Ер естми ел есинде

Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ер естми ел есинде

Материал туралы қысқаша түсінік
Ахмет Баитурсын улының мурагер урпактарына улгі
Материалдың қысқаша нұсқасы


Б. Онтаев атындағы жалпы орта білім беретін

мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Тоққұлиева Ұлжан Сүлейқызы






Ғылыми жобаның тақырыбы:

«А. Байтұрсынов — қазақ әдебиеттану ғылымының атасы»



Секциясы: әдебиет

Бағыты: Ахмет Байтұрсынов және қазақ әдебиеті











2022ж

Мазмұны

1.Кіріспе

2.Негізгі бөлім

2.1 А.Байтұрсынұлының əдебиеттану ғылымының негізін салушы

2.2 Қазақ үшін шам қылған жүрек майын

3.Қорытынды

Ұсыныстар

4.Пайдаланылған әдебиеттер























Аңдатпа

Қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда, ұлағат алар ғұламаларымыздың қатарына кіретін ұлтымыздың ең ардақты ұлдарының бірі - Ахмет Байтұрсынұлының есімін айрықша атауға тиіспіз. Ол қазақ филологиясының, тіл-әдебиет ғылымын, ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастырудың  қайнар бастауында тұрған аса көрнекті ғалым.

Халқымыз «ұлт ұстазы» деп атаған аса көрнекті тұлғаны тереңірек таныған сайын ұлтымыздың рухы биіктеп, тарихи, ғылыми санамыз да өсе түспек.

Зерттеу жұмысында ғалымның әдебиет саласына қосқан үлесі, ғылыми еңбектері мен шығармаларының тақырыбы, аудармалары мен тілге қосқан еңбегі жайлы қарастырылған.


Аннотация

Говоря о становлении и развитии казахского языкознания, в том числе научной терминологии, мы должны особо отметить имя Ахмета Байтурсынова - одного из самых почитаемых сыновей нашей нации, входящего в число великих ученых нашей страны. Он является выдающимся ученым, стоящим у истоков формирования казахской филологии, языко-литературной науки, Национальной научной терминологии.

По мере того, как наш народ все глубже осознает выдающуюся личность, которую он назвал «Ұлт ұстазы», дух нации растет, растет и историческое, и научное сознание.

В исследовательской работе рассмотрен вклад ученого в сферу литературы, тематика научных трудов и произведений, переводы и вклад в язык.




Annotation

Speaking about the formation and development of Kazakh linguistics, including scientific terminology, we should mention the name of one of the most respected sons of our nation - Akhmet Baitursynuly, who is one of the greatest scientists. He is an outstanding scientist who was at the origins of the formation of Kazakh philology, language and literary science, and national scientific terminology.

The more our people get to know the outstanding personality, which they called the "teacher of the nation", the higher the spirit of our nation, the higher the historical and scientific consciousness.

The research work deals with the contribution of the scientist to the field of literature, the topic of scientific works and works, translations and contributions to the language.


Кіріспе

Қазақ халқы фольклорға бай, онда халық педагогикасы мен көшпенділердің халық психологиясының нюанстарының барлық реңктері шоғырланған. Осы жерде қазақ даласының ұлы Ұлы Ахмет Байтұрсынұлын тілге тиек еткім келіп отыр. Ахмет Қазақстан тарихына көрнекті ағартушы, педагог, ақын, қоғам қайраткері ретінде енді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағын «Мәңгілік Ел» идеясымен байланыстырғанда, алдыңғы орындардың біріне ұлттың тарихи санасын қояды. Ұлттың тарихи жады неғұрлым терең, тарихи санасының тамыры неғұрлым берік болған сайын әрбір адамның да, қоғамның да рухани әлемі кең әрі таза болады. Бүгінгіні танып, болашақты барлау үшін өткенді білу қажет. Әсіресе, халқының қамын жеп, ұлтының ертеңіне қалтқысыз қызмет еткен, ел тарихында аты мәңгі өшпейтін дара тұлғалардың тағылымға толы өмір жолынан үлгі-өнеге ала білу маңызды. Сондай ғұламалардың бірі әрі бірегейі ғұмырын ағартушылық іске арнаған, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толмақ.

Өзектілігі: Тəуелсіз мемлекет құруды көздеген алаш зиялылары ұлттық бірегейлікті сақтап қалуды мақсат етті. ХХ ғасырдың басындағы ұлт көсемдерінің мақсаттары мен бүгінгі таңдағы даму бағдарымыздағы сабақтастық, Президентіміздің ұлттық салт-дəстүр, тіліміз бен музыкамыз, əдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды бойымызда мəңгі қалуға шақырған елдің ертеңін терең зерделеген сарабдал саясаты ұлт зиялыларының ғылыми мұрасын қайта зерттеуді, дендей пайымдауды қажет етіп отыр. Мемлекет жəне қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, əдебиет зерттеуші, түркітанушы, ақын, публицист, педагог, аудармашы А.Байтұрсынұлының еңбектері ешқашан тарихи маңызын жоймайды. Бүгінгі таңда ғалымның ХХ ғасырдың басында жазған еңбектерінің қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттармен, инновациялық парадигмалармен сабақтастығы анықталып отыр. Жалпы тіл білімінде ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында ғана сөз болып, қолға алына бастаған көптеген жаңа бағыттар қазақ тіл білімінде А.Байтұрсынұлы еңбектері арқылы ХХ ғасырдың басында жан-жақты сараланып, жүйеленген. Бұл – ұлтымыздың мақтанышы.

Мақсаты: Ағартушының өмірі, оның тәрбиеге шақырған шығармалары мен мысалдарыныңболашақ ұрпаққа берер пайдасы, әдебиетке қосқан үлесін дәріптеу

Міндеттері:

- Ахмет Байтұрсынұлы мысалдары жайлы  жүйелі түсініктер беру;

- әдеби жанр ерекшеліктерін таныту.

Ғылыми  жұмысының зерттеу әдістері:

- бақылау, зерттеу, салыстыру, анализ жасау.

Гипотеза: Егерде мен болашақта білім министрі болсам, мен, Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын барлық білім беру мекемелерінің сабақ кестесіне енгізер едім.

Жаңалығы: Ғалым еңбектерін жаңаша зерттеу, идеяларын толыққанды саралау еліміз тəуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болып отыр. Тоқырау жылдары А.Байтұрсынұлының еңбегін бағаламақ түгілі, инициалдарының алғашқы əріптерін бергені үшін ғалымдарымыз қудалауға түсіп, еңбектері туралып кеткен. Алаш зиялыларының еңбектерін жинақтап, жүйелі түрде зерттеуге тəуелсіздігіміздің, ұлттық дербестігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бұл бағыттағы ізденістер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ғалым мұрасы ел игілігіне айналмақ. А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы ұлттық санамызды кемелдендіру жолындағы рухани азық болары сөзсіз.





Негізгі бөлім

А.Байтұрсынұлының əдебиеттану ғылымының негізін салушы

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілінің ғана емес, əдебиеттану ғылымының да негізін салушы. Осыдан-ақ оның халықтың бай ауыз əдебиетін, ертегі-аңыздарын, эпостық жырларын, шешендік сөздерін, мақал-мəтелдерін, нақылдарын да үнемі жинап-теріп, бастырып шығарғанын көреміз. Ол бұл жұмысты 1895 жылдан бастайды. Бұған «Тургайская газетінің» бетінде бастырған «Киргизская приметы и половицы» деген материал куə. 1923 жылы А.Байтұрсынұлы қазақтың айтулы эпостық жырының бірі – «Ер Сайынды» Мəскеуде бастырады. 1926 жылы Ахаң қазақ халқының басында болған қайғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі 23 жоқтаудың басын құрастырып,«Жоқтау» деген атпен жариялайды. Бұл – халқымыздың ауыз əдебиетінде жанрлық сипаты басқашалау туынды қатарына жатады. Мұны жинағанда да ғалымның ең алдымен назараударатыны – жоқтау жырының тіл шеберлігі мен көркем сөз қоры. Əдебиеттің осындай сан түрлі нұсқаларын жинап, зерттеп, бастыра келе А.Байтұрсынұлы енді оның тарихына үңіліп, теориясын түзуге кіріседі. 1926 жылы жарық көрген «Əдебиет танытқыш», міне, осындай жүйелі ізденістер мен барлаудың əрі жалғасы, əрі жиынтығы іспетті. Аталмыш еңбек Ахаңды нағыз теоретик ғалым ретінде танытты. Бұл кітап əлденеше жылдар бойы əдебиетсүйер қауымның қолынан түспейтін құрал болған. Өйткені мұнда ол əдебиеттің барлық жанрына, көркемдік құралдарына қалыптаса бастаған еуропалық дəстүрден кетіп, таза қазақша, соны, жаңа анықтама беріп, бəріне терминдік балама телиді. Қараңыз: арнау(зарлай арнау, жарлай арнау) ауыстыру, əсірелеу, бүкпелеу, бейнелеу, дамыту, көрнектеу, кекесіндеу, мегзеу, теңеу, түйдектеу, теңдестіру, үдету тəрізді жеке сөздерді, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, тармақ кезеңдері, заман хат, тарихи əңгіме, саясат, шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, көсем сөз, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең тəрізді тіркесімдер Ахаң қолдауында тұңғыш рет терминдік мəнге ие болған. Ғалымның атылып кетуіне байланысты еленбей қалған ғұрыптама, зауықтама, қалыптама, сарындама, сауықтама сияқты қолданыстар терминденуге өзі сұранып тұрғандай. «Əдебиет танытқышта» өзінің терминдік өрісін таппай жатқан мұндай сөз үйірлері молынан кездеседі. Оны игеріп, ел игілігіне жарату, терминдер қатарына қосу – ендігі ұрпақтың міндеті. Сонымен осы қысқаша шолудың өзінен-ақ А.Байтұрсынұлының əдебиеттану ғылымының да негізін салған тұңғыш əдебиет теориясын жазған үлкен ғалым екенін танимыз.

Оқу-ағарту идеясы – А.Байтұрсынұлының қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі, идеологиялық платформасының тіреуі болды. Бұл платформаны мықтап ұстауға алып келген – оның өз халқының тағдырын ойлаған қам-қарекеті. А.Байтұрсынұлы – ұлттық рухымыздың ұлы тіні. Ұлттық рух дегеніміз – ұлттық намыс, қазақ екенін сезіну. Соны бастап берген, сары маса болып ызыңдап, бүкіл халықты «қазақпын» деп көтерілуге шақырған – Ахмет Байтұрсынұлы.

Ол – Құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Не оқыту жүйесі, не өзіндік жазуы қалыптаса қоймаған, мал соңына ерген, малмен бірге ұйықтап, малмен бірге жусаған қалың ұйқыдағы халқының қамын жеп, сауатын ашпақ боп сары масадай ызыңдаған үлкен ақын, талантты тілші, шебер аудармашы, түркі тілдес халықтар үлгі тұтқан түрколог, қоғам ісіне араласқан мемлекет қайраткері. Бұл санамалап отырған атақ, дəреже, лауазымдардың өзінен өзі келмегені мəлім. Ол талмай ізденіп, тамаша туындылар берген. Өмірдегі басты мақсатын – туған халқына қызмет ету деп түсінген Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) – небір тар жол, тайғақ кешулерден өте келе тамаша еңбегімен қазақ халқының ары мен ұятына айналған өте күрделі де, көсем тұлға.

Ахаң өмірінің алғашқы қадамдарын бала оқытудан бастайды. Ол өз мақсатын:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың, – деп, бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мəдениетке жетектеу деп біледі.

Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетик. сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты.

Әдебиет танытқыш

Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.

Әдебиет танытқыштағы”қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты — әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсемсөз (публицистика). Ауыз әдебиеті түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.

Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкетуге де қайран қаласыз.

Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.

Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”. Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.

Бірден айту керек, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.

Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе, жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.

Өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін(живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама беруінен, сөз жоқ, неміс ғалымы Лессингтің әйгілі “Лаокон” трактатымен таныстықты байқауға болар еді. Сол сияқты әдебиет тектерін таратқанда, ішкі ғалам (субъективті әлем), тиіс ғалам, түйіс ғалам (объективті әлем) ұғымдарын пайдалану ескідегі Аристотель, кейінгі Гегель, бергідегі Белинский, Веселовский концепцияларын еске түсіреді. Ал ауыз әдебиетін жалпылай топтау тәсілдерінен орыстың дәстүрлі фольклоршыларының сабағы аңғарылады. Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп, басқаның пікіріне жығыла салатын әдеттен мүлде аулақ. Дәлірек айтқанда, “Әдебиет танытқышта” пәленшекең айтты деген бірде-бір пікір, тұжырымға сілтеме жоқ.

Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп, сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалға алынған.

Әдебиет танытқыштың” бірінші бөлімі “Сөз өнерінің ғылымы” деп аталып, бірнеше шағын бөлімшелерге, баптарға бөлініп, олардың әрқайсысында нақты мәселе қаралады.

Ең алдымен тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға, ғылыми дәлді, ықшам, толық анықтама беріледі. Автор сөз өнері ғылымын: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.

Автор сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісіәншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру, орналастыру шарттары алға қойылады. Тіл тазалығына анықтама беріп, ол үшін орыстың жақсы жазушылары қойған талаптарды үлгі етіп алған. Олар:

Ескірген сөздерге жоламау;

Жаңадан шыққан сөздерден қашу;

Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;

Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.

Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, — деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.

Әдебиет танытқышта” қойылған күрделі мәселенің бірі – қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің, ғылым мен әдебиеттің айырмасы. А.Байтұрсынов қазақта бұрын бола қоймаған терминдердің баламасын тауып, не өз жанынан жаңадан сөз жасай отырып, өте күрделі ғылыми, философиялық, эстетикалық көзқарастарды айтады, қиын проблемаларды ұғынықты түсіндіріп береді.

Ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді. Адамзаттың балалық шағындағы табиғат құбылыстарын кереметке жору, жоққа илану, дәу, пері, жезтырнақ, жалмауыз секілділерден қорқып,пері-періштеге, аруаққа сену салдарынан туған шығармаларға баға береді. Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр” сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі”

Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қарақыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.

Толғау, терме – қазіргі әдебиеттануда бар терминдер, ал үгіт өлең, үміт өлең – Ахмет Байтұрсынов әдебиет материалы негізінде дәл де айқын тұжырымдаған ұғымдар. Сарындама сөздерді салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі деп үшке жіктеп, әрі қарай тағы да таратады.

Салт сөзі: мысал, ділмар сөзі (афоризм), тақпақ, мақал-мәтел, ғұрып сөзі: тойбастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жоқтау, жарапазан, бата; қалып сөзі: жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры болып бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы және нақты мысалы бар.

Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиеттің пайда болуы туралы пікірлерін дамыта келіп, әдеби байланыс, әдеби ықпал орайында дәлді, нақты тұжырымдар жасайды. Мұсылман дінінің күшімен енген араб, парсы әдебиеттері әсерінен туған мазмұн, уақиға ауысуы, шығарманың жаңа түрлерінің пайда болуы, бұрынғы үлгілердің соны тақырыпқа қызмет етуі тұжырымды дәлелденеді.

Ал қазақ жерінің отарлануынан кейінгі орыс әсері, Еуропа ықпалы өмірдің барлық саласынан көрінгенін, әсіресе көркем әдебиеттегі өзгерістердің туғанын А.Байтұр­сынов жаңа бағыттар, жаңа жанрлық үлгілерді талдау арқылы айқындап береді.

Әдебиет танытқыштың” үлкен бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған. Ахмет Байтұрсынов негізінен “жазу әдебиет” деген терминді қолданады, кейде “жазба әдебиет” деп айтады. Жазудың қазаққа дін арқылы келгенін кеңінен ұқтыра отырып, осы істегі қожалардың, ноғай молдалардың дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы тарату әрекеттерін көрсетеді, олардың ақын болмағандықтан, әңгіменің қисынымен қызықтырып, тамұқ азабымен қорқытып, жұмақ рахатымен үміттендіргенін ескертеді. Қожа, молдалар ішінен Шортанбай, Ақмолда секілді ірі ақындарды көрсетеді.

Зарқұм”, “Сал-сал”, “Сейфұл-Мәлік” секілді қиссалар аталып, Жүсіпбек Шайхы Ісламұлының “Мұса мен Қарынбай” қиссасы, Шортанбай, Әбубәкір, Молда-Мұса шығармалары талданады.

Жазба әдебиеттің бір кезеңін діндар дәуір, екінші кезеңін әуелде, ділмар дәуір, артынан сындар дәуір деп алған, Ахмет Байтұрсынов жаңа әдеби дамуға қатысты келелі эстетикалық-теориялық ой-тұжырымдар, пікір-байламдар түйеді. Сындар дәуір ұғымына автор бір жағынан сын арқылы шыққан, екінші жағынан мағынасы терең, мінсіз, толғаулы, классикалық әдебиет деген сипаттарды сыйдырады. Асыл сөз жасаудағы білімнің, үлгінің қызметін ашады да мынадай қорытынды жасайды: “Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Еуропа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып көзге түскен. Сонан кейін ғана Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған”.

Қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Абайдың сөзге талғау кіргізгені, әдебиеттің басты-басты сипаттарын анықтағаны “Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы” өлеңін мысалға келтіру арқылы көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиет тудыруда талғамның, өнегенің, үлгінің, ықпалдың, әсердің рөлін айта келіп: “Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал”, — деген көрегендік тұжырым жасайды.

Жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерінавтор үш топқа бөліп қарайды, олар: 1. Әуезе. 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс. Бұлар қазіргі әдебиеттану тұрғысынан айтқанда – эпос, лирика, драма. Әуезенің түрлері былай бөлінеді: 1) Ертегі жыр; 2) Тарихи жыр; 3) Әуезе жыр; 4) Ұлы әңгіме (роман); 5) Ұзақ сөз; 6) Ұзақ әңгіме; 7) Көңілді сөз; 8) Мысал; 9) Ұсақ әңгімелер.

Бұлардың ішінен зерттеуші “Ұлы әңгіме, яғни роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз” деген анықтама жасайды да, жанрдың негізгі белгілерін тұтас түгелдеп береді.

Роман тақырыбы, уақиға және уақыт, ұлы істер мен кіші істер, шиеленістер, тартыстар, амал-әрекеттер, мінездің іштен туатындығы, оның өзгеруіндегі үй-іші, мектеп, төңіректің ықпалы деген мәселелерді айта келіп, ақырында автор негізгі ойын кейіп (тип), кейіпкер (герой) проблемасына орайластырып, ақырында: “Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-ұсақ істері болғандықтан, ол істері біріне-бірі ұласып, біріне-бірі оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес”, — деген роман жанрының табиғатын ашатын терең ой қорытады. Қазақта әлі ұлы әңгіме жоқ деп келіп, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жатқызады. Ұсақ әңгіме ретінде Мұхтардың “Оқыған азамат”, Ысмағұлдың “Қалайша кооперация ашылды”, “Автономия”, Міржақыптың “Қызыл қашар”, Бейімбеттің “Айт күні” шығармалары мысалға келтіріледі. Әуезе жыр үлгілері қатарында Мұхаметжанның “Топжарған”,Шәкәрімнің “Жолсыз жаза”, “Қалқаман — Мамыр”, Мағжанның “Батыр Баян” (кітапта “Батыр Баян” деп жаңсақ берілген), ал аңыз ретінде Мағжанның “Қорқыт”, “Орман патшасы”, Пушкиннің “Данышпан Аликтің ажалы”, Абайдың “Ескендір” туындылары берілген.

Ахмет Байтұрсынов лириканы – толғау деп алып, осы әдеби тектің қыр-сырын ерекше тиянақты талдап, орасан терең пікірлер тұжырымдап, сұлулық, көркемдік, әсемдік, шеберлік табиғатына қатысты ойларын бажайлай жеткізеді. Ықшамдап, жинақтап айтқанда Ахмет Байтұрсынов лирикаға (толғауға) мынадай шарттар қояды:

  1. ІШКІ ШАРТЫ: а) Толғау жалпы сырлы болуы керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін айтады. Бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгеге әсер ете алмайды;

ә) толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған күйден шығу керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан;

б) толғау таза болуы тиіс – нас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді;

в) толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан сөздердің әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды;

  1. ТЫСҚЫ ШАРТЫ: а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болуы тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі;

ә) толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды;

б) толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін – күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін — әуезді сөз, әуезді күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс.

Кейінгі қазақ әдебиетшілері орыс тіліндегі еңбектердің ізімен саяси лирика, махаббат лирикасы деп қана шектеліп келсе, Ахмет Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, лириканың сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді, мысалға “Интернационал”, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, Сәкеннің “Жолдастар” өлеңдері, “Маса”, “Оян, қазақ” кітаптарындағы кейбір өлеңдер алынған.

Ахмет Байтұрсынов драманы қазақша “Айтыс-тартыс” деп алып, оған мынадай жанрлық анықтама береді: “Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді”.

Байтұрсынов саралауы бойынша драма былай бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия); 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма); 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Екінші жерде ықшамдап: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс деп те бөледі. Осы түрлердің әрқайсысындағы тартыс табиғаты, кейіпкерлердің сипаты жеке-жеке, дәлді де нақты әліптеледі.

Зерттеу барысында ғалым басқа елдер әдебиетін де ескереді: “Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу қиын екендігін көрсетеді”, — дейді “Сөз өнері” тарауында. Бұдан басқа Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов есімдері айтылады, жапон, француз, поляк әдебиеттеріндегі өлең құрылысы сөз болады. Абылай, Шоқан, Ақан сері, Торайғыров, Ядринцев, Потанин есімдері кездеседі.

Әдебиет танытқыш” алғаш 1926 жылы шықты, 1989 жылы “Жазушы” баспасы, 1991 жылы “Жалын” баспасы шығарды. Соңғы басылымда бұрынғы жариялануда кеткен бірталай селкеуліктер жөнделді, олар – кейбір шатасқан сөздердің, баспа кінәсінен кеткен қателіктердің бұрмаланған текстердің түзетілуі. “Әдебиет танытқыштың” қазір Алматыда сақталған кітаптарының соңғы беттері жыртылғандықтан, еңбектің тексті түгел берілмей отыр. Зейін салған кісі аңғарса керек, А.Байтұрсынов былай дейді: “Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс”. Осылардың біріншісі — әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан сақталған кітап бойынша болашақта “Әдебиет танытқыштың” толық текстін табу міндеті тұр. Тағы бір мәселе әр түрлі жанрлық формаларды талдап болғаннан кейін А.Байтұрсынов әр жерде бұларды нұсқалықтың пәленше номерлерінен қара деп ескертеді. Ендеше, “Әдебиет танытқыш” оқулық, оның хрестоматиясы — нұсқалығыда болған ғой. Қазіргі дерек бойынша, ол жарияланбаған секілді. Әлде қолжазба күйінде архивтің бірінде жатыр ма? “Мәдениет тарихы” деген еңбек бітіргені белгілі – ол да жоқ. Қайда? Қысқасы, Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі “Әдебиет танытқыш” төңірегінде әлі де көп зерттеу жүргізу керек.

Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік термино­логиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан, әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине, қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынов жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр.

1913 жылы “Қазақтың” тұңғыш саны шыққанда газет редакторы Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған: “… Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті”.




Қазақ үшін шам қылған жүрек майын

Ахмет Байтұрсынұлының аудармашылық қызметінде мысал жанры өзгеше орын алады. Басқа емес, дəл осы жанрға баруының өзінде үлкен мəн жатыр. Қазақ бойындағы ежелден қалмай келе жатқан əлгіндей ездік пен бойкүйездік, намыссыздық пен жігерсіздік, алааяқтық пен алаауыздық, жалқаулық пен жағымпаздық т.б. толып жатқан ес жиғызбас əдетті сынау, шенеуге келгенде ақын осы жанрды дұрыс таңдайды. Оның сыншылдығы да, сыршылдығы да осы мысал өлеңдерінде барынша ашыла түседі. Əсіресе шымшыма əзілмен əспеттелетін пəлсапалық түйін мен тағылым, тəрбиелік мəні зор тұжырымдары естен кетпей көңілде жатталып қалады. Мұның бəрі, біздіңше, өлеңдегі ой мен сөздің, мазмұн мен түрдің өзара жымдасып, қабысып жатуынан. Сонау Эзоп пен Лафантеннен бастау алатын И.А.Крыловтан баян табатын бұл мысал əңгімелерге Абай да, Ыбырай да қызыққан. Олар да бұларды қазақша сөйлетудің керемет жолын тапқан. Ол – əлі игеріліп бітпеген тағылымдық өнегесі таусылмайтын өз алдына бір мектеп. Ахмет бұл дəстүрді де əдемі жалғастырып, көркем аударманың дамуына зор үлесін қосып кеткен. Əрбір өлеңі бір қарағанда аударма дейтіндей күдік шақырмайды. Ал, екінші жағынан, тереңірек үңіле қараған адамға аударма екенін жəне оны өте шебер жасалғанын мойындауға тура келеді. Аударма екенін кейде байқамай қалатыныңыз өлеңдегі бүкіл айтылмыш ой, мазмұнның қазақы ұғымға ешбір жаттығы жоқтығынан. Ал олай болу себебі – Ахмет қазақ сөзінің парқын мейлінше терең түсініп, оны орнымен қолдана білуінде. Өлең сөзге осыншама шеберлікпен балама табу кез келген ақынның қолынан келе бермесе керек. Мысалдың мазмұн-мағынасын ашып, көркемдік сапасын төмендетпей, шебер қаланған əсем ғимарат өсіп шығады. Қайсыбір тұстарда Ахаң өз тарапынан өнегелік түйін жасап, түсіндіріп те кетіп отырады. Бұл да – өзіндік ерекшеліктерінің бірі. Мəселен, «Арыстан, киік һəм түлкі» деген мысал өлеңінде ол былай тұжырымдайды:

...Кісіге таза жолдас табу қиын,

Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым.

Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,

Басыңда, сірə, Ахмет, болса миың.

Ойлама:«шын достарым мол екен» деп,

Сөзіне ере берме: «Жол екен!» –деп,

Досыңды қиын іске қайрап тұрған

Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп.

Немесе ««Қара бұлттағы» қаңсып жатқан далаға жауудың орнына онсыз да кемерінен асып-төгіліп жатқан теңізге барып құя салған бұлтты мүмкіндігі болса да, еліне еш пайдасы жоқ кейбір адамдарға ұқсатады. Ал «дала – бейқам жатқан қазақ», – дейді. ...Бұлттай жерге жаумай, суға жауған Қазақта іс ететін көп адамдар. Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін Біреулер жүреді, оған не амал бар? Мысалы, қазақ – дала, басқа теңіз, Даланы шамаң келсе көгертіңіз. Ахаң қандай мысалды аударса да, аяғын қалайда қазаққа əкеп тірейді. «Оянар ма екен, сабақ алар ма екен, серпілер ме екен?» деумен болады. Əйтеуір қазақтың бар қылығына теңеу табады. «Баласын аяған адам оны сүймейді» деген мазмұнда жапонның бір мақалы бар екен. Ахаңның қазақты қаншалықты сүйетіні, сондықтан да оны бар жаман қылықтардан арылтып, адал адамгершілік жолына алып шығумен əуре болатынына қайран қалып отырасыз. Сол үшін де ол ешкімді аямайды. «Миың болса, ойлан», – деп, өзін де қатты сынға алады, қайрайды. Болмашы үлесті бөлісе алмай дауласып, үйді өртеп алған үшеудің қылығы да қазаққа келіп жатыр.

...Бұл белгі табылып тұр біздің жұрттан,

Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.

Алданып арадағы дау-шарына

Қатерден қапері жоқ келер сырттан.

(«Үлес»)

Сондай-ақ «Өзен мен Қарасу» мысалындағы өзенді өз елін ғылым, біліммен өркендетіп жатқан елге ұқсатады.

...Қозғалмай бұл күйіңнен жата берсең,

Боларсың Қарасудай ақырында, – деп, қимылсыз, қарекетсіз жатқан қазақтың намысын түрткілейді. Қаршадайынан ел деп езіліп, халқым деп қайғы жұтып, азап пен тозақтың бəрін бастан кешіріп, ақыры қара түнек надандықтың құрбаны болған аяулы да ардагер Ахметтің мысалдарының бүгінгі ұрпаққа берері зор деп есептеймін.

Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, "Қырық мысал" деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды. 

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді. 

Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн, 

Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін, 

Тартады аққу көкке, шаян кейін 

Жұлқиды суға қарай шортан шіркін. 

Ақын қалғыған халқын тымболмаса маса боп шағып оятайын, ойландырайын деген мақсат көздейді. Ол бұл жолда талай қаққы жеп, тауқымет шегерін де, тіпті өліп те кетерін білген. Бірақ біле тұра, ол алған бетінен қайтпайды: Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен

Қоймастан құлағына ызыңдаса?!

Сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахмет 1909 жылы Петербургте басылған «Қырық мысалындағы»«Малшы мен маса» деген туындысында жасырмай, ашық айтады:

Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды пəле делік аңдып баққан.

Пəленің түрін көрген мен – Сармаса

Халықты оянсын деп сөзбен шаққан - деген ұлағатымен елдікке төнген қауіптен арылудың айқын әрі адастырмас сара жолы ұлттық ояну екенін санаға тоқиды.

Бір малшы шаршаған соң малын итіне баққызып,өзі шөптің үстінде қалғып кетсе,бір жылан мұны шағуға келе жатады. Ызыңдап ұшып жүрген Маса малшыны ажалдан құтқармақ боп бетіне қонса,малшы ояна сала,масаны алақанымен ұрып өлтіреді.Сол мезетте ол өзіне ұмтылған жыланды көреді.Сары масаның достығын түсінбегеніне өкінеді.Ұлттық cананы құлдық кіріптарлықтан арылтып, азаттық идеясын ту етіп көтеруде «Жолдар бар өзге, Жоба бар сөзге, Жүрекке дөп, ойға жөн. Жаманды жаман, Демекпін һаман, Мейлі тула, мейлің көн. Иланбасам айтпаймын, Иманымнан қайтпаймын» деп білген Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» (1911) жинағы ояну дәуіріндегі сөз өнерінде әдеби-тарихи ерен қызмет атқарды. Қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін құрайтын жер, дін бостандығы, оқу-ағарту, саяси теңдік сынды ұлт мүддесіне негізделген өлеңдері әлеуметтік санаға сілкініс дарытқан қуатымен құнды. Адамдық диқаншысының елдік мұраттағы ой-толғаныстары ұлт тағдырын арқау етуімен әрі халықтың руханижәне шаруашылық дамуына, құлдық санадан ада тәлім-тәрбиесін ұштауда мейлінше қажетті отаншылдық рухтағы әлеуметтік мәселелерді тереңнен қозғауымен оқшау тұрады. Жинақтағы саяси-әлеуметтік лириканың басты күретамыры - ұлт мүддесі, ұлт тағдыры, ел қамы, ел азаттығы. Отаршылдық жүйе қылмысын батыл әшкерлеп, қазақ намысын қамшылап, азаттық жолына бағыт нұсқаған қайраткер Ресей ипериясы жендеттерінің қысымына алынды. «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп қам көңілінің жан күйзелісін аңғартқанымен, «Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа, Жол сілтедім жақын емес, алысқа» деген өлең өріміндегі өршіл рухта «шындықтың үні  үнемі Ахаң тілімен естілді де тұрды» (Т.Шонанов).

«Қазағым, елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып» («Жиған-терген») деп ұлтына ұран салған қайраткер «байға мал, оқығанға шен мақсұт болған» парықсыздыққа ашынып, «бірлік қып іс істеуге шорқақ жұртының» замана көшіндегі «баяғы қалпы, баяғы салты, бұ неткен жұрт ұйқышыл» бейқамдығынан арылып, елдікке бастар жұрт жұмысына жұмылы кірісудегі мақсатты ұғындырады. «Адамдық диқаншысы» өлеңінде Алаш намысын ту еткен өмірлік мұратын:
«Адамдық диқаншысы - қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың» деп жеткізді.
Жұрт жұмысы, ел намысы сынды азаматтық парыз бен перзенттік қарыз ұғымдарына ар-ождан биігінен келген ақын «Жұртыма», «Жұбату», «Қазақ салты», «Қазақ қалпы» өлеңдерінде азат елдің ертеңін толғап, кемел ұлт болу жолын айшықтайды. Отаршылдықтан арылудың саяси және рухани бағыттағы күрескерлік бағдарын нұсқайды.
«Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ, не міндет?
Тек жүрсек тоқ жүрмекті

Қиын деме білмекті» деген толғанысымен ұлтқа қызмет ету барша әлеуметтің қасиеттті парызы екенін қандастарының жадына тоқыды. Алаш рухының айбыны болған ақын «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп имани қасиеттерді отаншылдық рухпен сабақтастырды.
«Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрміз қалқып, кешпесі жоқ. Жел соқса, құйын қуса, жылжи беру Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ» кейіптегі қамсыз қазақ қалпынан арылтуды діттеп, «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған, Сахара көлге қонып саңқылдаған. Бір өртке қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізден шарпылмаған?!» қасіреттегі мүшкіл күйін тереңнен қозғаған ақын тарих толқынындағы ұлт тағдыр-талайын азаматтық сезім күйінің көңіл толқынында тебірене жырлады. Сондықтан «Ұлт жұмысы - үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» деп қазақ санасына елшілдік рухын сіңірді.

Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы қазақ әдебиетіндегі ұлттық идеяны, тәуелсіздік мұратын жырлауымен руханият әлеміне соны тыныс дарытты. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы тарихи тереңдікпен бағалағанындай «Ол қарапайым, нағыз қазақ тілінде бостандық, ұлт туралы - қазақ халқының қанауда, артта қалғаны жайлы жырлап, оны оқуға, еңбекке және ұйқыдан оянуға шақырды, әрбір қазақтың бойындағы азаматтық сезімді оятуға ұмтылды».

«Маса» жинағымен ұлтының саяси теңдігі мен рухани оянуын мұрат еткен қыр перзенті отарлық езгідегі халқының елдігін сақтау мен азаттыққа ұмтылысында ерекше серпін, күш қуат беретін құдірет  сөз өнері, яғни әдебиет екенін тереңнен екшеді. Сондықтан «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз» деп ұлт тілі мен әдебиетін сақтаудың мәңгілік қасиет заңғарындағы киелі маңызын жеткізді.

Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық һәм әдеби қызметі тәуелсіздік тұғырын асқақтатудың кемел өнеге өрісіндегі жасампаздығымен мемлекетшілдік сана биігіндегі Отаншыл ұрпақ тәрбиесінде жаңғыра бермек. «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген толғанысын қазақ баласы мәңгілік бойтұмар етіп ұстанатын өшпес аманаты деп білеміз. «Бақ - ерікте. Ерік - ерлік пен бірлікте. Ерлік - ұранымыз, бірлік - құранымыз болсын!» деген Алаш қайраткерінің «Маса» жинағынан ана тілін ардақтаған, ата тарихын қастерлеген ұрпақ тағылым алып,  бабалардың ақ жолымен азаттық тұғырын асқақтата беретініне нық сенімдеміз.


Қорытынды

Әр нәрсенің құндылығын білу халқымыз үшін қашан да оның маңызы мен пайдалылығы ауадай қажет. Ал егер әңгіме құнды жәдігерлер туралы болса, ғибратты өмірге жол ашудың бірден-бір себебіне айналары сөзсіз.  

Ғибраттты ғұмыр демекші, өнегелі өмірді кешуді армандамайтын пендені кезіктіру әсте қиын болар. Ал ғибратты өмір адам баласына қайдан келеді? Қандай жолды таңдағанда өмірінің ғибратты боларына көзі жетеді?..

Ғибратты өмірге жол ашар бір дүние бар болса, ол құнды дүниелерге көз жіберіп, оны қастерлей білу дер едім. Себебі, біз білетін құнды кітаптар тарихта алтын әріптермен жазылып, мәдени мекемелерде орын алғалы қашан.

Құнды кітаптар шын мәнісінде несімен құнды? Көнерген қағаздардан тұратын осы бір құнды дүниелер адамзат баласы үшін тек қана мұра ретінде ғана емес, тарихи-мәдени сабақтасты байланыстырды. Адамзат баласы өз білімдерін осындай бағалы кітаптар арқылы толықтырып отырды. Бағалы саналатын бұл кітаптар ертеңгі ұрпақтың ата-бабаларының жасап кеткен жасампаз жолдарын осылайша еске салды.

Зерттеуіміздің мақсаты орындалып, соның негізінде бірқатар теориялық және практикалық қорытындылар жасауымызға мүмкіндік туды.

Қазақ халқы үшін қызмет етуді өмірлік мұрат тұтқан аяулы азаматтың артында қалған мұралары қазіргі егемен еліміздің жас ұрпағына қоғамдық тәрбие беруде айрықша мән-маңызға ие екені сөзсіз.

Қазақ жазушы-педагогтарының шығармашылықтарындағы халыктық идеяның мәні — ана тілін, ата тарихын, ұлттық мәдениетін, халқының ауыз әдебиетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, туған өлке табиғаты мен географиясын жүйелі оқытуға баса назар аударып, оларды жас ұрпаққа қоғамдық тәрбие берудің негізі екендігін дәлелдеуінде деп түсінеміз.



















 Ұсыныстар:

1. Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы тек оқушыларды ғана емес, сонымен қатар, бүкіл адамзат баласын тәрбиелейтін бірден-бір құрал болғандықтан оқу қабинеттеріне, мектеп ішіне, тіпті көшелердің көрнекі жерлеріне небір ағылшынның, орыстардың неше түрлі жарнамаларын іліп қойғанша, ақынның:

1) "Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса"

2) Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал;

3) Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді;

4) Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді;

5) Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау – деген сияқты нақыл сөздерді іліп қою қажет.

2.Ахметтің мысал өлеңдерін әр бір әдебиетші мұғалім "Ахмет мұрасы" деген сияқты дәптер бастатып, күнделікті немесе тәрбие сағаттарында жаздырып отырса, баланың әдеби тілмен сөйлеуіне ықпалы болар еді.


 


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.“Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6

2.«Маңғыстау» энциклопедиясына, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007

3.«Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясы, Алматы, 2002;

4.Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2

5.Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 ж., 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3

6.Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жұмашева Қайырниса – Алматы: “Аң арыс” баспасы, 2009

7.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

8.Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
06.00.2025
82
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі