жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Бауыржан афоризмдері
Мазмұны
І.КІРІСПЕ ..................................................................................................2
1.1.Бауыржан Момышұлының афоризмдерін зерттеуге негіз болатын
тарихи кезеңі жайында..............................................................................3
1.2. Бауыржан афоризмдерінің туу жайында........................................5
ІІ.НЕГІЗГІ БӨЛІМ:
2.1.Бауыржан афоризмдерінің ерекшеліктері.........................................9
2.2.Афоризмдерінің сандық сипаты мен бағыттары.............................12
2.3.Әдебиеттегі қолданылу аясының кең таралуы.................................13
ІІІ.ҚОРЫТЫНДЫ ....................................................................................15
ІV.ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ................................................17
І. КІРІСПЕ
Бауыржан Момышұлы афоризмдері өз дәуірінің шындығын, қоғамдық тарихи өмір құбылыстарын сыншылдық сипатпен жеткізген. Ол айналасындағы кемшіліктерді, адамдардың мінез-құлқын надандықтан арылту, бойына күш-жігер, рухани дамудың таза жолына түсуіне , тілі мен елін сақтауға күш салған тұлға ретінде , айналасына бүгінгі ұрпақ үшін де қымбат ғибрат.
Ғылыми жұмыстың мақсаты:
Бауыржан Момышұлының афоризмдерінің этнолингвистикалық және тәрбиелік мазмұнын ашып көрсету.Афоризмдерін мазмұнына қарай бағыттарға топтау, жинақтау арқылы сандық сипатын көрсету.Қазақ әдебиетінде қолдану аясын аша түсу.
Жұмыстың зерттеу міндеттері:
-Қазақ әдебиетінде Бауыржан Момышұлының орнын білу;
-Бауыржан Момышұлының афоризмдерін тану;
-Бауыржан Момышұлының афоризмдерінің мазмұнын ашу.
Зерттеу әдісі: Қазақ әдебиетін,әдеби шығармашылық мұраларын,жазушы шығармашылығын,баспасөз материалдарын пайдалану.
Ғылыми жұмыс кіріспеден, ІІ тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1.1. Ұлы Отан соғысы жылдарында қаруы мен қаламын қатар жұмсаған Бауыржан Момышұлының соғысқа дейінде , соғыстан кейін де жазған шығармалары сан қырлы,алуан сырлы болып келеді.
Бауыржан Момышұлының ақындық жолын 3 кезеңге бөліп қарауға болады.Бірінші кезең 1928-1940 жылдар аралығында әр түрлі тақырыпта жазған өлеңдері.Екінші кезең Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941-1945 жазған өлеңдері.Үшінші кезең –соғыстан кейінгі дәуірдегі өлеңдері.
Ақын адамды сабырлыққа , ақылдылыққа , парасаттылыққа шақырып, «сабыр ету дұрыс», «өмір алда» деп насихаттайды.
Бауыржан Момышұлы Алпамыс,Қобыландылардай бүкіл халық бірауыздан батыр деп таныған дара тұлға.Бауыржан Момышұлы өз туындыларында батырлықты, ерлікті, уағыздап қана қоймай адамгершілік,білімділік тақырыбына да қалам сілтеген.Мақал-мәтелдер,жұмбақ жазған. Бірақ,қазақ халқының ХХ ғасырдағы ержүрек ұлына Кеңес Одағының Батыры атағы оған ең соңғы болып 1990 жылы берілді.
Батырдың бабалары: Үсен -Әжі -Әділ –Бақтияр –Имаш есімді елге сыйлы кісілер болған.Өзінің айтуы бойынша, бабасы Имаш 1911 жылы тоқсан жасында дүние салған.Орта бойлы,орақ мұрын,от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті- батырдың әкесі Момыналы екен.
Көпшілік Момыш,молда Момыш деп атап кеткен. Әкесін Тұрар Рысқұловтай білікті азаматтар танып сыйлаған,өз заманының білімді, айтысқа түсетін ақындығы, зергерлік өнері мен тәуіпшілігі бар,үйіне түрлі қисса-дастандарды да көп жинаған адам болған.Бірақ,1930 жылдарда ел жаппай қуғын-сүргінге ұшырап жатқан кезде атқамінер туыстарының бірі үкімет біліп қойса жазалайды деп кітаптардың бәрін құдыққа апарып тастап жіберіпті.Әкесі айтыс қуып,әндетіп жүріп 33 жасында Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті.Бала Бауыржан үш жасқа толар-толмаста қайтыс болады.Жанұяның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілері Үбиан, Сәлима,Әлима,
Бегімше кілең қыздар болады да жалғыз ұлы Бауыржан «Бәржан» деп еркелетіп ат қойған, әжесі Қызтумастың бауырында өседі.
Бала Бауыржан туыстары: әжесі Қызтумастың бауырлары,(түп нағашылары) Серікбай мен Құлжабайдың , әкесіні апасы Айша мен ағасы Төлебайдың, інісі Момынқұлдың берген тәрбиесін көріп есейеді.
Баукеңнің бойындағы ақындық қуаттың бүршігі ерте белгі бергендігін мектептегі ұстазы Тәңірберген Отарбаев та байқаған.Шәкірттеріне шығарма жаздырып қабілеттерін байқау үстінде бала Бауыржанға «сенен ақындықтың исі шығады»деп айтқан екен аяулы ұстазы.
Уақыт өте келе әкесі зерек ұлын интернатқа оқуға береді.Болашақ батыр Шымкент қаласындағы Ұлы Отан соғысының батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы № 7 мектепте болашақ атақты ақын Әбділда Тәжібаевпен бірге оқиды.Осы жылдары оның жақсы азамат болып қалыптасуына кезінде «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен ұстазы,жазушы Тәңірберген Отарбаев көп әсер етеді.
Өнерге жақын,16 жасынан өлең жаза бастаған Бауыржан жасы жеткенде әскер қатарына шақырылып генерал-майор Панфилов басқарған дивизияның құрамында соғысқа аттанады. Алғы шепте батальон, полк командирі болып талай жеңістерге жетеді.Кеңес Одағының астанасы Москва қаласын қорғауда 1941 жылдың күзі мен қысында 5 рет қоршаудан әскерін шашыратпай,жолда босып жүрген басқа бөлімдердің сарбаздарын да жинап шығады.Сол кездері дивизия басшысы Панфиловқа Бауыржан Момышұлы қаза тапты деп 3 рет ресми хабар келеді.Бірақ,мұндай хабарлардың ізін ала Бауыржан Момышұлының өзі келген.Ұлы Отан соғысы жылдары көзі тірі адам туралы жазылған жалғыз кітап Бауыржан Момышұлы туралы болды.Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» атты көркем шығармасы жазылып болысымен, бір аптаның ішінде асылып,бүкіл Совет Одағына тарап кетті.
Бауыржан Момышұлының бойындағы шыншылдық пен әділдік, пікірдегі батылдық балалық шағында жазған тырнақалды өлеңдерінің өзінен айқын аңғарылып тұрады. 20-22 жастағы жас жігіттің «Біреулерге», «Омарбекке» деген өлеңдерінде 1930 жылғы асыра сілтеу мен ашаршылықтың себепкері ұр да жық надан белсенділердің сотқарлық қылығын дөп басып дәл суреттеген.
«Бауыржан Момышұлы әліппені орысша бастаған.Бүкіл қызметі орыс
тілінде өтті.Бірақ ол нағыз қазақ болып қалды.Ол орысша сөйлегенде асқан
шешендігінде, ой жүйесінің, логикасының жампоздығына, биік білімділігіне ең зиялы деген орыстардың өзі таң қалып, таңдай қағар еді»,-дейді Бауыржанның көзін көріп, араласқан халық жазушысы Шерхан Мұртаза.
Бауыржан атамызды А.Бек, Д.Снегин, Ә.Нұршайықов, М.Мырзахметов,М.Мақатаев,Т.Молдағалиев,т.б. ақын, жазушылар, ғалымдар өлең-жырға қосты, кітап жазды, естелік шығарды.Әлі де зерттелу үстінде. Бауыржан туралы зерттеулер жургізіп, жинап жүрген ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметов: «Аты бүкіл әлем халқына аңыз боп тараған қазақ елінің ақиық қыраны Бауыржан Момышұлының қайталанбас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде сан тарапты пікір айтылып, толассыз жазылып келе жатқан мақала, зерттеу кітаптар қаншама! Бір таңданар жай-Баукеңнің өз шығармалары мен ол жайлы жазылған кітап атаулының бәрі де тез таралып кететін ерекшелігі бар» деп атап өтеді.
«Мен 25 жыл әскерде болдым. Осы 25 жылдың ішінде мен талай қолбасшымен кездестім,сабақ алдым, талай генералдың қол астында қызмет істедім, тәрбие көрдім.Өйткені командир деген әскери педагог қой. Мен осы 25 жыл ішінде қарамағымда болған, үстеріне шинел киген солдаттар арқылы барлық халықтардың жанын ұқтым деп ойлаймын.Өйткені олардың жүректері –іштерінен шыққан балалары –менің алақанымда болды.Отан үшін өз басымды өлімге байлай отырып, мен оларды ажалмен алысуға жұмсадым.Олардың өлмеуі үшін өз ұрпақтарын, өз халықтарының намысын, оның өздері сүйетін асыл қасиеттерін аман сақтап қалу үшін жұмсадым.Өзім де «жаным – арымның садағасы,» халқым үшін қасықтай қаным пида деп, жанып отқа талай түстім. Мен соғыс кезінде «Красная Звезда» газетіне былай жазғанмын, «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам-опасыз, оңбаған адам »дегенмін...Өз елінің бағасын білген адам ғана басқа елді қадірлей алады. Өйткені халықтардың туыстығы алдымен адамдардың өз халқына сүйіспеншілігі арқылы ғана келеді.Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын.» (Бауыржан Момышұлы )
«Ежелден ел тірегі-ел тілегі,
адал ер боп туса-ел тірегі.»
1.2. Бауыржан Момышұлы өмірдің ащысы мен тұщысын көрген, қанды
қырғын ішінде жүріп, ерлікті, ата-дәстүрін ойлай жүріп,майдан шындығынан туған атақты қырыққа жуық мақал-мәтелдері болатын-ды. Қазіргі уақытта халық өсиет сөз ретінде кең қолдануда.
Афоризм –ойдың материалдық көрінісі.Ол шағын көлемге кең мағына сыйғызып, ой айтудың ең тиімді әрі әсерлі тәсілі. Бұл ретте оның өзегі –философия, яғни ғылым да,болмысы -көркем әдебиет.Ал адам жанын баурап , жүрегін жаулап алатын сиқыры – өнермен, эстетика табиғатымен туыстас,бауырластығынан.
«Сөздің көркі –мақал» деген аталы сөз бар.Мақал-мәтелдерде көбінесе нақыл, ақыл айтылады.Жаманнан сақтандырып, жақсыны үлгі етеді.Мақалдың көмегімен айтайын дегеніңді ұнамды да ұтымды жетгізуге болады.Мысалы, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» (Абай) деп айтылған ақыл кімге ұнамайды дейсің.Мақалды көп біліп, көп қолданатын адамдардың білімі де ,ақылы да арта түседі.Ақын-жазушылар шығармаларының жақсы сөздері де мақалға айналып кетіп отырады.
Бұған Абай мен Бауыржан шығармаларынан оқып отырып куә боламыз.
Ақырын жүріп, анық бас
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға
Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туа алады.Ал әдебиетте осы ойды Абай шығармаларында афористік сөздердің болу себептері неде?
беретін тәсіл –белгілі бір жанр да тарихи қажеттіктер негізінде белгілі бір дәуірде ғана туып отырады.Демек,ақынның әдебиеттің қай жанрын тұтынуы мен қай мақсатта шығарма жазуына оның дәуірі үкім айтады.
Олай болса, Абай шығармаларындағы афоризмді, оның бесігі-дидактикалық поэзияны әңгіме еткенде, ең алдыменен оны ақынның әдеби жанр ретінде тұтынуына түрткі болған ең негізгі себепті қоғамдық жағдаймен, қоғамдық қажеттілікпен бірлікте сөз еткенде ғана толық түсінуге болады.
Афоризм –бірінші кезекте дидактикалық поэзияның жемісі. Ал Абай шығармаларындағы афоризмдер де, жалпы әлем әдебиетінде ортақ заңдылық негізінде, -абайлық өсиет cөздердің, дидактикалық-философиялық, тілдік-стильдік тәсіл. Ал надан,қараңғы қауым үшін тәрбиеші етіп әдебиетті қызметке пайдаланғанда, ұлы ақын өз поэзиясының өзекті бір саласы дидактикалық жанрды таңдады. «Өмірдің барлық саласынан, жұрттың бүгінгісіне де, келешегісіне де сабақ беруді адамдық борышым деп ұққан» ол «Өсиет өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп білді»
Ақынның бұл дидактикалық поэзиясының да, дидактикалық-философиялық қарасөздерінің де негізгі тілдік құралы –афоризмдер . Бұлар бір-екі өлең жолында, я бір-екі сөйлем аясында тұжырымдалып отыратын мақал сипаттас көркем сөздер боп келеді.
Яғни, афоризм мағынасы терең, ойды қысқаша бейнелейтін, мақал-мәтелге ұқсас, айтуға оңай көркем сөз тіркесі. Яғни қысқа әрі ойлы,авторы белгілі, тұжырымды ереже –қағидалар.
Қазақ топырағында афоризм жанрында алғаш қалдырған қазір белгілі есімдердің бірі-Асанқайғы Сәбитұлы (хv ғасыр).Одан кейінгі ақындар мен жыраулар поэзиясында да афоризм түріндегі толғамдар молынан ұшырасады.Әсіресе, би-шешендер сөздерінің табиғатында бұл жанрдың қасиеттері көбірек кездеседі.
Афористика жанрында туындылар қалдырған жазба ақын –жазушылар арасында Абай шығармашылығының шоқтығы айрықша биік.
Жиырмасыншы ғасырдағы афоризм авторлары арасында С.Торайғыров, Ғ.Мүсірепов пен Б.Момышұлының орны бөлек.Олардың өрісі жоғары, өрісі кең, көркем кестеленген қанатты ойлары ел ішінде кең танымал.
Бауыржан Момышұлы генералдың штат академиясын бітіріп, әскери педагогикалық қызмет атқарған.1956 жылы отставкаға шығып әдеби-шығармашылық жұмыс жасайды.
Ұлы Отан соғысының айбынды қаһарманы Бауыржан ерлік даңқымен бірге соғыс тақырыбына «Москва үшін шайқас »атты роман жазған сөз шебері екені баршаға мәлім.Табиғатында ереуілді тұлғасында,мінезінде өр ақынға бітер қасиеті бар Бауыржан Момышұлы майдан тұсында кейбір бұрқанған шақтарында өлең де толғаған екен.
Толғаулары
1-варианты
Батырлықтан не пайда-
Байымдап жұмбақ шешпесе!
Батырлықтан не пайда-
Екпіні желдей еспесе!
Тегеурінді ерлерден
Тең достарын ерпесе,
Қазулы орға құламай,
Қақпанға аяқ қаптырмай,
Дұшпанға ізін таптырмай,
Қабат-қабат қамауды
Қақыратып өтпесін!
Қуаты мен қайраты
Айласына тең соғып,
Желкесін жаудың кеспесе!
2
Қолбасшыдан не пайда,
Қолдың құлқын білмесе!
Шеңге мас боп семіріп,
Өзгені көзге ілмесе.
Ойламастан қол қамын,
Қамқорсыз тастап ер жанын,
Жігерді сөйтіп жерлесе!
3
Қолбасшы болсаң сондай бол,
Жосылып жатқан жолдай бол,
Қайрат етер мезгілде
Жүк көтерер нардай бол!
4
Мен кім едім,мен едім,
Мен де мыңның бірі едім,
Қызықпай баққа,атаққа,
Адал еңбек ұлы едім.
Қызмет еткен халыққа
5
Ақ ниет мыңның бірі едім,
Атақсыз солдат бірі едім,
Ата аруағы қолдады,
Адал еңбек еткен соң,
Панфиловтан бата алдым,
Жау қаһарын төккен соң.
Артыма ерді мың солдат,
Тағдырын маған тапсырып,
Рузаға жеткен соң.
Баяндалған істерді
Мен істедім демеймін,
Мен істедім дегенше,
Мың істеді дегеймін.
Мың істеді дегенше,
Ер істеді дегеймін.
Ер істеді дегенше,
Ел істеді дегеймін.
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едім ?!
Ұлы Отан соғысы жылдары көзі тірі адам туралы жазылған кітап Бауыржан Момышұлы туралы болды. Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» атты көркем шығармасы жазылып болысымен,бір аптаның ішінде басылып, бүкіл Совет одағына тарап кетті.
Осы бір сұрапыл жылдары Бауыржан Момышұлы туған халқының болашағын ойлап қоғамдық қайраткерлік көрсете білді.1943 жылы наурыз айында Қазақстанның Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа: «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері.Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс, »-деп өз ұсыныстарын жазып хат жолдайды.
Ал,келесі 1944 жылдың қаңтарында Алматы қаласына келіп,төрт күн бойы сағат 12-ден бастап сағат 5-ке дейін атақты ғалымдармен қоғам қайраткерлері алдында соғыс психологиясы туралы әңгіме жүргізді.
Бауыржан Момышұлы ана тіліміздің жағдайы нашар екенін жүрегімен сезіп,сонау 15.02.44 жылы мынадай өлең жолдарын жазған болатын.
АНА ТІЛІН АРДАҚТА
Көшеде бояу ерін сылқылдаған,
Былдырап орысшалап жыр қылдаған,
Ұмытып ана тілін,салт-санасын,
Не қалды тілімізде жыртылмаған.
Отбасы түсініксіз жатқан былдыр,
Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-мылдыр.
Оқысаң алып кітап шым-шытырық,
Опырмай, сандырақ па,бұл не былжыр
Ержеткендер сөйлемді орысшалап,
Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап.
«Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып,
Күйдірді-ау,шүршітшілеп,бала жылап.
Еңбекқор Бауырыжан Момышұлы 37 дәптер күнделік жазған батыр, бейбіт өмірдің қаруы қаламды алып, қазақ және орыс тілдерінде көптеген кітаптар жазды. Осылайша қазақ әскер әдебиетінің негізі қаланды. «Офицер жазбалары », «Артымызда Москва», «Бір түннің тарихы», 15 күнде жазылған «Ұшқан ұя атты » кітабы үшін 1976 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді. Кітаптары көзі тірісінде 1 миллион данадан аса тарады. Чех,поляк,испан,француз,ағылшын тілдеріне аударылды.
«Артымызда Москва» кітабы Кубаның бүкіл әлемге белгілі басшысы Фидель Кастроның сүйіп оқитын кітабына айналды.Бауыржан Момышұлы
Ұлы Отан соғысындағы ұрыс жүргізу әдістері үлгі ретінде қабылданып Кубаның әскери академиясында оқытылды.
ІІ.НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. Бауыржанның жастық шағы және де қанды қырғын ішінде жүріп жазған өлең-толғауларын Мекемтас Мырзахметов молырақ қамтып, 1991 жылы Алматы «Жалын» баспасынан шыққан «Бауыржан батыр» кітабынан жастарды елін, жерін, сүюге тәрбиелейтін өмір оқулығындай, әскерде қалдырған мақал-мәтелдері бар. Ерлікті, ата дәстүрін ойлай жүріп, майдан шындығынан туған атақты қырыққа жуық мақал-мәтелдері болатынды.
Бауыржан Момышұлының адамгершілік әлемінің шығармадағы көрінісін сөз еткенде, оның бұл мәселе жөніндегі түсінігіне ,ой –пікіріне тоқтала кету орынды. Афоризмге арқау болған «Қол көтерген дұшпаннан гөрі,қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйла», «Бір жарлыға жәрдем беріп,оны аман алып қалған жауынгер он ұл тапқан анадан артық», «Үлкенді ізетте, кішіні күзетте», «Айбындана шапқаннан ажал да сескенеді» деген мақалдарының қандай оқиғаға негізделіп айтылғанына мән беріп қарасақ, айналасындағы адамгершілік іс-әрекет, қарым –қатнастарды батырдың ойымен қорытуы нәтижесінде туғандығын аңғарамыз.
Мақал-мәтелдері
1.Тексізден тезек артық,
Арсыздан айуан артық.
2.Намысты нанға сатпа.
3.Өзін аяған дұшпанға дос.
4. Жанын аяған тәніне жау.
5.Өмір үшін өлгенше күрес.
6.Салақтықта сақтық жоқ.
7.Жанын аямағанға жан сауға.
8.Ердің Еділ тобығынан келмейді,
Қорқақ қаққа шөгіп өледі.
9.Өлтірсең өлімнен құтыласың,
Өлтірмесең өлімге тұтыласың.
10.Тірескеннің тізесін бүктірген ер,
Белдескеннің белін сындырған ер,
Жағаласқанның жанын жаһаннамға тапсырған ер.
11. Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,
Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
12. Әдіссіздік- әлсіздік ,
Ептілік те-ерлік.
13. Қырағының өзі де, көзі де батыр.
14. Ел дегенде езіліп,жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет.
15. Отан үшін отқа түскін- күймейсің.
16. Атақ ерге сауға, олжа елге сауға.
17. Ерлік елеусіз қалмасын.
18. Таяқтан тайсалмасаң ,
Семсерден сескенбесең,
Жеңдім дей бер.
Бұқсаң-сұқты,
Тығылсаң-тықты,
Именсең-езді.
Өлдім дей бер.
19. Тізе бүгіп тірі жүргеннен,
Тіке тұрып өлген артық.
20. Үлкенді ізетте, кішіні күзетте.
21. Ана үшін аянба -ант ұрады,
Бала үшін аянба-бетің күйеді.
Ел үшін аянба- ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба- жігіттігіңе сын.
22. Тәртіп- тән үшін, ынтымақ –жан үшін керек.
Тәртіпке бас иген- құл болмайды,
Тәртіпсіз- ер болмайды.
Елсіз ер бола ма?
Жұртсыз жігіт бола ма?
Ерлік-елдің қасиеті,
Жүректілік-жігіттің қасиеті.
23. Қол қашса- қолбасшы боққа да жарамайды.
24. Біреу батыр болғанша, мың батыр болсын.
25.Жалғыз батыр-жалғыз жан,
Майданға тұлға бола алмайды.
Азынап жалғыз арыстан
Орманды билеп ала алмайды.
Жалғыз батыр болғанша,
Жалпы батыр болғаны.
Ел сипаты, ер сыны,
Әрине, батыр-батыр ғой,
Бастаған батыр –ер пірі.
Батыр батыр емес,бастаған батыр.
26. Мен істедім дегенше-
Мың істеді десеңші,
Мың істеді дегенше,
Ер істеді дегенше
Ер істеді десеңші,
Ел істеді десеңші,
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса,
Кім істеді дер едің ?!
27.Шегініп серке болғанша,
Секіріп теке болғын.
28. Айқаймен ала алмайсың,
Ақылмен, айламен алғын.
29. Отанда опасызға орын жоқ.
30. Көп тұрған су сасиды,
Ойламаған ми сасиды.
31. Өмір сүргің келсе,сүріне істе.
32. Маған деген атақты
Міндет етсең, өзің ал.
Әділдікке бас ұрып,
У берсең де маған бал.
33. Ерді ел үшін,
Жігітті жұрт үшін –мақта.
Ежелден ер тілегі-ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса- ел тілегі.
Қол жайып шын ниетпен берген бата
Шаршаған жауынгерге бел тірегі.
34. Мақтанбағын мас болып,
Абырой алсаң табысқа.
Қоян болма тығылып,
Жау көргенде қамысқа.
Арыстансыма ақырып,
Данышпансыма ақылдан,
Елемей көзге жалпыны,
Айрылып қалма жақыннан.
35. Жанымда жатыр деп ойлап
Қатынның тілін алмағын.
Бауырым екен деп ойлап
Жақынның тілін алмағын.
Әділдікке құл болып
Кең толғанып, көп ойлап,
Ақылыңмен билік ет,
Түсініп, сезіп тармағың. \ 27 июнь 1942 жыл\
36. Орынды зіркілдеу-сабақ, орынсыз зіркілдеу-азап.
37. Орынды зіркілдеу жастарды дұрыс жолға, орынсыз зіркілдеу бұрыс жолға салады.
Бауыржан атамыз бейбіт өмір орнаған соң да батырлық танытқан кісі. Мысалы, көп адамдар қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдары «халық жауы» деп аталып кеткенін білді, бірақ үндемеді. Ал, Бауыржан атамыз айтатын жерде тайсалмаған. Өткен ғасырдың басында «Оян, қазақ » деп ұран тастаған Алаш қозғалысының ардақтысы атақты Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апай былай дейді: «Мен әрдайым Бауыржан Момышұлын ерекше жылы сезіммен еске аламын. Басқалар әкемнің атын айтуға қорқып жүргенде Бауыржан ағамыз жұрттың көзінше менің әкемнің өлеңдерін дауыстап оқитын. Мен мұндай кездерде Бауыржан аға үшін қорқып тұратынмын. Ал, ол болса дауысын қаттырақ шығарып: «Сенің әкең мақтаныш етуге тұратын тұлға!» -дейтін.
2.2.Бауыржан Момышұлы афоризмдерінің сандық мөлшері кеңеюде, себебі қаруының орнына қалам алып қоғамдағы тіл тағдырына, оның шұбарлануына жол бермей күресе жазған нақыл сөздеріде бар. Сондықтан Бауыржан Момышұлы афоризмдерін 3-бағытқа бөліп қарауға болады:
1.Ерлікке,батырлыққа тәрбиелейтін нақыл сөздер,
2.Ата дәстүрін дәріптейтін нақыл сөздер болса,
3.Тіл мәселесінен туған нақыл сөздер.
Көз жетпегенге-ой жетеді,
Тіл жетпегенге-үн жетеді.
Ана тілін білмеген-
Ана сүтін таптаған.
Ана үшін аянба –ант ұрады,
Бала үшін аянба-бетің күйеді
Тіл де түлеп ,өзгеріп,өсіп отырады.
Нақыл сөздерді мазмұнына қарай: батырлық, ерлік туралы, үміт туралы, сенім, әділдік, суайттық, адамгершілік, тәрбие туралы тақырыптарға бөліп қарастыруға болады.Мысалы:
1.Ерлік –елдің қасиеті
Жүректілік –жігіттің қасиеті.
2.Сын айту үшін шын айт.Шын айтпай,сын айтпа.
3.Өз ұлтын сыйламау,оны мақтаныш етпеу –сатқындық белгісі. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу –сатқындық белгісі.
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба.
Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту–бүкіл ата- бабамызды, тарихымызды ұмыту. Көз жетпегенге –ой жетеді,
Көз жетпегенге-ой жетеді,
Тіл жетпегенге-үн жетеді.
Ана тілін білмеген-
Ана сүтін таптаған.
Ана үшін аянба –ант ұрады,
Бала үшін аянба-бетің күйеді
Тіл де түлеп ,өзгеріп,өсіп отырады
Тіл байлығы, тіл тазалығы-ұлт қасиетінің, салт-сананың негізгі өнеге, нағыз басты белгісі. Осыған жалғас берілген нақылы әлгіні толтыра, түрлендіре түседі: «Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады.» «Жігерсіз сөз жүрекке жетпейді»5 Үш бірдей «жі», және «же» буындарының нақылға әуенділік дарытып тұрғаны жалпы қазақ тілінің әуезділігінің айғағы. Ана тілін Момышұлы қапысыз игергенін әр лебізінен анық аңдатып отырады. Және Баукең пәрменді сөйлейді. «Тәрбиелі –тәртіптің құлы» және «Тәртіпті-елдің ұлы», Екі жол қос нақылды бірге жазсақ, оп-оңай өлеңге айналғалы тұр екен.
«Ежелден ер тілегі –ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса –ел тірегі»
2.3. Бауыржан Момышұлы бүкіл өмірін саналы түрде сүрген және өзінің қоғамдағы алар орнын біле білген жан.Сондықтанда да, сонау 1947 жылы өз туралы бір шумақ өлеңмен бүгінгі сіздер мен біздерге былай деп хат жолдаған:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде
Деп жылар сорлы халық мен өлгенде
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Өткен жылы батырдың 100 жылдығын бүкіл ел болып атап өттік, атамыз секілді әрбір қазақ азаматтары да ұлтжанды болуға тырысады. Себебі жыл сайын Ұлы Жеңістің мерей тойларына байланысты батырларды еске алу шаралары өткізілуде, тәрбие сағаттары, әр алуан ақпараттар газет беттерінде жариялануда.Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арнап 15-томдық жинақтары шықты. Бауыржан Момышұлы афоризмдерінің өрісі кең қолдануда.
Бауыржан Момышұлының афоризмдерін ұқыпты, ақыл таразысына тартып, асықпай оқыған адам стратегияға, соғыс ғылымына қаныға түсетіні сөзсіз. «Әскери бөлімнің күші жауынгерлік достық пен жолдастық бірлікте, ынтымақта.»
Сұрапыл соғыстың алғашқы айларында, фашистердің күші басым жылдарда жауынгерлердің рухани күш-қуатын қайрай тусу керек болды.
«Ана үшін аянба –ант ұрады,
Бала үшін аянба –бетің күйеді,
Ел үшін аянба- ерлігіңе сын.
Жұрт үшін аянба- жігіттігіңе сын »
әскерлерге ойын осылай ұқтырады.
«Басқа жазушылар сиямен жазса, біз қанымызбен жазамыз» депті.
Бұл сөз, Бауыржан Момышұлының афоризмдерінің айғағы.
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін!-
деп Қасым Аманжолов айтқандай, аты аңызға айналған халық батыры Бауыржан Момышұлы біздер үшін үлгі-өнеге тұтар тұлға!
Бауыржан баталары
Нұрмолданың үйінде қонақта болған Бауыржан тамағын қырнап, отырған жұртқа жағалай бір қарап алды да:
Балаларға:
Абайдың ақылын,
Махамбеттің батылын,
Сәкеннің сәнін,
Күләштің әнін берсін!
Жеңеше, саған:
Халқымның көл-көсір асын,
Дастарқаныңа малдың басын,
Ағынан ақтарылған, ақылы қайтпаған
Ақсақалдардың ақ батасын берсін!
Ал, Нұраға, саған:
Жыр алыбы Жамбылдың
жүзге келген жасын берсін! Аллауакбар...
-деп батасын берген екен.
Бата
-Тілімізді қабыл ет, иманымызды кәміл ет. Тозақтың отынан сақта. Қаңғыған оқтан сақта, парақор соттан сақта. Кірлі сумен жуыстан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта. Қара жүрек батылдан сақта, көк долы қатыннан сақта. Адамды қадірлемес жерден сақта, нанды басқан кесірден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта.
-Өмір берсең, жайлы ғып бергін. Дәулет берсең, сайлы ғып бергін. Еңбегіміз өністі болсын, қамбамыз астыққа толсын, көсегеміз көгере түсіп, мыңғырған мал өріске толсын,әйел берсең әдепті,жанға тыныш жайлы ғып бергін.Келін берсең келісті ғып бер.Ағаш берсең жемісті ғып бер.Тұлпар берсең шабысты ғып бер...Жомарт болсаң осы айтқандарымның барлығын үйіп төгіп бір-ақ бер. Аллаһу-әкпар,-деп батамды аяқтадым.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бауыржан Момышұлы дегенде ұлттық дәстүр, ана тіліміз бен өнеріміздің шынайы жанашыры,қамқоршысы есімізге түседі.
Тахауи Ахтанов айтқандай «ноқтаға басы сыймаған адам»қайда жүрседе: майданда болсын,елде болсын :әскери қызметте болсын,бейбіт өмірде жазушы болсын, ұлттың болашағы, ұлт дәстүрінің ана тілі мен өнеріміздің келешегі қандай болады деп толғанғаны шындық.
Бауыржан Момышұлының қаталдығының өзі-бір ерекше құбылыс.Оның қаталдығы-мейірбандықпен астасқан қаталдық. Себебі Бауыржан Момышұлының –табиғатынан жаны таза, жүрегі жылы адам.
Оның қаталдығы «Тәртіпке бас иген-құл емес» деп айтқандай, есепке,тәрбиелеуге негізделген қаталдық. Баукең жас жауынгерлерге ар-намысыңды жібермей соғыс, жаудан еліңді тазарт, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп үгіт тастаған, ақыл-кеңес берген, тәрбиелеген.
Жалғыз батыр-жалғыз жан,
Майданға тұлға бола алмайды.
Азынап жалғыз арыстан
Орманды билеп ала алмайды.
Жалғыз батыр болғанша.
Жалпы батыр болғаны.
Әрине, батыр,батыр ғой,
Бастаған батыр ер пірі...
Батыр батыр емес,
Бастаған батыр! \Б.Момышұлы\
Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» еңбегінде: Басшы командир қандай болу керек ? –деген сұрақты қойып,оған Қазақстаннан барған 316-атқыштар дивизиясының басшысы,генерал-майор И.В.Панфиловтың бейнесін сипаттау арқылы жауап берген.
Бауыржан «Мен бұларды жазушылығым ұстаған үшін емес, қан майданда қайрат көрсеткен ерлердің атаусыз қалмауы үшін, тірісінің көзіне, құрбандардың аруағына қарыздар болмас үшін жазып жүрмін,» -дейді.
Қашанда қымбат шығармалар, осындай қарызды, міндетті өтеуден туады. Бауыржан: «Мен қазақ халқына әскери ағарту білімін беретін нәрселер туғызуға болысқым келеді,»-дейді. Әскери өмірден жазылған жақсы шығарма қашанда да көркем әдебиеттің ең жақсыларынан саналады.
Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлының - «Қанмен жазылған кітап» атты шығармасында тұңғыш рет қазақ тілінде әскери терминдерге теориялық анықтамалар,түсініктемелер берген жазушы. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының жеке басы ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлт жандылығымен, қаһармандығымен, білімділігімен, дарындылығымен,
жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Бауыржан-әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.
Жазушы Бауыржан Момышұлының шығармашылық өнеріне атақты ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметұлы: «Бізге дейінгі бабаларымыз: VІІІ ғасырда өмір сүрген Тоныкөктен ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Мәделіқожаға дейінгі соғыс жүргізудің мануфактуралық заманында тал бойына жарасқан бес қаруын асынып, жауға қарсы барғанда осы қаруның үстіне ақындық, жыруалық өнерімен де жаумен жағаласқан дәстүрін Бауыржан Момышұлы бастаған әскери әдебиеттің өкілдері ары қарай жалғастырды »,-деп лайықты бағасын берді.
Қазақтың аты аңызға айналған батырының тұлғалылығы мойындалғаны соншалық ол кісі туралы көзі тірісінде екі кітап жазылып, бір фильм түсірілді.Қазақтың балаларының көбі Бауыржан аталды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Сынып жетекшісі №1. 2011ж
2.Қазақ әдебиеті 6-сынып
3.Х.Қақаз әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі,
2-том,Алматы,1960,317-бет.
4.М.Әуезов Әр жылдар ойлары,102-бет.
5.Бауыржан батыр \Алматы «Жалын» 1991 ж.\41-бет\
7.Жас Алаш №69.28 тамыз 2007 ж
8..Бауыржан батыр Алматы «Жалын»1991 ж.324-бет.
9..Бауыржан Момышұлы Музей апа «өнер»Алматы 2009 ж.
10.Ана тілі газеті №14.20 сәуір 2011 ж.
11.Қазақстан мектебі №5 2001 ж.
12-13. Бауыржан Момышұлы Шындығын айтқанда 15-том.
«Өнер»Алматы 2009 ж

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген