БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕГІЛЕР
ЖИНАҒЫ

Бір үзім нан
Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір
сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен.
Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған – алтын мен күміс. Ал
кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен.
Алтын мен күміс түгілі, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны
суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті. Бір жылы көктемде
алапат, су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып
кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да
ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір
күні қарны ашқан бай кедейге: - Әй, кедей, сен мына бір кесек
алтынды ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді. - Жоқ, алтының
өзіңе, нан бере алмаймын, - деп жауап береді кедей. Екінші күні бай
кедейден тағы да нан сұрайды. - Алтынымның жартысын берейін, -
дейді ол бұл жолы. - Жоқ, бере алмаймын, - деп бұл жолы да кедей
келіспейді. Ақыры, аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім
нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір
көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді.
Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың:
«Алтын, күміс - тас екен, арпа, бидай – ас екен» дейтіні осыған
орай айтылған екен.
Ыбырай
Алтынсарин (Тазша бала)
Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш
баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден
пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген енші ешкісін сойып алып,
етінен кемпір мен шалға бір түйір де берместен, арқалап кетіпті.
Келе жатса бір өнерші байдікіне келеді. Бұл байға өнер үйренуге ол
жігіт жалданыпты. Өнерші бай бек қатты жауыз адам екен, ол
жалданған жігітті бір сандыққа салып қойып, аштан өлтіріпті. Үйінде
қалған ортаншы баласы, бұ да өнер үйренбекке талап етіп, ода
ағасының кеткен жолымен кетіп, о да өнерші байға келіп жалданып ты.
Өнерші бай оны да ағасынша аштан өлтіріпті. Үшінші ұлы Тазша бала,
о да ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, жарты етін
әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, арқалап кетіпті. Келе
жатса бір қора қойға ұшырапты. Бұл қора қойдың қойшысына жолығып
сұраса, бұл қойлар өнерші байдікі екен. Ол Тазшадан сұрайды:
-Балам, қайда барасын? -деп. Тазша бала жауап береді: - Өнер
үйренуге барамын -деп. Сонда шал тұрып айтады: . - Балам, ол
сөзіңді бөтен ешкіміге айтпа- деп,-өзіңе өтірік айтпа, жатқа
(бөтендерге) шыныңды айтпа деген - деп. Сонан соң бұл бала шалдың
бұл айтқаны рас екен деп ойлап, өнерші байға барыпты. Байдың үйіне
қонып, ертең жүрейін деп жатқанда, өнерші бай Тазшадан сұрайды: -
Балам қайда барасың, жолың болсын? - деп. Тазша бала жауап береді:
- Мен өзіңдей ер баласы жоққа еншілес бала боламын - деп. Сонда
өнерші бай айтады: - Балам, сен біздікінде қал, маған бала бол,
біздің бір ақ кұнан қойды сойып, той қылып, асық жілігін етімен
өзін, жеп той, мен өзім жолаушы барамын - дейді де, өзі жолына кете
береді. Бала (Тазша): - Хош әке, жақсы бол! -деп, үйінде қала
беріпті. Бұл өнөрші байдың үйінде бір қызы бар екен. Бұл Тазша
балаға айтады: - Аға, сен асық жіліктен өзің жемей, керегенің
басына іліп кой, сонда бір ақ тазы келіп, жілікке ұмтылар, сонда
сен балтамен ол тазыны лақтырып өлтір - деп. Мұнан соң Тазша бала
ақ құнан қойды сойып, той қылып, көршілерін шақырып, асық жілігін
өзі жемей, қыздың айтқанын қылып, керегенің басына іліп қойғанда,
айтқанындай ақ тазы келіп етті жілікке ұмтылғанда, Тазша балтамен
жіберіп қалыпты; бірақ балтасы тазыға тимей, ит кашып құтылып
кетіпті. Өнерші бай үйіне келген соң, Тазша баланың мұндай істерді
істегенін біліп, қатты ашу етіп, бұл итті аштан өлтірейін деп
сандыққа салып қойыпты. Бұл байдың бағанағы қызы, әкесі жоқта,
сандығының түбін тесіп тамақ беріп, Тазшаны тойдырып тұрыпты.
Бірнеше күндер өткен соң Тазшаның өз әкесі балаларын іздеп шығып,
өнерші байдікіне келіп сұрады: - Бір Тазша деген балам бар еді,
соны көрдіңіз бе? - деп. Өнерші бай: - Көргенім жоқ - деп жауап
береді. Бұлардың сөйлесіп тұрған сөздерін Тазша үйде сандықта жатып
есітіп жатыр еді. Бай әлгідей дегенде, Тазша: - Әке, мен мұндамын!
- деп, сандық ішінен айқайлапты. Даусымен баласын танып, байдың
сандығынан шығарып алып, Тазша мен әкесі үйіне қайтыпты. Тазша
жолай әкесіне айтады: - Әке, мен бір қара құнан қой болайын,
мойныма жіп тағып, жетектеп барып базарға жақсы бағаға сат, бірақ
жібіңді алып қал - дейді. Баласы сол жерде айтқанынша қара құнан
қой болады, әкесі мойнына жіп тағып базарға апарып сатып, ақшасын
алып, үйіне қайтады. Ертеңіне баласы өз қалыпына түсіп, әкесіне
айтады: - Әке, мен бір қара жорға ат болайын, мені базарға апарып
сат, пұлымды ал, бірақ шылбырымды алып қал - депті. Баласы
айтқанынша ат болып, әкесі базарға апарып сатып, шылбырын алып,
үйіне қайтты. Ертеңіне баласы, Тазша, тағы өз қалпына түсіп, үйіне
келіп, әкесіне айтады: - Әке, мен бір жез бұйдалы нар-тайлақ
болайын, сен мені базарға апарып сатта, бұлымды алып, бірақ,
бұйдамды алып қалып, үйге қайта бер - деді. Тазша айтқанынша тайлақ
болып, әкесі базарға сатайын деп жетектеп келе жатса, алдынан баяғы
өнерші бай шығыпты. Ол айтады: - Маған мынау тайлағыңды сат - деп.
Тазшаның әкесі айтыпты: - Тайлағым басы жүз тілла - деп. Сонда
өнерші бай бұлардың айласын біліп, жаман оймен, тайлақты жүз
тіллаға сатып алыпты да, үйіне жетектеп келіп, баяғы қызын шақырып
алып, мынау тайлақты ұстай тұр депті де, өзі үйден пышақ алып,
тайлақты бауыздайын деп, үйіне жүгіріп кетіпті. Қыз әкесінің жаман
ниетін біліп, үйден бұ да пышақ ала шыққан екен, әкесі үйге кірген
кезінде, тайлақтың бұйдасын пышақпен қиып жіберіп, босатып қоя
беріпті. Өнерші бай тұра салып үйінен шығып, қашып бара жатқан
тайлақты көріп қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай
тазы болып қуыпты, өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден
үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты. Бір аздан соң,
Тазша бала торғай болып қашыпты, онда бай қырғый болып соңына
түсіпті. Онан соң Тазша торғай қалпында шаңыраққа ұшып келіп қонып
отырғанда, бай -қырғый келіп таяна бергенде, Тазша қорқып, шүберек
болып жерге түсіпті. Өнерші бай онда кісі болып, шүберекті қолына
алайын дегенде, Тазша тары болып домалапты. Онда өнерші бай тауық
болып шұқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да, өнерші байдың
желкесіне мініп алып тістеп, тырнап, зорлықпен өнерші байды
өлтіріпті. Сөйтіп, оның қызын өзі алып, барша мұратына жетіп, зор
бай болып дәурен етіпті
Гүл
Баяғы өткен заманда бір гүл өмір сүріпті.
Гүлдің басқа достары болмапты. Бір күні күн бұлттанып, жаңбыр жауа
бастайды. Гүл жаңбырдан қаша алмайды. Жаңбыр жауып, басылған соң,
күн қайта ашылады. Кейін гүлдің көңілі көтеріліп, қуанады. Ол
әр-түрлі қимыл жасап билейді. Бір кезде оның басындағы тұқымы жерге
себіледі. Гүл оны байқамайды. Гүл тағы да менің достарым жоқ, деп
мұңайып жылай бастайды. Қарап тұрған күннің көзі жабылып, тағы да
жаңбыр жауады. Жаңбырдан соң, гүл жан-жағына қараса
кішкентай-кішкентай гүлдердің шыға бастағанын көреді. Гүл: «Енді
менің достарым көбейді, алақай» - деп қуанады. Содан бері әр-түрлі
гүлдер жерге шыға
бастапты.
Мақта
қыз бен
мысық

Баяғыда Мақта қыз болыпты. Мақта қыз үйін
жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық
келмейді. Қыз: – Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп
болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз
айтпайды. Сонан соң мысық: – Ендеше қатығыңды төгем! – дейді. Мақта
қыз: – Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді. Мысық қатықты төгеді.
Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: – Апа, апа,
құйрығымды берші! – дейді. Мақта қыз: – Менің қатығымды төле!
–дейді. Мысық сиырға барады. – Сиыр, маған қатық берші! – дейді.
Сиыр: – Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді.
Мысық ағашқа барып: – Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді. Ағаш:
– Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді. Мысық
суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді. – Қыздар, қыздар,
маған су беріңіздерші! – дейді. Қыздар оған: – Бізге сағыз әкеліп
берсең, біз саған су береміз, – дейді. Мысық дүкенге барады. – Әй,
дүкенші, маған сағыз берші! – дейді. Дүкенші: – Маған жұмыртқа бер!
– дейді. Мысық тауыққа барады. – Тауық, тауық, маған жұмыртқа
берші! – дейді. Тауықтар: – Бізге дән әкеліп берсең, біз саған
жұмыртқа береміз, – дейді. Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара
жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас
салады. – Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді. Тышқан
қорыққанынан: – Үйімде бір табақ тары бар, – дейді. Мысық: – Маған
бір уыс тары бер, – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп
береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді;
жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды
апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа
береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр
қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың
құйрығын береді.
Ыбырай
Алтынсарин
(Қарлығаш)
Ертеде бір бес ағайынды жігіт бар екен.
Бесеуі бір байтеректің қасына жарты жер салған екен. Егіні піскен
соң, түнде келіп біреу жеп кетеді екен. Сонан соң олар егінін
күзетіпті. Әуелі үлкен ағасы күзетіпті, бірақ ешкімді көрмепті.
Солайша төрт ағасы - төрт күн күзетіпті. Бесінші күні ең кішісі
күзетіпті, аты Қарағылыш екен, Қарағылыш күзеткен күні көктен бір
қара бие келіпті; егінді жеп жатқанда Қарағылыш оны ұстап алыпты.
Сонда әлгі қара бие айтыпты: - Ей бала, мені жібер деді; менің бес
құлыным бар, бесеуін бесеуіңе берейін - деді. Қарағылыш оны қоя
берді. Сонан соң қара бие құлындарын алып келіп, ең кішісін
Қарағылышқа берді, бөтен төртеуін төрт ағасына берді. Сонда бәрі
жарысқанда Қарағылыш озады екен. Бір күні Қарағылыш жұлындай жерден
түтін көріпті; көрген соң соған барыпты, барса - бір жалмауыз
кемпірдің үйі екен. Ол кемпірдің бес қызы бар екен; қыздарының
ойнайтын, жататын, тамақ ішетін үйлері бөлек-бөлек екен. Сонда
Қарағылыш қыздардың ойнайтын үйіне барып, кілемнің астына жатыпты.
Қыздар келе бергенде кілемді көтеріп қалыпты. Сонда қыздар
ойбайлап, шешесіне барыпты. Шешесі ұрысып жіберіпті. Сонан соң
қыздар келіп ойнап отырғанда, Қарағылыш қыздарды ұстап алып,
төртеуін екі қолтығына тығып, біреуін иініне тығып, атына мініп
қашыпты; қашқанда кемпір Қарағылышқа жылап айтыпты: - Қыздарымды
ертең ұзатайын, бүгін өзің қон! -депті. Сонан соң Қарағылыш
қыздарын өзіне беріп, өзі қоныпты. Кеш болған соң Қарағылышқа
ұйықта деп, төсек салып беріпті. Қарағылыш тысқа шықса, аты бір
көзінен қан, бір көзінен жас ағып тұр екен. Сонда аты айтыпты: -Сен
бүгін ұйықтама, ұйықтасаң сені өлтіреді, жалмауыз кемпір темір тіс
соқтырып жатыр - деді. Қарағылыш үйге келіп ұйықтамай жатыпты.
Сонда кемпір келіп, есікті қарап айтыпты Ұйықта шырағым!-депті де,
кетіп қалыпты. Біраздан соң тағы келіпті. Сөйтіп жүргенде таң атып
қалыпты. Сонан соң кемпір қыздарын ырғап-жырғап ұзатыпты, сонда
айтыпты: - Осы жерде үш бел бар, екеуіне қонбаңдар, ең шетікісіне
қоныңдар - депті. Күн кеш болған сон төрт ағасы ең ортадағысына
қоныпты. Қарағылыш жаңғыз өзі ең шеткісіне барып қоныпты. Қарағылыш
ертең тұрған соң, төрт ағасы жылап жатыр екен, есітіпті оларға бір
кісі айтады екен: -Қарағылышты әкеп берсеңдер, жіберейін - деп.
Соны Қарағылыш есітіпті де, соған келіпті; келсе -бір айдаһар екен.
Ол айдаһар бөтен ағаларын қоя беріп, Қарағылышты алып қалыпты.
Сонан соң Қарағылышқа айтыпты: - Берімес ханның өлімес қызын акеп
бер! -депті. Қарағылыш жарайды деп кетіпті. Келе жатса бір тауды
бір тауға қосып [жатқан] кісіге жолығады. Сонда Қарағылыш сұрапты:
- He ғылып жүрсін? - деп. Ол кісі айтыпты: - Қарағылышқа жолдас
болайын деп жүрімін-депті. Сонымен жүргенде Қарағылыш тағы бір
көлді көлге қосып [жатқан] кісіні жолдас қылып алыпты және бір
мергенді және бір шапшаңды; шапшаң сонша асқан екен: екі отырған
сауысқанның бірінің құйрығын біріне кесіп алып жалғайды екен.
Солармен бір атқа мінісіп келіпті. Келсе бір екі тау көріпті: сол
таудың бүйірінен ірің ағып жатыр екен. Мұның астында ханиық ауылы
бар екен. Қарағылыш ханға барып айтыпты: - Сенің кызыңды алайын деп
келдім - депті. Сонан соң хан айтыпты: - Бес айла қыламын, бесеуін
де тапсаң қызымды беремін, таба алмасаң өлтіремін! -деді. Әуелі ат
жарыстырамыз деп, ат жарыстырыпты. Сонда Қарағылыштың аты алдымен
келіпті. Сонан соң хан жаяу кісі жарастырамын депті. Сонда
Қаралығыш манағы жүйрікті шығарыпты; хан бір кемпірді шығарыпты. Ол
кемпір бір шелек бал алыпты. Жарысардың алдында ол кемпір жүйрігіне
балды беріп-беріп мас қылыпты, ұйықтатып тастап өзі кетіп қалыпты.
Сонда жер тыңдаушы да айтыпты. - Сол біреу адам келеді - депті.
Сонда Қаралығыш мергенге: - Ат! - депті. Мерген басындағы шелекті
атыпты; шелектің дыңғырлаған дауысымен [жүйрік] оянып тұра салып,
орнынан біір уыс топырақ ала салып жүгіріпті. Кемпірге жеткен соң
[ол]: - Шеше! - депті. Сонда кем.пір артқа қарағанда, көзіне
топырақ шашып қалғанда, кемпір ойбайлап қалыпты. Сөйтіп жүйрік
алдымен келіпті. Сонан соң хан барлығын бір темір үйге қамапты да,
жан-жағынан берік басыпты. Сонда манағы көл ұрттағыш екі ұртына екі
көлдің суын ұрттап әкеліп, үйге шашыпты. Сонан соң хан қызын
ұзатыпты. Манағы Қарағылыштың жолдастары орнында қалыпты, оларға
Қарағылыш киім берген екен, олар алмапты. Сонан соң Қарағылыш қызды
айдаһарға әкеліп беріпті де, өзі кетіп, келе-келе жатып, өзінің
ағаларын тауып
алыпты.
Бір
жарым дос
Хан баласына қазына береді. Өзіңе дос жи
дейді. Баласы 100 дос тауып келдім дейді. Қырық жыл хан болып,
менде бір жарым ғана дос бар. Сен қалай бір жолғы сапарда 100 дос
таптың дейді әкесі. Сөйтіп бір жарым достың тарихын айтады. Оның
бір досы - бай, жарты досы - кедей екен. Хан сол екі досын сынамақ
болады. Мен үшін жаныңды қи, сонда мен тірі қаламын,-дейді хан
бүтін досына ауырып жатқан болып. Ол жанымды емес, малымды ал,
балаларым көп еді дейді. Хан кедей досын шақырады. Оған да соны
айтады. -Қидым,-дейді кедей. -Неге?-деп сұрайды хан. -Менің жаным
халықтың ханын сақтап қалуға жараса, одан артықтың керегі не
маған,-дейді кедей. Содан соң хан кедейді бүтін, байды жарты досым
депті.
Үш
жетім
Ертеде, ерте заманда, ешкі құйрығы келте
заманда бір патша бар екен. Оның жалғыз ұлы болыпты. Ол ұлы ажалы
жетіп ауырып өліпті. Жалғыз ұлының күйігінен патша далаға шықпай
жатып алыпты. Бұл патшаға бірнеше патша көңіл сұрай барыпты. Сонда
да тұрмапты. Патша басқармаған соң елі күйзеліпті. Осы елде жан
ашыр адамы жоқ, әке-шеше, аға-іні дегендей туған туысы жоқ үш
жетімек бар екен. Бұлар үшеуі ақылдасып «біз патшаның көңілін
сұрасақ қайтеді» деген оймен патшаға бармақшы болады. Бұлар
халықтарына «біз барып көңіл сұрасақ қайтеді» деп ақылдасады.
Халықтары: «Сен үшеуің түгіл сендерден де зорлар барып көңіл айтқан
сонда да тұрмаған патша, сендерге тұра ма?» - депті. Әрине ол уақта
жетім-жесірді көрсе де көзге ілмейтін уақ қой. Осы күні бұл үшеуі
жылап-жылап ауылына қайтады. Тағы бір күні үшеуі ақылдасып, алған
бетімен патшаның ордасына бармақшы болып, үйінен шығып, сол бетімен
ордаға келеді. Барайын десе алдындағы қарауыл рұқсат етпейді. Осы
жерде бұлар тұра береді. Ол қарауылдары барып, патшаға хабар етеді.
Бала деген соң «патша қандай жұмысы бар екен, әкел» дейді. Сонымен
үшеуі барып отырады. Онан соң патша: «Қош, жұмыстарың не, айт», -
дейді. Үшеуінің ішінде біреуі тұрып айтады: - Ия, таласымыз бар.
«Қандай талас, айт қәне?» - дейді патша. Бала біреуін қолымен
көрсетіп: «Мынау бір жерге алтын қойып кетіпті. Оны мынау қойған
жерден алып кетіпті. Осы алтын қойған баланікі ме, жоқ болмаса,
қойған жерден алған баланікі ме, міне, осы таласымыз», - дейді.
Патша: «Әрине, қойған баланікі», - дейді. Бала тұрып: «Сонда алтын
қойғандікі болды ма?» - Ия. - Ендеше, құдай баланы осы дүниеге
қойды, яғни жаратты, оны сіз алдыңыз. Бірақ ол алған сіздікі емес,
қойған құдайдікі ғой. Не үшін қапа болып төсектен тұрмай жатырсыз?
- деп көңіл айтыпты бұл үшеуі. Онан соң патша орнынан тұрып есін
жинап, қайтадан халқын жинап алыпты дейді. Патша уәзірлерін
шақырып, бұларды уәзірлердің қатарынан босатып, бұлардың орнына үш
жетім баланы ақылды, білгір, зеректігі үшін уәзірлік қатарына
енгізіпті. Ал енді бұлар уәзір болып тұра тұрсын. Бұрынғы ескі
уәзірлеріне келейік. Бұлар үш жетімнің уәзір болғанын көре алмай
елге үгіт таратып, осы жердегі тау тасты уатуға, елді бүлдіруге
кірісіп, қаланың көп жайларын бұздырып осындай әрекет жасап жүрген
кезде патша бір күні жорыққа бұрынғы, соңғы уәзірлерімен шықпақшы
болады. Сөйтіп жорыққа шығып келе жатса бір қайырылыс жерде екі
байғыз атты құсқа көзі түседі. Қараса біреуі ойда, екіншісі қырда
отырған екен. Үш жетім бұрын айтады екен «біз құстың да тілін
білеміз» деп. Оны ана уәзірлер біледі екен. Бұлар айтыпты, патшаға:
«Осы сіздің жаңадан сайлап алған үш уәзір балаңыз айтатын еді, біз
құстың да тілін білеміз деп, егер де білетін болса анау отырған
байғыздың біреуі ойда, екіншісі қырда нағып отыр екен осыны
сұраңызшы», - депті. Байғызбен тілдесіп біліп келу үшін біреуін
жібереді. Ол атынан түсіп, атының ерін қайтадан мықтап тартып алып,
қайта атына мініп артынан қуып жетеді. Аналар сұрайды: «Не үшін
біреуі ойда, екіншісі қырда отыр екен?» - дейді. Бала сонда: - Ойда
отырғанның жалғыз ұлы бар екен, қырда отырғанның қызы бар екен,
екеуі қалың мал сөйлесіп отыр екен. Қызы барға ұлы бар айтады екен
«менің балама қызыңды бер» дейді екен. Ол «қанша мал бересің»
депті. Ұлы бар: «Отыз алтын берем», - депті. Қызы бар айтыпты:
«Онда саған қызымды бермеймін, себебі отыз алтын өзімде бар, одан
да көбірек бер, - деп, бітісе алмай отыр екен», - деп бала осымен
сөзін тамамдапты. Сонда патша тұрып: «Ә, менің адамдарым бұзылған
екен ғой», - деп ойға кетіпті. Сөйтіп серуендеп болып кешкі уақытта
жай-жайына тарасыпты. Кешке таман патша жаман киім киініп алып,
қаласын аралап көруге шығып, қаласын қараса, қаласының тең жарымы
бұзылуға тақалып қалған екен, оны көріп қайтады. Ертеңіне «қош
енді, балалар, ел бүлініп, қала бұзылыпты, бар жайларыңды табыңдар»
деп, үш жетімді уәзірліктен босатып қоя беріпті. Балалар сөйтіп бас
қамымен жүре тұрсын. Енді қалаға келейік. Бұрынғы уәзірлерді қайта
сайлап алыпты да, патша селт етпей шалқасынан жатып уәзірлеріне
аты-жөні жоқ «әкел!» депті. «Егер үш күнге шейін әкелмесеңдер
бастарыңды кесем», - депті. Сонымен бұлар не әкел дегенін білмей,
ақылдасып, «осы ана үш жетім балалар зерек еді, соны іздейік»
депті. Сонымен бұл үшеуін екі күн өтіп, үшінші күні іздеп тауып
алады. Келе бұлар балаларға сәлем береді. Ол үшеуі де сәлемін
қабылдады да: «Қош, жол болсын, қайда барасыздар?» - деп сұрау
сұрады. Бұлар жауап берді. «Біз сіздерді іздеп жүрміз. Себебі біз
өлетін болдық, патша бізге уақыт берді. Ол мынадай, шалқасынан селт
етпей, жатып алып аты-жөні жоқ «әкел!» дейді, не әкел дегенін
білмей келеміз, сонымен бізге үш күн уақыт берді. Ол бүгін бітетін
күні», - деді. «Дұрыс, онда қала бұзылған, соны жөндеу үшін ұста
әкел дегені ғой!». Онда сол күні, сол уақытта артына кейін қарай
қайтып, бірнеше ұста апарады. Сонда патша: «Е, қош, үш күннен бері
ұста таба алмадыңдар ма? Неғып кешіктіңдер, айт шындарыңды! »
-депті. Сонда аналар тұрып: - Не әкел дегеніңізді білмей әлгі үш
баладан сұрап білдік, - депті. «Ә, ырзасыңдар ма, зеректігіне?» -
депті патша. - Ырзамыз, сол үшеуін қойыңыз, - депті. «Иә, болмаса
ертіп әкел», - деп алдырып, қайта уәзір сайлайды. Енді аз күннен
соң елінде наразылық туып, «біз жетімді уәзір сайламаймыз» деген
соң, елі бұзылып кететін болған соң, қайтадан үшеуін босатып қоя
береді. Сонымен бұл үшеуі басар тауы жоқ, барар жері жоқ каңғырып
басқа патшаның қол астына кетеді. Үшеуінің ендігі кәсібі патшаның
қазынасынан алтын алып ауқат етпекші болды. Бұлардың үйі моланың
тесігі болды. Түнде патшаның қазынасындағы алтынды үшеуі үш
дорбалап тасып көрге әкеліп жинай беретін болды. Азанда патша
қазынасын қараса, алтынның азайғанын көреді. Ертеңіне уәзірлері мен
қарауылдарын қояды. Сонда да сол күні үшеуі ешкімге білдірместен
тағы алтын ұрлап көрге әкелді. Ертеңіне патша қараса,тағы азайып
қалған.Патша қапаланып өзі қарауыл болып тұрады,«көрейінші қандай
неме ол» деп сонда да патшаға білдірмей әлгі үшеуі тағы да
қазынадан алтынды ұрлап алады. Азанда қазынаны қараса, тағы жоқ
біраз алтын, қапаланып патша сол күні кешке жансыз болып, жаман
киімді киіп алып кешке түнімен жүреді, сүйтіп жүрсе, бір жерде бір
үшеу бір нәрсе арқалаған, ырс-ырс етеді. Дереу патша артынан ере
береді. Балалар жаңағы адамнан: «Қайда барасыз», - деп сұрайды. Ол
адам өздерінен: «Сіздер қайда барасыз?» - дейді. Бұл үшеуі «нан
талап» дейді. Әлгі адам да «мен де нан талаппын, қарағым» дейді.
Әңгімелесіп көрге қарай келе жатса, бір жерде ит үріпті қоймастан,
сонан соң жаңағы үшеуінің біреуі тұрып: «Ә, сіз патша ма едіңіз,
ана ит маған іштеріңде патша кетіп бара жатыр деп үріп тұр ғой», -
депті. Сонда ол: «Жоқ, шырағым, менен патшалық не алсын, бірақ
кішкене күнімде өздерімізше ойнап жүргенімізде балалар мені патша
етіп ойнаушы еді», - деп жалтартыпты. Олар осы айтқанға шыннан
сеніпті. Үшеуі әлгі адаммен төртеу болып көрден соққан үйіне
келеді. Өздерінше жай әңгімелесіп әлгі адам әңгімемен бұлардың
әдіс-айласын білу үшін әр түрлі сөзге сала отырып, үшеуіне айтыпты:
- Ұрлық ету үшін қандай амалдарың бар? - депті. Үш баланың біреуі:
«Менің амалым патшаның қазынасынан алтын ұрлағанымды ешкімге
білдірмеймін де, сездірмеймін де, міне, менің айла әдісім», -
депті. Екіншісі: «Менің амалым үрген иттің тілін білем!» - депті.
Үшінші біреуі: «Мен бір көрген адамымды айнытпай тауып аламын,
маған бәрібір жеті қараңғыда көрсем де, күндіз көрсем де танимын»,
- депті. Бұл үшеуі сөзін бітіріп болған соң: «Иә, сіздің қандай
амал, айлаңыз бар?» - депті. Бұл адам айтыпты: «Ажалға кетіп бара
жатқан адамды ажалдан құтқарамын», -деген екен. Енді бұлар сөзін
тауысып төртеуі ұйқыға кетеді. Сол уақытта ана үшеуін ұйықтата
салып патша қайтадан бұрынғы киімін киініп болып, дереу тез
қарауылдарына барып: «Дәл көрде үш бала бар, соны барып үшеуін
бірдей дарға тартып, алтынды қазынаға сал!» - депті. Дереу
қарауылдар келсе, үш бала ұйықтап жатыр, қасында алтын. Алтынды
алып сол түнде қазынаға салады да, азанға шейін қарауыл тұрады.
Азанда үшеуі тұрса, алтын да, жанындағы адам да жоқ. Дереу үшеуі
жан-жағына алақтап, сасқалақтап далаға шығайын десе, ана қарауыл
әскерлер үшеуін ұстап алып, аяқ-қолын байлап дарға аспақ үшін
даршыға береді. Даршы үшеуінің мойнына жіп байлап аспақшы болып
жатады. Осы уақта патша бір биік жерден жаңағы үшеуін көрмекші
болып тұр еді, себебі қандай әдістер жасар екен деп ойлап еді. Сол
уақытта адам танығыш бала дереу даршыдан ұрықсат сұрап мойнын
босаттырды да, әлгі патшаға бала тұрып: - Е, адам, түндегі адам сен
емес пе едің, өлімге ажалға кетіп бара жатқан адамды өлімнен,
ажалдан құтқарам дегенің қайда, құтқар, міне, өлімге кетіп бара
жатырмыз, - деді. Сонда патша даршыға босаттырып, құтқарып
жіберіпті. Сөйтіп, өзіне әлгі үшеуін уәзір қылып тағы
алыпты.
Алтын
сақа

Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір
перзентке зар болыпты, зарыға жүріп перзентті болыпты. Бай бір күні
жылқысын суара көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп
жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген
өкпеден үркіп, суға жуымайды. Әлгі жерде бай жылқыларын қанша
айдаса да, суға жаба алмайды. Сол кезде бай тұрып судағы жүзіп
жүрген өкпені құрықпен түртіп көреді. Өкпе суға батып кетіп, әлден
уақыттан соң жалмауыз кемпір болып судан шығады да, байдың
жағасынан ала кетеді. Бай көзі алақандай болып, қорқып кетеді. Бай
жалмауыз кемпірге: - Ат басындай алтын берейін, қоя бер, - дейді.
Жалмауыз кемпір жібермейді. - Осы жылқыларымның бәрін берейін, қоя
бер, - дейді. Кемпір көнбейді. Кемпірден сасып: - Енді не берейін?
- дейді бай. Кемпір: - Жалғыз балаңды бер, жіберейін, - дейді. Бай
жалғыз баласын бермек болады, кемпір байды қоя береді. Кемпір
байға: - Балаңды қай жерде бересің? - дейді. Сонда бай: - Ертең
көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен
жұртта сол сақаның жанында отырасың, - дейді. Сонымен бай жалмауыз
кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады. Ертеңінде
көшеді, жалғыз баласының алтын сақасын ұмыттырып жұртқа тастап
кетеді. Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Асық ойнайын десе, сақасы
жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, жылайды. Сонда әкесі: - Кеше көшіп
жүргенде жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой, - дейді. Бала
бармақшы болады да, әкесінен: - Әке, қандай тайға мініп барайын? -
деп сұрайды. - Жылқышыдан сұрап мін, - дейді бай. Жылқышы балаға: -
Құрығыңды құлдыратып, жүгеніңді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай
бетіңе қараса, соны мін, - дейді. Бала құрығын құлдыратып, жүгенін
сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай
қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде
тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне
ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала
үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа
жетіп келеді. Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек
түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Бала
кемпірге: - Шеше, анау жатқан сақамды алып берші! - дейді. Сонда
кемпір: - Шырағым, өзің түсіп ал. Кәріліктен отырсам - тұра
алмаймын, тұрсам - отыра алмаймын, - дейді. Сонда бала: - Мен
жастықтан түссем - міне алмаймын, мінсем - түсе алмаймын, - дейді.
Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын
суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра
қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң
кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде тайдын бір аяғын жұлып
түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін
жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі
аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады. Тай
әлсірейін дейді. Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп
түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір бәйтеректің
түбін кешке дейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де,
кемпірге: - Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап
демал, - дейді. Кемпір жатады. Түлкі тісті суға атады да, қазған
шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады. Кемпір тұра келсе, тісі де
жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып,
бәйтеректі каза береді. Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп: -
Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен
қазайын, - дейді. Сонда жалмауыз кемпір: - Сен кетпенімді алып
қашып кетесің, - дейді. Сонда түлкі: - Ол қырдың қызыл түлкісі, мен
сайдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі аң аулап жүргенде
мені қуып, соға жаздаған болатын. Сондықтан бұл балада менің кегім
бар, - дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да
кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін
суға лақтырып жібереді де, шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір
тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ. «Алда, ойбай-ай,
алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып,
бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі
қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жаақындайды.
Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарға өтеді. бала қарғаға: -
Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме
хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, - дейді.
Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер
төбеден ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып
кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен
әрлі-берлі ұшып жүреді де, баланың төбесіне келіп қонады. Бала
қарлығашқа жылап тұрып, бұған да тапсырады. Бұрын бала қыстауындағы
ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп,
ұшырып жібереді екен. Сондықтан бала қарлығашпен дос екен. Сонымен,
қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырғанын айтып барады. «Осындай
пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін
жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлатуға таяу тұр», - дейді
қарлыгаш баланың төбеттеріне. Мұны естіген соң төбеттер шапқаннан
шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге
құлайды. Баланың төбеттері, жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт
қылып, жүн-жүнін шығарып, талап тастайды. Бала төбеттеріне
кезек-кезек мініп, еліне аман-сау жетеді. Бала жалмауыздан аман-сау
ққтылып келгеніне әке-шешесіне қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен
той қылады. Бұдан былай неше күндер өткен соң, баяғы жалмауыз
кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің
жүн-жүні шығып, өліп қалғанын көреді. Кім өлтіргенін білу үшін сол
жерде қарап жүрсе, иттердің ізі көрінеді. Мұнан соң қыз иттердің
ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. Енді ауыл жақын
екенін біліп, ол жүріп келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың
қотанына алып барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің
қызының келгенін біліп, бес төбет жалма-жан тұра ұмтылады, қыз
кемпірдей емес, өте-күшті екен, бес төбетке бой бермейді. Сол арада
бала, садақпен атып, қыздың көзін шығарады, садақпен екінші атқанда
қызды өлтіреді. Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі
құтылады.
Үйшік
/ Теремок (орыс халық
ертегісі)
Бұл орманда болған оқиға еді. Ашық алаңқайда
кіп-кішкентай ескі үйшік тұрған. Бірде оны қасынан жүгіріп өтіп
бара жатқан тышқан көреді. Тышқан тоқтап: – Сүп-сүйкімді,
кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды. Ешкім жауап
қайтармайды.Тышқан бос үйшікке кіріп, осында тұрып жатады. Біраз
уақыттан кейін үйшіктің маңына секіріп бақа келеді. – Сүп-сүйкімді,
кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – Мен тықырлауық тышқанмын! Ал
сен кімсің? – Мен бақылдауық бақамын. – Кел, бірге тұрайық. Бақа
«бақ-бақ!» деп бақылдап, үйшікке секіріп кіреді. Тышқан екеуі тіл
табысып, бірге тұрады. Енді үйшік қасына ытқып-ытқып қоян жетеді. –
Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды. –
Мен тықырлауық тышқанмын! – Мен бақылдауық бақамын. Ал сен кімсің?
– Мен қорқақ қоянмын! – Кел, бірге тұрайық. Қоян да үйшікке кіреді.
Осылай үшеуі бірге өмір сүре бастайды. Алыстан бұл үйшікті түлкі
көреді. Ақырын басып жақын келіп, терезесін қағады да: –

Мен тықырлауық тышқанмын! – Мен бақылдауық бақамын. – Мен қорқақ
қоянмын! Ал сен кімсің? – Мен қу түлкімін! – Кел, бірге тұрайық.
Үйшіктен түлкіге де орын табылды. Достар енді төртеу болды. Үйшікке
тілі салақтап, айналасына алақ-жұлақ қарап қасқыр жетеді. Ол есікті
қағып, қырылдаған дауысымен: – Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл
үйшікте кім бар? – деп сұрайды. – Мен тықырлауық тышқанмын! – Мен
бақылдауық бақамын. – Мен қорқақ қоянмын! – Мен қу түлкімін! Ал сен
кімсің? – Мен сұр қасқырмын! – Кел, бірге тұрайық. Қасқыр
қысыла-қымтырыла ішке кіреді. Әйтсе де кіп-кішкентай үйшікке бесеуі
де сыйып кетеді. Барлығы қосылып, ән айтады. Тату-тәтті өмір
сүреді. Бір күні жидек теріп жүрген аю үйшік тұрғындарының салған
әнін естиді. Ол үйшікке жақын келіп, бар дауысымен: – Сүп-сүйкімді,
кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп ақырады. – Мен тықырлауық
тышқанмын! – Мен бақылдауық бақамын. – Мен қорқақ қоянмын! – Мен қу
түлкімін! – Ал мен болсам, сұр қасқырмын! Ал сен кімсің? – Мен
қорбаңбай аюмын! – Кел, бірге тұрайық. Аю ары-бері тырбыңдап
үйшікке кірмекші болады. Бірақ оның басы енгенімен, денесі
сыймайды. Амалы таусылған аю: – Ендеше мен үйшіктің шатырына шығып
тұрайын, – дейді. – Жоқ, сен дәусің! Сені кішкентай үйшігіміз
көтере алмайды. Қиратасың ғой, – деп шырылдайды іштегілер. –
Қорықпаңдар, түк те болмайды, – деп аю олардың сөздеріне құлақ
аспайды. Кіп-кішкентай үйшіктің тұрғындары амалсыздан келіседі. Аю
қорбаңдап үйшіктің төбесіне шығады. Сол-ақ екен, ескі үйшік
сықырлап, шашылып қалады. Тықырлауық тышқан, бақылдауық бақа,
қорқақ қоян, қу түлкі, сұр қасқыр – барлығы аман-есен үйшіктен
шығып үлгереді. Аюға олар ренжімейді. Қайта барлығы бірігіп,
бөренелерді тасып, тақтайларды сүргілеп, жаңа үйшік тұрғызуға
кірісіп кетеді. Осылайша, достар өздеріне әп-әдемі, жап-жаңа үйшік
соғып алыпты.
Тапқыр
қоян
Аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты.
Бір қазан суды қайнаттырып қойып: — Осы суды кім ішіп қойса, көп
сыйлық беремін, – деген шарт қойыпты. Аңдар бірінен соң бірі келіп,
қанша өжеттенсе де қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең
соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады
да: — Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін, – деп жан-жағына қарайды. —
Ендеше, іше ғой, – дейді аңдар аңтарылып. Қоян ұзыннан-ұзақ
қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп: — Мінеки, достарым,
мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер! – деп, бас-басына көрсетіп
шығады. Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шыққанша,
қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бір-ақ
көтеріп, сіміріп салады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін
жұмысады. Ал алданған арыстан патша қоянға көп-көп сыйлықтар
бергізіп: — Міне, нағыз ер! – деп
мақтапты.
Алтын балық / Золотая рыбка
Баяғы заманда Бағдат шаһарында жоқшылықпен
күні өткен бір кемпір мен шал тұрады екен. Олардың ортасында сегіз
жасар жалғыз ұл баласы болыпты. Кемпір үй ішімен айналысады да шал
ау тартып, азын-аулақ іліккен балықты талшық қып, тағам етіп,
күнелтеді екен. Бір күні баласы: — Әке, мен де ау салуды үйренейін,
бүгін мені жібер, – деп өтінеді. Шал мен кемпір жалғызы әлдеқалай
суға түсіп кете ме деген қауіппен рұқсат етпесе де бала
жылап-еңіреп қоймағансын, «барсаң бар» дейді. Бала қуанып кетеді.
Кешкісін құрған ауына ертесімен барып қараса, бір алтын балық
оралып тұрады. Бала қуанғанынан не істерін білмейді. Үйге жеткенше
жүгіреді. Баласының алтын балық әкелгенін көргенде, қуанған кемпір
мен шал тұра жүгірісіп, біріне-бірі соғылысып, құлап та қалады. Шал
балықты алып, шаһардың патшасына жүгіреді. Патша сарайының
күзетшілері оны сарайға кіргізбей әуре жасайды. Ақырында «патшаға
тарту етіп алтын балық әкелді» дегенді естіп, кіруге патша өзі
рұқсат береді. Балықты көрген патша шалға: — Сен өміріңде алтын
балық ұстап көрген жоқ едің, мынаны кім ұстады? – деп сұрайды. Шал:
— Кішкентай ұлым ұстады, – деп жауап береді. — Онда сол баланы
жібер маған, – деп, шалды үйіне қайтарады. Бала келгенсін патша
оған көп алтын береді, бала үйіне қуанып қайтады. Оны естіген патша
санаттары күншілдік етеді. Олар патшаны былай деп азғырады: — Бұл
алтын балық жалғыз болмау керек. Оның жұбайын таптырып алыңыз
балаға,– дейді. Патша санаттарының айтқан ұсынысын қабыл алады.
Баланы шақырып алып: — Бұл балықтың жұбайын тауып әкел, – деп
бұйырады. Сау басына сақина тілеп алған бала үйіне жылап келеді.
Патшаның бұйрығын айтады, әке-шешесі де қатты налиды. Содан бала
тағы да ау құрады. Ауына барса, тағы да алтын балық ілігіп жатыр
екен. Балықты алып, тағы да патшаға апарып тартады. Патша қатты
разы болғандықтан, көп алтын қазына береді және кемпір-шалға жақсы
сарай салдырып береді. Бұрын өлмесінің күнін кешкен шалдың үйі
қазір кең бөлмелері бар, дүние-мүлкі мол, жақсы, сәулетті үйлердің
қатарына кіреді. Мұны көрген патша санаттары өшпенділікті
бұрынғыдан да күшейтеді. Олар енді баланы алысқа, «барса келместің»
жолына жіберудің айласын қарастырады. Олар патшаға келіп былай
дейді: — Мәртебелі тақсыр, бұл бір тамаша іс болды. Тек бір
келіспейтін жері алтын балық жай суда өмір сүре алмайды, оның
дүниеде өзіне лайықты алтын суы да болуға тиісті, енді соны
алдырыңыз, – дейді. Аңқау патша оған да иланады. Баланы шақыртып
алып, алтын су тауып әкелуге жұмсайды. — Орындамасаң, дарға асып
өлтіремін, – дейді патша. Бала үйіне қатты қамығып келеді. Әкесі:
«Тағы не әмір етті патша?» – деп сұрайды. Бала: «Алтын су тауып
алып кел деді», – деп жылайды. Кемпір-шал мұны естігенде, естерінен
айырылады. Бір күні бала әке-шешесімен бақыл айтысып, алтын су
іздеп, алыс сапарға шығады. Ол неше орман, өзендерден өтіп, биік
асулардан асып, елсіз-сусыз шөл далалармен, беталды құла түзбен
жүре береді. Бір жерлерге келгенде, қой баққан шалға кез болады.
Қарияға сәлем беріп қолын алады. Шал баладан жөн сұрайды. Бала
өзінің бағдаттық екенін, патшасының әмірі бойынша алтын су іздеп
жүрген жан екенін айтады. Қойшы шал ұзақ ойланып, сөйлепті: — Тегі
ондай су бары бар, бірақ оған жетіп алып, қайту оңай іс емес, –
дейді ол. Осы арадан қырық күншілік жол жүріп, үлкен дарияға кез
боларсың, одан кемеге мініп өтесің. Дарияның ол шеті мен бұл шеті
өте қашық. Кеме жыл тәулігінде бір оралады. Кеме бергі жағада
болса, тез өтесің, арғы жағада болса, бір жыл күтуіңе тура келеді
және, – дейді қария сөзін жалғап, – содан әрі тағы жүре бересің.
Алдыңнан тас қорған көрінер, ол көрінгеннен кейін де он тәулік жол
жүресің. Оның биіктігі қырық кез дейді айтушылар. Оны қыз патшасы
билеп тұрады. Оның халқы да әйелден болса керек. Тұрғындары адам
перісі дейді. Міне, осы шаһардың ішінде алтын сулы көл бар дегенді
естігенім бар, шырағым, – дейді шал. Бала одан әрі де ұзақ жүріп,
қария айтқан дарияға келсе, керуен тиелген кеме жағадан жаңа ғана
қозғалып барады екен. Жартастан кемеге секіріп берді бала. Сәті
болғанда, кеменің дәл үстіне түседі. Теңізден өтіп шығып, неше
тәулік жол жүргеннен кейін қыз патшасының тас қорғанына да жетеді,
бірақ қорғанның биіктігі сондай, оның басына шығу былай тұрсын,
тіпті, төбесіне қараудың өзі қауіпті болады балаға. Бала қатты
қамығып, зарлап жылайды, дегенмен қарап жата алмайды. Қорғанның
сыртын айналып жүре береді. Ақырында бір қорғанға жанай шыққан
зәулім терекке кезігеді. Бала соның бойымен өрмелеп қорғанның
басына шығады. Қорған іші, бүкіл қала тамаша бір нұрлы сәулеге
бөленіп, көз тұндырып тұр екен. «Бұл алтын судың сәулесі болар», –
деп ойлады бала. Мұны көрген бала дәті шыдап, аялдай алмай,
қорғаннан ішке қарай секіреді. Содан кейінгіні өзі де сезбейді. Бір
уақытта көзін ашса, бір үйдің ішінде жатыр екен. Үй ішіне көз салып
қараса, тамаша көрікті үй екен, ешбір жан сезілмейді. Бір уақытта
есіктен бойжеткен қыз кіреді. Қыздан бала сұрай бастайды. — Мен
қайда жатырмын? — Сені қорғанның ішінде мүшкіл халде жатқан
жеріңнен осы үйге алып келдім, бүгін үшінші күн, сен маған өз
жайыңды баян етші! – дейді қыз. — Мен Бағдаттан келемін, алтын су
іздеп жүрмін, – дейді бала. — Сенің іздеген суың осында бар. Бірақ,
бұл жер сен үшін өте қауіпті, – дейді қыз. Мұнда, – дейді ол, –
адам перісінің уалаяты тұрады. Патшамыз Қорлығайым деген қыз. Оның
халқы да бір өңкей әйелдер, еркек адам атымен болмайды. Егерде ер
адам мұнда кезіксе, өлтіреді, мен саған шынымды айтсам, өзім бұл
араның адамы емеспін. Тегі, сол өзіңнің айтқан «Бағдат» шаһарынан
болуым керек. Олай дейтінім, – дейді қыз, – патшамыздың маған «әй,
Бағдат қызы» деп шақырғаны әлі есімде қалыпты. Мені осында жас
кезімде көтеріп алып келсе керек. Сондықтан, – дейді қыз, – осы мен
тұрған үйде көрінбей тұра бер. Білсе, сені де, мені де жоқ қылады.
Сонымен бала көрінбестен, қызбен бірге, бірі апа, бірі іні есебінде
тұра береді. Әлгі «Бағдат қызы» патшаның аспазшысы екен, ол күн
сайын түрлі жемістерден басқа да әртүрлі тәтті өсімдіктерден тамақ
жасап беріп тұрады екен, алайда тағамға тұз салу дегенді білмейді
екен. Бір күні бала қалтасының түбінде жүрген бір кесек тұзды
қазанға тастап жібереді. Сол күні асын ішкеннен кейін, Қорлығайым
аспазшы қызды шақырып алып: “Бүгінгі асты кім пісірді?”, – дейді.
Аспазшы қыз бүгінгі тамағының аса дәмді екендігін өзі де сезген
болатын, сондықтан ол былай деп жауап береді: — Тақсыр патшам, мен
сізге нағыз шынымды айтайын. Бұдан он бес жыл бұрын еш адамға
қатыссыз жүкті болып, бір қыз тудым, сол қызым қазір он бес жасқа
жетті, бүгінгі асты пісірген сол, – дейді. Патша өзінің санаттарын
жиып алып: — Қазір шаһардың халқын түгел алтын көлдің жағасына
сапқа тұрғызыңдар, – деп бұйырады. Әлгі аспазшы қыз да баланы
қыздарша киіндіріп, жиынға алып барады. Халық жиналып болған соң,
дереу шешініп суға түсуге тәртіп беріледі. Сол уақытта баланың ер
екені анықталады да бір санатына патша баланың басын кесуге
бұйырады. Баланың басын алмақшы болған патша санаты баланың көрікті
жүзінен есі ауып құлайды. Екінші санаты да оның аяғын құшады. Бұған
ашу шақырған патша балаға қылышын алып, өзі ұмтылады. О да есі ауып
құлайды. Есін жиып, Қорлығайым патша халқын таратады да баланы өз
сарайына енгізуге бұйырады. Сарайға келгенсін қыз патша балаға
айтады: — Менің саған ықыласым түсті, сондықтан өлтірмедім. Ықтияр
болсаң, саған тиемін және тағымды беремін, – дейді Қорлығайым. —
Қарсылығым жоқ, – дейді бала, – бірақ сізге қояр бір тілегім бар,
қабыл алсаңыз. — Айт! – дейді қыз патша. — Мен елімнен шыққанда,
патшамыздың әмірі бойынша, алтын су іздеп шығып едім. Сол іздегенім
сіздің шаһардан табылды. Соны патшамызға табыс етсем деймін.
Тілегім осы, – дейді бала. Патша баланың тілегін қабыл алып, Шолақ
пері деген бас санатына бұйрық береді: «Керекті мөлшерде алтын суды
алып және мына баланы қанатыңа отырғызып, Бағдат патшасына жеткіз»,
– дейді. Бағдат патшасының сарайына алып келіп түсіреді де Шолақ
пері былай дейді: «Патшаңызға кіріңіз де алтын балық жүзетін
хауызды көрсетіңіз және, – дейді ол, – мен өзіңе керек болған
кезде, мынаны тұтата қоярсың», – деп, шашынан екі тал жұлып береді.
Бала патшасына кіріп, бұйрығын орындап келгенін айтып: — Хауызды
қараңыз, – дейді. Қараса, хауыз алтын сумен лық толып тұрады. Оны
көрген патша хисабы жоқ сыйлықтар береді. Бала үйіне барғанда,
әке-шешесі баласын танымай қалады. Қасірет пен қапалық шеккен
сорлылар айтумен әрең таниды. Олар баласының аман келгендігіне
үлкен той жасап жатқанда, патшаның жауыз санаттары баланы қалайда
жоюға әрекеттеніп жатады. Олар тағы да патшаға келіп былай дейді: —
Зор мәртебелі, патша ағзам! Дәрежеңіздің бұдан да жоғары болғанын
шын ниетпен тілейміз. Сіздің алтын балығыңыз да бар, ол еркін
жүзетін алтын суыңыз да болды. Әрине, тақсыр, бұған өзіңіздің
данышпандығыңыз арқылы жетіп отырсыз. Екінші жағынан, біздің
көмегіміз болғанын біліп отырсыз. Біздің сізге тағы бір берер
кеңесіміз бар. — Айтыңыздар, бағалы ұсыныстарыңды тыңдауға әрдайым
әзірмін, – дейді патша. — Ол мынандай, дүниеде екі алтын құс бар
дегенді естиміз. Енді соны алдырсаңыз, мәртебеңіз бұрынғыдан да
артар еді, – деп азғырады олар. Ақылсыз патша оған да иланады.
Баланы шақырып алып, екі алтын құсты тауып әкелуге бұйырады. Бұл
жолы да бала үйіне қамығып келеді. Алайда, ол Қорлығайымға барып
ақылдаспақшы болады. Шолақ перінің екі тал шашын тұтатады. Сол-ақ
екен, Шолақ пері жетіп келіп, баланы алып, қыз патшаға көзді
ашып-жұмғанша жетіп барады. Бала қыз патшаға өз патшасының
тапсырмасын, екі алтын құсты, іздейтінін айтады. Қорлығайым оны да
өзі табатынын ескертеді. Шолақ періні өзінің басқа елде патша болып
тұрған ағасына жұмсап былай дейді: — Қорлығайым қарындасың ерге
шығатын болды, соның тойына шақырады және екі алтын құсын шашуға
алып келсін деп айтты де, – дейді. Қарындасының тойына екі алтын
құсын алып, ағасы да келеді. Сөйтіп Қорлығайымның отыз күн ойыны,
кырық күн тойы өткенсін, екі алтын құсты алып, бала Шолақ перінің
қанатына мініп, еліне келеді. Патшаға екі алтын құсты тарту қылып
тартқасын, патша разы болып, патшалық тағына отыруға балаға өз
орнын береді. Сөйтіп, кемпір-шалдың баласы екі елді өзі билеп,
Қорлығайымды әйелдікке алып, барша мұратына жетіпті. Қорлығайымға
аспазшы болған бағдаттық қыз сол баланың туған апасы, кемпір-шалдың
тұңғыш қызы екен. Оны бес жасында белгісіз нәрсе көтеріп алып
кеткен екен. О да әке-шешесін көріп, қуанышқа
кенеледі.
Бала
патша
Бұрынғы заманда бір шәрінің жас балалары
жиналып ойын ойнайды екен. Балалардың ішінде Алдияр деген бала
патша болып, енді біреулері уәзір, бек, жендет болып ойнайды. Енді
біреулері қазы, сұрақшы болады, кейбіреулері тас жинап, патшаға
сарай жасап, оны Алди- яр патшаның шәрісі деп атапты. Барлық
балалар Алдияр патшаның өмір-пәрменіне риза болып, бас иіп тұрады
екен. Сөйтіп, балалар күн сайын Алдияр патшаның шәрісі өздерінің
ойнайтын жеріне жиналады, патшаның берген өмірін орындап, ұйлеріне
кеш қайтып жүреді. Бір күні балалар топырлап өздерінің шәрісінде
жүргенінде сол шәрінің әділ патшасы Мұхтар балалардың ойнап жүрген
жеріне кезігіп қалады. Олардың патшалық үкім сұрақтарына таңданып
қарап тұрады да бір баладан: - Балам, бұларың қандай ойын? - деп
сұрайды. Сонда патшаның жауап сұраған баласы айтады: - Мынау біздің
Алдияр патшаның шәрісі, ал енді анау тақта отырған біздің патшамыз
Алдияр. Біз бәріміз де патшаның бұйрығы бойынша істейміз,- депті.
Сонда хан бұлардың істеп жүрген істеріне және салған шәрілеріне
ішінен қатты риза болып: - Патшаларыңа айтыңдар, осы шәрісін маған
сатсын, бір ділда берейін,- депті. Мұхтар патшаның жауабын әлгі
бала өзінің патшассына келіп айтса, Алдияр патша: - Бұл шәрі
сатылсын, басқа жерден шәрі жасап аламыз, - деп бұйрық беріпті. Бір
ділданы алып, өздерінің қазынасына тапсырып, Мұхтар пат- шаға: Мына
шәрі қазірден бастап сіздікі, - депті. Мұхтар патша: - Бұл шәрі
менікі болды, сендер енді басқа жерге орналасыңдар, - деп, өз
бетімен кетіп қалыпты. Балалар ертесіне ол жерден кетіп, басқа
жерге барып, бұрынғысынан да артығырақ етіп шәрі, сарай салып,
ойнап жүре беріпті. Мұхтар патша бір күні ұйықтап жатып, түс
көріпті, түсінде гүл иісті бақта өніп тұрған бақша мен алтын,
гауһармен безенген алтын сарайларды, бейішті, хор қыздарын көріпті.
Мұхтар патша сол сарайларды аралап жүргенде, бір ақ шалмалы адам
кезігіп: - Е, Мұхтар патша, бұл өзіңнің бала патша Алдиярдан сатып
алған сарайларың, арала! - депті. Мұхтар патша ояна кетсе, түсі
екен. Патша бұл көргенн түсіне сүйсініп, кедейлерге садақа беріп
және сейілге шығып, әдейі бала патша Алдиярдың жаңа шәрі салған
жеріне келіпті. Алдияр патшамен сөйлесіп: - Мына сарайларды
сатыңдар, жүз ділда берейін, - депті де балалардың сарайларына жүз
ділда беріп, мынау менікі деп кетіп қалыпты. Балалар өз сарайларын
жүз ділдаға сатып, енді басқа бір жерге барып сарай, шәрі салыпты.
Сонда орналасып бұрынғыларындай жүріп-тұрыпты. Мұхтар патша бір
түні және бір түс көріпті. Түсінде бұрынғы көрген сарайынан бірнеше
есе артық сәулетті сарай, бақтарды аралап жүріпті. Баяғы ақ
сәілделі адам кезігіп: - Патша бұл аралап жүргенің Алдияр патшадан
екінші рет сатып алған шәрі, сарайларыңыз, әбден аралаңыз, - депті.
Мұхтар патша оянған соң, бұл түсіне тағы куанып, мүсәпірлерге
садақа беріпті. Сейілге, аңға шығып, қайтарында Алдияр патшаға
келіпті. Бұлардың бұл шәрі, сарайларын бір мың ділда беріп сатыпп
алып: - Мына сарай, шәрілер тағы да менікі болды, - деп, кетіп
қалыпты. Алдияр патша төртінші жерге көшіп барып, орналасып алыпты.
Күндерде бір күн Мұхтар патшаның алдына екі адам дауласып келеді.
Сондағы даулары: екеуінің де жетелеген екі биесі бар, екеуінің
арасында бір кұлыны бар, биенің екеуі де кара түсті. Бірақ екеуінің
арасындағы бір кұлынның түсі ала. Ала кұлын екі биені де емеді, екі
бие де бір құлынға йиді. Дауласып келген екі адамның екеуі де,
«менің биемнен туған, менің құлыным» дейді. Патша сұрап қараса, екі
бие де өткен түні туған, құлын туғанда биелерінің туғанын екеуі де
көрмеген, күндіз екі бие бір құлынды тең емізіп жүргенін бір-ақ
көрген. Дау осыдан басталыпты. Әділ патша құлынды екеуінің
қайсысына бұйырып берерін біле алмай қайран болып отырғанда, бір
жас бала: - Ой, қүдай-ай, осынша адам бір құлынның қай биеден
туғанын айырып бере алмай отырғанын қарашы! Егерде Алдияр патша
болса, бұл істі бағана-ақ шешіп берер еді! - депті. Сонда патшамен
бірге отырған уәзірлер: - Ой, ененді... былжыраған неме, елдің басы
қатып отырғанда оттамай отыр әрі! - деп ұрсып тастапты. -
Ұрыссаңыз, ұрыса беріңіз, бірақ та біздің Алдияр патша болса, бұл
ел бүйтіп бөгеліп отырмас еді, - деген сөзін бала қайта айтыпты.
Бұл сөзді естіген Мұхтар патша: - Ей бала, осы істі сендердің
патшаларың шеше ала ма? - деп сұрапты. Сонда бала: - Тақсыр, біздің
Алдияр патшамыз болса, бұл істі бағана-ақ бітіріп тастар еді, -
депті. Сонда хан бір адам жіберіп, жеті жастағы бала патша Алдиярды
шақыртып алып, болган істі түсіндіріп: - Балам, бұл туралы сен не
дер едің? - депті. Сонда балалар патшасы: «Бұл көп ойланарлық іс
емес қой» депті де, бір шыны су алғызыпты. Құлынды ұстап тұрып,
құлағының ұшынан кесіп, шыныдағы суға үш тамшы қанды тамызыпты. Бір
биенің кұлағынан үш тамшы қан алып, шыныдағы суға оны да тамызып
көріп: «Мына құлын мына биеден тумаған екен», - депті. Содан соң
тағы да бір шыны су алдырып, оған кұлынның құлағынан үш тамшы қан,
ана бір биенің құлағынан үш тамшы қан тамызып көріп: «Мына құлынды
тапқан осы бие екен», - депті. Жиналған халық: - Балам-ау, мұны
қайтып ажыраттың? - деп сұрайды. Бала тұрып: - Өз енесінің қаны су
ішінде өз құлынының қанымен бірігіп, қосылып кетеді, ал өзі
таппаған басқа құлынның қанымен қосылмай, екі бөлек жұреді, -
депті. Осыдан кейін көпшілік болып екі шыны суға қараса, Алдиярдың
айтқанындай болып шығыпты. Құлынды өз иесі алып қайтыпты. Сонымен
енді бір күндерде Мұхтар патшаның алдына тағы да екі адам дауласып
келеді. Сондағы даулы істері: бес жасар атан түйеге екі адам
таласып келген екен. Екеуі де: Өз қолымнан боталатқам, пәлендей
інгенімнен туған, аузын үріп, аяғын сыпырған түйем еді», - дейді.
Мұхтар патша әрлі-берлі сұрап көріп еді, «өз түйемнен туғанына
жанымды берем», - деп, екеуі де бой бермепті. Сөйтіп, дауды қазы да
ажырата алмай дауласушылар патшаның алдына қайта келіпті. Патша
даулы түйені қайсысына бұйырып беруді білмей таң-тамаша болып
отырғанда, тағы да бір жас бала тұрып: - Мұны біздің Алдияр
патшамыздан басқа кім ажыратады дейсіңдер? - депті. Сонда патша: -
Балам, сен Алдияр патшаңды шақырып келші, сендерддің патшаларыңды
да көрелік! - депті. Сонда әлгі жас бала жүгіріп барып, өзінің
Алдияр патшасын ертіп келіпті. Алдияр екі жағын беттестіріп көріп:
«Бұл атанның тапқан енесі бар ма» деп сұрағанда, екеуі де: - Енесі
бар, бар, - депті. Алдияр: «Екеуіңіз де енесін алып келіңіздер»,-
деп бұйырыпты. Жиналған ел: «Бұл бала қайтер екен», - , деп қарап
отырғанда, екеуі екі інгенді жетелеп келіпті. Алдияр екі түйені
арқан бойы жерге ұстап тұрып, бесті атанды жықтырып, төрт аяғын
мықтап байлатып алып, атанның санын қыл шылбырмен бұрапты. Шылбыр
атанның санын қиып, атан 1 түйе ышқынып бақырғанда, анадай жерде
ұстап тұрған екі інгенді қоя беріңдер деп бұйырыпты. Сонда екі
түйенің бір атанның бота күніндегі даусын танып боздап келіп
атанның үстіне түсе қалыпты. Сонда Алдияр: «Атан мына түйеден туған
екен», - депті. Отырған ел бала патішаның қазылығына қайран
қалыпты. Тағы бір күндерде Мұхтар патшаның алдына он-он бір жастағы
екі қара баланы ертіп бір адам келіпті: - Тақсыр, мына баланың бірі
менің өз балам, бірі менікі емес. Бүгін таңертең қарасам балам
жататын төсекте екі бала жатыр. Қарасам түрлері, киімдері,
мінез-құлқы, сөздері - бәрі бірдей. Менің өз балам қайсың десем,
екеуі де: - Әке, сіздің балаңыз менмін, - дейді. Сонымен өз
баламның қайсысы екенін біле алмай, сіздің алдыңызға келіп тұрмын,
- депті. Патша екі баланы оңаша алып, өткен уақытағы істерін сұрап
көрсе, екеуінің сөзі де бр жерден шығыпты. Патша әрі-бері
сұрастырып, ешқандай сезік таба алмапты. Ақыры «бала патша бұған не
дер екен» депті. Алдияр сонда: - Бұл іс бас қатырарлық іс емес қой,
- депті. Бір бос: шишаны алғызыпты да, оны өзі ұстап тұрып, екі
балаға: - Балалар, сендердің қайсың мына кісіден туған болсаңдар,
соның осы мен ұстап тұрған шишаға кіріп кетесіңдер, - депті. Екі
қара баланың бірі секіріп келіп, шишаның ішіне кіріп кеткенде, бала
патша шишаның аузын бас бармағыммен баса қойыпты да әлгі кісіге: -
Әне, қасыңызда тұрған сіздің балаңыз, мына шишадағы сізді алдап
жүрген шайтан екен, - депті. Сонымен жиналған халық бұған да қайран
қалыпты. Сонда Мұхтар патша халықты жинап алып: - 0, халайық! Мына
жеті жасар Алдиярдың ақылы менен әлдеқайда артық екен, соның үшін
бүгіннен бастап, бар патшалығымды осы балаға өткіземін. Бұдан былай
сіздердің патшаларыңыз мына жеті жасар Алдияр, - депті. Сонымен
Алдияр бала жеті жасында таққа отырып, әділ патша
атаныпты.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
"Ертегілер әлемі"

шағым қалдыра аласыз