Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
1 жыл бойы тегін жүктеу мүмкіндігіне ие болыңыз!
жеңілдік
Көркем әдебиетке қызығушылықты қалыптастыру жолдары
Көркем әдебиетке қызығушылықты қалыптастыру жолдары
Омарова М.Д.
«Тау-кен металлургиялық колледжі» КММ
Мақалада қазіргі кезеңдегі жастарды әдеби шығармалар оқуға ынталандыру жолдары, қызығушылықтарын арттыру әдістері көрсетілген.
Автор данной статьи раскрывает пути повышения интереса учащихся к художественной литературе.
«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте , мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте »
Ахмет Байтұрсынұлы
Соңғы жылдары жастардың көркем әдебиетке қызығушылығы азайып бара жатқаны бәрімізге аян. Қазіргідей жаңару мен жаһандану, ақпараттар мен техниканың қарыштап дамыған заманында әдеби кітапты қайтсең де оқисың деп талап етудің өзі кейде бос әурешілік пе деп қаласың. Өйткені, ел экономикасы қарыштап дамыған компьютерлік заманда саналы ұрпақ ғаламтор арқылы төрткүл дүниені аралап, не керегін алып, жан-жақты ақпараттанып жатқанда, сенің «әдеби кітап оқы» дегеніңе уақытын зая кетірмесі белгілі. Олай болатыны бүгінгі оқырманның ықыласы ғаламтор мен небір ғажаптарды жазған сайттарға ауысып алған. Интернетсіз өмір сүре алмайтын жастардың кітап оқуға уақыттары да жоқ шығар, сірә?!. Енді не істемек абзал?! Бұлай деп қол қусыру – ертеңгі өсер ұрпақтың тамырына балта сілтеуге әкелері хақ. Сондықтан мұғалімдер қауымы көпшілікпен біріге отырып, болашағымыздың көзі қарақты, көкіргі ояу, рухани санасына сәуле отын жағуға жол таба білуіміз қажет. Бұл орайда жастардың рухани байлығын молайтып тәрбиелеудің бірі және бірегейі – баланы жастайынан әдеби кітап оқуға әуестендіру. Жоғарыда атап өткенімдей, оның себебін іздеп, сан түрлі ойға да баттық. Оны нарық заманынан ба, кітаптың қымбаттауынан ба, әлде ақын-жазушыларымыз бала ұғымына сай кітап жаза алмай жатыр ма, тіпті, ақпараттар мен техниканың заманы кінәлі ме немесе бала түгіл өзі де кітап оқымайтын ата-анадан көреміз бе, әйтеуір не керек, кітап оқуға құмарлық жойылып барады. Бұлай бейғам отыра берсек, бар білгенімізден айырылып қалмасымызға кім кепіл? Ал кітап оқымаған елдің жастарының ертеңгі күні қандай болмақ?!
Техниканың толассыз тасқыны рухани дүниенің тынысын тарылтып отырғаны шын. Кітаптың оқылмай жүргені тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде етек алып барады делінген ақпараттар көзінде. Мысалы, бұрын Гомер мен Шекспирді, шығыстың ғашықтық ғазалдарын немесе орыстың Пушкині мен Лермонтовын оқымайтын адам аз болған. Ал, бүгінде оларды білмек түгіл, өз дәуірінің жазушысын танымайтындар қаншама?! Білім алушылардың көркем әдебиетті оқуға деген қызығушылығы мен ынтасының төмендеуі менің алдыма мынадай көкейкесті сұрақтарды қоюға мәжбүр етті: «Жас өрендердің көркем әдебиетті оқуға неліктен ынтасы жоқ? Болашақта біз алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болуымыз үшін баланың кітап оқуы қажет пе? Кітап оқымай-ақ, компьютерді білумен де биіктерге жетеміз дегендердің әрекеті дұрыс па? Көркем әдебиетті оқығаннан біз не ұтамыз? Ұлтымыздың өткен өміріндегі жетістіктері сол ғылыммен бірге көркем әдебиетті көп оқыған, ұлтымыздың барлық киелі қасиеттерін өз бойларына сіңірген тұлғалардың арқасында қалыптасты емес пе?» Осы сұрақтар төңірегінде оқырмандармен сұхбат жүргізгенімде кейбірі менің пікіріммен келіспеді. «Қазір компьютер білсең болды, ғаламтор арқылы қажетті мәліметтерді табуға болады» деген ойларын айтты. Осындай орамды ойлармен өз пікірімді ой таразысына сала отырып, компьютерді меңгерудің де, көркем әдебиетті оқи білудің де баланың тұлғалық қалыптасуы үшін қажеттілігін былай тұжырымдадым. Осы орайда әдебиеттен өткізілген әрбір сабақта студенттердің әдеби кітапқа қызығушылығын арттыру үшін олармен үнемі шығармашылыққа баулитын көркем мәтін негізінде автор стиліне еліктей отырып әңгіме жаздырамыз, бірыңғай дыбысқа құрылған өлеңдер құрастыруға жетелейміз. Дайын ұйқастарға өлең жаздырудың да берері мол. Табиғат көріністерін көркем тілмен суреттеу, жансыз нәрсені жанды кейіпкер бейнесінде әңгімелеп жаздыру, әңгіменің сюжетін бастап беріп, өздеріне көркемдік шешімін шығарту, сондай-ақ, белгілі тақырыпта жазылған өлеңді кара сөзге айналдырып жаздыруға үйретудің маңыздылығы сонда, мұның барлығы, сайып келгенде, білім алушылардың әдеби кітапты оқуға деген ынта-ықыласының артуына жол салады. Ал, бұл өз кезегінде жасөспірімдердің қиял ұшқырлығы мен логикалық образды ойын дамытуға жетелеп, сол арқылы сөздік қорының молаюына, тіл байлығының артуына себепші болады. Осы арқылы жастарымыз өздігінен көркем әдебиетті ізденіп оқитын дәрежеге жетеді. Өмірді түсіне білуге деген өзіндік көзқарасы қалыптаса отырып, көркем туынды кейіпкерлердің орнына өзін қоя білу арқылы өз өмір жолын таңдайды. Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата біледі. Әлем әдебиетін оқу арқылы дүниежүзілік оқиғалардан хабардар болады. Дегенмен де, әрбір адам көркем шығармамен неғұрлым жасырақ шағында танысса, оның оқырмандық қабылдауы да соғұрлым ерте тамырланатындығы, терең де жан-жақты дамитындығы шындық. Тағы бір үлкен жетістігіміз – сөздерді қатесіз жазуға дағды қалыптасады.
Осы орада белгілі ақынымыз Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырза-Әли аударған «Ертегі» өлеңі ойға оралады:
Көп оқыған жоқпын, мама,
Бар болғаны бір-ақ бет,
Тағы біраз оқиыншы,
Ұрықсат па, рақмет.
Ара жайлы әдемі жыр екен, бітіп қалсын да,
Сөйтіп жүріп, бір жыл өтті, жырсыз қалай шыдармын.
Көрпе астында бұғып жатып оқитынды шығардым.
Нені көрсем, соны оқыдым, бір болар деп төркіні.
«Капиталмен» отырғанда, байқап қалдың бір күні.
Ол бір ғажап кез еді ғой, кез еді ғой ғажайып,
Жылаушы едің, «Көзің майы кетеді, - деп, - азайып»,
Ұрсушы едің «Соқыр болып қаларсың» деп ашынып...
Қайран ана, Кітаптан сол көзім қайта ашылды,-деп жырлаған еді. Міне, осындай кітапқұмарлар қазірде қайда?!
Атақты педагог А.С.Макаренко баланың әдеби кітапты оқуына отбасынағы басшылықты жоғары бағалап, ата-ана жас күнінен-ақ кітапты сүйе білуіне тәрбиелеуге тиіс дей келе: «Хорошо рассказанная сказка – это уже начало культурного воспитания, было бы весьма желательно если бы на каждой книжной полке каждой семьи был сборник сказок», - деп, ең алдымен, барлығына ертегі оқудан бастау керектігінен ескертеді. Ертегідегі сан алуан таңғажайып әлем оқырманын ерекше баурап алып, оның қызығушылығын арттыратыны, сөйтіп, одан әрі әдеби кітапқа деген ықыласының қалыптасуына жол салары сөзсіз.
Әдеби кітап оқу – жасөспірімдердің өзін-өзі тәрбиелеудің ең негізгі қайнар көзі болып табылатыны белгілі. Өкінішке орай, бұл мәселеге біздің ата-аналарымыз өз дәрежесінде мән бермейді. Білімге деген сүіспеншіліктің негізі кітап оқу арқылы қаланатынын көп жағдайда ескере бермейтіні алаңдатарлық жайт. Кітаптың адам өмірінде алатын орны, оның маңызы әрбір ата-аналардың баланың көркем шығарма оқуға әуестігі күнделікті негізгі сабаққа кері әсерін тигізеді, - деп онша құптамайтындарын байқаймыз. Ал, енді бір топ ата-аналар баланың не оқып, не білуіне көмектесуші тек пән мұғалімі мен кітапханашының жұмысы деп немқұрайлы қарайды. Білім алушылардың осындай әр түрлі себептермен оқу мәдениетін төмендетіп алғаны байқалады.
Кітап оқу дәстүрге айналған үйде, ең болмаса, бір адамның көркем әдебиетті көп оқуы балаларға да игі ықпалын тигізеді. Мәселен, зерттеу, бақылау жүргізу барысында білім алушыларымызға кітап алып оқуда 29 пайыз мұғалімнің, 19 пайыз кітапханашының, 22 пайыз ата-ананың, аға-апайының, 30 пайыз жолдастарының әсері тиетінін анықтадық.
Бердібек Соқпақбаев, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин... Біздің жастарымыз да осы бір қайталанбас, ғажап әдебиетіміздің нәрімен сусындап, бойын сіңіріп өссе екен дейміз. Мәселен, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінен бастап, Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», «Жусан иісі» әңгімелерінің оқиғасын оқытушының өзі бастап, әңгімелеп қызықтыра біліп, студенттерді жаппай осындай оқиғасы тартымды, көкейге қонымды, тілі жеңіл, көркем туындыларды оқуға баули отырып, олардың әдеби кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға әбден болады. Біртіндеп күрделендіре отырып, арасында «Кім көп оқиды?» атты әдеби сайыс өткізудің әсері мол болады. Бұл арада білім алушы алдымен көркем әдебиетті оқуға деген өзіндік қызығушылығын арттырып, сол оқыған кітабындағы кейіпкерлерге талдау жасау барысында мағынаны ажыратып, өзінің алған әсерін, түйіндеген ойын сөйлеу арқылы беріп отырады. Бұл өз нәтижесінде олардың тіл байлығының қалыптасуына игі ықпалын тигізеді.
Көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру және дамыту, ойлау және шығармашылық қабілеттерін, қиялын, есте сақтау қабілетін дамыту және өзіндік пікірін қалыптастыру, ойын еркін жеткізуін мадақтау, бір-бірімен ынтымақтастықты дамытуға көмектесу, сауатты жазуға дағдыландыруда, әрине, оқытушының ықпалы орасан зор. Осы орайда «Кітап шеруі» сайысын өткізуде мына мәселелерге баса көңіл бөлген жөн:
-
студенттердің сүйікті шығармаларының 50-60 тізімін құру;
-
жас өрендер арасында қызықты кітаптармен пікір алмасу;
-
ұсынылған кітаптардың жыл бойы 30-40-ын оқу;
-
таңдаулы шығармалар рейтингісін құру;
-
оқу жылының аяғында «Кітап шеруі» акциясын өткізу;
-
oқырман конференциясы.
Қазақстан Республикасының «Білім беру» Заңында ұлттық және әлеуметтік қазыналар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыру және дамыту үшін арнайы жағдайлар жасау – білім беру жүйесінің басты міндеті деп көрсетілген. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында аддамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, батырлық, отансүйгіштік қасиеттер болуы тиіс. Ол үшін, әрине талғаммен кітап оқи бәлу керек және кіттапты оқуға ұсына білу керек.
К.Д.Ушинский «Кітап оқымаған ештеңе ойламайды» , - деген екен. Көркем әдебиет оқымаған немесе нағыз өнер туындыларына деген қызығушылығы жоқ адам өзінен басқаның жан дүниесін түсінуді, сезінуді, басқаға жаны ашу сияқты эмоцианалдық-эстетикалық қасиеттерден айрылады.
Кез келген адам, ақыл иесі ретінде, өмір сүруге және оған қоса өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Кітап ең мықты ой иелерінің ойластырып, құрастырғандарының жақсысын береді. Сондықтан оқу әр адам үшін қажет, оқусыз өмір мағынасыз өмір болып қалады. Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек; оқымай ойлау – қауіпті,» - деген. Ал Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың. Күндіздің қамы түнде күрсіндіруін қояды, сен өз-өзіңе масыл және басқаларға пайдасыз болмайсың,» - деп жазған. «Кітап, бізді көбірек алғыр ойлауға баулып, албыр сезімді тежеуге, ішкі ойлау күші арқылы біздің барлық ойлау және сезіну қабілетімізді қалыпастыратын сезім тәрізді ми гимнастикасы болып табылады» - деген болатын Пьер Гито Вокелен. Кітап – ол дос, жұбатушы, басшы, біздің түсініксіз және белгісіз болып қалған ойымыз бен сезімімізді қалыптастыруға көмекші; өзінің мазмұнымен нәр татқызып, рухани қолдау береді.
«Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», - деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлттық талғамы мен сана-сезімі жоқ адамда отаншылдық рух та болмайды.
Алайда талғам өзгергенімен – талап жалғыз. Ол – қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру. Себебі тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың келешегі. Сонымен қатар, бүгінгі күннің өзегі – жас ұрпақтың рухани кемелі. Ұрпағымызды, ең бастысы, ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, дініне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүрге берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та өзімізге артылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Аманаова Г.К. Қазіргі ақпараттық қоғамдағы оқу мәдениеттілігі туралы. Павлодар, 2012.
-
Пантюхова Т.В. Читательская культура в обществе коммуникаци / Т.В. Пантюхова / Библиотековедение. – 2008. -№3. – С.61-64.
-
Әрінова Б.Л. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы. Алматы, 2003 ж.
-
Жұмажанова Т. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, Білім, 2009 ж.
-
Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары. Алматы. Рауан, 1990.
-
Жанабілова А. Оқушылардың бейнелі, көркем тілін дамытудың өнімді жолдары. Алматы, 2003 ж.
-
Жұмажанова Т. Cыныптан тыс оқу барысында тіл дамыту. Алматы,2016

