ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ –
ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазақ тілінің әліпбиі
сан түрлі жолдан өткені тарихтан белгілі. VI-X ғасырларда түркі
жазуы пайдаланылды. Қазақ елі X-XX ғасырларда 900 жылдай араб жазуы
қолданды. Ал XX ғасырда үш рет әліпби ауыстырғаны (араб, латын,
кирилл) тарихтан мәлім. Қазақстанда латын әліпбиі көп тұрақтаған
жоқ. 1940 жылы қазақ жазуы кириллицаға көшірілді. Өткен ғасырда үш
рет жазу алмастыру қазақ қоғамына оңайға соққан жоқ. Орыс әліпбиіне
көшу қазақ халқының тілін, рухтық мінезін дағдарысқа ұрындырды.
Еліміз тәуелсіздік алмастан бұрын-ақ, яғни 1989 жылдан бастап қазақ
зиялы қауымы арасында латын әліпбиіне көшу қажет пе, жоқ па деген
мәселе көтерілді. Тәуелсіздік алған соң бұқаралық ақпарат
құралдарында «Латын әліпбиіне қашан және қалай көшуге болады?»
-деген мәселе төңірегінде қызу пікірталастар жалғасты. Бұл әсіресе
қазақ тілді зиялы қауым арасында қызу талқылануда. Қоғамды
толғандыратын мәселе әрқашан қоғам мүшелерінің талқысына түсетіні
белгілі.
Бұл жайына Елбасымыз биылғы Жолдауында 2025
жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып
айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені
жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі
бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да
бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені
көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке
дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады
деп ойлаймын». Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе.
Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.
Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және
бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен
интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға
жағдай туғызады» -
деген
болатын.
Елбасының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл –
бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын дәл
өлшеп пішіліп, кемелденген азаматтың ойлары. Әсіресе, көптен күтіп
жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты
айтылған мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы
2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050»
стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге
кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл
мақаласында нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын
қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс
қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен
басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен
шара болары анық. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ
әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау
жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар
жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық
керек.
Елбасы жаңа тұрпатты
жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып,
онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Мақалада
айтылған ойлардың тереңдігінен Елбасының тарихты терең
білетіндігі, сонау түркі халқының көне жазуынан бастап барлығын ой
елегінен өткізе айтқанын байқау қиын
емес.
Расында, халқымыз небір
аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға,
латыннан кириллицаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылысының
арқасында ешбір халықтан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоғары
мәдениеттілігімізді аңғартса керек. Бүгін міне, тәуелсіз елде
есімізді жинап, өз жазуымызды қалыптастыруымыздың сәті келген
сияқты. Себебі, оң мен солымызды әбден танып, өткеннің
кемшіліктері мен жетістіктерін бойымызға сіңіріп нақты шешім
жасайтын дәуірге жеттік.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ
халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне,
болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен
жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті
елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ
анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер
қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын
әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда
маңыздырақ.
Қайта жаңғыру заманындағы барлық озық
технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу бұл –
еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс.
Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің
дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жолы деп
білемін.
ӘДЕБИЕТТЕР
ТІЗІМІ:
2.Egemen.kz
сайты.