Ерлік сабақтары-патриоттық
тәрбие негізі
Республика жастарын Отан
қорғаушы ретінде жауынгерлік және адамгершілік жағынан жан-жақты
тәрбиелеуде, елдің тағдыры, жас егеменді мемлекеттің қауіпсіздігі
алдында жоғары жауапкершілік сезімін қалыптастыруда мектептерде
алғашқы әскери дайындық пәнін оқытудың маңызы өте зор. Жастардың
жүрегіне патриоттық рух ұялату- елдік мүдде. Оған алғашқы әскери
даярлық пәнінің мұғалімдері бір кісідей атсалысудамыз. Ерлік
тақырыбындағы сабағымнан түйіндеген ойларымды ортаға салсам деп
отырмын. Басты мақсатым-оқушылардың Отанға деген ерік-жігерін,
сүйіспеншілігін, ел басына күн туған жағдай болса, ел қорғауға
даярлығын айқындау болды.
Бірінші сабағымды «Отан
қорғауға дайынсың ба?» атты пікірталас түрінде өткіздім. Қазақстан
Республикасының Ата заңының 36-бабының 1-тармағында «Қазақстан
Республикасын қорғау, оның әрбір азаматының қасиетті борышы және
парызы» деп атап көрсетілген. Мұны кез келген оқушы білуі тиіс. Ең
алдымен шәкірттеріме «Отан қорғауға дайынсың ба?» деген сұрақ
қойдым.Әрине, жауап тез арада алынды. Бәрі де «дайынбыз» деп бір
ауыздан жауап берді. Ал енді, осы дайындықтың мәні неде? Соны ашып
көрсетуге тырыстық. Біріншіден, бұл сабақ пікірталас болғандықтан
бірнеше сұрақ тізбектері дайындалып, оларға оқушылардан жауап талап
етілді. Оқушылар өз деңгейінде белсенділік танытып, өз ойларын
ортаға сала білді.
1.Отан деген ұғымды қалай
түсінесің?
2.Өз тіліңді ардақтай білесің
бе?
3.Өз халқыңды сүйесің бе,оның
салт-дәстүрлерін білесің бе?
Өз ойларын өрбіту кезеңдерінде
Отан, тіл туралы өлеңдер оқылып, балалар өздері жақсы білетін
қазақтың салт-дәстүрлерін нақты мысалдарға келтіріп, сабақты
тартысты ете түсті. Және де осы сұрақтарды талқылау барысында
балалар мынадай мәліметтермен танысып, хабардар болды деп
ойлаймын:
-ҚР Егемендігін қай жылы жария
етті?
-Қазақстан Республикасының жер
көлемі қандай?
-Халқының саны қанша? Табиғаты
бай,көркем өлкелер туралы бірер сөз.
-ҚР Тәуелсіздік алғаннан бері
болып жатқан жаңалықтарымен таныссың ба?
-ҚР ҚК қашан
құрылды?
-ҚР ҚК доктринасы дегеніміз
не? Ол қашан қабылданды?
Осы ретте АӘД пәнінің мектепте
оқытылу мақсатына тоқтала кеткен жөн; ол қандай тараулардан тұрады
және әрқайсысы қандай сұрақтарды қарастырады немесе қандай
талаптармен таныс етеді. Балаларға айтар өз пікірім, АӘД пәнінің
негізгі мақсаты «дайын солдат» жасап шығару емес, Отансүйгіш, өз
елінің патриоты, елін сүйетін, халқын ардақтайтын, тілін
құрметтейтін, жерін қорғайтын салт-дәстүрін ұстанатын азаматтар
дайындап шығару.
Одан арғы сабақ барысында
оқушыларға ұлтжандылық қасиеттерді бойға сіңірудің алғы шарттары
ретінде тағы мынадай сұрақтартізбегі ұсынылды және осы сұрақтарға
бірлесе отырып жауап іздеу арқылы сабақ барысы одан әрі
өрбіді.
1.Елін сүю, халқын ардақтау,
тілін құрметтеу, салт-дәстүрді білу, жерін
қорғау.
2.Шыныққан-шымыр болу,с
алауатты өмір салтын ұстану.
3.Намыс деген
не?
Елін сүю, халқын ардақтау,
тілін құрметтеу, алт-дәстүрлерді білу ұлтжандылық сезімді оятудың
бірден-бір себептері болса, осыдан шығатын тұжырым - Отан қорғау
болып табылатыны сөзсіз. Қазақстанның кең байтақ жерін, атадан
бізге мирас болып қалған ұлан-ғайыр даламызды қорғау, оған ешкімнің
де басып кірмеуін қадағалау, шекараларының бүтіндігін қамтамасыз
ету - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құзырындағы
міндет.
Бұл жерде балаларға тәрбие
беретін негіз - ол Қазақстанның алып, ұлан-байтақ, кең екендігі, ҚР
ҚК құрылымы сипаты, күші, маңызы және бабалар даңқы, батырлар
ерлігі, тарихымыз туралы сөз қозғап, көп әңгімелер, аңыздар
айтылды.
Келесі мәселе, шыныққан, шымыр
болу, салауатты және сауатты болу, ол да Отан қорғау міндетінің
негізгі шарттары деп айтсақ қалыс емес. Қозғалған мәселелердің
бәрін орындап, жүзеге асыру үшін денсаулықтың мықты, шымыр және
шыныққан болуы қажет екендігін оқушылар толық түсініп, сезініп
отырды. Спортпен айналысуды, оны насихаттауда білім орындары
көптеген жұмыстар жүргізіп келеді. Спортты сүйіп өскен өскелең
ұрпақ оның мәнін, мағынасын жете түсінеді. Барлық жеткіншектердің
арманы олимпиада чемпионы болу екендігіне дау жоқ. Осы бір ерекше
талпынысты, ұмтылысты сауаттылықпен ұштастыра отырып, оқушылардың
біліміне, тәрбиесіне, тәртібіне көп көңіл бөлу
қажет.
Техникалық прогрестің дамыған
шағында, ертең әскер қатарына шақырылатын жеткіншектердің атыс
қаруын, әскери техникаларды тез меңгеріп кетуіне орта оқу
орындарынан алған алғашқы әскери білімдері негіз бола алады. Ал
тәрбиенің негізін бойына сіңіре білген жас ұрпақ Отан қорғаушылар
сапында достық, бауырмашылдық ұйымшылдық сияқты биік сезімдердің
иесі бола алады. Жеке басының күтімі, санитарлық-гигиеналық
мінез-құлық, адамдармен тілдесу, үлкендерді сыйлау, кішіпейіл болу
қасиеттері де қазақтың жанына жақын рухани байлықтары болып
табылады.
Қазақстандық патриотизм
негізінде құрылған көп ұлтты еліміздің нағыз азаматтары тұлғаларын
қалыптастыру осы тақылеттес болып келетіндігі
хақ.
Намыс-ер бойындағы қасиет.
Намысшыл болу арқылы ғана Отаныңды ерекше сүюге, құрметтеуге,
ардақтауға және қорғауға болады деп есептеймін. Барлық
мүдделерден,тіпті жеке басыңның мүддесінен Отан мәселесін биік қою,
халықтың қамын ойлап, елім үшін деген ерлер ғана намыс деген жоғары
сезімге ие. Отан алдындағы парызын абыроймен орындаған, өзіне
тапсырылған міндеттерді тиянақты атқарған және жүзеге асырған
азаматтар намысшыл бола біледі. Және бұл арада керісінше мағына
болу да мүмкін.Оның мәнісі мынада, тек намысшыл, бойында ерік,
күш-жігері бар ғана нағыз азамат Отан алдындағы міндеттері мен
парыздарын абыроймен орындай алады.
Сабақты қорытындылай келе
айтарым, мен бұл жерде мұғалім ретінде оқушыларға тек бағыттаушы
сұрақтарды беріп отырдым. Оқушылардың ынтасын оята білетін маңызды
мәселелер туралы сөз қозғап, қызығушылық туғызуға тырыстым. Ол рас,
балалардың мүдіріп қалған жерлері болды, оны дер кезінде байқап,
дұрыс жауаптарға бағыттап отырдым.
Сөз ретінде айта кетейін,
балалардың ой-өрісінің, қиялының соншалық кең екендігі олардың,
біріншіден, сабаққа белсене қатысып отырғандығынан, екіншіден, мен
сабақты жоспарлаған кезде ойға алмаған деректерді, мақал-мәтелдерді
(Мысалы, «Отан от басынан басталады», «Отбасы-кіші мемлекет», «Өзге
елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан бол»т.б.) қосып ер жүрек, өз
Отанын сүйетін және оны қорғауға дайын болашақ сарбаздар ретінде
сезінуінен байқалып тұрды.
Жалпы тұжырым, жеткіншек
ұрпақты ұлтжандылық деңгейде тәрбиелеу арқылы біз намысшыл, батыл,
шымыр, шыныққан азаматтардың арасынан, болашақ Отан қорғаушы жас
сарбаздарды танимыз. Күш жігері бойында жасөспірімдерді жақсы
тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар бере білсек, егеменді еліміздің
тәуелсіздігін өзінің білімімен, ақыл-ойы, санасымен қорғап қалатын
Қазақстан Республикасының нағыз азаматтарын өсірдік деп айта
аламыз.
Балалардың бойында ұлтжандылық
сезімді ояту және Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу әрбір ұзтаздың
оқыту мәнерінде кездесуі керек. Тәуелсіз Қазақстанымызды, оның
біртұтастығын қорғап қалу керектігін, еліміздің егемендігінің
тұғырлы екендігін, ұлан-байтақ жеріміздің
дархандылығын, жомарттылығын,
жастарымыздың білімді, сауатты, алауатты екендігін, экономикамыздың
жақсы дамығанын, оның өсу шақтарының айқын, күштілігін,
айбындылығын, оның соңғы үлгідегі қарулармен және техникамен
жарақталғанын, Қазақстанымыздың көп ұлтты да біртұтас екендігін,
оны мекендеген халықтардың достығының беріктігін үнемі айтып,
қайталап отыру арқылы өскелең жастардың ақыл-ойларын реттеп, сана
сезімдерін қалыпқа келтіріп отыру қажет.
Мысалы, Кеңестер Одағы
кезінде, әскер қатарына шақырылған жастармен күн сайын саяси
сабақтар жүргізілетін және Кеңестер елі Біртұтас, оның шекаралары
берік күзетіледі, оған қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ, армиясы
күшті әрі қуатты, елде саяси тұрақтылық орнаған, жастары әскери
білімді меңгерген, Отан қорғауға үнемі даяр және тағы басқалар
сияқты ұғымдар әрбір сабақтың мазмұнына енгізіліп отырды. Менің
білетінім, қаншама саяси сабақтардан соң тыңдаушылардың жадында осы
сөздер қалатыны сөзсіз. Кеңес үкіметі кезінде патриоттық тәрбие,
советтік ұлтжандылық қандай жоғары деңгейде тұрғаны бәрімізге үлгі
болары сөзсіз. Солардың санында өзіміздің аталарымыздың,
апаларымыздың да бар екендігі көкірегімізге қуаныш ұялатады. Батыр
атамыз Бауыржан Момышұлының қайталанбас ерлік жолдары, ұшқыш Талғат
Бигелдинов, партизандар Қасым Қайсенов пен Әди Шәріпов,
жауынгер-жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабуллин,
жауынгер-әнші Рамазан Елебаев, жанқияр ерліктердің иелері Ағаділ
Суханбаев пен Нұркен Әбдіров аталарымыздың және де шығыстың мәңгі
өшпес жұлдыздары Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ерліктері, даңқты
жолдары ұлтжандылық тәрбиелік негіз бола алады.
Батыр-бабаларымыздың аттарын, олардың даңқты, ерлік жолдарын
ұрпақтар жадында мәңгі мирас етіп қалдыру бір мақсат. Сол себепті
ұлтжандылық тәрбиеге бағыттаған әрбір сабаққа негіз етіп алатын
тұлғалар, сол сабақтардың негізгі арқауы болуы тиіс. Бұлардан да
өзге қаншама қазақтың ұлдары ерліктің қайталанбас үлгілерін
көрсеткенін жастардың санасына ұялату, оларға еліктете, талпындыра
білу, жастарды ерлік жолына бастары сөзсіз. Ал ерлікті Отан үшін
жасау керектігін сезінген жастар ғана еліміздің жарқын болашағының
кепілі.
Ерлік тақырыбы-ол өз алдына
бөлек мәселе болып тұр. Педагогикалық іс-тәжірибелерге сүйенсек,
қазіргі жастардың ұғымында, ерлікті тек соғыс жағдайында жасау
мүмкін деген жаңсақ пікір көп кездеседі. Ол заңды нәрсе екендігінде
дау жоқ. Күнделікті көріп жүрген адамдар, мейлі ол дәрігер болсын,
спортшы, полиция немесе кеден қызметкерлері, әскери қызметші, өрт
сөндіруші болсын, тіпті қарапайым адам болсын - ол ерлік адамы.
Бірақ әрбір адамның, әрбір мамандық егесінің өз міндеттерін кәсіби,
шебер және адал, шын пейілмен орындай білуі-ерекше
құрмет.
Сөзімді мысалдармен
нақтылайтын болсам, «Ер есімі –ел есінде» атты патриоттық тақырыпта
ерлік сабағын өткіздім. Сабаққа дайындық барысында 11-ші сыныптың
оқушылармен «Ерлікті кімдер жасай алады?», «Сенің қолыңнан ерлік
жасау келе ме?» деген сұрақтар төңірегінде жұмыс жүргізіліп,
олардан осы сұрақтарға жазбаша жауап алынды. Балалардың
жауаптарының үлкен бір құлшыныс, орасан зор күш-жігер, ерік
байқадым. Бұл-тек атаққа, даңққа ұмтылыс ғана емес, халықтың, күнде
көріп жүрген адамдардың сеніміне тура жол тарту. Міне, сол
жауаптардан бірнеше үзінді келтірейін.
«Ерлік дегеніміз кез келген
адамның қиыншылық жағдайда тәсілін тауып, сол тығырықтан шығуға жол
табуы.Әлсіз адамға көмек көрсету – ол да ерліктің бір түрі. Жалпы
айтқанда, әрбір адам өз азаматтық борышын ұмытпай қолынан келген
жәрдемін аямаса-ерлік жасады деп айтуға болады», - деп, ерлік деген
ұғымды қалай түсінесің деген сұраққа оқушы өз ойын осылай
білдіріпті.
Ал, «Ерлікті кімдер жасайды?»
деген сұрақ бойынша оқушы өз ойын былай тұжырымдапты: «Ерлік
жасау-ол адамның туа біткен қасиеті емес. Мысалы, жас оқушының
қария кісіні жолдан өткізіп жіберуі де ерліктің жолындағы алғашқы
қадам. Егер ол бүгін кісіге көмектесуден жалықпаса, ертең оған Отан
үшін қызмет ету қиын болмас».
Ең бастысы, «мен ерлік жасауға
дайынмын ба, ерлік жасау менің қолымнан келе ме?» деген сұраққа да
іркілмей жауап берген оқушылар бар. Мысалы, әрине, деп жазыпты
оқушы, ерлікті әрбір адам жасай алады. Егер мен болашақта медицина
қызметкері болып, қатты науқастанып жатқан кісіні өлім аузынан аман
алып қалсам-бұл менің ерлігім.
Осы кездесуге «Айбын»
орденінің иегері, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының
орынбасары, полиция майоры Нұрғали Омаровты шақырып, ұлағатты өмір
жолдарымен таныс болып, орден иегері болу тарихын өз ауызынан
естідік. Сұхбат - әңгіме кезінде Нұрғали Омаров қарапайымдылығымен,
кішіпейілдігімен көзге түсіп тұрса да, оның үздік полиция
қызметкері екендігі, шыныққан, шымыр спортшы екендігі де әңгімеден
тыс қалған жоқ. Қылмыспен күресудегі қиын да қызықты еңбек
жолындағы жасаған ерлігі де зор сезіммен баяндалды. Аса қауіпті
қылмыскерлерді құрықтау кезінде, алған жарақаттарына қарамастан
табандылық көрсетіп, күші тең емес болса да, оларды кісендеп
кезекші бөлімге алып келіп тапсырған тұсы әңгімеге арқау болған
шақтарда балалардың көздерінен қызығу ұшқыны байқалды. Ал,
Елбасымыздың ауруханада жатқан Нұрғалидың денсаулығын білуге келген
және үкіметтік награданы өз қолымен өңіріне таққан кезеңдер
әңгімеленген кезде, залда отырғандардың барлығының да өз жерлесіміз
үшін көкіректерін мақтаныш сезімі кернеді десем артық болмас еді.
Батырдың облыс әкімінің қолынан алған үш бөлмелі пәтердің, қала
әкімінің қолынан алған автокөліктің кілттері сұрақ-жауап кезінде
белең алды. Ержүрек адамның материалдық мадақталуының өзі балалар
ұғымында ерекше орын алары сөзсіз және жастардың сондай қадамға
ұмтылуына немесе батырларға еліктеуіне негізгі серпіліс (стимул)
болады деп есептеймін. Осындай ағалардың ерліктерін біліп, көріп
өскен жас ұрпақ болашағынан зор үміт күтуге болады. Сабақ соңынан
оқушылармен жеке қалып әңгімелескен кезде, барлығының да ерлік
жасауға құлшынысын байқадым және сыныптың жартысынан астамы
болашақта полиция қызметкері болатындығын айтқанда өткізген
сабағымның белгілі бір нәтиже бергенін байқадым. Әрине, көбісі
сезімнің жетегінде болып айтып қалса да, жұмысы қиын, ауыр әрі
қызықты тәртіп сақшыларының жұмысына балаларды талпындыру оңай емес
екендігін бәріміз де түсінеміз. Ағаларымыздың ұлағатты еңбек
жолдары, олардың қиын да қызықты және ауыр қызметтерінің табыстары,
жемістері немесе жасаған ерліктері балаларға үнемі үлгі ретінде
тартылып тұруы керек.Тарихымызға аттарын қалдырған ерлер еңбегі
әрқашан ерлік сабақтарының өзекті діңгегі болуы шарт деп
ойлаймын.
Нарбаев
Е.Т.