Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Тақырып бойынша 17 материал табылды

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Автор құқықтық сауаттың маңызын өмірлік мысалдар арқылы ашып көрсетіп, еңбек және тұтынушылық құқықтарды білмеудің салдарын талдайды. Құқықтық мәдениеттің тек заңды сақтау емес, өз құқығын қорғау және өзгенің құқығын құрметтеу екенін айқындайды.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Қазіргі қоғамда заңды білмеу — сылтау емес, жауапкершілік. Әсіресе жастар үшін бұл мәселе өте өзекті. Себебі дәл осы кезеңде адам өз бетінше өмір сүре бастайды: жұмысқа тұрады, келісімшарттарға қол қояды, ақша табады, түрлі ортаға қосылады. Осындай сәттерде құқықтық мәдениеттің болмауы жастардың алдануына, еңбегінің бағаланбауына, тіпті заң алдында жауапкершілікке тартылуына алып келуі мүмкін.

Құқықтық мәдениет — заңды жатқа білу емес. Ол — өз құқығыңды түсіну, оны талап ете алу және өзгенің құқығын құрметтеу. Өкінішке қарай, бүгінде жастардың барлығы бірдей құқықтық сауатты емес. Көп жағдайда заңды білмеу түрлі келеңсіз жағдайларға себеп болады. Біреулер еңбек құқығын білмей, жұмыс берушінің заңсыз талаптарына келісіп қалады, енді біреулер өз әрекетінің салдарын ойламайды. Бұл — жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын айқын көрсетеді.

Мен де мұны өз тәжірибем арқылы түсіндім.

17 жасымда мектеп бітіріп, Алматы қаласына оқуға түстім. Ата-ананың қамқорлығынан шығып, өз бетімше өмір сүре бастадым. Бір жағынан еркіндік сезімі болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктелді. Ата-анама салмақ салмау үшін жұмыс істеуді шештім.

Жұмыс іздеу оңай болған жоқ. Тәжірибем болмағандықтан, көп орындар мені жұмысқа алудан бас тартты. Ақырында жалақысы аз, жұмысы ауыр болса да , бір компанияның ұсынысына келісуге мәжбүр болдым. Бір жұмыс орны маған сынақ мерзімінен өтуді ұсынды. Ол кезде еңбек заңнамасын толық білмейтінмін. Сынақ мерзімі ақылы ма, қанша күнге созылатынын сұрамадым. Нәтижесінде таңғы сағат 8:00-ден кешкі 22:00-ге дейін үш күн тегін жұмыс істедім. Ал сынақ мерзімі аяқталған соң, жұмысқа қабылданбадым.

Қазір 20 жасқа келгенде сол жағдайды еске алып, өз құқығымды білмегеніме өкінемін. Себебі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі де ақылы болуы тиіс. Алайда мұны білмеген көптеген жастар өз еңбегінің еш кеткенін кеш түсінеді.

Мұндай жағдай тек менің басымнан ғана өткен жоқ. Қазіргі таңда көптеген студенттер мен жас жұмысшылар еңбек заңнамасын білмегендіктен, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттеріне тап болып жатады. Кейбірі келісімшартсыз жұмыс істейді, кейбірінің жалақысы кешіктіріледі, ал енді біреулер артық жұмыс уақыты үшін ақы алмайды. Осындай әділетсіздіктердің негізгі себебі — құқықтық сауаттың төмендігі.

Жастар арасында жиі кездесетін тағы бір мәселе — тұтынушылық құқықты білмеу. Онлайн сауда дамыған заманда интернет арқылы тауарға тапсырыс беру қалыпты жағдайға айналды. Алайда сапасыз немесе жарамсыз тауар келген кезде көпшілік сатушыға талап қоюдың орнына үнсіз қалады. Негізінде әрбір тұтынушының тауарды қайтаруға, ақшасын талап етуге, шағым қалдыруға заңды құқығы бар. Құқығын білетін жас азамат мұндай жағдайда эмоцияға берілмей, заң аясында әрекет етеді.

Сонымен қатар еңбек шартына немқұрайлы қарау — үлкен қателік. Көптеген жастар келісімшарттың мазмұнын толық оқымай, қол қоя салады. Соның салдарынан жалақының кешіктірілуі, демалыс күндерінің сақталмауы немесе қосымша міндеттердің жүктелуі сияқты мәселелер туындайды. Егер жастар Еңбек кодексіндегі негізгі құқықтарын білсе, мұндай жағдайлардың алдын алуға болар еді.

Құқықтық мәдениет тек өз құқығын қорғаумен шектелмейді. Ол — өзгенің құқығын сыйлау. Қазіргі кезде қоғамдық орындарда немесе көшеде түсірілген бейнематериалдарды рұқсатсыз әлеуметтік желіге жариялау жастар арасында жиі кездеседі. Көпшілігі мұны әзіл немесе контент ретінде қабылдайды. Алайда бұл — адамның жеке өміріне қол сұғу және заңмен реттелетін әрекет.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың ең тиімді жолы — құқықтық білімді ерте жастан беру. Мектеп пен жоғары оқу орындарында құқық негіздері тек теория түрінде емес, нақты өмірлік жағдайлармен байланыстыра оқытылуы тиіс. Практикалық мысалдар мен нақты кейстерді талдау жастардың заңды дұрыс түсінуіне және қолдана алуына мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру — ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды үдеріс. Құқықтық мәдениеті жоғары жас — өз болашағына жауапты, өз құқығын қорғай алатын және қоғам алдындағы міндетін терең түсінетін саналы азамат. Осындай жастар ғана әділетті, заң үстемдігі орнаған қоғамның негізін қалайды, және сол сенімді жастар біз мен сіз!



Әлімхан Ләзиза Бақытқызы , ҚазҰУ-дың 3 курс студенті

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
07.02.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі