Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Ғылыми жұмыс "Тоқтар Әубәкіров"
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Мазмұны
І. Кіріспе..............................................................................................................
1.1 Мақсаты.........................................................................................................
1.2 Міндеті..................................................................................................................
1.3 Тақырыптың өзектілігі.....................................................................................
ІІ. Негізгі бөлім..........................................................................................................
2.1 Тоқтар Әубәкіровтың жастық шағы..............................................................
2.2 Ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров............................................................
2.3 Ғарыш көгіне самғау.......................................................................................
2.4 Тәуелсіз Қазақстандағы Тоқтар Әубәкіровтың еңбек жолы..................
ІІІ. Қорытынды.....................................................................................................
IV. Пайдаланылған әдебиеттер...........................................................................
Кіріспе
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғанына да 25 жыл толыпты. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап өткен бұл күн үшін қай-қайсымыз болсақ та бей-жай қарамасымыз анық. Сонау азуы алты қарыс Ресей Империясының зорлығы мен қорлығын көріп одан бертін келе қылышынан қан тамған, қаншама арыстарымызды жалмаған Кеңес Одағының зобалаңы бар. Осыншама қиындықтарды көре отырып еңсемізді тіктеп, іргемізді көтерген ел болдық. Көреген басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтқыр саясатының арқасында іргелес жатқан орыс аюы мен қытай айдаһарына жем болмай татулықта өмір сүруге мүмкіндік алдық. Ядролық қарудан да бас тартып, БҰҰ-на мүше болып қабылдандық. 25 жыл көп уақыт емес әрине, бірақ осы 25 жыл ішінде қаншама игі істер атқарылды. Сол атқарылған игі істердің ішінде Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуы. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар атамыздың ғарыш кеңістігіне ұшқанына да 25 жыл толыпты. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мерейтойлы жас 70-ке толып отыр. Ақсақалдық жасқа толып отқан атамыздың халқы үшін еткен ерең еңбегі орасан зор. Авиация саласында ұшқыш-сынақшы ретінде бастап, ғарышкер болып аяқтаған атамыз зейнеткерлікке шыққан соң саясатпен де айналысты. Әрбір қазақтың ер азаматы секілді Тоқтар атамыз да сәйгүлік мініп аңшылық құрғанды ұнатады.
1.1Зерттеудің мақсаты мен міндеттері
Ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты- қазақ халқының сөнбес жұлдызы Тоқтар Әубәкіровтың өмір тарихын терең зерделеу. Тоқтар Әубәкіровтың балалық шағы, еңбек жолы туралы, жеткен жетістіктері туралы мағлұмат жинау. Қазақстанға Республикасы Халық Қаһарманының өмір тарихын терең зерттеп, өскелең ұрпақты патриоттық сезімге баулу. Тоқтар атамыз секілді батырларымыздың атын әрбір қазақ азаматының жүрегінде қалдыру. Қазақ тарихында аты аңызға айналған ұшқыш-сынақшынының әлі де толық зерттелмеген тұстарын ашып көрсету.
Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойдым.
-
Тоқтар Әубәкіровтың өмірбаянын зерттеу
-
Кітаптарға, газет-журнал мақалаларынан, ғаламтор беттерінен мәлімет жинақтау
-
Авиацияға қосқан үлесін анықтау
-
Тәуелсіздік жылдарындағы Т.Әубәкіровтың еңбек жолына шолу жасау
1.3 Жұмыстың өзектілігі
Қасиетті қазақ жері ежелден батырларға толы болған. Арғы бабамыз сақ, ғұндардын өзі қаншама ғасыр кең байтақ қазақ даласын жаудан қорғаған. Тұлпарлар тұяғы дүбірлеген қазақ даласы, нешеме тарихи оқиғалардың куәсі. Шыңғысхан бастаған ұлы моңғол шапқыншылығын, Ресей Империясының отарлауын бастан кешірген кезеңдерде қазақтың қаншама батырлары басын бәйгеге тігіп, елін-жерін ерлікпен қорғаған. Ұлы Отан соғысы кезінде Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, Ж.Елеусізов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова сынды т.б ержүрек батыр ата-апаларымыз неміс басқыншыларына қасқайып қарсы тұрды. Осы бабаларымыздың ерлігін қайталаған батыр тұлғалардың бірі Тоқтар Әубәкіров деп айтуымыға болады. Бейбіт елдің батыры атанған Т.Әубәкіров Гиннесстің рекордтар кітабына кірген болатын .“Тбилиси” крейсерінен МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеріп Тоқтар Әубәкіров Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл 1989 жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді. 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Ғылыми жұмыстың өзектілігінің бірі ол Т.Әубәкіровтың казіргі кезде еңбек жолын болашақ жастарға насихаттап, үлгі етіп көрсету. Шетелдік кинолардың батырларын үлгі етіп жүрген қазіргі жастар үшін Т:Әубәкіровтай батыр тұлғаларымызды көбірек үлгі етуіміз қажет секілді. Казіргі кәріс әртістерін үлгі етіп жүрген жастарымызға дұрыс үлгі көрсете білуіміз қажет.
2.1 Тоқтар Әубәкіровтың жастық шағы
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1-ші Май ауылында дүниеге келді.Ол кез соғыс жаңа бітіп, батырлықты, ерлікті уағыздаған уақыт болатын.Халықтың соғыстан енді ес жиып, тұралап қалған шаруашылықты қайта қалпына келтіріп жатқан уақыты. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болатын. Әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия көзге көрініп, көз жұмған 9 ұлдан кейінгі перзентіне «енді осы жаманымыз аман болсыншы» деген ниетпен азан шақырып, Тоқтар есімін беріпті. Ата-анасы ерте дүние салды. Кішкентайынан ата-анасынан айырылғаннан ба, Тоқтар бұйығы, оқшау өсті. Өмірдің тауқыметін бесіктен белі шықпай жатып көрген, ол әпкесі Бикен мен жездесі Нығметтің тәрбиесінде болды.
Тоқтар аға өзінің балалық шағы туралы журналистерге берген бір сұхбатында төмендегі әңгімені айтып еді. Тоқтар ағаның 3 жасар кезінде ауылына сырқат тұрғынды алып кетуге ұшақ келіп қонады. Бірінші көріп тұрған беймәлім дүниені ауылдың бар баласы жағалап жүр. Ұшқыш жігіттердің бірі ұшаққа зиян тигізе ме деп шыр-пыр боп жүр. Бір кезде «Ал, балалар, кім батыл? Қане, ұшаққа мініңдер! Ұшамыз», -– деді. Тоқтар аға ойланбастан ұшақ ішіне қойып кетеді де, ұшқыштың қасына барып тұра қалады. Ағамыздың артынан еріп әртүрлі жастағы 5-6 бала кірген болатын. Ұшқыш сол алаңқайды екі рет айналып жүріп барып тоқтады. Көкке көтерілген де жоқ. Бала көңіл шат-шадыман. «Біз ұштық, біз ұштық!» деп айқайлаған дауыс ауылдың екінші шетіне жетердей болды. Ұшқыш оларды «ұшақты қорғап тұратын батырлар» деп атады. Ал содан кейін бірде бір баланы ұшаққа жақындатпай, қолдарына таяқ ұстап, жауынгердей сап түзеп тұрып алды. Ең мықты күзетші болды. Сол бір шуақты күнде «ұшқыш болсам» деген аяулы арман бала Тоқтардың жүрегінен орын тапты. Осыдан кейін ағаштан ойып, ұшақтар жасайтын бастады. Қанша ағаштан жасалған ұшақты көкке ұшырды. Әлі күнге естеліктер үйде сақталып қалған. Әкесі – Әубәкір үлкен ұста болған кісі екен. Ағаштан түйін түйген шебер болған. Әкесі Әубәкір Тоқтар ағаның 7 айлық кезінде дүние салған. Сәби Тоқтардың алғаш еңбектегенін көріп, көзіне жас алыпты. Маңдайынан иіскеп, жалғыз ұлына сенім артып кете барды. Құжат бойынша әкесінің аты фамилиясы болып жазылып, атасының аты әкесінің орнында қалып қойған.
Өзі өскен ауылда 8-сынып болмағандықтан, 15 жасына толмай Теміртау қаласына көшіп келеді. Шешесін асырау үшін жүк тасушы болып жұмыс істеді. Басқа жерге жеке басын куәландыратын құжаты жоқ болғандықтан жұмысқа алмайды. Құжат алу үшін милицияның алдына барады. Басшысы Тоқтар ағаның жағдайына қарап, уақытша құжат жазып береді де, «Сен баладан түбінде бір нәрсе шығады. Айтқаныңнан қайтпайды екенсің», – деп күліп шығарып салады. Қазақша әкесінің атымен жазылады. Орысша дұрыс болып жазылады да, кейін қазақшаланғанда ауысып кете барды. Кейін құжаттардың бәрі қазіргідей жазылып кетті. Өсе келе Нұркен Әбдіров – Тоқтар ағаның қиялындағы ұстазына айналды. Ол кісіге қатты еліктеп өсті. 10 жасында ауылдан 40 шақырым жерде Нұркеннің туып-өскен жеріне жаяу барып қайтқан кездері де болатын. Әйгілі ұшқыш басқан топырақты басу, ауасын жұту – бала Тоқтардың тілегі еді. Тоқтар үшін өзі балалық шағын өткізген аяулы мекенін көк жүзінен көру арман болды. Балаң жігіт ең алдымен аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашютпен секіруге әуестенді. Армандар бірден орындалмайды ғой ол үшін еңбек ету керек. Тоқтар мойымады алдындағы бар қиындыққа төтеп беріп, балалық шағында алдына қойған мақсатына жетуге ұмтылды.Бала Тоқтар ерте есейді, өз ортасынан бөлініп көрініп тұратын .
Еңбек жолын 1962жылы Теміртау қаласында орналасқан Теміртау құйма механикалық зауытында бастады. Өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен көзге түсті. Теміртау механикалық құйма зауытында аз уақыт қызмет атқарса да алдыңғы қатардан көріне білді. Жоғарыдағы басшылар Тоқтар ағаның еңбекқорлығына тәнті болып, оның жұмысын тексермейтін де болған. Өзінің ерең еңбегінің арқасында 1964 жылы басшылардың ұсынуымен есімі облыстық Құрмет кітабына алтын әріппен жазылды. Бірақ Тоқтар мұнымен тоқтап қалған жоқ.
Тоқтар Әубәкіровтің сегізінші сыныпты бітіре салып, Теміртаудағы құю-механикалық зауытта токарь болып істеуі үшін де сол тәуекелдің керек болғаны даусыз. Кешкі мектепті жұмыспен қатарластыра оқып шыққан соң, 1965 жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Осы училищені 1969 жылы бітірген соң КСРО әскери-қарулы күштерінде қызмет етуге бел байлайды. Былай қарағанда өмірбаян беттеріне тізбектелген осы жылдар оп-оңай өте шыққан сияқты. Бірақ ол кезде қазақ баласының ұшқыштар мектебіне түсуі, шынын айтқанда, талайлар үшін тек арман болатын. Тіпті Елбасымыздың өзі жас күнінде ұшқыш болуды армандағаны белгілі ғой. Өйткені, қаншама бауырлас елміз дегенімізбен Кеңестер Одағының былайғы халықтары үшін темір шымылдықты жерлері көп еді. Қазақтың арманы аэроклубтан ары аспайтын. Ары қарай тәуекел етуге екінің бірі бел байлай да бермейтін. Тұмсығы тасқа тірелетінін білген соң да солай болған шығар. Тоқтар ағамыз сынақшы-ұшқыш болуға Кеңес Одағының Батыры А.Федотовпен кездескеннен кейін мықтап бел байлаған. Бірақ сынақшы-ұшқыш арманына жетемін дегенше де алда біраз уақыт бар.
2.2Ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров
Аспан, аспан арманның төрі ме
еді?
Жұлдыздар жалт-жұлт етіп көрінеді.
Қараңғы түн. Сынақшы ұшқыш үшін
Азапты әрі қиын өмір еді.
Темірдей төзімдерді сынайтұғын,
Сынақшы ұшқыш болу ұнайтұғын.
Аялаған арманын хатқа жазып,
Қонаевқа жолдады бір ай
бұрын.
Қазақ “Тәуекел ет те тас жұт” дейді. Ер адамның ең басты серігі ол тәуекел. Тәуекелге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні анық. 1965 жылы әуе қорғанысына қарсы ұшқыштар даярлайтын Армавир жоғары әскери авиация училищесіне түсу үшін де үлкен тәуекел керек еді. Бірақ ержүрек Тоқтарды ол да тоқтата алмады. Әскери авиация училищесіне оқуға түседі. Аты аталған училищені 1969 жылы бітірген соң КСРО әскери-қарулы күштерінде Қиыр Шығыста, Амурдағы Комсомольск қаласында әскери қызметін жалғастыра береді. Сонда СУ-15 ұшағымен ұша бастайды. Төрт жылғы әскери қызметінде Тоқтар ерекше қабілетімен көзге түседі. Қиыр Шығыстағы ең үздік ұшқыш атанады. Сондағы авиация зауытына жиі барып, сынақшы-ұшқыштармен танысады. Олар әңгіме арасында егер сен эскадрилия командирі болсаң, сынаққа мүлдем жібермей қояды деген сөзді айтады. Өзін сынақшы-ұшқыштар мектебіне ауыстыруды өтініп, қайта-қайта сұранады.Өтініші қанағаттандырылмай, арызы кейін қайтарыла берген соң “жығылсаң нардан жығыл” дегендей, Тоқтар ағамыздың ойына керемет бір идея сап ете қалады. Ол дереу Қонаевқа хат жазу қажет деп шешеді. Отыра қалып, хат жаза бастайды. “Мен, Тоқтар Әубәкіров, аға лейтенантпын. Сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Оған денсаулығым да, білімім де жетеді. Барлық сынақты ойдағыдай тапсырдым. Бірақ Қорғаныс министрлігі мені бұл жаққа жіберетін емес. Қазақтың бір баласы сынақшы-ұшқыш болса, несі жаман? Маған осындай мүмкіндік жасауға қол ұшын беріңіз”, деп үшбу хатты жолдап кеп жібереді. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ол кезде Коммунистік партия Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесі Л.Брежневтің досы. Хат жоғарыға жетіп, өтініш қанағаттандырылады. КСРО Қорғаныс министрі А.Гречконың тапсырмасы бойынша Тоқтар Әубәкіровті Авиация өнеркәсібі министрлігіне ауыстыру туралы жоғары жақтан пәрмен келіп түседі. Сөйтіп, Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1976 жылы Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, 1979жылы Мәскеу авиация институтын бітірген. 1976-1992 жылдар аралығында Мәскеудегі А.И. Микоян атындағы тәжірибелік-конcтрукторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы қызметін атқарды.
1976жылы Мәскеудегі А.И.Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроға ұшқыш-сынақшы болып орналасты. Сол жерде көптеген сынақшы-ұшқыштармен танысып, небір асау әуе тұлпарын ерттеп міне бастайды. Былай қарағанда өмірбаян беттеріне тізбектелген осы жылдар оп-оңай өте шыққан сияқты. Бұл тұста Тоқтар үшін өмір мен өлім ылғи қатар беттесіп отырыпты. Өйткені сынақшы дегеніміз беймәлім дүниені сынақтан өткізу. Әрбір сынақта ұшақты емес адам өмірін сынақтан өткізіп отырды деуге болады. Бірақ жаужүрек, батыл, қазақ жігіті үшін бұл нағыз намыс сынағы болды. Кеңестік идеологияның шарықтап тұрған кезінде Тоқтар атамызға небір ауыр сөздерді естуіне тура келді. Тоқтар атамыз кеудесін тік көтеріп нағыз қазақтың қайтпас-қайсар мінезімен өзінің кім екнін дәлелдей білді.
А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының бір құжатында бұрынғы Одақтың 26 сынақшы-ұшқышы болғандардың ішіне Қазақстаннан жалғыз Тоқтар Әубәкіров қана ілігіпті. Солардың 9-ы сынақ кезінде апатқа ұшырап, қаза тапқан. Ал, қалғандары батыр атағына ие болған. Тоқтар атамыз солардың бірі болыпты. Тоқтар атамыз бір естелігінде 1977 жылы 17 ұшқыш-сынақшыдан айырылып қалғанын, сонда аэродромнын босап қалғанын айтқан. Өмір мен өлім арасында жүрген Тоқтар атамыз өзінің қайсар мінезінің арқасында алға қойған мақсатына жетуге ұмтылды, жетті де.
Тоқтар атамыз МИГ-23 ұшағынан бастап МИГ-29 ұшағына дейін түгел сынақтан өткізді. Т. Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Гиннесстің рекордтар кітабына кірген ерлігін де осы ұшақпен жасады. “Тбилиси” крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады. Кеңес ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ бұрқ етіп жоқ бола ма деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып, қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды. Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін Тоқтардың бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді. Бұл 1989 жылдың 1 қарашасында болған оқиға еді. МИГ-29 ұшағын ұшырмас бұрын КСРО президенті М.С.Горбачев орталық комитеттін кезекті бір жиналысында әскери авиацияның басшысынан, осы ұшақты ұшыратын орыс азаматы табылмады ма дегенде, әскери авиация басшысы орыс авиациясын қанмен былғамай 1-сыныптағы ұшқыш-сынақшы Т.Әубәкіровты жіберейік деген ұсыныс айтылады. Абырой болғанда Т.Әубәкіров өзіне қойылған міндетті абыроймен атқарып шықты. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.1988 жылы бірқатар сынақ ұшуларын сәтті өткізгені үшін Кеңесовет Одағының Батыры атағы беріледі.
Қиыр Шығыста жүріп Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа хат жазу, онда да қазақтың бір баласының сынақшы-ұшқыш болса, несі айып, – деп мәселені төтесінен қою үшін де жүрек жұтқан батырлық керек. Егер сонда Тоқтар атамыз солай тәуекел етпесе, қатардағы көп ұшқыштың бірі болып қала берер ме еді деген ой туындайды. Өмір жолы мүлде басқаша қалыптасар ма еді кім білсін.
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атамыздың Тоқтар Әубәкіровтің ерлігіне тәнті болғанда айтқан сөзіне қосыла бас иземеске амал жоқ “Мынау деген кез келген ғарышкер-ұшқышыңыз сынақшы-ұшқыш бола алмайды. Былай қарасаң, олардың дәрежелерінің бір-бірінен еш кемістігі, не артықшылығы жоқ. Тек, ғарышкерлер елдің алдында, халықтың алдында жүретін топ, ал сынақшылар құпия өмір сүреді. Сынақшы мен ұшқыштың ара-жігін ажыратып алу керек. Мәселе – олардың қызметінің сынақшылық құпиялылығында да емес, бар мәселе – олардың жүрегінде. Ең алдымен жүрек керек.” Тоқтар Әубәкіров өз естеліктерінің бірінде А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар мекемесінде қызмет жасап жүргенде өзінің құжатында жүргізуші деп жазылғанын айтқан болатын. Осылайша Тоқтар атамыздың еңбегі елеусіз қалмай Кеңес Одағының бірнеше марапаттарына ие болды. Соның ішінде ең елеулі марапаттарының бірі ол Кеңес Одағының Батыры атағын алуы. Мұның бәрі қажырлы еңбек пен төзімділіктің арқасы.
Кезекті сәтті сынақтан соң
Крейсер бортынан кезекті реактивті ұшақтың ұшуы
Сәтті сынақтан соң
халықтың алғысын алуда
2.3 Ғарыш көгіне самғау
Байқоңыр. 1991. Қазан айдың
екісінде,
Ұшудың жоспары бар бекітілген.
Сол экипаж биікке көтерілді
Сапары тұратұғын жеті күннен.
Алтын күн арайлана сәуле шашты,
Күн нұрымен сүйгендей бар Алашты.
«Сау бол, Тоқтар бауырым! Аман орал»
Деп Елбасы ақ сөзімен амандасты.
Тоқтар Әубәкіров 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. Тәжірибелі ұшқыш-сынақшы үшін бұл үлкен сынақ болды. Кеңес Одағының ыдырап жатқан қиын уақыты болатын. Сол кездегі Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болған Н.Назарбаев қазақ азаматының ғарыш кеңістігіне ұшуына ықпал етті. Тоқтар атамыз өзінің ғарышқа ұшатынын жолдастарынан естіген. Сонда ашуға булыққан Тоқтар атамыз менің жеке өмірімде несі бар деп күйіп-піседі. Өз бетінше шешім қабылдап қалған Тоқтар атамызға бұл үлкен соққы болды. Ертесіне Президент Н.Назарбаевтың қабылдауына шақырту алады. Қабылдауға барған соң Тоқтар атамыз үзілді кесілді қарсы екенін айтады. Бір кезде Н.Назарбаев Тоқтар, бауырым. Мені дұрыс түсін, бұл ұшу сен үшін, я болмаса мен үшін қажет емес, біздің қазақ халқы үшін керек. Білесің бе: Байқоңырдан осынау отыз жылдың ішінде ғарышқа кімдер ұшпады? Ал сол жердің иесі – қазақтар “Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады?” деп армандаумен келеді. Өзіңді туған сол халықтың арманын орындаудан неге бас тартпақсың? Оның үстіне сен барлық жағынан дайын тұрсың. Керек десе, Кеңес Одағының Батырысың! – дейді. Осы сөзден соң Тоқтар атамыз халқы үшін ғарыш кеңістігіне ұшуға бел байлайды. Елбасымыздың күш салуымен 1991 жылғы 21 қаңтарда Тоқтар Әубәкіровтің кандидатурасы жедел түрде бекітіліп, бас-аяғы төрт айдың ішінде барлық дайындықтан сүрінбей өтті.
Осылайша 1991 жылы 2-ші сәуірде Кеңес Одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп кетті. 1991 жылғы қазанның 2-сінде жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 59 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан құрамында ресейлік Александр Волков, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен австриялық ғарышкер Франц Фибек бар «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен кеңес-австрия экипажы ұшып шықты. Қазақстан мен Австрия арасында ғарышқа жол салған бұл тарихи бастаманы Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Әубәкіров 1991 жылдың 10 қазанында Жерге оралды. Ғарыш кеңістігінде 7 тәулік, 22 сағат, 12 минут, 40 секунд болған Тоқтар Әубәкіров тұңғыш қазақ ғарышкері атанды. Тоқтар атамыз ғарышқа ұшқан соң, арада небәрі бір жарым ай өткенде қазақ халқының қолы ғасырлар бойы аңсаған азаттығына жетті.
Осыдан соң арада көп уақыт өтпей қылышынан қан тамған Кеңес Одағы ыдырап Қазақстан тәуелсіз ел атанды. Қаншама жыл орыс ұлтының өкілдерінің қасында жүрген Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшар алдында мен халқым үшін ұшамын деп айқалаған, бірақ ол зымыранның дыбысынан ешкімге естілмеді. Қаншама жыл шет жет қызмет жасаса да туған жерін, отанын ұмытқан емес. Түркі халықтарының ішінде ғарышқа бірінші болып ұшқан Тоқтар Әубәкіровты қазақ халқы ғана емес, барлық Орта Азия халықтары, әлем халықтары мойындап отыр. Қанында қазақтың қайсарлығы бар Тоқтар атамыздың ғарышқа барша қазақ халқына үлкен бір рух бергендей болды. Қаншама жыл бодан болған халқымыздың ұланы топ ішінен суырылып
шығып қазақ даңқын әлемге асқақтатты. Вашингтондағы Дүниежүзілік авиация мұражайында әлемдік авиацияға еңбегі сіңген адамзаттың ең таңдаулы он азаматының аты-жөні мәңгілікке алтын әріптермен құйылып жазылған. Әлемдік деңгейде әбден сүзгіден өткен бірегей сол тізімде қазақтың батыр тұлғалы баласы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың есімі үшінші болып тұр.
Байқоңыр ғарыш айлағында ғарышқа ұшуға соңғы дайындықтар
Ғарыш сапарына дайындық үстінде
2.4 Тәуелсіз Қазақстандағы Тоқтар Әубәкіровтың еңбек жолы
1991 жылы 2 қазанда ғарыш кеңістігіне ұшқан соң, Тоқтар Әубәкіровке Қазақстанның халық қаһарманы деген атақ берілді. Осыдан соң Тоқтар Әубәкіров ғарыш кеңістігіне қайта көтерілмеді. Оның ұшуына кейін Н.Назарбаевтың өзі қарсы болып, ел ағасы елуді алқымдап қалған атамызға мемлекеттік істерді тапсырады. Т.Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Т.Әубәкіров ғарыштағы сапарынан соң өзінің туған жері Қарқаралыға іс-сапармен барды. Халық, батырын үлкен қошеметпен күтіп алды. Батыры үшін сый-сияпаттар жасап, асты-үстеріне түсіп жатты. Қазақтың қос ғарышкер батырын ақбозатқа мінгізіп құрметтеді. Халық мәре-сәре болысып жатты. Қос ғарышкердің үстіне шапан жабылып қазақы үрдіс бойынша домбыра сыйға тартылды. Теміртау қаласының құрметті азаматы деген атақ беріліп, соны Мәдениет сарайында үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша туған жерге сапарында Тоқтар атамыз халқының үлкен құрметіне бөленіп қайтты.
Тоқтар атамыз 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-ші орынбасары қызметін атқарды. 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасында Ұлттық Аэроғарыштық агенттігін құруға ықпал жасады, және осы Ұлттық Аэроғарыштық агенттіктін бас директоры болды. Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары қызметін де қатар атқарып отырды. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарып отырды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2001 жылы № 44 Қызылорда сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісіне депутат болып сайланды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
Қызылорда қаласынан сайлауға түсер кезде сұрамай ма неге Қызылордадан түсіп жатырсыз деп, сонда Тоқтар атамыз мен ғарышқа Байқоңырдан ұштым деген. Ғарышқа ұшып келу деген ол қайта өмірге келу, сондықтан мен Қызылорда қаласында туылдым деген екен.
Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыштық Агенттігін басқарған тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруге емес, бірлесіп игеруге арналған Шарттың жобасы дайындалғанын айтады.Тоқтар Әубәкіровтың сөзіне қарағанда, ҚР ҰАА-ның барлық басшылары заңгерлермен, сарапшылармен бірлесе отырып, Ресейдің ғарыштық мекемелері, оның ішінде, Ресейдің әскери–ғарыштық күштерімен бірге, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы Шарт жобасын дайындаған. Шарттың барлық тетіктері ресейліктермен бірге алдын-ала өткізілген отырыста қаралып, келісіліп, қабылданған болатын. Бірақ қол-қойылатын кезде бірлесе игерудің Шарты емес жалға беру туралы құжаттар шығып кеткен.Осылайша Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей Федерациясына 1994 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. Мамандар Байқоңыр кешенінен ел аумағына жылына 30 — 35 мың тонна улы заттар тарайтынын, зымырандардан түскен қалдықтар Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына зиян келтіретінін айтады. Қазір бұл айлақтан «Союз», «Протон» секілді зымырандар ғарышқа ұшырылып келеді. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Жалға беру шешіміне Тоқтар атамыз үзілді кесілді қарсы болған. Осылайша ол өз қызметінен бас тартқан.
2001-2007жылдар аралығында
Парламент мәжілісінің депутаты болды. Парламент тарқаған
депутаттыққа қайта түспеді. Бірақ саяси өмірден ұзап кеткен жоқ.
Саяси істерге белсене араласып отырды. Қоғамдық іс-шаралардан
қалмауға тырысады. Тоқтар атамыз оппозиция құрамында да болып,
келелі мәселелердің шешімін табуға тырысты. Атамыз
бос
уақытында сәйгүлік мініп, аңщылық құрғанды
ұнатады. Т.Әубәкіров бір кездері Қарағандыда қасқыр көбейіп кеткен
кезде, қасқыр атуға көмектескен болатын. Тоқтар атамыз бұл ісін
ерлікке баламайды. Қасқырдың көбеюі ол табиғатқа кері әсерін тигізу
мүмкін.
Тоқтар Әубәкіровтің ой-толғамдарын қысқаша көрсетіп кетуді жөн көрдім. Неге десеңіз Тоқтар атамыздың патриоттық толғамдары болашақ жастарға үлгі болып, келешекте еліміздің дамуына үлес қосады деген сенімдемін.
– Бізге қуатты қорғаныс күші керек болса, одан қаржы аямайық. “Қай ел өз әскерінен қаражатын аяса, басқа елдің әскерін асырайды” деген Наполеон Бонапарттың сөзі бар. Сондықтан, әскерден ештеңе аяуға тиіс емеспіз.
– Біздің ата-бабаларымыз өзінің ұрпағына ес біліп, етек жапқан кезден бастап қолына садақ беріп, атуға үйретіп, найза мен қылышты серік еткен. Асау аттың жалына жармасып өскен қазақ баласының қай-қайсысы да Отанын қорғауға дайын болған. Қазір ше баланың қолына бар болғаны қамшы береміз, домбыра ұстатамыз, еркелетсек “Сникерс” сыйлайтынымыз бар. Осы дұрыс па?
– Армиядағы өзгерістерді біз отбасынан, ошақ қасынан бастауымыз керек. Авиациясыз әскер – қауқарсыз әскер. Қанаты жоқ құспен тең. Кең-байтақ даласы бар Қазақстан үшін мұның сипаты мен сапасы айрықша...
– Қазақтың киіз үйіне не тең келеді? Кезінде Үштөбедегі киіз үй зауыты жыл сайын жиырма мың киіз үй шығаратын. Соны қайта қолға алып, көшсең де, тіксең де әрі тез, әрі ыңғайлы осынау киіз үйді өндіріске неге қоймасқа?!.
– Қазір дәулетті қазақтар элиталық еуро үйлерінің жанына киіз үй қоя бастады. Қазақтың көне тарихынан тамыр тартып, кешегі өткенімізді еске салып тұратын осындай баспананың ішін ұлттық ою-өрнекке, қымыз бен шұбатқа, құрт пен ірімшікке толтырып, тірліктің сәнін келтіруге неге болмасқа.
1986-1987 жылдары Түркияда «Жаңа ғасыр – миллениумға үндеу» тастаған науқан болады. Оған 12 мыңдай хат жазылыпты. Соның ішінде Ататүріктен бастап түркі әлемінің барлық атақты ұл-қыздарына арналған хат бар. Ыстамбұлдың тұрғыны, 4 сынып оқушысы Байрам Кая 1987 жылғы 21 қазандағы хатын түріктен шыққан болашақ тұңғыш ғарышкерге арнапты. Онда: «…тек қана сіздің арқаңызда түркі халқының көп жылғы арманы, Түркияның тұңғыш Президенті К.Ататүріктің болашақ – авиация мен ғарыштың еншісінде деген ұлы арманы орындалды» делінген. Бұл үлкен комиссияға ұнайды. Сол күнді ерекше күтеді. Бірақ, түрік халқынан ғарышкер шықпады. Содан соң комиссия әлемді назарға алып, түрік халқы Т.Әубәкіровты таңдайды. Тоқтар атамызды Анкараға шақырып өте үлкен жиын болды. Түркияның Байланыс министрінің орынбасары сол жиында Т.Әубәкіроқа Ататүріктің өз қолымен салған үлкен марканы табыстады. «Міне, сіз бүгіннен бастап Түркияның тұңғыш ғарышкерісіз!» деп құрмет жасады. Осылайша Тоқтар атамыз бүкіл түрік әлемінің Тұңғыш ғарышкері атанды . Мәселен, қазақтың түңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың атын иемденген көшелер еліміздің барлық аймақтарында кездеседі. Ал, облысымыздағы Мақтарал ауданында Тоқтардың атында мектеп бар. Тіпті, Шымкенттің іргесіндегі ауылдардың бірінде тұңғыш ғарышкердің атымен аталатын көше де бар екен. Мұнан бөлек, картоптың жаңа сортына ғарышкер есімі беріліп, маркілер шықты. Мұнысы қуанарлық жағдай. Т.Әубәкіров атындағы мектеп Түлкібас ауданы Еңбек ауылында да бар. Халқын құрметтеген азаматты, халқы да құрметтейді.
Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаев Қарқаралыда халықтың сый-сияпатын алуда
Н.Назарбаев қазақ ғарышкерлерімен бірге
Т.Әубәкіровтың алған мемлекеттік наградалары
ІІІ. Қорытынды
Қорыта айтар болсақ Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының біртуар азаматтарының бірі. Бірнеше мемлекеттік наградалардың иегері. Ғылыми жұмысымызда біз Тоқтар Әубәкіров туралы терең зерттеп, бір ғылыми жаңалық аштық деп айта алмаймыз.Тоқтар Әубәкіров туралы көптеген мәліметтер Ресей мұрағаттарында сақтаулы. Болашақта сол құжаттарды алып терең зерттеп , әлі де болса тың мәліметтер табамыз деген ойдамын. Әлемді мойындатқан қазақ азаматының ерлікткерің болашақ жастарымызға үлгі етіп көрсете білуіміз керек. Шетелдік киноның батыларын үлгі етіп жүрген жастарға, өз елімізде де батылардың бар екенін көрсету. Қазіргі жастар Т.Әубәкіровты тек ғарышкер ретінде ғана таниды. Оның ұшқыш-сынақшы ретінде жасаған ерліктерін біле бермейді. Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев сынды батыр ағаларымыздың қазақ халқынан шыққанын мақтан ете білуіміз керек. Кеңестік идеологияның дүркіреп тұрған шағында қазақ азаматының Кеңес Одағының батыры атағын алу дегеніміз ол Тоқтар атамыздың еңбегінің еленгені деуге болады. Елімізде Батыр атамыздың атында бірнеше мектеп, көше, ауыл атаулары бар. Қазақтың тұңғыш ғарышкеріне арналған ескерткіш елімізде жоқ екен. Батыр атамызға неге есерткіш қоймасқа неге кино түсірмеске деген ой туындайды. Әлем мойындап отырған батырларымызға неге әлі де болса өз дәрежесінде құрмет көрсетілмей жүр. Әлемнің кейбір мемлекеттері ғарышты игере алмай отырғанда, біз ғарышты игердік. Ғарышкерлерін ұшыра алмай отырғанда, бір емес үш ғарышкерірімізді ұшырдық. Осындай толағай жетістіктерге Елбасымыз Н.Назарбаевтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Елбасымыз Тоқтар атамызға ғарышқа ұшуға мүмкіндік бермегенде, қолдау көрсетпегенде тарих басқа арнамен кетер ме еді, кім білсін. Елбасының білікті саясатының арқасында ғана біз ғарыш саласында үлкен жеңістерге қол жеткіздік. Ғарышты игергенімізге, Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 25 жыл, Тоқтар Әубәкіров 70 жаста осындай айтулы даталарды өз дәрежесінде атап өтетінімізге сенімдімін. Қазақ халқында сөнбес жұлдыздардарымыз өте көп, бірақ сол жұлдыздарымызды сөндіріп алмайық ағайын.
IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Қазақ энциклопедиясының редакциясы, 1998 жыл, 10 томдық.
2. «Қарағанды энциклопедиясы» (1990ж)
3. Талғат Сүйінбай «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» «Құс жолы» баспасы, 2004ж.
4. «Оңтүстік Рабат» қоғамдық газет, 2015ж.
5. «Егемен Қазақстан» республикалық газет, 2003ж
6. «Қазақ үні» қоғамдық газет, 2010ж
7. «Жас Алаш» республикалық газет, 2007ж
8. «Азаттық радиосы» сұхбаттардан үзінді. 2009-2011жылдар
9. «Қазақстан тарихы» Б.Аяған, М.Шәймерденова «Атамұра» баспасы 2013ж
10. «Сыр елі энциклопедиясы» 2005ж