«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» ғылыми зерттеу жобасы

Тақырып бойынша 11 материал табылды

«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» ғылыми зерттеу жобасы

Материал туралы қысқаша түсінік
«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» ғылыми зерттеу жобасы
Материалдың қысқаша нұсқасы









«Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы»

(Тарихи тұлғалар,егемендік)

























Мазмұны:





Абстракт (Аннотация)

І. Кіріспе

ІІ.Негізгі бөлім.

1) Желтоқсан ызғары.

2) Көз көрген Желтоқсан

ІІІ.Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.



















Аннотация.

Қазақ халқының ертеден ешкімге тәуелсіз, жеке, дара мемлекет болып өмір сүруді қалайтыны, сол егемендік жолында қаншама батырларымыз бен ұлы тұлғаларымыз жандарын пида еткені, соңғы тамшы қанына дейін «елім, жерім» деп тұратыны тарих қойнауынан мәлім. Оның дәлелі қазақ халқы басынан 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер мен толқуларды өткізді. Ұлт-азаттық көтерілістердің басты мақсаты тәуелсіз, егеменді мемлекет құру. Ұзақ жылдар бойы өз атамекенін қанымен қорғап келген халыққа «Тәуелсіздік» сөзінің ұғымы ерекше. Үш ғасырға жуық Ресей құрамында болған қазақ елі отаршылдық езгінің небір сұрқия саясатының құрбаны болды, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз мұра қылып қалдырған шұрайлы жерінен айырылды. Ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан тілімізден айырыла бастадық. Осы қордаланған мәселенің мұз құрсауын еріткен оқиға – Желтоқсан.

Желтоқсан оқиғасы әлі күнге дейін тарихта аз зерттеліп өз бағасын ала алмай келеді. Менің тақырыпты таңдаудағы мақсатым желтоқсан оқиғасының тарихын жан-жақты зерттеп, аудан көлеміндегі қатысқан азаматтардың өмір деректерін зерттей отырып, олардың тәуелсіздік жолындағы қосқан үлесін айқындау және тарихқа енгізу. Желтоқсан оқиғасының маңызы ТМД елдері көлемінде де бар, Кеңестер үкіметінің Одағында болған, кейіннен бөлініп шыққан барлық мемлекеттердің егемендігінің бастауы, тәуелсіздік рухын оянуына түрткі болған тарихи маңызы зор оқиға. Бірақ әлі күнге дейін Желтоқсан оқиғасына әлемдік деңгейде, тіпті ТМД елдері арасында дұрыс бағаланбай келеді. Материалдық байлыққа ұрпағымыз ақша арқылы қол жеткізуі мүмкін, ал рухани байлық білім арқылы келетінін ескерсек, болашақ ұрпаққа тарихи оқиғаларды зерттеп, өз дәрежесінде баға беріп жеткізу бүгінгі күннің еншісінде. Осы тақырыпты жаза отырып, мен де тарихқа өз үлесімді қоссам деймін.





Кіріспе.

Ғасырлар бойы отарлық езгі діңкелеткен қазақ халқы Мәскеудің кезекті өктемдігіне наразылық білдіріп,табанға тапталып бара жатқан тілі мен ділінің,ұлттық болмысының жүрек бұлқынысын сездірген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына келесі жылы 30 жыл толады.Алаңға шығып, өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды.Қыз-жігіттерді аяусыз таяққа жықты,түрмеге қамады.Ербол,Лаззат,Сәбира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан талшыбықтай жастарымыздың өмірін көктей үзді.Қазақстан Орталық Комитеті Бюросының шешімі бойынша барлық еңбек ұжымдары мен оқу орындарында ашық партия,комсомол және кәсіподақ комитеттерінің жиналыстары өтіп,онда Алматыда орын алған ұлтшылдық көріністер батыл айыпталып,соған айдап салушы мен қатысушыларды қатаң жазалау талап етілді.Сөйтіп,тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар мен "бұзақылар" және "арамтамақ" элементтерді тергеу науқаны басталды.

Жобаның мақсаты:Желтоқсан көтерілісінің біз үшін бергені мен алғанын зерделеу,көтеріліс туралы терең зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, нақты ой қорытындысын шығару. Оқиғаның куәгерлері болған азаматтарымыз жайлы мағлұмат іздестере отырып, ол кісілердің ерлік істерін мақтан тұтып, мадақтау, дәріптеу.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы желтоқсан оқиғасына қатысты Алматы қаласында бой көтерген «Тәуелсіздік таңы» атты ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздігіміздің алғашқы хабаршысы болды. Билік осы оқиғаға ұлтшылдық деген айып тағуға тырысты. Саяси бюрода мұның бұлай еместігі туралы менің дәлелдеуіммен, арнайы қабылданған қаулыны бұздыруыма тура келді. Осы оқиғаларды ұлтаралық қақтығыс деп атауға тырысты, алайда мұның бұлай емесін тарихтың өзі көрсетті. Сол кезде алаңға шыққан жастардың талап-тілегі – әділеттілік пен Қазақстанның тәуелсіздігі болатын» деген еді.

Міне, биыл Елбасы айтқандай, «тәуелсіздігіміздің хабаршысы» желтоқсан оқиғасына 30 жыл толып отыр. Бұл көп уақыт емес. Оқиға куәгерлері де, оған атсалысқан адамдар да аман-есен жүр. Сол себепті биыл небір естеліктер айтылып, өткен күндер елесі тағы бір жаңғырары хақ..

Осы орайда, көпшілікке танымал мына бір суреттің тарихына тоқталып отырмыз. Екі солдат жас жiгiттiң қос қолын артына қайырып, бұйра шашынан уыстап тартып, желкелеп әкетiп барады...

Аталған фото газет-журналдарда көп жарық көрдi, телеэкрандардан талай көрсетiлдi. «Бұл жiгiт кiм болды екен?» деген сұрақ санаға сан рет оралды. Сөйтсек, бұл азамат астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртiсi Мейрам Қайсанов екен. Кешегі желтоқсаншы, бүгінгі танымал әртіс осындағы тарихи фото жайлы былай деді:

1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Сол күнi жатақханаға кешеуiлдеп оралдым. Келсем, бiрге тұратын жолдастарым Бақтыбек Құрманғожаев, Құрманғазы Айтмұрзаев, Сағындық Жұмадiловтер отыр екен. Бұлар менен бiр-екi ит көйлектi бұрын тоздырған сақа жiгiттер. Өзара бiрдеңелердi талқылап жатқанға ұқсайды. Сәлден кейiн бөлмеге Мұхтар Қапалбаев кiрiп келдi. Өңi абыржулы. «Студенттер жиналып, көшеге шығып жатыр», дедi аптығып. Бiз де дайындалдық. Көркем сурет кескiндеме факультетiнiң жiгiттерi дереу лозунгтер даярлап шығарды. Оған «Әр елдiң өз көсемi болу керек» деп жазып та қойдық. Сөйтiп, ынтығу мен үрей арасында көз iлiндiрiп алдық. Кiм бiлген, осындай тәттi ұйқының көпке дейiн арман болып қалатынын...

Таңғы сағат алты-жетiлер шамасы. Бiр топ студент жатақхана маңына жиналдық. Жолай ҚазМУ, Медицина институтын аралап, iлесем деушілерді қосып алып, Брежнев алаңына беттедiк. Денi жастар. Ештеңеден тартынар емес. Бойларын намыс билеп алған. «Өз елiмiзде өз ұлтымыздың азаматы басшы болсын!», «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» деп айғайға басып тұрмыз. Бiр кезде жастар Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнiн шырқай жөнелдi. Асқақ ән жастар рухын көтерiп, намысын қайрай түскен тәрiздi, шеру екпiндеп кетті. Бiрақ тәртiп бұзған жоқ.

Шерушілер бір орында толқып тұрмай, қаланы аралауға кiрiстi. Абай көшесiн бойлай отырып, Ленин (Достық) даңғылына қарай өттiк. Ленин даңғылынан төмен қарай жылжыдық. Адамдар әр жақтан бiзге қосылып жатты. Әскери адамдар есiктi жауып ұстап тұр екен. Оларды қақ жарып өтiп, iштегiлердiң шығуына жәрдемдестiк. Сыртқа шыққандар бiзге қосылды.

Түс ауа сап түзеген әскерилер алаңға жиналған жастарды тықсыра бастады. Оған қарап тұрған біз жоқ. Бейтаныс бiреу келiп, менi мойнына мiнгiзiп алды. Қолымда ұран жазылған лозунгтың бiр шетi. Лозунгтың екiншi шетiн менен бір курс жоғары оқитын Жеңіс деген жiгiт ұстады. Ол да біреудің мойнына мініп алған. Кейін осы жігіт 2,5 жылға сотталып кеттi. Ашынған жұрт тарқар емес. «Қонаев қайда кеттi, өз еркiмен кеттi ме? Шақырыңдар. Өз аузынан естиiк», деп айғайлаған дауыстан құлақ тұнады. Бiрақ қарсы жақтан еш жауап жоқ. Бiз мiнбеге жақындап, баспалдақпен жоғары өрледiк. Сол кезде байқадық, ақ үй жақтан самсаған әскер алаңды бетке алып келе жатыр екен. Мұздай қаруланыпты. Олар қолында ешбiр қаруы жоқ жандарға шабуыл жасайды деп әсте ойламаппыз. Бiз ес жиып үлгергенше, қарсы жақтан «Алға!» деген қатқыл бұйрық естiлiп, әлгiлер бiзге лап бердi. Қиян-кескi қақтығыс басталды да кеттi. Алаң у-шу. Қып-қызыл қанға боялған. Жан ұшырған шыңғырыс. Қаңсырап жатқан адамдарды әскерилер одан сайын мертiктiрiп, алаңның сыртына қарай сүйреп әкетiп жатты... Менiң де жайым шамалы едi. Екi бүйiрден қатар тиген соққы есiмдi тандырды. Есiмдi жисам, әлдекiмдер шашымнан тартып, сүйрелеп барады. Қарсы алдымда шақырайған жап-жарық бірнәрсе көз аштырмайды. Мына сурет осы оқиғаның қалт еткен бір сәті.

Содан бәрiмiздi бiр машинаға тиеп, алып кеттi. Қайда екендiгiн ешкiм бiлмейдi. Әйтеуiр бiр жерге келiп тоқтадық. Iшi дым тартқан, иісі қолқаны қабатын тар бөлмеге әкеп қамап қойды. Кешікпей бiр-бiрден тергеуге шақырды. Менiң де кезегiм келдi. Жау түсіргендей қаһарлы айдауыл алдына салып айдап келеді. Дәлізді бойлап жүріп келемін. Темiрмен торланған көне есiктiң ар жағынан «Менiң Қазақстаным» әнi естiлдi. Кенет жүрегiме қуат құйылғандай болды. Қайраттана түстiм. Қандай қиындық көрсем де мойымауға бел будым.

Содан ұзақ-сонар тергеу басталды. Алғашқы күні: «Аты-жөнiң кiм? Мекен-жайың қайда? Қайда тұрасың? Алаңдағы оқиғаға қатысың бар ма?» деген әдеттегі сұрақ болды. Уақыт өткен сайын теугеушілер ауыса берді. Менi бiр емес, бiрнеше тергеушi тергедi. Солардың iшiнде Ақкөзов деген фамилия ғана есiмде қалыпты. Тергеу осылай жалғаса бергенде сөзсіз сотталатын едім. Кездойсоқ жағдай мені құтқарып қалды. Жатақханада бiрге тұратын жiгiттер бiрiгiп, менің атыма телевизор жалға алған едік. Телевизор жалдаған мекеме менің паспортымды алып қалып: «институтыңа барып анықтама қағаз әкел де, паспортыңды ал» деп, қоя бергентін. Сол анықтаманы қалтама салып қойғам. Камерада бірге отырған жігіттер жоспар құрдық: «Бәріміз сотталғанша, ебін тауып құтылуды ойлайық. Мейрам сен мына «анықтаманы» көрсетіп, шеруге ешқандай қатысым жоқ, телевизор алуға кетіп бара жатқам», деп тергеушіге жауап бер, деді. Келесi күнi тергеу басталғанда: «Менiң шеруге ешқандай қатысым жоқ. Өз жайыммен анықтама қағазын өткiзуге бара жатқанмын. Алаңда жиналған адамдарды көрiп, «не болып жатыр» деген қызығушылықпен барып, қолға түстiм», деуден бiр танбадым. Тергеушi қазақ менiң айтқанымды тыңдап алды да: «Балам, бұл өтiрiгiң ұйқасты екен, осы сөзiңнен танба» дегені. Ақыры, өтiрiгiм сәттi шығып, қамаудан босадым. Қақпадан шыққан соң денем тiтiркенiп кеттi. Аяғымды iлбiп басып, жатақханаға әрең жеттiм.

Қорытынды.

Әрбір Жаңа жыл басында соғатын самалды Алтынкүрек желі болмаса, табиғат тозып, ескіріп, қоңырсып кетер еді. Жас Көктем есік ашып, Алтынкүрек қалай еседі – солай қасат қардың көбесі сөгіліп, суық тоң жібіп, топырақтың бауыры бусанып сала береді. 1986 жылдың 16 желтоқсанының Қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті қос күні – Алматыда және Қазақстанның басқа да қалаларында 17 мен 18 күндері болған БОДАНДЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОЙҚЫН БҰЛҚЫНЫС нақ осы табиғаттың Алтынкүрек желімен салыстырылса, артық емес. Өйткені, Қайта құрылу, әділеттілік пен теңдік сөз жүзінде жарияланғанмен, бұл кезде тоқыраудың тоңы құрсап, демократия әлі орыныға қойған жоқ еді. Алайда М.С.Горбачевтің сұлу сөздеріне сеніп жүрген адал да аңғал қазақ жастары бейбіт шеруге шығып, беймәлім, ортақол жетекші Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануына келіспеушілік білдірді. Сөйтіп, олар “Орталықтың дәстүрлі әміршіл іс-әрекеттері мен қайта құрудың жарияланып жатқан демократиялық принциптері арасындағы айқын қайшылықтың” бетін тұңғыш рет айқара ашып, Мәскеудің екіжүзділігіне, Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шықты. Әрине, күш мүлдем тең емес-ті. Бейбіт, қарусыз жастар: теміртаяқпен, саперлік күрекпен, адам аулайтын иттермен қаруланған, өрт сөндіру машиналары және бронетранспортерлермен жарақтанған әскерге қалай төтеп берсін. Империя дертімен уланған жазалаушылар мен Алматыдағы шовинистерден құрылған жасақшылар өрімдей жігіттер мен қыздарды аса қаталдықпен басып-жаншылды. Аналарға қол көтеріп, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, итке талатып сабағандарды басқаша қалай бағаларсың?! Сөйтіп, баршамызға белгілі Желтоқсан құрбандарын – қаһармандарын айтпағанда, 99 адам нахақ сотталды.Желтоқсан оқиғасы күндері ерекше “ерлік” көрсеткен МХҚ мен Ішкі істер министрлігі деректері, әрине, тым “қарапайым”. Олар не бәрі 2212-2336 аралығында ғана кінәлілерді күдірткен. Сабаздарың өз арттарын қалай ашсын?! Ал Мұхтар Шаханов комиссиясының деректеріне сүйенсек 8,5 мыңнан астам адам ұсталып, қамалған, 1,7 мыңдай адам дене жарақатын алған. Айрықша Алтынкүрек желі небәрі бірер күн соғып тыншығанмен, тозып-тоңған табиғатты әп-сәтте жаңғыртып, жасартып жібереді. Қанға бөктіріліп басылған бодандыққа қарсы бұлқыныс – Жалтоқсан оқиғасы да қалғып-мүлігіп жатқан күллі Кеңес Одағын оятты. Көп ұзамай Балтық бойы елдері бостандық жолындағы күресін бастады. Тбилиси, Баку, толқулары тұтанды. Ақырында Желтоқсанның жойқын желі Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріне жетіп, құлдық бұғауын үзіп, отаршылдықтан босаған жаңа егеменді мемлекеттерді дүниеге келтірді. Өзгелер білсін-білмесін, Желтоқсан оқиғасының жеміс-жалғасы – шып-шырғасыз шындық осындай.Қазіргі кезде Қазақстан көл емес-мұхит,шыбық емес-бәйтерек,төбе емес-асқар шың,өзінен бұрын тәуелсіздігін алған мемлекеттермен терезесі-тең,зайырлы,кемелденген, ең бастысы Тәуелсіз мемлекет.Бұл дәрежеге жетуге бізді бір қадам жақындатқан осы-1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Ендеше осы оқиғаның бел ортасында жүріп, азаттыққа, еркіндікке, егемендікке ұмтылған рухы биік, нағыз ұлтжанды азаматтардың барына біз алғыс айтамыз, ол кісілерді ардақтаймыз, ол кісілерге басымызды иеміз!





Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезінде сөйлеген сөзі: «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі» кітабы –Алматы «Өнер» 2006.- 136 б.

2. Назарбаев Н.А. Сындарлы он жыл. - Алматы «Атамұра». 2003.

3. Діндер үнқатысуы және адамзат тағдыры. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезінде сөйлеген сөзі. «Егемен Қазақстан» газеті 02.07.2009.

Қосымша әдебиеттер:

1. Біз білетін Желтоқсан [Спанова Р. 2000жыл.]

2. Желтоқсан көтерілісі. [Ашық энциклопедия 62-64 беттер]

3. Массагет [әлеуметтік білімділер порталы.]

4. Сіз үшін [сұрақ-жауап сайты.]

5. Егемен Қазақстан [2014.-18 бет]


3


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
12.04.2024
129
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі