Ғылыми жоба Тақырыбы:«Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері»

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ғылыми жоба Тақырыбы:«Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері»

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба Тақырыбы:«Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері»
Материалдың қысқаша нұсқасы

қ АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ


Ғылыми жоба

Тақырыбы: «Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері»













Бағыты: «Тарихи тұлғалар»

Секциясы: Қазақ әдебиеті

Орындаған:

Сынып:














МАЗМҰНЫ


АННОТАЦИЯ ................................................................................................

3

КІРІСПЕ ..........................................................................................................

4

НЕГІЗГІ БӨЛІМ ............................................................................................


5


I тарау. Бауыржан Момышұлының рухани мұрасы


5


II тарау. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі – XX ғасырдың басындағы қазақ рухaниятының қазынасы


7


ІІІ тарау. Повестегі ұлттық тәлім-тәрбие көздері..........................

9


ҚОРЫТЫНДЫ ..............................................................................................

16

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ .........................................

17





ТҮЙІН

Бұл ғылыми жобада Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері туралы тарихи деректер көрсетілген.

Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде нақты жұмыстың қысқаша мазмұны нақты көрсетілген.

Негізгі бөлім үш тараудан тұрады. Жұмыстың мақсаты Бауыржан Момышұлының «Ұшкан ұя» повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктері туралы тарихи деректермен танысу.


АННОТАЦИЯ

В данном научном проекте представлены исторические факты об особенностях национального познания в повести Бауыржана Момышулы «Ұшқан ұя".

Работа состоит из введения, основной части, заключения и списка использованной литературы. Во введении четко изложено краткое содержание конкретной работы.

Основная часть состоит из трех глав. Цель работы ознакомление с историческими данными об особенностях национального познания в повести Бауыржана Момышулы «Ұшқан ұя".


ABSTRACT

In this scientific project, historical facts about the peculiarities of national cognition are presented in Bauyrzhan Momyshuly's story "Ushkan uya".

The work consists of an introduction, a main part, a conclusion and a list of references. The introduction clearly outlines the summary of a particular work.

The main part consists of three chapters. The purpose of the work is to get acquainted with historical facts about the peculiarities of National Knowledge in Bauyrzhan Momyshuly's story "Ushkan Uy".


Кіріспе


Ғылыми жұмыстың көкейтестілігі: Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халқымыз, сәби дүниеге келген кезден бастап, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Дүниеге келген шаңырағынан басталған тәрбие баланың кейінгі өміріне де, болашағына да, алда қойған мақсатының орындалуына да,өмірлік ұстанымына да ерекше әсер етеді.Баланың адам болып қалыптасуына, тағдырына да ерекше әсер ететін ата-ананың, ұшқан ұяның тәрбиесі.



Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты: Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесіндегі ұлттық тәрбиенің, отбасылық құндылықтардың маңыздылығын ашу, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ұрпақ тәрбиесінде алатын орнын көрсету.



Міндеті: XX ғасырдың ең жарқын тұлғасы, белгілі жазушы, ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен өскен ортасының маңыздылығын анықтау мақсатында « Ұшқан ұя » повесіндегі ұлттық танымның ерекшеліктерін зерттеу.



Зерттеудің  ғылыми  болжамы: Ұлттық тәрбие негізінде баланың бойына жастайынан ұлтжандылық сезімді қалыптастырса, Жаңа Қазақстанның өркендеуіне өз үлесін қосатын болашақ ұлтжанды, еліміздің, отбасының құндылықтарын сақтайтын, құрметтейтін, қызмет көрсетуге дайын саналы да , білімді ұрпақтарының қалыптасуына мүмкіндік ашуды дәлелдейді.



Зерттеу әдістері: «Ұшқан ұя» повесін зерттеу барысында шығарманың мақсаты мен міндеттерін негізге ала отырып, жұмыстың зерттеу обьектісі етіп батыр өскен ортаны, тәрбиеге әсер еткен негізгі көздерге: салт-дәстүрлерге, ұлттық наным-сенімдерге,мақал-мәтелдерге көңіл бөлу.



Тақырыптың өзектілігі: Ұлы тұлғамыз,батыр атамыздың дара тұлғасын тану, оның өскен ортасы мен тәлім-тәрбие қайнар бұлағының көзін ашу және оның ұрпақ тәрбиесіне әсерін бағалау үшін «Ұшқан ұя» повесін жан-жақты зерттеу арқылы алға қойған мақсатқа жету болып табылады.



. НЕГІЗГІ БӨЛІМ.

І тарау. Бауыржан Момышұлының рухани мұрасы


Ұлттық құндылықтарды сыйламаған, ата дәстүрімен тәрбиеленбеген адам – жатбауыр болып өседі. Біздің халқымыз ұлттық тәрбиеге ерекше мән беріп, бала ана құрсағында жатқанда- ақ бастап, өмір бойы үздіксіз жүргізіп отырады. Халықтың даналығы, тәрбиесі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде адам өмірге келгеннен бастап, ол дүниеге аттанғанша жалғасатын үздіксіз процесс.


Қазақ отбасындағы ұлттық тәрбие ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәрбие, салт-дәстүрлер негізінде жүзеге асып отырады.Қазақ отбасындағы ұлттық тәрбие негізі – халықтық педагогикадан басталады.


Дана халқымыздың бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу себебі, баланы отбасының тірегі, болашақтың бастауы деп қараған. Жанұяда баланың көп болуын қалаған және бата-тілектерінде үнемі тілеп отырған. Осыған байланысты даналық сөздер мен мақал-мәтелдер қазіргі таңда да өз мәнін жойған жоқ, атап айтатын болсақ, «Бала- адамның бауыр еті», «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Балалы үй -базар, баласыз үй- қу мазар» т.б


Кез келген отбасын алатын болсақ, баланы ұлттық салт-дәстүр негізінде тәрбиелеген. Бала ана құрсағына біткенде құрсақ тойынан бастаған халқымыз , шілдехана, қырқынан шығару, бесік той, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, ашамайға отырғызу т.с.сияқты салт-дәстүрлерді жүйелі түрде жүргізген. Демек, дана халқымыз баланы тәрбиелеу-отбасындағы маңызды мәселе екенін үнемі ескеріп отырған.

Тәрбие бастауы-отбасы мен отбасындағы мүшелердің қарым-қатынасынан басталады. Жанұядағы ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы, сыйластығы, үлкендерді құрметтеуі, өзгелерге деген көзқарасы, өзін-өзі ұстауы-баланың тәрбиесіне тікелей әсер етеді. «Ұяда не көрсең,ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздің қаншалықты құнды екенін бала бойына сіңіріп өсірген бабаларымыздың ұстанымын осыдан түсінуге болады. Ата-ана бала үшін ең қымбат,бағасыз жандар. Ананың аялы алақаны, жылы жүрегі, ыстық құшағы арқылы балаға дүние есігі ашылады, қоғамға деген көзқарасы, дүниетанымы өмірді танудан бастау алады.


Жас  ұрпақтың  төл  мәдениетінен  нәр  алуы  ұлттық  фольклорымен  тығыз  байланысты.  Қазақ  халқының  өте  әрідегі  ата – бабаларының  өмір  сүрген  кезінен  (ҮІ  ғасыр,  Түрік  қағанаты)  бастау  алып,  күні  бүгінге  дейін  кәдесіне  жарап  келе  жатқан  рухани  мұраның  бірі – халықтық  педагогика. Халық  педагогикасының  басты  мәселелерінің  бірі – ұлттық  үрдістер  тұтастығын  сақтай  отырып  азаматтық,  адамгершілік,  патриотизмге  тәрбиелеу  болды. Қазақ  халқының  тәлімдік  мәні  зор  ой – толғаныстары  бесік  жырымен  бaтырлық  эпостарда,  ертегілер  мен  аңыздарда,  шешендік  сөздер  мен  айтыс –  термелерде,  жұмбақ  – жаңылтпаштар  мен  мақал – мәтелдерде  көптеп  кездеседі.  Мұндағы  ұрпақ  тәрбиесінің  негізгі  түйіні – адамгершілік – имандылық,  ақыл – ой,  еңбек,  эстетика,  дене,  патриоттық  тәрбиесіне  байланысты  мәселелерге  келіп  тіреледі. Қазақ  халқы  бала  тәрбиесімен  арнайы  айналысатын  қоғамдық  орындар  (балалар  бақшасы  т.б.)  ашпаса  да,  өз  ұрпағын  бесікте  жатқан  кезінен  бастап  – ақ  өлең – жыр  мен  әңгіме,  ертегі,  тақпақ  тәрізді  мәтіндік  ұлағаттармен  санамақ,  жаңылтпаш  сияқты  ойындар  арқылы  тәрбиелеп  отырған.

































ІІ тарау.

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі – XX ғасырдың басындағы қазақ рухaниятының қазынасы

Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы – тау тұлға. Ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі.


Батыр Бауыржан Момышұлы – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде.


Бауыржан Момышұлы – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы, көркем бейнесі іспетті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы жеке басы ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Баукең – әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.


Бауыржан Момышұлы – соғысты өз көзімен көрген жазушы. Ол – суреткер. Батыр Бауыржанның айтар ойы, жазар тақырыбы – соғыс шындығы. Ол өз шығармасының кейіпкері, өзінің образдарымен тұтасып кеткен тұлға.


Ұлттық тәрбиеге сусындап өскен, ар мен намысты биік ұстанған тұғырлы тұлға Бауыржан Момышұлының образы «Ұшқан ұя» повесінде терең танылады. Жазушының «Ұшқан ұя» повесі – ХХ ғасырдың басындағы әдебиетіміздің аса құнды, халқымыздың руханиятының асыл қазынасы. Ұлттық құндылықтар, халқымыздың салт-дәстүріміздің ұлттық келбеті шынайы суреттеледі.


1976 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Ұшқан ұя» повесінде ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең кезең, Кеңес өкіметінің қалыптасуының алғашқы жылдары қамтылған. Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» повесінде тіршілік, өмір туралы алғашқы мәліметтерді, әлем тарихы, жаратылыс шежіресі туралы, аңыз-әңгімелерді, жан-жануарлар әлемі туралы әжесінен білгенін үлкен сүйіспеншілікпен сипаттайды. Жамандықтан аулақ болып, жақсылыққа жақын болуды да әжесінен үйренгенін мақтанышпен еске алады. Өз бетімен сауат ашқан әкесі Момыш, көзі ашық, сабырлы да сауатты адам болған. Он саусағынан өнері тамған, сегіз қырлы ,бір сырлы азамат Момыш- ағаш ұстасы, етікші, зергер болған. Анасы Рәзиядан ерте айрылған ,небәрі 3 жаста ғана болған Бауыржан, әжесі Қызтумастың қолында тәрбиеленеді.

«Ұшқан ұя» жазушының шығармаларының ішіндегі ерекше сезіммен жазылған шығарма деп айтуға болады. Өйткені шығарманы оқи отырып, жазушының қанат қағып ұшқан ұясына деген сезімін, сағынышын байқауға болады. Осы көріністердің барлығы жас баланың санасында жатталып қалғандай. Бұл шығарманы оқыған әрбір оқырман адамгершілік,отаншылдық қасиеттердің қалай адам баласының бойында қанаттанып, қалыптасқанын байқайды. Ұрпақ тәрбиесіне арналған бұл кітап Бауыржан өмір сүрген заман мен қазіргі кезеңде де өз құндылығын жойған жоқ.


«Отан-отбасынан басталады» демекші, тәрбие де осы Отаннан, отбасынан басталады. Әрине, тәрбиеге қоршаған ортаның достардың, ұстаздардың да әсері бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны Бауыржанның өзі: «Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген дәріс оқыған, ұстаздарымды есіме түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата – аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді…» – деп ағынан жарылатындығы, әжесі мен әкесінің уағызы басымырақ болғандығын аңғартады. Батыр атамыздың бойындағы шыншылдық,отаншылдық,туысқандық,әділеттік сезімнің қалыптасуы әкесі мен әжесінің тәрбиесінде екенін байқауға болады. «Жеті атасын», жыл қайыруды әкесінен үйренсе, әжесі айтқан ертегілерден Қазығұрт, жарқанат, жылбасы, қарлығаш туралы білген бала Бауыржанның дүниетанымы кеңіп, қиялын тербеп, таным шеңберінің дами түскен.

Заманының қайталанбас тұлғасы Бауыржан атамыз құрып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың шын жанашыры болды. «Ұшқан ұя» повесі арқылы суреткер қоғамдағы қазақ халқының әлеуметтік болмысын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін шынайы суреттеген.

«Тарихты білу керек. Дәстүр, әдет-ғұрып, aспаннан түскен жоқ. Біз олар жөнінде үлкен қате істедік. Сол қатені осы күйге дейін түзей алмай келе жатыр» – деп қоғамға ащы сынынан Баукеңнің нағыз жанашыр екенін байқаймыз.

Бауыржан Момышұлының шығармаларының алтын арқауы болған – достық пен бауырмалдық, туыстық тамырлары- повестің өн бойынан көрініс тапқан.Автор өзінің өмір кезеңдерін, туыс-бауырлардың, ата-бабалардың, жақын-жуықтардың адами қарым-қатынастарын, байланыстарын, ерекшіліктерін, кәсіптерін, елге ,жерге деген көзқарастарымен байланыста көрсеткен.

«Ұшқан ұя» повесі- мемуарлық көркем туынды.Шығармада жазушы тек өзінің өмірі мен өскен ортасын ғана нанымды суреттеп қоймай, сол кезеңдегі халықтың әлеуметтік жағдайы мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіршілік көзін,мінез-құлқын, тіршілігін, кең пейілді қазақ хақының дархандығын, туған жерге деген риясыз махаббатын, ыстық ықыласын да шынайы көрсетеді.

ІІІ тарау. Повестегі ұлттық тәлім-тәрбие көздері

Бауыржан Момышұлы - батыр тұлға ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, бала кезінен бойына сіңіріп өскен, шешен, дана адам десек, қателеспейміз. Ұлы адамның атаулы шығармасын оқу барысында мен ең алдымен қазақтың қандай ұлт екендігін, ата-бабамыздың немен айналысқанын, халқымыздың рухани дүниесін, ырым-тиымдарын,салт-дәстүрін, жалпы ұлтымызға тән ерекшелігін байқадым. Осы шығарманы оқу барысында мен өзімнің қазақ болып туылғаныма мақтандым,ерекше сезімде болдым. Ұлттық дәстүрлі тәлім-тәрбиеміздің өркендеуіне кедергілердің болуы, жанымызға жақын қасиеттердің жойылуы ,күйреуі – ұлттық дәстүрімізге сай емес жат нәрселердің бойымызда қалыптасуы қатерлі құбылыс. «Ұшқан ұя» қазақи тәлім-тәрбиенің озық үлгісі десек қателеспейміз.

Ғылыми жұмыстың тақырыбына сай «Ұшқан ұя» повесіндегі тәлім-тәрбие көздерін бірнеше топтарға жіктедім.

1. Шығармадағы халық ауыз әдебиетінің алатын орны.

2. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың маңыздылығы.

3. Шығарманың өн бойындағы бала тәрбиесіне ұлттық дәстүріміздің, әдебиетіміздің тигізетін әсері.

Енді осы топтарға жеке-жеке тоқталсақ. «Ұшқан ұя» шығармасын зерттеу барысында мен халық ауыз әдебиетінің түрлерін кездестірдім. Атап айтатын болсақ, тұрмыс-салт жырлары,ертегілер, айтыс, аңыз әңгімелер, мақал – мәтелдер т.б. Халқымыздың өмірінде халық ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше, соның ішінде халық ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы- тұрмыс-салт жырлары. Шығармада осы тұрмыс салт-жырларының бата-тілек, сәбидің дүниеге келуіне байланысты өлең-жырлар,көңіл-күй жырлары, үйлену салтына байланысты жырлар кездеседі. Жазушы адамның сәби кезі мен мүшел жасқа толатын аралықты, берілген тәрбиені ескере отырып, «даланың дарқан бала бақшасы» деп атауы ата-бабадан қалған бағаланбас мұра салт-дәстүріміздің құндылығын көрсетеді. Ал осы «Даланың дарқан бала бақшасының» тәрбиешілері ретінде жазушы өзінің әжесін, әкесін,әпкелерін көреді.

Халықтың ғасырлар бойы жинаған мұрасы ұлттық тәрбие ісіндегі сәбилік кезінен біліп, ер жеткенге дейінгі салт - дәстүр, әдет - ғұрпымыз шығарма барысында бала Бауыржанның өсу деңгейімен беріліп отыр. Енді "Ұшқан ұя" повесіндегі салт - дәстүрлердің шығарманың өн бойында кездесуі, қолдануына жеке - жеке тоқталып өтсек.

Перзенттің шыр етіп дүниеге келуі, тек қана ана-анасының ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қуанышы болған. Осы қуанышты хабарды жеткізуші адам «сүйінші» сұрай келеді, және қуанышын сезінгенде адамның көңіл күйі де босайды.
Мұндай қуанышты хабарға үй иесі қалағаныңды ал деп немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуаныштың, ризалықтың белгісі.
Сүйінші сұрау және сүйіншіге берілетін нәрсенің дәстүр бойынша ерсілігі жоқ. Мәселен; «Аққұлдың немере інісі Дембай ұлды болғанда, іштегі әйелдің бірі, жүгіріп шығып «ұлды болдың сүйінші» дегенде Дембай әлгі әйелді қалбалақтап кеп құшақтап алыпты да мойнына асылып емірене егіліп жылапты. Көптен күткен қуанышын осылай жария еткен екен.Перзенттің дүниеге келуі үлкен қуаныш, баланы халық артта қалған із дейді, баласыз үйді қу молаға теңеуі де сондықтан болса керек.

1910 жылдың, жиырма төртінші желтоқсанында Бауыржан сәби болып дүние есігін ашқанда, әкесі Әулие ата (қазіргі Тараз қаласы) шаһарында болса керек. Сәби жаңа өмірдің есігін ашып жатқанда арнайы сол ауылдың тұрғыны Байтоқ деген кісі сүйінші сұрап барған. Бауыржан ол туралы: «...әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтпастан жылай беріпті» дейді. Бір жаманат болған екен деп бәрі үрпиісіп қалғанда, жеңешесінің ұл тапқанын жеткізгенге ұқсайды. Қалай жеткізсе де Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырады. Тегінде халқымыз жақсы хабар әкелген адамға сыйлық ұсынған. Онысы бұл жақсылық «ұзағынан сүйіндірсін» деген асыл ойдан туындаса керек. Әкесі Әулие атадан оралған соң, ауыл аймақ құтты болсынға жиналып, шілдехана тойға ұласады. Кей жерлерде шілдехананы шілделік деп те атайды. Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын - сауық той. Мұндай шілдеханаларға шақырумен де, шақырусыз да келе береді. Осында дүниеге келген сәбиге құтты болсын айтылады. Ол повесте былайша суреттелген:

Баланың бауы берік болсын!
Батыр бабасындай рухты болсын!
Бәйдібектің әруағы қолдасын!
Құтты болсынның арты ұласып, жастар ойын - сауық құрап, той соңында қариялар нәрестеге бата берген.
Ақ тілеудің белгісі - бата. Ол кез - келген жерде айтыла бермейтін, адамның рухани дүниесіне әсер ететін қасиетті ұғым. Мұның бірнеше түрі бар.
1. Дастарханға берілетін бата.
2. Ер - азаматқа арналған бата.
3. Біреудің қайырымдылығы үшін ризашылық белгісі.
4. Дүниеге келген сәбиге берілетін бата.
5. Теріс бата.
Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батамен ер көгерер жауынмен жер көгерер» деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Бата осы ұлы қасиеттерді тудырушы рухани мұраның бірі болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны елге құрметті, өте сыйлы адамдар береді. Осындай жас сәбиге өркен жайсын, елдің қамын ойлар ер, халқы сүйген азамат болсын деген мақсатпен Имаш бабасы Бауыржанға берілген екі батасының да тәрбиелік - тәлімдік қуаты зор.
Құрық деп берсем құл болма
Шілік деп берсем шіл болма
Бәрінен де қарағым
Баяны жоқ ұл болма - дейді.
Ал шілдехана тойында берілген бата көпшіліктің арасында айтылады. Ол төмендегідей:
Алатаудың қыраны мол еді -
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға толы еді -
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тілегі зор еді -
Шырағы болсын құлыным.
Ата тілегі оң еді -
Құмары болсын құлыным.
Бұл жерде батырлар төрі еді -
Сыңары болсын құлыным.
Осы алғашқы бата, алғашқы өсиет бала өміріне өнеге болсын деген түсінікпен берілген, сол күні кешке бір мал сойылып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты.
Шашу - қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Бала туғанда, келін түскенде, алыс сапардан көп күткен жолаушы келгенде, құда келгенде т.б.с.с. зор жақсылық, қуанышты күндерде әйелдер құрт -кәмпиттен, күміс тиыннан шашу шашады. Шашылған шашуды тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып, балаларына апарып береді. Шашуды қазақта тек әйелдер ғана шашады. Мысалы, «Тұс - тұстан құтты болсын айтуға келген адамдар мол жиналды... Сол бойы олар жұртқа бауырсақтан шашу шашып ерекше қуанысады». [16. 177]
Бесікке салу. «Әлди - әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры) Бесік - қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдің тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде бесік жыры айтылады. Бесік жырымен бірге сабақтас тағы бір дәстүрлі ән «Әлди әні». Әлди әні бесіктегі балаға да, бесіктегі емес балаға да айтылатын жыр. Бұл жыр повесте:
«Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үн әлі тұр құлағымда....

- Балам менің қайда екен?
- Қыздарменен тауда екен.
- Тауда неғып жүр екен?
- Алма теріп жүр екен.
- Алмасынан қанеки?
- Жаңа теріп жүр екен.
- Қызыл алма қолында
- Қыз - бозбала соңында - деуші еді-ау» деп тебіренеді Баукең әжесінің жұмсақ алақанның жылуын сезінгендей. [16. 15]
Бала күнімде әжемнің шешем жұмысқа кеткен осындай әні осы тектес болып келуші еді. Әже біткеннің бәрі осындай әдемі жыр самалымен бала жанын тербеткенде, ал қазіргі күнде бұл әндердің айтылуы мен некен - саяқ шығар-ау шамасы.
Наурыз күні. Наурыз - ежелгі мәдениеті дамыған елдің бірі парсының «жаңа күн» деген сөзінен шыққаны белгілі. Бұл қазіргі күн бойынша наурыздың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар бұл күнді жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, ренжімейді, дауыс көтермейді, құрбан шалмайды, құран оқымайды. Бұл күні барлық даланы Қызыр ата аралайды. Наурыз мерекесі біздің халық мұсылман діні енбей тұрып қалыптасқан айтулы мерекелердің бірі. Баукең бұл жайлы: «Әр үйдің алдында үлкен қара қазан асылып, наурыз көженің иісі шығады. ЬІрыс алды, кеңшілік басы, молшылық жолы осы наурыз көжеден басталатындай, бұл күні еш әйел қазанына таршылық жасаған емес... Ел жаңа жылын, жарқын кезеңін осылайша ашық пейіл, ақжарқын көңілмен қарсы алады екен ғой» [16. 127]
Шындығында бұл күні қолы ашылмаған үйдің қатаймайтындығы, молшылық енбейтіндігі айтылады. Наурыз жыл басы болғандықтан бұл күнде әйелдер жағы қазанына таршылық жасамаса, ал ер - азаматтар тал егіп, арық тартқан, себебі, бұл күні еңбек еткен, қолын ашып, барын жайып салып, жұмыла кіріскен адам ғана бүкіл жыл бойы татулықта, бірлікте, молшылықта өмір сүреді деген түсініктен туған.
Базарлық - алыс сапарға, саяхатқа шыққан адамдар жерлестеріне, көрші - көлеңдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі - ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны базарлық деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады. Базарлық көбіне әке - шешенің, туған - туысқан тарапынан ғана емес, басқа да бөтен адамдар тарапынан да жасала береді. «...Біз танымайтын кісінің берген базарлығына мәз болып қозымызға қарай жүгірдік...». [16. 59]
Жеті ата «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» (мәтел) Әр адам өзінің атасын білуі көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз» деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата - ананың басты борышы. Бауыржан жеті атаны үйренуді «елтану мектебінің алғашқы сатылары» дейді. М.Мырзахметов: «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген мақалға айрықша мән беретұғын. Өзінің бала - немерелеріне, тіпті бізге дейін, Дулатқа дейінгі бабаларымыздың тізімін жазып беріп, жаттап алуды ескертіп отыратын .Енді ойланып қарасам, орыстар арасында айтылатын «Иван безродный» дегені сияқты кейбір тексіз қазақ бола бастағандарды көріп, рухани мәңгүрттіктен сақтандырған ескертуі ме деп шамалаймын» [18. 209]

Ел аузында сақталып, би - шешендер, аузы дуалы қариялар арқылы бізге жеткен, әдет - ғұрып, caлт - сана, өткен тарих, көне шежіре жайында қазір де көптеген жазушы - ақындарымыз айналысады. Ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйенің миымызға сіңіріліп келген тұрпайы ұғымының тұтқынынан шыға алмай, неге бұлай болған деп оның түпкі себебін біле алмай жүргенде Бауыржан сияқты шежірені қадірлей санасына сіңіре өскен батыр бабамыздың әңгімелері мен жазбалары тарих қойнауынан сыр шерткендей болды.
Қыз айттыру дәстүрі бізде осы күнге дейін сақталмаған. «Қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді» (Ы.Алтынсарин) Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар, егер балалар жас болса, тіпті іште жатса да ерте келісіп, сөз байласады. Мұндай адамдар көбінесе бір - бірін жақсы білетін адамдар, өте сыйлас кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларынан (әрине бірі ұл бірі қыз болса) қосу туралы келіседі.
«Атастыру» деген осы. Кейде мұны «бел құда» дейді. Повесте бұл оқиға өрбісі Үбианмен тығыз байланысты қозғалады. «Үбиан жастайынан Шегір руын Жарылқап байдың Мамыт деген баласына атастырылған екен» [16. 70]
Атастырудың қалың қамытын бұзған жаңа заманмен бірге келген әйелдер теңсіздігі болатын.
Қыз бойжеткен, ұл ержеткен соң екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады. Қазақтың ертеден белгіленген заң бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуінен 8 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине, әмеңгерлі жолда бұл шектеуге қарамайтын жайлар да бола береді. «Қыз айттыру», «баталасу» жас отаудың беріктігінің, сенім мен сыйластығының негізін қалайды. Осындай жақсы салттарымыздың бірі «қыз көру». Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал - сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. Кейде бұл салт «қыз таңдау» деп аталады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады.
Қалың мал қызға берілетін көлемді дүние болып табылады. Бұрынғы қалыптасқан салт бойынша қазақта «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп жайдан - жай айта салмаса керекті. Тіпті жағдай нашар, қалың мал беруге шамасы жоқ деген адамның өзі ырымын жасап, қызды алатын болған. Көбіне кедей жігіттер малының жоқтығынан, қолының қысқалығынан үйленбей ұзақ жүріп қалатын болған. Қыз ұзату тойының мерзімін құдалары екі жақтың келісе отырып, белгілейді. Қалың мал қазақта бұрыннан келе жатқан көне дәстүрлеріміздің бірі. Шығармада Мамытқа айттырылған Үбианның оны ұнатпаған соң әжесінің көмегімен әкенің шешімін қайтарып, бұрынғы алған қалың малын қайтармақшы болады.

Тойбастар. «Тойдың кешкі ойынын өлеңмен бастайды. Сонда айтылатын өлең тойбастар деп аталады» (А. Байтұрсынов) Тойдың сәні тойбастарды әнші не қыз бастайды. Баукеңнің «той дегенде қу бас та домалайды» дегені қазақтың ойын - сауыққа келгенде жиған - тергенін шашатынын, ешнәрсе аямайтындығын мысалға келтіргені. Повестің басында айтылатын кішкене жиын - той үстіндегі Момыш пен Қызтумас әже арасындағы қыз таңдау жолындағы қиыншылық, сұлу қыз іздестірген әженің уайымы белгілі, немерелерінің ішкі және сыртқы сұлулығы. Той бастарды бұрын елге ақындар мен әншілер бастаған. Мәселен Баймағанбет сұлтанның Ақыл деген қызы ұзатылғанда тойбастарды атақты Шернияз ақын бастаған. Осы секілді қыз ұзатылғанда қыздың көңілін аулау мақсатында бара жатқан жағында да осындай жақсы жағдайлар болатындығын өлеңмен айту жар - жар деп аталады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, абыройлы елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Мұның бәрі өлеңмен айтылатындықтан «жар - жар» қызықты болып естіледі. «Жар - жар» негізінен ойын - күлкіге, әдет - ғұрыпқа, тәлім - тәрбиеге негізделеді. Ауыз әдебиетінде «жар - жар айтысы» оның жалғасы «Ау жар айтысы» бар. Оның бәрін тәрбие, әдеп мектебі деп түсіну керек. Суреткер туындыда Үбианның Абай аулына келін болып түсуін оған жар - жар айтып шығарып салуын көркем суреттеген.
Беташар жаңа түскен келінді бұл дәстүр жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін беташар дәстүрі жасалады. Оған тойға жиналған туыс - туғандар тегіс қатынасады. Мұнда беташар жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, оның басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Беташар тойдың басы, әрі сәні жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі. Жазушы Үбианның ұзатылуынан бастап, жат жұртқа келін болып түсуіне дейінгі аралықты бірнеше қазақтың салт - дәстүрлерімен бейнелеген. «Жұрт беташар мен неке қияр қызығын күтіп тағатсыз торуылдайды.» Неке қияр - дәстүр бойынша молданың бірін - біріне келісіммен үйленген екі жастың неке суын ішуі.
Мал шаруашылығымен айналысқан халық ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірбиесі бар олар мал өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден білген. Тіпті малдың айрықша қасиетін, ерекшелігін танитын Толыбай сынды сыншылар да шыққан. Сөйтіп халқымыз өздерінің тіршілік, шаруашылық өмірін осы мал өсірумен байланыстыра жасаған. Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал - жылқы. Айт, ас, тойларда аттың бас бәйгесіне мол дүние, жиһаз тігілетін болған. Жазушының жылқы малымен тығыз байланыстыра суреттеген дәстүрлерінің бірі - бәйге. Бәйге қазақ халқының ұлттық ойынының бірі, көп тараған. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол - жарыс тек жазық жерлерде ғана емес, ойлы - қырлы, жасанды, бегесінді жерлерде де өткізіледі. Жарыстың үлкен шаруашылық, тәрбиелік маңызы бар. Олай болатын себебі - жарысқа қосатын атты таңдап алып, оны баптап бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына мініп шабатын бала үнемі басы қасында болып, бапкермен бірге еңбек етеді. Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батырлыққа, тапқырлыққа үйрететін дәстүрлі ойын түрі. Үбианның ұзатылуымен тығыз байланысты көптеген дәстүрлер мен ырымдардың түрлерінің жасалуы, қолданыста болуы әрине салтқа саналы түрде қараудан туған. Шындығында салт - дәстүрдің берер тәлімі ұшан-теңіз. Мәселен, «Бәйге де аз емес еді. Шапан киіп, ат мініп, атлас орамал алып жатыр». [17. 364] Осы секілді дәстүрдің бірі -
көкпар. Көкпарды жаппай тарту және дода тарту деп екі түрге бөлеміз. Жаппай тартуда жеке адамның қол қайратын, батылдығын, ептілігін, тақым күшін көрсетуге толық мүмкіндігі бар. Ойында жасқа шектеу қоймайды. Ал дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолында қалса сол иемденеді. Кейде мұны марта тарту деп те атайды. Көкпаршылар көкпарды көбінесе ру ақсақалдарының үйіне, балалы не баласы жоқ үйге әкеліп «көгерт, көгерт, көгерт» деп айқайлайтын болған. Үй иесі көкпаршының үстіне шапан жауып, бір байлам орамал ұсынатын болған. Повесте осы көрініс Аққұл бейнесі арқылы сомдалған. Ат пірі Аққұлдың соңғы демін өзінің Көкшолағымен бірге бітіріп, өзін сол атының терісіне орап көмуді аманат еткен Аққұл бейнесі жан тебірентерлік. Аттың құнын, бағасын білетін қазақтың қазағы осындай - ақ болар дерсің. Аққұлдың көкпар десе ішкен асын жерге қойып, арқасы қозып тұратұғын қасиеті бүкіл бір ұлтқа тән қасиет пе дерсің. Аққұлдың немере інісі Дембай ұлды болғанда Баукең: «Балаға үшінші күн толғанда Дембай көкпар берді» деп суреттеуі қазақ үйінің әр қуанышы дәстүрлі жолмен болғанын аңғартады.
Жасау. «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді» (Наурызбай - Қаншайым) Ұзатылған қызға берілетін дүние - мүлік. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады. Жасау дәстүрі повесте Үбианның ұзатылуымен тығыз байланысты. «Аттанар алдында әжем ауылдың қыз - келіншектерін, бар әйелдерді шақырып қыз жасауьн қызықтауға шақырды. Шығармалар жинағы. [17. 375]
Бауыржанның бір естеліктерінде қазақтардың күпісі мен шапаны, тоны, шалбары, тымағының, саптама етігінің де сыры көп дейді. Шынында әр киім еңбек етіп, өмір сүру жағдайына байланысты дүниеге келсе керек. Айталық қазақтар шапан мен тонның етегін кең, жеңін бір қарыс ұзын істейді. Мұның себебі қыста мал баққан қазақ жаңағы ұзын тонның етегімен тізесін қымтап, кез-келген аязда тоңбайды. «Етек жеңің кең болсын» деген сөз осыдан қалған дейді. Аты болдырап, не өзі шаршағанда, далаға қонып қала береді. Ал, жеңнің ұзын болуын қазақтардың жаугершілік заманда қолға қару ұстау үшін ойлап тапқан амалы. Қазақтар қолғап кимеген. Бұны халықтық тәжірибе, халық даналығы деп түсіндірге
н.




Қорытынды


Қазақ халқының абыройын асқақтатып,даңқын көтерген ұлы тұлға, халық қаһарманы-гвардия полковнигі,жазушы Бауыржан Момышұлының есімі халқымыздың санасында мәңгілік лайықты орын алған. Бауыржан Момышұлы тұтас алғанда нағыз қазақ, аса қастерлі, мәртебесі биік тұлғасымен танылды. Ұлт намысын таптатпай, ұлт байрағын құлатпай, айбынды ұстаған Баукең үйреткен тағылым- ұлы сенім, болашаққа деген сенім деп білеміз.Бауыржан жүрген жол-шындық жолы. «Жалғандықтың балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп Баукең сияқты орақ тілді, от ауызды жаужүрек азаматтар ғана кесіп айта алады. Баукең үйреткен тағылым – өз халқыңды ағынан жарылып, жанындай жақсы көру. Бауыржан үйреткен тағылым – Ұлт ар – намысына, Ұлт тарихына, ұлт санасына, ұлт мәдениетіне қамқор болу еді.  Көзден кетсе де көңілден кетпеген және ешқашан кетпейтін Момышұлы есімі ерекше қымбат. Шынында да ол ұлттың бойтұмар азамат болуы бақытына ие болды. Ұлттық aсыл қасиеттің қадірін бағалай алатын, терең түсінетін адам мұны біледі. Ал, тарихи кесек тұлғалар тұғырында Б.Момышұлы өнегесі сол баға жетпес байлыққа жол сілтейді. Жас ұрпақты жігерлендіреді. Батылдыққа баулиды. Адамдыққа тәрбиелейді. Алаштың аты аңызға айналған аяулы перзенті Б.Момышұлының асыл әруағына тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің ойымызға оның елі үшін еткен ең ересен еңбегі, ең қасиетті еңбегі алдымен оралатыны  сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Бауыржандай алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік. Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, Бәукеңнің атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық.














ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.Б.Момышұлы «ХХІ ғасыр көгінде» Ғылыми зерттеу орталығы


2.М.Мырзахметұлы «Бауыржан батыр» «Жалын», 1991 ж. 347 бет.


3.М.Мырзахметұлы «Қанмен жазылған кітап» Алматы, 1991 жыл. 347 бет


4.«Баукең туралы толғаныстар» 207 бет


5.М.Мырзахметұлы «Айналған аңызға Момышұлы» Тараз 2000 жыл. 239 бет

6.Бауыржан Момышұлының тәлім – тәрбиелік өнегесі.


7.Фольклор түрлері :Мақал – мәтелдер ,жұмбақтар, аңыз – әңгімелер,ертегілер ,батырлар жыры






































1


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
09.02.2025
366
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі