары мен еңбек түрлерінің қай жыл мезгіліне байланысты екенін анықтай алатындықтарын бағалауға болады.

Жүргізуші: Енді мен жыл мезгілдерін атаймын. Ал, сендер соған байланысты бұл кезде не болатынын, адамдар немен айналасатынын айтасыңдар. Мысалы: Көктем деймін де, сақинаны Ленаға беремін. Лена тез ойланып, көктемде не болатынын айтады.

Ленаның жауабы: Көктемде қар ериді. Лена сақинаны қасындағы отырған балаға береді. Ол да көктемнің бір белгісін атайды. Осылайша ойын жалғаса береді. Ойын шартын бала толық меңгергенде ғана ойын басталады. Қиналған балаға бағыттаушы сұрақтармен көмектесіп отырамын.

«Қаламызға саяхат» ойынының мақсаты: туған қала, онда қандай мамандық иелері тұратындығы, көлік түрлері, ондағы мәдени орындар жөнінде балалардың білімдерін бекіту. Ойынның шарты: белгі бойынша суреттерді табу. Ойынның барысы: 4 бағыттағы суреттерді таратып беремін: біреуінде қала тұрғындары, екіншісінде адамдар еңбегі /құрылысшы, почтальон, жүргізушілер/, үшіншісінде көлік түрлері /трамвай, автобус/, төртіншісінде – мекемелер мен мәдени орындар. Белгі бойынша суреттердің мазмұнын әңгімелеуді тапсырамын. Әр топтың балалары сурет бойынша сұрақтарыма толық жауап беруге тиіс. Жаңылмай, толық жауап берген топ жеңіске жетеді. Суреттерді ауыстыру арқылы ойынды қайта ойнауға болады.

Демек, дидактикалық ойындар балалардың таным белсендігін жандандыратын,  өздігінен ойлауын дамытатын тәсілдердің бірі. Олар кез-келген оқу материалын қызықты да тартымды қылып, балалардың көңілді күйін көтеруге, өздерінің жұмыстарына қанағаттануға және білім үрдісін жеңіл меңгеруге көмектеседі. Сабақ барысында ойын арқылы дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі бағытталып, ұйымдастырылып отырса сонда ғана мұғалімнің сабақ  мақсатына жеткізуіне мүмкіндік береді.

Қазақ тілі сабақтарында рөлдік ойындардың маңызы зор. Ойын оқушылардың сол орындалатын іс-әрекеттер арқылы тіл үйренуге деген сенімін қалыптастырады.

Балалармен бірге қызыға ойналатын ойындардың тағы бір түрі – желілі-рөлді ойындар. Қазақ тілін үйренуде рөлдік ойындардың пайдасы зор. Ойын — балалардың тілді үйренуге деген сенімін оятады. Рөлдік ойындарда барлық балаларға бірдей рөл тиеді де, бір-бірімен міндетті түрде қарым-қатынасқа түсіп, сөйлеседі. Балалар белсенді жұмыс істеп, бір-біріне жәрдем беріп, жұмыстарын мұқият тындап, өздерін және бір-бірін бағалайды, ал тәрбиеші тек бағыттаушы болады.

Рөлдік ойындардың негізгі талаптары

  1. Ойын балалардың тілге деген қызығушылығын арттыруы қажет. Сонымен қоса, ең бастысы балалар өздеріне лайықты рөлді өзі тандап алған жөн. Сонда ғана олардың ойыны да, тілі де нанымды және сенімді шығады.

  2. Рөлдік ойындарға топ болып қатысқан дұрыс.

  3. Оқушы өзін рөлде неғұрлым еркін сезінетін болса, ол соғұрлым қызыға ойнайтын болады.

  4. Осындай шарттар бойынша дайындалған материалдар қолданылса ойын соғұрлым жоғары тиімділік береді.

Рөлдерді мұғалім бөледі, кейде балалардың қалауларына да ерік берген дұрыс, себебі қазақ тілін өзі қаншалықты біледі, соғаң орай өздері де рөлді тез таңдайды. Өткізген ойынға қорытынды жасаған кезде мұғалім дұрыс тәсіл қолданып, әсіресе, алғашқы мадақтауда абай болғаны жөн. Өйткені, баланың ынтасын жоғалтады. Талдауда алдымен жақсы жақтарын айтып, содан кейін ғана кемшіліктерге тоқталу қажет.

Егер мүмкін болса, ойын барысын бейнетаспаға немесе магнитофон лентасына жазып алған жөн. Артынан балалармен бірге көріп, тыңдап отырып, барлық ойынды немесе кейбір тұстарын талдаған өте тиімді. Себебі, мұнда тәрбиеші ойынға дайындық кезіндегі жіберіп алған қателіктерін байқайды да, келесі жолғы ойындарда осындай кемшілікгерге жол бермейді, есте сақтайды.

Қазақ тілі сабағында драматизацияланған ойындар балаларға керекті сөздер мен сөйлемдерді меңгеруді, интонацияны дұрыс пайдалануды, мәнерлеп және көркемдеп оқытуды дамытуда көп әсерін тигізеді. Актерлер ретінде көбінесе басқа ұлттың балалары ойнаса, ал сарапшылар, кеңес берушілер ретінде қазақ балалары ойнайды.

Драматизацияланған ойындардың түрі басқа ойындарға қарағанда күрделірек себебі, ол ертегілерден және әдеби шығармалардан құрылады. Рөлдік ойындарды меңгергеннен кейін балалар бұл ойынның түрін тез меңгереді. Мысалы: драматизациялық ойындарды екі түрлі дайындауға болады:

а) шығарманы өзгертпей дәл түрінде сахнаға қою;
б) мәтінге шығармашылық түрде өзгеріс жасап,
сахнаға қою.

Драматизацияланған ойындардың белгілі, айқын мақсаты болады.

  1. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықгыру. Тілдік қарым-қатынасқа түсу дағдыларын дамыту.

  2. Балаларды сөйлеуге үйрету.

  3. Өмірде кез келген оқиға туралы естігенін ұғуға және іс-әрекет жүзінде көрсете білуге үйрету.

Ойынды қолдануда оның күнделікті жаттығу жұмысына айналмауын ескеру керек, ондай жағдайда баланың қызығушылығы төмендейді. Қандайда болсын ойынды таңдауда баланың жеке психологиялық қабілетін де ескерген жөн.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының педагогикадағы ролі туралы алғашқы пікірлерін айтқан Ә.А.Диваев, М.О.Әуезов. Халқымыздың өмірге дені сау, шыныққан балалар тәрбиелеу жөнінде өз ұрпақтарына қалдырған үлкен де бай мұрасы – ұлттық ойындар. Бала ұлттық ойын үстінде өмірде көрген-білгеніне, өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктей отырып, соны бейнелей ойнайды. Мен өз сабақтарымда ұлттық ойындарды да өте көп қолданамын. Бірақ тіл маманы болғандықтан, ойындарды сөздік қорды молайту, тіл дамыту бағытына қарай сәл өзгертулер енгіземін. Қазақ тілі сабақтарымда балалар қызығып, қызықты ойналатын ұлттық ойындар: «Сақина салу», «Орамал тастау», «Тақия тастау», сонымен қатар «Бес тас», «Қыз қуу» ойындары. Мысалы, балалардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі — «Орамал тастау». «Орамал тастау» ойынын былай ойнатамын. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушылар тең екі топқа бөлінеді де, арасы төрт-бес адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарлас тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да, бүгінгі өтілген тақырыптағы меңгерген бір сөзінің бірінші дыбысын дауыстайды. Ол қағып сол дыбыстан басталатын сөзді айтады. Егер ол сөзді тез, дұрыс тауып айта алмаса, онда ортаға шығып өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады. Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші дыбысын айтуы керек. Жазаны жауап бере алмаған ойыншы да тартып, ортаға шығып өнер көрсетеді. Осылайша екі топтың ойыншылары орамалды бір-біріне лақтыра отырып ойынды жалғастыра береді.

Бұл ойын балалардың ойын дамытып, қазақ тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.

Қазақ тілін сәтті оқыту және меңгертуге ұсақ моториканың дамуы да әсерін тигізетіні дәлелденген.

Мектепке дейінгі балалардың тілін саусақ ойындары және жаттығуларын қолдана отырып дамытуға болады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан- жануарларды, құстарды, ағаштарды т.б көптеген бейнелерді бейнелей алады.
Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғалуларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету – тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды.

Шұңқыр


- Шұңқыр қаздың ба?

- Қаздым.

- Шұңқырға құладың ба?

-Құладым.

-Шұңқырда отырсың ба?

-Отырмын.

-Сатыны тосасың ба?

-Тосамын.

-Шұңқыр дымқыл ма?

-Дымқыл.

-Басың сау ма?

-Сау.

-Ендеше тірісің ғой?

-Тірімін.

-Олай болса мен кеттім.

Көрініске екі қол да қатысады. Оң қол – бала «қуыршақ», сол қол – шұңқырдағы бала болады.

Өлеңді оқыған соң балаларға «Бала шұңқырға құлаған балаға неліктен көмектеспеді?» деген сұрақ қоюға болады.

Мен санаймын


Кездестірсем аулада, Алақанмен тізені,

Кездестірсем мен жолда. иықты соғамыз және

Онға дейін санаймын алақанды шапалақтаймыз.

Жаңылмаймын санауда.

Зообаққа келемін,

Бәрін қатар көремін.

Атып шықты қасқыр Он саусақты кезекпен

Бұл – бір. уқалаймыз.

Әдемі отыр үкі

Бұл – екі.

Үшінші шықты – барыс

Бәрімізге таныс.

Төртінші болды – тоты

Әсем үнге қосты.

Бес болып шықты – жылан

Шағып алса қорқам.

Шиқылдап алдан шыққан

Алтыншы болды – тышқан.

Қу түлкі жатыр егіз

Болады ол жеті, сегіз.

Сүзеген шықты өгіз

Сонымен болды тоғыз.

Қарлығаш ұяға қоншы

Сен боласың оныншы.

Жоқ әрі қарай маған санау

Тура келіп тұр қайта бастау.

Бұл ойындардың мағынасының тұжырымы мынада, балаларға аңдарды, адамды, заттарды әр түрлі комбинацияларды қол сасуақтарының көмегімен көрсетуінде. Ең алдымен балаларды әр түрлі комбинацияларға үйретеді. Ойынға шақыруға және қызығушылықтарын арттыру үшін шағын тақпақтар мен жаңылтпаштар қолданған жөн.

Осы ұсынылып отырған ойын түрлері қазақ тілін меңгеруде балалардың тілге деген қызығушылығын арттырып, оқу-тәрбие үрдісін іске асыратын ұтымды бір жолы. Сонымен қатар ойын балалардың еркін, өзін ұстауға байланысты этика дағдыларын, сондай-ақ балаларды еңбекке, ұжымдық қызметке дайындайды.

Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма- жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді., таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл- ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді. Кез келген ойын элементі сабақта екі түрлі мақсатқа бағытталады. Оның біріншісі – оқушының сабаққа  қызығушылығын, ынтасын арттыру, тілін дамыту, екіншісі – оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейініне, ойлау қабілетін арттыру.




ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. «Бала мен балабақша» журналы, 2009ж, №1(13)

  2. Ж.Қоянбаев, Р.Қоянбаев. Педагогика. Астана, 1998ж

  3. Қазақтың ұлттық ойындары



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
15.11.2018
569
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі