БІРТҰТАС ТӘРБИЕ
БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БИОЛОГИЯ ПӘНІН ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН ҰШТАСТЫРА ОТЫРЫП ОҚЫТУ
Базарбай Тоғжан
Сағидоллақызы,
Қазақстан Республикасы, Батыс
Қазақстан облысы,
Қаратөбе ауданы, Егіндікөл
ауылы,
Егіндікөл жалпы орта білім
беретін мектебінің
биология пәні
мұғалімі
Біздің болашағымыз - өскелең
жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі қашанда қазақ халқы үшін өзекті
тақырып болып табылады. Осы орайда тәрбие мен оқыту өзара тығыз
байланысты, бір-бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттары және
мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге
асатыны барлығымызға белгілі.
Қазақстан үшін білім мазмұнын
жаңарту мен ақпараттық өркениеттің талаптарына сай етіп лайықтап,
жаңа педагогикалық технология мен инновациялық қызметтің әлемдік
деңгейін қамтамасыз етіп, оны қазақ халқының ұлттық рухани
құндылықтарымен үйлестіре отырып, тәрбиелейтін ұлттық білім жүйесін
құру-бүгінгі күннің басты мәселесі.
«Біртұтас тәрбие бағдарламасы»
- ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру
ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім
алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің
мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпыадамзаттық және ұлттық
құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы
азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделген бағдарламаны оқыту процесінде
жаратылыстану пәндерімен соның ішінде, биология пәнімен қалай
байланыстыруға болады?
Қазақ халқының табиғат қорғау дәстүрін,
ұлттық ойындарын, мақал - мәтелдерін, аңыз - әңгімелерін, ұлттық
ұғымдарын, киелі сандарын және ырым - тыйымдарын сабақ барысында
сәйкестендіріп пайдалану оқушылардың алынған білімнің жадыларында
сақталуымен қатар қазақ халқына деген сүйіспеншілігін арттырады деп
есептеймін. Соның ішінде биология пәнінде өтілетін бөлімдердегі
кейбір тақырыптарды ұлттық құндылықтармен төмендегідей оқу
процесіне енгізіп байланыстыруға
болады.
Эволюция бөліміндегі «Тіршіліктің жер бетінде
пайда болуы туралы алғашқы көзқарастар»
тақырыбында бірлік және ынтымақ құндылықтарын және тиімді
коммуникация құзіреттілігін негізге ала отырып, сабақтың
ұйымдастыру бөлімінде “Досыма тілек” тренингін
ұйымдастырылады. Тренингті сабақ мазмұнымен байланыстырып, ата
- бабамыздың тарихи дамуы барысындағы айналадағы құбылыстар
жөніндегі дүниетаныммен оқушыларды таныстырған жөн. Яғни, ежелгі
адамдар қалыпты сөйлеу дағдысы жетілмесе де, бір-бірін ұғынысу үшін
үңгірге, теріге қашап белгілер салу арқылы түсініскенін, ертедегі
қазақ халқы қоршаған ортаның бір - бірімен оқшау тұрған заттар мен
құбылыстардың ретсіз жиынтығы емес, тұтастай байланысты бірліктегі
дүние деп танығандығы туралы мысалға келтіріп айтуға
болады.
Ал «Жасушалық биология»
бөлімінде тәуелсіздік және
отаншылдық құндылықтары мен ұлттық мүддені дамыту
құзіреттілігін негізге ала
отырып, «Жасуша құрамындағы бейорганикалық заттар»
тақырыбын өткен кезде бейорганикалық заттарға тұз бен су жататынын
және тұздардың ағза үшін маңызы зор екендігін еске саламыз. Қазақ
халқы «Тұз - астың атасы» деп, тұзды нанмен қатар қастерлеген.
«Шыр» етіп дүние есігін ашқан сәбиді тұзға түсіреді. Тұз денені
ширатып, өскенде жара шықпауына көмектеседі. Малдың көптеген
індеттерін тұзбен, тұз ерітіндісімен емдеген. «Еңбегі - еш, тұзы -
сор», «Қызды сөкпе, тұзды төкпе», «Татар дәм - тұзымыз таусылмасын»
сынды мақалдарының мағынасы да өте зор. Сонымен бірге осы тақырыпта
су туралы «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Су - ырыстың көзі, еңбек -
кірістің көзі». «Сұмның ырымы жаман, судың шірігі жаман», т.б.
тәрбиелік мәні бар суды үнемдеу жайлы мақалдарды айтуға
болады.
«Селекция» бөлімі
тақырыптарында еңбекқорлық және кәсіби біліктілік,
жасампаздық және жаңашылдық
құндылықтарын
және
инновациялық ойлау құзіреттіліктерін негізге
ала отырып, адамның ой - өрісі өзін қоршаған табиғат,
ондағы құбылыстар туралы білімдерін неғұрлым толықтырған сайын,
дүниетанымы да соғұрлым байып тұрақтанғандығын «Эволюциялық
идеялардың даму тарихы» тақырыбы кезінде айтуға болады. Тарихи
зерттеулер тас дәуірден бері өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының
арғы ұрпақтарының малмен, егіншілікпен айналысып, жартылай көшпелі
өмір сүргенін тұқым қуалау заңдылықтарының негізін білмей тұрып оны
өз өмірінде пайдаланғандығын, қолдарындағы малдарының сүттісін,
еттісін алып қалып сұрыптау жүргізгендігін айтуға
болады.
«Тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік
заңдылықтарын» заң және тәртіп құндылықтары мен азаматтық
борыш және парасаттылық құзіреттіліктерін негізге ала
отырып оқыған кезде ата - бабаларымыз жеті ата, жеті
атаға жетпей қазақта қыз алып, қыз беруге тиым салғандығын оның
негізі дүниеге дені сау ұрпақ келуін, қан тазалығын сақтауды
қадағалағандығын айтуға
болады.
Осындай халықтық педагогика элементтерін
сабақ барысында пайдаланудың тиімділігі жоғары, ол халқымыздың
тыныс - тіршілігінің барлық жақтарын қамти отырып, адамгершілікке,
имандылыққа тәрбиелейді. Осы үлгідегі оқытудың әдіс - тәсілдері
оқушылардың есте сақтау қабілетін арттырып қана қоймай, оларды
жинақылыққа, дәлдікке, шығармашылыққа баулуға көмектеседі деп
ойлаймын.
Білім берудің ұлттық үлгісі өз ұлтының
тарихын, мәдениетін, тілін оқу процесінде пәнмен байланыстыра оқыта
отырып, ұлттық тәрбиені беру болып
табылады. Баланың ұлттық санасын
қалыптастыру, халқына деген құрмет, мақтаныш ұялату; ана тілін,
дінін, тарихын, мәдениетін меңгеріп, салт-дәстүрін, мәдени
мұраларын қастерлету; шыдамдылық, жинақылық, намысшылдық,
сенімділік мінез қалыптастыру; сұлулықты, тазалықты сүйетін,
салауатты, ұлт алдында ерекше істерді атқаруға қабілетті, іскер,
білімді, жауапкершлікті, текті, алғыр тұлға тәрбиелеу-ұлттық
бағытта жүргізілетін міндеттер болса, әлем сахнасында рухы күшті,
дені сау, білімді, өз ұлтын,тілін, тарихын құрметтейтін ұрпақ
шығару біздің міндетіміз!
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
-
[Қазақстан тарихы [Мәтін]: Аса
маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін
мектептің қоғамдық-гуманитарлык бағытындағы 11-сыныбына арналған
оқулық /М. Қойгелдиев [және т.б.]. - Алматы: Мектеп, 2007 - 293
б.]
-
[Табылдиев. Ә. Халық тағылымы
[Мәтін] / Ә. Табылдиев. - Алматы: Қазақ университетi, 1992 - 197
б.]
-
["Бірыңғай тәрбие
бағдарламасын" іске асыру жөніндегі кешенді
жоспар,
https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-bilim/press/article/details/138200?lang=kk]
-
[Биология сабақтарында жаңа
технология элементтері мен ұлттық құндылықтарды
ұштастыру",
https://ust.kz/word/bayandama_biologiya_sabaqtarynda_janga_tehnologiya_elementteri_men_ulttyq_qundylyqtardy_ustastyry-127193.html]