Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ОҚУ ӘРЕКЕТІНЕ ҮЙРЕТУ
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ОҚУ ӘРЕКЕТІНЕ ҮЙРЕТУ
Есениязова Алмагүл Какимқызы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектеп
Атырау облысы, Махамбет ауданы
Аңдатпа. Бұл мақалада ерекше балалардың дамуы үшін оқудың маңыздылығы талқыланып, оқуға үйрету бойынша зерттеу жүргізген ғалымдардың тұжырымдалған ой-пікірлері, ұсыныстары жазылды. Әліпби және әріппен таныстыру кезеңіндегі ерекше оқыту-үйрету жұмыстарының тиімді тұстары, сөздерге дыбыстық талдау жасауға үйрету, сөздер мен сөз тіркестерін оқуды үйретудегі ерекшелік, дауыстап оқу дағдыларын дамытудың пайдалылығы, «саусақпен оқу» әдісінің бала үшін көмегі, жаңа сөздерді меңгерту қадамдары, оқуға үйренуге байланысты ойындар ойнау, өз бетінше оқуға ынталандыру жолдары туралы айтылады. Сондай-ақ оқуды үйренудегі дислексия және «қызықсыз оқу» сияқты қиындықтарды жеңу жолдары сараланып, оқуға үйрену процесін аяқтағаннан кейін оқу дағдыларын дамытуды қалай жалғастыру керектігі туралы да айтылады
Түйінді сөздер: ЕББҚ баланы дамыту, кітап оқуға үйрету, оқыту әдістері
Кіріспе
Кітап оқу – баланың ерте жастан үйренуге тиісті ең маңызды дағдыларының бірі. Бұл дағды білім әлемін ашып, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар сөйлеу, есте сақтау, қиялдау, ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Оқу балаға жаңа сөздерді меңгеруге және сөздік қорын жақсартуға мүмкіндік береді, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамытады, мәтінді түсіну және ақпаратты талдау, бағалау қабілетін арттырады. Кітап оқу баланың қиялын, шығармашылық қабілетін дамытуға да көп ықпал етеді. Кітаптар балаға басқа әлемге еніп, өзін кейіпкердің орнында елестетіп, оның шытырман оқиғаларын басынан өткізуге мүмкіндік береді. Оқуға үйрену кезеңінде ата-аналар мен педагогтер балалардың осы маңызды дағдыдан толық пайда алуы үшін оқуды үйрену процесін ынталандырып, қолдау көрсетуі маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, оқу – баланың дамуының ең маңызды дағдыларының бірі және бұл дағдыны үйрету ата-аналар мен оқуға үйретуші педагог мамандарға қиындық тудыруы мүмкін. Ата-аналар мен педагог мамандардың бұл қиындықты жеңуге көмектесуі және балаға оқудың барлық артықшылықтарын беру барысында біраз еңбектенуіне тура келеді. Оқушының ерекшелігін ескере отырып, педагогтің ыңғайлы және тиімді оқыту жолдарын іздестіретіні ақиқат. Көрнекті қоғам қайраткері, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан күрделіге» принципін ұстанғандықтан, 1-басқыш мектеп балаларына арналған материалдарды аса түсінікті етіп беруді көздейді, сондықтан да мысалдарды қазақ баласына таныс мақал-мәтелдерден, нақыл сөздерден, мысалдардан алады. Ал белгілі бір тақырыпқа лайықталып өзі жасаған текстер ауыл балаларының күнделікті тұрмысынан алынып, олардың арман-тілегін, талап-талпынысын танытатын шағын әңгімелер түрінде беріледі» [1, 23] дейді. Бұл оқыту принципі қазіргі уақытта білім беру жүйесінде бастапқы оқуға үйрету барысында басшылыққа алынған. Танымға сәйкес келетін оқытудың санада берік орнығатыны, рухани өсуге әкелетінін педагог-ғалым сол кездің өзінде-ақ анық көрсеткен. Бүгінде зор мәнге ие болып отырған мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуға үйрету, жайлы оқу ортасын қамтамасыз ету өзекті мәселе.
Ерекше білім беру қажеттілігі - бұл әр оқушының оқуы табысты болуын қамтамасыз ету мақсатында психологиялық-педагогикалық әдістермен жүзеге асырылатын оқу үдерісіндегі көмек пен қызмет көрсету қажеттілігі [2, 41]. Білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеудің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді. «Ерекше білім беру қажеттілігі (ЕББҚ) – бұл көптеген дамыған елдерде кеңінен таралған түсінік, өйткені инклюзивті білім берудің принципіне сәйкес әр оқушының жемісті білім алуы үшін барлық жағдайларды жасауға мектептің назарын аударады» [3, 29]. Өзге қоғам мүшелерімен тең жағдайда білім алуға, өсіп-өркендеуге, еңбек етуге тартылуына мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға алғаш оқу мен жазуды үйрету, белгілі бір көлемдегі білім, білік, дағдыларды меңгертумен бірге, өзімізді қоршаған орта туралы танымын қалыптастыру – өркениетке құлаш ұрған заманның басты талабы. Олар өз – өздеріне тұрмыстық қызмет етуге үйренуге, салмақты дәрежеде танымдық білім алуға, қарым-қатынас жасауда шеттетілмей жеке тұлға ретінде қоғам мүшесі санатында өздерін құқығы толық қорғалған азамат сезінулері тиіс.
Жалпы білім беретін мектептегі арнайы сынып оқушыларын оқуға үйрету қалай жүзеге асады? Ерекше баланың оқу әрекетінің әрбір кезеңіне бейімделуі бірден қалыптаспайтыны анық. Оларды міндеттеу, үгіттеу арқылы оқуға деген ынтасын аша алмаймыз. Керісінше, оқу бала танымына қиындықтар келтірген соң, кейбірі оқудан бірден тартынып, алшақтап кетеді. Сондықтан оқушының оқуға деген қызығушылығын тудыру және арттыру үшін тиімді әдістерді іздестіріп, орынды пайдаланған жөн. Мұғалім тарапынан оқушыны оқуға үйрету ісі жүрсе, ал оқушыда үйрену үдерісі іске асатыны белгілі. Үйрену – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұратын процесс. Сондықтан үйренуші рөліндегі оқушы жаңа ұғым-түсініктерді, өзінің осыған дейінгі білімімен салыстырып, жаңа ақпаратпен толықтырады, ойлау және қабылдау кеңістігінің аясын кеңейте түседі. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Мектеп жасына дейінгі баланың бар ермегі ойын болып келсе, мектеп табалдырығын аттаған соң, оқу іс-әрекеті шешуші рөлді атқарады. Осыған орай баланың психологиялық дамуы, жалпы ойлауы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ғалым Л.С.Выготский бұл туралы төмендегідей пікірін білдіреді: «Бұрын-соңды оқымай келген бала оқуға кірген соң, оның ойы мен интеллектісі өзгереді. Яғни бала табиғи ойдан мәдени ойлау деңгейіне көшеді, ал бұл – үлкен үдеріс» деп тұжырымдаған [4, 510]. Мақала ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқуға үйретуге, баласын оқуға үйреткісі келетіндерге немесе оның оқу дағдыларын жетілдіргісі келетін және оқуды сәтті үйренуге, баланың шығармашылық және психикалық әлеуетін ашуға ұмтылатындарға пайдалы болады. Бұл еңбектің мақсаты – ата-аналар мен педагог мамандарға ерекше баланы оқуға үйретудің негізгі қадамдары мен кеңестерін беру. Оқуды үйренудің негізгі қадамдарын, сонымен қатар табысты оқуға және оқу жолында туындауы мүмкін қиындықтарды жеңуге арналған ұсыныстар беріледі.
Әдістеме
Оқуды үйренуге дайындық жұмыстарына тоқталамыз. Оқу дағдысын қалыптастыру үшін алдымен сөйлеу мен естуді дамыту қажет. Сөйлеу мен естуді дамыту оқуды үйренудің маңызды аспектісі. Жақсы дамыған сөйлеу дағдылары және есту, есте сақтау қабілеті балаға дыбыстарды түсінуге және оларды әріптермен байланыстыруға көмектеседі, бұл баланың оқуды жақсы және тезірек үйренуіне мүмкіндік береді. Сөйлеу мен есту қабілетін дамытудың бір жолы – үлкендердің баламен анық, дұрыс сөйлеп сөйлесуі. Бала сөйлеуді үлкендерден үйренеді. Тілі шықпаған, дыбыстарды анық айта алмайтын балалардың көбейіп кеткені қоғамдық мәселеге айналғаны рас. Сондықтан сөйлеуді, сөйлесуді отбасында бала туғаннан бастаған жөн. Ересектердің дауыстап анық сөйлеуі балаға сөздер мен дыбыстарды естуге, сонымен қатар сөздердің дұрыс айтылуы мен интонацияны аңғаруына мүмкіндік береді. Бұл баланың сөйлеу дағдыларын дамытуға және сөздердің дұрыс айтылуын үйренуге көмектеседі. Сондай-ақ баланы сөйлеген кезінде өз ойын жеткізуге ынталандыру маңызды. Ата-аналар мен мұғалімдер баламен сөйлесіп, оған сұрақ қоюы, басталған әңгімені өрбіту үшін жетелуі өте маңызды. Мида суреттелген бейнені жеткізуге талпыну сөйлеу мен ойлаудың дамуына ықпал етеді. Есту қабілетін дамытудың жолы – сөзбен және дыбыспен ойнау. Бала дыбыстар мен сөздерді қайталай алады, сонымен қатар оларды ажыратып, сөздердегі дыбыстарды ерекшелей алады, дыбыстарды әріптермен ажыратуды және байланыстыруды үйренеді. Сөйлеуді дамытудың тағы бір жолын М.Жұмабаев әсерленуден туатынын, «біз бір затты суреттесек, сол заттың жанында тұрған басқа заттарды да суреттемей қоймаймыз. Мысалы, біз киіз үйдің оң жақ босағасында тұрған кебежені суреттесек, соның жанында тұрған қазан, ошақ, шелек, астау өздері ана кебежеге еріп келіп суреттеледі. Балада осы көршілестік ассоциациясы күшті болады. Мұның себебі бала сыртқы сезім құралдарына қарағанда көзді көп жұмсайды. Балаға не нәрсе үйретсек те көрсетіп (наглядно) үйрету керек екендігі осыдан», - деп түйіндейді [5, 82]. Сөйлеу мен елестету, эмоционалды қабылдау оқуды үйренудің басқыштары екені осыдан-ақ айқын. Ата-аналар мен тәрбиешілер баланың оқуды тез және оңай меңгеруі үшін сөйлеу, сөйлесу, диалогқа рөлдік түсулерді мақсатты түрде ұйымдастыруы және есту қабілетін дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Сөйлеу мен естуден соң естің, яғни есте сақтаудың, естіген мен білгенді қайта жаңғыртудың мәні зор. Бұл жөнінде М.Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде «Ес өмір үшін аса керек. Ес болмаса, бүгін жаттағанын бүгін ұмытып тұрса, өмірінде адамның білімі артпас еді. Адам адамды білмес еді. Ес болса ғана адам білімді болады. Ес болса ғана адам дұрыс ойлай алады. Ес неғұрлым мол, бай болса, ой да терең болады. Терең ойлы адамдардың аса есті болғандығы бізге тарихтан белгілі. Балада ес болмаса, оған еш нәрсе үйрену де мүмкін емес. Сондықтан тәрбиеші баланың есті болуына аса көп күш жұмсау керек» [5, 86] деп тұжырымдаған екен. Қазіргі таңда есті, ойлауды қалыптастыруда ұсақ моториканы дамыту оқуды үйрену үшін аса мәнге ие. Ұсақ моторика – қолдың, саусақтардың, көздің, тілдің ұсақ бұлшық еттерінің қимылдарын басқара білу деген сөз. Жақсы дамыған ұсақ моторика балаға кітапты оңай ұстауға, парақтауға, әріптер мен сөздерді жазуға және оқуға көмектеседі. Ұсақ моториканы дамытудың бір жолы – конструкторлық құрастырғыштармен ойнау, басқатырғыштар шешу, модельдеу және дәстүрлі емес форматта сурет салу, саусақ жаттығуларының қайсыбір түрлерін үнемі қолдану, ермексазбен мүсіндеу. Бұл дамыту жұмыстары баланың қолдары мен саусақтарының ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі, сонымен қатар қозғалыстарды басқаруды үйретеді. Ұсақ моторика мен ірі моториканы дамыту арқылы баланың дамуын қалыптастыруды қазақ қауымы бала тәрбиесінде бұрыннан да тұрмыс – тіршілікте, ойында қолданғанбыз. Ол дәуірде оны қағазға хаттап түсірген ешкім болмаса да балалар икемді, белсенді және ұзақ жырлар мен хисса-дастандарды жатқа айтқандығы рас дүние. Басқасын айтпағанда арқан есу мен қамшы өру, ши тоқу, құрт жасау, асық иіру, тоғыз құмалақ ойнаудың өзі неге тұрады. Ірі моториканы дамытудың жолы – қозғалыс, көз бен қолдың дәл қозғалысын қажет ететін ойыншықтар мен ойындарды ойнау. Мысалы, үстел теннисі, доппен ойнау, секіргіш жіппен секіру, дартс ойнау. Бұлар кітап пен мәтінді басқару үшін өте маңызды болып табылатын көз бен қол координациясының дамуына ықпал етеді. Ақырында, дауыстап ән айту, қысқа өлеңдер жаттатқызу тілдің ұсақ моторикасын дамытуға көмектеседі. Дауыстап әндету, жатқа айту кезінде бала дыбыстар мен сөздерді естиді, тіл мен еріннің қимылын басқара отырып, қимылды ым-ишарамен қостай отырып эмоцияларын көрсетуді, ән мен өлеңді жатқа дұрыс айтуға үйренеді. Жаттағанды жаңғырта алу арқылы жадыны дамытамыз. Шығарманың мазмұнын ойлай аламыз, болжай аламыз, керекті ақпаратты саналы түрде іздестіре білетін боламыз. Осылайша, ұсақ моториканы дамыту, дене қозғалысын қамтамасыз ететін ойындар ойнау - оқуды үйренудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бірақ «Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақылау деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жеткен адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын. Балаға нағыз қолайлы ойыншық бір үйім құм деген бір педагогтің сөзі дұрыс сөз» [5, 95]. М.Жұмабаевтың осы айтылған жүйелі сөзінің төркініне бойласаңыз, ұсақ моториканың дамуы мен ірі моториканы дамыту - баланың ойлау қабілетінің дамуының бірден-бір кепіл екеніне көз жеткізесіз. Осы айтылған «бір үйім құм» ойыны қанбаған балада ойлау мен түйсінудің болмайтынын айғақтайды. Сондықтан қандай бала болса да ойнап отырып ойлауға, жаңаны тамсана үйренуге құлықты болуы үшін жалықтырмас оқыту әдістерімен үйреткен жөн.
Жалпы білім беретін мектептің арнайы сынып оқушыларын оқу дағдысына үйретуді зерттеу жұмысының басты тақырыбы ретінде ала отырып бірнеше мақсат көзделді:
- ЕББҚ бар оқушылардың әліпбидегі барлық әріптерді білуі және оларды дұрыс дыбыстап айтуы;
- буындап оқу мен тұтас оқуды ыңғайластыра қолдану, яғни әуезді сазбен созып оқу арқылы сөзді тұтас шығару;
- есте сақтау мен оқылған шығарма мазмұнын санада қайта жаңғыртуды қалыптастыру;
- оқумен қатар үйретілетін жазу дағдысына төселдіру мақсатында дыбысты ести білуге баулу;
- эмоцияларын шығарып, шығарманы сезініп баяндауларын қалыптастыру;
- оқу техникасын жетілдіру.
Оқу дағдысына үйретудің алғышарты әліпбиді көрсетіп, оның не екенін түсіндіруден бастаймыз. Ерекше балалар үшін әліпбидегі әріптерді жарқын суретті атаулары арқылы есте сақтау пайдалы болады. Әріптерді топтап көрсете отырып дыбыстап айтып үйреткен жақсы нәтиже берді. Мысалы, А және Й әріптері. Әріптерді үйрене отырып жадыны дамыту мақсатында санамақ, жұмбақ, өлеңді де қатар жаттауды іске асырдық. Ой мен тілдің бірлікте дамуына ұмтылдық.
А Алма кетті домалап, Й
Өзен бойын жағалап.
Кім алманы қуады,
Сол кісі ойыннан шығады!
А – дауысты дыбыс Й – дауыссыз дыбыс
Т Ш
Асты тас, үсті тас Өрге қарай баспайды,
Ортасында шандыр бас. Өрден төмен зырлайды.
Бұл не? (тасбақа) Бұл не? (шана)
Осы бағытта психолог-дәрігер А.Р.Лурияның «Оқшауланған сөздер қатарын үйрену эксперименті жалпы психологияда да, клиникалық психологияда да белгілі. Ол пациентке кез келген ретпен есте сақтауы және қайталауы тиіс дискретті (бір-бірімен байланысы жоқ) сөздер қатарын оқудан тұрады» [6, 52] деп өз тәжірибесінде есте сақтауды айқындау қызметінде қолданғанындай оқу үрдісінде де осы тәсілді кеңінен қолдануға әбден болады. Бұл үдерісте әріптерді көрсетіп, сөзді айтып есте қалдыруға, сөздік қорды көбейтуге әрекет жасалады. Мысалы, «А және Й» әріптерін үйреткенде алма, домалау, өзен, қуалау, ойын, йод немесе «Т және Ш» әріптерін үйреткенде тасбақа, асты, үсті, ортасы, бас, шандыр, шана, өр, зырлау деген сөздерді бірнеше рет айтқызу, есте жаңғыртып қайта айтқызу пайдалы болады. Қанша сөз ойында қалғанын есепке алып отырамыз. Содан кейін ғана баланы үлкен шрифтімен жазылған буындармен таныстыруды бастаймыз: АЙ, АТ, АШ, ТА, ША. Осыған сәйкес оқу үшін ерекше тақта жасап алсаңыз, оқуға үйрену анағұрлым тиімді қадамдармен алға басады.
АЙ |
АТ |
АШ |
АР |
ҒА |
НА |
ПА |
ТАЙ |
АТА |
АША |
АРА |
АҒА |
АНА |
АПА |
АТАЙ |
ШАЙ |
ШАР |
ШАР |
ТАҒА |
ПАНА |
АПАЙ |
АРАЙ |
ШАНА |
ШАРА |
ШАРА |
ТАРА |
АҒАЙ |
НАН |
(А, Й, Т, Ш, П, Н, Ғ, Р әріптерін өткеннен кейінгі оқыту тақтасы)
Оқытуды дауысты дыбыстардан бастаған дұрыс, өйткені олар оңай естіледі және есте сақтау оңай. Бала әр әріпті дұрыс айтып, оның қалай көрінетінін білуі керек. Оқи отырып сөздердің мағынасын түсіндіре отыру іске асады. Мысалы, «АШ» – есікті аш, терезені аш, кітапты аш, «ШАЙ» – шай сусын, шайды ішеміз т/б. Балаға әріптерді есте сақтау үшін әртүрлі ойындар мен жаттығуларды қолдануға болады. Ермексазды баланың «досына» айналдыру біршама оқу мәселесін шешеді. Саусақтың икемді қозғалысы дамудың алғышарты екені мәлім дүние.
Айтқандай-ақ бұл жұмыстарды жасау үшін ынта оянуы тиіс. Ынта турысында психолог С.Есқазиева белгілі ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Бұрын таныс емес тың нәрсеге бала ынталы болмайды, бұрын білетін ескі нәрсеге де ынталы болмайды. Ынтаны қоздыратын – жаңа мен ескі нәрсе. Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрселерде жаңалық болу керек. Ол жаңалық бұрын ойда бар нәрсені не толықтырғандай, не дәлелмен бекіткендей, не бұрынғыны бекерге шығарғандай, болмаса күшейткендей бір өзгеріс кіргізетін болу керек. Бір күндегі көз үйренген таныс нәрсеге көңіл қойып қарамаймыз, егер ол нәрсе азырақ өзгеріс пайда болса, әуес қып қызығып қарай бастаймыз... Ол ынтаны оятады. Өмір ақылға жаңа әсер беріп отырады. Сондықтан адам жаңадан жаңаны іздемек. Ынта - ақылдың қызметі. Ол – қызметті шақыратын оқыту» [7, 16] деп талдағанын айтады. Осыншалық орынды жасалған саралауға сүйенсек, әріпті көрсетіп әрі дыбыстатып үйретуде баланың ынтасын жойып алмас үшін тың, қызықты әдістерді орнымен пайдаланамыз. Мысалы, кітаптан таныс әріпті іздеуді сұрай аласыз немесе сөздерді жасау үшін магниттік әріптерді пайдалана аласыз. Әріптермен танысу қызықты және көңілді болуы керек екенін есте ұстаған жөн. Ойындар мен жаттығуларға қатысудан бала ләззат ала отырып, әріптерді есте сақтайды және оқуға тартылады. Белгілі жаңашыл педагог А. С. Макаренко айтқандай «Әрбір жақсы ойында ең алдымен жұмыс күші және ой талпынысы болады» [8, 256]. Ойынның түпкі мақсаты – ой талпынысы, ақылдың кемелденуі балаларды рухани байлыққа бастайды. Әліпбимен және әріптермен танысуда, оқуды үйренуде ата-аналар мен мұғалімдер балаға әліпбидің барлық әріптерін меңгеріп, оларды дұрыс айтуды үйренуге көмектесулері керек, ойын мен жаттығуларды пайдалана отырып, оқуды қызықты және оның сүйікті ісіне айналуына ықпал жасағандары дұрыс.Әліпбимен және әріптермен танысуда, оқуды үйренуде ата-аналар мен мұғалімдер балаға әліпбидің барлық әріптерін меңгеріп, оларды дұрыс айтуды үйренуге көмектесулері керек, ойын мен жаттығуларды пайдалана отырып, оқуды қызықты және оның сүйікті ісіне айналуына ықпал жасағандары дұрыс.
Сөздердің дыбыстық талдауын үйрену. Сөздердің дыбыстық талдауын үйрену оқуды үйренудегі тағы бір маңызды қадам болып табылады. Бала сөздерді бөлек дыбыстарға бөліп, әріптермен байланыстыруды үйренуі керек. Алдымен екі немесе үш дыбыстан тұратын қарапайым сөздерден бастап, балаға сөзді дыбыстарға бөлуді көрсетуге болады. Әндете дыбыстап созып қандай әріптің дыбысы екенін ажыратуға баулимыз. Ал бұл жұмыс қатесіз жазуға үйренудің негізі деп түсіну керек. Мысалы, «апа» сөзін «а-п-а» дыбыстарына бөлуге болады. Бала сөзде қанша дыбыс барын анықтай алуы керек. Содан кейін дыбыстарды әріптермен байланыстыруды көрсетеміз. Бала әр дыбысқа қай әріп сәйкес келетінін аңғарып, одан соң жалғас дыбысты әріп таңбасымен сәйкестендіре білуі керек. Мысалы, «а» дыбысы «п» дыбысына, «п» дыбысы «а» дыбысына дегендей. Сөздерге дыбыстық талдау жасауға үйрету үшін әртүрлі ойындар мен жаттығуларды қолдануға болады. Мысалы, баладан бір сөзде еститін барлық дыбыстарды атауды сұраңыз немесе магниттік әріптерді пайдаланып сөздерді жасап, дыбыстарды әріптермен байланыстырыңыз. Сөздердің дыбыстық талдауын үйрену бала үшін қызықты, суретті көрнекі және түсінікті болуы керек екен. Бала неліктен сөздерді дыбысқа бөлетінін және дыбыстарды әріптермен қалай байланыстыру керектігін түсінуі тиіс. Бала сөздерді дыбысқа бөліп, әріптермен байланыстыруды үйретсе ғана үйренеді және барлық жұмыс барысында көрнекілік қолдануды ұмытпау қажет. Өйткені қандай бала болса да көзбен көріп, қолмен ұстағанын ұзақ уақыт есте сақтап бойына сіңіретін болады. Ата-аналар мен педагог мамандар ойын мен жаттығуларды пайдаланып, балаға сөздерді дыбыстық талдауды үйренуге көмектесе алады, сонымен бірге оқу процесін оған қызықты және түсінікті етеді.
Кіші жастағы балаларға дыбыстарды таза айтуға үйретуде педагогтер өздері тереңінен аңғармаса да ым – ишара, яғни вербальді емес сөйлеу құралдарын да пайдаланады. Мұндай қарым-қатынас кішкене балалардың түсініктірек ұғынуларына көмекші болады. Оны педагог бет қимылымен, қолын сермелеумен, нұсқаумен, дене қозғалысымен көрсету барысында іске асырады. Өйткені әлі жазбаша сөйлеу іске аспағандықтан ауызша айту мен көзбен көріп түсіну кезеңінде бұл әдіс те пайдасын тигізеді. Бұл жөнінде педагогика ғылымдарының докторы, дефектолог Г.Л.Зайцева «Сөйлеудің бастапқы формасы – дактил, өйткені ол оқытудың бастапқы кезеңіндегі тапсырмаға ең қолайлы болады. Бұл кезеңде мұғалім дайындық сыныбының балаларына ауызша – дактилді түрде жазбаша жазылған плакаттарды қолданады. Балалар барлық материалды есту, көру арқылы қабылдайды, бұл кезде олардың сөйлеуі ауызша - дактилдік айтылу болып табылады. Сөйлеудің дактилдік және ауызша түрлерін оқыту қатар жүргізіледі. Балалар бірте-бірте мұғалімнің ауызша сөзін дактилді қимылсыз түсінуге үйренеді: жаңа материал ауызша - дактилді, содан кейін тек ауызша айтылатын болады» [9, 89]. Біздер сөйлеу кезінде ым-ишараны қолданатын болсақ балаға мейлінше жақсы әсер туғызатын боламыз. Өзіміз дауыстап оқып берген шығармаларды жеткізуде, өлең мен жұмбақтарды жаттатуда, рөлдік ойындарда аса маңызды болып есептелетін дыбыстың анық айтылуын өз мәнінде үйрету біздің парызымыз.
Сөздер мен сөз тіркестерін оқуға үйрету. Сөздер мен сөз тіркестерін оқуға үйрету – әліпбимен таныстыру және сөздерге дыбыстық талдау жасаудан кейінгі оқуды үйренудің келесі кезеңі. Бұл кезеңде бала жеке сөздерді ғана емес, сонымен қатар қысқа сөз тіркестерін де оқуды үйренуі керек. Мысалы, АЛА ДОП, ҚЫЗЫЛ АЛМА. Баланың тек буындар бойынша ғана емес, сонымен қатар сөзді тұтас оқуы үшін әуезді созып айтуды қолданамыз. Сонда оқушымыз буын сайын тоқтап, буындарды қайта-қайта қайталап, шатасып, оқуға қызығушылығын жоғалтпай сөзді «тұтас» шығаратын болады. Сол тәрізді сөз тіркестері бойынша оқи алуы маңызды. Содан кейін біздің оқу әрекетіміз мәтіндердің күрделілігін біртіндеп арттыру әдістемесін қолданумен ұласуы тиіс:
1-мәтін. Қыс. Қар аппақ. Қарлы қыр ап-пақ. Айнала тамаша!
2-мәтін. Қыс мезгілі. Далада қар жауып тұр. Балалар қармен ойнап жүр. Олар қардан аққала жасады. Балалардың қолдары тоңды. Бірақ аққала әдемі болып шықты. Аққаланың көзі көмірден жасалды.
Бірнеше сөзден және қайталанатын конструкциялардан тұратын қысқа және қарапайым мәтіндерден бастау керек. Қайталанатын сөздер балаға сенім, күш пен жігер бере отырып «жеңіс» сезімін сыйлайды. Біртіндеп жаңа сөздер мен сөз тіркестерін қосу арқылы мәтіндердің ұзақтығы мен күрделілігін арттыруға болады. Әр бала өз қарқынымен оқиды, сондықтан баланы асықтырудың және қысым көрсетудің қажеті жоқ. Оқуды үйрену үшін балаға қысым мен стрессті сезінбейтін ыңғайлы және жайлы жағдай жасау маңызды.
Дауыстап оқу дағдыларын дамыту. Дауыстап оқу баланың айтылым, интонациямен сөйлеу және мәтінді түсінуін дамытуға көмектеседі. Дауыстап оқу дағдыларын дамыту үшін баладан қысқа мәтіндерді дауыстап оқуды және оқығандарының мазмұны бойынша сұрақтар қойып жауап сұрауға, тақырыбына қарап мазмұнын болжатуға, өз жанынан сөйлемдер қосуына, мазмұн барысына өз пікірін білдіртуге, «еркін» әңгімелеуіне мүмкіндік береміз. Еркін әңгімелеуге мүмкіндік беру дегеніміз мәтіндегі сөздер мен сөйлемдерді қайталату емес, қалай түсінгеніне қарай айтқызу. Сол арқылы баланың қиялын шектемей сөйлету. Баланың өз дауысын естуін, ойындағы бейнені сөзбен суреттеуге талпынуын қадағалауымыз қажет. Дауыстап оқуға байланысты ойындарды ойнауға болады. Бір әріпті ауыстырып жаңа сөз жасау немесе әріптерді біртіндеп алып тастап, не қосып оқып ойнаймыз. (қар – тар – жар – бар – шар; асық – сық – ық; бал, бала, балақ т/б). Жаңылтпаштарды барынша тез оқуды қимылмен көрсетіп оқып айту. (Мынау – бас, баста - шаш. Шаш – баста, баста - шаш). Түсінік танымына жақын жұмбақтарды шешу, жауабын айтып, жазып оқуды іске асыру. (Қардай аппақ, жесең тәтті-ақ. Жауабы не? Қант). Дауыстап оқу тек дұрыс және анық емес, сонымен қатар мәнерлі болуы керек. Бала мәтіннің эмоциясын, интонациясын және көңіл-күйін жеткізуді үйренуі керек. Сонымен қатар, дауыстап оқу баланың дыбыстарды талдау және синтездеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Практикада қолдану
Баланы оқуға үйретуде және ынтасын арттыруда, оқу материалын жүйелі ұғынуында салыстыру ой операциясы зор маңызға ие. Салыстыру бір нәрсені екінші бір дүниеден айырмашылығын анықтау немесе ортақ тұстарын табу болғандықтан, ой үдерістерінің ерекше түріне жатады. Жапония мемлекетінде оқуға деген талпынысын оятуда өз-өзімен салыстырып отыру керек дейді. Мәселен, «Жанарға қара, сенен тез оқиды» деп емес, «кешегіге қарағанда бүгін сен жақсы оқыдың», «бұл тапсырманы орындауға сенің қабілетің әбден жетеді» мадақтау сөздері жиі қолданылса, бала өзіне мақсат қойып, оны дер кезінде және дұрыс орындауға тырыса түседі. ЕББҚ балалар да сынып ішінде өзара білім бәсекесіне түсе алады. Зерттеудің екінші жылғы нәтижесінде оқуға үйренудің түпкі мақсатына жету барысында бұрынғы көрсеткіш пен қазіргі көрсеткіштерді салыстырып талдау барысында айырмашылықтарды көре алдық (16 ай мерзім). Сыныпта ерекше білім беру санатына жататын 6 оқушы білім алуда. Пайыздық көрсеткіш арнайы сынып оқушыларының саны есебіне сәйкес көрсетілді.
|
Әріптерді түгел таниды |
Буындап оқуы, тұтас оқуы |
Дыбыстарды ести білу мен анық айтуы |
Шығарма мазмұнын есте сақтауы |
Шығарманы эмоциямен сезініп мазмұндауы |
Оқу техникасын орындауы |
1 оқушы |
+ |
+ |
V |
+ |
V |
+ |
2 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
3 оқушы |
+ |
+ |
+ |
V |
V |
V |
4 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
5 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
V |
6 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
V |
|
100% |
100% |
83,3% |
83,3% |
66,6% |
49,9% |
(2-сынып, ЕББҚ оқушылардың мақсатты оқуға үйрену көрсеткіші. «+» - жеткілікті, «V» - толық жеткілікті емес)
Кестені талдау барысында оқуға үйренудің екінші жылының (16 ай мерзім) қорытындысы сипатталды. Арнайы сыныптағы оқу дағдысының даму үдерісі оң диагностикалық өлшеммен бағаланды. Бастауыш сыныптың 3-4 сыныптарында бұл даму көрсеткіші жоғарылайды деп болжанады.
Оқыту, тәрбиелеу, дамыту бірлікте іске асатын процесс екендігін, «үлгерімі төмен» оқушыны «күшті» оқушыға қарай тартумен емес, әр баланың жеке тұлғалық өзіндік дамуына назар аударуды, оның күшіне сенуді, сенім артуды көздейді. Біздің жағдайымызда ерекше балаларды оқу дағдысына үйрету қалыпты балаларды оқуға дағдыландыруға қарағанда басқа сипатта болуы, әрқилы көрінуі жоғарыда айтқанымыздай әр балаға жекелей қарым-қатынас жасаумен бағалы болады. Оқуды үйрену бір мезгілде қарапайым және күрделі екендігін ескеріп, оқыту жұмыстарын біртіндеп іске асыру жасалды. Оқуға үйрену әсерленіп оқумен ұласқаны үлкен пайда әкеледі. Буындарды қайта-қайта айтқызып жаттата беру қызығушылықты жоғалтып, жалықтырып жібереді. Сондықтан оқыту кезінде буын мен буынның арасын жалғап, (созып қосып), дыбыстарды сазды әуезбен жалғастырып айтып жаңа сөздерді жасап оқу керек. Мысалы, А-ТА – АТА, АЙ-ША – АЙША, ША -Й – ШАЙ, НА – Н – НАН. Ерекше балалар осы әдіспен оқыту кезінде айтулы қиындықсыз оқуды меңгере алды. Егер буын-буынмен оқитын болса, тұтас сөзге айналдыру қиын болатын болды.
ПА НА ША ТА АЙ |
а-та а-па а-на а-ша |
А-тан а-пан ша-пан па-на та-на ша-на Ай-ша Ай-наш айна |
А-тай а-пай шаш нан тап шап ата апа ана |
Жоғарыда айтқанымыздай, әліппидегі әріптермен танысу, танумен қатар тіл бірліктері өзара бірлікте жұмсалады. Тіл дамыту жұмыстары, жаттау, тілді жаттықтыру, дыбыстық талдау жасау, ойландыру, суретін салу, бейнелеп айту тәрізді дидактикалық мазмұндағы процестер үздіксіз атқарылуы дұрыс болады. Буыннан - сөз, сөзден - сөз тіркесі, қысқа сөйлемдер, қысқа мәтіндер, ұзақ мазмұнды мәтіндер болып саты – сатымен оқуға үйрену іске асады. Оқуға ұсынылатын жұмыс кестеге жазылып ірі шрифтімен берілді. Кестеге салынған оқу материалдары балалар үшін тиімді болды. Өзінің дауысын есту, дауыстап оқығанын түсіну, дара сөздерге фонетикалық талдау жасау жақсы көрсеткіштер көруге, мінез-құлықтағы өзгерістерді байқауға әкелді. ЕББҚ балалар зейінді, сабырлы және «жақсы» болғысы келетін нышандарын байқатты. Оқуға үйрену әріптерді жазу, өткенді қайталаумен санада жаңғыруымен жалғасуы міндетті, өйткені ұмытып қалу ерекше балаларда жиі көрініс тапты. ЕББҚ балаларды оқуға үйренуге байланысты тапсырмалардың үлгісі:
О Қ
Тоңсаң, жылытып күлдірер, Сырты қатты-ақ,
Тамағыңды пісірер. Жесең, тәтті –ақ.
Өз еркіне жіберсең, Бұл не? (қарбыз)
Бәрін-бәрін бүлдірер.
Бұл не? (от)
О – дауысты дыбыс Қ – дауыссыз дыбыс
-
Оқы:
От оқ ор ош ой ол он то ро но ло |
О-тау о-рау қо-ра Шо-ра ақ-қу то-ғай |
То-рай тор-ғай Қа-ла қа-лақ |
Қай-ла қай-ра Қайрат, ойна. Қуат, ойна. Ару, ойна. |
2. «Орақ» сөзіне фонетикалық талдау жаса. Орақ туралы әңгімеле.
3. Көркем жазамыз: О және Қ дыбыстарын және сөздер жазамыз.
4. О және Қ әріптерін екі жолға жазбаша түрде жаз.
5. Әріп атауларын қайтала: Аа Йй Тт Шш Пп Нн Ғғ Рр Лл Уу Оо Ққ (жалғасы бар).
Аталған оқыту – үйрету зерттеу жұмысына, яғни әліппидегі әріптерді танытуға 7 айға жуық уақыт жұмсалды. Бұл кезеңде арнайы сыныптағы (1-сынып) әр оқушының танымы мен даму деңгейінің түрлі екендігін ескеріле отырып кестеге салынды (7 ай мерзім).
|
Әріптерді таниды |
Буындарды созып қосады |
Ішінара тұтас сөздерді оқиды |
Сөздерді тұтас оқиды |
Оқыған сөзін, қысқа сөйлем мағынасын түсінеді |
1 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
- |
2 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
3 оқушы |
+ |
+ |
+ |
- |
- |
4 оқушы |
+ |
+ |
+ |
+ |
+ |
5 оқушы |
+ |
+ |
- |
- |
+ |
6 оқушы |
+ |
+ |
+ |
- |
+ |
Пайыздық көрсеткіш |
100% |
100% |
83,3% |
49,9% |
66,6% |
(1-сынып, ЕББҚ оқушының танымы мен даму деңгейінің көрсеткіші)
Оқу дағдысына үйрету кезінде сөздердің айтылуына, интонациясына, оқу мәнеріне мән берген жөн. Бала оқылған сөзді, сөйлемді анық естіп, түсінуі тиіс, сонымен қатар кейіпкерлердің эмоциясын, көңіл-күйін, мінезін жеткізе білуі керек.
Саусақпен оқу. Саусақпен оқу – баланы оқуға үйретудің тиімді әдісі. Бұл әріптер мен дыбыстардың жазбаша түрін байланыстыруға көмектеседі, бұл оқуды жеңілдетеді және мәтінді түсінуді жақсартады. Бұл әдіс баланың дауыстап оқу кезінде саусақпен кітаптағы сөзді немесе сөз тіркесін оқуды орындауын қамтиды. Осылайша ол әріптердің жазылуын олардың дыбыстық айтылуымен байланыстырады. Бұл жағдайда бала дыбыстарды педагогпен, ата-анасымен бірге немесе өз бетінше айта алады. «Саусақпен оқу» әдісін қолдану баланың ұсақ моторикасын және қолды үйлестіруді дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар бұл әдіс баланың сөйлеу ырғағы мен интонациясын жақсы түсінуге мүмкіндік береді, сөйлеу және есту қабілетінің дамуына жақсы әсер етеді. Баланың оқу дағдысын ілгерілету үшін мәтіннің көлемін және күрделілігін біртіндеп арттырып отырса тіптен жақсы. Зерттеу жұмысы барысында ЕББҚ оқушыда саусақпен оқуға үйретуде ерекшелік байқалды. Оқушының сөз астынан ұстаған саусағын қарындаш ұшымен итеріп отыруға тура келді. Өйтпеген жағдайда дыбыстарды қосып оқуды іске асыра алмады, бұл оқуға үйрену барысында кездескен қиыншылық болды. Оқушы ұзақ уақыт көз бен тіл, саусақ ұшын байланыстыру әрекетіне түсе алмады. Сондықтан оқушымен бірлікте, көмектесу арқылы ғана оқу мүмкін болды. Бұдан шығатын қорытынды әр оқушының дара ерекшелігіне назар аудару, күрмеулі мәселені шешудің жолын табуды нұсқайды.
Балаға жаңа сөздерді үйрету. Балаға жаңа сөздерді үйрету оқуды дамытудың маңызды кезеңі. Жаңа сөздерді меңгеру сөздік қорын молайтады және мәтінді түсінуді жақсартады. Сөз басында айтқанымыздай әр дыбыспен таныс болған сайын ауыз әдебиеті үлгілерінің әр түрін жаттауды, шығармаларда кездескен сөздерді психолог-дәрігер А.Р.Лурияның сөздерді кез келген ретпен есте сақтау мен түсініп қайталауды іске асырдық. Осы ретте тіл кемістігі бар балалардың біршама дұрыс сөйлеуге бейімделе бастағанын ата-аналары, өзге пән мұғалімдері байқай бастады. Бірақ кейбір баланың сөздерді түсіну категориясында кемшін тұстары болды. Оған себеп күрделі тіл бұзылыстары мен аутизмнің салдары деп танылды (9 ай мерзім). Оқығанын түсіне алу дәрежесін бақылауды міндетті түрде іске асыру қажет. Мәтінді педагог оқып беріп, мазмұны талданады, әңгімеленеді, балалардың пікірі мен өзіндік ойлары тыңдалады. Оқушылардың жекелей және мұғаліммен бірге оқуы жүзеге асырылады. Бұл жұмыстардың қорытындысын төменде берілген кестеге түсіреміз. Мәтіндегі сөйлем санына қарай, мазмұнына сәйкес сұрақтарды біртіндеп қоямыз және мәтін мазмұнын қаншалықты түсіне алғанын бақылау үшін мәтін мазмұнын баяндауына итермелейміз. Кестені екі деңгейде қарастыру керек. Өйткені ЕББҚ балалардың түсінігін жеткізбеуі, түсінсе де жеткізе алмауы әдбен мүмкін екендігі ескерілді. Кестелердің күнделікті толтырылуы педагогке оқушының оқу материалын қаншалықты түсіну дәрежесі барлығын айқындауына мүмкіндік береді. Оқушының көрсеткіші әр талдауда бірқалыпты болмайтынын ескереміз, ол оқушының физиологиялық немесе психологиялық жағдайына, берілген оқу материалына да қатысты әр алуан бола алады. Кестелердің жиынтығын есепке ала отырып, нақты қорытындыны жасауға болады.
|
Төменгі -деңгей |
Жоғары -деңгей |
Төменгі -деңгей |
Жоғары -деңгей |
Өзіндік даму |
|
Сұраққа бір сөзбен жауап береді |
Сұраққа сөйлем құрап жауап береді |
Мәтін мазмұнын мұғалім көмегімен баяндайды |
Мәтін мазмұнын өз жанынан баяндайды |
Өзге оқушылардың баяндаған мазмұнынына пікірін қосады |
1 оқушы |
+ |
|
+ |
|
|
2 оқушы |
|
+ |
|
+ |
+ |
3 оқушы |
+ |
|
+ |
|
|
4 оқушы |
|
+ |
|
+ |
+ |
5 оқушы |
|
+ |
|
+ |
+ |
6 оқушы |
|
+ |
+ |
|
+ |
(2-сынып, ЕББҚ оқушының сөздік қоры мен түсіну деңгейінің көрсеткіші)
Жаңа сөздерді үйреніп, оларды үнемі қайталап отыру маңызды және жаңа сөздерді үйрету үшін әртүрлі әдістерді қолдануға болады. Мысалы, суреттерді көрсетіп, жаңа сөздердің мағынасын түсіндіруге, жаңа сөздерді қамтитын мәнмәтіндік тапсырмаларды да пайдалануға болады. Мысалы, баладан жаңа сөзді пайдаланып сөйлем құрауды сұраймыз. Бала жаңа сөздерді үйренгеннен кейін, білімді бекіту үшін оларды үнемі қайталау маңызды. Жаңа сөздерді қайталау білімді бекітуге көмектесіп қана қоймай, есте сақтау қабілетін жақсартып, жадыда сақтауға ықпал етеді. Жаңа сөздерді пайдаланып дауыстап оқу да айтылу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Жаңа сөздерді үйрену ұзақ процесс және нәтиже бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ жүйелі түрде жаттығу және қайталау арқылы бала міндетті түрде жаңа сөздерді үйренеді және мәтіндерді жақсы түсінеді. Тағы бір айта кету қажет ұғым, егер ата-ана отбасында баламен қарым-қатынасқа түсіп сөйлеспейтін болса, ондай балалар оқып тұрса да түсіне алмайтын жағдайда болады да оқуға үйрену өз нәтижесін бере алмайды. Оқуға үйрену дегеніміз – түсіну ұғымымен тығыз байланыста екенін ұмытпаған дұрыс. Мектепте, отбасында оқушыны «жұмсау», қозғалысқа келтіретін тапсырмалар беру аса маңызды. Мысалы, киімін ілу мен жинау, құралдарын ретпен қою, гүлге су құю, жануарларды тамақтандыру т/б. Мұндай тапсырмалар үйде, сыныпта берілетін болса, ЕББҚ оқушылардың жалпы дамуына оң әсер беретіні ақиқат. Олар айнала дүниені түсінетін, шешім қабылдай алатын, жақсы мен жаманды ажырататын даму жолына түседі.
Ойындар. Ойындар – баланы оқуға үйретудің және оның кітап пен мәтінге деген қызығушылығын дамытудың тамаша тәсілі. Ойындар оқу процесін қызықты етуге көмектеседі. Оқу дағдыларын дамытуға көмектесетін ойындардың бірі – сөздік ойын. Ойын үшін сөзді таңдап, баладан сол әріптерді пайдаланып басқа сөздер жасауды сұрау керек. Бұл ойын балаңызға сөздердің дыбыстық талдауын жақсартуға, сөздік қорын кеңейтуге және әріптер мен дыбыстарды жылдам байланыстыруды үйренуге көмектеседі. Тағы бір қызықты ойын «Шеңбердегі әріптер» болуы мүмкін. Ойын үшін қағазға әліпбиді жазу керек, содан кейін әр әріпті қиып алып, оларды үстелге шеңбер етіп орналастыру керек. Содан кейін баладан шеңберде тұрған әріптерді пайдаланып сөздерді тауып, құрастыруды сұрау керек. Бұл ойын балаға әліпбидегі әріптерді және олардың ретін тезірек тануға көмектеседі. Оқу ойындары балаларға мәтінді жақсы түсінуге, оқу дағдыларын жақсартуға және сөздік қорын кеңейтуге көмектеседі. Ең бастысы – бала оған қуана қатысуы үшін ойындар қызықты болуы керек. Қазақта «Баланың ойынын тыйма, ойын тыясың» деген аталы сөзі біздің бала тәрбиелеуде, санасы мен мінезін тәрбиелеуде ойынды басты құрал еткеніміздің тектен -тек емесі тағы да көрініс тапқаны ғанибет емес пе. Қазіргі кезде лэпбуктерді оқу процесіне жеке дара балаларды интеллектуалды жетілдіру мақсатында қолданамыз. Білім берудегі олқылықтарды жетілдіру сабақтарында жекелеген балалардың оқуын дамытуда жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Лэпбуктердің тиімділігі оның әр бөлігінің бірнеше бағыттағы тапсырмалар ұйымдастыруға ұтымдылығында. Оның жинақы әрі көп қырлылығы бала мен педагог үйретуші үшін таптырмас үйрену алаңы.
Ұсыныстар
Оқуды үйренудегі қиындықтарды қалай жеңуге болады? Дислексия және басқа оқу бұзылыстары бар баланың оқуды үйренуі ұзақ процесс. Дислексия және басқа оқу бұзылыстары баланың оқуды үйренуін қиындатады, бірақ оларды арнайы әдістер мен тәсілдер арқылы басқаруға болады. Оқуда қиындық көретін балаларды оқуға үйрету үшін бірнеше қадамдарды ұйымдастыруға болады:
-
ақпаратты қабылдауға көмектесетін аудио кітаптар мен бағдарламаларды пайдалану;
-
дислексиямен ауыратын балалар үшін бөлмеден алаңдататын нәрселерді алып тастау;
-
арнайы қаріптер мен әріп өлшемдерін пайдалану;
-
оқуға жеткілікті уақыт беру;
-
оқу үшін қолайлы жағдай жасау.
Сондай-ақ, балаға оқу бұзылыстарын жеңуге, қолдау көрсетуге және оқу дағдыларын дамытуға көмектесетін логопед, дефектолог, психолог және басқа сарапшылармен бірлікте жұмыс атқару жемісті болады. Егер бұл процесте тиісті шаралар қабылданса және қолдау көрсетілсе баланың дамуына еш кедергі болмайды. Дислексия және басқа оқу бұзылыстары кедергі болып табылмайды.
Балалардың оқудан жалығуы мүмкін бе? Балаларда кей уақыттарда оқудан жалығатын немесе мүлде оқуға құлқы болмайтын жайттар да кездесуі заңдылық. Ондай жағдайлар балада оқуға деген қызығушылығы әлі қалыптаспаған тұрғыда болады. Бірақ балаға бұл мәселені жеңуге көмектесетін бірнеше әдіс бар.
1. Баланы қызықтыратын тақырыптағы мәтінді, кітапты таңдаймыз. Оқу бала үшін қызықты әрі оқығанын түсінуі керек, әйтпесе оның қызығушылығы тез жоғалады.
2. Иллюстрацияланған кітаптар сияқты әртүрлі оқу пішімдерін қолданамыз. Бұл баланың мәтін мазмұнын оңай қабылдауына, содан кейін басқа кітаптарға қызығушылығын арттыруға көмектеседі.
3. Өзіңіз дауыстап оқыңыз немесе қызықты оқи алатын басқа біреуді шақырыңыз. Бұл балаға ертегінің, әңгіменің мазмұнын жақсырақ түсінуге көмектеседі.
4. Балаларды мектеп кітапханасына апарып, өз бетінше кітап таңдауына, өздерін тәуелсіз сезінулеріне мүмкіндік беруіміз керек.
5. Жаңа сөздерді есте сақтауға және мәтіннің мағынасын түсінуге көмектесу үшін суреттер, әндер немесе флэш-карталар, атрибуттар сияқты қосымша материалдарды пайдалану керек.
Қорытынды
Қорытындылай келе, балалар оқуды үйренген сайын олардың дағдылары біртіндеп дамиды. Егер бала оқуға бірден қызығушылық танытпаса, оны оқуға мәжбүрлемеген дұрыс. Уақыт өте келе оқу дағдысы баланың ес, жады, зейін, қабілеттерінің оянуына сай қалыптасатын болады. Сайып келгенде, ең бастысы, баланың оқу қуанышын сезінуіне және кітапқа деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына ықпал ету. Кітап оқуға үйрету – мәдени тәрбие берудің бастауы. Сондықтан «Мәдени тәрбие беру мектеп пен қоғамның міндеті, ал отбасы бұл салада ештеңе істей алмайды деп есептейтін ата-аналар қатты қателеседі» [6, 293]. Отбасы мүшелері ерекше балаларды оқуға үйретуде мектеппен бірлесе бірлікте жұмыстанулары тиіс. Педагог мамандардың қолдауымен іске асқан оқу әрекеті жемісті болатыны анық.
ЕББҚ бала оқуда қиындық туғызса, оқуды үйрену ұзақ уақыт алуы мүмкін екені мәлім процесс. Сондықтан шыдамдылық пен баланы жігерлендіруді есте ұстаған жөн. Оқыту біртіндеп және ақылға қонымды шектерде болуы керек. Әрбір бала бірегей және оқу дағдыларын меңгеру үшін әр түрлі уақыт пен тәсілдерді қажет етеді.
Оқуды үйренуде мадақтау мен қолдау маңызды рөл атқарады. Баланың әрбір жетістігі үшін, тіпті ең кішкене жетістігі болса да мақтап, мадақтау керек. Бұл оның мотивациясын сақтауға және одан әрі дамуына көмектеседі. Баланың кітап оқудағы әрбір жетістігі алға басқан қадам. Егер бала қиындыққа тап болса, оған сәтсіздікке ұшырағандай сезінуге жол берілмейді. Оның орнына оған қиындықтарды жеңу және оқуды жалғастыру жолдарын табуға көмектессек, оқуды реттеу әлдеқайда мүмкін болады.
Оқуға үйрету процесі оқу дағдысын меңгеру ғана емес, сонымен бірге баланың оқуға деген сүйіспеншілігін тудыру болып табылады. Бала оқу дағдыларын сәтті меңгерген кезде оның жазу сауаттылық дағдысы да қатар дамыды. Жазу дағдысының қалыптасуы оқуды үйрену кезеңінде бірлікте іске асырылып, оқушының даму деңгейін көрсетті.
1, 2, 3-сурет.
4, 5, 6-сурет
7, 8, 9-сурет
Оқуға үйрену процесі барысында жазылым дағдысы, атап айтқанда естіп жазу (жатжазу) жақсы деңгейде көрсеткіш көрсете алды. Мұнымен тоқтап қалмау керек, болашақта оқу дағдылары мен оқуға құмарлықты дамытуды жалғастыру маңызды. Сондай-ақ баланы өзінен басқа оқуды жақсы көретіндермен қарым-қатынас жасауға ынталандыру керек. Оның кітапханаға, кітап көрмелеріне және оқуға құмар басқа балаларды кездестіруге болатын әдеби іс-шараларға баруын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар бала өз бетімен оқуды білсе де, онымен бірге кітапты дауыстап оқуға болады. Бұл оның сөздік қорын дамытуға, әртүрлі стильдер мен жанрларды сіздің дауыс ырғағыңыздан сезініп, түсініп үйренуге көмектеседі. Қорыта айтқанда, оқу – бұл дағдыларды дамыту ғана емес, баланың болашағына жол ашатын, педагогтен кәсіби біліктілікті талап ететін күрделі процесс болып табылады.
-
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы, – Алматы: Ана тілі, 1992. - 23 б;
-
Елисеева И.Г., Чумакова О.Ф. Профессиональное сопровождение педагогов общеобразовательных школ, реализующих инклюзивную практику. Методические рекомендации. – Алматы, 2015. - 315 с;
-
Cиротюк А.Л. Нейропсихологическое и психофизиологическое сопровождение обучения. – М.: ТЦ Сфера, 2003. - 164 с;
-
Выготский Л.С. Собр. Соч. В 6-ти. Т.3. – Москва, 1983. - 510 с;
-
Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. - 138 б;
-
Лурия А.Р. Нейропсихология памяти. – Москва: Педагогика, 1974. - 52 с;
-
Есқазиева С. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын» оқыту. – Алматы, 2008. - 16 б;
-
Макаренко А.С. Книга для родителей. – Москва: Педагогика, 1988. – 293 с;
-
Зайцева Г. Дактилология. Жестовая речь Учебное пособие для педагогических институтов. – Москва: Просвещение, 1991 - 89 с.
Аннотация. В данной статье обсуждается важность образования для развития детей с особыми потребностями, представляя выводы и рекомендации исследователей, которые изучали методы обучения. Статья очерчивает эффективные аспекты учебно-образовательной деятельности во время знакомства с алфавитом и буквами, включая обучение фонетическому анализу слов, особенности обучения чтению слов и фраз, пользу развития навыков чтения вслух, помощь метода "чтения пальцем" для ребенка, шаги к освоению новых слов, игры, связанные с обучением чтению, и способы мотивации к самостоятельному чтению. Также рассматриваются проблемы дислексии и "незаинтересованного чтения" в процессе обучения, и исследование завершается предложенными показателями развития для детей с особыми потребностями и обсуждением, как продолжать развивать навыки чтения после завершения процесса обучения
Ключевые слова: развитие детей с особыми потребностями, обучение чтению, методы обучения
Abstract. This article discusses the importance of education for the development of children with special needs, presenting the findings and recommendations of researchers who have studied teaching methods. The article outlines effective aspects of educational activities during acquaintance with the alphabet and letters, including teaching phonetic analysis of words, features of learning to read words and phrases, the benefits of developing reading skills, the help of the "finger reading" method for a child, steps to learn new words, games related to learning to read, and ways of motivation for independent reading. The problems of dyslexia and "disinterested reading" in the learning process are also considered, and the study concludes with proposed development indicators for children with special needs and a discussion on how to continue to develop reading skills after completing the learning process
Keywords: developing special needs children, teaching to read, teaching methods
Автор туралы мәлімет
Қазақша: Есениязова Алмагүл Какимқызы. А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектеп, бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер. Қазақстан, Атырау облысы, Махамбет ауданы. E-mail: Almagul.75@inbox.ru, 8701612547.
Орысша: Есениязова Алмагуль Какимовна. Общеобразовательная средняя школа имени А.Байтурсынулы, учитель начальных классов, педагог-мастер. Казахстан, Атырауская область, Махамбетский район E-mail: Almagul.75@inbox.ru 87016125471.
Ағылшынша: Yesseniyazova Almagul Kakimkyzy. Comprehensive secondary shool named after A. Baitursynuly, primary shool teacher, teacher-master. Kazakhstan, Atyrau region, Makhambet district. E-mail: Almagul.75@inbox.ru, 87016125471.