Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
1 жыл бойы тегін жүктеу мүмкіндігіне ие болыңыз!
жеңілдік
Эссе Арыс жағасында әнінің шығу тарихы
«Бәрінен де сен сұлу» әнінің шығу тарихы
Шәмшінің дәуірлеп тұрған кезінде «Мен мықтымын» деген талай ақын оның әндеріне өлең жазғандары белгілі. Бірақ, Шәмші отыз жетінші жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен аяулы Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне ән жазады екенмін деп ойлаған емес. Себебі, Мағжанның өлеңіне ән жазбақ түгілі оның атын ауызға алудың өзі ол тұста өзін-өзі орға жығумен бірдей болатын. Сөйте тұра, тағдыр оған Мағжан ағасының бір ауыз өлеңіне ән жазуды бұйыртты. Ол былай болды.
Шәмші ән жаза бастаған елуінші жылдардың ортасында оны қазақ радиосының музыка редакциясы батыл қолдады, әндерін жиі қабылдап, эфирге шығарып тұрды. Олар мұны Шәмшіні ардақтағаннан емес, әндерінің әдемілігіне және жатық мінезіне бола жасайтын.
Сол музыка редакциясында Мақсұт Майшекин деген қартаң редактор болды. Сол кісі бір күні:
- Мен бір текст берейін. Соған ән жазып көресің бе? – деді. Күні түсіп тұрған адамға «жоқ» деп айтарлықтай қауқар қайдан болсын. Шәмші жатқа жазып береді. Оның бұл шапшаңдығына сол күдіктенген Шәмші өлеңді сезіктене оқи бастаса, о ғажап өлеңде еш мін жоқ. Бір сұлуға шын ғашық болған жігіт: «Аспандағы ай да сұлу, жарқырап атқан таң да сұлу, бұрқырап атқан бұлақ та сұлу, мүлгіп тұрған орман да сұлу,» бәрі, бәрі сұлу. Бірақ, бір мен үшін бәрінен де сен сұлу!» - деп сырын, шынын айтады.
Майшекиннен мұндай өлеңді күтпеген Шәмші оған таңдана қараған еді. Анау оған шамданып:
-Немене, өлеңді маған қимай тұрсың ба? – дейді.
Ұтқыр сөз айтуға табиғатынан тапқыр Шәмші аяқ астынан қалжыңдап:
-Жоқ, керісінше, сізді өлеңге қимай тұрмын, - дейді де, екеуі мәз болысып күлісіп алады.
«Бәрінен де сен сұлу» әні осылайша жазылып, ел арасына жылдам тарап кетті. Әннің жұртқа ұнағанына таудай болған Шәмші бір күні консерваторияда жүрсе, қасынан өтіп бара жатқан Ахмет Жұбанов тоқтай қалады. Қазақ музыкасының ең білгірі болып саналатын Ақаңның назарына іліну қиын іс екенін білетін Шәмші ұрлық істеп қойған адамша қыпың ете қалды. Ол қылпыңдатқан да жүрегінің бір кереметті сезгендігі екен.
-«Сен сұлудың» текстін кім жазды? – деді Ақаң.
-Майшекин
-Өтірік! Оның авторы басқа адам. Ол ұрлық өлең, - деді де Ақаң бұрыла барып тоқтайды. – Әйтсе де, әнің тәуір екен. Ақаң жүріп кетті. Шәмші сілейіп тұрып қалды. Текст ұрлық болса, оған ән жазған өзін де ұры деп санаған ол, енді талтаңдау жайына қалып, кәдімгідей қалтаңдай бастады. Біреу-міреулер жолыға қалып, өлеңнің ұрлық екенін айтып, ұялта ма деп сескеніп жүрді. Ол осылайша күйзеліп біраз жүрді де, ақыры шыдамай, Майшекинге телефон соқты.
-Ағай, шыныңызды айтыңызшы, біздің өлеңнің авторы кім? – деді ол.
- Әй, бала, мұндай нәрсені телефонмен сөйлеспейді. Кешке үйге кел, сонсын әңгімелесеміз, - деді де Майшекин трубканы іліп қойды.
Кешке таман Майшекин онымен бықы-тықы деп тәжікелескен жоқ. Есік-терезесін әбден мықтап жауып алды да төбелесетін адамдай Шәмшіге төніп:
-Өлеңнің шын авторы Мағжан Жұмабаев. Есіттің бе ондай кісіні? – деді.
Бұл алпысыншы жылдардағы оқиға «Мағжан атылған жылы жеті жастағы Шәмші оны қайдан білсін?
-Жоқ, жоқ, жоқ, - деді ол.
-Отыз жетінші жылы халық жауы болып ұсталып кеткен. Бірақ шын ақын. Біздер ол кісінің өлеңдерін оқып өстік. Сондай адамды атып жіберулері – бүкіл халықтың асыл қазынасына оқ атқандай болды, - деді Майшекин күрсіне сөйлеп. Бірақ Шәмшіде ес-түс жоқ, «халық жауы» деген бір сөз талайларды қалшылдатуын қоймаған дүбәра кез бұл. Мағжанды «халық жауы» дегеннен-ақ иманы ұшып, берекесі қашып, тіпті ән жазудан да безе бастап еді ол.
-Әй, бала,- деді Майшекин. –Мағжанның әр сөзі алтын секілді қымбат еді ғой. Сәбит Мұқановтың өзі: «Абай-ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны» деген болатын. Мейлі мені «ұры» дей берсін. Бірақ, сондай адамның бір өлеңін тірілітіп, кейінгі ұрпаққа тастап кеткенімді ұрлық емес, ерлік деймін!
«Бәрінен де сен сұлу» осылай туды. Өлеңінің жалған авторы Майшекин Мағжан Жұмабаев ақталатын күнге жете алмай кетті. Бірақ, Шәмші қалай еткенмен де қазақтың бір асыл ақынының қайта тірілуіне айтарлықтай үлес қосты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Оразбек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов хикаяттары»
Қазақстан жазушылар одағының «Шабыт» баспасы-Республикалық «Дәуір» журнал баспасы . Алматы, 1992 ж.
-
Мұхтар Шаханов «Шәмші табиғатының шыңы мен шатқалы»
Алматы 2010 ж.
-
Еркінбай Әкімқұлов «Шәмші Қалдаяқов - ән патшасы»
Өнер баспасы. Алматы 2012 ж.
Бәрінен де сен сұлу әні
Сөзін жазған: Мақсұт Майшекин
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Жаз күлкіндей жайнаған
Масатыдай жер сұлу.
Аққу, қаздар тойлаған
Айдын шалқар көл сұлу
Қайырмасы:
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу
Өзім сүйіп ұнатқан,
Бәрінен де сен сұлу
Нұрын төккен қырмызы
Аспандағы күн сұлу.
Жымың қаққан жұлдызы
Айлы кеште түн сұлу
Қайырмасы:
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу
Өзім сүйіп ұнатқан,
Бәрінен де сен сұлу
Тәрбиелі тамаша
Бал мінезді жер сұлу
Таңданарлық қараса,
Талай абзал бар сұлу
Қайырмасы:
Өзгеден де ең сұлу,
Өмірлік дос тең сұлу
Өзім сүйіп ұнатқан,
Бәрінен де сен сұлу
Арыс жағасында әнінің тууы
Шәмші өз әндерінің қалай туғанын әңгімелей жүріп, «Арыс жағасынданың» қалай жазылғанын айтқан емес. Мен одан осыны сұраған едім , ол сәл ойланып, сәл жымиып, былай деді:
Бір күні маған бір қара торы, дембелше жігіт жолықтыда «Мен Қалқожа Жолдықожаевпын» деді.
-Е, болсаң бол. Оны маған несін айтып тұрсың?
-Екеуміз де Арыстың бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда алдымда жолыққан ешкімнен де сескенбеймін. Осы өзеннің жағасында мен өзімнің ең сұлу нақ сүйерімді тауыппын. Шәмші деген атыңыз бар, қалайша осы өзеннің бойында бір сұлу жолықпады сізге?
-Неге олай дейсің? Ондай сұлу менің қиялымда осы Арыс бойында туды.
- Олай болса, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Айналайын ерке өзеннің аруларын неге ән етпедіңіз? Оларды әлде жақтырмайсыз ба?
-Әй, бала, сен қалай-қалай сөйлейсің? Мен кімді ән қылам, кімді онда сенің не шаруаң бар?
-Шаруам бар! Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз? Мен – Қалқожа, соны айтуға келдім, - деді де тайып тұрды.
-Өй, Әлгі ит не деп кетті? – деді қасымдағылар.
-Ол менің нағыз ауру жерімді түртіп кетті, - дедім мен.
Шәмшінің «Арыс жағасында» әнінің жазылуына әлгі жігіт себеп болыпты. Оның көз алдына небір ауруларды келтіріпті.
Бірақ күллі қазақ халқы зор сүйіспеншілікпен іліп әкеткен осы әнді радиоға өткізу Шәмшіге зор қиындыққа түсті. Радионың музыкалық кеңесінің мүшелері бұл әнді тыңдап болып: «Ой, бұл да вальс екен... тағы да ұқсастық бар... ән секілді емес» - деп қабылдамай қояды. Әннің табиғатын шын түсінген, оның зор болашағы барын бірден сезген әншілер Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов кеңеске өз сөдерін өткізе алмағанан кейін, екеуі шығып кетеді де, музыка жазатын студияға барып «Арыс жағасында» әнін жарты сағат ішінде дует етіп дайындап, шырқатып қоя береді. Бұл әсем әнді естіген радио қызметкерлері студияға түгел жиналып қалады. Нұрғали «бұл әнді басшылар қабылдамай отыр» деген екен, әлгілер көркемдік кеңес өтіп жатқан бөлмеге тұра жүгіріп, айқай шығып кете жаздайды.
Бұл ән радиоға осылайша зордың күшімен, Ескендір мен Нұрғалидың арқасында қабылданыпты.
Содан жиырма жыл өткеннен кейін әлгі жігіт Шәмшіге тағы да жолығыпты. Ол Бөген ауданының орталығы Темірланда тұрады екен. Ауыл үстінен олай-былай өтіп жүрген Шәмшіні оқыс кідіртіп:
-Мен Қалқожамын! – дейді ол.
-Болсаң бол...
-Бірақ, бүгінен бастап Сайлыбаймын. Сондықтан сізбен қайта танысуға тура келіп тұр.
Солай деді әлгі жігіт, көшенің ортасында тұрғанына да қарамастан, «Арыс жағасында» әнін барылдай шырқап қоя берді.
-Болды, болды... Сені енді ғана таныдым, - дейді Шәмші. – Ал енді себебін айтшы, неге Сайлыбай болдың?
-Өзім қожамын, желкемде қара қалым бар. Жұрт сосын бала кезімнен Қалқожа деп кеткен тұғын. Жақында аудандық газетке хабарландыру беріп, өзіме молдалар қойған Сайлыбай атымды қайта алдым. Содан бері сізбен қайта танысуды ойластырып жүр едім. Үйге жүріңіз. Жаңа атымды жуамыз.
-Шақырғаныңа рахмет. Бірақ, асығыспын, - дейді Шәмші. Сайлыбай оған көнсін бе? Шәмшіні сүйрегендей болып үйіне ертіп барады. Сол күнгі кеш Шәмшінің есінде мәңгілік қалды. Себебі «Арыс жағасында» Шәмші үшін сол күні қайта туып еді. Қайда екен кәзір, сол Сайлыбай? Шәмшінің қайтыс болғанын естіп, «Арыс жағасында» әнін айтып, көзіне жас алды ма екен?
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Оразбек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов хикаяттары»
Қазақстан жазушылар одағының «Шабыт» баспасы-Республикалық «Дәуір» журнал баспасы . Алматы, 1992 ж.
-
Мұхтар Шаханов «Шәмші табиғатының шыңы мен шатқалы»
Алматы 2010 ж.
-
Еркінбай Әкімқұлов «Шәмші Қалдаяқов - ән патшасы»
Өнер баспасы. Алматы 2012 ж.
-
Алмас Ақылбек жинақты құрастырып, баспаға дайындаған.
Нұрлы Әлем. Алматы 2002 ж.
Арыс жағасында әні
Сөзін жазған: Мұхтар Шаханов
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Өзіңмен Арыстың
Бойында таныстым
Жайнаған гүлдей, құрбым сен,
Жағада тұрдың сен.
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де
Қайдасың бұл күнде
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.
Алдыңнан бір бақыт,
Тұрғандай тіл қатып.
Толқынға қарап ойлана,
Әндеттің жай ғана
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де
Қайдасың бұл күнде
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.
Нұр шашып көзіңнен,
Бір нәзік сезіммен,
Жібектей шашың толқындап
Қалың ел қол бұлғап.
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де
Қайдасың бұл күнде
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.
Кете ме осылай,
Әніміз қосылмай
Аяулы таңым сен едің,
Көрсем деп келемін.
Қайырмасы:
Жаз еді күлкің де
Қайдасың бұл күнде
Сені іздеп, арманым,
Сыр бойын шарладым.

