жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Кемеңгер ақын - Абай
Кемеңгер ақын - Абай
Шатаякова Перизат Нұрсұлтанқызы
Ақтөбе қаласы №35 орта мектебі КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Ақыл – ой, ақындық – дар, иесі – Абай,
Түгел сөздің түбі бір, жүйесі – Абай.
«Өлең – сөздің патшасы» десе Абай,
Патшаға енші ұсынбас, тиесі Абай,
Патша мүлдем тағымен төңкерілді,
Мәңгі қалды орнында иесі Абай.
Иә, «Абай» - деген сөзге жібімейтін,еміренбейтін осы күнде адам аз болар! Әсіресе туған елі, өскен жері Абай десе – шоқтығы бір көтеріліп, биіктегі қырандай қанат қағып желпінеді. Өз халқының жүрегіне ұялап, көңіліне қонған, асыл перзенті деген осы емес пе! Бұл күнде, өз елі түгіл, Абай атамызды «бүкіл әлем» таныды, қорғасындай салмақты осы бірауыз сөздің түйіні тереңде жатыр.
Ұлы Абай – жұмбақ әлем. Қаншама ғасырлар өтсе де оның даналық ойлары мен хәкімдік тағылымдары халқымыздың рухани асыл қазынасы болып саналады.
«Абай – терең мұхит, мен тек бетінен шөмішпен қалқып алдым», - депті данышпан Мұхтар Әуезов. «Мен егер Абайдың тізесіне жетер болсам, қазақтың қалған ақын-жазушысы менің тобымда қалар еді»,- дейді Мұхтар Мағауин. Олай болса, Абай атамызға бұдан асқан, артық теңеу не керек?!
... Абай тірісінде неге кітап шығармады? Өлеңдерім тасқа басылмай, жоғалып кетер-ау деп неге уайымдамады? Артында тіпті, өз қолымен жазған қолжазбалары да қалған жоқ. Осының өзінен Абайдың кәміл мұсылмандығы көрінеді. «Мұны жазған адамның атын білме, сөзін біл». Бұл да Аллаға деген шүбәсіз сенім. Күдіксіз саф көңіл. Абай атамызға дарын берген – Жаратушымыз! Ендеше, өлеңнің де түпкі иесі – Құдайдың өзі. Қорғаушы да Өзі болғандықтан, бізге бір жолын бұзбай аман-есен жеткізді. Абайды ұлт атасы, қазақтың нөмірі бірінші данышпан ойшылы екеніне , әрине, ешкімнің таласы болмасы айдан-анық. [1.-1-10б.]
Қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ ұлы классигі Абай Құнанбаевтың өмірбаянын толығырақ білу тілегі мен қажеттілігі ойшыл ақын қайтыс болған соң, көп ұзамай қолға алынған болатын. Бұл зерттеуді Абайдың тұңғыш биографы – Кәкітай Ысқақұлы бастады. 20-жылдардың басында Абай мұрасын зерттеу саласында талантты көркем шығармалармен, әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерімен үздік таныла бастаған Мұхтар Әуезовтың араласуы Абайтануға үлкен зерттеушінің келіп қосылғанын бірден аңғартты.
М. Әуезов биограф ретінде Абай атамыздың дүниетанымы мен рухани өсу жолындағы өзгерістер сырын туған халқының салт-сана болмысымен, ақын өмір сүрген тарихи әлеуметтік орта шындығымен бірлікте алып қарастырады. Бұлай ету – Абай өмірін жазу үстінде ұстанған жетістіктердің бірінен саналмақ. [2.-24б.]
Мұхтар Әуезовтың Абай өмірбаяны мен заманы жайлыдеректерді жию, оларды тарихшы ретінде мұхият талдап, дұрыс қорытынды шығару , оларды соңыра эпопеяға тарихи негіз ретінде пайдалану проблемалары абайтану мен мұхтартану саласында жазылған көптеген еңбектерге жеңілдіктер де туғызып отыр. Жалпы, қазақ әдебиеті тарихында Абайдай алып тұлғалы ақынның артында архив қазынасы, түрлі жазба деректері қалмаса да, негізінен, тірі архив иесі болған ақын замандастары естелігіне сүйеніп, әуелі, Абайдың ғылыми өмірбаянын қалпына келтіру, соңыра осы ізденістердің негізінде дүниежүзілік мәні бар зор көлемдегі туынды жазу – әдебиет әлемінде қайталанбас бірегей құбылыс. Бұған нақтылы, айғақты дәлел – көп жылғы ғылыми зерттеулердің қорытындысы ретіндегі Абай мұрасы жайлы монографиясы мен «Абай жолы» эпопеясы арасында іштей байланысып жатқан сабақтастықты еске алсақ та жетіп жатыр.
«Абайдың атын әлемге танытқан ұстазым Мұхтар Әуезов», деп сыр шерткен қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар тұлға Әбіш Жиреншин болатын.Ол өзінің зерттеу еңбегінде «Суретті сала білмеген қазақ елі өлген біреуі түсіне енсе, ілгеріде аруағын көрдік дейді екен! Біз аруақ емес, ұлы ойшылдардың ұлы шығармаларын көргенде, естігенде олардың бейнесін, портретін көріп, өздерімен тілдескендей боламыз. Сол сияқты, өзі алыс болғанымен Абайдың бізге сөзі жақын, тіпті осы күнде ол әрқайсымыздың үйімізде, үстелімізде, көз алдымызда тұрған жоқ па...Себебі, мыңдаған қазақ жастары, қазіргі кең байтақ өмірде Абайдың тамаша әндерін шырқатып радиода, сахнада салса, жүрек қылын шерткендей тамылжыған өлеңдерін том-том боп шығарып жатқан кітабынан сүйене оқиды. Оның адамгершілік сөзі де, достық идеясы да өзімізбен бірге жасап, жақсылыққа жөн сілтеп отырғанын көреміз», - деген болатын. [3.-3б.]
Олай болса, Абай атамызды – көзен таса болса да, көңілге ыстық дейтініміз де сондықтан. Бір кезде, орыс мәдениетінің атқан таңымен шыққан күнінен қуат алып, жанындағы Абайдың нұр сәулесі өрісті ойдың дабылындай қыр даласында өзінен кейінгі қазақ ойшылдарына да жарық сәуле, даңғыл жол салды.Бқл жолда орыстың ұлы демократтарының нұрына нұр қосқан Абайдың да асыл ойы, жарқын үлесі бар еді. Абай туралы зерттеулер кейініректе етек алып, келешегі мол ғылым саласы.
Абайдың ұлылығы – ол тарихи жағдайлардан адаспай, алар бағытын, түсер жолын дәл тауып, қазақ елін ұлы орыс халқының бауырына бейімдеп, сол ұлы халықтың ұлы мәдениетіне құшағын кең аша ұмтылуында. Ойлы ақын Абай бөріктіре келе жатқан патша отаршылдығының тұсында-ақ орыс халқының шын тұлғасын дұрыс таныған. Кеңестер одағының үлкен жазушыларының бірі Леонид Соболев «Орыстікі дегеннің бәріне кек, бәріне қарғыс айтқызып келе жатқан патшалық езу-қанаудың тұсында, Абайдың орыс мәдениетіне ұмтылуы шын-ақ таң қаларлық іс», - дейді.
Міне, Абай атамыз туралы талай-талай еңбектер, зерттеулер жазылды, жазылып та келе жатыр.
Абай – мәңгілік тақырып, таусылмас қазына. Осы ретте Серікқазы Қорабай Абай атамыздың мұрасын зерттеушілердің қазіргі буынына академик Зәки Ахметов айтатын тарихи және бүгінгі заман тұрғысынан қарайтын талдау қағидалары жетіспей жататындығына тоқталған болатын. Абай шығармашылығының ең басты сипаттары ретінде жаңашылдық, шыншылдық, сыншылдық, сыршылдық болатын болса, бір-бірінен нәр алып, біріне-бірі әсер етіп тұратын ажырамас осы көркемдік жүйе шарттарын қазіргі зерттеушілер әлі де болса жете ұсынбай келеді.
Қорыта келе айтарымыз, Абайдың өмірі мен творчествосын зерттеу проблемасы неғұрлым кең принципиалды, жан-жақты талқыланса оның мұрасын зерттеу нәтижелері солғұрлым келісті елеулі бола бермек.
Поэзияда, музыкада қоғамдық азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай атамыз қазақ халқының өткен замандағы өмірлік зерттеуші, біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға. Абай атамызды кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттай беруіміз қажет. Жалпы, ұлт ұлы болмай, ұлы әдебиет те тумайтын болса керек. Абай атамыздың ұлылығы қазақ ұлтының ұлылығын паш етіп тұр емес пе?! Біз бүгін адамзаттық қауымдастыққа танылып, сенімді ықылас, сертке берік серіктес ретінде алғаш рет бой көтере бастаған кезімізде беделімізді асырып, рухани бедерімізді айқындай түсетін Абай атамыздай данамыздың бар екеніне шүкірлік етуге тиіспіз!
Әдебиеттер тізімі:
-
Абай энциклопедиясы «Атамұра» баспасы, 1995ж.
-
Дүкенбай Досжан «Абайдың рухы», «Фолиант» баспасы, 2008ж.
-
Әбіш Жиреншин «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары»-Алматы,1959ж.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген