«Кибербуллинг» ұғымымен таныссыз
ба?

Жаһанның жаңаруы жаңа белеске артқан сайын,
заманнан төнетін қауіп те сейілер емес. Әлеуметтік желінің әуресіне
түсіп, қоғаммен жаңаша байланыс орнатамын деген жандар қаншама. Ал
ондай адамдар қысым мен қорлықты неден және кімнен көріп жүр?
Мақаламыз сол жайында болмақ.
«Кибербуллинг» деген не?
Әлеуметтік желіде бұқараның назарын өзіне аударып
жүрген термин – кибербуллинг. Кибербуллинг – сандық
технологиялардың (ұялы телефон, компьютер, планшет, түрлі
гаджеттер) көмегімен әлеуметтік желіде,ойын алаңдарында,
мессенжерде жасалатын агрессивтік қудалау. Яғни көзіміз көріп,
құлағымыз естіп жүрген бүгінгі күннің көрінісі. Бұл
қорқытып-үркітудің негізгі құрбандары көбіне балалар мен
жасөспірімдер болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,
13-15 жас аралығындағы 150 миллионға жуық бала, яғни әлемдік
оқушылардың жартысы өзін және құрдастарының зорлық-зомбылығына тап
болғанын хабарлады. Әрбір оныншы бала әлеуметтік желінің қорлығын
күн сайын немесе апта-ай сайын басынан кешіреді. Оны «буллинг»
ұғымымен егіз деуге де негіз бар. Алайда буллингтің тек белгілі бір
уақыт аралығында өтетіндігін естен шығармау керек. Кибербуллингті
тоқтату үшін нақты шаралар, заң жүйесіне жүгінбесе өздігінен
тоқтамайды. Пандемеяның өршуінің кесірінен, кибербуллингтің тамыры
кеңінен жайылу үстінде. Қазіргі таңда еліміздегі жасөспірімдердің
12 пайызы дәл осы кибербуллингтен зардап шегеді.
Кибербуллинг түрлері мен
салдары
Жалпы, кибербуллингтің орындалу мақсаты бір
болғанымен, жүзеге асуы түрлі амал-әрекеттер арқылы көрініс табады.
Оларға мысал:
-
Әлеуметтік желіде әлдекімнің жеке немесе ұятты
фотосуреттерін рұқсатсыз жариялау, жалған ақпараттар
тарату;
-
Мессенжерлер көмегімен бопсалау немесе жекебасқа
қолсұғушылық турасындағы хабарламалар жазу;
-
Өзге адамның атын жамылып, оның атынан желіге
оғаш дүниелер жүктеп жазу.
Кибербуллинг арнайы критерийлерге де қарап
құрылады екен. Мақсатты, қайталамалы, өзара теңсіздік, анонимді
түрде және бұқаралық сипатта.
Қудалаушылық бар жерде қашанда одан келетін залал
бар. Сандық технологиялардағы қысым мен қорлау – адамның физикалық
және психикалық денсаулығына зор қаупін төндіреді. Кибербуллингтің
салдарына: депрессия, сенімсіздік, өзін-өзі бағалаудың төмендігі,
дәрменсіздік, қорқақтық, мазасыздық, тәуелділік, тамақтанудың
бұзылуы, импульсивтіліктің болуын жатқыза аламыз. Тіпті бұл
бассыздықтың салдары өз-өзіне қол жұмсауға (суицид) әкелуі де ғажап
емес. Кибербуллинг өз құрбандарына бір сәтке болсын тыныштық
бермейді. Жасөспірімнің бойын қорқынышпен толтырмайынша тынбайды.
Бұл нәрселердің барлығы кімге болсын қатты әсерін тигізеді.
Сәйкесінше оның құрбандарына айналған ересек жандар да аз
емес.
Кибербуллинг тынысы және одан қалай
сақтанамыз?
Айтып өткенімдей, бұл қудалау тек әлеуметтік
желіде ғана емес, түрлі онлайн ойын алаңдарында да жүзеге асады.
Дәлел ретінде, осыдан бірер жыл бұрын орын алған кибербуллингтің
негізгі отанына айналған «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ»,
«Мені сағат 04:20-да оят», «Құс жолы» сынды әлемді дүрліктірген аты
шулы ойындарды айта аламыз. Бастауын шетелден алған бұл ойындардың
қазақ тілінде де пайда болмауын ел болып тілеп жүрміз. Тілеп қана
құтылғанша, сақтанудың жолын да кеш болмай тұрып қарастыру
керек.
Әрбір ел кибербуллингті жою үшін түрлі шараларды
қолға алып жатыр. Психологтар ғаламтордың қысымынан қорғайтын заң
21 елде бар екенін айтады. Ал біздің елімізде бұл ахуалды ретке
салатын қоғамдық ұжым жоқтың қасы. Тек белгілі бір ережелер мен
шетел мамандарының құрған тәжірибелік шешімдерінің арқасында
жұмыстар атқаруда. Кибербуллингтен төнген қауіпті тек еліміздегі
жалғыз safekaznet.kz ке шағым түсіру арқылы арнайы мамандардың
көмегіне жүгіне аламыз. Нәтижесінде мамандар пост/хабарлама/сурет
заңсыздығын тексеріп, қажет жағдайда парақшаны бұғаттайды. Өткен
жылы бұл сайтқа 3 жасөспірім кибербуллингке тап болып, арыз
жазған.
Кибербуллингке тап болған жағдайда не істеу
керек?
-
Белгісіз қолданушының жазған қауіпті
хабарламаларын мейлінше оқымау, жауап қайтармау;
-
Ол
адамды желіде дереу бұғаттау,жеке ақпарат
таратпау;
-
Әлеуметтік желі әкімдігіне өзің туралы
жарияланған жазба не суреттерге шағымдану;
-
Күдікті жазба мәтіндерін скриншот жасау арқылы
ата-анананың немесе ұстаздың көмегіне жүгіну.
Ұлт
қауіпсіздігі тек сыртқы факторлардан қорғану емес, сонымен қатар
виртуалды әлемнен де сақтануда жатыр. Біреуді-біреу әлеуметтік
желінің жетегінде қудалауы – ең сорақы дүние деп ойлаймын.
Сондықтан да, өзімізді сандық әлемде де барынша сақтайық,
намысымызды аяқ асты етпейік. Заман бізден нені талап етсе, оның
жетегіне еремін деп, барымыз бен болмысызды жоғалтудан
сақтанғанымыз жөн. Әлеуметтік желінің әуресі бітпей, ел болып
дамуымыз тежеле береді.
Алпысбаева Альфия
Бауыржанқызы
11-сынып оқушысы
bauyrzhaanovnaa@mail.ru
мақаладағы фото: ашық дереккөз