Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Б.Соқпақбаев "Менің атым- Қожа" повесі желісімен жазылған "Сапар-like" әңгімесі
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Арсланұлы Амир
125 high school Талдықорған
6-сынып оқушысы
Сапар-like
Таң атты. Ұйқымнан ояндым. Терезеге бір қарадым, айнаға бір қарадым. Сағатыма қарасам, 9:00 болыпты, ал сабақ 8:40-та басталатын еді. Мен төсегімнен атып тұрдым да, беті-қолымды жуып, апам дайындап қойған ыстық бауырсақты аузыма лақтыра салып, шайдан бір ұрттадым да, жүгіре жөнелдім. Әжем бұрынғы әдетінше соңымнан «Қожатай, тамағыңды ішпедің ғой!»- деп айғайлап жатты. Мен мектепке зулап келем. Асықпай жүргенде тез жетуші едім, жүгіріп жете алар емеспін. Мектеп алыстап кеткен сияқты. Сөйтіп, сабаққа тағы кешіктім. Қазақ әдебиеті бірінші сабақ еді, не сылтау айтатынымды ойлап таба алмай келемін. Кабинеттің есігі ашық тұр екен, Майқанова апай үй тапсырмасын сұрап жатыр, білуімше. Есіктен сығаладым.
- Кір, Қадыров. Тағы кешіктің бе? Саған қандай сөз айтарымды білмеймін, сен кешігуден ұялмасаң, мен себебін сұрауға ұялатын дәрежеге жеттім. Отыр,- деді Майқанова апай.
- Сәлеметсіз бе, апай. Рақмет,- дедім де, орныма барып отырдым. Майқанова маған қатты ренжіген болып көрінді. «Қап, енді кешікпеспін» деп өзіме ызаландым.
Сабақ бітті. Сұлтанның үйіне барып қайтайын деп шештім. Барсам, Сұлтан үйінде жоқ екен. Өз үйіме бара жатсам, алдымнан екі кісі шықты. Олар жол бойы балалармен ойын ұйымдастырып жүрген волонтерлар екен. «10 сұрақ қоямыз, барлығына дұрыс жауап берсең, су жаңа SEGA ұтып аласың»,- дейді. Мен келісе кеттім. «Қазақ хандығын кімдер құрды?»- деді. Екі адам бірігіп құрғанын білемін, аузыма аты-жөні түссе ше, ойыма түк оралмады. Жүлдені ала алмадым. Басым салбырап үйге келсем, апам SEGA сатып алып қойыпты, қатты қуанып кеттім! Апама рахметімді айтып, ойынға кірісіп кеттім. Арада көп уақыт өтті, апам маған малдарды өрістен қайтар деп еді. «Қазір-қазір» деп отыра беріппін. Сағатқа қарасам, сағат 21:00 болыпты, үй тым-тырыс. Жүгіріп далаға шықсам, қораның алдында апам мен Сұлтан тұр.
-Апа, мен ойынға кіріп кетіппін. Ренжімеңізші,- дедім.
-Жоқ, балам, саған ренжімеймін, сен мені естімеген соң, Сұлтанға айттым. Ол дәл қойкезекте жүр екен, қойды үйге айдап келді. Сұлтан жақсы бала, әне Сұлтаннан үлгі ал.
- Өй, Сұлтан, сен неге қой бағып жүрсің?
-Өйй, әкем ғой жұмыс істе, жұмыс істе деп миымды жеп қойды. Бүгін қой кезегі екен, әкем кезегін маған берді. Кешке дейін қой бақтым, жаңа сенің апаң хабарласты: «Менің жүгірмегім ойын ойнап отыр, сен біздің қойларды айдап әкеле аласың ба?»- деп өтінді.
-Жүр, үйге кір, шай ішейік, шай ішіп болған соң, маған SEGA алып берген, бірге ойнайық,- дедім.
Екеуміз ойын ойнадық. Сұлтанның көңіл күйі болмай отырды. Соны байқадым да:
-Cұлтан саған бір жап-жаңа әзіл айтып берейін бе? Бір сантехниктің бір мұрнынан ыстық су, бір мұрнынан суық су ағады екен,- дедім.
-Менікі одан да мықты, бір күні алма мұрт өсіріп алып, «мен енді алмұртпын» депті, ха-а-ха-хаа!
- Сұлтан, қай заманда қалып кеткенсің, бұл баяғы заманның әзілдері ғой!
- Қожа, сен сияқты Тұрсынбектің театрына барып жүр ғой дейсің бе, ютубтан көріп алғандарымды айтамын да... Сұлтанның қабағы қайтадан бұзылып кеткендей болды.
– Қожа, сенің үйіңде тағы кішкене қала тұрсам бола ма, болмаса бір күн қонсам бола ма? Үйге барғым келмей тұр, әкем миымды жейді «оқымайсың, малдың соңына саламын, елдің малын бағып жүр өлгенше» деп. Осы мен түсінбеймін үлкендерді, неге дүниенің бәрін оқуға тіреп қояды? Өзі де оқыған жоқ қой, бірақ мені асырап жүр, міндетті түрде бастық боп, дәрігер немесе полиция болып шығу керек пе? Мен мысалы оқығым келмейді, мүлде. Не істейін енді? Мал баққан жаман ба? Мал бағамын кейін, ет пен сүтім өзімнен болады, жұрттың бәрі менен соғым алады, мал қымбат қой қазір. Мен кімнен кем боламын, айтшы?
- Сұлтан, мал баққан жаман демеймін, бірақ оңай емес. Сен мал өсіремін десең, мал дәрігерінің оқуына түс, малдың жағдайын өзің жасай аласың сонда, ешкімге жалынбайсың.
- Қожа, осы сен неге ақылдысың?
- Мен бе?
- Ия, сен маған қарағанда сабақты жақсы оқисың, КВН-ға барасың, футболдан жарысқа қатысасың. Сені әкем ылғи маған мақтайды, сондай бол деп.
- Ал менің әжем маған сені мақтайды, малға жақсы қарайды, қорасынан шықпайды, үй шаруасына пысық деп. Сенен үлгі ал дейді маған.
- Ой, қызық-ай, ата-аналарға біреудің баласы өз баласынан гөрі пысығырақ, мықтырақ болып көрінеді ме, «жұрттың баласы» дейді де жатады ғой.
Сұлтанға біреу қоңырау шалды.
-Ой, әкем ғой, маған кайт деп жатыр, мен сенің үйіңде қалғым келген.
Сөйтіп Сұлтан өз үйіне қайтты. Мен Сұлтанның қайтқысы келмегенін сездім. Оның көздері мұңлы болды.
Түнде жатар алдында Сұлтанды ойладым. «Не істеп жатыр екен? Әкесі тағы ұрысты ма екен? Сұлтанға қалай көмектесе аламын?»- деген ойлар ұйқымды қашырды. Әйтеуір ұйықтап кетіппін.
Таң арайланып атты, далада құстар ән салып тұр. Неге екенін білмеймін, кешегіден қарағанда ерте тұрдым және ұйқым қанды. Беті-қолымды, тісімді жудым. Мектеке бара жатсам, алдымнан Сұлтан шықты.
- Қайда бара жатсың таң атпай мектеп киімін киіп алып?
- Әрине мектепке, басқа қайда барамын мектеп киімімен?
- Өй, Қож-ау, бүгін демалыс емес пе? Осы Қожаның басынан күн өткен сияқты...
- Расымен демалыс па? Мен қалай жаңылдым? Мына SEGA менің ойымды әбден шатастырып жатыр ма, қалай сенбі күні екенін ұмыттым...
Сұлтан маған тісін ақситып күліп тұр.
-
Ал, демалыс болса не жасаймыз? Не жоспарың бар?- дедім Сұлтанға.
-
Мен бүгін көрші ауылға барып, қоңыр сиырыма дәрі алып келемін, кешелі бері күйіс қайтармай тұр.
-
Мен де барайыншы, ақыры боспын ғой!- дедім қуанып.
-
Жүр, кеттік. Үйге кіріп, қара айғырыма мінгесіп кетейік,- деді досым. Екеуіміз Сұлтандікіне беттедік. Жолда сыныптасым Нұрым жолықты. Ол тым асығыс сияқты.
-
Өй, Нұрым, қайда асығып кетіп барасың? Жайшылық па?- дедім дауыстап. Нұрым кілт тоқтап:
-
Қожа, мектепте Көлсайға саяхатқа баратын оқушылардың тізімі жасалыпты. Мені апай қосыпты. Қазір 11.00-де жолға шығамыз, мен дүкеннен жолға тамақ, сусындар алуға кетіп барамын,- деді.
-
Көлсайға? Кімдер барады сонда? Мен естімедім ғой?
-
Біздің сыныптан 5-6 бала, тағы басқа сыныптардан бар. Саған неге айтпағандарын білмедім,- деп жүгіріп кете барды. Ішім алай-дүлей, ызадан булығып кеттім. «Неге маған айтпайды? Менің баруыма болмай ма сонда?»
-
Сұлтан, сен үйіңе барып, айғырыңмен үй жаққа келе берші, мен қазір...-дедім де, мектепке қарай жүгіре жөнелдім. Мектепке келсем, автобус тұр. Аулада біраз балалар, апайлар тұр. Мен жетіп келіп:
-
Көлсайға барасыздар ма?-дедім жұлып алғандай.
-
Иә, қазір сағат он бірде жылжимыз,- деді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Ерғалым ағай.
-
Ерғалым ағай, менің де барғым келеді.
-
Әлі екі орын бар, барам десең жүр,- дегені.
-
Рас па? Қазір онда, мен 11.00-де осы жерде досыммен бірге болатын боламын. Кетіп қалмаңыздар!- дедім де, Сұлтанның үйіне қарай зуладым.
Сұлтан қара айғырына мініп алып, қорадан шығып келе жатыр екен.
-
Сұлат, Сұлтан, түс аттан, кеттік, Көлсайға барамыз. Мен ағаймен келісіп қойдым, досым екеуіміз барамыз дедім. Олар бізді күтіп тұр. Жүр, кеттік, жиналайық. Кешігіп қаламыз,- дедім ентелеп.
-
Қайдағы Көлсай, Қожа, мен айттым ғой көрші ауылға барамын деп. Әкем жібермейді мені, дәрі әкелуім керек,- деді Сұлтан қынжылып.
-
Әкеңе айтамыз, ол кісі жібереді,- дедім мен сенімді түрде.
-
Жоқ, Қожа, мен білем ғой әкемді, сен өзің бара бер, мен кеттім,- деді Сұлтан жүруге айналып.
-
Қандай Көлсай? Кімдер барады? Кім апарады?- деді кенет әкесі. Қораның ішінде жүріп, біздің сөздерімізді естіп қалған сияқты. Мен бәрін білгенімше айтып шықтым. Әкесі өте қатал адам, өзім де қорқып тұрмын.
-
Жарайды, онда екеуің барып келіңдер, ертең түнде келетін болсаңдар, ұзақ емес екен. Менің баламды да барсын деді ме?- деп нақтылады әке.
-
Иә, барсын деді,- дедім мен қуанышымды жасыра алмай.
-
Жақсы,- деді де, баласын аттан түсіріп, өзі мінді де, көрші ауылға қарай беттеді. Мен Сұлтанның әкесін сондай жақсы көріп кеттім. Сұлтан аң-таң, әкесінің артынан жымиған күйі қарап қалыпты.
-
Жүр, жүр, кеттік, Сұлтан, тез киіміңді жина,- дедім мен түртіп қалып.
Зулағаннан зулап отырып, үйіме келдім. Апам мен әжеме жаңалығымды айтып, олардың жинап берген заттарын ала сала, мектепке қарай жүгірдім. Сұлтан менен бұрын жетіп алыпты. Сөйтіп, Сұлтан екеуіміз автобусқа кіріп, артқы орындықтарға жайғастық. Жүрегіміз аузымыздан шығып кеткелі тұр. Сұлтан бар жақсы киімін киіп алған Өзі сондай сымбатты болып кетіпті. Мен өзім үшін емес, Сұлтан үшін қатты қуандым. Оның көңілді жүзі маған бар әлемнің жылуын сыйлағандай болды.
Саяхатымыз қызықты өтті. Туристер отырған бірнеше автобустар жолда қаздай тізіліп, бір мезгілде тоқтап, туристер сыртқа шығып, тынығып, тамақтанып, содан әрі қарай жүріп отырдық. Автобуста бұл жерге екінші, үшінші рет келе жатқан балалар бар екен. Жол бойы еліміздің әсем табиғатын тамашалап, сондай көрікті жерлеріміздің бар екенін білмей жүрудің өзі ұят екенін түсінгендей болдық.
Түс ауа Көлсайға жеттік. Сұлтан екеуіміздің аузымыз ашылып, жан-жағымызға қарап қалыппыз. Көкорай шалғын, биік тау, тау үстінде төңкерілген кеседей көл. Тіп-тік боп тауға біткен қарағайлардың сымбаты адам сүйсінерлік. Бір кіршігі жоқ мөп-мөлдір көлдің суына тіпті қарай бергің келеді. Бізді алып жүрген Гид көптеген әңгімелер айтып жатты: «Бұл маңда 40 түрлі жабайы жеміс-жидек өседі. Олар: шетен, барбарис, таңқурай, қой қарақат, итмұрын, шырғанақ, қой бүлдірген, рауғаш, жабайы пияз, сарымсақ, тағы басқалар. Мұнда емдік қасиеті бар жұпаргүл, уқорғасын, томар дәрі, қондық қымыздық, қалақай, мың тамыр, жалбыз, қылқан жапырақ өседі. Көлсай өңірінде 226-ға тарта жан-жануарлардың түрлері кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жануарлардың 21 пайызын дәл осы өңір құрайды.» Ғажап! Сондай табиғаты бай өлкеде туған екенбіз-ау?! Қайыңды көліне барғанда, эмоциямызды тіпті жасыра алмадық. Көлдің астынан шығып өсіп тұрған қайыңдардың сұлулығы ертегі әлеміне ұқсас. Бұл көл 100 жыл бұрын пайда болған екен. Суы айнадай жарқырайды.
Сұлтан бір кезде маған сыбырлап:
-
Қожа, рақмет саған, сен ақылдысың ғой. Мені бүгін үйден алып шығып, мына керемет жерді көруіме мүмкіндік сыйлағаның үшін ризамын,- деді.
-
Қойшы, Сұлтан, сенің әкеңе рақмет сені жіберген, сенсіз мен де келмес едім,- дедім мен де шын көңіліммен.
Бұл саяхат Сұлтан екеуіміздің жүрегімізде мәңгі сақталардай әсер қалдырды. Адам өз ауласы мен қорасынан басқа ештеңе көрмесе, бір орнында тұрғанмен бірдей екен ғой. Бүгін бір саяхатқа шығып, айналамыздағы сұлулыққа тамсанып, басқа жаңа адамдармен танысып қайтқанымыз біз үшін жаңа өмірдің есігін ашқанмен бірдей болды. Сұлтан екеуіміз үйге қайтар жолда енді тағы қандай жерлерге саяхаттайтынымызды ақылдастық. Ертең мектепке барған соң, география пәнінің мұғалімімен кездесіп, кеңес сұраймыз деп шештік.
Түн ортасында ауылға кірдік. Мектеп ауласында бізді ата-аналарымыз күтіп тұрды. Автобустан түскен бойда Сұлтанның әкесі жүгіріп келіп:
-
Қалайсың, балам? Саяхат ұнады ма?- деді Сұлтанды бас салып құшақтап.
-
Әке, бұл саяхат менің көзімді ашты. Мен басқаша өмір сүргім келеді, әлемді аралап, сізге де жер-жерді көрсеткім келеді. Мен енді мектепке барамын, әке. Сабақтан қалмаймын. Қожа екеуіміздің енді мақсатымыз бар, - деді Сұлтан әкесінің төсіне басын қойып тұрып.
Алдыңгүні түнде Сұлтанды ойлап, мазам кетіп еді, мына көрініс жеті қат аспанға төбемді жеткізгендей қуантты. Бір ғана сапардың нәтижесі осындай өзгерістерге әкелгені ғажап!
Бұл түнде жол соққаннан ба, әлде көңілімнің орнына түскенінен бе, кім білсін, қатып ұйықтаппын. Сағаттың шырылдағанынан селк етіп ояндым. Орнымнан тұрғаным сол еді, «Өйй, Қожа, сен әлі жатырсың ба?»- деп Сұлтан кіріп келді. Ол ұйықтамаған сыңайлы.
-
Сен ұйықтадың ба өзі?- деппін қолымды созып тұрып.
-
Ұйықтағанда қандай! Бірақ ұйқыдан да маңызды нәрселер тосып тұрған соң, ұйқымды қиып, тұрып кеттім. Кеттік мектепке!- деді досым қолымды қысып.
Екеуіміз мектепке келе сала, география пәнінен сабақ беретін Бақберген ағайды тауып алдық. Ол кісі әлемнің картасына қарап тұрып:
-
Әлемнің қай нүктесіне барсаңдар да, жаратылыстың керемет туындысына куә боласыңдар. Саяхаттауды алдымен өз елімізден бастауға кеңес беремін. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, киелі орындарымен танысып, көрікті жерлеріне тамсанып алыңдар. Сонда басқа елдерге шыққанда, біздің жерімізден сұлу, бай табиғат, дархан дала жоқ екеніне көздерің жетеді,- деді. Ағайымыздың бұл сөзі бізге ақыл болды.
-
Ал, Қожа, сапарлайық!- деді Сұлтан езу тартып.
-
Сапарлайық, Сұлтан, сапар-like!- дедім мен ағылшыншамды қосып.