ЕЛДІКТІ САҚТАҒАН ЕР БАТЫРЛАР

Тақырып бойынша 11 материал табылды

ЕЛДІКТІ САҚТАҒАН ЕР БАТЫРЛАР

Материал туралы қысқаша түсінік
Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған Есет Көтібарұлы және Махамбет Өтемісұлына биылғы жылы 220 жыл тоып отыр.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ЕЛДІКТІ САҚТАҒАН ЕР БАТЫРЛАР


Амирова Эдина Абдуллақызы


Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия

Ереуіл атқа ер салмай ,

Елеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер салмай ...

Ерлердің ісі бітер ме ?!

Ө. Махамбет


Батыр – ел қорғаны. Қазақ халқы намысты, жүректі, қайсар, батырлық қанында ойнаған халық. Оған дәлел қилы замандардың өзінде жан аямай елі мен жерін жаудан қорғап, намысын арымен қатар қоя білген батырларымыз аз болмады. Қалың бұқараның қамын жеген хандар мен батырларды бөліп қарар болсақ, бірінші дәуірге Абылай хандық құрған заман десек,  Абылай ханмен үзеңгілес болған батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбайлар болғаны белгілі. Екінші тарихи дәуірге қазақ хандығындағы соңғы «ханы» атанған, Кенсары Қасымұлы заманы десек, Кенесарының қанды көйлек жолдастары,  Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұханбетұлы, Иман Дулатұлы, Баубек Бекмырзаұлы, Жәуке Назарғұл және тағы басқа батырлар да болғаны тасқа қашалып тарих беттерінде жазылды.

Ел тағдырын бәрінен биік қойған, ұлттың тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни, олар ұлттық тұлға болған. Осы ұлттық тұлға тұғырына көтеріліп, аты аңызға айналған, тарихта есімдері қалған Есет Көтібарұлы және Махамбет Өтемісұлына биылғы жылы 220 жыл тоып отыр.

Бүгінгі ұрпағымыз алған азат­тық, еліміз ие болған егемендік – хал­қы­мыз­дың сан ғасырлар бойғы ежелгі арма­ны. Оның жолында халықтың қан­шама қаһарман ұлы қанын төкті, жанын қиды. Бодандықтан құтылу, бостандықтың туын тігу жолындағы халықтық қозғалыстар тарихында 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің өзіндік орнын, мәнін жоймайтын маңызы бар. Иса­тай Тайманов сол көтерілістің ұйым­дастырушысы болса, Махамбет Өте­місов отты жырларымен, өршіл күй­лерімен Алашты ерлікке үндеген ұраншысы.

Өтемістің ұлы Махамбет батырдың атасы Құлмәлі әрі би, әрі батыр, суы­рыпсалма шешен болса, әкесі Өте­міс те Бөкей дәуіріндегі беделді би­лер­дің қатарында саналған. Осындай тек­тілер тұқымынан шыққан Махамбет те он жасынан өлең шығарып, тура­шыл­ды­ғымен, аузын ашса отты жыр ақта­рылар ақберен ақындығымен, ерен ержүректігімен ерекшеленген. Әлеуметтік әділетсіздікке төзбей, халықты теңдікке, өз билігін өзі алуға үндеп, көпті маңына топтастыра отырып, күреске шақырған дарынды қасиет иесі ретінде Махамбет бүкіл қазақтың ардақ тұтар арқалы да аруақты, айбынды да азатшыл арысына айналды.

Махамбеттің бойындағы небір асыл қасиеттерді көре білген Жәңгір хан оны өз баласы Зұлқарнайынның тәрбиешісі, әрі сарай ақыны ретінде пайдалануды көздегені тарихтан белгілі. Бірақ ақын хан сарайында ұзақ тұра алмады. Халықтың қан жылаған ауыр тұрмысын өз көзімен көрген от ауызды, орақ тілді Махамбет пен хан арасы бірте-бірте ашылып, ақыры ақынның Исатай Тайманов қатарынан біржола орын алуына жеткізді.

Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Бекетай құмы деген жерде туып, 1846 жылы қазан айының ішінде жалынды ақын жау қолынан қапыда қаза табады.


Өтемістің он баласы болып, Махамбет Бекмағамбеттен кейінгі екінші бала болады. Жас кезінде хан ордасында тәрбиеленген ақын кейін бөлектеніп кетеді. Халықты, қарашаны қолдаған Махамбет 1829 жылы түрмеге қамалады. 

1836 жылы 14 көкекте Исатай мен Жәңгір кездеседі. Ханның қайын атасы Қарауылқожаның ауылын шауып алады. 

1837 жылы 2 қарашада хан ордасына қайта атттанады. 1838 жылы 12 шілдеде орыс әскерімен шайқаста, Исатай қаза табады. Ары қарай Махамбет ақынның азапты күндері туады. Орынбор түрмесіне қамалады. 

1846 жылы өз үйінде қастандықпен қаза табады. Бейіті Атырау облысы, Махамбет ауданы, Қараой деген жерде. Ақынның өлеңдері ерлікке, өрлікке арналады.

Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға тақырлы. «Мұнар күн» жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы Исатай батыр. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арнаған 106 өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды. Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн жағынан байыта, жетілдіре түсті. Махамбеттің лирикалық өлеңдері, көбіне, толғау, жыр, терме үлгісінде жазылды. Исатайға арнаған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Махамбет шығармашылығы қазақ поэзиясы жанрларының қалыптасуына (сатираэлегиямонологарнау, т.б.), стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына, философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері ақын шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті («Мұңайма», «Желп-желп еткен ала ту», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Ұл туса», «Толарсақтан саз кешіп»). Ақын жырларында орыс, араб, парсы сөздері көп кездесіп, шағатай тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Махамбет жыраулық поэзия дәстүрін шебер дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартты. Махамбет шебер күйші де болған, оның 11 күйі «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді (1982). Ақын өлеңдерінің халық арасына тарауына Ш.Жарылғапұлы, Қуан ақын, кішкене Кобыланды, Қубала, Лұқпан, Мұрат, Ығылмандар әсер еткен. Алғаш «Мұрат ақынның Тұмар қажы оғлына айтқаны» деген жинақта (Қазан, 1908) Махамбеттің 100 жолдан астам екі толғауы басылды. Ғ.Мүштақ құрастырған «Шайыр яки қазақ ақыңдарының басты шығармалары» жинағында (Орынбор, 1911) Махамбет толғауынан үзінділер берілді. 1939 ж. Қ.Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің жинағын шығарды. Ақынның 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп (2003), 4 томдық жинағы жарық көрді.[3] Ақын халық бұқарасының зор күшіне сенеді. Егер ел болып бірігіп, әділетсіз хандарға қарсы шықса, ханды тақтан тайдыратынына күмән келтірмейді. Махамбет халықтың ханнан көрген жәбір жапасын жырға қосып айтады.

Не үшін соғысып жүргенін айтады. Ел қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздейді. Азаматтың міндетін көрсетеді. Осыған ұқсас «Беркініп садақ асынбай ...» деп басталатын өлеңі де бар. Алғашқыда ерлер ісі жорық пен оның қиындығына шыдау туралы болса, соңғыда жауын жеңу, ерлікпен қасқая соғысу ерлер ісі деп толғайды[1]. 

Есет Көтібарұлы (1803-1888) – Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Тарихи құжаттар бойынша 1803 жылы Ақтөбе облысының Шалқар көлінен 7-10 шақырым жердегі Ақши бойында туған.

1856-1861 жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е. П. Ковалевский 1839-1840 жылдары Хиуа сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескен сәтін былайша суреттейді: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есет Көтібаровты сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті және іс-әрекеттері кез келген еуропалықты таңқалдыратындай және бұл қасиеттері отандастарына қатты әсерін тигізген».

Есет белгілі батыр, барымташы  Көтібардың үлкен ұлы болатын. Көтібар  өзінің асаулығымен ұлықтарға да, жергілікті басшыларға да бас имеген бірбеткей жан еді... Осындай адуын    белгілі батыр үйінде 1803 әлде 1807 жылы  Есет дүниеге келіпті. Егер алдыңғы көрсеткішпен есептесек, 220 жыл толады екен. 

Ол жас кезінен-ақ әкесінің әртүрлі      жорықтарына қатысып, көп жағдайларды  көңіліне  тоқып өсіпті. Себебі, оның әкесі ешқашан бай болмаған, бірақ ешкімге есесін жібермепті. Ұнамаған  байлардың жылқысын барымталап алу, әлде Батыс Қазақстан арқылы   өтетін Ресей керуендерін тонап алу   сияқты әртүрлі қақтығыстарды  Есет қаршадайынан көріп өсіпті.

Он бес жасқа келгенде Есет батырлығымен көзге түседі және атағы жайылады. Бұл оның 1822 жылы Ресейден келе жатқан Бұхара керуенін тонап алуы еді. Осылай жаланған ер, жалындаған сөзуар Есет батыр көп ұзамай әскербасы болады. Өз халқының жоғын жоқтап, елдің ардақтысына айналады.

Нақты мәліметтерге қарағанда, оның 1834 жылы артына ерген әскерінің саны 1200 адам болатын. 1838 жылы патша әскерінің бір бөлігін талқандап, алты солдаты мен бір офицерін тұтқынға алған.   

Көп  ұзамай оған Табын руының  сайдың тасындай 1500 жігіті келіп қосылды.1840 жылы Ресей мен Бұхараның   күміс ақшасымен есептегенде  15000 сомдық заты бар  керуеніне шабуыл  жасайды. Бұдан соң ол өзінің көп елімен  Хиуаға өтіп кетіп, үш жылдай /1842-44/ сонда жасайды.  Өз еліне қайтып  келген соң  да тыныш жата алмайды, себебі ел ішіндегі жағдай әбден шиеленіскен еді.

Есет бастаған көтерілісшілер тобының әрекеттері Ресейдің Батыс Қазақстандағы басшылығына, Бұхар және Хиуа хандықтарына талай теперіш көрсетті.

1847 жылдың 18шілдесінде Есет өз сарбаздарымен Ембі ауданында жүрген 200 орыс-казактардан құралған   жазалау отрядқа және сұлтан басқарған 120 қазақ әскеріне шабуыл жасады.

Орынборда генерал-губернатор қалай болса да Есет басқарған көтерілісшілерді  талқандап, өзін тұтқынға алуға қатаң тапсырма алды. Алайда бұл жоспарды орындау оңайға соқпады...

Бұл көтерілістің ең қызған кезі  1855-57  жылдар болды. Көтерілісшілер мен патша әскері арасында /олар жағында  сұлтандар басқарған   кейбір қазақ әскерлері де болды/ қырғын соғыстар болды...      Оқ  дәрісі мол мылтықтармен жақсы қаруланған патша  әскерлерінен 1857 жылы  көтерілісшілер шегінуге мәжбүр болды. Қолға түскен Есеттің 18 адамын  патша әкімшілігі  Сібірге айдап,  үш адамын атуға жарлық берді.

Есет қалың қолымен Ұлы және Кіші Борсық құмына, Үстіртке өтіп кетіп, патша әскеріне  күтпеген жерде шабуыл жасап,  шығынға батырып жатты.1858 жылдың қыркүйегінде Шошқа көл деген жерде ел ақсақалдарының үлкен өтініші    бойынша Есет патша әкімшілігінің      ұсыныстарын  қабылдап, келісімге келуге көнді.

Осынау көп жылғы соғыстан соң  патша әкімшілігімен  келісімге  келу үшін Есет Орынборға баруға  және ресми ақ патшадан кешірім сұрауға тиісті болды.

Есет Орынборға барып, генерал-губернатормен  келісімге келді. Жұрт тынышталды. Ел өз орындарына келіп көп жылғы соғыстан соң  бұрынғы тіршілігін жалғастырды. Бұл келісім аса маңызды болды. Орынбор әкімшілігіне қарасты патша әскері   де Кіші жүз жеріндегі жыл сайын болатын  қақтығыстан әбден запы болып қалжыраған еді. Тек  Есет басқарған Шекті елі ғана емес, Табын, Тама, Жағалбайлы руларында тыныштық орнап, Есет және басқалар бұрынғы иеліктері мен  хұқықтарына қайта ие болды...                     

Англияда  шыққан басылымдарда 1859 жылы Есет батырдың Петербургке барғандағы және оның қайнаған еңбек пен революция астанасындағы халыққа ерекше әсер еткені айтылады. 

Есет -қазақ халқының ардақты ұлы, батыр – қолбасшы.  Халқымыздың     басындағы ең ауыр күндері елді аузына қаратып, жоғын жоқтап, ізіне ертіп, екі жақтан төніп тұрған ажал   оғына    өз кеудесін тосқан абзал жан. Әрине, тарихқа үңілген сайын бұл күнде Есет батыр туралы айтар тарихи материалдар толып жатыр. Сондай-ақ аңыз-әңгімелер де өте көп...

Дегенмен біз Есет Көтібарұлының   туған халқы үшін, яғни    «қара қазан, сары баланың қамы үшін» өмір бойы шарқ ұрып қызмет еткені және күрескені туралы Ресей мен Батыс Еуропаның алдыңғы қатарлы адамдары қандай көзқараста болды екен? Соған жалпы шолу жасамақпыз.

Есет сынды қазақтың ардақты ұлы сол кездің өзінде алдыңғы қатарлы Ресей интеллигенциясының назарынан тыс қалған жоқ еді. Алғаш рет Есет Көтібарұлы туралы жазып, Ресей мен Батыс Еуропа  зиялыларына таныстырған Е.П.Ковалевский болатын (1839 ж.).

Егор Петрович Ковалевский (1811-1868) белгілі Шығыстанушы, саяхатшы, әдебиетші 1839 жылы Бұхараға бара жатқан жолда Батыс Қазақстан арқылы өтіп, көптеген қазақ ауылдарында болып, халықтың сүйікті ұлдары Махамбет Өтемісұлы және Есет Көтібарұлымен танысады. Осынау қазақтың ардагер азаматтары Егор Петровичке өте ұнайды, алғаш көрген күннен бастап дос болады. Келесі жылы жазып бітірген өзінің әйгілі кітабы «Странствователь по суше и морям» атты еңбегінің бірінші томында Махамбет туралы: «Во время пребывания нашего в аулах мы встретили казаха, черезвычайно замечательного  в кругу своего народа (81-бет)»,– деп жазған болса, өзіне аса күшті әсер еткен Есет туралы толғана отырып жазып: «... Исет был сложен как Геркулес; его атлетические формы, его дикая красота и приемы, полные отваги, могли поразить европейца и имели сильное влияние в кругу его соотечественников» (155-бет), – деп, оның толық портретін беріпті. Сол айтқандай, оны зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда, 1859 жылы түсірілген фотосуреттің әлгі Егор Петровичтің бейнелеуімен дәл келетінін көреміз.

Міне, 1839 жылы Есет туралы алғаш рет осылай жазылса, кейінірек ол туралы талай демократтар жазып қалдырды. Егор Петрович оны алғаш рет көргенде Есеттің жасы 30-ға жаңа келген жас жігіт болатын, бірақ ел ішінде аса беделді болды[2].

Жалпы Есет – батыр,  би ел ішінде өзінің батырлығымен ғана емес, сондай-ақ талай дауды жеңген алғыр сөзуарлығымен жас кезінде-ақ аты шыққан. Мысалы Есеттің сонау жас кезінде-ақ ел көзіне түсіп, аса беделді болғаны туралы Егор Петрович: «...Исету не было еще 20 лет от роду, когда он уже приобрел себе славу в степи и общее уважение между своими, хотя по рождению принадлежал к «черной кости» (152-53 беттер), – деп тебірене отырып жазыпты...

Қазақстанның батыс өлкесіндегі қозғалыстар, кейін көтеріліске айналған қанды оқиғалардың бірегейі – Сырым Датұлы бастаған қозғалыс патшалы Ресейдің отаршылдық саясатына, Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс феодалдық-патриархалдық жаныштауға, Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған көтеріліс Хиуа хандығының тонаушылығына қарсы болды. Есеттің әкесі Сырым Датұлының көтерілісіне қатысса, баласы Есет өз тұстасы Исатай-Махамбет көтерілісіне дем береді. Есет бастаған көтеріліс те патша отаршыларының зорлық-зомбылығына қарсылық белгісі болды. Оның көтерілісі тарихи деректер бойынша 12 жылға созылған. Алайда жеңіліс тауып тынады. Патша әскерлері өздерінің қанқұйлы әрекеттерімен мыңдаған адамды қырып, жүздеген ауылды қиратқан. Есет Көтібарұлының барлық әулеті ел қорғауға араласып, аттары тарихта қалған. Есеттің арғы тегі Алтын Орда мен Ноғайлы ұлысының әміршісі болған, атақты «ел қамын жеген» Едігеге барып тіреледі. Есет Көтібарұлы өзі туып-өскен Шалқар ауданында, Шолақжиде деген жерде жерленген[3].

Жалпы осы аттары аталған батырлардың болсын немесе әр ғасырда өмір сүріп, әртүрлі тағдыр кешкен басқа да сандаған ұлттық деңгейдегі тұлғалардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың тұлғасы жайлы тарихты біздің заманымызға халық арасынан шыққан адамдар аңыз-әңгіме қылып жеткізді.

Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған ерліктің, тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет.

Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік деп білуге міндеттіміз. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы бар байлығымыз – тағы да осы батырларымыздың бізге аманат тапсырған қазынасы. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз парыз. Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз біріншіден, олардың тереңнен тамыр тартқан туған жер, Отан туралы идеясын бірінші қатарға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы бұл идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы-бізге жеткен барлық тарихи мұралардың алтын арқауы.        





Пайдаланылған әдебиеттер:

  1.  Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8

  2.  Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3

  3. «Тарихи тұлғалар», «Қазақ батырлары»




Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
16.11.2023
251
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі