Сабақтың
тақырыбы: «Күй қағаны – Рысбай
Ғабдиев»
Сабақтың
мақсаты: Оқушыларға Рысбай Хисметоллаұлы Ғабдиевтің
өмірі мен шығармашылығы жайлы білім
беру.
Сабақтың
міндеттері:
а)білімділігі:
Рысбай Ғабдиев туралы толық мағлұмат
беру.
ә)дамытушылығы:
Оқушылардың күйлер тыңдау арқылы әуендік
сезімталдығын арттыру, есте сақтау, қиялдау, ойлау қабілеттерін
дамыту. Күй тыңдау барысында балалардың музыканы ести білу, есте
сақтау, орындау қабілеттерін
жетілдіру.
б)тәрбиелігі:
Өнерді құрметтеуге, өзін – өзі ұстауға,
ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке
тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, слайд,
бейнебаяндар.
Сабақтың
барысы
І
Ұйымдастыру
« Екі ішектің бірін
қатты,
Бірін сәл - сәл кем
бұра.
Қазақ - нағыз қазақ
емес,
Нағыз қазақ – домбыра» - деп атақты ақын,
жазушы Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, домбыра қазақ халқының
ұлттық аспабы.
Сіздерге
сұрақ:
Домбыра
аспабында не орындалады? (күй)
Күй шығаратын
адамды қалай атаймыз? (Күйші)
Күйді домбыра
аспабында орындайтын адамды қалай атайды?
(Домбырашы)
Күй дегеніміз не? (Күй — музыкалық жанр,
қазақ халқының аспаптық
пьесасы.)
1 -
жүргізуші:
Күй - қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы.
Күйдің ғажаптығы сол - ол бастан кешіріп отырған өмірдің мән -
маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Өткенімізден өлмес қасиеттей
қанымызға сіңген күйді бүгін де қазақ баласы сайын сахарада
әуелетіп жүр. Алайда, кешегімізді білмей, көсегеміз тағы
көгермейді. Сондықтан, бүгінгі сынып сағатымызды атақты күй атасы
атанған Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерін орындаушы, өнерін
жалғастырушы күй қағаны – Рысбай Хисметоллаұлы Ғабдиевке
арнаймыз.
1
-
жүргізуші
Рысбай Хисметоллаұлы Ғабдиев – домбырашы,
дирижер, Қазақстанның халық
әртісі.
1936 жылы 5 ақпан күні Астрахан облысы,
Қызылжар ауылында дүниеге келген. Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш
пен Соқыр Есжан, Дина мен Сейтек, Есбай мен Мәмен өткен топырақта
туып өсті. Солардың жалғасы – Ерғали мен Жаңбырбай, Меңдіғали мен
Ғалымжандардың сарқытын ішіп, құдірет күйлерін тыңдады, кейбірінен
саусағын түзеп, сабақ алды. Төрт жасынан қолына домбыра алып,
бірінші сыныпта жүргенде-ақ көпшілік алдында өнер көрсетіп,
«Арынғазы» күйімен ауылдастарына тәнті
болған.
2 -
жүргізуші
Өнердегі игі дәстүрлерін сабақтап,
орындаушылық өнегелеріне өзінің адалдығын танытты. Әр үйренген
күйіне жүрегінің жылылығын қосып, үкіледі, үлкен ортаға жеткізді,
мәңгілік ғұмырларын ұзартты. Оның бастауы сол бір 1953 жылдың
қысында Алматыда өткен ауыл-село көркемөнерпаздарының республикалық
байқауы болатын. Рысбай аталған додада Құрманғазы бабасының
«Байжұма» және «Төремұрат» күйлерін орындады. Аталған шығармаларды
ол Дина шешесінің өз орындауындағы күй табақтан үйренген болатын.
Әйгілі өнер шеберлері Құрманбек Жандарбеков пен Нұрғиса Тілендиев
жетекшілік еткен қазылар алқасы жас та болса, бас болып,
үлкендердің өзін жолға тастап кеткен орындаушыға еш қымсынбай бас
бәйгені берді. Ал осы орындауларды тікелей трансляция арқылы
радиодан тыңдап жатқан Дина ананың өзі кәріліктен төсекке таңылып,
азар отырса да «Өзімнен озып кетпесе кем түспейтін бұл нояның кім?
Табыңдар, әкеліңдер алдыма, қолын көремін, дыбысына тәнтімін» деп
келініне өтініш айтқан екен.
Ал, енді
қазір, осы Рысбай Ғабдиевтың орындауында Құрманғазының «Төремұрат»
күйін тамашалайық.
3 –
жүргізуші
Сол жылы Рысбай Хисметоллаұлы Чайковский
атындағы Алматы музыка училищесіне емтихансыз қабылданды. Училищеде
оқып жүріп Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар
оркестрінің құрамында ойнады, артынан осы оркестрдің примашылар
тобының жетекшісі болды. 1957 жылғы Мәскеуде өткен жастар мен
студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды.
Оркестр құрамында Мәскеу, Ленинград, Киев, Ереван, Баку, Тбилиси
қалалары сахналарында өнер көрсетті. Тағы да «Байжұма»,
«Төремұрат», «Терісқақпай» күйлерімен тыңдаушыларды орындарынан оң
тұрғызды, алақандарын аяусыз
соққызды. Қазір осы «Байжұма» күйін Рысбай Ғабдиевтың
орындауында
тыңдайық.
4 –
жүргізуші
Рысбай Хисметоллаұлының күй өнеріндегі екінші
бір көрінген биігі – халықтың ұлт аспаптары оркестрін құрып,
ұйымдастырудағы шеберлігі. Ол елуінші жылдардың аяғында Алматы
облысының Еңбекшіқазақ ауандық мәдениет үйі жанынан ұлт аспаптар
оркестрін құрып, онысы сол жылдың өзінде-ақ республикалық байқауда
бірінші орын алса, артынан елге оралып, Балықшы ауданындағы
Еркінқала орта мектебі ұстаздары мен оқушыларынан тап осындай
ұжымды дайындап, ол да өнер шыңынан көрінді. Кейін аталған ұжым
Алматы, Мәскеу сахналарынан шеберлік танытады. Бүкілодақтық халық
шаруашылығы жетістіктері көрмесінде концерт
қойды.
5 –
жүргізуші
Гурьевтегі Дина Нүрпейісова атындағы музыка
училищесінде сабақ беріп жүрген Рысбай Ғабдиевті облыстық басшылық
Доссорда балалар музыка мектебін ұйымдастыруға жұмсайды. Алғашында
домбыра және фортепиано сыныбымен ғана мектеп ашқан Рекең әр аспап,
ұстазды әр қиырдан бір-бірлеп жинап, 1964 жылы домбыра ансамблін,
1966 жылы аудандық деңгейде оркестр құрап, аз уақытта оның деңгейін
кәсіби шеберлікке дейін жеткізді. Аталған ұжым бірнеше сайыстардың
жеңімпазы атанып, Болгарияның София қаласында ұйымдастырылған
дүниежүзілік «Бақытты жастық шақ» фестиваліне қатысып, үлкен алтын
медалді иеленді.
Рысбай Хисметоллаұлы 1980-1990 жылдар
арасында Гурьев педагогикалық институтының музыка-педагогикалық
факультетіне басшылық жасады. Өзгелерді өнер жолына баули отырып,
һз шеберлігін жетілдірді. 1967,1984, 1999 жылдары оның орындауында
Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Есір, Құлшар, Сейтек,
Қазанғап, Есбай, сынды халық композиторларының 28 күйі үш рет күй
табаққа жазылып, жарық көрді. Қазір олар республикалық, облыстық
теледидарлар мен радиолардан алтын қордағы асыл мұралар ретінде
жиі-жиі беріліп тұрады.
«Терісқақпай» күйін тыңдай
отырайық
6 –
жүргізуші
Рысбай Ғабдиев 1990 жылдан бастап Атырауда
құрылған Дина Нүрпейісова атындағы кәсіби академиялық қазақ халық
ұлт-аспаптары оркестрінде көркемдік жетекші және бас дирижері болып
еңбек етті. Қайда жүрсе де қазақ күйін ту етіп, сахна төрін
дүбірлетіп, тыңдарманын дүрілдетіп жүретін Рысбай Ғабдиев
шығармашылық, орындау шеберлігі, ұйымдастыру ерекшеліктеріне қарай
«Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі», «социалистік жарыс
жеңімпазы» төсбелгілері, Ташкентте өткен Бүкілодақтық оркестр
дирижерлері конкурсының лауреаты атанды. Қазақстанның халық әртісі
атағына ие болды. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның
профессоры атанып, тәуелсіз мемлекетіміздің жоғарғы наградасы –
«Парасат» орденімен
марапатталды.
1 –
жүргізуші.
Рысбай Хисметоллаұлы Ғабдиев қазақтың күй
өнеріне өзінің 55 жылдық ғұмырын арнады. Тамаша орындаушы, талапкер
ұйымдастырушы, таптырмас дирижер, үлгілі ұстаз-тәлімгер ретінде
есімі елге танылды. Домбыраның құлағында ойнап, сахна төрін сәнге
бөлеген күй қағаны Рысбай Ғабдиев өнер аспанына жарық жұлдыздай
жарқырап шыққан сәтінде – 2004 жылы кенеттен дүние салды. Бірақ
елі, халқы өнер сүйер қалың жұрт оның атын ешуақыт ұмытқан жоқ.
Атырау қаласы мен ауылдарында бірнеше көшелердің аты Рысбай
Ғабдиевтің атымен аталды. Облыс орталығында қазақ халық
аспаптарында орындаушылардың Рысбай Ғабдиев атындағы республикалық
байқау-конкурсы өтіп тұрады. Күй қағанының ұрпақтары Мұхадас пен
Арыстан даңғайыр, дара күйшінің өнер мұрасын абыроймен
жалғастыруда. Артында орындаушылығы бөлек, орны өзгеше ондаған
шәкірттері қалды, есімі тек Қазақстан емес, шетел асып, әлемге
танылған КҮЙ ҚАҒАНЫ!
Қорытынды:
Рысбай Ғабдиев
кім? (домбырашы,
дирижер)
Құрманғазының «Байжұма», «Төремұрат»,
«Терісқақпай» күйлерін қалай
үйренді?(Күй
табақ)
Қандай күйшілердің күйлерін күй табаққа
түсірген?( Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Есір,
Құлшар, Сейтек, Қазанғап,
Есбай)
Қай аймақтың күйшілік дәстүрін бізге
жеткізген? (Батыс)
Дұрыс
айтасыздар балалар. Сонымен, бүгінгі біздің «Күй қағаны – Рысбай
Ғабдиевке» арналған сынып сағатымыз аяқталды. Сабаққа
қатысқандарыңызға рахмет. Сау болыңыздар!
Ә.Мусин
атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық
колледжі
Ашық сынып
сағаты
Тақырыбы: «Күй
қағаны – Рысбай Ғабдиев»
Орындаған:
МО-19-9 тобының жетекшісі
Кажикаримова А.Е.
Балқаш, 2021
жыл