Материалдар / Жұмбақтар жасырған құпия
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Жұмбақтар жасырған құпия

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларының ең үлкен мәуелі бұтағы –жұмбақтар.Жұмбақтар біздің телегей-теңіз байлығымыз және сан-салалы тақырыптармен ерекшеленеді. Жұмбақ бір күнде пайда бола салған құбылыс емес. Жұмбақ тек қана қазақ халқында емес, дүние жүзінің күллі халықтары фольклорында бар десек қателеспейміз.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
09 Шілде 2024
306
0 рет жүктелген
700 ₸
Бүгін алсаңыз
+35 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +35 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



Ғылыми Жұмыс







Тақырыбы: Жұмбақтар жасырған құпия





Орындаушы: Исаева Севинч Расулжановна

Шымкент қаласы 2024 жыл


Кіріспе

1 Қазақ жұмбақтарының зерттелуі

2 Қазақ жұмбақтарының жинақталуы мен хатқа түсуі

3 Жұмбақтардың тақырыптық түрлері

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі




Кіріспе


Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларының ең үлкен мәуелі бұтағы –жұмбақтар.Жұмбақтар біздің телегей-теңіз байлығымыз және сан-салалы тақырыптармен ерекшеленеді. Жұмбақ бір күнде пайда бола салған құбылыс емес. Жұмбақ тек қана қазақ халқында емес, дүние жүзінің күллі халықтары фольклорында бар десек қателеспейміз.

Жұмбақ әрқашан болжау түрінде айтылады. Ол мереке үстінде туып, көбінесе ойын-сауық, көңіл көтеру орнында айтылып отырған. Жұмбақ айтушы адамдар оның мазмұнын, істейтін кәсібіне қарай үйлестіріп, не көрсе соны жұмбақ ететін болған.Мысалы, егінші егін туралы жұмбақ айтса, бақташы мал туралы айтады.

Жұмбақ адамның дүниетану жолындағы адам қиялының белгілі бір сатысын көрсететін, ой тапқыштығының көрінісі.

М.О.Әуезов 1940 жылдардың өзінде-ақ «Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ – ақындықтың ұрығы, дәні тәрізді» [1]-деп, оның көркемдік құндылығына үңілу қажет екенін ескерткен.

Жұмбақ табиғатын жақсы танып білудің ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы өте зор. Ұлттық фольклордың інжу-маржаны ретінде жұмбақтар молынан қамтылып, қазіргі таңда түрлі кітаптарға еніп, жас ұрпақтың ынта ықыласын арттыруда.

Зерттеудің мақсаты: Қазақ халық ауыз әдебиеті мұраларының ең үлкен түрі жұмбақтардың жиналуы мен хатқа түсуін және жұмбақтың тақырыптық түрлерімен танысу.

Міндеттері:

  • қазақ жұмбақтарының жинақталуы мен оның хатқа түсуі туралы зерттеу

  • жұмбақтардың көне мұра болып табылатындығын, оның түрлерін қарастыру

  • ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру

Зерттеу тақырыбының өзектілігі:

Қазақ жұмбақтарының тарихын танып білу және жұмбақтарға қатысты зерттеушілердің еңбектерімен танысу, жұмбақтарға қатысты деректердің сырына үңілу, зерттелуін қарастыру, қазіргі күндегі маңызын айқындау.

Болжамы:

  • шығармашылық жұмысын өз бетінше ұйымдастыра білуі;

  • тарихи деректерді іріктей алуы және оған талдау жасай алуы.

Зерттеу әдістері:

  • халық ауыз әдебиетінің бір түрі жұмбаққа қызығушылығын оята отырып, шығармашылықпен жұмыс жасай білуге баулу;

  • әдебиеттермен жұмыс жасай білу дағдысын қалыптастыру;

  • тарихи деректерге талдау жасай білу;

  • дерекпен жұмыс жасай отырып,оң және теріс жақтарын анықтай білу.

Күтілетін нәтиже:

  • алынған зерттеу тақырыбы негізінде деректермен жұмыс жасай отырып, ақпараттарды қорыта білуі

  • жинақталған ақпараттарды жүйелей отырып, болашаққа деген өз тақырыбы төңірегінде жоспар құра білуі.

1 Қазақ жұмбақтарының зерттелуі


Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өткен өміріне көз салып қарайтын болсақ, оның рухани дүниесінде жұмбақтардың алатын орны ерекше болғанын білеміз.

Халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасынан түсіп қалмай, жалғасын тауып келе жатқан бағалы жауһар-қазыналардың бірі – жұмбақтардың өмірдегі орны да ерекше.

Әр халықтың өзіндік тарихы, сонымен қатар мәдени мұрасы болады. Сол сияқты, біздің халқымыздың да сонау ата-бабамыздан қалған мол мұраларының бірі – жұмбақтар болып табылады.

Жұмбақтар – этностың өткен өмір тіршілігі мен бүгінгі болмысын болашағымен жалғастыратын алтын арқау секілді. Себебі, олар – шағын жанр бола тұра, рухани, мәдени салт-дәстүрді жалғастырудың, тез шешім қабылдай білудің, ұтқыр ойлай алудың, тұжырымды да, пайымды жауап бере білудің адамдар санасында, қоғам жадында, тілінде, ділінде сақталуының бірден-бір кепілі. Осындай қазына-байлықтарынан айырылған елдің, этникалық қауымның болашағы да бұлыңғыр болмақ.

Жұмбақ оқырманның ой-өрісін кеңейтеді, алғырлығын арттырады, байқағыштыққа баулиды. Жұмбақты шығарушыға табиғи талант пен қоса мол өмір тәжірибесі, жан-жақты білім қажет. Себебі, жұмбаққа халық атамзаманнан ерекше мән берген.

Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен айтулы аңыздарда атақты билер, әйгілі хандар өздеріне мұрагер таңдауда да, құрылысы күрделі, мән-мағынасы терең, жұмыр да, ұтымды жұмбақтарды ортаға салып, соны әрі тез, әрі тұтас шеше білуіне қарай таңдаған.

Жұмбақ жанры қоғам мүшелерінің дүниетанымдық, тапқырлық, өжеттік, тез шешім қабылдай білушілік сияқты ізгі, қасиеттерін дамытуға, соған баулуға бағышталады.

Жұмбақтың тілі – жұмбақтың өзіне сай, ой-сананың өскелең өрісін, көркемдіктің шытырман ою-өрнегін танытатын, көркемсөз арсеналындағы сирек кездесетін элементтерін сан құбылтып пайдалануда, машықтандыруда ерекше көзге түседі.

Жұмбақ жанрын зерттеу ісі қай уақытта да ғалымдар назарынан тыс қалмаған, қай ғалым болса да, өзіндік тұжырым-пікірін айта білген.

Қазақ жұмбақтарының қыры мен сырын М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Әбжанов, Ж.Адамбаева, Н.Оңғарбаева, Ш.Керім сияқты ірі ғалымдар әр тұрғыда қарастырған, көптеген ой-тұжырымдар жасаған.

Баршамызға белгілі, құнды жәдігерлік дүние «Кодекс-Куманикусты» айтпағанның өзінде, Ш.Уәлиханов хатқа түсірген 20 шумақ өлең-жұмбақтың Санкт – Петербург мұрағатында әлі күнге дейін сақтаулы тұрғаны біздің халқымыз үшін үлкен мақтаныш болып табылады..

Саны мен тақырыбы жағынан алуан түрлі болып келетін көптеген жұмбақтарды қазақтан шыққан тұңғыш педагог – Ы.Алтынсариннің өзі хатқа түсіргендігі туралы дерек кездеседі.

Ғалым А.В.Васильев болса, қазақ жұмбағы хақында ой түйіп, алғаш рет мынадай ғылыми пікір айтқан болатын: «Қырғыздар арасында жұмбақтар жиі кездеседі, әрі құрметке ие. Жастардың жұмбақсыз өтетін кештері де сирек. Жұмбақ сайысына жиналғандар жасыратындар және шешетіндер болып екі топқа бөлінеді. Сайыс көбіне ерлер мен қыздар, не топтан іріктеліп шыққан жеке адамдар арасында болады. Жұмбақ сайысы өлең, хат түрінде де болады. Мұның үлгілері халық жадында ұзақ сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Мұндай түрлерді үлгі жұмбақ деп айтуға болады».[1.4]

Қазақ жұмбақтарын жинауға белгілі фольклоршы ғалым Г.Н.Потанин де үлкен үлес қосты. Г.Н.Потанин жинаған жұмбақтардың ішінде: «Үш нәрсе кішкенеден үлкен болады (от, өлім, дау), сегіз нәрсе тоймайды (көкірек –ақылға, көңіл-ойға, ер-малға, қатын-ерге, от-отынға, жер-адамға, көз-көруге, тіл-сөзге), төрт нәрсеге тоқтау жоқ (кәрілік, ажал, аштық, ұйқы)» тәрізді қызықты үлгілерін оқи аламыз [ 2 ,189].

Жұмбақтар жөнінде көптеген әдебиетші -тілші ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жазды. Осы жанрдың алғашқы үлгілерін жинап, түзету, оларды баспасөзде жариялау ісінде көптеген ғалымдардың еңбектері ерекше екені белгілі. Мәселен, орыс ғалымдары А.Лютшты, П.М.Мелиоранскийді, В.В.Васильевті, Г.Н.Потанинді,. қазақ ғалымдары Ы.Алтынсаринді, Ә.Диваевты, Ә.Марғұланды С.Аманжоловты, Т.Жанұзақовты, М.Әуезовті, М.Әбжановты, Ж.Адамбаеваны, Н.Оңғарбаеваны, Ш.Кәрімді жұмбақ жанрының қыры мен сырын, кешегісі мен бүгінін салыстырып зерттей білген ғалымдар ретінде ерекше мойындатқанын, дәйекті тұжырымдар мен пікірлер айтқанын атап өтуге болады.

Жазушы Жүсіпбек Аймауытов халқымыздың уақыт, жаратылыс, киім-кешек, мал жайындағы бір топ жұмбақтарын «Көк өгіз» атты жұмбақ ертегісін жариялаған.

Көрнекті ағартушы А.Байтұрсынов жұмбақты қазақ фольклорының бір жанры ретінде қарастыра келіп: «Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан, яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып таптырмайды. Ойды бүгіп, айтпай қойып, сол нәрселерге ұқсас нәрселерді сипаттап айтып, ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінді ұстартуға пайдасы бар нәрсе» - деп жазады да, одан әрі жұмбақтың бейнелегіштік-көркемдегіштік құралдарына тоқталады [3. 234] одан әрі жұмбақтың бейнелеу құралдарына тоқталады.

Жазушы М.Әуезов те жұмбақ жанрына арнайы зерттеу жүргізіп, мақала жазды. Ол «Әдебиет майданы» журналына (1938 жылғы 10-санына) жарияланды. Кейіннен 1940-1959 жылдары жарық көрген «Қазақтың қалық жұмбақтары» ғалымның беташар сөзімен ашылған, онда былай делінген:

«Сырт қарағанда соңғы уақыттарда жазба әдебиет күшеюімен қатар, жұмбақ азайған шығар, жаңадан жасалмайтын шығар» деген ойлар болушы еді. Анығында бұл теріс болып шықты.Жұмбақ қазақ халқының арасында да, басқа халықтардың арасында да әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді. Олай болса, халықтың жұмбақ деген фольклор қорын жинап, басып, тексеріп тану, ғылымдық зор міндет болады» [4, 5].

Жұмбақ жанрының басты мақсаты - қиыннан қиыстыру арқылы өмір-тіршіліктің түрлі құбылыстарын тілге тиек ету болып табылады. Бұл жолда салыстыру, шендестіру, ирония сарказм әдістері қолданылып отыратындығы белгілі.

Адаммен қатысты ғалам бейнесін, оның тылсым құпияларын сөз еткенде, оған қатысты құбылыстарын түгел санамалап, жеке-жеке мәнін түсіндіруді талап ету – жұмбақ жанрының негізгі шарттарының бірі болып табылады..

Ғалым Әлкей Марғұлан кезінде қазақ жұмбақтарының зерттелу тарихына шолу жасап, тақырыптық ауқымы, образдық жүйесі жөнінде баяндайды, өз тоқтамдарын бұрын жарияланған жұмбақтармен бірге өзі ел аузынан естіген фактілерді келтіру арқылы тиянақтап отырады. Ә.Марғұлан: «жұмбақ айтушы көбінесе өзінің істейтін кәсібіне қарай үйлестіріп, не көрсе, не істесе соны жұмбақ ететін болған, мәселен, егінші егін туралы айтса, бақташы мал туралы, пішенші шөп шабатын еңбек құралын жұмбаққа қосады, аңшы жыртқыш аң туралы айтса, мерген атқыштығын айтады» - деп бағамдайды.

Әубәкір Диваев жинаған қазақ халқының жұмбақтары өз алдына бір төбе. Әубәкір Диваевтың қазақ фольклорына қосқан ерекше еңбектерінің арасында ел арасынан жинаған жұмбақтарының орны ерекше екенін кейінгі ұрпақ біледі десек қателеспейміз.

1940 жылы белгілі ғалым-тілші Сәрсен .Аманжоловтың құрастыруымен қазақ жұмбақтары кітап болып басылып шықты. Бұл кітапқа 818 жұмбақ топтастырылып, олар мазмұнына сәйкес жиырма тақырыпқа жіктелген, нөмірленген.

Кейін 1959 жылы ғалым Т.Жанұзақовтың көмегімен қайта толықтырылып, екінші рет басылып шығарылады Бұл кітаптағы жұмбақ саны – 929.

Кітапта халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрлі мұраларымен бірге, жаңа өмірді сипаттайтын, ғылым мен техниканы бейнелейтін алуан тақырыптағы жұмбақтар қамтылған.. тақырыптық топтарға жіктелген, олардың жанрлық ерекшеліктеріне мән берілген. [5, 244].

М.Әбжанов «Қазақ халқының жұмбақтары» (А.1966) атты кітабында жұмбақтың тарихи даму жолдары және басқа жанрлармен арақатынасы, тақырыбы, мазмұны турасында сөз етеді. Ғалым жұмбақтарды құрылысы, айтылу, жасалу жолдарына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырады.

Ғалым Ж.Адамбаеваның «Қазақ жұмбақтарының әдеби-стилистикалық және тілдік ерекшеліктері» атты еңбегінде жанрдың тілі мен құрылысы, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшеліктерін нысанаға айналдырумен шектеліп қалмай, оның шығу тегі, поэтикалық-бейнелеу құралдары, мазмұны мен тақырыбы жөнінде сөз қозғайды.

Ғалым Н.Оңғарбаева «Қазақ жұмбақтарының тілі» (А.,1997) атты еңбегінде: «Жұмбақ жанры төрт негізден – жұмбақ объектісі, жұмбақ баламасы, жұмбақ тексі, жұмбақ мотивінен тұрады» деген түйінді пікір айтып, нақты талдаулар келтіреді [6, 13].

Соңғы жылдары осы жұмбақ жанрын сан қырынан зерттеп, көлемді енбек жазған ғалым – Шамшадин Керім.

Шамшадин Керімнің «Қазақ жұмбағы» атты үлкен монографиялық еңбегінде, қазақ жұмбақтарының жеке жанр ретінде зерттелуіне, оның халық өмірінде алатын орнына, жұмбақтардың өзіндік сипаты мен ерекшелігіне, олардың даму эволюциясы мен тарихына терең талдау жасау арқылы ашып, дәлелдей отырып көрсетеді [7, 30-31].

2002 жылы көп томдық «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан басылымның алғашқы томында Ш.Керімнің құрастыруымен есеп, тұспал, логикалық ыңғайдағы түрлі жұмбақтар жарияланды.

Қазақ жұмбақтарының дамуы мен зерттелуіне, оның ғылыми басылымының жетілуіне көп мән беріп, жалпы жұмбақ атаулының өрістеуіне соңғы кезде ерекше атсалысып келе жатқан ғалымдарымыздың бірі Ш.Керім былай дейді:

«Жұмбақтардың ғылыми басылымын даярлау – кенжелеп келе жатқан істердің бірі. Осы уақытқа дейін жарыққа шыққан мәтін топтамалары академиялық талаптардың үдесінен шықпайды. Жұмбақты бірнеше рет жүйелеген, ғылыми түсініктерімен қоса жұртшылыққа ұсынған орыстарды былай қойғанда, түркі тілдес халықтар легінде түрік, татар,башқұрт, қырғыз, алтай, саха жұмбақтары біршама биік деңгейде даярланып, оқырманына жол тартты. Жұмбақ тәрізді қысқа жанрлардың ғылыми басылымдарын даярлаудың өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ол ең алдымен, әрбір жұмбақтың нөмірленуі және оның бұрын-соңды қай жерде жарияланғаны, қайдан алынғаны көрсетілуі, сонымен қатар, беймәлім сөз атауларға түсінік берілуі. Әсіресе, түрік жұмбақтарының екі том болып, ғылыми жоғары сапада даярланғанын бөліп айтар едік. Бұл кітапта (Turk bilmegeleri, 1-2 tom Ankara.1993) жұмбақтардың әртүрлі нұсқалары кеңінен беріліп, жазылып алынған жердің географиялық картасы қоса тіркелген» [7.30-31].

Қазақ фольклорын зерттеуші Ш.Әлібеков жұмбақтың адам бойындағы әсемдік сезімін ұштайтынына тоқтала келіп, былай дейді: «Жұмбақтарды оқып отырғанда халық тұрмысы, эстетикасы, өмір тынысы көзге елестейді. Жұмбақтар кішкене құбылыстарды суреттегенімен, өмірдің үлкен шатқалаңдарын, қоғам бейнесін, адам тұрмысын көрсете біледі.

Заман көрінісін, мәдениетін танумен бірге, әсемдік жайлы ойлары мен көзқарасын білдіреді. Жұмбақтар адам бақытын, өмір көркін, сәнді тұрмысты астарлы, ойлы, нақышты сөзбен суреттеп, көпшілікті желпіндіріп отырады» -деп, өз пікірін ортаға салады.

Жұмбақ жасырылған заттың барлық қасиетін айтып жатпай, бір ғана қырынан елес беруі мүмкін. Жасырылған заттың өзіне тән сипат белгісін, түсін, дыбыс-үнін, не басқадай ерекшелігін жеткізуде орны ерекше.

Ақын Ә.Табылдиевтің «Жеті жүз жұмбақ» кітабында 59 қазақ ақындарының қаламынан туындаған 580 жұмбақ келтірілген.

Өлең түріндегі жай жұмбақтар - жұмбақ қазынасынан мол орын алады, әрі қолданыс шеңбері кең болып келеді.

Жұмбақтар көшпелі тарихты, жағдаяттарды суреттеуді мақсат етпейді, оқиғаларды баяндамайды. Тек адам айналасындағы зат пен құбылысты тілге тиек етеді, олардан образдарға нақыш боларлықтай өрнек табады. Жұмбақтардың қоршаған орта құбылыстарының бөліктеріне назар аударатынын байқаймыз.

Жұмбақ тарихына тән ерекшеліктер қатарына, ең алдымен, олардың жанр түрінде іштей жіктелуін, өмір-тіршілігіміздің сан-саласын қамтитын көп тақырыптылығын жатқызуға болады.

Халықтың басынан өткізген қилы-қилы жағдайлар мен құбылыстарды таңқаларлық дәлдікпен айтып, жеткізе білетін, ата-бабамыздан келе жатқан осынау бір жанрдың ұрпақ болашағы үшін маңызы ерекше. Сондықтан оны бағалай, қыр-сырына жете үңіле білуіміз қажет.

2 Қазақ жұмбақтарының жинақталуы мен хатқа түсуі


Қазақ жұмбақтарының жүйелі жинақтала басталуы ХІХ ғасыр кезеңі екенін білеміз. Шоқан Уәлиханов хатқа түсірген 20 өлең-жұмбақ Санкт-Петербург мұрағатында сақтаулы. Бұл жұмбақтар алғаш рет Әлкей Марғұланның назарына ілінген, кейін 1992 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланды.[2]

Бұдан кейінгі жұмбақтардың хатқа түсуі Ыбырай Алтынсариннің еңбектерінде ұшырасады. Ол өзі хатқа түсірген ауыз әдебиеті үлгілерін педагогикалық қызметіне пайдаланған. Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясында» ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінен жасөспірімдердің ой дүниесіне қозғау салатындай тартымдыларын екшеп алған.Ағартушы-ғалым балаларды қызықтыратындай, ой-қиялына әсер ететіндей тәрбиелік қасиетін бағалай білген. Ыбырай Алтынсарин жинаған жұмбақтар тақырыбы жағынан алуан: көшпелі өмір салтынан өрбіген, төрт түлік мал, киіз үй, оның жасаулары, тағам түрлері. Ең бастысы – жұмбақтар балалардың жас және сана ерекшеліктеріне сәйкес іріктелініп алынған. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин өзі жинаған 64 жұмбақты орыс тіліне аударған. [3]

Ол надыр құм жануары,

Көзі өткір, көңілі тор,

Басқа ұрсаң, ойламайды намыс-ар,

Қара түгілі ханда бар,

Қытайда бар,

Қырымда бар, Түркістан, Румда бар,

Хорасан, Бұқарда бар

(Ит).


Дүкенде бір айдаһар білесің бе?

Жаны жоқ қимылдайтын денесінде,

Ішінде бақша-бақша сүйегі бар,

Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.

Тұрады адам келсе аузын ашып,

Кетпейді келген адам онан қашып,

Барады ақырын-ақырын қадам басып.

(Киіз үй).


Құдайдың құдіреті көп тұрар,

Бір кесенің ішінде екі түрлі сүт тұрар.

(Жұмыртқа).


Қазақ жұмбақтары 1870-1871 жылдары «Туркестанские ведомости» газетінде қазақ жұмбақтары жиі жарияланып тұрған. 1874 жылы «Ежегодник Турестанского края» журналының бір санында 50 шақты жұмбақ басылған.

Ертедегі жұмбақтар енген басылымдардың ішіндегі елеулісі – А.В.Васильевтің 1900 жылы Орынборда бастырған «Киргизские загадки» атты кітапшасы. А.В.Васильев 1889 жылы Торғай мектептерінің инспекторы Ыбырай Алтынсарин дүниеден өткенде оның орнына қызметке келген адам. Оның қазақ фольклорына қызығушылығы ертеректен бастау алған.А.В. Васильев қазақ арасында жұмбақтардың кең таралғанын айта келіп, былай дейді: «Қырғыздар, яғни қазақтар арасында жұмбақтар көп кездеседі.Жастардың жұмбақсыз өтетін кештері өте сирек.Жұмбақ сайысына жиналғандар, жұмбақты жасыратындар мен шешетіндер болып екі топқа бөлінеді. Сайыс көбінесе ерлер мен қыздар, жеке шыққан адамдар арасында болады.Қырғыздарда жұмбақтардың сайысы өлең немесе хат түрінде келеді. Және жұмбақ халық жадында ұзақ сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Жұмбақтардың көбі ауызша шығарылады. Мұндай түрлерді жұмбақ деп айтуға болады» делінген.[5]

Қазақ жұмбақтарын жинауға белгілі фольклортанушы ғалым Г.Н.Потанин де үлес қосты. Ғалымның жинаған жұмбақтарының ішінде: Үш нәрсе кішкенеден үлкен болады (от, өлім, дау). Сегіз нәрсе тоймайды (көкірек-ақылға, көңіл-ойға, ер-малға, қатын-ерге, от-отынға, жер-адамға, көз-көруге, тіл-сөзге). Төрт нәрсеге тоқтау жоқ (кәрілік, ажал, аштық, ұйқы) тәрізді үлгілерін оқимыз.[6]

Қазақ фольклорына қатысты жинақтар шығаруда елеулі еңбек еткен Әбубәкір Диваевтің мұраларының арасында жұмбақтар ұшырасады. Ә.Диваев 1880-1890 жылдары Шымкент уезі, Ноғайқара болысының тұрғыны Еркімбек Ақынбековтің айтуымен хатқа түсірген.Ә.Диваев жинаған 15 жұмбақты «Сырдария» жинағында орыс тіліне аударып, жария еткен.[7]

Көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы жұмбақты қазақ ауыз әдебиетінің бір жанры ретінде қарастыра келіп, былай қорытындылайды: «Жұмбақ деген аты жұмудан шыққан: яғни қолдың ішінде бір нәрсені жасырып, жұмып тұрып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақта нәрсені қолға жұмып тұрыптаптырмайды. Ойды бүгіп, айтпай қойып, сол нәрсеге ұқсас нәрселерді сипаттап айтып, ұқсастығы бойынша таптыртады. Жұмбақ зейінді жақсартуға пайдасы бар нәрсе» -дейді. Сонымен, қазақ жұмбақтарын жинақтап, қағаз бетіне түсіру, жариялау ХІХ ғасырдың аяғында басталып, ХХ ғасыр басында жалғасын тапты. Қазақ жұмбақтары жинақ болып басылып шыға бастады.

3 Жұмбақтардың тақырыптық түрлері


Жұмбақ – бұрынғы дәуірде туып, қалыптасқан. Ғасырлар бойы даму жолында өзіне тән түрлі ерекшеліктерді бойына сіңіріп, қалыптасу барысында көркемделе шыңдалған.

Қазақ жұмбақтары мазмұны жағынан қарағанда, бірнеше үлкен тақырыптарға бөлуге болады: бірінші – жаратылыс, екінші – адам, үшінші – жасанды зат, төртінші – еңбек, бесіншісі – білім жайында.[8]

Жұмбақтың күрделі саласының бірі жаратылыс дүниесін жұмбақтау. Жаратылыс қазақ жұмбағында ерекше орын алатыны сөзсіз. Жаратылысты жұмбақтап айтқанда оны кең сарай, байтақ дүние, көк шатыр, шірімейтін, үсінбейтін қасиетімен суреттейді.


Мысалы:


Дүниеде бір дарбыз бар солмайтұғын,

Жаз шіріп, қыста үсіп, тоңбайтұғын.

Жаһанның жерін, суын, жәндіктерін,

Іші кең бәрін сақтап болмайтұғын.


Күннің көзін жұмбақтаса, оны не алма сипатында, не күміс табақ түрінде, не сандық түрінде суреттейді. Мысалы:


Алтын алма тербелед,

Кейде бүркер алма жүзін.

Ұлпа мақта перделері,

Шешуін мұның кім білед.

(Күн).


Немесе:

Ақ сандығым ашылды.

Ішінен жібек шашылды.

(Күннің көзі).


Ойдың биіктігін, адамзаттық өркениетке аяқ басуын айрықша көрсететін жұмбақтар көбіне ғылым, білім жайында айтылады.

Бір нәрсе білмегенді білдіреді,

Өзіңді тұрсаң қарап күлдіреді.

Жалғанда әңгімесі сондай қызық,

Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді.

(Кітап).


Жасанды зат туралы мына жұмбақ та ерекше. Осындай жұмбақтар арқылы оқушының қиялын дамытып, ойлануға мүмкіндік береді. Қазақ жұмбағы радионы –сайраған бұлбұлға немесе аспанның тілшісі ретінде көрсетіп, былай дейді:

Бір бұлбұл отырады салып әнді,

Жүруге аяғы жоқ, емес жанды.

Өнері қандай асқан деп ойладым,

Дамылда жер түбінен хабар алды.

(Радио).


Жұмбақтар әлеуметтік саланың бәріне қатысты айтылып, әр түрлі тақырыптарды қамтиды. Қазіргі кезде, заманға байланысты жұмбақтар да шығып, айтылып жүр. Жалпы жұмбақтың шешуі әр уақытта адамның ой-білім деңгейіне байланысты. Жұмбақ жас жеткіншектердің ойын тапқырлыққа баулу үшін де пайдасы өте зор.

Қорытынды


Қорытындылай келе, жұмбақтар ерте дәуірде туып, қалыптасқан. Қазақ жұмбақтарының маңызы сондай – оны айтып жасыруға бір адам емес, топ немесе ұжым болып атсалысқан. Жұмбақтар халықтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты түрлі әдет-ғұрыптарға байланысты туған. Көбінесе жұмбаққа арқау болатын нәрселер – адамдардың күнделікті тұтынып, қолымен ұстап жүретін заттары. Жұмбақ өзі дүниеге келген дәуірдің шындығын көрсетіп, халқымыздың өткендегі көшпелі салтын, байырғы әдет-ғұрпын кестелеп, өрнектейді. Бүгінгі уақыт, заман ырғағына байланысты жұмбақтардың тақырыптық арнасы өзгеріп, енді жұмбақтар техника жаңалықтары мен басқа да тақырыптар қосыла бастады.

Халқымыздың емеурін, астарлап сөйлеулері де халық жұмбақтарының көптеп туып, оның дамуына да өз ықпалын тигізген.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!