400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ғылыми жұмыс: "Қадыр Мырзалиевтің табиғат лирикасындағы экология мәселесі"

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба. Жобамен айналысамын деген оқушыларға, ұстаздарға үлгі бола алады деген ойдамын.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Ақмола облысы Білім басқармасы

Зеренді ауданы Білім бөлімі

Исаковка орта мектебі








Олжабай Мерей

9 - сынып






«Қадыр Мырзалиевтің табиғат лирикасындағы

экология мәселесі»









Секциясы: Әдебиеттану


Жетекшісі: Ерлан Алмажан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі







Исаковка, 2020

Мазмұны


Кіріспе ------------------------------------------------------------------------------ 3


Негізгі бөлім----------------------------------------------------------------------- 4-17


1. Қадыр – сыршыл ақын


    1. Табиғатпен сырласқан сыршыл ақын ---------------------------------- 4-6


1.2 Қадыр поэзиясындағы ақын мен табиғат үндестігі ---------------- 7-10


2. Көркемдеуіш құралдардың қолданысы


2.1 Қадыр Мырзалиевтің табиғат лирикасындағы ұлттық сипаттағы теңеулердің қолданысы -------------------------------------------------------- 11-14


2.2 Қадыр Мырзалиевтің табиғат тақырыбындағы лирикалық кейіпкер бейнесі ----------------------------------------------------------------------------- 15-17


Қорытынды ------------------------------------ ---------------------------------- 18-19


Пайдаланған әдебиеттер----------------------------------------------------------20


















Андатпа

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Қазақ әдебиетіндегі

табиғат лирикасының қалыптасуымен және адам баласынан ажырамас осы

тақырып төңірегінде сыр шерткен Қадыр ақынның өлеңдерімен таныса отырып, оның поэзиядағы алар орнын айқындау. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынандай міндеттер қойдық:

  • Лирика соның ішінде табиғат лирикасына қатысты материалдар жинақтау;

  • Қадыр Мырзалиевтің өмірі мен табиғат тақырыбында жазылған өлеңдерімен танысу;

  • Табиғат лирикаларындағы көркемдеуіш тәсілдерді саралау;

  • Ұлттық сипаттағы теңеулерге назар аудару.


Тақырыптың өзектілігі: Табиғат лирикасы, соның ішінде Қадыр Мырзалиевтің табиғат тақырыбында жазылған адамзатқа ой саларлық шығармалары ғылыми жұмысыма арқау болуы тақырыптың өзектілігін білдіреді.


Болжам:: Ақынның табиғат тақырыбындағы өлеңдерін саралай отырып, тұтастай баға беру арқылы жастарды табиғатты қорғауға үндеу.


Зерттеу жұмысының нысаны: Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қадыр Мырзалиевтің табиғат лирикасына арналған өлеңдері, тілші-әдебиетші ғалымдардың еңбектері зерттеу нысанына алынды.


Зерттеу жұмысының әдістері: Зерттеу жұмысын жүргізу барысында Қадыр Мырзалиевтің табиғат тақырыбындағы шығармаларымен таныса

отырып, талдау, мазмұнын ашу, салыстыру, жинақтау, даралау, жүйелеу, тұжырымдау, қорытындылау әдістерін қолдандым.


Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.









Аннотация

Актуальность:

Методы исследования:
Гипотеза:













































An Abstract

Кіріспе


«...Бар дейсің бе өмірде азап ондай!

Дүние азса ол енді азады оңбай!

Адам таза болмайды ешқашанда

Айналайын табиғат таза болмай!...»

Қ. Мырзалиев


Дүние жүзіндегі тіршілік атаулының барлығы табиғат ананың құрсауында пайда болған. Сан мыңдаған жылдар ол өзінің төл перзенттерін тал бесігінде тербетіп, өсіп өркендеуіне, дамып жетілуіне жағдай жасады. Бүкіл тіршілік иелері, атап айтсақ, жан-жануардан бастап, үйлесімді дамуы осы ортада, яғни табиғат аясында бөлінбес бірлікте өтті. Сондықтан да қазіргі ғылыми техникалық прогрестің арқасында өзі шыққан табиғат ананың тамырынан ажырап, табиғаттың жасаған жақсылығын ұмыта бастаған адамзат ұрпағына табиғаттың қадір-қасиетін ұғындыру, табиғат адамға емес, керісінші өмір сүру үшін адам табиғат анаға тәуелді екенін баланың жас кезінен ұғындырып, санасына сіңіру бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі және ең негізгісі болып отыр. Бұл тек әдебиет саласына ғана ғана емес өнер мен ғылымның барлық саласына қатысты екендігін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, күллі тіршілік атаулының болашақ тағдыры бүгінгі күні экологиялық апат алдында тұрғандығы. Оған тек қана жауапты саналы адам баласы екендігі баршамызға белгілі. Сол қауіптің алдын алып кері қайтарар күш те тек адам баласының қолында, барша адамзаттың ерік-жігеріне, ниетіне тығыз байланысты.

Бүгінгі күні экология мәселесіне күллі адамзат ақыл-ойы мән беріп отырған тұста одан көркем әдебиеттің тыс қалуы, оған соқпай бұрылып өтуі мүмкін емес. Қай кезде де әлеуметтік мәселеден қалыс қалмай елден ерек құлағы түрік жүретін қаламгерлер қауымы, табиғат апатының алдын алуға талпынып, қолдарынан келгенін істеп, халық арасында қоғамдық пікір тудыруға, алдын алуға құлшына кірісері сөзсіз.

Сондай-ақ әр кезде де сұлулыққа, әсемдікке жаны құмар нәзік, сезімтал ақындар табиғат ананың көз тартар әсемдігіне сүйсініп жүректерін жарып шыққан жырларын арнап отырған. Осындай табиғаттың жан түршігерлік қазіргі күйіне қиналып алдын алуға тырысқан ақындарымыздың бірі және де бірегейі – Қадыр Мырзалиев.

3

1. Қадыр – сыршыл ақын


1.1 Табиғатпен сырласқан сыршыл ақын


Сонау алпысыншы жылдары әдебиет майданына жаңа бір қуатты толқын қосылып, көркем әдебиеттің көкжиегі кеңейіп сала берген еді. Сол ерекше дарын иелерінің бірі және бірегейі – Қадыр Мырзалиев.

Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерімен таныса отырыпоқығанда ақынның қалам тұтқан тақырыптарының әр алуан екенін көруге болады. Дей тұрғанмен де, ақынның шығармашылық дамуын тұтастай салыстыра қараған адам оның тақырыптарының әрқашанда өзгеріп, қарапайымнан күрделіге қарай бет бұрғанын байқамай қалмайды. Оның алғашқы өлеңдері балаларға арналғанымен, сол өлең-жырларының өзі көптеген маңызды мәселелерге өзіндік баға берумен ерекшеленетінін бірден байқаймыз. Одан кейінгі кезеңде ақын жырына өзек болған үлкен тақырыптың бірі - туған жер, өскен ортасына байланысты толғаулар.

Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардағы ақын поэзиясының тақырыбы - «Ана» тақырыбы. Қадыр ақында ана тақырыбына көптеген өлеңдер жазып, дәуір тынысынан артта қалмай алға жылжыған қаламгер.

Әрине, бұл тақырыптардың бәрі де сол кездегі барлық ақынға тән, ортақ құбылыстар болатын. Соның өзінде Қадыр басқалар мың рет айтқан нәрседен өзгеше ой түйіп, әр тақырыпқа өзіне ғана тән ерекшелікті дарыта білді.

Жетпісінші жылдардан бастап жазыла бастаған экология тақырыбы да Қадырдың бұл саладағы ізденісінің, талмай талаптануының жемісі. Қадырдың экология тақырыбына қалам тарта бастаған тұсын анықтап, сол кездегі өзі тұрғылас басқа ақындармен салыстыра тексергенімізде бұл тақырыпты тек Қадыр Мырзалиевтің жеке меншіктеп, өзі ғана түбегейлі игеріп келгенінің куәсі боламыз.

Қадыр Мырзалиев табиғатты жырлағанда нақты деталь, шынайы көрініспен суреттейді. Оның "Ақша қар", "Ақ әлем", "Екі көктем", "Табиғат тойы", "Көктем құдіреті", "Жаңбыр жауар алдында", "Дауыл", т.б. өлеңдерінде құбылысты сәтті бейнелегенін көреміз. Табиғат көріністерінен адамға ой саларлық идея өріп шығарады.

4



Мысалы:

«...Ақ уыздай ақша қарды – басқан кім?

Баспақ түгіл қарауға мен жасқандым...» [1]

немесе:

«...Жаңа жауған ұлпа қар

Кіршігі жоқ мақтадай...» [2] –

деп, өз ойын бекіте түсіп, ақша қар арқылы тазалыққа, адалдыққа үндейді.

Ал көктем көріністерін суреттегенде үстірт баяндау емес, табиғатты даму, өзгеру, өрбу барысында көрсетеді. 

«... Тағы келді,

Тағы келді бір көктем.

Сәби сәуір көтерілді жөргектен.

Ертеменен безілдеді, сайрады,

Қараторғай орын таппай жер-көктен...» [3]

немесе:

«...Дүние бір таңғажайып күйге енді...» [3], – 

деп, өзінің жүрек жарды қуанышын білдіреді. Сәуір айын сәбиге теңей отырып, өлең идеясын дамытады. Ең бастысы – адам сезіміне қозғау салады. Жақсылық пен ізгіліктің сан қырларын ашуға ақын өте шебер.

Ақынның қай өлеңдерінен болсын – айқын ой, бейнелі қарапайым тіл, шынайы тебіреністі сезімді көреміз. Ақын таланты дараланып, ашыла түседі. Мәселен, "Дала" өлеңінде ол:

«...Тауларға жалтақтама, жалпақ далам,

Сен кеңсің – ойнау үшін, кұлау үшін,

Сен кеңсің – батыр үшін, сұлу үшін.



5

Келетін сияқты жұрт саған әсте

Өзінің титтейлігін білу үшін!» [4]

немесе:

«...Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма еді?

Ат мініп, көкпар тартып кұлшынар ма ек!

Уа, далам! Кеңдігіңе тамсандым көп,

Айта алман бәрін жазып тауса алдым деп.

Сен – алып пластинка дөңгеленген,

Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп!» [4] –

деген жолдарда ақынның елге, жерге деген шынайы сүйіспеншілігі байқалады. Қазақ даласының кеңдігіне сүйсінеді, өзін сол даланың бір бөлшегі ретінде сезініп, жан дүниесін рахатқа бөлейді.






















6

1.2 Қадыр поэзиясындағы ақын мен табиғат үндестігі


Адам – табиғат перзенті. Соның ішінде кез-келгені табиғат ананың таңғажайып құбылысын, әсем әуенін көзбен көріп, көңілімен сезіне бермейді. Ал бұл қасиет ақында басым, өйткені ол табиғат анасынан шабыт алады, ерекше қуат алады, анасына ұқсап бұрқ-сарқ ашуланады, кейде айналасындағыларға мейірім шуағын аямай-ақ шашады.

Осы екі құбылысты бір бойына қатар сыйдырып, табиғаттың әсемдігінен қуат алып, күннің көзі жарқырай шықса балаша қуанатын, күннің көзін бұлт басса балаша өкпелейтін ақындарымыздың бірі – Қадыр Мырзалиев.

Қадыр Мырзалиев бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған табиғат мәселесінің байыбына тереңдей еніп, жалпы әлемдік апаттың алдын алуға үн қосып, жеке жинақ шығарған ақын.

«Қадыр – сыршыл ақын. Бірақ оның сыры жеке бастың ғана сыры емес. Сезімі ұшқыр, ойы биік, әлеуметтік мүддесі терең, кемел азаматтың көңіліндегі күптілік пен көкірегіндегі уайым ешқашан бір басының ауқымымен шектелмекші емес. Қадыр да солай...

Қадыр кейінгі кітаптарында бүгінгі замандастарымызды толғандыратын барша толғақты жайттар туралы да тебірене жырлап жүр. Ол жырлар тек Қадырдың көкірегінен шықпағандай, әрқайсымыздың өз көкірегімізді жарып шыққандай тебірентеді. Өйткені, ол жырлар адал еңбек, пәк махаббат, биік сүйіспеншіліктен бастап туған табиғатқа деген немқұрайдылыққа, барлық әлеуметтік келеңсіздіктерге ашынады», [5] – деген Әбіш Кекілбаевтың сөзі талантты ақын туралы айтылған шынайы пікір.

Адам баласы, оның ар-ожданының тазалығы мәңгі тақырыптың бірі екендігі рас. Ал соны тура мағынасында табиғат тазалығымен қатар қойып суреттеу, екі ойдың мағына мәнін бір ұғымға сыйдырып бейнелеу Қадыр ақында ғана кездеседі десек қателеспейміз.

«...Бар дейсің бе өмірде азап ондай!

Дүние азса ол енді азады оңбай!

Адам таза болмайды ешқашанда

Айналайын табиғат таза болмай!...» [ 6].


Рас-ау. Рас таза болмаған адамның жаны қалай таза болады. Сол


7

сияқты мекен еткен ортақ үйіміз табиғатта тазалық болмаса, сол қоқыстың арасында жүрген адамда қандай тазалық болуы мүмкін. Әрине, халықты жалпылай қаралауға болмас, бірақ сол табиғат тазалығына жауапты адам деген атты арқалап жүрген кез келгеніміз екендігін ұмытпағанымыз дұрыс емес пе?!

Қадыр «табиғат таза болмай адам таза болмайды» дегенді осынау шындықты терең түсінгендігінен айтып отыр. «Табиғат тазалығы» деп аталатын жоғарыдағы лирикасының енді бір тұсында:


«... Таза ауаға кешегі кім шанады?!

Түтін, тұман аспанды тұмшалады.

Кір шалады қанатын аққулардың

Соны ойласаң көңілді кір шалады...» [6] -


деп толықтыра түседі.

Ақын танымында адам мен табиғат егіз ұғым. Адам табиғатқа тіршілік ету үшін ғана емес, бүкіл сана сезімімен тәуелді. Айнала тіршілікте болып жататын келеңсіз көріністердің адам жүрегін жаралап, көңілінде қасіретті мұң ұялататынын теріске шығара алмаймыз. Сондықтан да ақынның аққу қанатына түскен дақты өз көңіліне түскендей сезінуін шынайы оқиғадай сезіммен қабылдаймыз. Егер күллі әлем бір-бірімен тығыз байланыста, бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп отыратын тұтастықтан тұратын болса, онда олардың арасындағы барлық қарым-қатынас қарама-қарсылықпен бірге бір-біріне деген тазалықты да сақтауы тиіс. Табиғат заңында жыртқыш атаулының бәрі жыртқыш еместерді жаппай жоюшы, түп тамырымен құртушы емес, жыртқыштар жыртқыш еместердің әлсіздерін, тіршілік етуге қабілетсіздерін ғана өздеріне азық ететіні белгілі. Табиғаттағы жан-жануардың кейбір түрін түгел құртып жіберуге себеп болатындар ылғи да адамдар.

Ақын Қадыр Мырзалиевтің «Табиғат тауқыметі» деген өлеңінде:


«Мамырға талай

Сәукеле болған ши қайда?

Тамырға қалай?

Сілтесе семсер қинай ма?

Сауатсыздықтың

8

Таңбасы жатыр емес пе?

Жауапсыздықпен

Трактор салған шимайда

Көбелек қайда?

Гүлдерден гүлге ауысқан?

Ебелек қайда?

Оларды опат тауысқан» [7] –

деп, ақиқаттың ақ пердесінің ар жағында болып жатқан үлкен қасіреттің шынайы сиқын өлең өрімімен әдемі жеткізеді. Кеңес Одағы тұсында жоспар орындаймыз деп дархан даланың астаң-кестеңін шығарған «сауатсыздыққа» налиды, «жауапсыздыққа» халықтың ертеңін ойламаған өзімшілдікке күйінеді.


«Жаңылып

Елдің

Жырып бергенше бүтінін

Жабылып енді

Ойлайық жердің күтімін.

Тоярсың тойда

Дөкейлер берген уәдеге.

Қоярсың қайда

Екібастұздың түтінін?!» [8]


Жер барша халықтікі, сол себепті де жердің күтімін құр уәдеге алданбай халықтың өзі ойлау керек екенін тайсалмай айтып, олардың азаматтық намысын оятуға күш салады.


«Азамат бізге

Ағайын ұят емес пе,

Таза ауа іздеп,

Табиғат өзі тұншықса» [8]

Таза ауамен тыныстауға табиғат аясына баратын адам баласына енді сол таза ауаны шығаратын табиғаттың өзінің тынысы тарылып бара жатқанын айтып дабыл қағады.

Қадыр Мырзалиевтің табиғат тақырыбындағы қай өлеңін оқысақ та


9

оның сырлы ойынан танымың кеңейіп, сұлу сөзіне елітіп, табиғат анаға деген құштарлығың арта түсетінін өзің де байқамай қаласың.


«... Дөңгеленіп күн шығып,

Дала жатыр құлшынып.

Сырғасындай қайыңның

Сары кеуде шымшығы», [9] –


деп, далаға таңданған ақын жүрек қайыңға қонған сары шымшықты сырғаға теңейді. Осы құбылысты әншейінде күнде көріп жүргенмен дәл осылай өлең өрнегіне айналдыра алмас едік.

«Шалғайда» атты өлеңінде табиғат көрінісі былайша суреттеледі.

«Бұлыңғыр көк,

Күн сылбырап жауып тұр.

Бөбектер жүр соңғы да ермек тауып бір.

Жасыл шара –

Шалғыны мол ойпаңда

Жатқандайын мама бұлтты сауып құр» [9]


Еріксіз елтисің. Көркем суретке анықтап бір көз салғың келеді. Табиғат тылсымын өн бойына тұндырған осындай өрнекті өлеңдер ақын поэзиясында көптеп кездеседі. Табиғаттың таңғажайыбын тануға, тереңірек білуге жетелейтін дүниелер мол-ақ! Ал оны парасатты түрде пайымдай білу – біздің парызымыз.










10

2. Көркемдеуіш құралдардың қолданысы


2.1 Қадыр Мырзалиевтің табиғат лирикасындағы ұлттық сипаттағы теңеулердің қолданысы


Табиғат лирикасына қалам тербеуде адамның жан дүниесін, сезімін баурап алу үшін көркемдеуіш құралдарды пайдаланудың мәні зор. Әсіресе табиғаттың көз тартар келбетін, әсем жанды суретін жасауда теңеулердің алатын орны ерекше.

Зейнолла Қабдолов: «теңеу – суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу» [10] десе, академик Рабиға Сыздықова: «теңеу – таным нәтижесі, сондықтан теңеулердің дені этнографиялық, ұлттық сипатта болады» [11] дейді.

Академик айтқандай, Қадыр ақын нені жырламасын, бізге беймәлім әлемнің әр түкпіріндегі аң мен құсты, жан-жануарлар мен жәндікті сөз етсе де, ақын ойы, оның өзі өлеңге арқау етіп алған дүниесі теңеулерді шебер қолдануының арқасында бізге таныс нәрседей, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай анық та айқын болып келеді. Ол қай қайдағы бегомот па, керік пе, мүйізтұмсық туралы айта ма оларға өзіміздің қазақы теңеулер мен салыстыруларды шебер пайдаланады. Керек болса, олардың әр қилы қасиеттерінің өзін қазақы ұғымдармен сараптайды.

Ақынның «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» деген өлеңіне көз жіберіп көрелік:

«Мүйізтұмсық!

Мүйізтұмсық!

Керемет!

Зообаққа бара қалсаң көре кет!

Кішісі бар,

Үлкені бар...

Үлкені

Кем дегенде бір машина береді ет...» [6].


Ақын мүйізтұмсықтың біздің елде кездеспейтінін айтып жатпай-ақ, оны зообақтан көруге болады деген емеурінмен ғана түсіндіріп өтеді де, оның үлкен екенін «бір машина береді ет» деген қазақы пайымдау арқылы


11

түсіндіреді. Біздіңше, қазақтан басқа ұлт өкілінің дәл осындай салыстыру жасауы мүмкін емес шығар.

Осынау жазықсыз хайуанның жер бетінен жойылып бара жатуының себебін де кестелі өлеңмен сәтті баяндайды.


«... Етінде емес бірақта бар мәселе!

Енді қайтіп өркені оның өсе ме?!

Мүйізінен дәрі-дәрмек жасасаң,

Деген сөз бар:

Жасарады қартайған,

Әжім түскен,

Ажарынан әр тайған.

Деген сөз бар:

Оралады тағы да

Кәрияға

Күш-қуаты ортайған...» [6].


Мүйізтұмсықтың қырылу себебі де өз құлқынына ие бола алмайтын пенденің пендешілігінде екен.Бірақ пендешіліктің асқындап, жазықсыз аңға ажал болып тиюіне негізгі себеп өсек қана.


«...Дұрыс емес десе де бұл ғалымдар

Кейбіреулер сенеді осы өсекке...» [6] –


десе де сананы жаулап алған өзімшілдік пен соқыр сенімнің жетегіне ергендер, қара басының қамы үшін күллі дүниені қиратуға даяр. Адамгершілік, саналылық деген асқақ ұғымдар біреулердің уақытша тоят алар ләззаты үшін аяққа тапталуда. Неліктен? Ақын оған былайша жауап береді:

«...О адамзат!

Қарамаймын дініңе,

Қайтер еді берік болсаң тіліңе!

Бір білместің айтқан сөзі

Жазықсыз

Жетіп жатыр миллионның түбіне!...» [6].


Иә, адам ойының бұзылуына, қолын қандап күнәға батуына себеп


12

болған бірақ ауыз сөз екен. Адамдардың бойындағы тоқтамға, көнуге ырық бермейтін жыртқыштық қасиеттің құрбаны болған мүйізтұмсықтардың тағдыры ойлап отырсаң кейде сол адамдардың өз тағдыры секілді. Мәселен, «Қызыл кітап» поэмасында «ізім-ғайым жоқ боп кеткен елде бар, халық та бар» [12] – деп Қадырдың өзі айтпақшы, адам баласының өткен өмір тарихы да бүгінгі іс-әрекетін, түсінігін түзеуге сабақ болар еді.

«Шілді» атты өлеңінде ақын:


«...Әлі де құтылмаған дала азаптан,

Аппақ шаң көрінеді қала жақтан.

Теңге күн алып ыстық табадағы,

Тоң майдай жылжып еріп бара жатқан...» [6] -

деп шілдедегі шыжыған ыстық күнді алып және ыстық табада еріп жатқан тоң майға теңесе, енді бірде көктемді суреттеген өлеңінде:

«...Көктемнің қош иісі дәрі бұған,

Құлындай қутыңдайды кәрі бұлан.

Гүл өсіп шыққан тіпті қорымдағы,

Құлаған құлпы тастың жарығынан ...» [13] -


деп көктемде тіршілік иесінің бәрі жанданып асыр салатындығын, тіпті кәрі бұланның өзі жас құлындай ойнақтап, ойды-қырды ойқастағанын келісті қазақы теңеу арқылы суреттеп отыр.

Ал түнде аспанды тіліп ағып бара жатқан жұлдызды ақын қорытылған құрышқа теңейді:


«...Жұлдыздың кететіндей тамып бәрі,

Жаз түні бар шырағын жағып қарық,

Құрыштай қорытылған

Жоғалатын

Қызыл шоқ ұзақ-ұзақ ағып барып ...» [1] -

Әрбір ұлт, әр халық табиғат әлемін өзінше жырлайды, оған деген көркемдік көзқарастары да әр түрлі. Көбіне «әрбір ақынның немесе жазушының өзіне ғана тән ерекше табиғат образы бар» [11]. Ол табиғатты сырттай ғана қызықтап қоймайды, сол төл табиғаттың әрбір туындысының


13

мазмұнына тереңдей үңіліп, өзіне ғана тән пайымдаулар жасап, өзгелерден оқшау сыр түюге шебер. Ақын суық аязды:

«...Қас батырдан қаһарлы,

Ояздан да озбырлау...» [3], -

деп суреттесе, алыстан қарауытып көрінген ауыл бейнесін:

«...Бұлдырайды әне ауыл,

Буға ұстаған әйнектей...»[3], -


деп, ал сол суықтағы аттың күйін:


«...Құлагердің танауы

Қайнап кеткен шәйнектей...» [3], -


деген ойға қонымды, ұлттық сипаттағы теңеулермен әдемі бейнелейді. Ал әрқашан ақын ойында келісім тауып, жағымды жағымен көріне бермейтін өндірістің суреті де сол біз айтқан сипатта көлбең етіп өте шығады:


«...Жырақ завод түтіні

Жын-перінің шашындай...» [3], -


деген жолдарда табиғат тазалығы мен сұлулығына «жын-перінің шашы» секілді зияны мен улы түтінді қатар қояды. «Ақындық көзқарас пен көркемдік шешімнің тұтастығы, ой-сезім дүниесінің тереңдігі, бейнелеу жүйесінің көп желілігі, суреттеу құралдарының қашанда сонылығы Қадыр поэзиясының қадыр-қасиетін танытады. «Мынау Қадыр ғой» дейсің оның қолтаңбасын ә дегеннен-ақ аңғарып, жаза баспай танып» [14].










14

2.2 Қадыр Мырзалиевтің табиғат тақырыбындағы лирикалық кейіпкер бейнесі


Жаратылысы табиғатпен жақын қазақ халқы ойлағанда да, сөйлегенде де табиғаттан қол үзіп кете алмайды. Жалпы табиғат тақырыбындағы өлеңдерді оқи отыра, ақындардың лирикалық кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерін, айналаны қабылдауын оны өзінің көңіл-күйімен, жан-дүниесімен ұштастыра, байланыстыра қабылдауын жан-жақты танимыз.

Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептермен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқынуы, автордың өз басының алуан-алуан нәзік түйсіктері, қуанышы мен қайғысы, мұңы тән болып келеді. Ақынның көңіл күйі әрқашан өзі өмір сүрген ортаның хал-жайына байланысты. Ол қуана шалқысы да, жабырқай толғанса да – лирикада сол өз кезінің шындығы жатады. Оқушы әрбір лирикалық шығармадан оны жазған автор өмір сүрген кездің жай-жапсарын аңғарып отырады. Лирикалық кейіпкер сыршыл өлең жырлардағы ақынның өз бейнесі.

Қадыр ақын табиғат туралы өлеңдерінде жеке адамның сана-сезімі өссе, табиғатқа жанашыр топ көбейіп, тұтас бір қоғамдық пікірге ұласса деп армандайды. Тірі табиғаттың азып-тозуы тек адамзаттың өзіне қарсы жасалған қаскөйлік екенін, сол дағдарысқа кінәлі тек өзіміз – адамдар екенін де әрдайым қайталап айтудан жалыққан емес. Сонан да болар ақынның лирикалық кейіпкерлері көбіне үлкен істерде көрінетін күрескерлер болып келеді.

Қадыр Мырзалиевтің экология тақырыбына арнап жазылған лирикалық өлеңдерінің көбісінің басты кейіпкері ақынның өзі. Оны лирикадағы негізгі идеядан, оған баға беруші, кесімін айтып, үкімін шығарушы ақындық «мен» арқылы іске асуынан да байқаймыз. Жоғарыда біз азды-көпті талдап кеткен: «Қамыстыкөл», «Шарт», «Табиғат тауқыметі», «Қымбат», «Мүйізтұмсық немесе миллионның тағдыры» тағы басқа лирикаларында ақын өзінің ойын тыңдаушыға тікелей жеткізуге тырысады. Яғни, бұл өлеңдерден лирикалық қаһарман ретінде көрінетін ақынның бейнесін айқын аңғаруымызға болады. «Қазақ өлеңіндегі басты әдеби бейненің бірі –ақын образы» [15] дегенге сүйене отырып, оның ақын лирикасындағы орнына тоқталар болсақ, Қадыр ақын соңғы жазған көптеген өлеңдерін тек бірінші жақтан, ақын атынан ғана баяндап қоймай,


15

сол өзі өлеңде қозғаған мәселеге өзі жауап беріп отыратындығы да жиі кездеседі.

«Қазына» деген өлеңінде:

«...Көзіңізбен көрдіңіз

Таумыз

Түзбіз,

Тақырмыз.

Қазып-қазып

Жерді біз

Жегідей жеп жатырмыз...» [16], -


деп ащы шындықты алдымызға жайып салады.

Мұның мәні өмір сүру үшін жанталасу, ғылым мен техниканы пайдалана отырып, табиғаттан өз ризығын алу жолында адам сол табиғатқа орасан үлкен зиян келтіріп, «жазылмастай етіп жарақаттайды», экологиялық апат қаупін тудырады, ал бұл әрекетінің зиянды екенін біліп бәріне тоқтау салу қазіргі заман үшін – қол қусырып қарап отырып өлумен бірдей. Өйткені бес миллиардтан астам адамды баяғы ағаш соқамен егін егіп асырай алмасымыз кәміл. Ал ақын айтқандай «жерді жегідей жеп жатсақ» ол сол тіршілік үшін күресудің бір түрі, өмір сүрудің еріксіз таңылған ережесі. Одан кері шегінер басқа жолда жоқ.

Әрине бұл мәселеде біз адамзат қажеттілігін қамтамасыз етудің екінші бір қыры бар екенін де естен шығармауымыз қажет. Адам баласы табиғатты тек тамағын тойдыру үшін бүлдіріп жатқан жоқ, үлкен территориялардың ядролық бомбаларды сынау үшін пайдаланылып жатқанын Семей, Невада, Лобнур полигондарының жер шарындағы тіршілік үшін қаншалықты қауіпті екенін қазір айтып түсіндіріп жатудың өзі артық. Бұл полигондардың бәрі адам баласының өсуіне емес, өшуіне қызмет ететін, өзге жұртқа үстемдік ету үшін ғана керек болатын қырып-жоятын қарулардың аранды ошақтары. Ал мұндай ақымақ ойдан бас тарту адамдардың өз қолындағы нәрсе. Бұған бүтін бір халықты не болмаса үлкен бір ұлтты кінәлай алмаймыз, оған кінәлі билік басындағы кейбір шағын топтар ғана ел мен жер, күллі табиғат әлемі солардың халықтан гөрі қара бастарының қамын көбірек күйттейтін қорқау ойларының құрбаны болып отыр. Адамдар арасындағы кейбір парықсыздардың табиғат анаға жасап отырған осынау қиянатының шынайы суретін ақын өз поэзиясында былайшы суреттейді:

16

«...Біледі жердің парқын кім!?

Білмегендіктен тозды адам.

Ақымақтығынан әркімнің,

Азды-ау біраз,

Боз далам!» [16].


Иә аянышты көрініс, көкірегің қарс айырыла еске алатын қасіретті сурет. Басқаны басқа дейік, күллі тіршілік атаулының тірегі қара жердің өзін жегідей жеп, аздыруға айналыппыз. Ақынның лирикалық кейіпкері арқылы жеткізгісі келген ойы да сол адамдар көңіліндегі аяныш сезімін ояту, көпшіліктің шындыққа көзін жеткізу екендігі өлең мазмұнынан айқын аңғарылып тұр.


























17

Қорытынды



Қазақ поэзиясы - әдебиеттің басқа тектеріне қарағанда өте ауқымды, аса бай саласы. Кез келген әлем әдебиетіндегі поэзия жанрына назар аударғанда ең алдымен ақындардың ерекше жырлағаны - табиғат лирикасы.

Адам мен табиғат барлық өнер туындыларының зерттеу нысаны десек те артық болмас. Әсіресе, сыршыл, көркемдікті жыр еткен жанр лирикада жыл мезгілдері, табиғаттың көз тартар құпияға толы әсемдігі, уақыттың әрбір сәті алуан түрлі тәсілдермен жырланып, әдебиетімізде лириканың үлкен бір саласы табиғат лирикасын қалыптастырды.

Табиғат лирикасының тамаша сан алуан реңге боялған, образға толы үлгілері ауыз әдебиетінен бастау алғанын айтуға болады.

Қашанда адамзат табиғатпен етене жақын, бір-бірімен тығыз байланыста. Сондықтан да айнала қоршаған орта және оның әр түрлі жаратылыс сырлары адамның назарын өзіне аудармай қоймаған.

Әсіресе сұлулыққа жаны құмар, айналасына ойлы көзбен қарап, нәзік түйсікпен қабылдайтын ақындардың ерекше назар аударары сөзсіз. Сол себепті де қазақ поэзиясында табиғат лирикасы әр дәуірде де өз жырлаушысын, өз табынушысын тауып отырған. Біреулер табиғаттың көз тартар әсемдігі мен қолдан ойып жасалғандай сұлулығына тамсанып, табиғаттың пейзаждық суреттерін жасаса, енді бір топ ақындар сол табиғатты жырына арқау ету арқылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін астастыра жырлаған.

Қазақ әдебиетінде табиғат тақырыбына ерекше назар аударып, соны жол салған Қадыр Мырзалиевтің шығармашылығы басты назарға алынып, табиғат лирикасына жеке-жеке тоқталып көркемдік ерекшелігіне назар аударылды.

Кез келген ақын табиғат сұлулығына тамсанып қана қоймаған, сол сұлулықпен сырласып, мұңдасып, өзінің қуанышын бөлісіп отырған.

Жаратылысы табиғатпен жақын қазақ халқы ойлағанда да, сөйлегенде де табиғаттан қол үзіп кете алмайды. Жалпы Қадыр ақынның

18

табиғат тақырыбындағы өлеңдерін оқи отыра, ақынның лирикалық кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерін, айналаны қабылдауын, оны өзінің көңіл-күйімен, жан-дүниесімен ұштастыра, байланыстыра қарастырғаны байқалады.

Табиғат лирикасын жырлауда көркемдеуіш құралдарды пайдаланудың мәні зор. Табиғат лирикасына қалам тербеген Қадыр ақын айшықтаулар мен құбылтулардың сан алуан түрлерін қолданып, табиғат лирикасының көркемдік сипатын арттырған.

Ауыз әдебиетінен бастау алған табиғатты суреттеу дәстүрі үзілген емес. Ол – адамзат тіршілігіндегі ажырамайтын мәңгілік тақырып.



























19

Пайдаланған әдебиеттер тізімі


  1. Мырзалиев Қ. Көкейкесті. – Алматы: Атамұра, 2003 ж.

2. Мырзалиев Қ. Алақан. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

3. Мырзалиев Қ. Қорамсақ. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

4. Мырзалиев Қ. Көкпар. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

5. Мырзалиев Қ. Иірім. – Алматы: Атамұра, 2004 ж.

6. Мырзалиев Қ. Таңдамалы. 2-том. – Алматы: Жазушы, 2005 ж.

7. Өлең өлкесі. Қазақ табиғат лирикасының антологиясы. – Алматы: Жазушы, 2009 ж.

8. Мырзалиев Қ. Көш. – Алматы: Жазушы, 1973 ж.

9. Мырзалиев Қ. Қызыл кітап. Үш томдық шығармалар жинағы, – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

10. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ Университеті, 1992 ж.

11. Қазақ әдебиеті энциклопедиясы. – Алматы: Білім, 1999 ж.

12. Мырзалиев Қ. Көктем. – Алматы: Жазушы, 1959ж.

13. Мырзалиев Қ. Домбыра. – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

14. Сейітов С. Өлең өлкесінде. – Алматы: Жазушы, 1984 ж.

15. Әдібаев Х., Базарбаев М., Қабдолов З., Нұрғалиев Р. Қазақ әдебиеті.

Алматы: Рауан, 1994ж.

16. Мақпырұлы С., Құрманбай Г., Құрманбайқызы А. Қазақ әдебиеті. 8- сынып. – Алматы: Мектеп, 2004 ж.







20

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
29 сәуір
1176
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі