Материалдар / Ғылыми жоба «Төрт түліктің бірі –түйе және оның қасиеті»
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Ғылыми жоба «Төрт түліктің бірі –түйе және оның қасиеті»

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба «Төрт түліктің бірі –түйе және оның қасиеті»
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
19 Сәуір 2020
3085
12 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ғылыми жобаның тақырыбы:

«Төрт түліктің бірі –түйе және оның қасиеті»


Кіріспе


Зерттеу жұмысының көкейкестілігі.

Қазақ халқы – күнделікті тұрмысын малмен тығыз байланыстырған халық. Әсіресе түйе малын ерекше бағалаған. Төрт түлік малдың ішіндегі ең қасиеттісі түйе болып есептелген. Ол қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса – көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен түйе жүн шекпендер киген, ол жеңіл әрі жұмсақ, сонымен қатар жылу сақтағыштық және емдік қасиеті де болған. Сондықтан да осы тақырып ғылыми жоба жұмысына негіз етіп алынды.

Зерттеу жұмысының мақсаты- түйе және оның өнімдерінің пайдасы мен қасиеттерін зерттеу.

Зерттеудің міндеттері:

  • Түйе және оның сүті,шұбаты, еті, жүнінің қасиеттерін зерттеу;

  • Түйе шаруашылығымен айналысқан отбасылық ата кәсібімізді зерттеу;

  • Түйе жүнінің емдік қасиеттері туралы халықтық тәжірибені түсіндіру;

  • Түйе шаруашылығының тиімділігін дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының нысаны: түйе малы және оның өнімдері, түйе шаруашылығы

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы: Егер отбасылық ата кәсіп шаруашылығы атадан балаға мұра ретінде жетіп жатса, онда отбасы құндылықтары жоғары дәріптеліп, кейінгі ұрпақ түйе кәсібінің пайдалылығына көз жеткізер еді.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен зерттеудің практикалық маңыздылығы: түйе өнімдерінің күнделікті тұрмыста пайдаланудың тәжірибелік мүмкіндіктерінің анықталуы.



І. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

1.1. Түйе малының қасиеті


Түйе өз табиғатынан күндіз не түнде көзі жақсы көру үшін оның арнайы кірпіктері ұзын болып жаратылған. Сонымен қатар, түйенің тыныс алу мүшелері де ерекше. Оның мұрыны арқылы сырттан кірген ыстық ауа сыртқа салқын болып шығады. Бұл түйенің ыстық ауарайына шыдамды етеді әрі оның ішкі құрылысында ауабаптағыш секілді ағза жұмыс жасайтынын көрсетеді. Ал түйенің терісі өзге жануарларға қарағанда қалың болып келеді. Терінің мұндай қалыңдығы түйені шөлдің аптапты ыстығынан сақтайды екен. Бұған қоса, түйенің ауызында 34 ерекше тісі бар. Мұндай тістер өз кезегінде жантақ секілді инесі бар тікен тектес шөптерді ешқандай қиындықсыз шайнауға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, түйе жаратылысы басқа сиыр, жылқы секілді жануарларға қарағанда оның асқазаны тамақты тез қорытпай, біраз сақтап тұруға бейімделген. Судың өзін ішкенде арнайы сілекейі арқылы ылғалдылықты біраз күнге дейін ұстап тұра алатындай етіп сақтай алады. Осының арқасында түйе жануары шөлді жерлерге өте төзімді әрі аштық пен шөлді ұзақ мерзімге дейін көтере алатын ерекше жаратылыс саналады. Түйенің табаны жұмсақ әрі арнайы қапшықтармен қапталған. Табанның жұмсақ болуы ол оның шөлді құмды оңай басып жүруге көмек теседі, ал арнайы қапшықтар табанды шөл ыстығынан қорғайды екен. Жылқы, сиыр секілді жануарлардың тұяғы қатты болғандықтан олар шөлді құмда ұзақ уақыт жүре алмайды. Түйе бір күнде 200 литрге дейін су ішеді және ішкен судың ылғалын денеде сақтап, сусыз 1 апта бойы жүру мүмкіндігіне ие. Ең қызығы, түйе денесінен 40% ылғал жоғалса да жүк тасып жүре береді екен, ал басқа үй жануарлары денесінен 12 % ылғал жоғалса өліп қалады. Бұдан бөлек, түйе 300 кг дейінгі жүкті көтеріп 22 шақырымға дейін тоқтаусыз жүре алады. Бұл дегеніміз түйе нағыз табиғат құбылысына бейімделген әрі адамдардың көшіп-қону көлігіне арналған жануар екендігінің белгісі.

1-сурет. Түйе көшіп-қону көлігі.

Түйе 25-30 жылға дейін өмір сүреді және оның дене құрылысының табиғатқа бейімділігі сонша, ол өзге үй жануарлары секілді көп ауырмайды. Оның денесінен шыққан сүт «С» витаминіне толы болады. Ал, мұндай витамин сәйкесінше түйенің сүті ұзақ бұзылмай сақталып тұруына септігін тигізеді. Осы секілді ерекше жаратылыс иесі болған түйе жануары Құранда ескерілуі бекер еместін.

Түйенің ерекше қасиеті – шөл және шөлейт жерлердің қатаң жағдайларына төзімділігі. Ол шөл өсімдіктерін талғамай жеп, ащы су іше береді. Соның нәтижесінде жаз айларында қыстық май қорын ішіне, өркешіне жинап алады да, қиын-қыстау кезде ұзақ уақыт азықсыз, сусыз жүре алады. Түйенің бұл ерекшелігі оның қатаң табиғат құбылыстарына жауабы. Мал организмінің мұндай ерекшеліктері «ксерофит» деп аталады. Жазда-күзде жайылым жағдайының жеткілікті кезінде жинап алған қорын азық жеткіліксіз кезде денесінен үнемдеп жұмсау малдың өмірін, ұрпағын сақтап қалудан шыққан генетикалық инстинкт.

Қазақстанда қос өркешті түйелердің тұқымы – қалмақ, қазақ, монғол, ал сыңар өркештіден аруана тұқымдары өсіріледі. Сонымен бірге бұл тұқымдардың будандары да көбейіп келеді. Қалмақ тұқымы – қос өркешті түйелердің арасында айрықша орын алады. Бұл тұқым өте ірі, дене бітімі келіскен, бұлшық еттері қуатты әрі серпінді. Басы кішкене, мойны сіңірлі, етсіз, тарамыстары жақсы жетілген. Түсі қоңыр және қара қоңыр болып келеді, бірақ кейде қуқыл-сары және ақ түстілері де кездеседі. Қалмақ түйелерінің бураларының тірілей салмағы 650-700 кг, інгендері 600-650 кг тартады. Бураларының биіктігі 191 см, тұқымының ұзындығы 165 см, кеуде орамы 241 см, жіліншігінің орамы – 25,4 см. Ал інгендердің өлшемдері тиісінше 181, 172, 255, 20,9 см. Қалмақ түйелері ширақ, жуас және адамды жақсы тыңдайды. Олар әр түрлі ішкі шаруашылық жұмыстарына жегуге, жүк артуға және салт мінуге ыңғайлы. Жұмыс қабілеті жөнінен түйелер аттардан да, өгіздерден де кем емес, ал жүк артуға олардан әлдеқайда артық екені белгілі. Бұл түйе тұқымы шөл және шөлейт аймақтарға жақсы бейімделген. Жаз, күз кезінде тез семіреді, осы кезде салмағы 30 пайызға дейін артады. Қоңды түйелердің өркештерінде 100 кг астам май жиналады. Жүні сапалы, біркелкі жақсы өседі.

Қазіргі кезде бұл тұқым Қазақстанда жұмыс көлігі ретінде ғана емес, негізінен өнім малы (ет, сүт, жүн) ретінде кеңінен пайдаланылады. Таза қанды қазақы түйелердің дене бітімі тығыз, жалпақ және жуан, тік мойын, кеудесі кең, терең, бұлшық еттері жақсы жетілген, тұрқы сәл ұзындау, өркештерінің арасы кең, жүні қою болып келеді.

1.2. Түйе өнімдерінің пайдасы

Түйенің еті. Түйені қолға үйреткен кезде, оның адамдар үшін басты өнімі – ет болатын. Кейін оның күш-қуатын көлік ретінде, сүтін азық ретінде, терісін және жүнін қажетіне жаратуды меңгеріп, түйе малының адамға беретін пайдасының ауқымын кеңейтті. Дегенмен ет өнімі түйенің қазіргі заманда да адамға беретін өнімінің бастысы болып келеді.

2-сурет. Түйе еті.

Түйе жыл он екі ай жайылымды пайдаланып, басқа мал жей бермейтін жантақ, жусан, көкпек, қияқ, қамыс, изен теріске сияқты шөптерді қорытып, одан ет, сүт, жүн сияқты өте жоғары сапалы өнімдер береді. Соның ішінде түйенің еті жоғары сапалы, сиыр етіне өте жақын азық түрі. Оның химиялық құрамында су 73-76 пайыз, белок 17-20 пайыз, май 2-6 пайыз, минералдық қалдық күлдері 0,7-1 пайыз. Майының еру-қату температурасы, йод саны, басқа да көрсеткіштері сиырдікіне жақын. Түйе ет малы ретінде тез жетіледі. Ботасының өзі туған жылы бір жасына дейін 5,5-6 есе өсіп, екі жасында союға жарайтын мал болады. Сол кезде сойғанда 170-200 кг таза ет береді, ал үш жасында сойғанда еті 200-250 кг болады және мұның сыртында 15-30 кг өркеш майы болады.

Түйе сүті. Сүт және сүттен жасалатын тағамдар – көшпелі халықтың не- гізгі тамағы болып, жалпы ішетін астың 80-90 пайызын құраған. Түйе сүті сиыр, бие сүттерінен құрамы жөнінде өзгеше болады. Белогі 4,45 пайыз болса, соның ішінде казеин 3,22 пайыз, альбулині мен глабулині 1,23 пайыз болды. Ал сиыр және бие сүтінде 2,2; 1,25; 0,95 пайыз болды. Сондықтан түйе сүті сіңімдірек болатыны құрамынан. Түйе сүтінің амин қышқылдық құрамы да жақсырақ болады. Әсіресе айырбасталмайтын треонин, метионин, валин, фенилаланин, лейцин, лизин сияқты амин қышқылдарға бай. Түйе сүтінің майлылығы да сиыр сүтінен жоғары. Ол түйе тұқымына қарай 3,8 пайыздан 5,5 пайызға дейін құбылады. Бактриандар сүтінің майлылығы дромедарлармен салыстырғанда жоғары. Түйе сүтінің қанты 5 пайыз шамасында болады.

3-сурет. Түйе сауу.

Түйе сүті витаминдерге өте бай, сонымен бірге минерал заттар да жеткілікті. Сонымен қатар түйе сүтінде бактерияларды өлтіретін, оларды өсірмейтін заттардың да кешенді құрамы болады. Осының нәтижесінде түйе сүті жақсы сақталады және ішкен адамның организміне жан-жақты пайдалы азық әрі сусын болады. Түйе сүтінің құрамында адам ағзасына қажетті нәруыз, дәрумендер мол. Сүті 24 сағатқа дейін ашымайды. Түйе сүтінен шұбат дайындалады (қымыран деп те аталады).

4-сурет. Түйе сүтінен дайындалған шұбат.

Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа, қанды толықтырады. Шұбаттың радиацияға қарсы әсері болатыны да анықталған. Қазақтар шұбаттан басқа түйе сүтіне басқа малдың сүтін қоса отырып әр түрлі сүт тағамдарын дайындайды: қатық, сүзбе, уыз, құрт, ежегей, іркіт, шалап. Шұбаттан күшті сіңімді құрт дайындалады. Құртта белок, май және углевод көп болады. Маңызды құрамды бөліктерінің (белок, май, углевод) мөлшері және калориялылығы жағынан құрт еттен де, сырдан да асып түседі. Сондықтан оны калориялылығы жоғары тағамдық өнім деп есептеуге болады.

Түйе жүні. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады. Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат болып табылады.

5-сурет. Түйе жүні.

Бұл жүннен тоқылған матаға деген сұраныс көп. Оның мықтылығына, жеңілдігіне, жұмсақтығына, жылылығына ешқандай жүн жетпейді. Түйенің жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, киімдер суық өткізбейді, жиырылып, ұйпалақтанбайды, өзінің сырт көрінісін көп уақытқа жақсы сақтайды. Біздің халқымыз да баяғыдан түйе жүнінен ең қымбат киімдер, шекпендер жасаған. Түйе жүнінің құрамында түбіт, аралық талшық, қылшық болады.

Түйенің шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, құяң, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады. Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні қөрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды.

6-сурет. Түйе жүнінен жасалған көрпе.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне қарағанда, бүкіл әлемде жылына 15 миллион сәби айы-күні толмай дүниеге келеді. Шала туылған балалардың денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін мәселе.

Қазақ халқы бұл проблеманы ерте заманнан-ақ шешкен екен. Бала денсаулығы мен тәрбиесіне терең мән берген халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының мәні зор.  Сондай салттың  бірі - осы шала туған баланың күтімімен байланысты «Баланы тымаққа салу» дәстүрі. Қазақ халқында шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептелінеді. Мысалы, қырық күн кем болса керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу, т.б. Ал егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді екен.Тымақ жылы әрі жұмсақ болғандықтан оның ішінде жатқан нәресте өзін ана құрсағында жатқандай сезінеді. Түйе жүнінің иреңдігі, ауа өткізгіштік қасиеті жоғары болғандықтан одан жасалған бұйымдар шала туылған бала денесінің дем алуына мүмкіндік береді. Қазақ халқында «Жас бала құстың көлеңкесіне де тоңады» - деген мәтел бар, сондықтанда түйе жүнінің жылу сақтағыштық қасиетін жақсы бағалаған қазақ халқы шала және жаңа туылған нәрестелерді түйе жүнінен тоқылған киімдермен өсірген. Өйткені мұндай киімдер шала туылған баланың денесін жылы сақтап, суық өткізбеген.







7-сурет. Шала туылған нәресте.

Ал шала туылған нәрестені қырық күнге дейін ауыртпай, адам қатарына қосу - аналар үшін үлкен міндет болған. Сол себепті де түйе жүнін және одан жасалған өнімдерді жиі пайдаланған


1.3. Түйе түрлеріне байланысты атаулары

Ежелден мал өсіруді етене кәсіп қып кеткеп халқымыз түйе шаруашылы- ғын өркендетуде де тұқымына, күштілігіне, түсіне қарай оны төмендегідей екіге бөліп айтатын болған.

  • Жалғыз өркешті түйе;

  • Қос өркешті түйе.

Жалғыз өркешті түйе, мұның өзі екіге бөлінеді:

  • Жалғыз өркешті ұрғашы нар түйе – нар; жасы – нарша;

  • Жалғыз өркешті еркек нар түйе – үлек; жасы – үлекше.

Қос өркешті түйе. Бұл да екіге бөлінеді:

  • Қос өркешті ұрғашы түйе - інген; жас – інгенше;

  • Қос өркешті еркек түйе – бура, атан; жасы – буыршын, атанша.

ЖАСЫНА ҚАРАЙ АТАЛУЫ

Буыршын - піштірілмеген түйенің төрт жасында буралыққа жарайтыны.

Құнанша - екі жастан асқан түйе.

Нарбота - аруанадан туған төл, бота. Бота - інгеннен жаңа туған төл.

Тайлақ - бір жастағы түйе.

ТҮЙЕНІҢ ОРТАҚ АТАУЛАРЫ

Мал өсірген шаруалар түйе түлігіне байланысты кейбір атау сөздерді, олардың түр-тұқымына бөлмей, ортақ бір сөзбен айтатыны болады. Сондай ортақ атаулар мыналар:

Қырысқақ түйе - жұмысқа мінгенде, немесе жетекке алғанда аяғын өте баяу басып жүретін шабан түйе.

Бұралқы түйе - басқа жақтан малға ілесіп келген және жолаушыға ілесіп жүре беретін, иесі жоқ түйені айтады.

Қағылған (қаңғы бас) түйе - айдау көріп, немесе көп мініліп арықтығынан табынға ере алмай өзінен-өзі лағып жүре беретін түйе.

Қағылжың түйе - қысы-жазы бойына ет алмай, қомданбай және тойынбай жүрген түйе.

Тоқыраған түйе - семіз түйелердің жүдей бастағаны. Түйелердің жүдей бастауы жер отының жұғымсыздығынан, ащы шөптердің кемістігінен, күннің ыстығынан болады.

Барлыққан түйе - семіздей мініліп, қиналып жүрген түйе. Жабы түйе - өмірі мінілмей жүрген, қашаған асау түйе.

Байырғы түйе - жасынан бағып өсірілген, біреуге меншікті түйені айтады.

Көбең түйе - көктемге қарай бос жіберіліп, тойына бастаған өркешінің жел қағары көтеріле бастаған түйе.

Жабық (етті) түйе - орта еті бар, қомдана бастаған түйе.

Берік етті түйе - ортадан төмен еті бар, қомы аздау келген түйе.

Сабылған түйе - ақ көбігін шығарып, шауып келген түйе.

Соқтыққан түйе - жұмысқа көбірек мініліп, қара терге түсіп болдырып, қалжырап қалған түйе.

Қысыраған түйе - інгеннің іш тастап, үнемі қайымай жүруін айтады.

Бөртекі түйе - тез болдырғыш, қара етті, әлсіз, нашар түйе.

Жел аяқ түйе - бір жерде тоқтап жайылмай, әр шөптің басын бір шалып, жүріп кететін түйе.

Қаңылтақ түйе - жүрдек келген жас түйе.

Кетеген түйе - бір жерге тұрақтап жайылмай, қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға және біреуден алған түйенің басқа жерді жерсінбей, өзінің туып-өскен жеріне қаша беретін (кетіп қала беретін) түйе.

Бошалауық - буаз түйе боталағанда толғаққа шыдай алмай, ботасын қызғанып, бір жаққа кетіп, оңаша жерге барып төлдейтін түйе.

Елгезек түйе - аттай ұшып отыратын және қамшы салдырмайтын түйе.

Келіскен түйе - мүше құрылысы толық, ірі келген күшті, қомды түйе.

Орнықты түйе - жұмысқа берік, кесек денелі келген мықты түйе.

Қоңды түйе - ащылы-тұщылы оты бар жерде жүріп, бойына ет алып, өркештене бастаған түйе.

Құтымсыз түйе - жүрмейтін, бақырауық, жынын құсып жіберетін жаман түйе.

Ши арқа түйе - арқасы тез кетіп, жауыр болатын түйе. Иесіз түйе - бақташысы жоқ, бағусыз жүрген түйелер.

Атан түйе - піштірілген түйені айтады. Бұл тез семіреді, әрі жұмысқа төзімді келеді.

Босалаң (босаң) түйе - тініс бермей, семіздіктен тез аритын жаман түйе.

Бая түйе - бақырауық, кісіге жынын құсып жіберетін түйе.

Туматүйе - қолда туып өскен түйе.

Шымыр түйе - еті тығыз, денесі ауыр тартатын семіз түйе.

Табанды түйе - алыс жолға жүрерде, түйенің табаны жұқарып тимес үшін, ескі сабадан шөрке істеліп, аяғына кигізілген түйе.

Кіселі түйе - бураға шөгеріліп кеткен түйенің бота тастап немесе бойына біткен төлін ағызып жібермес үшін мойнына кісе салынады. Осындай төлін ағызып жіберетін түйеге көшкенде, кіре тартқанда ешқандай ауыр жүк артпайды.

Тұмса түйе - біраз жасқа келгенше бура мен қайытылмаған, әзірше боталамай жүрген ұрғашы түйені айтады.

ТҮЙЕНІҢ ТҮСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АТАУЛАР

Басқа түліктерге қарағанда, түйенің сырт түсі атауларының өзгешеліктері бар. Басқа малда тарғыл, қарала, шұбар, торы, ақ бүйірек, жирен, тағы басқадай түс түрлері болғанымен, түйеде жоқ. Түйедегі түс атаулар мыналар:

Қоңыр - қара мен қызыл арасындағы түс. Мұндай түс нар мен қоспақта көбірек кездеседі.

Ақ - сырт түгі бірыңғай ақшыл боп келген түйе. Ақ түйе өте аз
кездеседі.

Сары - сырт түк түстері бірыңғай сарғыш келген түйе.

Ақ бас - басының түк түсі өңкей ақ болып келген түйені (нарды) айтады.

Қара - түйенің түгі қара қошқыл боп келгендері.

Көк - шымқай көк болмай, ақшыл көк болып келгені.

Қызыл - ақшулан, күлгін қызылды айтады. Бұл түс қос өркешті түйеде болмай, тек нар түйелерінде ғана кездеседі.

Ақ иық - ауыр жұмыстарға мініліп жүргенде, иығын жіп қажап түсірген жарасынан жазылғаннан кейінгі түгі ақ боп шыққан түйе.

Ақ қаптал - түйенің ауыр жұмыста жүргенде, сол тиелген жүк астындағы жазық-қомша қажағандықтан, қаптал жүні түсіп, немесе жара боп жазылғаннан кейінгі түгі ақ боп шыққан түйе.

Көк ала бас - барлық түйе тұқымдарында жаратылысынан басының түк бітістері шымқай көк болмай, әр түсте болып келген түйе.

Боз - түстері шымқай ақшыл боп келмей, ақшыл көк болғаны.

Қасқа бас - маңдай түгі тұмсығының (кеңсірігінің) үстіне дейін ақтау болып келген түйе.

Қараша - қос өркешті түйенің қылшық жүні қара болғаны.

ТҮЙЕНІҢ БІТІСІНЕ ҚАРАЙ АЙТЫЛАТЫН АТАУЛАР

Өркеш - түйенің арқасындағы тік тұрған жал майы.

Тік өркеш - қисаймай, түзу тұрған семіз түйенің өркеші.

Жуан өркеш - семірген түйенің өркеші түбінен жуандап, қомдана келген, өте майлы үлкен өркеш.

Жапырық өркеш - өмірі көтерілмей бір жақ бүйіріне қарай қисайып жабыса жатқан өркеш.

Бала өркеш - өте семіз түйенің баладай болып тік тұрған өркеші, мұны кейде тік өркеш дейді.

Қаусырма (алмас) өркеш - айыр өркешті түйенің екі өркеші бір жағына қа- рай қисаймай, екі жағына қайшыланып, қисайып кеткен өркеші.

Құлама өркеш - бір жағын ала құлай қисайып жатқан өркеш. Жал өркештаудай боп семірген нардың үлкен, жуан өркеші.

Қалақ өркеш - жұмыр, жуан өркешті болып екі жақтанып шықпай, тек көлденеңі шыға біткен жұқа өркеш.

Соқпа өркеш - ұзын өркеш бір жағына қарай жығыла біткен өркеш. Мұндай өркеші бар түйенің жығылған өркешінің астына, денесіне батпайтын, жұмсақтау нәрсені көтерме қойып, осы жағына жүкті ауыр салмай, түзу өркеш жағына жүкті ауырырақ салып, қисық өркешін осылай түзеуге болады. Бірақ, мұндай өркештердің бәрі бірдей түзеле бермейді.




ІІ. ТӘЖІРИБЕЛІК БӨЛІМ

2.1. Ата кәсіп – баға жетпес мұра


Бір күні мен үйде анамның қолынан өз әкелеріне арнап шығарған «Нардың жолы» деп аталатын шағын ғана кітапшаны көріп, оқып таныстым. Онда журналист Алдашбаев Сәкен аға менің нағашы атамды «Муйденов Қалжан Мұһиддинұлын төрт түліктің пірі болған – Ойсыл қара бабаның жалғасы ма, әлде шығармашыл адам ба ажырата алмай қалдым» - деп жазыпты. Сондай-ақ, «айтылған естеліктер мен сол кезде газет бетінде таспаланған мақалаларға, жетістіктері үшін алған медалдар мен алғыс хаттарға қарасақ нағыз шаруа, еңбек ері екенін байқайсың, ал қазақы қалыпты ұстап, ұлы болмыстың ұшанынан шыққан ұстанымы мен күнделігінде қалдырған мұраларын қарасаң бар уақыт сөз жинап, жазумен өткізген бе деп ойланасың» депті. Шынында да мен атамның жазбаларын анамнан сұрап алып, қарап шықтым. Онда не бір жақсы-жақсы нәрселер жазылған екен.

8-сурет. Нағашы атам Қалжан мен әжем Сәрсенүл.

Мысалы, Нағашы атам өзінің күнделігінде «Асыл түлік - түйе бағумен айналысқаныма көп жыл болды. Бірақ уақыт бұл кәсіпті өмірлік мұратыммен табыстырып, қол үзбес негізгі ісіме айналдырды. Оныншы бес жылдықтың алғашқы жылынан бастап-ақ осы бір бағалы түліктің өсіп өнуіне одан алынатын өнімдерді молайтуға, сол арқылы шаршуашылық экономикасына қалайда мол үлес қосуда елеулі еңбек еттім. Сөйтіп, әрбір жылды міндеттемеге сай толымды табыстармен қорытындылап отырдым» - деген екен. Осы сөздерін оқыған соң мен анама «менің нағашы Қалжан атамның марапаттары қайда, көргім келеді» - дедім, анам өз әкесінің марапаттары мен медальдарын мақтанышпен маған көрсетті.

Мен нағашы атамның алтын медалін көріп таң тамаша болдым. Анам маған нағашы Қалжан атам туралы көптеген естеліктер мен марапаттарының бәрін қалай, қайдан алғандарын айтып берді.

9-сурет. Нағашы атам Қалжанның марапаттары.

Осылай маған керемет бір ой келді. Шынында түйенің өзім көріп жүрген түліктерден ерекшелігі бар екен. Түрі де, тұлғасы да, бүкіл болмасы өзгеше жануар екен. Бұл өзгешілігі менің қызығушылығымды оятты. Мен түйені суреттен көргенім болмаса, ол туралы ештеңе білмейді екенмін. Сондықтан да мен өзіме түйе туралы, түйеге қатысты барлық деректерді оқып, жинақтап зерттеуді мақсат еттім.

Құранда түйе туралы ғажап мысал айтылған, Алла Тағала «Ғашия» сүресінің 17-аятында түйеге мысал келтіре отырып былай деген: «Олар түйенің қалай жаратылғанына қарамайды ма?». Неге Жаратушы Алла біздерді түйеге қарауға шақырады? Бұның сыры неде? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін біз алдымен түйенің жаратылысына зер салуды жөн көрдік.








ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ


Қорыта айтқанда түйе түлігі өте пайдалы екенін айтқым келеді . Өйткені түйе түлігі күй таңдамайды, басқа түліктер секілді емес, кез-келгені мал жемейтін қатты, тікенді өсімдіктермен қореқтене береді. Бірнеше тәулік су ішпеуге шыдайды. Сонымен қатар ол құрғақ далалы шөп-шөлейтті жерлердің табиға жағдайына шыдамды . Сондай-ақ түйенің сүті мен қымыраны адам денсаулығына өте пайдалы.

Зерттеу кезінде Әбілда Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасы барып, кітаптарға шолу жасап, интернеттен мәліметтер алдым.

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!