"Киелі аңыздар арқылы табиғатты қорғау" ғылыми жоба

Тақырып бойынша 11 материал табылды

"Киелі аңыздар арқылы табиғатты қорғау" ғылыми жоба

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба баланың көкірегіне киелі аңыздар арқылы құндылық құя отырып, ізгілікке тәрбиелеу арқылы қоғамға пайдалы болуды көрсетеді. Жоба сәтті жасалған. Шынайы, дәлел, дәйек мол. Материал оқушысын ғылыми жобаға қатыстырғысы келетін ұстаздарға өте пайдалы. "Зерде" ғылыми жоба байқауына дайын жоба.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Тасшағыл орта мектебі КММ







Тақырыбы: «Киелі аңыздар арқылы табиғатты қорғау»



Бағыты: қазақ тілі мен әдебиеті



Орындаған: Ақатай Кәусар Төремұратқызы 5-сынып, Тасшағыл орта мектебі, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл ауылы


Жетекшісі: Құбашева Айгүл Мейрамқызы (қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Тасшағыл орта мектебі)










2024 жыл


Мазмұны



І. Аннотация........................................................................................3-4 - бет

Кіріспе. Табиғаттың киелі мәні .........................................................5 - бет

Экологиялық этикет ..............................................................................7 - бет

«Бозторғайдың жаралуы» қиссасы........................................................ 7- бет

Заман рухы...............................................................................................9 -бет

«Ақбөкен неге киелі?» .......................................................................... 10- бет

Хикмет өрмегі.......................................................................................... 13- бет

Жапониядағы экософия пәні................................................................14- бет

ІV. Қорытынды.........................................................................................17- бет

V. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.....................................................19- бет


Аннотация


«Киелі аңыздар арқылы табиғатты қорғау» тақырыбындағы ғылыми жоба кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды бөлімдерден тұрады.

Алға қойған мақсат – бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған экология мәселесіне «теңізге қосылған тамшыдай» болса да үлес қосу. Бұл істе табиғатты қорғау туралы заңдар да, тәртіп те тығырыққа тірелгенде, ұлтымыздың көнеден келе жатқан аң – құс, қасиетті ағаш, шөп туралы киелі аңыз, қиссаларын қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың табиғаттың киелі мәніне үңіліп, одан ғибрат алуына себепкер болу. Заман рухын туғызу.

Зерттеу барысында:

  • Аңыздарды оқып, түсініп, өз ортаңа айтып беру, санаға сіңіру;

  • Қоршаған ортадағы әр обьектінің киелі мәнін ұғындыру;

  • Қоғамда экологиялық этика, экологиялық мораль қалыптастыру міндеттері тұрды.

Зерттеу жұмысының өзектілігі мынада: «қазіргі таңда отбасы мүшелері дастархан басына жиналғанда айтылатын әңгіменің сапасы төмендеді»,- деп Санжар Кеірмбай аға бастаған «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторлары дабыл қағуда. Өте орынды! Баланың көкірегіне құндылық құятын ұлтымыздың рухани бай әдебиеті үлгілері айтылмайтын болды. Бала көкейіндегі сұрақтарға жауап ала алмағандықтан кеудесінде пайда болған бос кеңістікті немен толтырарын білмейді. Ал сол сұрақтарға аңыздар арқылы жауап алса, болашақта көкірегі құндылыққа толы, өмірдің қандай қиындығына қарсы тұра алатын, қоршаған ортадан мән таба алатын ұрпақ өсіп, жетіледі.

Ендеше, аңыздар арқылы он сегіз мың ғаламды көкірегімізге сыйғызып, онымен мәндік, мағыналық байланысқа түсу арқылы хикмет өрмегін (смысловая паутина) өргенде, табиғатты қорғау мәселесі біздің өмір сүру стилімізге айнала ала ма деген сұрақ туындайды.

Бұл сұраққа жауап табу үшін:

  • ақпараттар жинақталып, талданды, сараланды, жүйеленді;

  • теория практикамен ұштастырылды.

Күткен нәтижеге қол жеткізілді: ата – аналар да, балалар да естіген киелі қиссалардағы оқиғаларға таңғалып, әрбір жаратылысты сақтап тұрған киелі мәнін ұғынды.

























Кіріспе

Табиғаттың киелі мәні

Менің бұл тақырыпты таңдауыма сыныптасым мен оның анасының арасындағы әңгіме себепші болды. «Отбасы хрестоматиясы» қорының шығарған «Экософия және киелі табиғат» кітабын сыныптасым Дидар қызыға оқиды. Бұл кітап 2019 жылы қазақ даласындағы ақбөкендерді қорғаймын деп оққа ұшқан қорықшылар – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов ағаларымыздың рухына арналған екен. Енді ана мен бала арасындағы әңгімеге келейік. Үй тазалап жүрген анасының қабырғадағы өрмекшіні өлтіргелі жатқанын көрген Дидар анасына «өлтірмеңізші» деп шыр – пыр болады. Неге? – деп аң – таң болған анасына кітаптағы өрмекші туралы аңыздарды айтып береді. Анасы баласының мейірімді жүрегіне риза болып айналып – толғанады.

Кітап атауындағы «Экософия» деген не?

Бір күні Арне Несс деген ғалым көшеде торғай қуып жүрген бір топ баланы көреді. Кенет бір үйдің шарбағына қарлығаш келіп қонады. Балалардың бірі қарлығашты көздеп, тас атпақ болады. Балалар шу етіп:

- Ей, ақымақ, атпа! Болмайды! деп жабыла кетеді. Әлгі бала сасып қалып:

- Неге? Не үшін? деп сұрайды.

- Негесі қалай? Қарлығаш – киелі құс, әке – шешең айтпап па еді? – деп ұрысып береді. Бір кезде жол үстіне кептер келіп қонады. Әлгі бала жанындағыларға қарап:

- Ал кептерді атса бола ма? Әлде бұл да киелі ме? дейді жасқана сұрап.

Бұл көрініс Арне Неске ой салады. Табиғаттағы көптеген аң – құстардың киелі аңызы бар. Жұрт оларды сол үшін қадірлейді. Ал аңызы жоқ немесе аңыздары ұмытылған аңдар тоғышар адамдардың көңіл көтеру нысанына айналып, бірте – бірте жойылады. Сондықтан әр жануардың аңызын іздеп, оларды дәріптеп отыру қажет. Мысалы, әлгі балалар торғайдың аңызын білсе, оны да қарлығаш секілді атпас еді. Керісінше қамқорлап, жем шашуы мүмкін. Себебі торғай туралы да көнеден жеткен аңыз көп. Ал қарлығаш «Қызыл кітапқа» енбеген, яғни оны мемлекет қорғап жатқан жоқ. Ендеше оны сақтап тұрған – қарлығаш туралы киелі аңыздар. Әйтпесе, биологиялық тұрғыдан торғай мен қарлығаштың айырмашылығы жоқ.

Сөйтіп Арне Несс 1973 жылы «Экософия» немесе «Deep ekology» деген ғылым жасайды. Мағынасы: табиғаттың киелі мәніне үңілу дегенді білдіреді. Ал экологияға киелі мәнді сіңіретін нәрсе – киелі кітап, пайғамбарлар және әулиелер. Әрбір аң мен құстың артында киелі аңызы тұрмайтын болса, ол жануар табиғаттан оңай жойылып кетеді. [4,3]

Мұның айқын дәлелі қазақ даласында өте көп. Мысалы, Қаратауда Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің Жылыбұлақ деп аталатын киелі бұлағы бар. Бұлақтан жиналған кішкентай көлде балық өте көп болады екен. Бірақ оларды «Әулиенің балығы» деп ешкім ауламайды. Одан басқа жердегі балықтарды қырып – жойып аулап жатыр. Ол жағдай біздің ауылымызда да көрініс беруде. Сол сияқты Маңғыстаудың Оғыланды тауындағы арқарлар да тауда емін – еркін жайылып жүреді. Адамнан үрікпейді. Бекет атаға барған жұрт та оларға «Бекет атаның арқары» деп тиіспейді. Ал одан басқа жердегі арқар, киіктер адамнан қорқады. Оғыланды тауындағы арқарларды қорғап тұрған – Бекет атаның шарапаты, ол туралы айтылатын киелі аңыздар. Біздің ауылымыздан он шақты шақырым жерде Мәтен қожа әулие атаның мазары бар. Мазардың маңайында жер астынан шығып жатқан майға «атаның майы» деп ешкім тиіспейді. Тек емге ғана әулиеден рұқсат сұрап алады.


Экологиялық этикет

1985 жылы Нэнси Нэшем деген тайландтық ғалым экософияны тәжірибеге енгізіп сынайды. Себебі оған дейін Тайландта адамдар аң – құстарды аяусыз оңды – солды қыра беретін болған. Соның салдарынан елдің экологиясы күрт нашарлап кетеді. Сол кезде эколог Нэнси Будданың 2500 жылдан бергі жиналған ілімдерін ақтарып, экософия аңыздарын жинайды. Будданың пілмен сөйлескен, маймылдың басынан сипаған, қотыр итке су берген, ағаш еккен қиссаларын оқу орындарына тегін таратады. 20-30 жылдан кейін жаңа ұрпақ өсіп, жетіледі. Ең бастысы, жаңа буында экологиялық этикет қалыптасады. Олар жан – жануарға тиіспейді. Бәрін киелі деп санайды. Осының арқасында Тайланд табиғаты экзотикалық туристік елге айналады. [4.4]

Біз биологиядан аң – құсты биологиялық өлшемге салып, түрлі отрядқа бөліп оқимыз, сондықтан жануарларға бір – бірінен айырмашылығы жоқ биологиялық обьект деп қараймыз. Оларға жанымыз ашымайды. Табиғатты, әрбір тіршілік иесін киелі дүние ретінде қабылдай алмаймыз. Сондықтан бізге биология пәнімен қатар жан – жануардың киесін баяндайтын аңыздар да айтылуы керек деп ойлаймын. Осы үрдістің болмауынан әлемде аң – құсқа мейірімсіз, өсімдіктер мен ағаштарды күтіп-баптамайтын, оларды аяусыз қырып-жоятын безбүйрек ұрпақ өсіп келе жатыр. Ал оларға аң-құсқа тиіспе, ағашты кеспе деп құр ақыл айтып, мораль оқи бергеннен пайда жоқ. Оның орнына аңыз айтып берсе, есінде жақсы сақталады және ойландырады.

«Бозторғайдың жаралуы» қиссасы

«Адам ата мен Хауа ана жерде тіршілігін түлеткен сәтте қауіп – қатер көп еді. Жын – перілер түрлі аңның бейнесінде келіп, оларды өлтірмек болыпты. Бір күні бір қара дию жыланның кейпіне еніп, үйді торуылдап жүреді. Адам атаның өріске, Хауа ананың ошақ басында жүрген сәтін пайдаланып, киіз үйге лып беріп кіріп кетеді. Бұрыш – бұрышпен үнсіз жорғалап, бесікте жатқан бөбектерге таяйды. Тәтті ұйқының құшағында жатқан егіз сәбиді шағып өлтіруді ойлайды. Тілін бөпенің бетіне жақындатқаны сол еді, шыр – еткен дыбысты естиді. Жалт қараса, ғайыптан титімдей торғай пайда болыпты. Ол тыным таппай шырылдап, ұшып жүреді. Жылан оған атылып, қанша ұмтылса да ұстай алмайды.

Бозторғайдың шырылдаған үнін естіп, Хауа ана мен Адам ата жүгіріп келеді. Жылан бозторғайды ұстай алмай әлі қуалап жүр екен. Адам ата сегіз өрім қамшымен жыланды салып кеп жібереді. Сол сәтте ол диюға айналып, үйден қаша жөнеледі. Торғай Хауа ананың иығына қонады. Ол беймәлім құстың қайдан келгенін білмей таңырқайды.

Хауа ананың игі әдеті – шашын тараған соң, қылын жерге түсірмей үнемі жинап жүреді екен. Жылан үйге келгенде, сол жиналған шашы Тәңірдің құдіретімен торғайға айналыпты. Сөйтіп сәбилерін амн сақтаған екен. Адам ата торғайды алақанына салып:

-Бәрекелді, боз құсым! Тәңірім бұл торғайды бәле – жаладан жырақ қылсын! Өзіне көк шалғынды даланы тұрақ қылсын. Әсем үн бер! Үніне бүкіл ғалам құлақ түрсін! – деп батасын береді. Содан бозторғайға әсем дауыс дариды. Ол құлқын сәріден сайрағанда, барша жаратылыс қыбыр етпей, елтіп тыңдапты. Дауысын естіген жан қайғы – шерінен арылады екен. «Тоқтамай, тағы сайрашы» деп жалынады екен.

Осы оқиғадан соң жын – пері әйелдің шашына қас болыпты. Ал бозторғай адаммен дос болыпты. Адам атаның қамшысы қатты тигені сонша, жын – перілер әліге дейін қамшы ілінген үйге жоламайды екен. Әйелдің шашын далаға тастамай, жинап жүруі осы оқиғадан тыйым болып таралыпты. Ал бозторғай алғаш рет Хауа ананың шашынан жаралыпты. Оны нақақ өлтірген адам Хауа ананың наласына ұшырайды деседі». Бұл киелі аңыз бозторғайдың тіршіліктегі мәнін білдіреді. Оны өлтіруге болмайды, себебі Хауа ананың наласына қалады. Ал экологиялық тұрғыдан келсек, егер жер бетінен торғай жойылса, үлкен экологиялық апат болады. Бір торғай он өсімдікті зиянкестерден қорғайды. Бір торғай өлсе, он өсімдік қурап қалуы мүмкін.

Заман рухы

Қазір Қазақстанның өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап қалу жылдан – жылға қиындай түсуде. Мемлекет «Қызыл кітаптағы» тізімді жыл сайын көбейтіп, браконьерлермен күресті күшейтіп, айыппұл мен жазаны арттырса да, адамдардың жауыздығы өршімесе, азаятын емес. Браконьерлер аң, құс түгіл оларды қорғап жүрген адамдарды да шімірікпей ата салатын жағдайға жеткен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов деген қорықшы ағаларымыз киіктерді қорғап жүріп, браконьерлердің қолынан қаза тапты. [4.5]

1980 жылдарға дейін ақбөкендердің саны екі – үш миллионның шамасында болған екен. Ал 2003 жылы санағанда жиырма үш мыңы ғана қалған. Неге осыншалықты азайып кеткен? Себебі сексенінші жылдарға дейін қазақ арасында ақбөкен туралы аңыздар, ертегілер, ән – күйлер жиі айтылатын болған. Соған орай жұрт оларды киелі деп сенетін. Ал аңыз – қисса айтатын көнекөз қариялар азайып еді, жұрт жыбырлаған тірі жәндік көрсе болды шімірікпей қыра беретін тасжүрекке айналды. Адам адамды да қиналмай өлтіре салатын деңгейге жетуінің де артында осы мәселе тұр. Негізінде көне заманның «экологтары» - аңызшыл қариялар бүгінгі эколог мамандарға қарағанда әлдеқайда тиімді жұмыс жасаған еді. «Экософия» кітабының жарыққа шығуына бірден – бір себеп болған осы мәселе болатын. Себебі әлем бойынша Қазақстанда ғана бар, алайда ең көп қырылып кеткен, қазақ даласының таңғажайып символы болған, қазақтың жаны сияқты киелі жануар ақбөкенді сақтап қалу үшін үлкен акция жүрді. Осы жерде айта кететін нәрсе, академиялық білімде «заман рухы» деген термин бар. Яғни қоғамда бір кезеңде бір мәселе жайлап елдің көкірегінде пісіп – жетіледі. Елдің бәрі соны жиі талқылайды. Қоғамда осы идеяны қолдайтын адамдар саны да көбейген кезде ол қоғамдық атмосфераға әсер етеді де, мәселе өзінен – өзі шешіле бастайды. Олай болса, Қазақстанда жойылып бара жатқан киелі жануардың аман қалып, көбейе бастауына заман рухын туғызып, себепкер болған «Отбасы хрестоматиясының» «Экософия және киелі табиғат» жобасы деуге болады. Кітапқа ақбөкен туралы бірнеше қисса, аңыз, жыр енгізілген. Аңыздың алғашқысын жоба авторы Санжар Керімбай оралдық Нұртас Сафурин арқылы бір әулие кісіден жазып алған.

«Ақбөкен неге киелі?»

«Адам ата жерге түскенде, оның жүзін бір көруге күллі жануар ынтық болыпты. Солардың арасынан алғаш көрген ақбөкен екен. Адамды көру үшін Торғай даласынан Жида тауына тоқтамай шауып, жеті күнде жетіпті.

Адам ата мен Хауа ана тау етегіне отау тігіп, тіршілігін бастап жатыр еді. Ақбөкеннің тұяғы тасқа қажалып, шаршап – шалдығып ақ отауға жеткенде, сүрініп құлады. Адам оны көтеріп үйіне әкелді. Аузына інжір жапырағын берді. Мейірленіп, тұмсығын сипайды. Пайғамбардың аяулы алақаны тиген соң, киіктің тұмсығына сымбат бітті. Екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреп шыға келді. Жауырынын саусағымен тарағанда, денесінен жұпар аңқыды. Тұяғына мүбәрак қолы тигенде, қасиет дарыды. Желден желгір болды. Мүйізіне мың бір дертке ем болатын қасиет қонды. Пайғамбардың алақаны беліне тиіп еді, ол да құдіретке толды. Буаз кезінде елігінің жынысын қалауына сай өзгерте алатын жануарға айналды.

Киіктің арнайы келісіне риза болған Адам ата:

- Жануарым, бұйымтайың болса айт! Тәңірден дұға тілеп, мұқтажыңды өтейін, - деді. Сонда ақбөкен:

- Төлдегенде құралайым шыбын – шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төліме ауырлық етіп, қоң жинай алмай қиналады. Осыған бір шара болса, - деді көзі мөлдіреп. Адам ата Жаппар Хаққа киіктің арызын жеткізді. Тілегі заматта қабыл болды. Содан бастап Құдайдың құдіретімен киік төлдер кезде бетбақ далада шыбын – шіркейді шығартпас суық тұрады екен. Бұл «Құралайдың салқыны» деп аталды. Сол мезгілде қасқырдың да киікке деген тәбеті тыйылады. Құралайлар көшке ілескенше оған жақындай алмайды екен. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шықты. Ол тек ақбөкен төлдер кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады деседі. Ақбөкен Адам атаны көріп, қолынан жем жеп, мұраты орындалған соң Сарыарқаға қайтпақшы болды. Сол кезде Адам ата оған:

Сахараға сән болып,

Құт пен кие, мән қонып.

Өсіп – өнсін нәсілің –

Бір Құдайым жар болып,

Аллам өзі қолдасын!

Бар бәледен қорғасын!

Саған зауал келтірген,

Арамзалар оңбасын!

Сайын түзден тап мекен,

Басқа орнасын бақ бекем.

Қу медиен түздерге

Ырыс дарыт, ақбөкен! – деп батасын береді. Осыдан соң, киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген қаскөй Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар. «Киіктің де киесі бар, пайғамбардай иесі бар» деген сөз осыдан қалыпты». Енді осы қарасөзбен берілген аңызды онша әсерлі бола қоймайды деп, Ләйлі Құндақбай деген ақын апамызға жыр түрінде жазғызады. Және екі жыл бойы бүкіл Қазақстан бойынша осы жырды жаттаудан, сурет салудан балалар арасында сайыс өткізеді. Бұл сайысқа балалар өте белсенді түрде қатысады.

Бұл аңыз бүкіл халыққа кең тарады ма не болмаса жергілікті жерде ғана айтылып жүр ме деген ой туындауы мүмкін. Сөйтсе, Жазушы Алдан Сымайылдың «Тамұқтан келген адам» дейтін естелік кітабында автор балалық шағын еске алып былай деп жазады: «Жас күнімде көшіп келе жатқан киікке бата бергенді көрдім. Біз Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданының Бетпақдала деген жерінде тұрдық. Сәуір айының ортасынан бастап Шудан бері қарай табын – табынымен киіктер келе жататын. Әжелеріміз олардың алдынан шығып кәдімгідей шашу шашатын. Сосын ауылдың ақсақалы отырып бата беретін. Батада: «Мамырда құралайың егіз болсын, Шілдеде еркетотай семіз болсын, - деп басталып, Тапсырдық көкте Тәңір иесіне, Қапыда кез келтірме киесіне», - деп аяқталатын. Бет сипап, ақбөкендер өтіп жатқан кезде құрт, ірімшік, бауырсақ шашып, Адам атадан бата алып келе жатыр, соның киесі, шарапаты бізге тисін, - деп тілек тілейді».[1,58] Автордың балалық шағы шамамен 1950 жылдар болса керек. Ендеше аңыз сонау ерте замандардан бері қарай халқымызбен бірге жасасып келе жатыр деген сөз. Бұл әрекетті көпшілік адамдар жәй әдетке айналып кеткен дәстүр, қазақы менталитет деп ойлауы мүмкін. Алайда, мүлде олай емес.

Кенгурудың отаны – Аустралия екендігін бүкіл әлем біледі. Ал киіктің отаны – Қазақстан екенін көптеген ел білмейді деуге болады. 98 % киік Қазақстанда өмір сүреді екен. Ендеше киік біздің брендіміз деуге болады. Мықты идеология, жаңа мәдениет қалыптастыру жаңа құндылықтар қалыптастырумен жүзеге асады. Ал құндылықтарды қалай насихаттаймын деген ой мені мазалады. (ол құндылықтарды жеткізудің жолы қандай?) Сөйтіп киелі жан-жануарлар мен өсімдіктер туралы қиссалардан сценарий жасап, оқушылармен мектеп сахнасына шығардық, өзімнің ютуб арнамда, инстапарақшамда жарияладым.

Көптеген адамдар жыр – дастандарды, қиссаларды айтып отыратын үлкен кісілер жоқ, ата – әжелер жоқ дейді. Неге кез келген адамдар айта бермеске?! Жас бала айтуға болмайды деген заң жоқ қой. Сондықтан кез келген жастағы адам айтып заман рухын туғызуға болады.



Хикмет өрмегі

Адам сырттағы обьективті әлеммен қалай байланысып жатыр, қарым - қатынасымыз бар ма, жоқ па, біз олармен біргеміз бе, бөлекпіз бе? Осы мәселе жиырмасыншы ғасырда қайта қаралды. Табиғаттан ажырап, жабайы болып кеткен адамдар дағдарысқа ұшырады, тіпті бірін – бірі шімірікпей өлтіре салатын деңгейге жетті. Болмыстың осы әлемде өмір сүруі деген не? Қайтсе адамның адами болмысы ашылады? Егер табиғатпен қарым – қатынасты қайтадан жырмен, қиссамен реттестірмейтін болса, табиғатпен аңыз арқылы тіл табыспайтын болса, онда интеллектісі ауруға ұшыраған адамдар көбейе береді. Неге бұлай болады? Адам он сегіз мың ғаламмен тұтас тұрмын деген түсінікке жетуі керек. Он сегіз мың ғаламды көкірегімізге сыйғызуымыз керек. Онымен мәндік, мағыналық байланыс орнатып, хикмет өрмегін (смысловая паутина) құруымыз керек. Жоғарыдағы аңыз бойынша Адам мен ақбөкен кие арқылы байланысқан. Хикмет өрмегі солай өріледі. Бұндай аңыздарды кішкентайынан тыңдап, біліп өскен балада ассоциация жасау қабілеті ерекше болады. Мысалы, қарапайым күрішті көрген кезде менің ойыма Пайғамбар, тіс, сахаба, ухуд шайқасы бірден келе қалады. Күрішті емес, оның арғы жағындағы мәнді көремін. Ал ассоциация жасау қабілеті адам интеллектісін дамытады.

Қазіргі таңда аң – құсты, өсімдіктерді аман сақтайтын ілім – экософия. Мұны эколог ғалымдардың да көбі мойындайды екен. Америкалық экософ Б.Кэлликот: «Жер шарын сау – саламат сақтағымыз келсе, барлық қасиетті діни мәтіннен экологиялық этиканы бөліп алып, дербес пән ретінде қалыптастыру керек», - деп әлем алдына ұсыныс тастады. Оның канадалық әріптесі Дэвид Сузуки де: «Табиғатты саламат сақтау үшін баланың жан дүниесі сакральді дүниетаныммен баюы керек», - деп оны қолдай жөнелді. Линн Уайт есімді америкалық ғалым: «Ұмытылған көне аңыздарды қайта тірілту керек», - деп ұран көтерді. Осының нәтижесінде қазір әлемнің кейбір дамыған елдері экософияны мектепке қосымша пән ретінде кіргізіп жатыр. Мен де өз тарапымнан бұған үлес қосқым келеді. Біздің елімізде де экософияны қосымша пән етіп кіргізсе деген арманым бар. Қазіргі таңда қазақ арасында кең тараған аңыздарды оқып, жаттап, сыныптастарыма айтып беріп жүрмін. Болашақта олардың көкірегіне ізгілік нұры дарып, табиғатты қорғауға атсалысса екен деймін. Соның арқасында келер ұрпақ табиғаттағы аң – құсты, орман – тоғайды аман сақтап қалса, мен үшін үлкен жетістік.

Аңыз әңгіме адам жадында мықты сақталады. Оларды тартымды етіп, түрлі форматта ұсынуға болады. Мысалы: аниме түрінде, комикс түрінде т.б.(1-қосымша). Әзірге комикстар дайындап жүрмін. Осылай мен де өз әлімше «заман рухын» туғызсам деген ниеттемін. Біз үшін экология өте маңызды. Ішетін тамағымыз, киетін киіміміз, тұтынатын заттарымыз бәрі де экологиялық таза болуы керек. Ғылымда «тарихи тізбек және үзбек» деген ұғым бар. Бұл аңыздар әр отбасында дастархан басына жиналған кезде айтыла берсе, тарихи тізбек үзілмейді. Сонда ғана баланың көкірегі құндылыққа толып, болашақта табиғатқа зиян келтірмеуді ойлап тұратын ұрпақ өсіп – жетіледі. «Бір адамның жүз қадам жасағанынан гөрі жүз адамның бір қадамы маңызды» деп жапон мақалында айтылғандай, әр отбасында осындай қадамдар жасала берсе керемет болар еді.

Жапониядағы экософия пәні

Жапонияда экологиялық этика, экологиялық мораль сабақтары мектептерде, жоғары оқу орындарында экософия пәні арқылы оқытылады екен. Осы сабақтарда «экософия» ұғымын кең таныстырады. Яғни сен табиғатты қорғауың керек, сондықтан да қорғайсың деп емес, керісінше сенің ішкі жан дүниең табиғатпен тығыз байланысты, сондықтан сен қорғағың келеді деп түсіндіреді. Жапондардың өмір философиясы табиғатпен тығыз байланысты, тіпті олардың өмір салтын экософия деп айтуға болады. Сакураның гүлдеуін, күздегі жапырақтардың сарғайып, қызаруын, осындай әдеміліктерді тамашалау арқылы табиғатты сүюді үйренеді. Табиғаттың өзгерістерін, құбылыстарын бақылау арқылы табиғатты сүюден оны қорғау пайда болады. Табиғатты жыл сайын бақылаудың арқасында климаттың өзгеруін байқайды. Мысалы, сакура жыл сайын ерте гүлдеп жатыр, яғни жаһандық жылыну үрдісі жүріп жатыр. Оны түсіну үшін арнайы эколог маман болудың қажеті жоқ, тек табиғатты бақылауды, табиғатты сүюді білсең болғаны. Мұның бәрі экософиядан басталады. Оларда экософия сабақтары да қызықты өтеді. Оқушылар мен студенттер сабақ барысында өзен – көлдерге, орман, тоғайға барып жан – жануарды көріп, сұлулыққа тамсанады, қызығады, сондықтан оны қорғауға ұмтылады. Адам табиғатпен үндесіп, гармонияда өмір сүреді. Бұл біздің халықта да бар, болған. Мысалы, Шерхан Мұртаза атамыздың «Ай мен Айша» кітабында бала Шерхан анасының айтқан киелі аңыздары арқылы табиғатпен бірге өседі. Шығарманың басынан аяғына дейін аң, құс, өсімдік туралы қаншама аңыз айтылады. Солардың бірі арша бесік туралы айтқаны. «Бес жасқа дейін бақытты өмір сүрдім. Мен әкемнің жалғызымын. Менен бұрын үшеуі, бірінен соң бірі, қарашешектен қайтыс болып кеткен. Шешек шығады, өле береді, тірі қалмайды. Менімен бірге туған балалардың қырылғаны – бәрі тірі болғанда, біз бүгінгі заманда, 30-40 миллионға жетер ме едік?! Қырылып қалған! Қынадай қырылған, қарашешектен! Мен аман қалғам! Неге, аман қалғам? Сөйтсем, менің бесігім арша ағашынан екен. Әжем – Күнекей, жарықтық, байдың қызы. Сол әжемнің бесігі болған. Оны «Аршабесік» дейді. Талас Алатауында өсетін арша, содан бесік жасаған. Аршабесікке құрт-құмырсқа, «шорт-морт», бит, анау-мынау, жыбырлағандар жоламайды, қырылып қалады. Маған да шыққан қарашешек. Құдай сақтап, сол аршабесіктің арқасында аман қалғам. Әкем жарықтық ол кезде жас, мен бесікте жатқанда: «Мынау да адам болмайтын болды ғой» деп теріс қарап, күдер үзіп қалған екен. Құдайдың құдіреті, бір кезде мен әйтеуір, тіріліп, қатарға қосылыппын. Аман қалуыма, сол аршабесік себеп болды. Шешек ауруының, дертінің уытын өзінің бойына сіңірген дүние. Қасиетті арша ағашы бар – Талас Тәңіртауында. Сол жерлерде өседі. Көп жерлерде жоқ, қасиетті арша. Ол кез келген жерде өсе бермейді. Міне, біздің тауымыздың, жаратылысымыздың, жеріміздің құдіреті. Су да дәрі болатын. Бірақ Кеңес өкіметі судың барлығын каналға салды-дағы, егіске, анда-мында айдатып жіберді. Оның барлығын жазғанмын. «Мылтықсыз майдан», «Ай мен Айшада» айтылады. Балалық шақ туралы білгісі келетіндер оқысын! Бірақ сендер оқымайсыңдар!». «...Адам Ата мен Хауа ана жұмақтан қуылғанда арша ағашының астына барып тығылды. Арша оларды бұтақтарымен бүркеп жауып қалды. Аршаның адамға жаны ашып, оларға болысқаны Құдайға ұнады. Аршаға қарап:

- Әй, Арша, сенің мына қылығың жақсы. Бөтенге жаны ашып, жапа шеккенге болысу – менің сүйетін ісім. Сондықтан саған ерекше қасиет берем. Бұтағыңа мың бір шипа дарытам. Бұтағыңды отқа жақса, сенің түтініңнен жын – сайтан тұншығатын болсын, - деді. Содан бастап арша ерекше қасиетті ағашқа айналыпты. Адамдар аршаның бұтағын отқа жағып, отбасы ошақ қасынан жын – сайтанды аластап қуатын болыпты». [2.87] Арша ағашына кие, қасиет қалай дарығаны туралы осы аңызды оқысақ, оны көздің қарашығындай сақтауды білер едік. Міне, осындай киелі табиғатымызды қорғау жолға қойылмай тұр. Сол сияқты алма ағашының киесі туралы апай айтқан әңгіме де маған үлкен ой салды. (2-қосымша)

Жапон халқы мен қазақ халқының үндесетін тұстары өте көп. Мысалы, бізде бар «обал, сауап» қағидасы жапондардың өмір сүру стиліне, өмір философиясына айналған. Яғни днк деңгейінде, қанмен келген деуге болады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін оларда да өндірістің қарқынды дамуынан өзен – көлдер ластанып, адамдарда, әсіресе балаларда түсініксіз аурулар пайда болған. Сол кезде олар дереу қатаң заң қалыптастырды. Алайда бұл қателік қайталанбас үшін балаларға ерте жастан экологиялық тәрбие беруді қолға алды. Обьективті әлемдегі кие ұғымын бала санасына сіңіруді балабақшадан бастайды. Балабақшадан үйреніп келген бала ата – анасына айтады. Осылай әу баста қабылданған заң кейіннен қалыпты жағдайға айналады. Мысалы, мен де оқыған аңыз, қиссаларымды үйде дастархан басында айтып отырамын. Сол арқылы ата – анам да кейбір нәрселердің киелі мәнін естіп таңғалып жатады. Бұрын білмегендерін айтады.

«Қазақстан» телеарнасының «Сана» бағдарламасына қонаққа келген инженер – эколог Сәуле Жолдыаяқова апайдың әңгімесі мені қатты қызықтырды. Ол кісі Жапонияда оқып келгендіктен таныстарымен күнде хабар алысып тұрады екен. «Кеше ғана бір танысым хабарласты, - дейді Сәуле апай сұқбат барысында, - жұмыс істейтін кеңсенің жеделсатысында хабарландыру ілініпті. «Біздің ғимаратқа қарлығаш ұя салды. Сол себепті жеделсатының жұмыс кестесі өзгертіліп жатыр» делінген. Үлкен компания, үлкен ғимарат. Жапондар тәртіпке, уақытқа, жоспарға өте қатал қарайды. Бірақ кішкентай қарлығаш үшін жұмыс тәртібін өзгертуге дайын». Мені таңғалдырғаны – «Қарлығаш әулие» атанған Төле би туралы аңыз бізде де бар, бірнеше ұрпақ оқып өсіп жатыр. Оны 5-8-сынып оқушыларына жүргізілген сауалнамадан байқауға болады. Тек бір ғана мысал, ауылдан қалаға көшкен Хакім деген аға жазда қорасын бұза алмаған, себебі онда қарлығаштың ұясы бар екен. Бірақ өкінішке қарай, мұндай мысалдар өте аз, табиғатты қорғау өмір сүру стилімізге айнала алмаған. Себебі көнеден келе жатқан аңыздардың рухани күшіне қоғамдық деңгейде мән үстеліп, ұрпақ тәрбиесіне жүйелі түрде қолданылмайды. Тіпті соңғы кездері мектеп оқулықтарында кездесетін бірді – екілі киелі аңыздар алынып тасталған. Мысалы, аққу құс тек Қазақстан даласында ғана аман – есен ұшып жүре алады екен. Ал Ресей аспанынан аман ұшып өтуі қиын. Себебі орыс халқында аққудың еті ерекше тағам боп есептеледі. Сондықтан олар атып алып, қажетіне жарата береді. Бізде аққудың киесін жас ұрпақтың санасына ерте жастан сіңіріп, сақтап тұрған Мұқағали Мақатаев атамыздың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы деуге болады. Егер ол шығарма оқулықтан шығып қалса, аққудың киесінен бейхабар буын өсіп шығуы әбден мүмкін.

Қорытындылай келе айтарым, әбден қартайып төсек тартып жатқан Арне Неске журналистер: Табиғатты қорғауды кімге аманаттайсыз? Болашақта экологияны кімге тапсырасыз? – деп сұрақ қояды.

-Болашақтағы табиғат тек қана ата – аналардың қолында. Ешқандай эколог бұған әсер ете алмайды. Әрбір ата – ана баласына көзін ашқаннан киелі аңыздарды айтып, баланың көкірегін құндылыққа толтыра берсе, болашақта табиғатты көздің қарашығындай сақтайтын ұрпақ өсіп шығады, - деп жауап берген екен қария. Мен бұған мектепті, мұғалімдерімді қосқым келеді.

Олай болса, ата – бабамыздан жеткен киелі аңыздар арқылы қоршаған ортадағы әрбір жаратылысқа мән жүктеуді балаға жас кезінен үйретуді қолға алу керек. Сондай – ақ, киелі аңыз-қиссаларды, жыр-дастандарды тек қана үлкен кісілер айту керек деген түсініктен арылсақ деймін. Ол үшін мектеп бағдарламасына «Экософия» пәнін енгізуді ұсынамын. Өйткені мен арқылы сыныптастарым «Экософия және киелі табиғат» кітабын қызыға оқып жатыр. Сөйтіп табиғатты қорғау туралы заңмен бірлесе кешенді жұмыс жүргізуді қалыптастырамыз. Табиғатты қорғауды өмір сүру стилімізге айналдырамыз. Соның арқасында бүкіл әлемде қозғалып жатқан экология мәселесіне өз үлесімізді айтарлықтай қоса аламыз дегім келеді.















Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Алдан Сымайыл «Тамұқтан келген адам»

  2. «Қисса сүл – әнбия» Алматы – 2022

  3. Ш.Мұртаза «Ай мен Айша» «Жазушы» 2020

  4. Экософия немесе киелі табиғат Алматы – 2022

  5. Ютуб арнасы

  6. «Ұлан» газеті №3 2023

  7. С.Керімбай «Салт-дәстүр сөйлейді» Алматы-2022

  8. С.Керімбай «Әлдиден эпосқа дейін» Алматы-2022



















1-қосымша





2-қосымша


Апай айтқан әңгіме


Осыдан бірнеше жыл бұрын «Сарайшық» елдімекеніндегі мұражайға бардым. Ол кезде мұражайда қазіргі күні бақилық болған Молдаш Бердімұратов ағай жұмыс жасайтын. Ағай сол жердегі мұражайдың, мешіттің бой көтеруіне еңбек сіңірген адам екен. Мұражай экспонаттарын таныстырып жүріп айтқан аңызға бергісіз осы әңгімесі жадымда мықтап сақталыпты.

«...Мұражай, мешіттің құрылыс жұмыстарымен Маңғыстаудағы Бейнеу дейтін жерге жолға шықтым. Сол жазда Сарайшық ауылымызда сұмдық жағдай орын алып жатқан. Апта сайын бір адам өзіне өзі қол жұмсап, асылып өлетін. Ел ішін «ендігі кезек кімдікі» деген үрей билеп алған... Мен кетерде ауылда он бір адам осындай жағдайда көз жұмған.

Жолда мен отырған вагонға ақ сақалды қария мініп, тура менің жаныма жайғасты. Амандық – саулық сұраса келе, менің жолға шығу мақсатымды естіп, біраз ойланып отырып: - Шырағым, еліңде болып жатқан қиын жағдай сен барғанда көбеймесе азаймайды... – деп одан сайын уайымды ушықтыра түсті. Көп ұзамай қария жолда бір бекеттен қоштасып түсіп қалды.

Шаруаларымды үйлестіріп, бірнеше күннен кейін кештетіп ауылға жетсем, тағы бір адам...

«Апырым-ай, бұл қалай болар екен?» деп, өз ойыммен алысып жүргенде, ауылдың бір тұрғыны, әйел адам құрылыс басына маған арнайы келіпті. Сөйтсе, баласы екі күн қатарынан қой кезегін бағыпты. Екі күнде де бағып жүрген қойы бір қураған ағаштың түбінен үркіп қашады. Бала барып қараса, ағаштың түбі от орнындай боп үңірейіп жатыр дейді. Ол қандай ағаш десеңіз, сәл кейінге оралайық. Кеңес Одағы тұсында ауылдың аты «Опыт» аталып, алма бағымен айналысқан. Алмасының даңқы біраз жерге жетіп, алма бағы жайқалып өскен. Кейін үкімет тарап, әркім өз басын сауғалап кеткен тұста, елде жұмыссыздық жайлап, тұрмыс қиындады. Алма бағы қараусыз қалды. Қыста отыны жоқ ел алма ағашын отап алып, отқа жақты. Құдайдың құдіретімен бір ғана тал аман қалып, қуарып тұрған сол еді. Келген адамға бүгін күн кешкіріп қалғанын, ертең ертемен баратынымды айтып шығарып салдым. Ертесіне қасыма ауыл молдасын ертіп, бала айтқан ағашқа бардық. Барсақ, от орнындай үңгір түгілі тышқанның іні де жоқ. Бұл жұмбаққа таңғалып, әйтсе де мұнда бір үлкен сырдың барын сезіп, молдаға оқытып, қуарып кеткен алма ағашын қазып әкеліп мұражай мен мешіттің ортасына орналастырып қойдық. Құдайдың құдіреті, содан кейін елдегі жағдай сап тыйылды. Кейін ойлап қарасам, бұл алма бағының киесі екен», - деп ағай әңгімесін аяқтады.



















Жетекші пікірі


Ғылыми жоба тақырыбы өте сәтті таңдалған. Тақырып қысқа әрі нақты. Ең бастысы, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселеге арналған. Зерттеу жоспарлы жүргізілген. Жұмыс барысындағы оқушы ізденісі жұмыстан айқын көрініп тұр. Зерттеу әдіс-тәсілі дұрыс таңдалғандықтан, жоба сәтті аяқталған.

Оқушы алдына нақты мақсат-міндеттер қойып, жету жолында барынша еңбектенген. Зерттеудің жаңалығы – ертегі-аңыз, қисса-дастандарды үлкен кісілер ғана айту керек деген түсінікті өзгертуді және мектеп бағдарламасына «Экософия» пәнін енгізуді ұсынады. Жобаның кіріспесі мен қорытындысы қабысып тұр. Мұның өзі оқушының нәтижелі жұмыс жүргізгендігінің айқын дәлелі.














Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
23.12.2024
263
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі