Материалдар / Жамбыл Жабаевтың арнау өлеңдері

Жамбыл Жабаевтың арнау өлеңдері

Материал туралы қысқаша түсінік
Жамбыл Жабаевтың арнау өлеңдері
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
10 Қазан 2024
89
0 рет жүктелген
250 ₸
Бүгін алсаңыз
+13 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +13 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫҢ АРНАУ ӨЛЕҢДЕРІ 
Сағынған Назерке Берікқызы 


Жамбыл Жабаев – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Жамбыл десем, ойыма, әрине, екі рет дүниеге келген, екі ғасыр тоғысындағы ғұлама жырдың қызыл жолбарысы түседі. Жамбылдың өзі – жыр-ғұмыр, ал жыр – жыр-ғұмырдың негізі. Жүз жыл жырлап өткен Жамбыл бабамыздың өшпес мұрасы – көркем шежіре. Даңғыл жыраулардың ішіндегі ең алыбы – абыз жырау, жауынгер ақын – Жамбыл. Жамбылдың қаншалықты ұлы екенін жақсы білеміз, алайда ақын шығармашылығы әлі толық зерттелмеген. Міне, сондықтан да, Жамбылдың ақындық құдіретінің әлі де ашылмаған құпия-сырлары, жаңалықтары, толқыныстары мен қуаныштары жетерлік. Ұлылықтың қыры көп. Жамбыл ақындықтан да, жыршылықтан да, жыраулықтан да сусындаған. XIX ғасырда ана құрсағынан, XX ғасырда заман құрсағынан дүние есігін ашқан Жамбыл – ашылмаған сыр, қазақ поэзиясындағы қайталанбас ғажайып құбылыс. Қалың жұртшылықтың ықыласына бөленген қазақ Гомерінің асыл мұрасы – қазақ тарихының да жетістігі. Көпшіліктің де көңілінен шыққан Жамбыл – мінсіз таза айна секілді. Өйткені, қазақ айнасын жек көрген адам, қасиет тұтпаған адам, халық жоқ шығар.

«Жамбылдың ақындық өнерінің алғашқы адымы, әрине, үйрену кезеңінен басталды. Бұл кезеңде жас ақын көбінесе өзгелердің өлеңдері мен жырларын айтатын болған. Жамбылдың жастай өжет, өткірлігі, тапқырлығы, тілге шеберлігі, ел өмірінің кез-келген тақырыбына еркін де қысылмай баруына жол ашады». [1, 191б.]

М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы»  деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып елге таныла бастады. [2]

Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Жамбылдың арнау өлеңдері, соның ішінде ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме» өлеңі, «Сүйінбайға», «Тәйті мен Шыбыл шалға», «Сарыбайға», «Бұрымға», «Өлеңші Омарға», «Жаныс ақынға», «Шәбденге», «Сырттанға», «Мәмбетке», «Тілеміске», «Абышқа», «Шалтабайға», «Қалиға», «Көкімге», «Тоқтағұлға», «Қисыбайға», «Сыздық сұлтанға», «Пушкинге», «Сүлейман Стальскийге», «Қытайға», «Кавказға», «Ақынға», «Ұлыма», «Оспанқұлға», «Елімнің қыздарына», «Әбілқасымға», «Төлегенге», «Қалмақанға», «Мыржыға» және сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Ақынның шығармашылығы туралы айта берсеңіз, ақтарылар ойдың шегі, шеті жоқ. Осылардың ішінен, біз, ақындық жолына рұқсат сұраған «Әкеме» өлеңіне назар аударсақ: 

Батаңды маған бер, әке,

Тіліме менің ер, әке!

Жапаның ұлы ақып боп 

Жақсы істепті – дер, әке. 

Домбыра алып сөйлейін,

Күнде жасап мереке.

Мерекелі болған соң

Елде болар береке.

«Ұрлық түбі – қорлық» – деп

Болармыз құр келеке. – [3, 24б.]

деп бала Жамбыл әкесіне: «Батаңды бер, ақын боламын», – дей отырып, әкесінің әлденендей іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді. Бұл өлеңде он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді. Өлеңдегі «мереке», «береке», «келеке» – деген ұйқастардың тілге жеңіл әдемілігі болашағы үлкен ақындықтың нышаны іспетті. Ендігі өріс өнерде, ақындықта деп біледі. Жамбылдың он тоғыз жасында «Сарыбайға» деген өлеңін алатын болсақ, Сарыбай – Сүйінбай мен Жамбыл шыққан Екей елінің атақты болысы. Бұл кісі кезінде қоқандықтарды жеңіп, ерлік көрсеткен, кейін ел басқарған, абыройлы кісі болған. Жас жігіттің осындай кісіге тілегін әдемі ойлы өлеңмен білдіріп, кішілік пен кісілікті қатар танытуы «осал ақын» еместігін көрсетеді:

Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,

Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.

Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,

Апарып қай шұқырға төккелі жүр? 

Көңілі кейбіреудің бұлтта жүр,

Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.

Біреулер қара сөзді қамшы қылып,

Қуды мініп, құланды құрықтап жүр.

Қайсысын маған соның еп көресіз?

Әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз

Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,

«Өлең болсын серігің» деп бересіз!– [3, 26б.]

әрідегі Дулат, Сүйінбай, берідегі ұлы Абай сияқты, Жамбыл да өз кезінің билік басындағыларының халық қамын ойламайтынын, әділетсіздігін, парақорлығын, екіжүзділігін әшкерелеп, көптің алдында беттеріне басады. Мұндай өлеңдерінің тілі уытты, мысқыл, сатираға толы болып келеді. Жамбылдың сондай шығармаларына «Шалтабайға», «Қалиға» т.б. жатады.

«Шалтабайға» өлеңінде 1905 жылы болыстыққа сайланар алдындағы мүләйім мінезі мен сайланып алған соң салғырттық пен сызқабаққа салынғаны сыналған. 

Елге сөзің жеткенше,

«Жамағат!» деп жалындың.

Қол билікке жеткен соң,

Салғырттыққа салындың.

Сан рет кеп алдыңда,

Сағым сынып сарылдым.

Сазаратын Жамбылға –

Саған сонша не қылдым?! – [4, 35б.]

деп, қолы билікке жетіп, өзінен басқа болыс жоқ деп санаған, халықтың жағдайын ойламайтын адам кейпінде көрсетеді. Мұнысымен қиянатшылдық билік басына келгендерге ортақ сипат, даусыз шындық екенін білдіреді. 

Ал «Қалиға» өлеңінде Сарытауқұм деген жердегі Сарыүйсін еліне барғанда Әлімқұл датқаның ауылында болған, кері қайтарда Күрті өзенінің бойында отырған Ордабайдікіне түседі. Жамбылдың екі күн қонғанына Қали қырсық мінез көрсетеді. Бұны байқаған Жамбыл Қалиды мазақтап, осы өлеңді айтады.

Байдабектің бірі едің,

Сарбәйбіше ұлы едің.

Сартауқұмды мекендеп,

Баяғыдан жүр едің.

Сахарада қонысың,

Малға толы өрісің.

Сойылыңды соғып тұр,

Болысың мен орысың, – [4, 47б.]

деуінде көп мағына, үлкен шындық жатыр. Отаршылдар мен атқа мінерлер ауыз жаласып, екі жағы пара үшін байдың сөзін сөйлеп, сойылын соғады дегенді меңзейді.

Қорыта келгенде, Жамбыл Жабаев арнау өлеңдері арқылы сол кездегі байларды сынап, елдің мұң-мұқтажын жырлап өткен.







Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

  1. М.Қаратаев, Т.Нұртазин, С.Қирабаев Қазақ совет әдебиеті. Алматы, 1971ж. -630б. 

  2. http://turkiya.kz/ 

  3. Жамбыл Жабаев Таңдамалы шығармалары. Алматы «Ғылым», 1-т. 1996ж. -312б. 

  4. Жамбыл Жабаев Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. Алматы, 1955ж. -214б. 



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ